Әлмахан бегенов



Дата08.06.2018
өлшемі96 Kb.
#41884
ХХІ ғасыр қазағы атанып, дербес мемлекет болсақ та, әлі күнге дейін оң мен солымызға жалтақтап, кім не айтады деп елеңдеп отыратынымыз қалай? Табиғат құбылыстарына алаңдаймыз, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыстағы көршілеріміздің сөзін бағамыз. Ыңғай қабақ бағу, ыңғай өзгенің көңілін табу. Осы мінез бізге қайдан, қалай келді?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Ең алдымен, біздің қазақ қандай халық дегеннен бастағым келіп отыр. «Қазақ батыр халық» дегенмен өз басым келіспеймін. Дәл қазіргі таңда, яғни 2000 жылдан бергі қазақ батыр деу қиын. Өйткені, батыр болу үшін әрбір азамат, әрбір тұлға жігерлі, табанды, қайсар болуы тиіс. Мысалы, Бауыржан Момышұлы оқуға түсер кезде бір ғана «храбрый» деген сөздің тоғыз синонимін айтып берген екен. Жалпы, бойда жігер, қайрат, ұстамдылық болмаған адамды батыр деу бос сөз. Мен неге айтып отырмын. Біздің қазіргі ер жігіттеріміз ұсақталып бара жатыр. Қазіргі жас жігіттердің көбісі өз ісіне, тірлігіне жауап беру былай тұрсын, ойындағысын іске асыра алмайды. Магистратура, докторантурада оқитын бойжеткендерге: «Осылай жүре бересіңдер ме? Бастарыңды құрап, тұрмыс құрмайсыңдар ма?» десем, «Қазіргі жігіттерге асырайтын келіншек керек қой. Үйленгенге дейін әке-шешесі баққан жігітті тұрмыс құрған соң біз асырауымыз керек», – дейді. Бұл – ақыл-парасатты айтпағанда, жаңағы жігер, қайрат, ұстамдылықтың жоқтығынан шығады. Кезінде Кенесарының өзінің ұлын қалай сынағаны есіңізде ме? Кездікті құмға қадап қойып, жүз қадамды өлшеп, ал жүгір де кездікке құла дегенде баласы теріс қарап кездікке жүгіреді. Сол кезде орнына таяқ байлай қояды. Ал оны бала білмесе де қорықпай келіп құлайды. Міне, осындай жігер керек батыр болу үшін. Ал енді өрттен алып шығу, суға кеткенді құтқару деген жалпы адами қасиет саналады. Оны кез келген адам жасай алады. Сондықтан мен қазіргі кезде біздің халық батыр деп айта алмаймын. Ал кезіндегі Қабанбай, Бөгенбай батырлар жылы төсекке жатып ұйқтамаған, ертоқымын жастап жатқан екен.

Ыңғай қабақ бағу, ыңғай өзгенің көңілін табу мінезі өткен кезеңдерден, біздің жаппай жаугершіліктің ортасында қалып, бәріне бірдей жалтақтап, ең соңында, орысқа қол созып, әйтеуір аман қалдық-ау деген кезден басталды-ау деп ойлаймын. Одан бергісі Алаш орданы қырып салып, қазақтың қаймағының бәрі кеткеннен кейін қалыптасты. Егер ойындағысын өзінен басым жан-жағындағы көршілерге байқатса, біреу төбесінен шоқпармен қойып қалатындай болып көрінгендей сол заманда. Алаш ардақтыларын, 1937 жылдан кейін өзінің ойындағысын айтып, дербестікке деген пиғылын білдірген қазақтың ардақты ұлдарын жойғаннан кейін басталды. Әке балаға қолын көтерсе төмен қарай бұға береді ғой, міне сол секілді жалтақтық қазіргі ұрпақтың бойына еніп бара жатыр ма деп қорқам.

Айгүл ЛИЯСОВА:

– Ия, шын мәнінде айтып отырған қасиеттердің біздің қазақтарға тән десек те болады. Бірақ осы ғасырдың, өткен ғасырлардың қазақтары деп айта алмаймын. Қазаққа этникалық жағынан алғанда атам заманнан қанына сіңген қазақи тән қасиеттер жетерлік. Мысалы, қазақтарға тән жақсы қасиеттерге: адамгершілік, ізеттілік, қонақжайлылық, бауырмашылық, жомарттықты жатқызсақ, жаман қасиеттеріне: жалқаулық, бірін-бірі көре алмаушылық, еліктеушілік секілді т.б. қасиеттерді жатқызамыз. Сіздің айтып отырған қасиеттеріңіз ыңғай қабақ бағу, ыңғай өзгенің көңілін табу, бұл біздің тәрбиелік және мәдени ерешеліктеріміз десек қателеспеспіз. Казақтардың өзіне тән ұлттық психологиялық ерекшеліктері бар. Қазіргі кезде «қазақ десек өзімізге келіп тиеді», «қазақ жүрген жер осы» деген сынды сөздерді көп естіп жатамыз. Бірақ сіз айтқандай заман ағымыны қарай, егеменді ел болғалы, тұғырлы мемлекет болғалы адамдар өз ойын еркін айтуға , болашақ жастарды, балаларды тәрбиелеуде олардың сенімділіктерін, өзіндік бағалауларын жоғарылатуға, өз ойын жетік жеткізе алуға тәрбиелеу үстінде. Дегенмен, өз басым қазақ болғаныммен мақтанамын.


Белгілі бір нәрсенің мүмкіндігіне, растығына күмәндану, күдікшілдік, сенбеушілік ғылымда скептизм деген атауға ие. Әдетте телеарналарда скептик деп ерекше дарыны, көріпкелдік таланты бар адамдарға сенбейтіндерді көрсетеді. Жалпы, скептизм қазаққа тән мінез бе?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Күдікшілдік өзіне-өзі сенбеуден басталады. Абай өзінің қарасөздерінде күдікшілдікті қатты сынаған. Адам ішкі дүниесімен өзінің істеген тірлігіне, ой-өрісіне таза сеніп тұратын болса, онда ешқандай күдік болмайды. Ол нартәуекелге барады. Ал енді өзінің ойы тайғанақтап тұратын болса, күдікшілдік содан шығады. Ондай адам бүйтсем былай болып қалар ма екен деп үрейленіп тұрады. Бір жағынан бұл қазақтың табиғатына тән ұяңшылдықтан да шығады. Осылайша күдіктің жетегінде жүріп, көп жағдайда уақытын өткізіп алып жатамыз.

Қазір жан-жақтан түрлі дақпырт әңгімелер тарап жатыр. Сондайларға сенудің жөні жоқ. Бұл ең бірінші ғалымдардың көпшілікпен жұмыс істемеуінің салдары деп білемін. Әрбір нәрсеге үрейленбеу үшін оның ішкі дүниесін тереңірек, ең болмаса жобалап білу қажет. Мысалы, өткен жылы «2012 жылы ақырзаман болады-мыс» деген әңгіме шықты. Ақырзаман деген бір клетканың бұзылуы немесе бір тамшының шашырап кетуі емес қой. Бұл ғалам болғандықтан жер шарындағы планеталарда болып жатқан биологиялық, геологиялық, тектоникалық құбылыстар. Осылардың барлығы өте күрделі миллиондаған жылдарда қалыптасқан нәрсе. Бұл қалай 1-2 жылдың ішінде жоқ болады? Ол миллиондаған жылдарға созылады. Міне, осы тұрғыдан баспа беттерінде геологиялық, биологиялық, медициналық құбылыстарға түсінік, жалпы адамның дүниетанымын кеңейтетін дүниелер, мақалалар өте аз. Адам сауатсыздықтан барып тұйыққа тіреледі. Адам неғұрлым аз білсе, соғұрлым оны билеу жеңіл. Немесе алысқа бармай-ақ қолында дипломымен, кандидаттық, докторлық атағымен шетел асып кетіп жатқан адамдарды алайық. Оның себебі ішкі дүниенің таяздығынан деп білемін. Сектанттардың көбеюі де білімнің таяздығынан. Осындай ұсақ мәселелердің өзінен кез келген жағдайдан қорқу, үрейлену пайда болады. Бір жағынан егер менің мінезім сондай болатын болса, онда ол өзімнің бала-шағама да, немере-шөбереме де, өзім араласатын қоршаған ортама да егіледі. Осы жағын назардан тыс қалдырмаған абзал.

Айгүл ЛИЯСОВА:

– Расында, біз, адамдар күмәншіл, күдікшіл болатын кездеріміз болып жатады. Әрине, сіздің айтып отырған екі көзқарасқа да қосыламын. «Біздің қазақтың» – деп жазды ұлы ойшыл, ақын Абай – «достығы, дұшпандығы, мақтануы, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт таңдауы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз». Ел арасындағы ынтымақ, бірліктің жоқтығын, берекесіздікті және басқа кемшіліктерді надандықтың көрінісі ретінде теңейді. Ал сұраққа келетін болсам, скептизм ол адамның жеке басына тән қаситтердің бірі деп есептеймін. Қазіргі заманның адамға қоятын талаптарына сай адам өзін скептик ретінде көрсетуі таңқаларлық жайт емес. Өзіне сенімді, білімді адамдар кез келген нәрсеге күдік тудырып, саралап саналай алады. Сондай-ақ шамадан тыс күдіктену, күмандану, адамға мүлдем сенбеу – бұл психологиялық ауытқуға ұшыраған кездерде де көрініс алып жатады.Скептизм қазаққа ғана тән мінез дегенмен келісе алмаймын, керісінше біздің этникалық ерекшеліктерімізді есепке алатын болсақ, адамға көмек беру, қарыз беру кезіндегі сенгіштік, адами факторларға сүйенетініміз бар. Бізде аңғалдық та, алаңғасырлық та, тез алданып, біреуге сеніп қалу сияқты қасиеттер де жетерлік.


Кезінде орыстар жерімізге қала тұрғызып, қазақ ауылдарына емін-еркін кіріп, балығын аулап, құс атқанда, тіпті, қоныс тепкенде де немкеттілікке салып, бейқамдық танытқанымызды немен түсіндіруге болады? Жалпы, қазақтың қамсыздығы ерте заманнан қалыптасып, қанға сіңген қасиеті десек, одан арылудың жолы бар ма?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Қамсыздық, қансыздық деген болады. Егер қаныңызда қазаққа деген патриоттық сезім болмаса, онда сіз өзіңізден зор адамдарға ұмтылып, солардың аузына қарап, қолыңызды жаясыз. Бұл қансыздық деп білемін. Алайда біздің халыққа қансыздық тән деп айта алмаймын. Бірақ қансыздық қамсыздықтан туындайды. Ал қамсыздық біздің халықтың бойында бар екенін мойындаймын. Мысалы, 1949 жылы Семейде е ядролық қару сынағын өткізді. Ол 1936 жылдан, кейбір деректер бойынша 1935 жылдан бері жоспарланған екен. Сол жоспар ақыры іске асты. Сол кезде мамандардан бөлек бірде-бір адам бірген жоқ. Ал егер сізде қам болса, сіз не істер едіңіз? Біздің халық ешнәрсеге алдын ала қамданбайды. Қамдану бұрындары болған. Оның тамыры сонау ертеректе күшпен жойылған. Сөзімнің басында айтып өттім ол жағын. Қазақ үшін, қазақтың болашағы үшін қамданған арыстарымыздың көзін құртқан кезде халық едәуір жасып қалды. Содан кейінгі заманда қамсыздық бойымызға сіңіп үлгерді. Қазір тоқсан тоғыз жерден өзіңізге қам жасай беріңіз, қолыңыздан ештеңе келмейді. Оған бірнеше мысал келтіруге де болады.

Кезінде тыңды көтерді. Сол кезде жерімізге өзге ұлт өкілдері көптеп қоныс тебе бастағанда, бір ерлі-зайыпты қосылып отбасы болса, олардан 4-5 орыс немес хахол бала туатынын, олардың көбейетінін, яғни пәленбай адамды бір совхозға алып келсең, бірнеше жылдан кейін олардан он совхоздың адамы шығатынын басшылар білді. Ал бірақ білгеннен не шықты. Ерте қамданғаны қайсы? Жалпы, халық қамдануға бейім болуы үшін ішкі жан-дүниесі терең болуы тиіс. Кез келген жағдайды тереңнен сараптай алуы қажет. Сонда ғана елі үшін қам жейтін ұрпақ өсетін болады.

Айгүл ЛИЯСОВА:

– Ия, тарихқа үңілетін болсақ, қазақтар өжет, қайсар да батыр, ақылгөйлігі мен даналығы бірге жүрген халық. Табиғат пен тарихтың сан қилы кереметтерінің бірі – адам баласының ұлттық және этникалық өзгешілік сапаларын жасап шығаруы. Қазақ халқының тарихи-мәдени құрылымындағы рушылдық, ру-руға бөліну сонау ерте кезден ата-бабамыз салған сара жол десек те болғандай. Қазақтың дархан даласына кең жайласқан халқымыз ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп жеке-жеке қоныстанды. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер басшылығындағы бұл жүздерге түрлі рулар енгені бізге мәлім. Олар өз руын дәріптеп, әр отбасы мүшелері өз ата тегін, жеті атасын, қала берді халқының тарихын біліп өсті. Бұл жағдай психологиялық тұрғыдан оқшаулану, жекешелену проблемасын болдырмай, бауырмалдықты, ұйымшылдықты, бірлікті арттырды. Яғни, әр рудың мүшесі өз руының абырой-атағына нұқсан келтірмей, қолынан келгенінше намысын қорғаса, ал бүкіл ру өзінің әрбір жеке мүшесін қорғауға міндетті болған. Қай ұлттың, қай халықтың болсын өзіне тән мәдени тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық болмысы, қалыптасу кезеңі т.б. болады. Осы қалыптасу кезеңінде, сол ұлттың түрлі жетістіктері, ұтымды сәттіліктері, шарықтау шақтары да болады. Және осы аталғандармен қоса іргелесіп, тарихта таңба болып қалатын, түбі тереңде жатқан құлдырау кезеңдері, сәтсіздіктері немесе ұлттық болмыстың кемшіліктері де жүретіні айғақ. Рушылдық деген сөз қазақ арасында туысшылдық тайпашылдық, жүзшілдік, жершілдік психологиясының жиынтық сипатын беретін ұғым ретінде қолданылады. Сондықтан бұдан былай да, бұл сөз адамдарды туыстық байланыстарына, жеріне, тайпа, жүзіне қарай жіктеудің жиынтық ұғымы ретінде қолданылатын болады. Рушылдықтың ғылымдағы атауы – трайболизм. Ол латынның “тайпа” деген сөзінен шыққан. Әуел баста бұл түсінік әлі ұлысқа бірікпеген, жекеленген тайпаларды білдірсе, қазір тайпалардың немесе өзге де адамдар қауымдастықтарының арасындағы қақтығыстарды білдіреді. Рушылдық психологияның өзгешіліктері рулардың біркелкі өмір сүруі мен күресіне, әлеуметтік, табиғи-географиялық, материалдық мәдени жағдайдың жеріне лайық қалыптасты. Соның әсерінен, әрбір адамда рушылдық ұлттық мінез-құлықтың, сезімінің көріністері, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары пайда болды. Мысалы қазақ халқының рулық дәстүрлері ас беру, бір-бірімен татуласқандағы тойы, жауды жеңгенде жасаған тойлары, жерлеу тағы басқа әдет-ғұрыптарын өткізуде руға сөз келтірмеуге тырысқан. Рушылдық – ұлтқа қарсы әрекет етуші психология. Бұл құбылыс екі рет халықтың санасынан өшіп бара жатып, қайта жанданды. Екі жағдайда да, бөгде күштердің араласуымен қайта тірілді және де сол күштердің мүддесі үшін қызмет етті. Халық бұқарасы рушыл емес, рушылдар - өткен ғасырлардағы ауылнай, би, болыстар, қазіргі елдердегі күдікті жолмен болашаққа келген уақ мамандар.

Рулық құрылыс этностық жерге қауымдық меншік болған кезге сай келетін қоғам формасы. Қазақстан отар елге айналған соң жерге қауымдық меншік жойылып, жерге жеке меншік орнай бастады. Бұрын көшпелілерге қазақ даласы ортақ болатын. Қазақ даласында әскери бекіністер салынып, Ресейден көшіп келген орыстар жерге иелік ете бастады, қалған жерлерді ру-руға бөліп беріп, қазақтардың бүкіл сахара бойына көшуіне тиым салынды. Бұл рулық құрылыстың ыдырауына байланысты әлеуметтік – экономикалық шара болатын. Бірақ патша чиновниктері рулық құрылысты сақтап қалуға мейлінше мүдделі болды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін шағын руларды билеу еркін, қазақтардың өзіне берді. Сөйтіп, “болыс” деген лауазым пайда болды. Ал аймақ, облыс, бүкіл халық билігі орыс әкімдерінің қолдарында қалды. Ендігі жерде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ешқандай қажеті болмады. Қазақ халқының “қамын” ойлаушы, оның “жоғын жоқтаушы” Россия чиновниктері еді. Ал халықты жарылқаушы - “ақ патша”. Халық қамын ойлаудан ада болған болыстар ұсақ-түйекпен айналысып, мейлінше өзге күйге еніп, ендігі жерде отар елдің қорғанышы емес, төл қанаушысына айналды. Олар рушылдықты оттай маздатты. Рулар арасындағы жанжалдар бұрын болып көрмеген жағдайға душар болды. Сонымен рушылдықтың нақтылы, ең басты себебі – Патшалы Россияның отаршылдық саясаты.

Рушылдықтың жандануының себебі, қазақ халқының саяси бостандығынан айырылуында. Патшалы Россияның отаршылдықты жүргізген әкімдері тұрақты қаласы жоқ, діні, тілі өзге халықты басып-жаныштап, өз құзырында ұстаудың таптырмайтын құралы, оларды ру-руға бөліп, басын біріктірмеу болды. Қазақтарды бір-біріне айдап салу мейлінше тиімді тәсіл еді. Бір-бірінен жапа шеккен қазақтар әділдік іздеп, орыс ұлықтарына баратын болды. Патша чиновниктері рулық құрылысты сақтап қалуға мейлінше мүдделі болды. Олар рушылдықты оттай маздатты. Рулар арасындағы жанжалдар бұрын болып көрмеген жағдайға душар болды. Бұл қазақ халқының тұтас ұлт болып қалыптасуына үлкен кедергі болатын құбылыс болғаны даусыз


Соңғы кездері ғалымдар дүниежүзінде су ресурстарының азайып бара жатқанын айта бастады. Дәл осындай қысылтаяң жағдайда қазақ ауылдарына бара қалсаңыз, өзен арналары мен артезиан суының босқа ағып жатқанының куәсі бола аласыз. Қазақ барды қанағат тұтатын халық, десек те қолда бар алтынды қаншалықты қадірлей білеміз?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Біріншіден, дүниежүзі бойынша судың, әсіресе ауызсудың азайып бара жатқаны туралы мағлұмат өте аз. Мен бір сөзімде биология, геология туралы түсінік беретін мақалалар сирек жарық көретінін айтып өттім. Міне, соның бір тармағы осы. Халыққа қандай жағдайда су тапшы болатынын түсіндіру қажет. Қазақстан халқы жуырда ғана он жеті млн.-ға жетті. Біздің жерімізге сегіз мемлекетті емін-еркін сыйдыруға болады. Міне, осындай кеңдікке әбден халық үйреніп алған. «Ағын суды аяп қайтесің», – дейді. Мысалы, ұлы сөзде ұят жоқ, Израиль сияқты кейбір елдерде дәретхананың суын күніне бір-ақ рет ағызады. Міне, осыны түсіндірмейінше, халықты жөнге сала алмайсыз. Қалада тұратын адамдардың үйіне бара қалсаңыз, краннан тамшылап су ағып тұрады. Мынау бұзылып тұр ғой десең, «Әй, білмеймін, бір ай болды ағып тұрғалы» дейді. Ал бір тамшыдан күніне отыз литр су кетеді екен. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Екінші жағынан, өзендер ағып жатқанымен, көбісі тартылуда. Себебі, бір заманда қырық млн. қойды баққанда жер бетіндегі шөп азайып кеткен. Шөп азайған сайын топырақтың ылғалды ұстау қабілеті төмендейді. Яғни, ауадан түскен ылғалдың бәрі топыраққа сіңбейді. Топыраққа сіңбеген соң жер асты суына бармайды. Осыдан барып, бұлақ, өзендер тартылады. Міне, осы жағын да халықтың санасына құю керек. Ылғалдың қалай жиналып, жер астына баратынын, оның бұлақ суына қаншалықты әсер ететінін түсіндіру қажет. Халыққа дүниетанымдық мәселелерді жеткізе білу өте маңызды. Қазіргі біздің телеарналар танымдық бағдарламалардан гөрі жеңіл дүниелерді көрсетуге әуес. Бесіктен белі шықпаған бала он ән жаздырып, сағат сайын соның әндерін кино етіп көрсетіп жатады. Бұл не масқара. Ал шет аймақтарда орналасқан ауылдарға барып, судың қадірін кім түсіндіріп жатыр? Тіпті, бір рет естігеннен де адам санасына сіңіріп алуы сирек қой. Өзі орта біліммен шектеліп, ауылда отбасы құрып, малмен күнін көріп жүрген адамға қайта-қайта айтпасаң, оның бірден қағып алуы қиын. Қайта «Жалғыз мен бе суды құртып жатқан, басқаларға неге айтпайсың» деп өзіңе дүрсе қоя береді. Демек, мұндай мәселелерді бесіктен санаға сіңіру керек. Бұл бір күнде шешіле қалатын нәрсе емес.


Біз әлі күнге дейін көшпелі халық болдық деп, оның жақсы тұстарын айтып мақтанамыз. Ал ұлттық болмысымызға нұқсан келтірген қырлары көп айтылмайды. Бұл туралы не айтар едіңіз?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Көшпенділік деген ұғымның өзі кейіннен пайда болған. Көк түрік біздің жыл санауымызға дейінгі екі мың, үш мыңыншы жылжары металлургияны, жер астынан темірді тұңғыш қазып алған, садаққа темірден оқ жасаған көшпенді халық. Яғни, ол сол кезде көшпенді болған шығар, одан кейін ол отырықшылыққа бейімделіп, қала салған. Енді біздің жыл санауымыз келгенде әр жерден шапқыншылықтар көбейіп, отырықшы халық өзінің тіршілігіне орай, яғни мал шаруашылығына сай ыңғайланып көшіп отырған. Қытай, Моңғол тарихшылары айтады «қазақ екі нәрсеге ескерткіш қоюы керек. Бірінші жылқыға, тұяғымен осынша жерді қамтыған, екінші қазақтың ержүректігіне», – дейді. Бізде егер осы екеуі болмаса, мұндай жерді иемденіп қалмас едік.

Ал көшпенділіктің белгілеріне келетін болсақ, ол, әрине, халықтың бойында сақталған. Себебі тектік өте кең ұғым. Бұл байланыс үзілмек емес. Мысалы, көшпенділіктің бір белгісі қазіргі халықтың әлі күнге дейін жерге бейімделе алмай келе жатқаны. Демек, отырықшылыққа бейімделе алмай келеміз. Мысалы, ауылдан қалаға келіп жер алсақ, оған үй тұрғызамыз. Бітті. Сонымен сол үй қалқайып тұрады. Басқа ешқандай өнім ол жерден біз ала алмаймыз. Міне, бұл да кезінде қойды қайырып қойып, үйде шынтақтап жатып қымыз ішіп, бейбарақат жатқанымыздың белгісі. Екіншіден, біздің тірлігіміз ешуақытта жүйелі болмайды. Себебі көшпенді халықтың жүйесі тек қана малға байланысты болған. Малдың төлдеуі, қыстауы, көбеюі, жайылымы, міне, осыған байланысты. Ал қазір нарық заманы. Бірақ нарыққа бейімделуге асықпаймыз. Әлі сол жайбарақаттық. «Құдай бұйырса болады да», деп отыра береміз. Біз әлі күнге дейін «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген философияның шеңберінен шыға алмай жүрміз. Ал дәл қазіргідей жаһандану заманында бұл дұрыс емес. Мақал-мәтелдің өзі заманға қарай туындайтыны белгілі.

Үшіншіден, көшпенділік заманда белгілі бір салмақты сөзі бар адамға бағыну болған. Сол қасиеттен ажырап қалдық. Қазір бала әкеге бағынбайды. Өйткені біз есікті айқара ашып қойдық. Шетелдің шешесіне жұдырық ала жөнелетін баласын көріп, біздің жастар да еліктеп өсуде. Яғни, шетелдік тәрбие көріністері дендеп, көшпенділікке тән жағымды, жақсы қасиеттерімізді ығыстырып жатқаны анық байқалады.



Айгүл ЛИЯСОВА:

– Әрине, мыңдаған жылдар бойы сынақтардан өткен, халықтың көп ғасырлық өмірлік тәжірибесімен шыңдалған, өндірісте, үлестіруде, діни әрекеттерде, басқаруда және т.б. анықтаушы роль атқарған әлеуметтік-экономикалық байланыстар түрлері, өз идеологиясы бар ру-тайпа қатынастары тарих сахнасынан бірнеше жыл ішінде және тіпті екі-үш ұрпақ ауысқанда да жоғалып кете қойған жоқ. Бірақ сыртқы және ішкі факторлар әсерінен олар түрлерін өзгертті. Сондай-ақ көшпенді қоғамның дәстүрлі құрылысына Қазақстанның Ресей империясына қосылуы әсер етті. Ресей империясы бүкіл ХІХ ғ. бойы қазақ қоғамын басқаруды жеңілдете және оны жалпыресейлік заңдарға бейімдей алатын ұйымдастыру нысанын табуға әрекет жасады. Ұлттық сананы ары қарай өзгерту ХХ ғасырдың 20-40-шы жылдарында байқалды. Осы кезеңде ру-тайпа бірліктері функцияларының түбегейлі қысқаруы орын алды. Осылайша, қазіргі уақытта қазақстандық қоғамның жүздер мен руларға бөлінуі алғашқы түп-тамырын сақтай отырып, саяси институт ретіндегі өзінің өзектілігін біртіндеп жоғалтуда, ол қоғамның саяси жай-күйіне және, ең алдымен, жоғары билік тобына іріктеу үдерісіне қатты ықпал етпейді.


Бүгінгі патриотизмнің өлшемі қандай? Олай дейтініміз, қазір біреу жер сатып алса, қазақтың емес, өзгенің жекеменшігі деп қарайтын болғанбыз. Жалпы, қазіргі Отанға деген қарым-қатынас, сүйіспеншілік сезімі қай дәрежеде деп бағалайсыз?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Отан деген сөзді терең түсіндіретін бесіктегі тәрбие. Мысалы, біз махаббат дейміз. Ол орыстың сөзімен айтсақ, «махаббат пен демократияны ешкімнің көзі көрмеген, қолымен ұстамаған». Отанға, жерге деген сүйіспеншілік – ата-ананың тәрбиесімен дариды. Егер ол олқылық орын алатын болса, жастардың шетелге оқуға барып, сол елді ұнатып, қалып қалуы немесе бойжеткендердің ақшасы мол өзге ұлт өкілінің етегіне жармасып кете баруы, т.с.с жалғаса береді. Сондықтан Отанды сүюді бірінші тілден бастау қажет. Жеріңді, Отаныңды сүй, бірақ ең алдымен тіліңді құрметте. Егер ана тіліңді менсінбей басқа тілді меңгеруге көшсең, онда ешқандай патриотизмге, отансүйгіштікке орын жоқ. Бұдан кейінгі кезекте патриотизм өзіңнің әке-шешеңді, туыстарыңды сыйлаудан басталады. Егер халықтық педагогиканың нағыз сара жолы саналатын осылар болмаса, ешқандай отансүйгіштік туралы айта алмаймыз. Қазір халық газет-журнал оқымайды. Сол үшін телеарналардан танымдық бағдарламаларды көбейту керек. Қай арна ақсақалды немесе кеуананы сөйлетіп, халықтық педагогика бойынша, Отанды, туыс-бауырды, ата-ананы сыйлау туралы әңгіме өткізіп жүр? Жүз он алтыға келген әже бар екен деп, соны телеарнадан көрсетіп жатады. Оның халыққа берер пайдасы қандай? Одан да сол кісі сөзге жараса әңгімесін, ақылын айтса болар еді. Мінекей, меніңше, отансүйгіштік осындай ұсақ факторлерден түзіледі.



Айгүл ЛИЯСОВА:

– Патриотизмді өз деңгейінде өлшеуге болмас. Ол адамның, тұлғаның өзіне байланысты. Біреу үшін ол шексіз, ал екінші біреу үшін ол максималды немесе минималды. Өз еліңнің, тіліңнің, дініңнің патриоты болғанға не жетсін. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан тәрбиелену қажет. Отбасы адам баласының дүниеге келуімен, оның өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етіп отырғандықтан, ол адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі шешуші факторлардың бірі болып табылады. Қазақ қызуқанды халықтардың қатарына жатпайды, бірақ кезі келгенде өзінің мінезін басқа қырынан көрсете алады. Жалпы, әр қазақтың бойынан патриоттық сезім табылады деп ойлаймын.


Бүгінде халық тіл мәселесіне де алаңдаулы. Тарихи деректерге сенсек 1900 жылы орыс тiлiн 150 млн. адам бiлсе, 1990 жылы әлем бойынша олардың саны 350 млн.-ға жеткен екен. Ал қазiргi таңда орыс тiлiнің 200 млн. астам сөйлеушісі бар. Сол себепті де Ресей: «Егер осы қарқынмен кете берсе, 2025 жылға қарай орыс тiлiн бiлетiндердiң саны өткен ғасырдағы көрсеткiшке (150 млн.) дейiн төмендейді» – деп дабыл қағуда. Осындай жағдайда қазақ тілінің келешегіне үреймен қарайтынымыз рас. Ал Сіз болашақтағы қазақ тілінің жағдайын қалай елестетесіз?

Әлмахан БЕГЕНОВ:

– Қазақ тілінің болашағына қауіп молынан бар. Бізде тіл мәселесі біріншіден отбасыдан сорлап тұр. Ауылдық жерлерде жүз үй болса, барлығы қазақтар. Менің айтайын дегенім, тіл мәселесі облыс орталықтары мен қалаларда шоғырланғандар арасында өршіп тұр. Алматыда автобусқа отыра қалсаңыз, алпысты еңсерген зейнет жасындағылардың өзі орысша әңгімелесіп отырғанының куәсі боласыз. Бірде Алтынсарин көшесінен 32 автобусқа отырдым. Жасы қырық-елу шамасындағы екі келіншек жеткенше орысша сөйлесіп барды. Мінекей, жаңағы айтқан патриотизм деген осындай жағдайларда байқалып қалады. Ал осы адамдарды орысша сөйле деп кім зорлайды? Өздерінің шыққан жері кешегі ауылдың сары топырағы. Енді қалаға келіп, орысшаға тілі келсін-келмесін қойып кетіп жатады. Ал оны көрген бала қазақшаға қалай бетбұрады? Сондықтан қазіргі басты мақсат қазақша сөйлейтін орысты тауып әкеліп, диктор жасау емес, әрбір адамның үйінде жүз пайыз ана тілінде сөйлеуі. Онсыз біз тілден айырыламыз. Қазірдің өзінде тәрбие құралына айналған телеарна жүргізушілерінің қазақшасына маңдайым терлейді. Өмірі естімеген сөзді орысшадан тікелей аудара салады. Алысқа бармай-ақ өзімнен мысал келтіруге болады. Біз ағайынды екеуміз, бізден төрт перзент бар. Солардың екеуі Мәскеуде орысша оқыған. Әке-шешесі де қазақша білмейді. Олармен алда-жалда кезіге қалып, амандық сұрасам «Что?» дейді. Жалпы, Алматыда тұрғаныма 54 жыл болды. Байқауымша, қазақ тілінің өрісі кеңіген жоқ, қайта тарылып бара жатқан сияқты. Мысалы, мен жүз-жүз елу студентке дәріс оқимын. Поэзиядан үзінді келтіремін арасында. Сонда «бұл кімнің өлеңі?» деп сұрасаң, екі-ақ ақынды айтады. Бірі – Абай, екіншісі – Мұқағали. Болды. Бізде қазақта басқа ақын жоқ. Міне, қанша жыл болды. Мен жұмыс істеген қырық екі жылдың соңғы он бес жылында осы қайталады. Қазақша кітап оқитын студентті таба алмай қиналасың. Ал күнделікті жетіліп тұрмаған тіл қалай өркен жаяды?



Айгүл ЛИЯСОВА:

– Қазіргі кезде тіл мәселесінің алаңдататындығы рас. Мысалы, Ш.Аймауытов: «Туған тілден безу – ата-анаңнан бас тартумен тең», – деп бекер айтпаған. Ұлттың – ұлт болып қалыптасуы оның тілі мен мәдениетіне тікелей байланысты болып табылады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050 Стратегиясы» халыққа жолдауынан «Үш тұғырлы тіл» жөнінде мәселе қозғаған. Үш тілді меңгеру – қазақ жастарының болашаққа деген кілті. Себебі бүкіл әлем бір-бірімен тығыз байланыста, қарым-қатынаста. Тіл – бізге өзге елдің таңғажайып дүниелеріне қол жеткізер кілт болмақ. Төрткүл дүниенің төрт бөлігін ашады десек те болады. Осы күннің өзінде шет тілін меңгергеніміздің арқасында еліміз ғылым-білім саласында, технологияда, электроника, биология, медицина сынды т.б. салалардан жетістіктерге жетіп қана қоймай, жаңа асуларға да ие. Тіл халықтың сақтаушысы, ұлтты құрушы. Оның құлдырауы ұлттық сананың төмендеуін көрсетеді. Дегенмен, еліміздегі алғашқы мәселелердің бірі болып отырған – тіл мәселесі. Ана тілі – этнопсихологияның басты мәселелерінің бірі. Тіл – өзіндік дүниетанымның басты көрінісі. Ол халықтың мәселесі. Дәлірек айтқанда әрбір азамат бұл мәселенің өршуіне жол бермеуі қажет. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бай тіл. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте деген» мақалға сүйенсек, қазақ тілінен басқа тілдерді білуіміз керек, бірақ бұл қазақ тілін ұмыту, я болмаса шала қазақтанып кету деген емес қой. Сондықтан да біздің көпұлтты елімізде өз тілімізді қадірлеп, құрметтеп жүруіміз қажет.

Сонымен қатар, орыс тілді тұлғалардың мемлекеттік тілді меңгеруі де қажет. Жалпы, тіл мәселесі – саясатқа, философияға, дінге, білімге, салт-дәстүрімізге де әсер етеді. Сонымен қатар, әрбір ұйымдарда, орталықтарда, құқық қорғау, мәдениет, спорт, т.б. орындарында, жұмыстарда тілдің әсері өте көп.



Қорыта келе айтатын болсақ, ұлт мәселесі, қазақ этносы туралы айтқанда, біздің ұлтымыздың бірте-бірте өніп-өсіп келе жатқандығын көреміз. Көпұлтты мемлекет болғандығымызға қарамастан, өз тәуелсіздігімізді алып, мемлекет болып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандығымызды есепке алып, қарама-қайшылыққа бой ұрмай, көптеген белестерден өтіп келе жатқандығымызды мақтан тұтуға болады. Көпұлтты болғандықтан, басқа ұлттардың дінін, мәдениетін, дәстүрін білгеніміз артық етпейді, бірақ өз тіліміз бен дінімізді, салтымыз бен дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениет пен өнерімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді, ұлттық бүкіл болмыс-бітімімізді ұмытпай, сақтап, қадірлеп, қастерлеп, жастарға ұлттық тәрбие беріп, ана-тілін сүйіп, қазақ ұлтын өшірмей, қолдап-қуаттап, болашақ ұрпаққа өз ұлтын сүюге тәрбиелейік. Білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Әр халықтың тәлім - тәрбиелік мұрасы мәдениеттің маңызды мұрасы болып табылады. Ертеңгі өркениетті қоғам мүшесі, өз ұлтының рухани байлығын, ізгі қасиеттерін бойына сіңірген, өз жері мен елін қорғай алатын ұлтжанды, жоғары мәдениетті адамды тәрбиелеу, бүгінгі күннің талабы. Жастарды жан-жақты қабілетті адамзат етіп өсіруде – рушылдық тәлім-тәрбие принципін басшылыққа алу қате құбылыс. Сондықтан да, біздің негізгі бағыт бағдарымыз ана тіліміздің табиғи тазалығы, мектепте оқытылатын түрлі ғылым негіздерінің ұлттық болмысымызға үйлесуі, мектептегі оқу-тәрбие процесін жаңа мазмұнда, әрі халқымыздың озық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына негіздеу дұрыс болмақ

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет