Әлімқожа Ернұр
Буынаяқтылар типі
Буынаяқтылар типі булар - омыртқасыз жануарлар типі. Олар теңіз, мұхит суларында, өзен мен көлдерде, топырақта, үңгірлерде, орманда, ашық далада, шөлді жерлерде тіршілік етеді. 1,5 млн-нан аса түрлері белгілі. Буынаяқтылар 4 тип тармағына бөлінеді:
Буынаяқтылардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы ганглиядан және құрсақ тізбегінен тұрады. Сезім органдары — иіс, дәм сезу мүшелері жақсы жетілген. Буынаяқтылардың өздігінен көре алатын фасетті көздері және тек жарықты сезе алатын көзшелері болады. Аяқтарының буындардан тұруы олардың жүрісін бағыттап отыруға, алуан түрлі күрделі қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Қан айналу жүйесі ашық, жүрегі көп камералы. Буынаяқтылар денесіндегі целом қуысы, алғашқы қуыспен бірігіп кетіп, дененің тұрақты қуысын (миксоцель) құрайды, мұны аралас қуыс дейді.
Буынаяқтылар дара жынысты, кейбір түрлері жыныссыз (партеногенездік) жолмен көбейеді. Эмбрионалдық дамуы көп жағдайда түрленіп өтеді, сондықтан дернәсілдер мен ересек түрлерінің арасында айырмашылық көп. Буынаяқтылардың өсуі мен дамуы түлеуге байланысты, яғни олар түлеп, бұрынғы қатты қабығын (кутикуланы) тастаған сәтте ғана өседі. Буынаяқтылардың маңызы өте зор. Мысалы, кейбір шаянтәрізділер тағам ретінде пайдаланылады, жібек құртынан өнеркәсіп шикізаты алынады. Олармен балықтар, сүтқоректілер қоректенеді. Кейбір түрлері улы келеді (қарақұрт, бүйі, шаян, т.б.). Бұлардың ішінде масылдық тіршілік ететіндері немесе жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын адамға және жануарларға жұқтыратындары да бар.
Буынаяқтылар – денесі буылтықты, екіжақты симметриялы, көпжасушалы жәндіктер. Денесінің сырты тығыз хитинмен қапталған, аяқтары бунақталған. Осы типке жататын жәндіктердің барлығының аяқтары буын-буын бунақтармен жалғасқандықтан, буынаяқты жәндіктер деп аталған. Жер шарын мекендейтін жануарлар дүниесінің 80 пайыздан астамы буынаяқтылар үлесіне тиеді. Қазір ғылымға олардың 1 миллионнан астам түрлері белгілі. Буынаяқтылар типінің негізгі үш класы бар. Олар: шаянтектестер, өрмекшітектестер және бунақденелілер класы. Өзен шаяны, асшаян, таңқышаян, қыршаян шаянтектестерге жатады. Өрмекшітектестердің өкілдері: айқышты өрмекші, бүйі, қарақұрт, мизан. Бунақденелілердің түрі өте көп. Оларға: тарақан, көбелек, маса, шегіртке, инелік, қоңыз, дәуіт, т.б. кіреді.
Буынаяқты жәндіктердің арғы тегі көпқылтанды буылтық құрттар деп есептеледі. Буылтық құрттардан негізгі айырмашылығы – денесі хитинді затпен қапталған. Хитин дегеніміз – жасуныққа ұқсас ағзалық зат. Шаянтектестерде хитинге әктенген заттар сіңеді. Ал өрмекшітектестердің, бунақденелілердің хитинінде нәруыз көбірек болады. Жабынның ішкі жағынан жеке будаланған тері-бұлшықет қапшығының бұлшықеттері бекінеді. Соның нәтижесінде дене бөліктері біріне-бірі тәуелсіз, дәлме-дәл, өте шапшаң және тиімді қозғалыс жасай алады.
Буынаяқтылардың сыртқы хитинді жабыны өте жеңіл. Сондықтан буынаяқтылар салмағы ауыр бақалшақты былқылдақденелілерден әлдеқайда оңтайлы қимылдайды. Хитин берік болғандықтан, созылмайды. Буынаяқтылар денесі өскенде хитинді жабын мезгіл-мезгіл денеден сыпырылып, түлейді. Хитинді жабынның қалың-жұқалығы барлық жәндіктерде біркелкі емес.