7.2. КӨМІРСУ АЛМАСУЫНЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ Инсулин ұйқыбездің Лангерганс аралшықтарындағы β-жасушаларымен өндіріліп, секрецияланады. Сонымен қатар ұйқыбездің Лангерганс аралшықтары глюкагон (α-жасушалары), соматостатин (δ-жасушалары) және панкреатикалық полипептидтер (РР-жасушалары) бөледі. Аралшықтар жасушаларының гормондары өзара байланыста болады: глюкагон қалыпты жағдайда инсулин секрециясын ынталандырады, ал соматостатин инсулин және глюкагон секрециясын тежейді. Инсулин молекуласы екі полипептидті тізбектен тұрады (А-тізбек — 21 амин қышқылы; В-тізбек — 30 амин қышқылы) (7.1сурет). Инсулин синтезі препроинсулиннен басталады, ол өз кезегінде протезалардың әсерінен проинсулинге дейін ыдырайды. Гольджи аппаратының секреторлы гранулаларында проинсулин экзоцитоз үрдісі барысында қанға шығатын инсулинге және С-пептидке дейін ыдырайды (7.2 сурет).
Инсулин секрециясын басты ынталандырушы - глюкоза. Глюкоза деңгейінің жоғарылауына байланысты инсулиннің қанға бөлінуі екі кезеңде жүреді (7.3 сурет). Бірінші, немесе жедел кезең бірнеше минутқа созылып, тағам қабылдау арасында β-жасушаларда жиналған инсулиннің шығуымен аяқталады. Екінші кезең ашқарындағы гликемия қалыпты деңгейге жеткенге дейін жалғасады (3,3–5,5 ммоль/л). Осыған ұқсас β-жасушаларына сульфонилмочевина дәрілері әсер етеді.