Байланысты: 1. Педагогикалық психология пәні, мақсаты, міндеттері-emirsaba.org
55-билет. Оқу үдерісіндегі тұлға дамуының әлеуметтік жағдайлары. Тұлғаны әлеуметтендіру. Әлеуметтендіру кезеңдері, факторлары. Әлеуметтену процесі адамдардың қарым-қатынасқа түсуімен және бірлесіп әрекет етуімен тығыз байланысты. Әлеуметтік тәжірибені меңгеру субъективті: бірдей әлеуметтік жағдайлар әр түрлі болып қабылдануы мүмкін. Түрлі тұлғалар объективті бірдей жағдайлардан сан алуан әлеуметтік тәжірибе алады, бұл индивидуалдану процесінің негізі.
Әлеуметтену және тұлғаның қалыптасу процестері арнайы әлеуметтік институттар шебінде, мысалы, мектепте, және түрлі формалды емес бірлестіктерде жүзеге асырылады. Тұлға әлеуметтенуінің маңызды институттарының бірі - жанұя. Отбасында, жақын адамдардың арасында адам тұлғасының негіздері қаланады. Адамның тұлға негіздері 3 жасқа дейін қаланады деген түсінікті кездестіруге болады. Бұл жас кезеңінде адамның психикалық процестері ғана дамып қоймай, ол өмірдің соңына дейін бойында сақталатын алғашқы тәжірибе мен өзін өзі ұстау тәрбиесін алады.
Әлеуметтенудің реттелетін, мақсатқа бағытталған сипатымен қоса реттелмейтін, стихиялық сипаты да бар екендігін айта кеткен жөн. Әлеуметтенуді бір уақыттағы мақсатқа бағытталған және реттелмейтін процесс ретінде түсіндіру үшін А.А.Реан келесідей мысал келтіреді. Мектепте өтетін сабақ кезінде оқушы сабақтың материалын, әлеуметтік ережелерді меңгеріп қана қоймай, ұстаз үшін “кездейсоқ” болып көрінетін нәрселермен өзінің әлеуметтік тәжірибесін байытады. Бұл тәжірибе позитивті де, негативті де болуы мүмкін.
Тәрбие беру барысында ата-ана мен педагогтың өз алдарына қоятын мақсаттары: баланың тәрбиесін қалыптастырып, оны әлеуметтік ортада өмір сүруге даярлау, ол үшін белгілі қадамдар жасау.
Психологияда әлеуметтеуді біріншілік және екіншілік деп ажыратады. Екіншілік әлеуметтену еңбекті бөлісумен және оған сай білімнің таралуымен байланысты. Адам еңбек етудегі өзінің ролін түсіне бастайды. Б.Г.Ананьевтың концепциясы бойынша әлеуметтену екі бағыты бар процесс ретінде қарастырылған, ол адамның тұлға ретінде және әрекет субъектісі ретінде қалыптасуын білдіреді. Мұндай әлеуметтенудің соңғы мақсаты – индивидуалдылықты қалыптастыру. Бұл жерде индивидуалдылық деп нақты тұлғаның даму процесін түсіну керек.