Отбасындағы билік құрылымы демократиялық немесе авториталық деп екіге бөлінеді. Отбасындағы авторитарлық билік әйелдің еркекке қатаң бағынуын, осыдан барып, отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастар қатаң тәртіп арқылы сипатталады. Отбасындағы демократиялық билік ерлі-зайыпты адамдардың қабілеттеріне қарай басшылық ролдерді бөлуге негізделген. Мұнда әрбір отбасы мүшесі шешім қабылдауға қатысады, балаларды сендіру, нандыру, көз жеткізу негізінде тәрбиелейді, мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды. Отбасындағы билікті зерттеу ондағы адамдардың арасындағы функцияларды белгілеуге, ал, әрбір отбасы мүшесінің осы ролдерді қалай орындап жатқанына, сонымен бірге ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы түсінбеуіншілікті анықтауға әсер етеді.
Отбасының ролдік (атқаратын қызметі) құрылымы деп, ондағы жеке мүшелердід белгілі бір қоғамдағы ереже-нұсқауларға, әдет-ғұрыптарға, т.б. негізделген өзара іс-әрекет, қатынастардың жиынтығын айтады.
Әдет-ғұрып, салт бойынша отбасында әйел адам үй шаруашылығын жүргізу, бала табу және баланы тәрбиелеу қызметін атқарса, ер адам үй және шаруашылық иесі, отбасының тұрақты тіршілігін экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Сөйтсе де еркек пен әйел функциялары өзгеріп отыруы мүмкін. Бүгінгі күні көптеген әйел адамдар өндірісте жұмыс істейді және жалпы отбасылық шешімді қабылдауға қатынасады. Мұның өзі отбасының атқаратын қызметінің барлық жағына әсерін тигізді, әсіресе, демографиялық (туу) тәртібіне зор ықпалын тигізіп, жаңа сәбилердің дүниеге келуін азайтты, некелік айырылысу көбейіп кеіті.
Отбасы идеологиясы деп, әрбір отбасында қалыптасқан белгілі бір қарым-қатынастар мен құндылықтар жүйесінің жиынтығын айтамыз.
Неке — бұл қоғам тарапынан ретке келтірілген әлеуметтік қатынастар, мұнда жеке-дара құштарлық сезім тұрақтылыққа, өзара бейімділікке және неке шарттары ерлі-зайыптылардың нақты әрекетіне айналады. Бейімділік жаңа сәби туғаннан кейін тұрақтылыққа айналады, ол жан-жақты дамыған және толық ұйымдасқан түрге ауысады. Дау-жанжал негізінде бейімділік тұрақты зорлық, күштеу жағдайына да айналуы мүмкін. Ақыр аяғында ол отбасының ыдырауына, некенің бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін.
Отбасын құруда табысқа жету, отбасының ыдырауына жол бермеу — бұл маңызды әлеуметтік мәселе. Отбасының береке-бірлігі әр уақытта ішкі және сыртқы күштер ықпалымен қалыптасады. Ішкі күштерге жататындар: балаларға қамқорлық жасау, отбасында еңбекті бөлісу, некені тұлғаның талабын іске асырудың құралы ретінде пайдалану, отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы, т.б.
Сыртқы күштер: қоғамдық пікірдің қысымы, экономикалық жағдайлардың қысымы, қоғамдық ортаның баланы қамқорлыққа алуға талап-тілегі, отбасының өзінің әлеуметтік қызметінің орындалу деңгейі, т.б.
Сондықтан некедегі жетістік деп, тұлғалар серіктестігінің, яғни ерлі-зайыптылардың бейімділікке ептілігі, шеберлігі, іскерлігі, ішкі және сыртқы қысымдарды жоюдағы жеңіске жетуі және оның жемісі, т.б. айтамыз. Алуан түрлі адамдар бірлігінде қоғамда некенің мәнін түсінуге байланысты әр түрлі негіздер бар:
Жеке бақытқа жетуде некедегі адамдардың бір-біріне толық бейімделуі ерлі-зайыптылардың алдына қойған, тұлғаның жан-жақты дамуына ұласып, ерлі-зайыптылардың алдына қойған мақсатты іске асыруға ұмтылыс басты орын алады;
Некелік міндеттерді орындау, яғни балалардың болуы, оларды өз елін сүйетін азаматы етіп тәрбиелеу, экономикалық табысқа жету, мүлік жинау.
Неке өлшемі (критерий): беріктік, төзімділік, субъективтік сезімге қанағаттану; ерлі-зайыптылардың рухани дамуы, бір-бірінің ыстығына күйіп, суығына тоңуы, балаларды қатыгез, елгезек, қабілетті, алғыр, белсенді етіп тәрбиелеп, қалыптастыру, т.б.
Өмір тәжірибесі керсетіп отырғандай, көптеген отбасы толық бақытгы бола бермейді. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, бірақ, ерлі-зайыптылардың арасындағы түсінбеуліктер біржола жоғалып та кетпейді немесе бейбіт түрінде толық шешіліп те қоймайды. Отбасы қатынастарындағы дау-жанжалдардың күшеюі — бұл тұрақтылығымен қатерлі сипат алған, толық шешілмейтін дау-жанжал. Ал, тұрақты шиеленістің арты — ұрыс-керіс жинақтала келе отбасында агрессиялық көңіл-күй қалыптастырып — ақыры отбасын ыдыратуға әкеп соғады.
Дау-жанжалдар, олардың күшеюі ата-аналар арасында ғана емес, олардың балаларымен қарым-қатынастарында да болып отырады, бұлардың көпшілігі, әсіресе, мәдени, өркениет жетістіктерін пайдалану кезінде жиі кездеседі. Оның себебі, жас ұрпақтар мәдениет пен өркениеттің даму кезеңінің жаңа сатысында өмір сүріп отыр, ал, ата-аналар мәдениет пен өркениеттің бұрынғы жетістіктері кезеңінде тәрбие алған. Жас ұрпақты өткен мәдениет және өркениеттің құндылықтары мен жетістіктері аса қызықтырмаған. Сондықтан ата-аналар жастардың жаңа мәдениет пен өркениеттің жетістіктеріне ұмтылуына, пайдалануына кедергі жасамай, бұл мәселеде ата-аналар белгілі бір келісімге келуі керек. Отбасындағы шиеленіс асқынған жағдайда отбасының дағдарысына ұласады. Бұл дағдарыстар алуан турлі болады. Бұлар: некедегі үшбүрыштылық (яғни, бір махаббатта 3 адамның кездесуі), мінез-құлықтардың, психикалық сипаттамаларының әр түрлілігі, отбасы мүшелерінің талап-тілектерінің, сұраныстарының сәйкес келмеушілігі, жыныстық қатынастарға қанағаттанбауы, ерлі-зайыпты адамдардың біреуінің әлеуметтік азғынға (яғни, маскүнемдікке салыну, қылмыстық істерге ұрынуы, заңсыз, некесіз бала таптыру, т.б.) ұшырауы. Мұның бәрі отбасын бұзуға, берекесін кетіруге, кесел әкелуге себеп болады, бұл жағымсыз факторлардың ақыры ерлі-зайыптылардың өз балаларына деген ата-аналық борыш, міндеттерін орындамауға әкеледі.