Алеуметтик педагогика indd


Әлеуметтік педагогтің кәсіби қызмет жүйесі



Pdf көрінісі
бет24/103
Дата26.03.2024
өлшемі3,85 Mb.
#200307
түріОқулық
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   103
Байланысты:
Atemova-Aleumettik-ped

1.5 Әлеуметтік педагогтің кәсіби қызмет жүйесі
1.5.1 Әлеуметтік-педагогикалық қызмет және оның жүйесі ту-
ралы түсінік
1.5.2 Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің негізгі функциялары
1.5.3 Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің құрылымы
1.5.4 Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің міндеттері
«Әлеуметтік педагог» мамандығының аталуының өзі «педа-
гог» сөзінен туындайды. Сондықтан әлеуметтік педагог маманда-
рын педагогикалық оқу орындарында дайындап шығарады. Бұл 
екі мамандықты да теңестіріп отыратын нәрсе – олардың екеуінің 
негізгі назарының объектісі бала және оның дамуы мен әлеуметтік 
қалыптасуы болуында. Соған қарамай, бұл мамандықтар бір-бірінен 
ерекшеленеді де. Оқытушы өзінің негізгі білім берушілік қызметін 
орындаса, ал әлеуметтік педагог оқушының қоғамға бейімделуін 
басты назарда ұстайды.
Сондай-ақ, мұғалім мамандығы өзінің қызметін тек білім 
мекемелерінде жүзеге асыратын болса, ал әлеуметтік педагог әртүр-
лі мекемелерде қызмет етеді.
Әлеуметтік педагогтің қызметінің объектісі – әлеуметтендіруге 
мұқтаж болып табылатын балалар мен жастар болады. Бұған бо-
йында әртүрлі интеллектуалдық, педагогикалық, психологиялық 
ауытқулары бар балалар (көзі көрмейтін, естімейтін, ақыл-есі кемтар 
және т.б. балалар) да жатады. Егер балалардағы әлеуметтену процесі 
ойдағыдай өтетін болса, онда олар әлеуметтік педагогтің көмегіне 
мұқтаж болмайды. Әлеуметтік педагогтің қызметі мектепте, отба-
сында балалар тәрбиесі мен дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік 
болмағанда қажет болады. Ал, әлеуметтік педагогтің қызметінің 
мақсаты – баланың дұрыс өсіп жетілуі мен дамуына психологиялық 
мүмкіндіктерді жасау.
Әлеуметтік педагог қызметінің жұмыс ерекшелігі мен маманда-
ну бағытына байланысты ол мынадай жүйені қамтиды:
– білім мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық қызмет (мек-
тепке дейінгі, қосымша білім беру мекемелері, жалпы білім беру 
мекемелері, колледждер, лицейлер, мектеп-интернаттар, бала-
бақшалар, орта арнаулы оқу орындары, жоғары оқу орындары);
– әлеуметтік қызметке мамандандырылған мекемелер (отбасы-
лық балалар үйі, реабилитациялау орталықтары, әлеуметтік 


68
қамқорлыққа алу мекемелері, ақыл-ойы мен дене жағынан дамуын-
да ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мектептер, жұмыспен 
қамту орталықтары, еңбек биржалары және т.б.);
– муниципалды органдар қызметі (әлеуметтік-педагогикалық, 
мәдени-спорттық кешендер, әлеуметтік педагогикалық және әлеу-
меттік жұмыс орталықтары, халықты әлеуметтік қорғау орталық-
тары, отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету бөлімдері және т.б.);
– мәдени анимациялық қызмет (жасөспірімдер клубы, мәдениет 
үйлері, ауылдық клубтар, халық өнері мектебі, отбасылық клубтар, 
отбасылық қонақжайлылық және т.б.);
– валеологиялық қызмет (профилакториялар, реадилитациялық 
залдар мен кешендер, халықтық дәстүрлі емдеу мен сауықтыру 
орталықтары және т.б.).
Әлеуметтік педагог қызметі бірқатар бағытта маманданды-
рылады. Мамандандыру нақты бір әлеуметтік ортаның қажеті 
мен сұраныстарынан туындайды және маманның тұлғалық және
кәсіби мүмкіндігіне де байланысты анықталады. Әлеуметтік педа-
гог қызметінің түрлерін төмендегі мамандану бағыттары бойынша 
бөлуге болады:
– отбасыларымен жұмыс жүргізетін әлеуметтік педагог;
– әлеуметтік педагог – балалар ұйымдары мен мекемелерінің 
жетекшісі;
– әлеуметтік педагог – валеолог;
– әлеуметтік педагог – дефектолог;
– әлеуметтік педагог – бос уақытта мәдени-тынығу жұмыстарын 
ұйымдастырушы;
– әлеуметтік педагог – техникалық шығармашылықты ұйым-
дастырушы және т.б. 
Маманданудың негізіне әлеуметтік педагог қызметінің бағыт-
тарына икемділік танытқан тип тұлғалары алынады. Осыған байла-
нысты мынадай мамандарды ажыратып көрсетуге болады:
– девиантты мінез-құлықты жасөспірімдермен жұмыс істейтін 
әлеуметтік педагогтар;
– мүгедектермен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
– жетім балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар;
– қашқын балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтар 
және т.б.
Сонымен қатар, мамандандыру жұмыс орнымен де байланысты 
айқындалады. Олар:


69
– мектептің әлеуметтік педагогі;
– қосымша білім беру мекемелерінің әлеуметтік педагогі;
– балалар үйінің әлеуметтік педагогі және т.б.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-педагогикалық бағытта 
мамандар даярлайтын оқу орындарындағы мамандықтарды ескеретін 
болсақ, онда мына төмендегідей әлеуметтік педагогтардың қызметі 
қоғамда қажеттілікке айналатындығын көреміз:
– жалпы білім беретін мекемелеріндегі әлеуметтік педагог 
қызметі;
– мектепке дейінгі мекмелердегі әлеуметтік-педагогикалық 
қызмет;
– бастауыш және орта кәсіби білім беру мекемелеріндегі 
әлеуметтік педагогикалық қызмет;
– қосымша білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік педагогикалық 
қызмет;
– дене тәрбиесі және сауықтыру мекемелеріндегі әлеуметтік 
педагогикалық қызмет;
– балалардың қоғамдық қозғалыстары мен ұйымдарындағы 
әлеуметтік педагогикалық қызмет;
– тірек-қимыл аппаратында кемістігі бар балаларды әлеуметтік-
педагогикалық реабилитациялау;
– көру мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педа-
гогикалық реабилитациялау;
– сөйлеу мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педа-
гогикалық реабилитациялау;
– есту мүшесінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педа-
гогикалық реабилитациялау;
– интеллектінде кемістігі бар балаларды әлеуметтік-педа-
гогикалық реабилитациялау;
– ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балаларды әлеу-
меттік-педагогикалық реабилитациялау;
– девиантты мінез-құлықты балаларды әлеуметтік-педагогикалық 
реабилитациялау;
– жастармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізу;
– отбасыларымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс жүргізу;
– қосымша білім беру мекемелеріндегі бос уақытты ұйымдастыру;
– интернат типтегі мекемелер мен балалар үйіндегі әлеуметтік-
педагогикалық қызмет және т.б.


70
Әлеуметтік-педагогикалық іс-әрекеттің негізгі бағыттары мына-
лар болып табылады:
1. Балаларды әлеуметтік ортада дамыту мақсатындағы кәсіби 
әлеуметтік іс-әрекет олармен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы 
жүзеге асырылады.
2. Әлеуметтік дамыту мақсатындағы іс-әрекет балалардың қа-
лыптан ауытқуы кезінде жүзеге асырылады. 
3. Балалармен олардың отбасыларының жайсыз жағдайы мен 
жайсыз, әлеуметтену тәжірибесін жақсартуда әлеуметтік жағдай 
жасау;
4. Әлеуметтік тәрбие мен қорғаныс жүйесіндегі білім беру мен 
басқа да мекемелерінде жайлы әлеуметтік-педагогтік жағдай жа-
сауға бағытталған жиынтықты көмек көрсету;
5. «Қауіпті» топтағы отбасыларға және балаларға әлеуметтік-
педагогтік мәселелерде сараптама, түзету, кеңес беру ісін қамта-
масыз ету;
6. Мүгедек балалармен жұмыс;
7. Дарынды балалармен жұмыс;
8. Балалардың, жасөспірімдердің, ересектердің спорттық са-
уықтыру, бос уақытта демалысын және тағы да басқа қызметін 
ұйымдастыру;
9. Кәсіптік бағыт-бағдарын анықтауда кеңес беру мен арнайы 
көмек көрсету;
10. Салауатты өмір-салтын түсіндіру мен насихаттауда халық ара-
сында мәдени-ағарту ісін жүргізу;
11. Балалардың әлеуметтік және педагогтық босаңсуын ескерту;
12. Психологиялық түзету сыныптарындағы жұмыс; барлық 
жастағы балалардың әлеуметтік және жеке проблемаларын табу 
мақсатында әлеуметтік-педагогтық зерттеу ісін жүргізу;
13. Оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар мен балалар арасын-
да туындаған қақтығыстарды шешуде көмек көрсету; ересектердің 
балаларға деген қарсылықты қарым-қатынасын ескерту.
Дұрыс ұйымдастырылған әлеуметтік-педагогтық қызмет 
баланың мәнді қызмет күшін ашуды, тұлғаға деген бағыттылықты 
қалыптастыруды; оның жеке басындағы мәселелерін шешуде 
әлеуметтік психологтық-педагогтық көмек көрсетуді; ең бастысы 
өзінің өмірінің субъектісі (иесі) екендігін танытуды көздейді.
Әлеуметтік-педагогтық қызмет адамның қоғамға енуі, 
әлеуметтенуі жүйесінде пайда болатын әрі жеке басындағы


71
мәселелерін шешуге, жеке дара бір тұлғаға бағытталған болуы 
тиіс.
Әлеуметтік педагог тұлғаның ерекшеліктерін айқындап, ішкі жан 
дүниесін іске қоса білуі тиіс. Әсіресе, әлеуметтік педагог баланың 
әлеуметтік ортада алар орнын айқындай білуі керек.
Әлеуметтік-педагогтік қызмет балалармен жеткіншектердің 
әлеуметтік шыңдалуына, қиындықты жеңе білуіне бағытталған іс-
әрекет. Бұл қызметтің негізгі ұстанымына – баланың адамгершілікті 
мінез-құлқын қалыптастыру жатады.
Әлеуметтік педагогтің бүгінгі таңда қызмет ету салалары өте 
ауқымды. Олар: білім беру мекемелері, жастар ісі жөніндегі комитет 
мекемелері, денсаулық сақтау мекемелері (балалар ауруханалары, 
психикалық ауру балалардың арнайы ауруханалары, наркоман бала-
лар санаторийлері және т.б.), халықты әлеуметтік қорғау мекемелері, 
ішкі істер бөлімі жүйесіне қарайтын мекемелер (балаларға арнал-
ған интернаттар мен тәртіп бұзушы балалар колониясы және т.б.). 
Бұл аталған мекемелерде жұмыс істейтін әрбір әлеуметтік педа-
гог алдымен диагностикалық жұмыстарды жүргізеді, проблема-
ларды айқындап, олардың себептерін түсіндіреді. Сонымен қатар 
әлеуметтік педагог барлық әлеуметтік мекемелердің тәрбиелік 
мүмкіндіктерімен өте жақсы таныс болуы керек. Әлеуметтік педа-
гог жұмыс істейтін мекемелер мемлекеттік, қоғамдық, мемлекеттік-
қоғамдық сипатта болуы мүмкін. 
Осы аталғандардың ішінен бүгінгі күні қажеттілігі өте артып 
отырған әлеуметтік-педагогикалық қызмет түрлерін ерекшелеп 
көрсетуге болады. Ол – отбасыларымен әлеуметтік-педагогикалық 
қызмет жүргізетін педагог. Одан кең профильді маман ретінде өз 
қызметін әртүрлі әлеуметтендіру институттарымен байланысты-
ра отырып, отбасыларына жан-жақты квалификациялық көмек 
көрсетуге құзіретті болу талап етіледі.
Мақсатты жүзеге асыру үшін әрбір әлеуметтік педагог баланың 
ортадағы даму ерекшелігін өте жақсы білуі қажет. Бала көбінесе 
өзінің болмысында бой көрсетіп отырған проблемаларды әлеумет-
тік педагогқа дұрыс түсіндіріп, жеткізе айта алмайды. Сондықтан 
әлеуметтік педагог бала бойындағы өзгешеліктерді дұрыс талдай 
отырып, оның әлеуметтенуіне дұрыс бағыт беретіндей қабілетке ие 
болуы керек. Ол үшін әлеуметтік педагог әртүрлі диагностикалық 
әдістерді (психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік) қолдана 
білуі қажет.


72
Бүгінгі маман жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетуі тиіс. 
Ол үшін әлеуметтік педагогқа тән интегративтік қасиеттерді бойына 
сіңірген, тәрбие берушілік, диагностикалық, ұйымдастырушылық, 
алдын ала болжаушылық, алдын алу-профилактикалық және әлеу-
меттік-терапевтік, ұйымдастырушылық-коммуникативтік, қорғау-
шылық қызметтерді орындауға қабілетті болуы тиіс.
Жоғарыдағы талаптарды ескере отырып, әлеуметтік педагогтың 
мынадай негізгі қызметтерін (функцияларын) бөліп көрсетуге бола-
ды:
1. Тәрбие берушілік;
2. Диагностикалық қызмет;
3. Ұйымдастырушылық;
4. Алдын ала болжау қызметі;
5. Әлеуметтік-терапевтік;
6. Делдалдық қызмет; 
7. Реттеушілік қызмет;
8. Қорғаушылық қызмет;
9. Алдын алушылық қызмет.
Бұл қызметтер белгілі бір құралдарды қолдану арқылы жүзеге 
асырылады. Құралдарға барлық іс-әрекеттер, пәндер, құрал-сайман-
дар, әдіс-тәсілдер, формалар мен технологиялар жатады.
Алдымен әлеуметтік педагогтің жеке басының сипатын анықтап 
алайық. Әлеуметтік педагог мамандық ерекшелігі бойынша байқа-
ғыштық, жағдаяттардан тез шығуға қабілетті болу, интуиция және 
т.б. қасиеттерге ие болуы керек. Ал жеке адам ретіндегі қасиеттері:
1. Ізгіліктілік қасиеті (мейірімділігі, жоғары сезімталдығы, 
адалдығы, әділдігі және т.б.);
2. Психологиялық мінезділігі (психикалық процестерге жоғары 
деңгейде талдау жасай білуі, тұрақты психологиялық көңіл-күйде 
болуы, ерік күші мен көңіл күйін басқара бiлуi және т.б.);
3. Психоаналитикалық қасиеті (өзін-өзі бақылай білуі, өзіне-өзі 
сын көзбен қарай білуі, өзіне-өзі дұрыс баға бере білуге қабілетті 
болуы);
4. Психологиялық-педагогикалық қасиеті (тез тіл тапқыштық, 
көпшіл болу, салмақтылық және т.б.).
Әлеуметтік педагогтің жеке басына қойылатын мұндай та-
лаптарды ескере отырып, екінің бірі бұл мамандықты игеріп кете
алмайтындығын көруге болады. Әлеуметтік педагог өз қызметін 
дұрыс игеруі үшін мамандық білімділігінің болуы да өте маңызды. 


73
Әлеуметтік педагогтың кәсіби білімділігі мынадай жағдайларды 
қамтиды:
1. Іс-әрекеттің нормативтік-құқықтық базасы: заңдарды, заң-
ды актілерді, қаулыларды, нұсқауларды, әлеуметтік педагогтің 
қызметінің әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық 
негіздерін, балаға көмек берудегі мекемелердің жүйесін білуі қажет;
2. Әлеуметтік педагогиканың тарихы мен теориясын білуі қажет;
3. Әртүрлі ортадағы балалармен жұмыс істеуде әлеуметтік-
педагогикалық қызмет көрсетудің әдістемелері мен жаңа техноло-
гияларын білуі;
4. Баланың жеке басын және оның дене, рухани және әлеумет-
тік дамуының қалыпты жағдайы мен ауытқуларын зерттейтін жас 
ерекшелік психологиясын білуі;
5. Адамдардың отбасындағы, кіші топтағы, мектеп ұжымын-
дағы және т.б. біріккен топтарын қарастыратын әлеуметтенудi білуі;
6. Кәсіби зерттеу жұмысын жоспарлау мен басқарудың әдіс-
тәсілдерін білуі керек;
7. Өз мамандығының жеке және әлеуметтік мәнін түсінуі;
8. Әлеуметтік мәдениет тәжірибесінің маңызды сферасы ретін-
дегі тұлға қалыптасуын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді қамтамасыз 
ететін білімді тұтас қабылдауы;
9. Ғылыми-ізгілікті көзқарастарға ие болуы, табиғат пен қоғам-
ның дамуының негізгі заңдылықтарын білуі; 
10. Адамның тұлғалық, жеке-даралық және рухани жараты-
лыс ретіндегі болмысы туралы білімдер мен көзқарастар жүйесіне 
ие болуы;
11. Білім беру процесінің заңдылықтары мен принциптерін 
білуі және оны өзінің әлеуметтік-педагогикалық қызметінде тиімді 
пайдалана алуы;
12. Қоғам мен адамның әлеуметтік, психикалық, дене жағынан 
саулығының арасындағы өзара байланысы туралы білімдер жүйесін 
игеруі;
13. Ғылыми танымның әдістері мен формаларын және оның 
даму эволюциясын білуі, қоршаған ортаны танып білудің әртүрлі 
тәсілдерін меңгеруі, ғылымның қоғам дамуындағы рөлін түсінуі;
14. Пәндік білімінің кәсіби тілін меңгеруі, пәндік білім саласын-
да көзқарасын аргументті негіздеп, сауатты жеткізе білуі;
15. Ізденушіліктің заманауи тәсілдерін меңгеруі, ақпараттарды


74
пайдалануды және өңдеуді меңгеруі, ақпараттарды тиісті бағытқа 
бейімдеп, интерпретациялай білуі;
16. Ғылымның қарқынды дамуы мен әлеуметтік тәжірибенің 
өзгермелі жағдайында өз позициясы мен көзқарасын қайта қарау 
және жаңа әдістер мен формаларды таңдауға қабілетті болуы;
17. Өзінің шығармашылық қабілеті мен білімін жетілдіріп отыру-
да өзін-өзі талдау жасауға қажетті қызметті ұйымдастыруға қабілет-
ті болуы; 
18. Әріптестерімен ынтымақты қарым-қатынасын орната білуі,
өзінің кәсіби қызметіндегі басқарушылық шешімін қабылдату мен 
орындатуға қабілетті болуы;
19. Ойлау, сөйлеу, қарым-қатынас мәдениетін игеруі;
20. Білімнің пәнаралық байланыс саласында жұмыс істеуде 
психологиялық және әдістемелік тұрғыда дайын болуы керек.
Әлеуметтік педагог отбасылармен жұмыс жүргізгенде отбасының 
бүгінгі күнгі мәселелері мен балалық шағына талдау жасауды да 
игерген болуы керек. Өзінің қызметінің қоғам өміріндегі, тіпті алы-
нып отырған әрекеттегі орны мен рөлін жақсы түсінуі және өз 
көзқарасының адамгершілік позициясын аргументті түрде талап ете 
білуі керек.
Кез келген іс-әрекет өз құрылымын қамтиды. Әлеуметтік 
педагогтің қызметі төмендегідей компоненттерді қамтиды: 
объект, субъект, мақсат, қызмет, құрал. Оны төмендегі схема түрінде 
көрсетуге болады:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   103




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет