Әлмаханбет Әлия Хи-220 Қазіргі ақпараттық қоғамды философиялық талдау және қазіргі заманның жаһандық талаптарын зерделеу



Дата15.01.2022
өлшемі31,92 Kb.
#111894
Байланысты:
Алия Алмаханбет 14 семинар


Әлмаханбет Әлия

Хи-220

Қазіргі ақпараттық қоғамды философиялық талдау және қазіргі заманның жаһандық талаптарын зерделеу

Әрбір тарихи кезеңнің өзіне тән терминдері мен концепциялары болатыны мәлім. ХХІ ғасырда әлемдік саяси-әлеуметтік лексиконда кең тараған ұғымның бірі – «жаңғыру» (модернизация) сөзі болып отыр.



Бұл қазіргі әлемдегі мемлекеттер мен    ұлттардың ұстанған бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін білдіретін әмбебап терминге айналды. Модернизацияның бағыты мен саласы да көп. Біздің елімізде көп жыл бойы экономика мен әлеуметтік-саяси модернизация алдыңғы орынға қойылып келді, яғни, қоғамның базистік, материалдық жаңғыруы мәселесі   басым сипат алды. Соңғы кезде, Президент мақаласына орай, рухани жаңғыру да болашақтың негізгі құндылығының бірі ретінде жиі талқыға түсуде. Ғаламдану дәуірінің бір қыры- елдер мен ұлттардың  өзін өзі сақтау үшін, заманауи өркениет көшінен қалмау әрекетіне көшуі.   Оның өзі осы заманның «жаһандық» сипатына байланысты бола отырып, соған реакция жасау, қарсы тұру, амалы жетсе тайталаса өмір сүріп, өз болмысын, мәдениетін әлемге көрсету, қара үзіп кеткен елдерге ілесу мақсатынан туындайды. Өткен ғасыр бойы бұрынғы бодан, колония елдер өз тәуелсіздігі үшін күресуімен болды және ғасырдың аяғында кеңес елдерінің тарауымен деколонизация үрдісі аяқтала келді. Енді ХХІ ғасырда осы және басқа да елдердің алдында тұрған мақсат-барлық жағынан жаңғыру болып табылады. Ғалымдар, соның ішінде баяғы «Рим клубы» өкілдері және басқа да футуролгтар техногендік өркениет, жаһандық қоғам, әлемдік біртұтас  эконмика қалыптасуына байланысты     жеке ұлттардың аясы тарылады деген пікір айта бастады. Осындай пікірлерді атақты А.Печеи, Ф.Фукуяма  сияқты ойшылдар да айтады. Жалпы батыстық зерттеушілердің техногендік қоғам дәуірлеуіне қатысты қазіргі көптеген ұлттар, ұлттық мемлекеттер орнына әлдебір әлемдік ұлт немесе әлемдік ортақ мемлекет, қала берді жаһандық корпаративтік құрылым келеді деген болжам жасауға бейім екенін көреміз. Сондықтан батыс ойының өкілдері қазіргі әлемдік мегақоғам мен ұлттық мемлекеттер бәсекесінде соңғылары жеңілуі мүмкін деген жорамал жасауға тырысады. Міне, осының бәрі әлемдегі ұлттар мен олардың мемлекеттік өмір сүру формасына деген қауіпті көрсетеді. Менің ойымша, Президент мақаласы да осындай жаһандық қауіптердің алдын алу мақсатынан туындап отырғаны сөзсіз.  
Президент өз мақаласында ұлттық кодты сақтау мәселесін қозғайды. Қазір ғалымдар мәдени кодтың үш кезеңі туралы пікір айтып жүр: 1.дәстүрлі.2. жазбаша (кітәби).3. экрандық.  Қазақ мәдениетінде үшеуі де бар. Біз дәстүрлі мәдениеттің озық үлгілерін кітап түрінде жарияладық («Мәдени мұра» бағдарламасы). Ендігі мақсат оларды экрандық үлгіге көшіру. Порталдар, сайттар, роликтер, вайндар арқылы ұлттық дәстүрді вербальді және вербальді емес формаларда беру мүмкіндігі мол. Олар арқылы ұлттық символды, тұспалды, ишараны, ымды беруге болар еді.
        Жаһандану міндетті түрде ұлттық мәдениетке, рухани құндылықтарға инвентаризация жасауды мәжбүр етеді (тозығы мен озығын айыру), мысалы келешектің өкілдері өз таңдауын жасағандай, олар Ертөстікті Бетманға, Керқұлатты Кендебайды «өрмекші адамға» баяғыда ауыстырды, үлкендер бізде орнап жатқан компьютерлік, нарықтық базистік қоғамға қондырма тапқанша, болашақ өз қалауын жасап үлгерді. Сондықтан мақсат, жаһандық бәсекелестікте өз рухани құндылықтарымызды сақтау мен дамыту һәм тарату.
Біздің шет мәдениеттік тасқынға қарсы тұрарлық ештеңе қоя алмауымыз, ұлттық енжарлықпен, қосымша қаржылық шарасыздықтан туып отыр, бірақ осы соңғы уәж сенімсіз көрінеді, себебі біреулер «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сияқты голливудтық рухтағы, ұлттық намыстан жұрдай мультфильмді түсіруге қаржыдан қиналмаған сияқты. Ал соңғы жылдары шыққан «Ер Төстік және айдаһар» фильмі балаларға ешқандай әсер етпей, елеусіз өте шықты.
Біз жаңа ақпараттық технологиялар арқылы, заманауи арнайы техникалық әдістермен дайындалған жат ықпалдармен әлі де «кітаби» жолдармен, ауызша үгіт - насихат арқылы қарсы тұрғымыз келеді. Көп жағдайда бұл тиімсіз болып шығып жатады. Ұлттық мәдени мұралар мен салт – дәстүрлік құндылықтарды заманға сай озық технологияларды қолдану арқылы насихаттау ғана балама дүниетанымдық жүйе ретінде белгілі бір табысқа жеткізуі мүмкін. Қазіргі бала білімі аз болса да ақпаратты көп алады, сондықтан басқа елдер мен мәдениеттер туралы молынан хабардар, Америка мен Жапон мәдениетінің шоқтығы неге олар үшін өз мәдениетінен биік деген, жалаң патриоттық күйіну ештеңе әкелмейді, себебі әңгіме мүлдем басқа нәрседе. Әңгіме біз рухани, тарихи тұрғыдан мол әрі терең мәнді санайтын ұлттық мұраларымыздың өзінің формасы жағынан әлі ескі форматта сақталуында, тіпті жазбаша түрінің өзі модернизациялауды қажет етеді, тіпті оларды жаңа дәуірге бейімдеу үшін мазмұндық тұрғыдан да жаңарту жасау, ревизиялау қажет сияқты. Мысалы, Қобланды батырды, Ер төстікті болмаса Қыз Жібекті қазіргі жас ұрпақ өзінің ата-анасы қабылдағандай сезініп, түсіне алмайды. Себебі бұрынғы ұрпақта оларды түсінетін әлдебір архетиптік негіз болды, қарттар, ескі тұрмыстық артефактар, жылқылар, кең дала, қаймағы бұзылмаған ұлттық, образдық тіл- міне осының бәрі санаға, эмоцияға, қиялға ерекше әсер етті. Қазіргі жастарда оның көбі жоқ, енді ондай атмосфераны тек қана жаңа технология жасай алады. Сондықтан Қобландының заманауи суперменге, ал Ер Төстіктің, Керқұла атты Кендебайдың танымал компьютерлік ойынға айналуы өзімізге байланысты. Ал әлемге өзін көрсетуі ұлттың техникалық, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуымен байланысты. Бұл ешкім таласа алмайтын қағида, сондықтан кез-келген тәуелсіздік алған ел өзінің тәуелсіздігін шынайы егемендікке айналдыру үшін осыларды қатар дамытуға ұмылады. Бірақ онсызда тәуелсіз болу салыстырмалы болып табылатын заманда рухани және мәдени тәуелсіздік қаншалықты дәрежеде екенін анықтау тағы да көңілге қаяу түсіреді және күмән тудырады.  
Жоғары экономикалық жетістік, қарыштаған материалдық даму өзімен өзі рухани биіктіктерге жеткізбейді, себебі немістің немесе жапонның озық технологиясының барлық жерде сапасы бірдей, айырмашылығы бағасында, бірақ неміс елінде немесе жапон еліндегі жасалған фильм болмаса басқа да туынды, басқа да қоғамдық құбылыс басқа ұлт үшін құндылық болмауы мүмкін, міне рухани жағынан сақтық туралы осыны айтуға болады. Өз елінде шыққан бренд аталатын қазіргі ұғымның патриотизм, ұлттық құндылық жағынан орны осында. Сондықтан жоғары технологияларды игере отырып оған рухани нақыш беру, материалдық – техникалық құбылысты ұлттық семиосферамен байланыстыру және ұлттық санада бекіту, тәрбиелік аспектіде ұтымды мемлекеттік іс болып табылады. Бізде өкінішке орай символикалар жүйесінде, әсіресе жастар субмәдениетінде шетелдік белгілердің ролі үлкен және оған қарсы қоятын, жастарды баурап алатын ұлттық дискурстегі белгілер, бұқаралық мәдениеттік деңгейдегі «артезаттар» әлі тапшы. Қорыта айтқанда, ұлттық жаңғыруды рухани жағынан дамыту кезек күттірмейтін жұмыс болып табылады.  
 Осы жағдайда ұлттың бәсекеге лайық болуы, рухани өресі биік болуы өзіне байланысты. Техника, ақпарат құралдары-адамзатқа ортақ, бірақ әрбір халық сол құралдан өзінше пайда көріп, өзінше заманауи көшке ілесуге тырысады. Бізде техника мен технология дамып келеді, ұлтық рухани құндылық пен менталитет әлі сақталуда, бірақ оларға төніп тұрған қауіп те баршылық, сол жағдайды ескере отырып әсіресе мәдениет, рухани салада, тәрбиеде, білім саласында техниканы пайдаланудың әлдебір ұлттық концепциясын жасау міндетті шарт. Әрине, әртүрлі идеялар, теориялар бар, бірақ олардың көбі теория түрінде тамаша болғанымен іс жүзінде іске аспайтын болып шығады. Бұл бағытта бізде әлде жалтақтық көп, әлде посткоммунистік сана әсері қатты, болмаса жаһандану жағдайында ол идеялардың тұзы жеңілдеу болып шығып тұр. Бірақ, менің ойымша техниканы, әсіресе ақпарат, интернет, компьютер құралдарын ұлттық нақышты тарату мен насихаттауға кеңінен қолдануға болар еді. Мысалы, қазір айтыс өнерінің интернет арқылы кеңінен тарауын осы мүмкіндіктің бір көрінісі деп санаймын. Айтысты дәстүрлі ұлттық код ретінде заманауи ғаламторға салу, олардың үздік жерлерін тарату қазір жастардың да қызығушылығын тудыруда. Қазақта сөз мәдениеті жоғары деңгейде дамыған, ол әуелі ауызша болды, кейін жазбаша болды, мысалы, кешегі кеңес үкіметі кезінде қазақтар көп оқитын халықтың бірі екенін танытты, енді сол рухани жетістік компьютерлік, интернеттік сипат алуы керек, ол үшін жаңа формаға ие болып, халықты, әсіресе жастарды тартуы тиіс. Қазіргі кезде интернетте қазақ тілді сегменттің жақсы дамып келе жатқаны белгілі. Әрине, онда тәрбиелік, шығармашылық, мәдени нәрселермен қатар арзанқол - «бұқаралық мәдениет» элементтері де баршылық. Бірақ соған қарамастан заман талабына сай электрондық, коммуникациялық технологиялар мәдениетіне көшуді жалғастыру қажет болады, сонда біз жаһандану дауылына қарсы тұра аламыз, ұлт ретінде өзімізді сақтаймыз.
Әрине, ештеңе істелмей жатыр деп те айтуға болмайды, біздің жастарымыз рухани, ғылыми ізденістерге белсене қатысып отырады. Мысалы, өткен сәуір айында әл-Фараби атындағы ҚаҰУ-де «әл-Фараби және қазіргі заман» халықаралық Фараби форумы өтті.  Соның аясында «Философия менің өмірімде» аталатын студенттердің республикалық онлайн эссе конкурсы өтті. Соған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері А.Самарцева мен Т.Қабдолла қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осының өзі біздің жастарымыздың бойындағы ізденісті, шығармашылық әлеуетті көрсетеді.

Қазіргі уақытта жаһандану үдерісі экономика мен саясатты ғана емес, мəдени-əлеуметтік саланы да қамтып отыр. Қазіргі əлеуметтік теориядағы жаһандану ең өзекті тақырыптардың қатарында тұрғандығы мəлім. Бұл сұрақты анағұрлым терең қарастырған ғалым – Роланд Робертсон. Біздің пікірімізше, дəстүрлік жəне оны құраушылар – дəстүр, əдет-ғұрып,  ритуал қағидалар,  құндылықтар  болып  табылады. Қоғамның модернизациялануы мен елдің дəстүрлік формасына үйлесімсіз патерналистікподдандық саясат, шашқыш-жыртқыш экономика, қу жазалаушы құқық, үстемдік етуші ұлттық   мəдениет,   қабілетсіз   əлеуметтік өмір - саясаттану мен əлеуметтанудың назар аударатын объектісіне айналмай отыр. Бұл ғылымда дəстүрліктің жеңуі, мемлекетте адам  факто-  ры мен адам капиталының алғашқылығын қалыптастыру, мемлекеттік орталықтанған парадигмадан социоорталықтанған парадигмаға ауысу концепциялары жасалған жəне ұсынылған емес.

Біздің міндетіміз – жаһанданудың дəстүрліктен тікелей бас тартуын түсіндіру, қоғамға азаматтылықтың қазіргі стандарттарын, қоғам мен мемлекеттің əлеуметтік серіктестігі түсінігін жеткізу болып табылады. Осыдан əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар мен пəндерге, ең алдымен, саясаттануға, құқық пен əлеуметтануға қазіргі қоғамның болашағына деген жауапкершілік түсіп отыр. Біздің алдымызда қоғамның дағдарыстан шығуы посткеңестік кеңістік қоғамының өтпелі кезеңін теоретикалық қамтамасыз етуді шешу міндеті тұр, біздің ойымызша, оның дамуы мен жолдары социомəдени негізде жатыр деп айтсақ та болады. Мұндай методологияға негізделген, дəстүрлі социомəдени құндылықтардың орталық зонасы қоғамның барлық саяси, құқықтық, əлеуметтік салаларындағы дəстүрліктің құралдары мен қазіргі тəсілдерін зерттеу болып табылады.

Осы тұжырымға қатысты барлық əлеуметтікгуманитарлық, яғни саяси, əлеуметтанулық, құқықтық, антропологиялық, мəдени, тарихи теорияларды жекелей жəне жиынтық ретінде тəжірибеде қолдану, мемлекет пен қоғамның өзара əрекет формаларын, сонымен қатар тұлғаның қоғамдағы орнын анықтау мəселесін қарастырып зерттеу керек.

Еліміздегі жоғары жəне орта білім беру жүйелері заманның жаңа талаптарына сай құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Бұл шаралардың басты мақсаты – əлемдік білім беру мен ғылым кеңістігіне кіру.  Əрине, бұл əрекеттердің тиімді жақтарын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ білім беру тек жақсы маман дайындаумен ғана шектелмейтінін айта кетуіміз керек. Оның басты мақсаты – жан-жақты білімімен бірге үлкен азаматтық жəне əлеуметтік қасиеттерді  бойына  дарытқан  тұлғаны  қалыптастыру.   Алай-  да жаһандану дəуіріндегі нарық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған білім беруде адамдық қасиеттерден гөрі маман ретіндегі бағалану алдыңғы қатарға қойылатыны жасырын емес. Бұл білім беру өзінің кең мағынасындағы маңызын жоғалтып, «шектелген» немесе Г. Маркузе тілімен айтқанда, «бірөлшемді» адамдарды өндіру корпорациясына айналып кетпей ме деген сұрақты алға қояды.

Осы тұрғыда академик Ə.Н. Нысанбаевтың ортаға салған мына пікірі өте орынды деп ойлаймыз: «Мəдениет пен ғылым саласында либералды-демократиялық қоғам құндылықтарының ықпалы артып отыр. Қазақстан халықтарының дəстүрлі құндылықтары мен өзіндік мəдени мұраттары қатты қысымға ұшырауда, сондықтан олар өздерінің  рухани  мұраларын сақтап қалуға талпынуы керек. Бірақ, соны-  мен қатар олар батыс мəдениетінің нормаларымен де өзара əрекеттесіп, өзара толығуы қажет. Мəселе батыс мəдениетімен бəсекеге қабілетті болу үшін құндылықтарды қайта қарап, қазақ мəдениетін қайта жаңғыртып дамыту туралы болып отыр. Қарқынды өріс алып отырған жаһандану жағдайында, Қазақстан халықтарының дəстүрлі құндылықтары мен либералды-демократиялық қоғам құндылықтарының конструктивті сұхбаты өте қажет. Өтпелі қоғамның мəдениет саласындағы күрделі қатынастарын реттейтін жəне халқымыздың мəдениетінің қайталанбастығы мен өзіндік сипатын қамтамасыз ететін заңдар қажет». Мəдениеттің өзіндік ерекшелігін сақтау, қоғамдық жəне мемлекеттік тұтастықты сақтау ұлттың ішкі рухани əлеуетіне жəне шығармашылық қуатына байланысты. Ұлттың қалыптасуында ортақ тарихи жадымен бірге ортақ мақсат-мүдделер, идеялар да үлкен рөл атқарады.

Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің болашағы осындай мақсатмүдделер  мен  идеялардың   өміршеңдігіне жəне олардың интеграциялық əлеуетіне тығыз байланысты болары сөзсіз. Бұл, ең алдымен, Қазақстан   мемлекеті   мен   қоғамның   тарихи-субстанционалдық негізін құрап отырған қазақ халқына қатысты. Қазіргі қазақ зиялы қауымы мен саяси элитасы осындай ортақ мақсатмүдделер мен идеяларды өндіруге жəне іске асыруға қаншалықты қабілетті, көп мəселенің түйіні осыған келіп тіреледі.

Қазіргі Қазақстан қоғамы алдында тұрған бұл міндетті Б. Сексенбаев төмендегідей тұжырымдайды:     «Қазақстанның     тарихи   міндеті «туысқан халықтардың арасында өзінің лайықты орнын» алу ғана емес, əртүрлі мемлекеттерді, халықтар мен мəдениеттерді «жалғастырушы көпір» болу ғана емес, сонымен қатар адамзат табиғаты дамуының қазіргі заманғы деңгейіне толық жауап беретін өзінің принципті түрдегі жаңа өмірлік тəсілдерін жасауға күш салуы тиіс. Тек осындай қадам ғана біздің халқымыздың жетістігі болып табылады, əрбір қазақстандық өзінің ментальды-рухани дамуына, денсаулығының мықты болуына, материалдық жағынан жеткілікті өмір сүруге байланысты жаңа сапаларды еншілейді, осының нəтижесі қазіргі қазақстандық мəдениет деп аталатын тарихи феноменнің мазмұнын құрайды» [2, 344-б.]. Автордың пайымдауынша, Қазақстанның тəуелсіздік  алғаннан   кейінгі   жылдары   жеткен жетістіктері, мемлекеттік жəне қоғамдық басқару жүйесін қалыптастыруы, экономикалықсаяси қайта құруларды жүзеге асыра алуы қазақстанның мəдени-өркениеттік əлеуетінің жоғары екендігін байқатады. Біз автордың «жеке тұлғаның сапалық жағынан қайта құрылуы» деген оймен толық келісе отырып, қазақстандық өркениеттің басты өлшемдерінің бірі өмір сапасы ұғымы болуы керек деп санаймыз. Өмір сапасы тек тұрмыстық-материалдық  нышандар мен алғышарттарды ғана емес, адамның рухани-шығармашылық ізденісін, бостандығын, ой еркіндігі мен жауапкершілігін де қамтитын ұғым.



Өмір сапасы тұлғаның болмыс толымдылығы мен толыққандылығын бейнелейтін категорияға айналуы  қажет.  Өмір  сапасы  өткен   тарих   пен бүгінгі күннің жетістігін қамти отырып, баянды болашаққа нық сеніммен  қарайтын  адам  дүниетанымының   іргетасына   айнал-   уы тиіс. Бұл категория жеке адамның сана кеңістігін бүкіл адамзаттың кемел рухани кеңістігімен жалғастырады. Бұл тұлға мен қоғамның рухани-мəдени жəне өркениеттік кеңістігінің  жаңа  сапалық   белгісі   болып табылады. Батыстың материалдық-техникалық саладағы табыстары мен Шығыстың рухани даналығы осы категорияда тоғыса  отырып,  адам болмысының тұтастығы мен бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда өмір сапасын жақсартудың барлық алғышарттары қалыптасқан деп айтуға болады. Жаһандану үдерісінің қарқындауына қарамастан Қазақстан қоғамында оның келеңсіз тұстарын залалсыздандыруға қажетті əлеует əлі де болса жоғары екені қуантады. Республика тұрғындары арасында жүргізілген əлеуметтанулық сауалнамаға сəйкес қазақстандықтардың құндылықтар иерархиясында отбасылы болу – 48,9%, жақсылық жасау – 42,2%, денсаулық – 39,5%, жақсы қызмет – 26,5% жоғары позицияларды иеленсе, уақытты жақсы өткізу – 3,1% ең төменде орналасқан [3, 11-б.]. Cауалнама нəтижелері қазақстандық қоғамның бұқаралық мəдениеттің қысымы мен тегеурініне қарамастан халық арасында дəстүрлі құндылықтардың берік орын алып отырғандығын аңғартады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет