Әлеуметтану


Қазіргі жағдайдагы ұлт мәселелері



бет39/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

3. Қазіргі жағдайдагы ұлт мәселелері


Жоғарыда этнос әлеуметтануының кейбір ұғымдарына қатысты ұлтаралық қатынастар, олардың түрлері мен дамуының негізгі тенденциялары, сонымен қатар ұлттық мүдделердің өзара әрекеттері, оларды ұлт саясаты барысында түсіне білу мен есепке алу мәселелері тұрғысындағы теориялық және методологиялық проблемалар баяндалды. Енді ұлт мәселесі деп аталатын ұғымның мәніне, қазіргі жағдайда оны шешудің теориялық және практикалық жолдары мен тәсілдеріне тоқтала кеткен жөн секілді.
Ұлт мәселесі – нақты тарихи құбылыс, өйткені қоғам дамуының әрбір кезеңінде ұлт мәселесі белгілі бір әлеуметтік-экономикалық және саяси мазмұнға ие болып келді. Ұлт мәселесі бір ұлттың екінші ұлтты қанауын жоюды, ұлттық бостандық үшін күресіп, оны жеңіп алуды, әлдебір себептермен бөлініп кеткен этностың қайта қосылуын қарастырады десек, оған мынандай мысалдар келтіруге болады: 1975 жылға дейінгі Оңтүстік және Солтүстік Вьетнам, 1990 жылға дейінгі ГДР мен ФРГ, Оңтүстік және Солтүстік Корея және т.б. елдердегі жағдай ұлттардың, халықтардың теңсіздігін түбегейлі түрде жою, ұлттар мен халықтардың өзін-өзі билеуі және т.с.с. Қоғам дамуының әрбір кезеңіне сәйкес әр халықтың өзіндік ұлт саясаты қалыптасады. Осы саясат шеңберінде тез арада шешуді талап ететін келелі мәселелер көтеріліп, жүзеге асырылады.
Ұлт мәселесі кең ауқымдағы ұғым. Олай дейтініміз, жоғарыда айтылғандармен қатар, бір тектес ұлттардың арасында, сонымен қатар ұлттар мен билік жүргізуші өкімет арасында сенімсіздіктің пайда болуы негізінде шиеленіс туындауы мүмкін, әдетте ұлт мөселесі көпұлтты елдерде пайда болады, әрекет етеді.
Барлық елдердегі ұлттардың өзара қарым-қатынастары жалпы адамзат прогресін анықтайтын бір-бірімен байланысқан екі объективтік тенденцияның әрекетіне бағындырылған. Бір жағынан алғанда, бұл - ұлттардың оянуы және ұлттық қозғалыс, кез келген ұлттық езгіге қарсы тәуелсіздікке ұмтылған халықтың күресі, ұлттық мемлекеттер құруға тырысу; екінші жағынан, бұл - ұлттық дамуға қарсы қойылған тосқауылдарды бұзу, бүкіл дүние жүзі халықтарының тыныстіршілігіндегі байланыстар мен интернационалдандыруды күшейту. Бұл тенденциялар ұлттық қатынастар дамуындағы әлі де болса объективті қарама-қайшылықтардың бар екендігін көрсетеді, сондықтан қоғамдық процестерде олардың осыған қарсы қолданатын әрекетін ескеру қажет. Оларға кез келген бағытта қандай да болмасын күш көрсету ұлттық қатынастарды шиеленістіруге әкеліп соқтырады, яғни ұлт мәселесінің аса өткір түрлерінің қалыптасуына түрткі болады.
Әлемде әлі де сақталған езгі мен қанау қатынастарын ұлт мәселесінің дәстүрлі шиеленісу сипаты деуге болады. Ұлт ішіндегі таптық ангонизм мен ұлттар арасындағы дұшпандық қатынастар жойылады деп саналып келген еді. Алайда, олай болмай шықты. Әлемдегі барлык ұлттар қазір әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудың шамамен бір деңгейіне көтерілді дегенімізбен, солардың ішінен өктемдік етіп, көш бастаушылардың шығуына орай ұлт мәселесі толық шешім тапты дей алмаймыз. Англияда, мысалы, бұл Шотландия мен Уэльстің төл мәдениеті теңірегіндегі мәселесі. Бельгияда бұл фламандықтар мен валлондар арасындағы тілдік өзара қарым-қатынас мәселесі. Канадада - ағылшын және франко тілді қауымдастықтар арасындағы мәдени-тілдік проблемалар.
Ұлттық қозғалыстарда бүгінде бірқатар заңдылықтар байқалады: ұлт мәселесі әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі ретінде, мәдениет пен тіл мәселесі ретінде, тіптен экологияны қорғау мәселесі ретінде де көрінеді. Ұлт мәселесі әрдайым маңызды саяси мазмұнға ие болады. Саяси демократияның мәселесі ретінде ұлт мәселесі алға шығып, әр кезде де өмір сүріп отырған саяси жүйенің қайсыбір осал жақтарының нұқсанын ашады, тең құқық проблемасын қайта алға тартады. Испанияда бұл бес шет аймақтарда автономия алуда саяси теңдікті талап ету тұрғысында көрінді. Белгияда федерализм мәселесі ретінде қойылды. Канададағы Квебек саяси дербестікке ұмтылуда. Россияда федерацияның түрлі субъектілерін қанағаттандыратын өзара қарым-қатынастардың жаңа формалары іздестірілуде.
Демек, ұлт мәселесі ұлт (халық, этнос) және ұлттық қатынастар дамуының өзара байланысты проблемалары жүйесінен тұрады. Ұлт мәселесі бұл процесті практикада жүзеге асырудың және реттеудің негізгі проблемаларын өзіне қамтиды, бұған аумақ, экология, экономика, саясат, құқық, тіл, мораль-пихология мәселелері кіреді. Ұлт мәселесі өзгеріске түспей қоймайды, оның мазмұны тарихи дәуірдің сипатына және нақты қалыптасқан ұлтаралық қатынастардың мазмұнына байланысты өзгереді. Қазіргі жағдайда ұлт мәселесінің негізгі мазмұны барлық халықтардың еркін және жан-жақты дамуынан, олардың ынтымақтастығын кеңейтуден және ұлттық мүдделерді үйлесімді байланыстырудан тұрады.
Көптеген халықтардың ұлттык-этникалық тұрғыдан қайта жандануы және олардың өздерінің өмірлік проблемаларын өз бетінше шешуге ұмтылысы қазіргі дәуірдің айқын көрініс тауып отырған ерекшелігі болып табылады. Бұл дүние жүзінің бүкіл аймақтарында, ең алдымен Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде жүріп жатыр. КСРО-да бұл белсенді жүрді, ал бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында (ТМД) қарқынды іске асырылуда.
Халықтардың этникалық қайта жандануының және олардың саяси белсенділігі артуының негізгі себептерінің қатарында мыналарды айтуға болады. Біріншіден, бұрынғы отаршыл империялар мен қазіргі кейбір федеративтік мемлекеттер шеңберінде халықтардың құқығы мен даму мүмкіндіктерін шектеуге әкеліп соқтырған әлеуметтік әділетсіздіктің бүкіл элементтерін жоюға деген халықтардың ұмтылысы. Екіншіден, бүкіл халықтардың әл-ауқат жағдайларын теңестіретін және олардың ұлттық төл ерекшелігінің жойылуына әкеп соқтыратын қазіргі технологиялық өркениеттің, урбанизацияның және жалпылама мәдениет дейтіннің таралуымен байланысты процесті көптеген этностардың қаншалықты қабылдауы. Бұған жауап ретінде халықтар өздерінің ұлттық мәдениетін қайта жандандырып, дамытуға мейлінше белсенділік танытып отыр. Үшіншіден, халықтардың өз аумақтарында орналасқан және өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруда маңызды рөл атқаратын табиғи ресурстарды өз бетінше пайдалануға тырысуы.
Аталмыш себептер қайсыбір дәрежеде ТМД елдерінде, әсіресе Ресей Федерациясында халықтардың этникалық қайта жандану процесінде байқалады. Бұған халықтардың өз ұлттық мемлекеттігін нығайту мен дамытуға деген талабымен байланысты әлеуметтік-саяси сипаттағы себептер, халықтардың қазіргі техникалық өркениеттің және жалпылама мәдениеттің күйретушілік әрекеттеріне көзқарасы, сонымен қатар халықтардың өз табиғи байлықтарын өз бетінше пайдалануға деген талаптары жатады. Олар экономикалық және саяси дербестік, тәуелсіздік үшін күрес өздерінің бүкіл өмірлік проблемаларын аса табысты шешуге көмектеседі деп санайды. Бірақ тәжірибенің көрсеткеніндей, біріншіден, барлық халықтар өз саяси құқықтарын өте салмақтап, ойластырып қолдануы қажет, өйткені олардың әрқайсысы басқа халықтардың дәл сондай құқығын ескеруі тиіс, екіншіден, кез-келген халықтың ұлттық қайта жандануы тарихи қалыптасқан экономикалық, саяси және мәдени байланысы бар өзге халықтармен тығыз ынтымактастық пен достастық негізінде іске асатынын ұмытпау керек.
Қазақстан этникалық құрамы жағынан бірегей мемлекет. Онда тұратын 16 300 000 (100%) жалпы халықтың 10 450 000 (63,9%)-ы қазақтар, 3 700 000 (23,1%) - ы орыстар, ал қалған 2 150 000 адам19 — 100-ден астам аз халықтың өкілдері. Бұлар бірге өмір сүріп, еңбек етеді.
Қазақстанның көп этносты мемлекетке айналуының негізін патша өкіметі қалады, одан әрі бұл процесті тездете жүргізген кеңестік тоталитарлық режим болды. Соның салдарынан еліміздің халқының құрылымы үлкен өзгерістерге түсті. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, соғыс және соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан жеріне Қиыр Шығыстан 102 мың кәріс, Батыс шекарадан 105 мың поляк, Еділ бойынан 400 мың неміс, 2000 қалмақ пен 30 мың қарашайлар, 18 мың Қырым татарлары мен болгарлар, 310 мың шешендер, 79 мың ингуштер, сонымен қатар мыңдаған гректер, күрттер, түріктер, грузин месхеттері, 900 тәжік басмашысы күштеп Қазақстанға қоныс аударылуы халық құрамын өзгертуге зор ықпал етті. Нәтижесінде республика халқының саны 1 миллионнан астам адамға артты. Осы қоныстандыру арқылы өкімет ұлтаралық қарым-қатынасты бірнеше бағытта жүзеге асыра бастады:

  • сырттан әкелінген халықтар есебінен жергілікті халықты сандық жағынан азшылық халыққа айналдыру көзделді;

  • атамекенінде бірыңғай тұрып келген аталмыш халықтарды Қазақстанға және т.б. жерлерге шашырата қоныстандыру арқылы оларды аз халықтар құрамына айналдыру процесі жүргізілді;

  • саны жағынан аз болғандықтан бұл халықтар ірі халықтармен ассимиляцияға түсіп жойылады деген сенімде болды. Бұл жерде мәжбүр ету жолы қолданылды. Олардың ана тілінде мектептер және т.б. ашылмауы соған дәлел. Кейбір аз халықтар өз төл мәдениетінен айырыла бастады. Мұнан кейін ұлтаралық некеге ерекше мән берілді. Қазіргі күнге дейін бұл процесс сақталып, Қазақстанда некеге отырудың жалпы мөлшерінің орта есеппен 25%-ін ұлтаралық некелесу құрайды, ал үлкен қалаларда бұл көрсеткіш 40%-ке жеткен. Республикамызда шамамен 750 мыңдай ұлтаралық отбасылары бар және әрбір жетінші

1 нәресте осындай отбасыларда дүниеге келеді . Дегенмен үкіметтің жоғарыда аталған саясаты толық нәтиже бере алмады. Себебі жергілікті халық пен зорлап көшірілген халықтар өз менталитеттерін берік ұстанған еді.
Тоталитарлық режим интернационализацияландыру ұранын бетке ұстап, жалпы халық кұрамында аз халықтардың санын көбейту үрдісін бейбіт жолмен үдете түсті. Әр түрлі ұлттардың 54,3 млн адамы өз ұлттықмемлекеттік бірлестігінен тыс жерде тұрды, шамамен 6 млн адамның өз аумақтық-ұлттык, бірлестігі тіптен болмаған2. Ал олардың сандық мөлшері мынаған саяды: 22 ұлт 1 миллионнан астам адамдардан тұрса, 33 ұлт 100 мыңнан 1 миллионға дейін және 30 ұлт 10 мыңнан 100 мыңға дейін адамдардан құралған. Қалғандары саны 10 мыңнан аз адамдарды құрады. Бұл фактілер аз халықтардың қалыптасуы жасанды жолмен жүретін және ұзаққа созылатын процесс екендігін керсетеді.
Қазіргі Қазақстан Республикасында КСРО кезіндегі осындай ұлттар тұрып жатыр. Бұл занды процесс, бірақ олардың сандық және сапалық жағынан көрсеткіштері өзгерген. 1989 жылы халық санағында украиндықтар қазақстандық бүкіл халықтың 5,4%, немістер 5,8%, татарлар 2,0%, белорустар 1,1%, поляктар 0,4%. шешендер 0,3%, башқұрттар 0,3%-ін құраса, 2010 жылы халық санағының нәтижесінде осы халықтар, жоғарыда орналасуына сәйкес, бүкіл халықтың 2,1% (молдовандарды қосқанда), 1,1%, 1,4%, (башқұрттарды қосқанда) 0,5%, 0,4%, 0,7%-ін құрады1.
Қазақстанды мекендеген басқа да аз халыктардың сандық көрсеткіштері бұлардан да төмен. Аз халықтардың адамдарының санының күрт төмендеуі олардың тарихи отандарына қоныс аударуымен, басқа жерлерге көшіп-қонуымен, дүниеге нәресте әкелудің азаюымен, тағы да басқа объективтік жағдайлармен байланысты түсіндіріледі.
Бұл халықтардың дамуы қазақ халқының оларды өз маңына топтастырушы рөлін дұрыс атқаруына тікелей байланысты. Ал аз халықтар өз кезегінде еліміздегі ұлтаралық келісімді қолдап, өтпелі кезеңдегі және ұзақ мерзімдік саяси тұрақтылықты сақтауда ықылас білдіріп, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Республикамызда аз

1 Саясат. 19969. №2. 2 Национальные отношения. Словарь. М., 1997. С. 127.
1 Татимов М., Татимова М. Глобализация демографии. С. 130.
халықтар мүдделерін іске асыру үшін түрлі әлеуметтік, саясиэкономикалық жағдайлар жасалуда. Мұндай жағдайлар олардың сапалық күйін жақсартты. Әсіресе, аз халықтардың мәдени орталығы институттарының құрылуы олардың төл мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамытуға үлкен ықпалын тигізіп отыр. Мұндай орталықтардың ең басты жұмысының бағыты - ағарту ісін дұрыс жолға қойып, оны барынша өркендету. Аз халықтардың балалары үшін арнайы бала-бақшалар, мектептер ашылып жұмыс істеуде. Бұл оқу орындарында өз ана тілдерін тереңдетіп оқыту қолға алынған. Ана тілін білмейтін жастарға қосымша жексенбілік мектептер ашылған. Онда білім берумен қатар, әр түрлі кездесулер, кештер, байқаулар, т.б. шаралар аз халықтар тілінде өткізіледі. Аз халықтар балаларын оқытатын мектептерде мемлекеттік тілді оқытуға да зор көңіл аударылып отыр. 1999 жылғы халық санағының нәтижесі бойынша 14 млн 953 мың 126 адамнын 9 млн 631 мың 308-і мемлекеттік тілді білетінін мәлімдеген. Ал 1 млн 123 мың 572-і нашар білетінін, 5 млн 321 мың 750-і тіптен білмейтіндігін хабарлаған. Яғни мемлекеттік тілді республикамызда тұратын халықтың 64,4%-і біледі20. Бұл деректер аз халықтардың қазақ тілін меңгерудегі үлесі айтарлықтай, қазақ тілін меңгеруді бұл халықтар республикамыздағы ұлтаралық қарым-қатынастарды одан әрі үйлестірудің және нығайтудың бірден-бір алғышарты деп санайтынын көрсетеді.
Аз халықтардың сапалық көрсеткішін жақсартуда Қазақстан Республикасы ел басшысының тікелей ұсынысымен құрылған Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы институты маңызды рөл атқарып отыр. Елімізде тұрып жатқан бүкіл халықтың, әсіресе, аз халықтардың саяси мұрат-мүдделерін жүзеге асыруда бұл институт тиімді еңбек етіп келеді. Аз халықтардың мүдделерін өздері құрған саяси партиялар, өздері сайлаған Парламент депутаттары да қорғауда. Парламент қабылдаған Конституция еліміздегі аз ұлттар мен халықтардың тең құқықтығын жариялаған. Оның баптары ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған. Аз халықтарға жататын адамдардың ұлттық кемсітушілігіне жол бермейді. Адамдардың тек қарым-қатынаста болуы құкықтың қорғалуына негізделген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы осы сала бойынша бірнеше халықаралық құжаттарға қол қойды. БҰҰ-ның шеңберінде Адам құқының жалпы декларациясын, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық формаларын жою туралы Конвенциясын (1995 жылы 11 қаңтарда Қазақстан қол қойған), Бала құқы туралы Конвенциясын (1994 жылы 12 тамызда Қазақстан қол қойған), ОБСЕ шеңберінде Адам критерийлері бойынша Копенгаген конференциясының құжатын мойындап мақұлдады. Осы құжаттарда белгіленген принциптерді мемлекеттік саясатта басшылыққа алу - ұлтаралық қатынастарды демократияландыру мен адам құқын қорғауды ұтымды шешудің маңызды кепілі.
Түрлі меншік формаларының енгізілуімен байланысты аз халыктардың таптық-әлеуметтік құрылымы да сапалық өзгеріске ұшырады. Олардың қатарынан бизнесмендер, іскер адамдар, фермерлер, т.б. жаңа әлеуметтік топтар пайда болды. Осы топтардың қоғамдағы әлеуметтік статусы биіктеді. Бұлар еліміздің экономикасын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
Дей тұрғанмен, Қазақстан Республикасында тұратын аз халықтарда әлеуметтік-экономикалық проблемалар жоқ емес. Әлеуметтанушылардың мәліметтеріне қарағанда, аз халыктардың мүддесіне, жалпы ұлтаралық қарым-қатынастарға бұл проблемалар біршама қауіп-қатер төндіруі ықтимал. Анкеталық сауалнамаға қайтарған жауаптарында респонденттердің 69,2%-і бұл проблемалардың орын алуын азық-түлік бағасының жоғары болуымен және онымен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігімен, 52,6%-і — адамдардың әл-ауқатының төмендігімен, 46,5%-і - қылмыстың артуымен, 33,4%-і — жұмыссыздықтың көбеюімен, 32,3%-і - ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуімен, 23,4%-і — халықтың байлар мен кедейлерге жіктелуімен, 27,4%-і — экологиялық ортаның нашарлауымен, 9,3%-і — республика аумағына талап қоюымен, 2,8%-і — діннің күшеюімен және республика экономикасына шетел капиталының ендірілуімен түсіндіреді.
Қазақстанның қазіргі даму кезеңі - экономикалық модельді, соның ішінде нарықтық экономиканың тиімді үлгісін іздестіру және оған ену кезеңі. Жекешелендірудің негізінде мемлекеттің экономикалық билігін шектеу, нарықты әлеуметтік жағдайға бағыттай отырып реформалау, жеке меншікті қалпына келтіру, азаматтардың еңбек және заттық автономиясына кұқықтық кепілдік беру сияқты экономикалық реформаның негізгі принциптері жүзеге асырылуда. Алайда, технологиялық жетістіктер, бәсекелестіктің артуы, мемлекеттік қолдаудың жойылуы аз халықтардың көптеген адамдарына қорқыныш ұялатып отыр. Өздерінің әлеуметтік күйінің нашарлауын олар аталмыш өзгерістермен байланыстырады.
Мәдени салада да аз халықтардың кейбір проблемалық мәселелері сақталған. Атап айтқанда, олардың ана тілінде радио-теледидар хабарлары өте аз көлемде беріледі, кейбір халықтардікі мүлдем берілмейді. Сондықтан мемлекет тарапынан әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеп отыру, аз халықтар тілінде арнайы радио-теледидар арнасын ұйымдастыру қажет.
Халықтар арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту олардың негізгі құқықтарын өзара мойындау мен құрметтеу негізінде іске асады. Бұл құқықтар халықтар ұйымдарының, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының көптеген құжаттарында бекітілген. Әңгіме бүкіл халықтардың төменгідей құқықтары туралы болып отыр:

  • өмір сүру құқығы, қайсыбір халықты және оның мәдениетін қан-дай формада болмасын жоятын геноцид және этноцид дейтіндерге тыйым салу құқығы;

  • өзін-өзі тану құқығы, яғни азаматтардың өздерінің қай ұлтқа жататынын анықтауы;

  • егемендік, өзін-өзі басқару құқығы;

  • мәдени ерекшеліктерді сақтау құқығы, соның ішінде тіл мен білім беру саласын, ұлттық мұралар мен халықтық салт-дәстүрлерді сақтау кұқығы бар;

  • халықтардың өздері тұратын аумақтың табиғи байлығы мен ресурстарын пайдалану үшін бақылау орнату құқығы, мұның көкейтестілігі шаруашылықта жаңа аумақтарды қарқынды игерумен және экология проблемаларының шиеленісуіне байланысты ерекше артып отыр;

  • әрбір халықтың дүние жүзі өркениетінің қол жеткен табыстарын игеруіне жол ашу және оларды пайдалану кұқығы.

Жоғарыда атаған барлық халыктардың құқығын практикада жүзеге асыру олардың әрқайсысына және бәріне бірдей ұлт мәселесін оңтайлы шешу жолында жасалған маңызды қадам болып саналады. Осыған орай бұл мәселеге байланысты объективтік және субъективтік факторларды терең есепке алу керек, экономикалық, саяси және таза этникалық сипаттағы көптеген қарама-қайшылықтар мен қиыншылыктарды жою қажет.
Осы қарама-қайшылықтар мен қиыншылықтардың көпшілігіне КСРО мен оның бұрынғы республикаларының саяси жүйе саласында жүргізген реформалары кезікті. Мысалы, халықтардың табиғи ерекшелігін сақтауға және өз алдына дербестігін алуға ұмтылулары және оларды жүзеге асыру күтпеген тенденцияларға соқтырып, Кеңес Одағын ыдыратты. Бұл жағдай көпшілік үшін күтпеген оқиға болды. Бүгінде бұрынғы Кеңес Одағының республикалары мен халықтары тұтас экономикалық, экологиялық, мәдени және ақпараттық кеңістікті сақтамайынша қалыпты өмір сүріп, ойдағыдай дами алмайтынына көз жетіп отыр. Ғасырлар бойы қалыптасып, халықтар өмірінің негізіне айналғандардың бәрі лезде шорт тыйылды, бұл халықтардың бүгінгі жағдайына әсер етті.
Көптеген келеңсіз жағдайлар бүгін де ойландырады. Сондықтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер экономика, экология, мәдени алмасу және т.б. салаларда мемлекетаралық қатынастарды реттейтін құрылымдар құру мәселесін нақты қойды және ол өз шешімін табуда.
Бірақ Достастық мемлекеттері арасында тең құқықтықты және өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру процесі көптеген мәселелерді шешуді талап етеді, соның ішінде адамдар, заң және атқарушы өкімет билігінің әр түрлі деңгейінде қызмет істейтін кейбір саясаткерлердің санасы мен іс-әрекетіне сіңісті болған ұлтшылдық пен шовинистік пиғылды жою керек.
Ресей Федерациясының ұлт мәселесінде қол жеткен табыстары да, әзірге шешілмеген проблемалары да бар. Бұрынғы автономиялы республикалардың бәрі өз шешімдерімен өздерінің ұлттық-мемлекеттік мәртебесін өзгертті. Олардың аттарынан «автономия» жойылып, бүгінде олар Ресей Федерациясының құрамындағы республикалар деп аталатын болды. Олар шешетін мәселелердің ауқымы кеңейді, мемлекеттіккұқықтық мәртебесі артты. Кейбір автономиялы облыстар өздерін Ресей құрамындағы дербес және тәуелсіз республикалармыз деп жариялады. Мұның бәрі Ресей Федерациясының құрамындағы бүкіл республикалармен бір мезетте олардың мемлекеттік-кұқықтық мәртебесін көтерді және теңестірді.
Бірақ осындай оң кұбылыстармен қатар жағымсыз жағдайлар да орын алып отырғанын айту керек. Ең алдымен Ресей Федерациясы субъектілерінің мемлекеттік дербестігі мен тәуелсіздігін арттыру барысында кейде идеологияда, нақты саясатта ұлтшылдық пен сепаратизм қатар көрініс табады. Кейбір сепаратистер Ресей мемлекетінің бірлігі мен тұтастығын бұзуды көздеп, Ресейдің орталық заң және атқарушы органдарына өз республикаларын қарсы қоюды ұйымдастырады, Ресей Федерациясының кұрамынан өз республикаларының шығу бағытын ұстанады. Мұндай әрекеттер саясаткерлер мен шағын ұлтшыл топтың жеке мүдделері үшін жасалады, одан тек халықтың басым көпшілігі зардап шегеді. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, кейбір саяси жетекшілердің, саяси топтар мен партиялардың ұлтшылдық жене сепаратистік саясаты республикаларға, ең алдымен олардың экономикалык, дамуына, сонымен қатар осы республикалар және бүкіл Ресей халықтарының материалдық, саяси және рухани мүдделеріне үлкен нұқсан келтіреді. Халықтар экономикалық тұрғыда ғана емес, туыстық қатынас тұрғысында да өзара байланысты, себебі олардың тағдырлары ортақ.
Ұлы державалық шовинизм сияқты ұлтшылдық пен сепаратистік саясат кімнен шыққанына қарамастан ұлттық шиеленістерге әкеп соқтырады.
Ұлтаралық шиеленістер — бұл саяси, аумақтық, экономикалық, тілдік, мәдени, діни проблемаларды шешу барысында ұлттар (халықтар) арасында пайда болған қарама-қайшылықтардың шектен тыс асқынуы. Әңгіме этностар және олардың жеке өкілдері арасындағы шиеленістер туралы болып отыр. Мұндай шиеленістер ұлттық-этникалық топтар болып бөлінетін саналы халықтардың әлеуметтік-психологиялық және идеологиялық деңгейлерінде, сонымен қатар заң шығарушы және атқарушы биліктің ұлттық мемлекеттік кұрылымдарының қызметі деңгейінде пайда болып, әрекет етуі мүмкін.
Ұлтаралық шиеленістердің кеңінен тараған түрлеріне төмендегілер жатады:

  1. Мемлекеттік-құқықтық шиеленістер. Мұның негізіне олардың өз мемлекеттігінің болмауы, немесе олардың құқықтарының тар шеңберде шектелуіне орай мемлекет статусына ұлттың қанағаттанбауы жатады. Анығырақ айтсақ, бұл өзі құрамына еніп отырған кез келген ұлттың өздері бағынатын мемлекеттің өкімет билігінің құрылымы мен тепе-тендіктің бірдей еместігіне деген наразылығынан туындайтын шиеленістер. Мәселен, абхаз-грузин, осетин-грузин, Шешенстандағы оқиға және басқа да аймақтардағы шиеленістерді мысалға алуға болады.

  2. Этно-аумақтық шиеленістер. Әдетте бұның тарихи тамырын тереңнен іздестіру керек болады. КСРО тұсында ұлттық-аумақтық шекаралар жобамен межеленіп, бірнеше рет ұзартылды немесе қысқартылып тұрды. Бұл заңды құбылыс ретінде қабылданды.

Шиеленістің мұндай түрі аса қауіпті кұбылыс әрі оның шешілуі де оңайға соқпайды. Халықтар күштеп қоныс аударылған жерлерден енді өздерінің бұрын тұрған аумақтарына, атамекендеріне қайтып оралу құқығын жүзеге асыру және сол жерлерге қоныстану кезінде олардың бұрынғы тарихи отандарында осы этноаумақтық шиеленістер тағы да өрби түседі, әрі оның зардаптары да оңай болмайды. Бұған Қырым татарлары, Таулы Қарабах, т.б. өңірлердегі шиеленістерді дәлел ретінде келтірсек те жеткілікті.

  1. Этно-демографиялық шиеленістер. Басқа тілде сөйлейтін бөтен халықтың қоныс аударып келуіне орай сол жердегі этностың олармен араласып, сіңісіп кетуі көп жағдайда қиынға түседі, тіпті кейде олар өзара тіл табысып, ымыраласа да алмайды. Мұндай жағдайда жергілікті ұлттың құқығын қорғау басты міндет саналады да, сырттан келгендер үшін әр түрлі шектеулер қойылады.

  2. Ұлтаралық шиеленістерді халықтың миграциялануы, көшіпқонулары да күшейте түседі. Себебі тығыз отырған елдің ортасына босқындардың сыналап кіруі тірлік көздерінің ауқымын тарылтқандықтан күн-көріс қамын ойлаған босқындар мен жергілікті халықтың арасында шиеленістін, тағы бір түрі өрбиді. Оны ұлтаралық шиеленістер дейміз.

Ұлттық шиеленістердің ушығуы мемлекет аралық деңгейге жеткенде тым асқынып, шектен шығып кетеді. Мұндай жағдайда тек өздерінің қарақан басының мүдделерін іске асыруды көздеген кейбір саясаткерлер онсыз да тұтанып тұрған отқа май құя түседі. Олардың бұл мақсатын түсінбеген халық шиеленістің өршуіне өздері белсене араласады да, нәтижесінде соның зардаптарын өздері тартады.
Ұлтаралық шиеленістер көбінесе тарихи тұрғыда қалыптасқан халықтардың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуімен де сипатталады. Себебі шегіне жете қордаланған, тамырланған мұндай жағдай халыктың наразылығын тудырып, содан барып олар өз құқығы үшін әділетті күреске шығады.
Қалай дегенмен де, қашан болмасын барша ұлттардың, бүкіл халықтың мұң-мұқтаждарын, мүдделерін саралап орындаудың жолдарын карастыру керек. Өз мүддесін, бір өзінің ғана баюын мақсат тұтқан жеке тұлғалар мен ұлтшылдар немесе шовинистік топтар шиеленісті ушықтырмаса, тоқтата алмайды. Сонымен бірге ұлтаралық шиеленістерді демократиялық тәсілдермен шешуге ұмтылу керек. Бұл жерде этнос әлеуметтануының өз рөлін мүлтіксіз атқаруына мүмкіндігі бар.
Көпұлтты қоғамның ұлтаралық шиеленістерді дер кезінде көре білуі және оны өрбітпей, өркениетті тәсілдерді қолдану арқылы шешуге қабілеттілік көрсетуі — бұл оның азаматтық кемеліне келгендігі мен демократизмнің қалыптасқандығының айғағы. Бұл құқықтық мемлекет қызметінің маңызды саласын құрайтын ұлтаралык, қатынастарды құқықтық тұрғыда реттеуде ерекше орын алады. Азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту, саяси жүйені демократияландыру және құқықтық мемлекет құру қазіргі жағдайда ұлт мәселесін өркениетті жолмен шешудің маңызды әлеуметтік алғышарттары болып саналады. Сондықтан да халық мейлі көпұлтты мемлекетте болсын, әйтеуір,
1.
достықта, бейбітшілікте өмір сүруге тиіс
Ұлтаралық шиеленістерден алдын ала сақтану және оларды жою механизмдеріне:

  • алдын ала болжам жасау; Бұл ретте жағдайды білу шиеленіс пісіпжетілгенге дейін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді;

  • ұзақ дайындалуды және аса мол шығын жұмсауды талап етпейтін ұйымдық-саяси және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы аса өткір мәселелерді жедел шешу;

  • бейтарап жақтың қатысуымен қарама-қарсы тұрған, басқа пиғылдағы жақтармен диалог, келіссөз процесін жүргізу;

  • экономикалық, саяси, әкімшілік-құқықтық жазалау шараларын, қоғамдық тәртіпті қорғау органдарының күшін қолдану;

  • шиеленісті бәсеңдету мен мәселені конституциялық жолмен шешу үшін құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени алғышарттар жасау;

  • шиеленістердің алдын алуға мұрындық болатын және бейбітшілік орната алатын пайдалы, керекті мемлекеттік, қоғамдық, ғылыми-зерттеу институттарын, «үшінші сот» пен арбитраж институттарын, өкіметтік емес ұйымдарды құрып, олардың жұмыстарын ұйымдастыру;

  • ұлтаралық шиеленістердің барлық түрлерін тоқтату үшін, әлеуметтік-экономикалық фактордың рөлін ескеріп, экономикалық, шаруашылық байланыстарды сақтаудың немесе қалпына келтірудің жолдарын табу. Сонымен бірге нарықтық қатынастарды, кооперацияны


1 Әбсаттаров Р.Б. КСРО-ның күйреуі және егемен Қазақстан // Ақиқат. 2001. №11. 17-б.
дамытудың, бірлескен кәсіпорындарды салудың және т.с.с. өркендетудің алатын орны да ерекше;
- рухани ынтымақтастықтың инфрақұрылымын құру, туризмді, спортты және т.с.с. дамыту жатады.
Ұлтаралық қатынастарды нығайтуда отбасы маңызды рөл атқарады.Отбасы мен неке арнайы қаралатын әлеуметтану теориясының негізгі мәселелерінің қатарына жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет