Қазақ халқындағы әлеуметтік тәрбие және әлеуметтендіруге байланысты салт-дәстүрлер.
Қазақ халқында елді біріктіретін, ауыл-аймақты жалпы қауымды татулыққа, сыйластыққа негізделген салт-дәстүрлер өте көп. Қазақтың өз жақындарына, туыстарына, көршілеріне қамқорлық жасап, мейірім танытатын жақсы салтының бірі – асар. Ауыл адамдары бір-біріне қажетті шаруасына қол ұшын беріп, көмектесу бағытында асар жасап, үй салып, құдық қазып және т.б. көпшіліктің күшімен бітетін үлкен жұмыстарды атқарады. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік көмектің күнделікті тұрмыс-тіршілікте қалыптасқан көрінісі. Қазақ халқы қиыншылыққа ұшыраған жағдайда бір-біріне көмек көрсетіп, жәрдем жасаған.
Халықта «жетімін жылатпаған, жесірін жоқтатпаған»- деген кәделі сөз бар. Бұл жай нақыл ретінде айтылған сөз емес, жандары жабырқау адамдарға әрқашан қол ұшыңды бер деген әлеуметтік кодекс десе болғандай. Түрлі себептермен әке-шешесінен айырылған балаларды бауырларына басып, оларға жетімдік көрсетпей өсіруге ағайын –туыстары бар күшін салады. Әрине, осындай заңға бергісіз сал-дәстүрлердің болуы, қазақ жерінде жетімдер мен қарттар үйін салдырған жоқ. Жетімдер үйінсіз-ақ, ата-анасыз қалған балаларды бағып өсіргендігін ұрпаққа мақтанышпен айтуға болады.
Белгілі бір этностық психологияға биологиялық және мәдени-әлеуметтік ықпал әсері болары сөзсіз. Этностық әлеуметтендіру ерекшеліктерін ескеру керек. Бұл педагогика тарихының өн бойында үздіксіз сабақтасып келе жатқан үрдіс, жалпы әлеуметтендірудегі ұлттық тұжырымдардың маңыздылығын, олардың ғылыми жетістіктерін айқын көруге болады.
Әлеуметтік педагогика өмір бойы қажетті әлеуметтік тәрбие мәселелерінің жолын көрсетеді. Әлеуметтік педагогика мәселелері қалалық, аудандық, бай, кедей, жас, кәрі, дегендей жікке бөлінуге орайластырылған әлеуметтік топтардың өмір сүру ортасына қарай, олардың нақты тәрбиесіне бағытталады.Әлеуметтік тәрбие мен этностық тәрбиенің бірлік табуы- мақсатында, ол жеке этностың қалыптасуы, жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталуында.
«Кісі» ұғымы жақсы мен жаманның диалектикасының нәтижесі. Бұл өте қызықты, терең сырлы ұғым. Ж. Баласағұни бабамыздың ілімінде кездеседі. Қазақ көбіне өте жақсы адамына «кісі» деген сипаттама берген. Шалкиіз де: «Көрегеннің бәрі де кісі демеңіз» дейді, демек бұл ұғым жай адам ұғымынан жоғары. Кісілік, ең әуелі, адамдық қасиеттерге ие болу. Байлық арқылы кісілікке жете қоямын деуге болмайды, кісілік материалдық байлықтан әлдеқайда жоғары. Ол - рухани байлықтың өлшемі. Ақылды, терең ойлы, көреген ғана емес, ары таза, адамгершілік санасы биік, өзіне ғана емес, басқаны да сыйлай білетін, қиындықта қол ұшын беруге дайын адам ғана кісілікке лайық. Осы тұрғыдан алғанда, кісілік жақсы адам ұғымымен тең. Бұл ұғым философиялық «тұлға» ұғымына сәйкес келеді. Кісілікке жету – қазақтың ұлттық санасының маңызды компоненті және қазаққа қазіргі заманда қажетті қасиеттердің бірі.
Әлеуметтік педагогиканың басты мақсаты - жеке адамды қалыптастыру үшін әлеуметтендіру. Жалпы осы үрдіске сәйкес қазақ халқында тәрбие берудегі әлеуметтендірудің жолы көп болғандығын тарих беттерінен айқындауға болады. Қазақстандағы ақын, жырау, би-шешендер өнеге бейімі бар, қабілетті, дарынды балаларды таңдап, оларға ұлттық, халықтық төл өнерді үйрету үшін жанына алып, ел аралатып, даналықты меңгеріп, жеке адам болып қалыптасуға үлкен сабақ алады.
Қазақ халқында балаларды қамқорлыққа алу, жәрдемдесу сияқты әлеуметтік көмек түрлерін айқындайтын қағидалардың мәні зор.
Достарыңызбен бөлісу: |