Бірінші кезең – анық белгіленген тәжірибелік сипатта болды. Бұл үрдісте отбасы маңызды әлеуметтік институт ретінде ерекше роль атқарды. Отбасы тәрбиесінің басты мақсаты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру болды. Отбасындағы үстемдік әкеге берілді. Ол баланың моральдық тәрбиесі мен дене дамуына жауапты болды. Отбасында ата-баба мұраларын, ұлттық батырларды сыйлап, қадір тұтуға тәрбиеленеді. Ата-ананы сыйлауға, үлкендерді құрметтеуге, отанын сүюге тәрбиелеу қатал қадағаланды.
Екінші кезең – Римнің Грецияны жаулап алуымен байланысты афиналық мәдениет ерекшеленіп көзге түсіп, философияны, әдебиетті меңгеру қабылданды. Элминдік дәстүр әсері негізінде педагогикалық ойлар дамып жетілді. Мәселен, Сенеке өзінің «Моральдық тақырыптардағы хаттар» (Письма на моральные темы), «Луцилияға адамгершілік хаттар» (Нравственные письмо к луцилию) атты еңбектерінде адамгершілік тәрбиесінің маңызын ашты. Квинтилиянның 12 трактаттарының ішіндегі «Ұл баланы үйде тәрбиелеу» және «Риторикалық білім беру туралы» атты еңбектері тәрбиеге байланысты пікірлерді жетілдіруде құнды деп атауға болды.
Ертехристиандық қоғамдардың пайда болуы үшінші кезеңнің дамуына әкеліп соқты. Бұл кезеңдегі тәрбие дінге негізделіп, христрияндық мектептің жетекшісі Климент Александрийский болды. Ол кейінгі уақытқа дейінгі жеткен «педагог» кітабының авторы. Ол адам білімді болумен қатар, діни сезімді меңгеру керек деп есептеді. Ертехристиандық ойшылдардың ішінен ерекше көзге түскен Иоанн Златоуст пен Августин Аврелийді атауға болады. Жалпы антикалық кезеңде әр жас кезеңіндегі адамдарға қоғам және мемлекет тарапынан әлеуметтік тәрбиелі тұрғыдан әсер ету бағыты болды. Орта ғасырдағы әлеуметтік тәрбие мәселесі Византиямен байланысты. Византия өзінің географиялық орналасуына байланысты Шығыс пен Батысты байланыстырушы дәнекер болды. Византиядағы мәдениет пен ағарту жұмысының дамуын бірнеше кезеңге бөлді.
ІV–ІХ ғасыр аралығындағы бірінші кезеңде адамгершіліктік және дүниетанымдық негізі қаланды.
ІХ-ХІІ ғасыр аралығындағы екінші кезеңде ағарту жұмыстары мен мәдениет саласында өзгерістер енгенімен, оның барлығы грек тілінде жүзеге асырылып отырды.
ХІІІ-ХV ғасыр аралығында үшінші кезең Византияда батыстың әсерінің күшеюімен сипатталады. Бірақ бұл кезеңде де мәдениет пен тәрбие грек тілінде жүргізілді. Византия империясында отбасы тәрбиесіне ерекше көңіл аударылып, әкесі баласын кәсіпке баулыса, шешесі қызын үй шаруашылығына баулыды. Византия мектептеріндегі білімге әлеуметтік шектеу қойылмады.
Орта ғасырдағы Шығыстағы тәрбие жүйесі отбасы тәрбиесіне негізделді. Бала тәрбиесімен әкесі айналысты. Осы кезеңдегі Ислам тәрбиесі қыз бала мен ұл балаға тәрбиені бөлек берумен ерекшеленді. Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік педагогикалық идея гуманистік көзқарасқа бағытталды. Жер бетіндегі негізгі құндылыққа адамды жатқызып, адам тәрбиесін қоғамдағы өзгерістермен, оның дамуымен байланыстырды. Бұл кезеңдегі педагогикалық ойдың негізгі түйіні баланы жан-жақты дамыту, яғни ақыл-ой, адамгершілік, дене тәрбиесін кешенді ұйымдастыру болды. Сонымен қатар тәрбие барысында баланың жеке және табиғи ерекшеліктерін ескеру қарастырылды.
ХІХ ғасырда Батыс Европа елдерінде орта білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болып, ол шынайы, практикалық бағыттағы білім берудегі ой-пікірлердің таралуында, әсіресе, ХІХ ғасырдың ортасында Герман мемлекеттерінде филонтропистердің педагогикалық идеяларында (И.Б.Базедов т.б.) көрініс тапты. Олардың пікірінше мектептің басты міндеті – жағымды және жоғары адамгершілікті қоғам мүшелерін тәрбиелеу болу керек және олар өмірдің әр түрлі сферасында практикалық іс-әрекетке дайын болуы қажет. Осы кезеңде педагогиканың дамуына «Класссикалық неміс философиясының өкілдері» елеулі үлес қосты. Э.Канттың пікірінше «адамның адам болуы тәрбиеден». Ол жоғарыда аталып отырған еңбегінде баланы жабайы жануарлардың жағдайынан бөліп қарастыратын тәрбиенің әлеуметтік қажеттілігін баса көрсетті. И.Б.Базедовтың филонтропиялық пікірінің әлеуметтік маңыздылығына алғашқылардың бірі болып Э.Кант баға берді. Э.Кант «Антропология с прагматической точки зрения» атты еңбегінде әлеуметтік педагогиканың маңызды мәселелеріне тоқтала отырып, «...тәрбиенің негізгі міндеті - әлеуметтік тәртіпке тәрбиелеу, дағдыны игеру, мәдениетке баулу, моральдық тәрбие беру»,- деп есептеді. Ф. Шлейермахер тәрбиені ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты жалғастырушы ретінде қарастыра отырып, тәрбиенің әлеуметтік маңыздылығына үлкен мән берсе, Г.Гегель «Адамның адамдығы тәрбиеге байланысты, себебі тұлға қоршаған ортамен өзара әрекеттескенде қалыптасады, ал тәрбие арқылы ол мәдениетке, социумға белсенді араласады»,- деп есептеді. Сондай-ақ, Г.Гегель: «...тәрбие мен білім беру индивидті қоғамда және мемлекетте субъективті сферадан объективті сфераға шығаруға бағытталуы керек, сондай-ақ тәрбиенің басты міндеттерінің бірі баланың өзіндік құндылығын сезінуді қалыптастыру»,-деп пайымдады. Дегенмен ол, қажет болса, оқушыларды жазалауға да болады деп есептеді. Г.Гегель отбасы мен мемлекетті балалар бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың әлеуметтік формасы ретінде қарастыра отырып, тәрбиені мемлекеттік етуді жақтап, оны бастауыш мектеп, гимназия, университет жүзеге асыруы тиіс деп есептеді. Ал шіркеуді әлеуметтік институт ретінде қарастыра отырып, балаға тәрбие мен білім беруде оның маңызды орын екенін атап өтті. Баланың дамуында басты рольді ортамен тәрбие алатындығын социал – утопистер де мойындады. Жеке тұлғаның жарасымды дамуы мен қалыптасуында өндірістік еңбек пен қоғамдық жұмысқа балаларды үйретудің маңыздылығына үлкен мән берді. Социал – утопистер қоғамдық тәрбиенің мемлекеттік экономикалық даму жағдайына байланысты екендігі жөніндегі пікірлерін жүйелі түрде білдіре отырып, негізгі әлеуметтік міндет ретінде бала бойында мораль негіздері мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды қойды. Мәселен, Ш.Фурье баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік тәрбиелілігінің, яғни, жолдастық, достық, мейірімділік, қайырымдылық сияқты сезімдері мен әділетті болу, қоғамға қалтқысыз еңбек ету т.б. қасиеттері ұжымда дамиды деп есептеді. Шынайы адамгершілікті адам болып қалыптасудағы дұрыс ұйымдастырылған ақыл-ой, эстетикалық және дене тәрбиесінің маңызына ерекше тоқталды. К.Маркс, Ф.Энгельс тәрбие мен білім беруді таптық күреске қажетті байланыс ретінде қарастырды. Олар сондай-ақ, адам тек орта мен жағдайдың тәрбие өнімі емес, барлық қоғамдық қатынастардың өнімі деп есептеді. 19 ғасырдың ортасындағы О.Конт, Дж.Милль, Г.Спенсер сияқты ағартушылар қоғам дамуына байланысты әлеуметтік фактор ретінде тәрбие жоғары мәнге ие болады деп есепетеді.
Ф.Фребель өзінің әйгілі «Адамды тәрбиелеу» атты педагогикалық еңбегінде адамның ішкі әлемінің диалектикалық түрде сыртқа айналатынына ерекше көңіл бөлді. Тәрбие мен білім беру жұмысы барлық жастағылар үшін педагогикалық мекемелерде жүйелі іске асырылуы керектігін қарастырды.
Жалпы алғанда ХІХ ғасыр педагогтары мектеп пен тәрбиенің функцияларының өскендігін атап өтумен қатар, мемлекеттік білім беру жүйесін қолдады. Сонымен, ғасырдың аяғына таман педагогиканың бір саласы ретінде барлық жастағы және әлеуметтік жағдайдағы адамдардың әлеуметтік тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік педагогика қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |