Құрмалас сөйлем жасаудың екінші негізгі тәсілі – жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра байланыстыру. Сабақтас сөйлем деп компоненттері өзара тең болмай бір-біріне бағына, бірін-бірі бағындыра байланысатын құрмалас сөйлемді айтамыз. Бағынушы компонент мейлінше тиянақсыз болады, сондықтан ол жеке айтылмайды, айтыла қалған күнде де өз бетінше тұрып сөйлем бола алмайды. Ал бағындырушы компонент бағыныңқы сөйлемсіз де өз алдына сөйлем болып айтыла алады. Мысалды талдап көрейік:
Әншейінде қазақ жиыны отырып сөйлесетін болса, қазір ұлықтың алдында олар аяғынан тік басады. Ұзақ жолдан үздіккен Базарәлі Семей қаласына келгенде, өз үйіне жеткендей-ақ бар денесі кеңи бастады. Көпшілік кейін орныққан соң, үлкен үйлер алдына көрмеге тұрғандай бөлек екшелеген ұлықтар мен сары ала қылыш, жезді айдар тағысқан урядник, стражниктер ғана қалды. Жандаралдың қандай байлау жасайтыны мәлім болмағандықтан Лосовский өз сырын тұп-тура аша алмады (М. Әуезов).
Мысалдағы сабақтас құрмалас сөйлемнің барлығы да екі-екі жай сөйлемнен құралған. Олардың бірінші компоненттерінде сөйлемдік тиянақтылық жоқ та, екінші компоненттері өз алдына сөйлем. Жандаралдың қандай байлау жасайтыны мәлім болмағандықтан деген компонентті Лосовский өз сырын тұп-тура аша алмады деген компонентпен салыстырыңыз. Алдыңғыдан ешқандай тиянақты пікір білу мүмкін емес, ал соңғыдан оны толық білуге болады. Осы сияқты, Ұзақ жолдан үздіккен Базарәлі Семей қаласына келгенде немесе Көпшілік кейін орныққан соң деген компоненттерді алыңыз. Бұлардан да сөйлеушінің не айтқалы тұрғанын білу мүмкін емес. Өйткені бұларда сөйлемге тән тиянақтылық қасиет жоқ. Ал енді оны екі компоненттен кейін келіп, оларды жетектеп тұрған өз үйіне жеткендей-ақ бар денесі кеңи бастады және үлкен үйлер алдына көрмеге тұрғандай бөлек екшелеген ұлықтар мен сары ала қылыш, жезді айдар тағысқан урядник, стражниктер ғана қалды деген компоненттер өз алдына сөйлем болып тұр.
Сөйтіп, сабақтас құрмалас сөйлемнің бір компоненті бағынушы, тәуелді болып тұрады да, екіншісі тәуелсіз, өз бетінше сөйлем болып тұрады.
Бағынышты, тиянақсыз компонент бағыныңқы сөйлем деп аталады да, өз бетінше тиянақты болып тұратын компонент басыңқы сөйлем деп аталады. Басыңқы сөйлем бағыныңқы сөйлемді жетектеп, оны өзіне бағындырып, құрмалас сөйлемді тиянақтап тұрады. Сондықтан бағыныңқы сөйлем бұрын, басыңқы сөйлем одан кейін келіп отырады.
Сабақтас құрмаластың бағыныңқы компоненті де, әдетте, сөйлем деп аталады. Бірақ олай аталғанмен мұнда қалыпты сөйлемдерге тән қасиеттердің көпшілігі жоқ. Бұл шын мағынасындағы сөйлем емес, күрделі сөйлемнің бір бөлшегі, бір мүшесі ғана. Сондықтан мұның өмірі, тіршілігі, сөйлемдік сәні құрмалас сөйлемнің құрамында айтылғанда ғана. Одан тысқары бұл қолданылмайды да, сөйлем деп есептелінбейді де.
Сабақтас құрмалас сөйлемдердегі негізгі ой, көпшілік жағдайда басыңқы жай сөйлемде беріледі де, бағыныңқы компонент сол басыңқыдағы ойды түрлі жағынан айқындап, дәлдеп түсіндіру үшін қолданылатын қосымша бір мүше ретінде тұрады. Мысалы:
Бұлар Оспан үйінде үш күн бойы қонақ болып жатқанда, Анна Митрофановнаның иығына қалың қара жібекпен тысталған бұлғын ішік жабылған-ды. Қамыс құрақ басын ақырын жел желпіп, судыратып кеткендей, қысқа сыбыр қазақ тобын түгел айналып шықты. Түнде күзетші ұйықтап қалғандықтан, қалың жылқы егіске түсіп кетіпті (М. Әуезов).
Мысалдың бастапқы сөйлемінің бірінші компоненті қашан? Деген сұрауға жауап болып, екінші компоненттегі әрекеттің мезгілін білдіріп тұр. Бұлғын ішік қашан жабылған еді? – Бұлар Оспан үйінде үш күн бойы қонақ болып жатқанда. Екінші сөйлемнің бірінші компоненті қалай? Деген сұрауға жауап болып, екінші компоненттегі әрекеттің қалай болған сынын білдіріп тұр.
Қысқа сыбыр қазақ тобын қалай түгел айналып шықты? Қамыс құрақ басын ақырын жел желпіп судыратып кеткендей. Соңғы үшінші сөйлемнің бірінші компоненті екінші компоненттегі әрекеттің себебін білдіріп тұр.