Әлеуметтану


Мәдениет әлеуметтануы ұғымы, құрылымы, мазмұны және функциялары



бет56/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

1. Мәдениет әлеуметтануы ұғымы, құрылымы, мазмұны және функциялары.
Мәдениет әлемі өте күрделі және алуан түрлі. Сондықтан оны философия, тарих, өнертану, этнография, мәдениеттану, әлеуметтану зерттейді, бірақ олардың әрқайсысы бұл құбылысты қарастырғанда өзінің ерекше пәнін тауып зерттейді. Ең алдымен әлеуметтануды қоғамның өмір сүруі мен дамуындағы мәдениеттің рөлі қызықтырады. Мәдениет социумде болып жатқан барлық өзгерістерге бірден көңіл аударады. Мәдениет көптеген әлеуметтік процестерді қалыптастыру мен анықтауда өзі де оларға белгілі бір ықпал жасайды.
Мәдениет әлеуметтануы жалпы әлеуметтану ғылымының бір саласы. Оған әлеуметтанудың тұтас ғылым ретіндегі ортақ, жалпы заңдылықтары тән және оның өзіндік ішкі заңдылықтары, өзіндік ұғымдар жүйесі бар. Оларды түсіну үшін қоғамдық құбылыс ретіндегі мәдениеттің мәнін түсіну қажет.
Балалық шақтан бастап, тілді меңгергеннен кейін, біз адамзаттың мәңгілік құндылықтар дүниесіне шығамыз, бізді қоршаған қайсыбір заттардың қолданыс аясын білеміз, оларды қолдануды үйренеміз, біз мектепте ең алғашқы, жер үстінде жатқан мәдениетті меңгереміз, бұл дүниенің есігін ашамыз. Адам дамуы оның бүкіл өмірі бойы іске асатын, өшпейтін мәдениет құндылықтарының шексіз әлеміне ену. Кейде мәдениетті тек “адамзат жинақтаған құндылықтардың жиынтығы” ретінде қарастырады, оны көркем мәдениет құндылықтарымен шектеу де кездеседі. Мәдениетті мұндай тұрғыдан қарастыру өте тар шеңберге соқтырады, сондықтан да ол қате. Адам кез келген практикалық қызмет процесі барысында дүниені өзгертеді, ол реалды өзгерту ғана емес, сонымен қатар идеалды, яғни өз санасында өзгертеді. Дүниені өзгерту арқылы өзінің қабілеттерін жетілдіреді, қажеттіліктерін қанағаттандырады, білімін көтереді, дүниетанымын кеңейтеді, әлеуметтік сезімін жетілдіреді, бір сөзбен айтқанда, өзінің әлеуметтік күштерін жетілдіру арқылы адамның өзі де өзгереді.
Жалпы айтқанда, мәдениет “адамзат тарихының кесіндісі”, ол тарихи даму барысындағы адамдағы өзгерісті көрсетеді. Мәдениет оның әлеуметтенуінің құралы болып табылады, яғни оның қоғамдық тұтастықпен қарым-қатынасын, қоғам мүшесі болып қалыптасуын білдіреді. Бірақ осы әлеуметтенудің өзі мәдениетті меңгеру барысында тұлғаның индивидуалдығы ретінде жүзеге асады, оның өзгеге ұқсамайтын “менін” игеру ретінде көрінеді. Әлеуметтендіру мен индивидуалдандыру – мәдениетті меңгеру процесінің екі жағы.
Мәдениет адамның еркіндік, бостандық саласы, өйткені мәдениет адамды өзін қоршаған басқа адамдарға конформистік еліктеу шаблоны мен стереотиптерінен босатады, өз бетінше әрекет етуге кепіл болады, оның тұлғасын егеменді етеді. Мәдениет адамның өз ісінің шебері болуына, кәсіби қызметтің ең биік деңгейіне дейін көтерілуіне мүмкіндік береді. Ол адамның саяси қызметінің бостандығын қамтамасыз етеді – саяси партиялар мен қозғалыстардың көп түрлі бағдарламалары мен платформаларын талдап түсіну қабілетін қалыптастырады.
Бірақ, мәдениет бостандық саласы болуымен қатар, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелейді, оларсыз бостандық, еркіндік өмір сүрмейді. Мәдениет – нормалар жүйесі, яғни олар әлеуметтік ықпалды күш болып табылады, күнделікті тәртіп нормалары – қарапайым әдептен бастап құқық және мораль нормаларымен аяқталатын қоғамның әрбір адамға қоятын талаптары.
Көбінесе мәдениетті халық шаруашылығының белгілі бір “саласы”, тіптен “қызмет көрсету саласының бөлігі” деп те санайды. Мұнымен келіспеуге болмайды. Мәдениет – қоғамның бүкіл саласын қамтитын қоғамдық жүйе, оған бүкіл қоғам, оның барлық құрылымдары еніп отырады.
Мәдениет тұрғысынан қарастырылмайтын бірде-бір қоғамдық құбылыс жоқ, өйткені ол әлеуметтік өмірдің кез келген “буынына” құрамдас элемент ретінде енеді. Мәдениеттің көп түрлілігі адамзат қызметінің көп формасына сәйкес келеді.
Мәдениетті, оның сан қырлы әлеуметтік қызмет процесіндегі адамды елеулі күш ретінде қарастыруға болады.
Мәдениет адамның рухани байлығын, ол жинаған білімді, дағдыны, қабілетті, әлеуметтік сезімді заттық сипатқа ие етеді, шығармашылық қызмет процесінде олар қоғамдық мәні бар мәдени құндылықтарға айналады.
Мәдениет ұғымы бастапқыда жерді өндеу тәсілін білдірді. Мәдениеттің осы тар мағынасы Еуропаның қоғамдық санасында XVII-XVIII ғасырларда кең мағынада қолданыла бастады. Бұл өте маңызды болды, өйткені сол тұстан бастап мәдениет еуропалықтардың өзіндік санасының басты ұғымына айналды.
Мәдениеттің орнықты түсіндірмесі ағартушылық дәуірге сай келеді. Осы кезде мәдениет табиғатқа қарама-қарсы ұғымда түсіндірілді. Бұл екі түрлі сипатта көрінеді: табиғат – жетілдіруден алыс тұрған, бастапқы қалып, ал мәдениет – осы кемелденуге жетудің жолы, құралы немесе, керісінше, табиғат – үйлесімділіктің идеалы, ал мәдениет – қолдан жасалған бір түзілім болғандықтан бұзушылықты, әр түрлі кемістікті, т.б. өзіне жинақтаған. Осымен байланысты Руссо мен Вольтер арасында талас туғаны мәлім. Руссо мәдениет адамды бұзады, адамның жетілуі тек табиғаттан беріледі, ал одан әрі мәдениеттің араласуы жетілуді баяулатады, адамды езеді, бұрмалайды, қатынастарды әлсіретеді, ең бастысы, оларға екіжүзділікті енгізеді дейді. Вольтер, керісінше, адамзат тарихының жабайы күйден басталатынын, адамды адам еткен тек мәдениет екенін дәлелдеп бақты. Мәдениетке деген бұл екі көзқарас қоғамның әлеуметтану нұсқасын жасауда белгілі дәрежеде ықпал етті. Руссоның пайымдауынша, бұл тек адам қоғамы. Оның негізіне қоғам мүшелерінің ең төменгі қажеттіліктері алынған. Вольтердің қоғамында байлықты, материалды және рухани игіліктерді дәріптеу орын алды, ал қоғам мүшелеріне күштеу көрсетілмейді, бірақ олардың жағдайы индивидуалдық қабілеті мен талантына байланысты болады. XVIII ғасырдың соңына қарай мәдениеттің келеңсіз жақтарына баса көңіл аудару тоқтады, ал мәдениеттің өзі құрал ретінде түсіндірілді, соның көмегімен адам биіктейді, өзінің табиғи шектеулігін жояды.
Германия мен Ресейде XVIII-XIX ғасырлар қарсаңында жоғарыда айтылған пікірлерге қарама-қарсы мәдениет және өркениет идеясы пайда болды. Рухани, моральдық және эстетикалық құндылықтарды шоғырландырушы ретіндегі мәдениетке адам үшін утилитарлық, сыртқы және екіншілік ретіндегі өркениет қарама-қарсы тұрды. Өйткені ол ең алдымен материалдық-технологиялық прогреспен байланыстырылды, ал мәдениет болса көбіне стихиялы болып келеді. Сондықтан бұған прогресс категориясын қолдануға болмайтын еді, ол өзінің негізінде жоғары азаматтық құндылықтары бар рухани процеспен байланысқан-ды.
XX ғасырда мәдениет көркем-шығармашылық процесс ретінде түсінілуімен қатар, қоғамда орын алып отырған әдет-ғұрып, құндылықтар, көзқарастар, яғни адамның өзін-өзі әлеуметтік тұрғыда түсінуінің бүкіл саласы ретінде танылды. Осыдан адамзаттың өмір сүруінің сыртқы жағдайын жетілдіруге және адамның өзінің ішкі табиғатына деген қызығушылық артты. Мәдениет ұғымының мазмұнын анықтай келе қазіргі зерттеушілер, әдеттегідей, оны қоғамда әлеуметтік бағдар функциясын атқаратын нормалар, құндылықтар, идеалдар жиынтығымен теңестіреді. Бұл материалдық және рухани еңбек нәтижелерінде, әлеуметтік нормалар мен институттардың, рухани құндылықтардың жиынтығында көрінетін адамзат тіршілігін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше әдісі. Мәдениет адам мен табиғат, адам мен қоғам, адам мен адам арасынадағы қатынастардың жүйесі
1.
ретінде қарастырылады
Сайып келгенде, мәдениет рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы іспетті, оларды жасауда, таратуда және сақтаудағы адамның тіршілік еңбегі ретінде түсіндіріледі.
Мәдениет сөзінің аталмыш мәні өзінің шығу тегімен және кең мағынадағы ұғымымен өзара байланысқан. Бұлардың бәрі өте маңызды.
Алайда, мәдениет сөзіне ұнатпай қарау да орын алған. Мұндай көзқарас өнер мен өмірдегі эстетизмге жауап ретінде Англияда XIX ғасырда пайда болды. XX ғасырдың алғашқы он жылдығында орыс және шетел нигилистері мен авангардистері, кейіннен, 60–70 жылдары Батыс ел жастарының көсемдері және бұқара халық мәдениетті қиратуды қуаттайды, олардың түсінігінде мәдениет ескі дәстүрдің тірегі және адамзат болашағы жолындағы басты кедергі болып табылады.
Әлеуметтік ғылымдар мәдениетті ең алдымен нақты, яғни адам қызметінің нәтижелерінің жиынтығы ретінде түсінеді, ал ол нәтиже материалдықта, белгілі бір жағдайларға жауап беретін идеялар сипатында да болуы мүмкін. Адам қызметінің барлық нәтижелері мәдениетке жата бермейді. Мысалы, бұған авторлар шығарған, бірақ жазылмаған, материалдық жағынан баянды етілмеген, өздерінің тәжірибесіне қиын соғатын өлеңдер мен музыкалық шығармаларды айтуға болады. Өйткені олар жоғалады. Жазылып немесе ауызша берілген қайсыбір шығармалар қалайда адамдардың санасында сақталғанда, олардың рухани дүниесінің бөлігі болғанда ғана, адамдардың мінез-құлық қалпын анықтайтын, олардың талаптарын айқындайтын, яғни қоғамдық өмірді қалыптастыратын күшке айналғанда ғана мәдениеттің элементі деуге болады.
Мәдениеттің ішкі құрылымы бар. Себебі ол адамзат қауымдастығынан тыс өмір сүрмейді, сондықтан оны индивидтің жеке мәдениеті және қауымдастық мәдениеті деп бөледі.
Индивидтің жеке мәдениеті – бұл оның өзіндік тәртіп үлгілерінің, қызмет әдістерінің, сол қызмет нәтижелерінің, оның ойлары мен идеяларының жиынтығы. Индивидтің жеке мәдениетінің қауымдастық мәдениеті шеңберінде өзіндік орны болады, бірақ оған біржола сіңіп кетпейді, белгілі бір дербестігін сақтайды, бұл оның жалпы мойындалған үлгілерден ауытқуынан көрінеді. Бірақ мұндай ауытқу жалпы мойындалған үлгілерді қиратуға және айыптаушылыққа жол беруге тиіс емес.
Қауымдастық мәдениеті – шығармашылық туындылардың, қауымдастық мойындап қабылдаған құндылықтар мен тәртіп тәсілдерінің

1 Каган М.С. Философия культуры. Спб, 1996. С. 48.
жиынтығы оның мүшелері үшін маңыздылығы артып, олардың тәртібін анықтап, өмір сүрудің ортақ та міндетті ережелерін белгілейді.
Мәдениеттің әлеуметтанулық зерттеу пәні: біріншіден, біртұтастық ретінде мәдениеттің бүкіл жүйесі немесе басқа қоғамдық жүйелермен өзара әрекеттегі оның кез келген түрі болуы мүмкін; екіншіден, мәдениеттің өзге элементтерімен арақатынасына немесе басқа қоғамдық жүйедегі арақатынасына орай алынған мәдениет социодинамикасының, мәдени коммуникацияның әрбір элементтері зерттеу пәні бола алады.
Бірінші жағдайда: 1) сол социум өмірінде мәдениеттің рөлі мен орны зерттеледі. Мұндай зерттеудің мақсаты – қайсыбір әлеуметтікдемографиялық топтардың мәдени деңгейін қарастыру. Бұл аса күрделі және көлемі жағынан өте ауқымды зерттеу. Шындығында, зерттеуші бұл жағдайда материалдық және рухани мәдениеттің барлық түрлеріне талдау жасауы қажет болады, бұл жерде әрбір индивидтегі мәдениеттің әр түрінің дамуының біркелкі болмауы оның мүдделері мен бейімділіктерін, оның кәсіби қызметінің ерекшелігіне байланыстылығын ескеруді қажет етеді. Сондықтан батыстық әлеуметтану әдебиеттерінде “саяси адам”, “көркем адам”, т.б. солар сияқты терминдер кеңінен тараған. Мәдениеттің бүкіл түрін бірдей меңгеру ешқашан да болған емес. Сондықтан адамның (немесе топтың) мәдени дамуының интегративті көрсеткіші шартты және салыстырмалы түрде ғана.
Екінші жағдайда зерттеудің негізгі үш аспектісі туралы айтуға болады: 1) мәдени коммуникация элементтерінің ішкі өзара әрекеттері зерттеледі. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениетті жасау, сақтау, бөлу және тұтыну арасындағы өзара әрекет зерттеудің пәні бола алады, сондай-ақ осы элементтердің кез келгенінің басқаларынан арақатынасы да зерттеу пәніне жатады. Сонымен қатар, кәсіби немесе мәдениетті өз бетінше жасаушылардың тұтынушылармен (мысалы, жазушы-оқырман, идеологсаяси әрекетке қатысушылар, артист-көрермен, т.б.), сынау-басқару органдарымен, т.б. өзара қарым-қатынасын зерттеу кең тараған. Осыған сәйкес осындай зерттеу пәні мәдениетті сынаушы немесе тұтынушы, яғни мәдени коммуникацияның кез келген қатысушысы бола алады; 2) мәдени коммуникацияның жоғарыда аталған элементтерінің кез келгенінің өзге де қоғамдық жүйелермен (экономикалық, саяси, отбасы-тұрмыстық, экологиялық, көркемдік және т.б.) арақатынасы зерттелуі мүмкін. Осы қоғамдық жүйелердің “түйісер” жерінде мәдениетті әлеуметтанулық зерттеудің ерекшелікті пәні - өндіріс, отбасы, тұрмыс, демалыс, тәрбиелік қызмет және т.б. пайда болады; 3) қайсыбір мәдениет түрін тұлғаның, топтың немесе қоғамның меңгеру деңгейін салытырмалы түрде зерттеуге болады, бұл жағдайда олар зерттеу пәніне айналады (мысалы, адамгершілік, көркем шығарма және мәдениеттің басқа түрлері).
Зерттеудің бағыты мен сипаты, әлеуметтанушы қолданатын құралдар көбіне-көп мәдениет әлеуметтануының пәнін дәл анықтауға байланысты.
Қазіргі зерттеушілердің назары, өкінішке орай, мәдениеттің өз ішкі заңдылықтарына емес, оған өзге қоғамдық жүйелер ететін ықпалға аударылып жүр.
Адам қызметінің түрі қанша болса, мәдениеттің де сонша түрі бар. Сондықтан әлеуметтануда мәдениетті зерттеудің пәнін анық табу ерекше маңызды. Жоғарыда аталған мәдениеттің түрлерінде ортақ заңдылықтар болуымен қатар, олардың әрқайсысына тән ерекше заңдылықтар да бар, мәдениеттің нақты бір түрін зерттейтін адам осыларды ескеруі қажет. Сөйтіп, мәдениет әлеуметтануы өзіне бірнеше салыстырмалы түрдегі дербес ғылыми пәндерді қосқан, олар бір-бірімен байланысқан үш топқа бірігуі мүмкін:

  1. негізінен материалдық мәдениетті зерттеуге бағытталған әлеуметтанулық пәннің тобы: а) материалдық өндіріс мәдениетінің әлеуметтануы; б) тұрмыс мәдениеті әлеуметтануы; в) физикалық мәдениет әлеуметтануы; г) сексуалдық мәдениет әлеуметтануы;

  2. негізінен рухани мәдениетке жататын әлеуметтанулық пәндер тобы:

а) білім беру әлеуметтануы; б) ғылым әлеуметтануы; в) адамгершілік мәдениеті әлеуметтануы; г) діни мәдениет әлеуметтануы; д) көркем мәдениет әлеуметтануы;

  1. материалдық және рухани мәдениетке, яғни вертикальды қиылысуға жататын әлеуметтанулық пән топтары: а) саяси мәдениет әлеуметтануы; б) құқық мәдениеті әлеуметтануы; в) экономикалық мәдениет әлеуметтануы; г) эстетикалық мәдениет әлеуметтануы; д) экологиялық мәдениет әлеуметтануы.

Әлбетте, зерттеуші мұның бәрін қамтуы тіптен мүмкін емес, ол үшін мәдениеттің әрбір түрі туралы арнайы танымы болуы керек, ал бұл түсінікті себептерге байланысты мүмкін емес. Сондықтан дүниежүзілік практикада мәдениет әлеуметтануы, әдетте, жоғарыда аталған “буындардың” екіншісімен, яғни рухани мәдениет әлеуметтануымен шектеледі, айталық, білім әлеуметтануы, ғылым, мораль, дін, өнер. Қазіргі кезеңде одан да тар мамандандыру байқалады. Айталық, өнер әлеуметтануынан ерекше ғылыми пән ретінде театр әлеуметтануы, кино, концерттік қызмет, бейнелеу өнері әлеуметтануы бөлінді. Білім әлеуметтануынан орта мектеп әлеуметтануы, кәсіптік-техникалық білім, жоғары мектеп әлеуметтануы бөлінді. Әлеуметтану пәні бұдан әрі де жетіле, тереңдей беретін сияқты.
Мәдениет әлеуметтануының өзге әлеуметтану пәндері сияқты өзінің ұғымдық аппараты бар. Оның ең басты ұғымы – “мәдениет” жоғарыда қарастырылды. Сонымен қатар, белгілі бір жүйені құрайтын оның басқа да негізгі ұғымдары бар. Мәдениет негізгі үш “буынды” құрайды: когнитивтік, жүріс-тұрыс (тәртіп), пракссологиялық. Әлбетте, мұндай бөлу шартты ғана, өйткені бұл “буындардың” бәрі бір-бірімен өзара тығыз байланысқан, өзара әрекеттес. Бірақ мәдениетке әлеуметтанулық талдау жасау үшін, оның ұғымдар жүйесін терең түсіну үшін мұндай бөлудің белгілі бір мәні бар.
Когнитивтік “буын” мәдениетті адамзат баласының жинақтаған дүниетанымдық парадигма, білім, дағдылар, іскерліктер - әлеуметтік қызметтің барлық түрлерін әлеуметтік тәжірибенің қозғалысы, даму жиынтығы ретінде сипаттайды. Оның негізгі әлеуметтанулық бірлігі ретінде мәдениет құндылықтары ұғымы алынған. Кейде мәдениет құндылығы деп оның қайсыбір шығармаларын және зат формасындағы: кітап, сурет, мүсін және т.б. есептейді. Алайда, мұндай тұрғыдан қарау өте тар және дәл емес. Мәдениеттің құндылығы қызмет түрінде де өмір сүре алады, оның авторынан ажырамайды. Орындалатын өнердің бүкіл түрлері – би, жеке ән салу, актердің сахнада ойнауы, эстрада өнері және т.б. орындаушының қызметі ретінде өмір сүреді және бұл қызмет белгілі бір уақыт аралығында ғана іске асады. Бұл қызметті таспаға жазып алу, пленкаға түсіру осы қызметті сақтау, қалпына келтіру болады. Мұғалімнің, шешеннің, лектордың, адвокаттың, діндардың қызметі туралы да осыны айтуға болады.
Сонымен, мәдениет құндылығы мәдени қызметтің нәтижесі ретінде немесе қайсыбір адамдардың әлеуметтік қауымдастықтары үшін жалпы маңызды мәдени құндылығы бар осы қызметтің өзі қарастырылады.
Мұндай қауымдастық ретінде қайсыбір адам топтары, мамандық (мамандық мәдениеті құндылығы), діни қауымдастық, әлеуметтікдемографиялық топтар (мысалы, жастар мәдениетінің құндылығы), тап, халық, ұлт, бүкіл адамзат қарастырылуы мүмкін.
Адамның қызметі мәдениеттің тәртіп “буыны” арқылы да реттеледі. Мұндай реттеудің мақсаты – қоғамның әлеуметтік күтілісіне, қызметтің сәйкестігіне қол жеткізу. Осы реттеу құралы ретінде мәдениет нормалары алға шығады. Бұл нормалар қызметтің сапасына және осы қауымдастық мүшелерінің тәртібіне қойылатын әлеуметтік қауымдастықтың тұрақты топтары болып табылады.
Ең алдымен нормативтік құқық та адамгершілік мәдениетіне тән, соңғысы адамдардың қоғамдағы күнделікті жеке басының тәртібін өзіне жинақтаған этикет нормаларын да қамтыған. Десек те, нормалар жүйесі ғылымға да көркем мәдениетке де ортақ. Сонымен қатар, барлық кәсіби мәдениет нормативті, өйткені ол осы мамандықтағы адамдарға ең жоғарғы үлгідегі – “дүниежүзілік стандарт” деп аталатынға сәйкес талаптар қояды. Мәдениет нормаларын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-жоралар, тыйым салу нақтылай түседі. Бұл әлеуметтік институттардың өздері де қайсыбір нақты жағдайда қажетті тәртіп үлгісін орнықтыратын нормалар болып саналады. Құндылықтар мен мәдениет нормалары тығыз байланысқан, яғни нормалардың өзі мәдени құндылықтар болып табылады. Мәдени құндылықтар мен нормалардың бірлігі мәдениет субстанциясын, оның “денесін” құрайды.
Когнитивтік және тәртіп “буындары” праксеологиялық “буынмен” синтезделеді. Бұл буын адамдардың мәдени қызметінің өзін реттейді, сондықтан оны “мәдениетті ұйымдастырушы” деп те атауға болады.
Мәдениетті мұндай реттеудің құралы, дәлірек айтқанда, оның өзін-өзі ұйымдастыру құралы мәдениеттің әлеуметтік институттары болып табылады.
Мәдениеттің институттендірілуінің бастауы ежелгі заманнан, абыздардың салт-жораларды ұйымдастыруынан басталған. Бұл процесс біртіндеп мәдениеттің барлық түрлері мен салаларын қамтыған. Әлеуметтік институттар ретінде білім, ғылым, құқық, дін, мораль, өнер қалыптасты. Олардың әрқайсысы, өз кезегінде, өз құрылымдарында олардың қызметін ұйымдастыратын көптеген әлеуметтік институттарды қалыптастырды.
Мәдениеттің тұлғалық аспектісін зерттеуде ол ұғымдар жүйесіне арқа сүйейді, олардың ең маңыздысы “мәдени қажеттіліктер, мүдделер, ұстанымдар”, “мәдени қызмет”, “мәдени орта” және т.б. Бұл жағдайда тұлға әлеуметтануының, оның бір қырынан алынған – мәдениетте қолданылатын жалпы ұғымдық аппарат қолданылады. Дегенмен, бұл жерде ең негізгі ұғым “мәдени қызмет” болуы керек. Ол адам қызметінің материалдық-өндірістік, саяси, экономикалық, педагогикалық және т.б. ерекше, жеке түрі ретінде байқалмайды. Бұл кез келген әлеуметтік қызметтің саласы, адам дамуы үшін осы қызметтің маңызының сипаттамасы.
Мәдени қызмет мәдениет құндылықтарын жасауға, таратуға және тұтынуға бағытталған қызмет болғандықтан кез келген әлеуметтік қызметтің: материалдық-өндірістік, экономикалық, тұрмыстық және т.б. құрамдас бөлігі болып табылады. Бірақ, қызметтің осы түрлерімен айналыса отырып, адам өз алдына өзгеше, утилитарлық мәдениеттен тыс міндеттер қояды.
Қызмет, егер де ол тұлғаның дамуына ықпал ететін болса, мәдени деп аталады. Сонымен қатар, тек тұлғаның дамуын арнайы мақсат еткен қызмет те бар. Мұндай қызметті тар және қатаң мағынада “мәдени” (культурный) деп атайды. Тек осындай қызметті ғана әдетте мәдениет әлеуметтануы зерттейді.
Бұл қызметтің қайнар көзі адамның мәдени қажеттіліктері болып табылады. Бұған адамның ең жоғарғы әлеуметтік қажеттіліктері – дамуы, өзін-өзі танытуы мен өзін-өзі баянды етуі, өз өмірінің шығармашылығы, оның мақсаты мен мәнін іздеу жатады. Тек осы қажеттіліктер ғана адамның мәдени, рухани деңгейін сипаттайды. Кең мағынада мәдени деген ұғымға, егер де оның жүзеге асуы тұлғаның дамуымен байланысты болса
(культурный), кез келген қажеттілікті жатқызуға болады. Дәл осындай пікірді қажеттіліктерді нақтылайтын мүдделер мен нұсқаулар туралы да айтуға болады. Мәдениеттік байланыс белгілі бір мәдени ортада іске асады. Мәдени орта деп отырғанымыз әлеуметтік субъектіні қоршаған және оның мәдени дамуына, әрі мәдени қызметіне тікелей ықпал ететін заттық және тұлғалық элементтердің тұрақты жиынтығы. Кеңестік әлеуметтану әдебиеттерінде осы тұрғыдан қала, ауыл, еңбек ұжымы, жатақхана, отбасы, т.б. мәдени орта ретінде зерттелді.
Мәдени ортаның заттық элементтерінің қатарына: а) мәдениет мекемелерінің саны және күйі, олардың материалдық базасы мен кадрлары (он мың адамға шаққандағы); б) әлеуметтік кеңістіктегі аймақ мәдениеті (қала, ауыл, қоғамдық мекеме, баспана, т.б. мәдениеті); в) жұрттың жеке меншігіндегі ұзақ пайдаланылатын мәдени заттар жатады.
Мәдени ортаның тұлғалық элементтері мыналар: а) халықтың білім және мамандық деңгейі; б) мәдениет қызметіне үстем етуші нұсқаулар; в) аймақтағы рухани ахуалдық, тұлғааралық қатынастар мәдениетінің жәй-күйі.
Сонымен, әлеуметтанушының мәдениетті эмпирикалық зерттеу негізгі элементтердің тізбегін: мәдени қажеттіліктерді – мәдени ортаны – нақты мәдени қызметті қарастыруға саяды.
Жоғарыда айтылғандардан келіп мәдениеттің негізгі функциясы айқындалады:

  • адам шығармашылығы (ізгіліктік), яғни адамның шығармашылық қуаты оның өмір тіршілігінің барлық формасында дамиды (басты функция);

  • мәдениет таным құралы және қоғамның, әлеуметтік топтың, жеке адамның өзін-өзі тануы болғандықтан, гносеологиялық (танымдық) міндеттер атқарады;

  • ақпараттық – бұл әлеуметтік тәжірибені хабарлап, басқаларға қарағанда уақыт байланысын - өткенді, бүгінгіні және болашақты қамтамасыз етеді;

  • коммуникативтік – бұл өзара түсіністіктің бірдейлігін қамтамасыз ететін әлеуметтік қарым-қатынас (общения) міндеті;

  • құндылық-бағдарлық міндеті, яғни мәдениет өзіндік ерекше “өмірлік құндылықтар картасы” іспетті белгілі бір бағыт жүйесін береді, соның негізінде адам өмір сүреді және оған бағыт ұстайды;

  • нормативтік-реттеушілік (басқарушылық) міндетінде мәдениет адам мінез-құлқына әлеуметтік бақылау құралы ретінде көрінеді.

Мәдениет ұғымының әр түрлі түсіндірілуі оны әлеуметтану тұрғысынан зерттеуде түрлі-түрлі тұрғыдан қарауға себепші болды. Мәдениет әлеуметтануы мәдениет дамуының әлеуметтік заңдылықтарын және сол заңдылықтардың адам қызметінде көріну формаларын зерттеумен шұғылданады. Өйткені олар қоғамдағы қатынастарды, сонымен қатар қоғам мен табиғат арасындағы қатынастарды реттеп отыратын идеяларды жасаумен, меңгерумен, сақтау және таратумен, түсініктермен, мәдени нормалармен және құндылықтармен, мінез-құлық, тәртіп үлгілермен байланысқан31.
Қазіргі кезеңде отандық және еуропалық әлеуметтану әдебиеттерінде мәдениет әлеуметтануы жинақтаушы ұғым ретінде қолданылады. Оған кино, театр әлеуметтануы, яғни алуан түрлі өнер әлеуметтануы, мәдениет аралықтарын түсіну проблемалары, әр түрлі мәдениеттің ымыраластығы мен шиеленістері, мәдениеттің әлеуметтік-тарихи процеске, топ құруға, әлеуметтік стратификацияға және әлеуметтік-саяси қозғалыстарға ықпал ету мәселелері жатады.
Кең мағынада айтар болсақ, мәдениет әлеуметтануы әлеуметтанудың жай ғана саласы емес, ол қоғамдық өмірдің бүкіл проблемаларын қамтып оларды өзіндік ерекше көзқараспен қарастырады. Кез келген мақсатқа бағытталған әлеуметтік қызметтен, айталық, еңбек, тұрмыс, саясат, денсаулық сақтау, білім беру, т.с.с. мәдени мазмұнды табуға болады.
Мәдениет әлеуметтануының тар мағынада қолданылуы рухани салада топталған өзінің жеке пәнінің болуында. Әлеуметтануда мәдениетті зерттеу кезінде оның аксиологиялық мәселесінің құнды компоненттерін бөліп көрсетудің ерекше маңызы бар, бұл әр түрлі деңгейде мәдениет элементтерін, атап айтқанда, жалпы қоғам, әлеуметтік топтар, тұлғалардың өзара байланысын қамтамасыз ететін мәдениет элементтерін бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Мәдениетті әлеуметтану тұрғысынан зерттеуде мына міндеттерді шешу керек: дұрыс идеяларды анықтау, оны жасаушыларды белгілеу, оларды тарататын әдістер мен құралдарды анықтау, идеяларды әлеуметтік топтардың, институттардың және қозғалыстардың қалыптасуы мен ыдырауына ықпалын бағалау. Нарықтық экономикаға көшумен байланысты іскерлік мәдениетті зерттеудің маңызы артып отыр.
Кәсіпкерлік қызметтен туындаған іскерлік мәдениет ТМД елдерінде енді ғана қалыптасып келеді. Патшалық Ресейде кәсіпкердің іскерлік белсенділігінің басты негізі сыртқы рынокқа шикізат шығару болды. Бұл оның саудаға ептілігін көрсетіп береді. Ал ішкі рынокта кәсіпкерлердің белсенділігі елдің түпкір-түпкіріне жеткізіп, таратқан халық тұтыну заттары төңірегінде жүзеге асты.
Іскер адамның мақсаты жеке басының баюы ғана болып қалмады, ол өзінің еңбегінен қанағат алуды да мұрат етті. Оның қызметінде жетекші рөлді еңбектің нәтижесі емес, керісінше, үрдіспен байланысты ішкі мотивтер атқарды. Онда жыртқыштық, мемлекетін көбірек талан-таражға түсіру орын алғанымен, қайырымдылық тән болды. Іскерлік белсенділік формасы ретінде көбінесе өндірістік сипат алады. Өзара әрекет типі негізінен ашық, тілектес болды. Алайда, Ресейде кәсіпкердің тұтынушылармен және қызметкерлерімен өзара әрекеті нашар дамыды, бұған басыбайлық құрылыс ықпалын тигізді және қоғамдық санада орын алған оның қалдықтары да әсер етті.
Осылайша қалыптасып келе жатқан кәсіпкерлердің іскерлік мәдениетін 1917 жыл тас-талқан етті. Бұл күйреу бірнеше механизмдердің күшімен іске асты: 1) мүлікті тәркілеу, бұл помешиктермен, капиталистермен қатар қолөнершілерді, орта шаруаларды да қамтыды; 2) халықтың бұрынғы кәсібилігінен айырылуы, бұл көпшілікті әдеттегі еңбекпен айналысу мүмкіндігінен айырды; 3) қауымдастық өмір формасының енгізілуі, бұл адамдардың индивидуалдық белсенділігін көрсету қажетінен айырды; 4) жеке адам өмірінің қоғамдастырылуы, отбасын қоғамның ұясы деп жариялау, бұл оның экономикалық белсенділігін және өзінің жағдайын жақсарту қамқорлығынан айырды; 5) біртұтас қауым – совет халқын құру ұранымен барлық ұлттар мен ұлыстарды араластырып жіберу.
Сөйтіп, революцияға дейінгі Ресейде қалыптасқан өмір сүру заттарын жасау дәстүрлі тәсілдері және кәсіпкерлердің іскерлік мәдениеті жойылған болатын. Кеңес өкіметі жылдарында оның орнына іскерлік мәдениетінің басқа да бір сипаттағы бағыты дамыды. Ол мемлекетпен, әкімшілік-ұйымдық құрылыммен және қоғамдық меншікпен байланысты болды. Бұл құрылым вертикальды құрылыстан тұрып, биліктің иерархиялық сатысын құруды және жоғарыдан төменге дейінгі бағынушылықты ұйғарды, бұл билік құрылымының инициатива таныту мен өз бетіншілігін көрсетуді анықтатты, сонымен қатар, бұқара еңбекшілерді өздерінің индивидуалдық белсенділігінен айырып, тек атқарушыға айналдырды.
80-жылдардың соңында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы қайтадан кәсіпкерлік қызметті жандандырды. Қоғам кәсіпкерлік, жеке іс атқаруға рұқсат етілген жаңа экономикалық саясат жылдарын қайтадан бастан кешкендей болды.
Алайда, бұл жылдары адамдардың психологиясы өзгерген еді және ынтасы мен белсенділігін, өз бетінше пайымдау қабілетін, өзінің аманесендігі туралы қамқорлық жасауын жаңадан дамыту талап етілді.
Горизонтальды қатынастарды дамытуды жорамалдайтын және онымен байланысты құндылықтар мен нормаларды дамытуды ойластыратын жаңа іскерлік мәдениетін қалыптастыру қажет.
Іскерлік мәдениетін кең және тар мағынада қарастыруға болады. Кең мағынада ол – адамның жалпы еңбекке көзқарасы және құндылықтары, ал тар мағынада – бұл қазіргі кәсіпкердің, бизнесменнің, кез келген іскер адамның мәдениеті. Бұл нормалар мен құндылықтардан, іскер қарымқатынас мәдениетінен, адамдардың қызметін ұйымдастырудан және жалпы билік мәдениетінен тұрады.
Іскерлік мәдениеттен екі жікті ерекшелеуге болады: құндылық жігі және ментальды. Құндылық жігі мәдени құбылыс ретінде алға шығады, ол дәстүр ретінде біреуден екінші біреуге беріле алады және іскерлік қарымқатынастардың этикалық жағын анықтайды. Ол кәсіби қызметтің негізі болып саналады және білім, ептілік, тәжірибе арқасында автоматты түрде іске қосылады. Бұл жік көбіне-көп стереотип, әдеттегі қызмет, лауазым тәртібі ретінде, нақты, практикалық қызметтің құндылықтары мен нормалары ретінде көрінеді.
Іскерлік мәдениеттің ментальды жігі әдеттегі нормалар мен құндылықтар жұмыс істемеген және ойлауды іске қосу қажеттігі туған жағдаймен байланысты. Нарықтық экономика жағдайында, еркіндік жағдайында әдеттегі іскерлік қатынастар болып саналатын дәстүрлі қатынастар әрекет етуін тоқтатты. Адамдар жаңа құндылықтар мен нормаларды ойлап шығарды, алайда олар іскерлік мәдениет практикасын алыс тұрғандықтан тек абстрактылық болып қалды. Оларды тек әлі де өзектілікке жетпеген, бірақ ойлау деңгейінде жасалғана кәсіпкердің мінезқұлқын анықтайтын идеалды модель ретінде қарастыруға болады.
Іскерлік мәдениетінің құндылықтары мен нормаларын алып жүруші тұлға адамдарды ұғынуы немесе жете түсінбеуі мүмкін. Кәсіпкердің мінезқұлқын басқаратын олардың ең маңыздысын сана деңгейіне дейін жеткізу қажет, соның негізінде ескірген стереотипті қайта құруға, өзгертуге болар еді.
Абстрактілі жорамалданатын идеалды іскерлік мәдениет, оның іскер адамдар санасында теориялық тұрғыдан қарастырылған құндылықтары мен нормалары өркениет әлемінде қабылданған негіздерге сүйенеді. Олар ресми түрде айтылғанымен, іштей әрдайым мақұлданбайды және орындала бермейді, тек сырт көзге қабылданған сияқты болып көрінеді. Бұл өркениет әлеміндегі кәсіпкерлердің құндылықтары мен нормалары қазіргі ТМД елдерінің кәсіпкерлерінің бизнес саласында нақты әрекеттерін сәйкестендіру проблемасын қоюда.
Сөйтіп, басты мақсаттың бірі – ТМД елдерінің кәсіпкерлерін “өркениет кәсіпкерлерінің” деңгейіне көтеру. Өркениетті деп басқаларға жұмыс орындарын ашатын, өз қызметкерлерінің әл-ауқатына және тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыруға қамқорлық жасайтын, қызметімен тек өзіне ғана емес, өзге адамдар мен жалпы қоғамға пайда келтіруге тырысатын кәсіпкерді айтады. Бұл адам бір сәттегі пайдадан гөрі дамудың стратегиялық бағытына бағдар ұстайды. Мұндай кәсіпкерді қалыптастыру өркениетті қызметтің нормативтік базасын, сонымен қатар меценаттықты ынталандыратын салық жүйесін жасауды талап етеді. Кәсіпкерге іскерлік мәдениет және оны құрайтындардың сапасы жөніндегі білімдерді жеткізу маңызды шара болып саналады.
Батыс Еуропа елдерінде іскерлік мәдениеті қалыптасып болған, басшыменеджерлерді оқыту жүйесі жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді мәдениетке тәрбиелеудегі оқу курсы екі бөлімнен құралған, оның біріншісі іскерлік мәдениеттің сыртқы факторларын меңгеруді, яғни басшыға қойылатын сыртқы талаптарды, сөйлеу мәнерін, мимикасын, дене қимылын, әріптестерімен қарым-қатынас ерекшеліктерін игеруді, өз көзқарасын қорғай білу шеберлігін үйретеді. Ал екінші бөлім іскерлік мәдениеттің тереңдегі негіздерін оқытады. Бұл бөлім кәсіпкердің қоғам, әріптестер, тұтынушылар, қызметкерлер алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды қамтыған.
Оқыту бағдарламасы ұйым және ойлау мәдениеттерін меңгеруді де қамтыған. Соның негізінде кәсіпкер қол астындағы қызметкерлердің пікірін ескеретін болады, адам құндылықтарын түсіну негізінде оларға адамгершілік, ізгілікпен қарайтын болады. Өйткені қызметкерлердің жеке басының мақсаттары мен мүдделері кәсіпорынның жұмыс атқаруы мен дамуының ең басты мәселесі болып табылады. Басшыны ойлау мәдениетіне тәрбиелеу проблеманы кешенді көруге және шешуге үйретеді, себеп-салдарларды сараптауға баулиды, қызметтің әртүрлі жақтарын есепке алуды, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті шыңдауды үйретеді. Басшылардың кейбіреулері өзінің негізгі бәсекелестерін білмейді, өз саласы жөнінде ақпараты болмайды, ұсыныс пен сұранысты жан-жақты зерттеудің маңыздылығын түсінбейді және оған мән бермейді, кәсіпорынның қалыпты жағдайы мен болашақ дамуын сараптау үшін қажетті ақпаратпен қаруланбайды. Кәсіпкердің көпшілігі іскерлік мәдениеті туралы білімнің не үшін қажет екенін, оның қажетті ұйымдастырудағы және қарым-қатынастағы рөліне түсінбейді, іскерлік мәдениеттің құндылықтарынан, нормаларынан және даму бағыттарынан хабарсыз, бұларды өз кәсіпорындары мен ұйымдарында қалыптастырудың әдістерін білмейді. Кәсіпкерлер халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарынан шыққандықтан өздерінің ұстаған құндылық бағыт-бағдары жағынан да әр түрлі. Бұл өзгешеліктер нақты жағдайдан, стереотипті мінез-құлықтардан, бағалау мен нормалардан, қызметтің негізгі құндылықтарынан, басқа адамдармен қарым-қатынас пен мінез-құлық, жүрістұрыс үлгілерінен байқалады.
Батыс Еуропалық іскерлік мәдениетте құндылықтар қалыптасқан, олар кәсіпкерлердің қызметін анықтаушы болып саналады. Оның қатарына жасампаздық, тәуелсіздік, өзара пайдалылық жатады. Жасампаздық іскерлік мәдениеттің құндылығы ретінде жаңа құндылықтарды жасауға күш-жігерді бағыттауды және өндірістік қызметке, оның нәтижелігіне, маңызды деп саналатын практикалық мақсаттарға қол жеткізуге бағдар ұстауды көздейді. Ол жеке адамның, әлеуметтік топтың, институттың және қоғамның мүддесіне бағытталған әлеуметтік ұйымдастырушылық және әлеуметтікшығармашылық қызметтің пайдалылығы, тиімділігі сияқты негізгі құндылықтармен байланысқан. Тәуелсіздік те іскерлік мәдениеттің құндылығы болып есептелінеді және ол өзбетінше жеке шығармашылықты қамтиды. Қожайынның өз жағдайын сезінуі тәуелсіздіктің негізі және абыройы болып табылады, бұл оның жұмысының табысты болуының арқасында жүзеге асады. Бұл жағдай кәсіпкерге әлеуметтік кеңістікте еркіндікті сезінуге мүмкіндік береді. Алайда, тәуелсіздік кәсіпкерден әлеуметтік-типтік белгілер мен құндылықтардан тұратын белсенділікті, жауапкершілікті, өзбетіншелікті талап етеді. Тұлғалық деңгейде автономия мен егемендік әлеуметтік құндылықтар болып табылады.
Өзара пайдалылық - өркениетті елдердегі іскерлік мәдениеттің келесі бір құндылығы. Кәсіпкер алдына мақсаттар, міндеттер қоюда және оларды жүзеге асыру құралдары таңдауда сұраныстан келіп шығады, ол өндірісті өзінің жеке тұтынуы үшін емес, керісінше, тауар өндіріп, оны сату үшін, адамдардың мүддесі мен сұраныстарын қанағаттандыратын заттар мен қызмет көрсетудің пайдалысын ескеріп ұйымдастырады. Қызметте тұтыну құндылығы бар және ол екі жаққа да пайдалы. Осы және басқа бизнес құндылықтары мен нормалары Еуропада ертеден қалыптасқан, бүгінде кәсіпкерлер оларды келіссөз жүргізгенде, келісім-шарт жасасқанда, келісімдегі міндеттерді орындауда, өзара қарым-қатынаста нақты іске асырып отыр.
Мәдениеттің мазмұнын терең ашуда, оның құрылымын анықтауда мәдениеттің негізгі элементтері ерекше орын алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет