Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


АЙТЫП КЕЛГЕН АЖАЛДАН АЯУЛЫ ҰСТАЗЫМ



бет24/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37

АЙТЫП КЕЛГЕН АЖАЛДАН АЯУЛЫ ҰСТАЗЫМ

АРАШАЛАП ҚАЛҒАН
- Қызыл империя қылышының қылпылдап тұрған жылдарында шыққан бір кітаптарыңыздағы «Қилы заман», «Хан Кене», «Әдебиет танытқыш» туралы астарлап болса да айтпақ ойларыңыздың алынып тасталғанынан хабардар едік. Кімдер алғызып тастағанын білуге бола ма? Не айтпақ бодыңыз?

- Менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы Мұхтар Әуезовтің трагедиялары болатын. «Абайдан» басқасы жиырмасыншы жылдары жазылған. Әдеби ортаны, әдеби үдерісті, әдеби дамуды тереңірек ұғу үшін сол кезде шыққан барлық туындыларды оқу керек. Бұл тұста ең маңызды, ең көркем еңбектерді Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар жазған. Бірте-бірте алаш қозғалысы, саяси құжаттар, әлеуметтік мәселелерге қатысты қалың да, қиын қатпарлардың ішіне кіріп кеттік. Ескі газеттер, журналдар, кітаптар әлеміне бойладық. Алматы, Қазан, Мәскеу, Ленинград кітапханалары мен архивтерінде отырдық. Сөйтіп, оқулықтарда, зерттеулерде, монографияларда сыпыра жамандалып, саяси айып тағылып, қарғыс астында қалып жүрген қайраткер қаламгерлердің өзгеше табиғатын, ұлттық рухын танып, олардың шығармаларының тереңдігі мен көркемдігіне көзіміз жетті.

Ол әсерлерді әуелде жақын-жуық, дос-жаранға сыздықтатып айтып жүрдік. Өзімізше бір әдеби топ болып шоқтанған Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Амантай Сатаевтар бас қосқанда қымсынбай сыр ашыстық. Келе-келе университет аудиторияларында лекция үстінде алаш ұранды әдебиет туралы ойларымызды ашық білдіріп жүрдік. Оларды алғаш тыңдағандар Сағат Әшімбаев, Алма Қыраубаева, Әділбек Тауасаров, Нұрлан Оразалин, Әшірбек Көпішев, Алдан Смайлов, Сайлаубек Жұмабектовтердің курсы болатын (1968 ж.). Мәскеудегі әдебиет институтында бірер жыл қазақ әдебиетінен лекция оқыған кезімізде (1982-83) алаш ұранды әдебиет туралы тұжырымды ойлар, пікірлер сол кездегі студенттер Ардақ Досжан, Айдар Жұмабаев, Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбаевтарға да (соңғы екеуі МГУ-ден келіп тыңдаған екен) бүкпесіз айтылыпты. Сол сөздеріміз үшін ешкім ұстап алып, қамап қоймаған соң құныға түстік пе екен, әлде жастық қызуы ма, болмаса өзгерейін деп келе жатқан заман ықпалы ма, әйтеуір қамаудағы кітаптар туралы пікірді баспасөзге жариялауға ұмтылдық. Ең алдымен, «Қилы заман» туралы мақала туды. Ол қалай басылды, бұл әрекетте Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Нығмет Ғабдуллиндер қалай көмектесті, кімдер жазаланды – бұл туралы бұрын арнайы жазылған. Қайталамай-ақ қояйын. «Қилы заманға» байланысты сенсациядан кейін («Қазақ әдебиеті» 1967, 1 қыркүйек) біздің жазған-сызғандарымызға қарауыл күшейді. Өзімізше қулық ойлай бастадық. Кейбір ойларды астармен, ыммен, жұмбақпен жеткізуге тырыстық. Мәселен, «Қилы заман» романы деудің орнына он алтыншы жылғы көтеріліс туралы шығарма деп кетеміз. Яғни авторды айтпай, туындыны сөз қыламыз. Осындай өзімізше тапқан тәсілдермен Ахмет Байтұрсыновтың қазақ филологиясының негізгі терминдерін жасағанын айтып жібердік (Қараңыз: Өнер алды –қызыл тіл. Алматы, 1973). Аты мен заты айқын көрініп тұрса, алаш ұранды әдебиет өкілдері туралы жағымды пікірді үлкен бастықтарды, лито қызметкерлерін былай қойғанда, қатардағы редакторлардың өздері жібермейді. Жіберсе – құриды, басы кетеді, жұмыстан шығарылады, қуғындалады. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі дәуірде отаршылдыққа қарсы пікірді, алаш азаматтарын мадақтаған ойды, ұлттық рухты көтерген тұжырымды баспасөзде өткізбес үшін тұтас жүйе, қалың шеп, берік қамал жұмыс істеді.

- Шәкәрімді атқан делінетін кәдімгі Қарасартов ат арытып Алматыға барып, үстіңізден арыз түсіріп, біраз әуреге салыпты. Сондағы көксегені һәм көздегені не екен?

- 1967 жылдың аяғында «Жазушы» баспасынан «Трагедия табиғаты» деген кітабым шықты. Үлкен ағалар Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин еңбегімді мақұлдап, баспасөзде пікір білдірді. Сондай күндердің бірінде Орталық партия комитетіне шақырылдым. Аң-таңмын. Бірнеше рет ұмтылғаныммен, партияға алмаған. Себебін іштей білемін. Мен қатарлас жігіттер, тіпті Қытайдан келген азаматтар да коммунист болған. Жалпы, ол кезде коммунист болмасаң, екінші қатардағы кісісің. Тәуір қызмет бермейді, өспейсің, жазғаның басылмайды.

Мені ОК-ның қызметкері Әбілжәмін Жұмабаев қарсы алды. Қасында отырған төртпақ, түсі суық, жер ортадан асқан қара кісі. «Трагедия табиғаты» кітабында Мұхтар Әуезовтің алашордашыл, ұлтшылдық сарындағы шығармалары мадақталған. Бұл аз болғандай, бандит, совет үкіметіне қару алып, қарсы шыққан жау – Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастаны да дәріптелген. Бұл кітапты өртеп, оны жазған мына боқмұрынды соттау керек!» дегенде зәрем ұшып кетті. Мынау маған арнап келген тажал екен деп ойладым. Әртүрлі сылтау айтпақ болып едім, екеуі де сөзімді шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Салым суға кетіп, сол күні кешке ұстазым Бейсенбай Кенжебаевқа болған оқиғаны айтайын деп барсам, бағанағы төртпақ, түсі суық, жер ортадан асқан қара кісі сол үйде отыр. Төртпақ қара да аң-таң, мен де аң-таң. Сыр бермей отырған Бейсекең ғана.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында Бейсенбай Кенжебаев Павлодардың газетінде бас редактор болып тұрғанда қауіпсіздік комитетіне кадр керек болып, бір жас жігітті ұсынып жібереді. Сол жігіт мына отырған төртпақ қара, демалысқа шыққан чекист – Абзал Қарасартов екен. Бейсекең екеуі көп ырғасты. Мен туралы ырғасты. Біреуі қайтсе мені жерге тықпақ, біреуі қайтсе мені құтқармақ. Ақыры Бейсекең Қарасартовтың аузын алғандай болды. Қайтар жолының ақшасын берді, үстіне менің ат-шапан айыбым деп костюм-шалбар кигізді, сөйтіп, мені, менің кітабымды аяулы ұстазым айтып келген өлімнен құтқарып қалған. Тағы да бір қырағылығын көрсетпек болған кәрі чекист басына ақ құйғынға малданып, жазған арызын қайтып алды.

- Алдыңғы аға буын өкілдеріне өкпелеген, көңіліңіз қалған сәттер болды ма? Университетті үздік бітіріп, аспирантураға қабылданып тұрғаныңызда Орталық комитеттің нұсқауымен орныңызға «жұмысшы табынан» шыққан ақын Ә.Райымбековты алып, сізді еңбек тәжірибесі жоқ, жас маман деп ысырып тастағанда ше? 1973 жылы 33 жасыңызда қорғаған докторлық диссертацияңызды арызбен «атқылап» «өлтіргенде» ше? Тағы да сол жылы күн көсем сөзі (В.И.Ленин) бұрмаланған деген жаламен «Күретамыр» атты монографияңыз («Жазушы» баспасы) екі жыл әурелегені аздай-ақ, «жөргегінде» жыртыла жаздағанда ше?

- Өкпелеген, көңіл қалған деген жұмсақ, сыпайы айтылған сөздер ғой. Сұрауыңа орай таратып айтайын. Бір естелік кітапта мені аспирантураға алдырмаған С.Имашев деп қате жазылып кеткен. 1963 жылы Орталық комитеттің хатшысы Н.Жанділдин болатын. Ол жай жарлық емес, саяси шешім, ежелден профессор Б.Кенжебаевтың әдеби бағытын қолдамайтын белгілі философ, әрі идеология басшысының саналы қадамы, шәкіртімен қосып, ұстазын ұруы – жас шіліктің тамырына балта шабуы болатын. Содан тілші болып Арқаға кеттім. Бір жарым жылдай уақыттан соң қайтып келіп аспирантураға түстім. Кандидаттық диссертация кезіндегі қиындықтар өз алдына, қуырдақтың көкесі докторлық диссертация жазып біткенде тосып тұр екен. Обалы кәне, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Кәкен Аханов секілді ағалар қолдады. Қырғыз М.Борбұғұлов, татар Х.Османов, башқұрт Ғ.Рамазанов, орыс В.Челышев, өзбек И.Сұлтанов, грузин Г.Ломидзе достық қолдарын созды. Бір қазақ профессоры университет кеңесінде ашық қарсы шықты, жұмысымнан «саяси» қате тапты; екінші қазақ профессоры еңбегім Бакуге талқыға кеткенде «Әлі жас. Біраз ұстап қайтарыңдар. Қиындық көрсін» деді. Үшінші қазақ доценті өзі жасырынып тұрып, белгілі қазақ ғалымдарының өтірік қолын қойып, арыз ұйымдастырды. Ташкентте тұратын бір шала сауаты бар қуаяқ қазақ «оқымыстысы» өзбектердің атынан пәле жауып, қағаз жіберді. Мәскеуге де керегі осы. Қазақтар бірінің етін бірі жеп жатса, неге ара түссін!

Тағдыр кейін сол адамдарды түрлі жағдайда маған кіріптар етіп, алдыма әкеп жықты. Кек қусам, қанға қан десем, менің де қолымнан жаманшылық келетін еді.

- Көптен бері әдебиетіміздің мойнына уайымшылдық (пессимистік) мініп алды. Оқи қалсаңыз қазақ рухының ірілігі, намысының нарлығы, Тәңіріге аян тектілігі, Бек бекзадалығы... бәрі-бәрі жалған сияқты. Көзінің жасы құрғамаған жасық жұрт тәріздіміз. Осындай орынсыз сары уайымды қалай түсінуге болады?

- Қазақ әдебиетіндегі ең басты сарын – елдік, азаттық идеясы екендігі анық. Мұны көне түркі жазба ескерткіштері, орта ғасыр жәдірегерліктері, жыраулар поэзиясы, ХІХ ғасыр мұрасы, алаш ұранды әдебиет, кеңес дәуірінің үздік шығармалары айқын көрсетеді. Отаршылдыққа қарсылық Бұқар, Мұрат, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Абай, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар («Қилы заман», «Хан Кене»), Ілияс («Көшпенділер», «Алтын Орда») туындыларында ашық айтылса, бірталай қаламгер кейбір ойларын кеңес дәуірінде астармен жеткізуге тырысты. Ал соңғы он жылдың әдеби құбылысы әлі бағасын алған жоқ. Көркемдік тұрғысынан қарағанда, Мемлекеттік сыйлық алғанына көп бола қоймаған марқұм Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Оразбек Сәрсенбайдың «Шеңбер», Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романдары қызықты шығармалар, ал Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын қабылдауда әдеби сын екіге жарылды: жазушы Бекділдә Алдамжаров даттайды, сыншы Шериаздан Елеукенов мақтайды.

Тоқсаныншы жылдан кейін Жазушылар Одағы өзінің бұрынғы қоғамдық беделінен, ұйымдастырушылық қызметінен айырылды. Өкімет тарапынан бұл мекемеге қаржы бөлінбейтін болды. Кейбір себептермен ұры-қарылардың жемсауына түсіп кеткен қаламгерлер үйін, шығармашылық үйін соттасып жүріп қайтарып алу үшін Одақ басшылығы әуре-сарсаңға түсті, арам тер болды, көп қиналды. Сөйтіп жүргенде шығармашылық мәселелер сыртта қалды: әдеби еңбектер талқыланбайды, арнаулы мәжілістер өтпейді, пленумдар болмайды. Газет-журналдар бүгін әдебиет туралы нақты ештеңе жазбайды. Жеке кітаптарға рецензия берілмейді, суретті аннотация-жарнама сынның басты жанры болып кетті. Мемлекеттік баспалар жабылды. Бұрынғы тосқауыл, іріктеу, сұрыптау жойылған соң қолына қалам алған көген көздің бәрі кітап шығаруға лап берді. Ақша төлесең болды, кез келген баспа қалаған көлемде, қалаған безендірумен, қалаған таралыммен, қалаған мерзім ішінде не жазасың – руыңның шежіресі ме, ауылыңеың тарихы ма, мерейтойыңа келген әсіре мақтау құттықтаулар ма, ұятсыз ауыздан шыққан боғауыз сөздер ме, әртүрлі тақырыптағы дилетант жазбалары ма, ащы ішекше шұбатылған пайымдама, эссе, оқулық, роман, поэма, зерттеу, шежіре, шығармалар жинағы... десең де қолыңнан қақпайды. Көлемі жағынан алғанда аудан, облыстық орталықтарында, екі астанада, тіпті Ресейде тасқа басылып шығып жатқан қазақ кітаптарының мөлшері Кеңес дәуіріндегіден артық болмаса, кем емес. Сол лай тасқынның ішінен биік рухты таза әдебиетті, шын ғибратты таза ғылымды ажыратып алу керек. Сонда біз ешқашан уайымшылдыққа салынбаймыз.

- «Кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» немесе «Адамшылықтың алды – артқыға жол бермек» (Шәкәрім) деген халық қағидаларының қазіргі біздің қоғамда пәлендей маңызы бар ма?

- Бір-екі мысалмен жауап берейін. Жиырмасыншы жылдардың басында Мәскеуде Күншығыс университетінде Мағжан сабақ берген. Көп студенттің ішінде, әсіресе Бейсенбай Кенжебаевқа ықыласы түсіпті. Бауырына тартып, сырласып, ақыл-кеңес айтқан, ұлттық рухта баулыған, түркі тарихын оқытқан, Абай туралы мақаланың негізгі ойларын ұсынған (Бейсенбай Кенжебаевтың атымен «Еңбекші қазақта» басылды). Мағжан аузына түкірген сол Бейсенбай өле-өлгенше, небір қиын-қыстау заманда ұлттық мүддеге опасыздық жасаған жоқ. Қазақ әдебиетінің көп ғасырлық тарихын зерттеу мектебінің негізін салды, елдік идеясын берік ұстанған шәкірттерінің тұтас-шоғырын өсіріп шығарды.

Мұхтар Әуезов қандай көреген десеңізші: інілері Қуандық Шаңғытбаевты алғашқы өлеңінен, Қалтай Мұхаметжановты «Бөлтірік бөрік астында» комедиясынан, Шыңғыс Айтматовты «Жәмила» хикаятынан танып, қолдап, пікір жазды. Меніңше, қол ұшын берген деген осы, бағалау, тану, қолдау. Қанаттандыру.

- Жас зиялылардың өсіп-толысуына не жетпейді? Оларға Батыс пен Шығыстың қайсысынан молырақ сусындаған дұрыс?

- Батыс, Шығыс деп бөлетін ештеңе жоқ, әлем өркениеті адамзатқа ортақ. Сондықтан қазақтың жас буыны барлық бұлақтан қанып ішсе өрісі кең, айдыны терең, шығар тауы биік болмақ.

- Жастардың ішінен жарқ етіп көзіңізге түскендер бар ма? Кейінгі буын өкілдерінен кімдерге сенім артасыз?

- Шахматшы – Дәрмен Сәдуақасов, бокста марқұм Бекзат Саттарханов - әлемдік деңгейдегі құбылыстар. Ал әдебиет, ғылым туралы дәл қазір мұндай есімдерді атай алмаймын.

- Демалыс сәттерін даңғырлақ дискотекамен, атыс-шабыс, тағысын тағы көбік кинолармен, түнгі клубтармен өткізетін даңғаза жастарды өзіміз тәрбиелеп жатқандаймыз. Опера, балет тамашалау, театрға бару, кітап оқу, ұлттық өнермен сусындау олар үшін – күлкі.

- Әрбір ұрпақтың қалыптасу кезеңінде бастан кешіретін балалық ауруы болады. Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында қуық шалбар киген, батыс билерін билеген, пластинка тыңдаған жастарды «Стильяга» деп есекке теріс мінгізген дәурен өткен. Комсомол жиналыстарына салып, сөгіс беріп, қудалағанды көргенбіз. Өзіміз соның бел ортасында жүрдік. Уақыт озды, ол сәндер кетті. Сондықтан қазіргі жас буынның кейбір әуестігін, дискотекаға баруын ақырзаман көріп, айықпас трагедия деп қарауға болмайды. Бүгінгі жас маңдайына тас тиген соң ойланады, алды-артына қарайды, үйленеді, басына ноқта киеді, ес жияды. Тұрмыс арбасын сүйрей бастайды. Ар жағы белгілі тарих. Ендеше, бүкіл зиялы қауым жас романтиктердің серілігімен, аз күндік мейрам күндерімен күресуінің қандай қажеті бар? Жалпы, кейінгі ұрпақты жазғыру, соларды мәдениетсіз, имансыз санауды өз басым қолдамаймын.



Әңгімелескен Бесбоғда Алтай,

«Айқын» газеті, 28 мамыр, 2004 жыл


ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ – АБЫРОЙЛЫ ЖОЛ
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың және ғылым саласындағы Ш.Уәлиханов сыйлығының лауреаты, Жоғары мектептің үздік қызметкері, Қазақстан Республикасының ғылымға еңбек сіңірген қайраткері Рымғали Нұрғалимен жүздесіп әңгімелесудің сәті түсті. Еңбек жолы негізінен педагогикамен, жастарды тәрбиелеумен өтіп келе жатқан үлкен ғалым, жазушы ағамен негізінен ұстаз бен шәкірт, дәстүр жалғастығы деген тақырыпта әңгімелесуді жөн көрдік.

- Аға, келісіп алайықшы. Саясатқа соқпайтын тақырыпта әңгімелесуге бола ма?

- Әрине. Газет – саясат. Теледидар – саясат, радио – саясат. Тіпті көшеге дейін – саясат. Қабырғалар – саясат. Сурет. Уәде. Жарылқау. Сайлаудан өту үшін жасалып жатқан үгіт-насихат.

- Солар туралы сұрамай-ақ қойғаның дұрыс. Тіпті өтірік уәде жалықтырып барады.

- Онда былай болсын, аға. Шәкірт пен ұстаз туралы әңгімелесейікші. Жақсы ма?

- Сіз қай жерде, қай жылы мектепке бардыңыз? Алғашқы ұстаздарыңыздың аты-жөні есіңізде қалды ма? Әлде ұмыттыңыз ба? Еске түсіргіңіз де келмей ме?

- О, не дегенің шырағым. Таратып айтайын. 1947 жылы Семей облысы Шар стансасындағы Бүкілодақтық Ленин комсомолының 30 жылдығы атындағы мектептің бірінші класының партасына отырдым. Мұғаліміміз Шәмшия Жүзбаева, Семейдегі педагогикалық училищені сол жылы бітіріп келген екен. Жиырма жаста, талшыбықтай әдемі болатын. Бәрімізді қатты еркелететін. Кейде бізбен бірге ойнап кетуші еді. Өкпе ауруына шалдығып өмірден ерте қоштасты марқұм.

Биыл жазда Төлеу Көбдіков ақынның Аягөзде өткен тойына бара жатып жолда Шарға соқтым. Мектеп ғимараты әлі тұр екен. Бірақ қазір жеке меншік емхана болып кеткен. Ауладағы ағаштар арасында Оркенай, Ерік, Төлеубике, Қайша деген балалармен асыр салып ойнаған күндер көз алдыма тіріліп келе қалды.

- Сол мектепті бітірдіңіз бе?

- Жоқ. 1950 жылы анам Нұрғайша 33 жасында қайтыс болды. Бес бала жетім қалдық. «Аудандық атқару комитетінің төрағасы өлген әйелін мұсылмандық жолымен қойды. Жаназысын шығарды. Молдалар құран оқыды» деп қызыл көздер арыз беріп, әкей қызметінен босатылып, ата-мекеніміз Абыралы ауданына қыстың көзі қырауда, 1951 жылдың қаңтарында көштік. Сөйтіп Қайнар орта мектебінің 4 класына бардым.

1954 жылы тамыз айында сутегі бомбасы Дегелең тауының бауырында сыналды ғой. Аудан жерінің жартысынан артығы әскери полигонға кетті. Халық шулап, жылап, еңіреп жан-жаққа тарады. Біздің үй Шұбартау ауданына көшті. Мен мектепті 1957 жылы Баршатаста бітірдім.

- Кімдер сабақ берді? Олардың білім деңгейі қандай еді? Бірге бітіргендердің ішінде төбеге шыққаны бар ма?

- Мұғалімдеріміз бірі-бірінен өткен тамаша мамандар еді. Бәрінің жоғары білімі бар. Тарихшы Қашура Елеусізова апай сабақтары өте қызықты еді. Химик Кәрім Аханбаев мектеп оқулығы емес жоғары оқу орнына арналған «Жалпы химия» (авторы ұмытпасам, Глинка болуы керек) кітабын оқымасақ, бестік баға қоймайтын. Кейін ол кісі Алматыға келіп, Политехникалық институтта профессор болды, қазақ тілінде оқулықтар жазды. Әдебиетші Ерғали Дайрабаев сол кезде-ақ алаш қайраткерлері туралы ашық айта беретін. Кейін ол кісі Қазақ мемлекеттік университетінде кафедра басқарды, профессор болды. Физика маманы Мүткен Ошыбаев та кейін Алматыда доцент болды, көркем шығармалар жазды.

Осындай дарынды ұстаздардың арқасында Шұбартау ауданындағы Баршатас орта мектебінде сапалы білім берілді, қазір қазаққа аты мәшһүр жазушылар Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, әйгілі профессор, ғалым Блок Шайкенов бірге бітірдік, төртеуіміз де медаль алдық. Талантты тарихшы Жанұзақ Қасымбаев сол мектепті бізден бір жыл кейін бітірді. Айтпақшы, кәсіподақ қайраткері Сиязбек Мұқашевпен де бірге оқыдық.

- Сіз қанша жыл ұстаз болдыңыз?

- Өзің есептей бер. Кандидаттық диссертацияны 1967 жылы қорғағаннан кейін, бір жылдан соң, Жазушылар Одағындағы сын секциясы кеңесшісі қызметінен ауысып, бұрын өзім студент, аспирант болған Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына доцент міндетін атқарушы болып келдім. Доцент, докторант, декан, профессор, кафедра меңгерушісі – осы жолдарды өттік. Арасында 11 жыл Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы болған кезде де профессорлық қызметті тоқтатқам жоқ. Өзің есептеп көр, сонда аспирант кездегі жұлып-қашты сабақ бергенімізді қоспағанның өзінде, табаны күректей 36 жыл ғұмырымыз университет қабырғасында педагогтық жұмыста өтті.

- Студент кезіңізде кімдерден дәріс алдыңыз? Қандай ұстаздардың сабағы есіңізде қалды?

- Қырқыншы-елуінші жылдарда ҚазГУ-де оқыған филолог студенттердің баршасының көз алдында Мұхтар Әуезов тұр. Аудиторияда салмақпен қозғалып, тебіреніп тұрып, ерекше сазды қоңыр әуенімен баурап, ғажайып терең лекцияларын зор шабытпен, керемет шешендікпен өткізер еді. Академик С.Кеңесбаев тіл білімінен көл-көсір білім беретін. Профессор А.Гербстман бірнеше тіл білетін, шетел әдебиетінен тамаша оқытушы еді. Академик М.Қаратаев, профессорлар М.Балақаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Қ.Бекхожин, К.Қанафиева, К.Аханов, Ы.Маманов, З.Қабдолов, Ж.Төленов, Б.Тұрсынбаев, М.Ақынжанов - әдебиетші, тілші, тарихшы, философтардың алдын көрдік.

- Профессор Бейсенбай Кенжебаевтан оқыған жоқсыз ба? Айтпай кеттіңіз ғой.

- Ол кісінің жөні тіпті де бөлек. Алғаш сабақ берген алпысыншы жылдан бастап сексен жетінші жылы көз жұмғанынша ұстаз ағамыз, рухани әкеміз болды. Кітапхана, мұрағаттарда жұмыс істеу, ғылыми зерттеудің қыры мен сыры, шығармашылық еңбектің тәртібі, адам ретіндегі жүріс-тұрыс – осының бәрінде Бейсекең берген тағлым, үлгі-өнеге орасан. Тоталитаризмнің қылышынан қан тамған қаһарлы жылдарда Бейсекең ұлтқа қызмет ету, мансап-дәулет үшін сатылмау, бойыңдағы барыңды үлкен мақсатқа арнау секілді алаш қайраткерлері мұрат тұтқан ұлы қасиеттерді өзі берік ұстанып, бойымызға сіңіре білді. Шәкірттеріне қиналмай, атақ алатын, жеңіл-желпі, оңай тақырыптарды бере салмай, әуелде өзі түрен салған, ұлттың азаматтық тарихымен, азаттық күресімен сабақтас мәселелерді зерттеуге баулыды. Бұлар түркі дәуірі, ескі заман әдебиеті, жыраулар поэзиясы, алаш кезеңі.

- Өз шәкірттеріңіз туралы не айтасыз? Қанша дәрежелі ғылым кадрларын дайындадыңыз?

- Жоғары оқу орнында ұстаздық еткелі 40 жылға таяп қалды. Жыл сайын алдыңнан жүздеген студент дәріс алады. Соның бәрі шәкіртің. Олар педагог, журналист, жазушы, баспагер болды. Мемлекет қызметінде жүргендері де аз емес. Бұлардың ішінде әкім, депутаттар да бар. Ал нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін 6 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын дайындадым. Олар Алматы, Қарағанды, Түркістан, Атырау, Ақтау, Жезқазған, Арқалық, Қостанай, Көкшетау, Қызылжар, Астана университеттерінде оқытушы, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, доцент, профессор.

- Сол шәкірттеріңіздің кейбіреуінің аты-жөнін айтуға бола ма?

- Сағат Әшімбаев, Алма Қыраубаева, Әділбек Тауасаров, Үміт Тоқмағамбетова, Ризабек Адуов сияқты талантты шәкірттерімнің ғұмыр жасы қысқа болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайылов, Уәлихан Қалижан менен сабақ алғандарын әр кезде айтып жүреді. Ұстаз тұтады. Республикалық деңгейде көрінген мұндай қайраткер інілерді мақтан етем.

- Сізден Мәскеуде сабақ алдық деген адамдар да бар ғой.

- Ә, ол әңгіме былай. Сексенінші жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында қазақ тобы болды. Алдымен оларға қазақ әдебиетінің ескі дәуірінен Мұхтар Мағауин лекция оқыды. Жаңа дәуір әдебиетінен мен оқыдым. Қазіргі вице-министр Ардақ Досжан, журналист Айдар Жұмабаев, ғалым Әлібек Моллаев сол кездің шәкірттері. Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбайұлы (қазір Оңтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі) да сабаққа келіп қатысып жүрді.

Бұл сөздің төркіні осыдан шыққан шығар.

- Жақсы үй – жайыңызды, жайлы жұмыс орнын, дос-жаран, ағайын-туысқанды, ең бастысы жер бетіндегі жұмақ іспетті Алматыдан көшіп, Астанаға орын тебуіңізді қалай түсінуге болады.

- Он жеті жаста Алматыға мың сан бозбала, талапкердің бірі болып келдік. Студент, аспирант, докторант жолын өттік. Қызметке тұрдық. Үйлі-баранды, бала-шағалы, немерелі болдық. Қолға қалам ұстадық. Қызығы мен шыжығы қатар өрілген ғұмыр жолын кештік. Жас алпыстан асқанда басқа қалаға қоныс аудару оңай емес, әрине. Алматының әрбір ағашы, әрбір тасы, әрбір үйі, әрбір көшесі түгел сырласыңдай: сенің арманың, үмітің, қайғың, мұңың, қуанышың баршасының куәсі. Қанша адам тағдырласың, қызметтесің, көршің, тілеуқорың. Балаларың оқыған мектеп, жұмыс істеген ғимараттарың – бәрі көзге ыстық, жүрекке жақын. Көлікке мініп тартып кетсең, он бес минутта Алатау құшағынан шығасың: сарқырап аққан тау бұлағы, аспанға атылған жебедей қарағай, белі майысқан қайың...

Ел көшкен жаққа бақ та көшеді. Астана – азат қазақ елінің ендігі кіндігі, ұлтты ұйытар темірқазық. Қанша уақыт алаш қайраткерлері арман етіп, қол жеткізе алмаған мақсат орындалды. Біз секілді жер ортадан ауғандарды қойшы, ең бастысы ұлы даланың төсіндегі жаңа шаһарға Қазақстанның батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен, Ресей мен Моңғолиядан, Түркия мен Өзбекстаннан дейсіз бе, шартараптан әсіресе жаңа толқын, жас буын именбей көшіп келіп, бас қаланың түр-түсін, тіл-ділін қазақыландырып жіберді. Құрылысқа бар-көпшілік солар, кеңселерге кір-көпшілік солар, базарға бар-көпшілік солар, университетке бар-көпшілік солар.

- Астанада шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бар ма? Мұнда келгелі не істедіңіз?

- Шүкір, Астана ауасы таза, күні ашық. Қыста көкшұнақ аяз, алай-түлей боран. Жазда, Мағжан айтқандай, жүйрік желі апталап соғып тұрады. Азды-көпті жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Астанаға келгелі «Драма өнері», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Сөз өнерінің эстетикасы», «Эпическая драматургия», «Алашордыңцы», «Дегелең дерті» деген еңбектерім жарияланды. Ұжымдық ғылыми зерттеулер «Көкейкесті әдебиеттану» (4 том), «Әдебиет теориясы», «Қазақтың жүз романы» басылымдарын ғылыми жетекшілік жасап, редакциялап, құрастырып шығардым. Алла рақым етсе, болашақ күндерде де жасамақ жұмыстар бар.

- Аға, дәстүрлі бір сұрақ. Неше балаңыз бар? Олар қандай мектеп бітірді? Қазақ тілі жойылып кетеді деп ойламайсыз ба?

- Құдайға тәуба, алты перзент көрдім: 3 ұл, 3 қыз. Рахман ұл кішкентай кезінде шетінеп кетті. Жетпісінші жылдардың басында – тұңғышымыз Ардақ мектепке баратын болды. Алматының қақ ортасында тұрамыз. Жалғыз қазақ мектебі орыс мектебінің босағасында отыр. Сол кезде ғалымдар Рахманқұл Бердібай, Шора Сарыбаев, Сайлау Байзақов, жазушылар Жайсаңбек Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, журналистер Нұрмақан Оразбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, басқа да жігіттердің балалары бірінші класқа бармақ. Қазақ мектебі үшін күрестік, жүгірдік, айтыстық-тартыстық. Ақыры қазіргі тұрған қонысын № 12 қазақ орта мектебі алды ғой. Сол жылдары мектепке барғандардың өзі қазір жігіт ағасы - қырықта. Олар қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб дейсіз бе, жеті жұрттың тілін, мәдениетін, ғылымын игерген жан-жақты, жұртын сүйетін жүрегі бар азаматтар болып шықты. Бәрін айтпай-ақ қояйын, Қайрат Сарыбай – белгілі дипломат, Саясат Ыбырай – физика-математика ғылымдарының докторы. Төрт балам да қазақ рухының қасиетті ордасы № 12 мектепті бітірді, екеуі ғылым кандидаты, екеуі университет бітірген, кенжем Рабиға, алла жазса, Астананың қазақ мектебіне барады. 4 немерем бар. Үлкені Аркен – студент.

Дүние жүзіне тарыдай шашырап кеткен, өз мемлекеттері жоқ курдтар, сығандар тілдерін сақтап отырғанда, қазақ секілді ұлан-байтақ жері, орасан байлығы бар, тәуелсіз елдің тілі жойылып кетеді деп оның қаскөй дұшпандары ғана айтуы мүмкін.


  • Әрбір ата-ана өз үйінде өз ұрпағымен қазақша сөйлесе;

  • әрбір қазақ баласы алдымен ана тілін біліп, артынан басқа тілдерді үйренсе;

  • әрбір мекемеде іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілсе;

  • әрбір үйде радио, теледидар қазақша сөйлеп тұрса;

  • әрбір мемлекеттік шаралар қазақша іске асырылса.

Қазақ тілі қағаз жүзінде ғана емес, шын мағынасында Қазақ республикасының мемлекеттік тілі болады.

  • Әңгімелескеніңізге рахмет!


Сұхбатты жүргізген М.Келес,

«Қазақстан әйелдері» газеті, 2004, № 5.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет