2. Коммерциялық заңды тұлғалар Шаруашылық серіктестік деп жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесіне (салымдарына) бөлінген коммерциялық ұйымды айтамыз.
Ақша бағалы қағаздар, заттар мүліктік құқықтық, санаткерлік қызмет нәтижесі құқығын қоса алғанда және өзге де мүлік шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салынатын салым болады.
Құрылтайшылардың жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүліктік құқықтар түрінде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келісімі бойынша немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады.
АК шаруашылық серіктестіктердің келесідей түрлері бекітілген:
толық серіктестік
жауапкершілігі шектеулі серіктестік
қосымша жауапкершілігі бар серіктестік
сенім серіктестігі
Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесіне бөлінген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебінен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серіктестік өз қызметі үрдісінде өндірген және алған мүлік меншік құқығы бойынша серіктестікке тиесілі болады (АК 58-бап).
Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады(АК 63-бап). Толық серіктестіктің қатысушылары екеуден кем болмауға тиіс, егер онда бір қатысушы қалса, ол таратылуға жатады. Азамат бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.
Сенім (командиттік) серіктестік деп серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан да көп қатысушыларды енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестікті айтамыз (АК 72-бап). Салымшылар серіктестікті басқаруға қатыспайды, олар тек серіктестіктің жылдық есебімен танысуға серіктестіктің табысының бір бөлігін алуға серіктестік таратылған кезде қалған серіктестік мүлкінен өздеріне тиесілі бөлікті толық серіктестер алдында артықшылықпен алуға қаржылық жыл аяқталғаннан кейін серіктестіктен шығуға құқылы.