236-бап. Азаматтық қызметшілерді көтермелеу
Лауазымдық міндеттерін адал атқарғаны, жұмысты, оның ішінде айрықша күрделі және шұғыл жұмыстарды өте сапалы орындағаны үшін, бастамашылдығы, шығармашылық белсенділігі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін азаматтық қызметшілер:
1) азаматтық қызметтегі жоғарылатумен;
2) ақшалай сыйақымен;
3) алғыс жариялаумен көтермеленуі мүмкін.
Ұжымдық шартта көтермелеудің басқа да шаралары көзделуі мүмкін.
237-бап. Азаматтық қызметшілерге басқа жерге жұмысқа ауысуы кезінде берілетін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік мекемемен (қазыналық кәсіпорынмен) бірге қолданыстағы әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша басқа жерге (басқа елді мекенге) жұмысқа ауысу кезінде:
азаматтық қызметшінің өзінің және оның отбасы мүшелерінің жұмыс орнына дейінгі жолақысының құны (мемлекеттік мекеме (қазыналық кәсіпорын) тиісті қозғалыс құралын беретін жағдайлардан басқа);
мүлікті тасымалдау шығыстары;
жолда болған әр күн үшін тәуліктік шығыстар;
атқаратын лауазымы бойынша алты лауазымдық жалақысы мөлшеріндегі біржолғы жәрдемақы;
жолға жиналу және жаңа орынға орналасу күндері үшін, бірақ алты күннен аспайтын, сондай-ақ жолда болған уақыты үшін жалақысы төленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |