Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет1/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


ДРАМА ӨНЕРІ. Алматы: «Санат» баспасы, 2001. -480 бет.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымға еңбегі сіңген қайраткері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор Рымғали Нұрғалидың көп жылғы ізденістерінің қорытындысы болып табылатын бұл іргелі зерттеуде қазақ драматургиясының төркіні, түрлері, көркемдігі жан-жақты сараланып, теориялық тұрғыдан талданады. Еңбек студенттерге, гуманитарлық ғылым саласында ізденушілерге арналған.


Рымғали НҰРҒАЛИ







ДРАМА ӨНЕРІ






КІРІСПЕ



Халықтың шындық, әділет, ақиқат ұранын алтын арқау еткен қазақ әдебиеті-қалың қауым арманының шапағатты нұрынан жаратылған, ең үздік дәстүрлерді ілгері жалғастырған, адам баласы қан-қазынасына толымды қор қосқан жаңа сапалы құбылыс.

Ұлт әдебиет үлгілерінің өзара әсері мен бірін-бірі құнарландыруы, жанрлық формалардың дамуы мен баюы, үздік жетістіктер мен дәстүрлердің ортақ игілікке айналуы, асылында, қазіргі әдеби процестің негізгі тенденциясы екендігіне дау жоқ. Ұлтымыздың рухани паспорты болып табылатын қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде аса шапшаң даму кезеңдерінен өтіп, кемелденген өнерге тән жанрлық салалардың бәрін тудырып, жетілді, өрлеу бағытында реализмнің кең, даңғыл айдынына шықты.

Өнер мен әдебиеттің, күллі мәдени қазынаның көзі ашылып, драматургия, опера, балет, симфония сияқты барша өркениетті елдерге тән жанрлық формалар қаулап өсті.

Қазақ әдебиеті мен өнері туралы тұтас жүйелі ғылым салаларының туып, қалыптасып, шарықтап дамуында А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Исмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев тарихи еңбек сіңіріп, жаңа арналардың негізін салды.

Ал Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Ә.Тәжібаев, Е.Лизунова, 3.Ахметов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, 3.Қабдолов, Ә.Шәріпов, Т.Кәкішев, М.Хасенов, Б.Наурызбаев, Н.Ғабдуллин, А.Нұрқатов, Т.Қожекеев, X.Әдібаев, Ә.Нарымбетов, Т.Әбдірахманова, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағүлов еңбектері қазіргі әдеби процесс мәселелеріне, жеке қаламгерлер шығармашылығына жанр, стиль және әдеби әдіс проблемаларын саралауға арналған. Фольклордың, әдебиет тарихы мен әдеби байланыстардың өзекті мәселелері - Ә.Марғүлан, А.С.Орлов, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Фетисов, Е.Ғабдиров, К.Қанафиева, Қ.Мұқаметханов, Ш.Сәтбаева, Л.Әуезова, М.Бөжеев, X.Сүйіншәлиев, С.Сейітов, М.Мырзахметов, Ө.Күмісбаев, М.Мағауин, Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов еңбектерінің басты арқауы.

Әдебиеттанудағы Б.Майтанов, Д.Ысқақов, А.Қыраубаева, С.Негимов, Ж.Дәдебаев, А.Еспембетов, Ш.Ибраев, Б.Әбілқасымов, Қ.Алпысбаев, Т.Жұртбаев, Қ.Ергөбеков, Б.Ыбырайымов, 3.Бисенғалиев, Б.Мамыраев, А.Жақсылықов зерттеулері ксйінгі жылдардағы жетістіктерімізді көрсетеді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзия, эпикалық проза, әсіресе, роман түбегейлі зерттеліп келе жатыр. Ал драматургия туралы арнаулы еңбектерден С.Ордалиевтің "Қазақ драматургиясының очеркі" (1964), Р.Рүстембекованың "Қазақ совет комедиясы" (1975). М.Дүйсеновтің "Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі" (1977), Е.Жақьшовтың "Дастаннан драмаға" (1979), Н.Ғабдуллиннің "Ғ. Мүсрепов -драматург" (1982) зерттеулерін бөліп атау қажет.

Театр сыншылары Ғ.Тоғжанов, I.Жансүгіров (1933), Н.Львов (1957), Қ.Қуандықов (1969, 1972), Б.Құндақбаев (1976), О.Қайдалова (1977), У.Садықова (1967), А.Тоқпанов (1976), Л.Богатенкова (1979), Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев еңбектерінде драматургия туралы айтылған құнды тұжырымдар бар.

Тұтас алғанда, қазақ драматургиясын зерттеу саласында бірқыдыру істер тынды: жанрлық қалыптасу кезеңдер анықталды; жеке драматургтер шығармашылығы ғылыми тұрғыдан тексерілді, алғашқы жанрлық классификация жасалды.

Сондықтан да қазақ әдебиеттануының қазіргі деңгейі драма жанрларының спецификалық ерекшеліктерін, поэтикасын айқындауды, олардың әдеби дамудағы орны мен маңызын ашуды, өрістеу процесін тиянақтауды, жанрлық структуралардың өзгерістерін, олардың өзара байланысы мен баюын көрсетуді талап етеді.

Қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерді айқындау, қазіргі жанрлық дамудың теңденцияларын ашып көрсету мақсаттары ізденістің негізгі нысанасы болмақ. Бұл мәселелерді тексеру, біздің ойымызша, бүгінгі әдеби-көркем процесс диалектикасына бойлап енуге, ұлттық және интернационалдық дәстүрлердің арақатынасын көрсетуге, белгілі кезеңдердегі әдеби даму, заңдылықтарын ашуға мүмкіндік берсе керек. Мұның үстіне қазақ драматургиясының дамуындағы қалыптасқан дәстүрлер мен тұрақты байланыстарды анықтау, олқылықтар мен кемшіліктерді көрсету келешек өрістерді болжауға жағдай жасары сөзсіз.

"Әдеби дамудың әр кезеңінде, - деп тұжырымдайды академик Д.С.Лихачев, - жанрлар түрлі өзгермелі факторлардың әсерінен қалыптасып, сан алуан қасиеттерге ие болғандықтан, әдебиет тарихы алдыңда ерекше міндеттер туады: жанрларды ғана емес, жанрлық саралауды тудыратын принциптерді зерттеу керек, жеке жанрларды, олардың тарихын ғана емес, әр дәуірдегі жанрлар жүйесін (системасын) зерттеу керек". (Д.С.Лихачев. "Көне орыс әдебиетінің поэтикасы", 3-басылуы, М., "Ғылым", 1979, 55-б).

Осы талап ерекше ескерілді, еңбекте нақты шығармаларды талдай отырып, жанрлардың әсіресе жанрлық жүйелердің, даму процесіне көбірек көңіл бөлінді.

Зерттеуде ғылыми проблемалар бірнеше аспектіде қаралды: казақ драматургиясының жанрлық ерекшеліктері трагедиялық, драмалық, комедиялық категориялармен сабақтас түрде, типологиялық салыстырулар арқылы ашылады, қазақ драматургиясында тақырыптық арналардың қалыптасу кезеңдері қаһарман мәселесімен, типтендіру әдістерімен, авторлық позиция принциптерімен, көркемдіқ құралдардың баюымен, халықтық дәстүрлердің ықпалымен диалектикалық байланыста тексеріледі.

Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін - драматургия мен театрды өмірге әкелді.

Сөйтіп, тұтас, жүйелі, жан-жақты әдеби-мәдени процесс пайда болды.

Қазір қазақ драматургиясы жалпы драмаға тән қасиет-сапарларға-жанрлық структуралар мен формаларға түгел ие. Аз уақыттың ішінде қалыптасқан, тарамдалған жанрлық жүйе ұлтымыздың жаңа мәдениетімен, әдебиетімен бірге есіп, жетіліп отырды. Әдебиеттің ерекше бір түрі - драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер - драматургия тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал - диалоггар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады.

Бүгінгі таңда жанр проблемасына әдебиеттану, өнертануда ерекше көңіл бөлініп отыр: бұл салада көптеген зерттеу еңбектер жарияланды.

Жанр және олардың сан алуан түрлері әлемдегі барлық халықтардың мәдениеті мен әдебиетіңде кең орын алатын жалпылық мәні бар құбылыстардың қатарына жатады.

Типологиялық тұрғыдан жанр табиғаты ұқсас, сарындас, олар бір жерде ішкі жағдайлардың әсерінен дүниеге келсе, екінші ортада тарихи-мәдени алыс-берістер ықпалынан тууы да мүмкін. Бұл мәселені пайымдау үстінде эстетикада әр түрлі ғылыми мектептер, сан алуан бағыттар болғандығьн көреміз. Драмалық жанрларға Аристотель "Поэзия өнері туралы" деген еңбегінде тиянақты анықтама береді. Буало ("Поэтикалық өнер"), Дидро ("Драмалық поэзия туралы"), Гегель (Шығармалар, XIVт.), Белинский ("Ақылдың азабы" -А.С. Грибоедов шығармасы", Шығ. жинағы. I том. 476-495-б.б.) еңбектерінде де драма жанрына берілген сипаттамалар бар.

Шетелдік оқымыстылардың бір тобы жанрларға психологиялық, екінші тобы грамматикалық категориялар арқылы түсінік жасамақ болады. Ал озық ғылым бұларға мүлде қарама-қарсы, объективті критерий ұсынады - жанрды қоғамдық, мәдени-әдеби жалпы дамумен сабақтас қарап, нақты әлеуметтік-тарихи, эстетикалық-көркемдік аспектіде анықтама береді. ("Әдебиет теориясы". Әдебиеттің тегі мен түрі. М., "Ғылым", 1964).

Жанр тудыратын элементтер деп - сюжет түзілісі, композиция, тақырып, поэтика, бір сөзбен, шығарма идеясы мен мазмұнын ашатын көркемдік құралдарды айтуға болады. Бүған драмалық эмоциялық әсер беретін формаларды да қосқан дүрыс: трагедия - қайғыртсын, комедия - күлдірсін, драма - толқытсын. Даму процесінде жанрлар өзара ықпал етеді, бірін-бірі байытады; кейбір жанрлар жаңғырып өссе, кейбіреулері өшеді, өледі. Жанр құбылысы дегенде - табиғи, диалектикалық өзгерістерді айтамыз, әйтпесе, шекарасыз, жағасыз, арнасыз жанрлық форма жоқ. Бұл талап ескерілмесе, шығарма босаң, болжыр тартып, көркемдік аяққа басылады, эстетикалық қасиет жойылады.

Кең мағынасында алғанда, типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория - жанр өз структурасында көркемдік дамудың бұрынғы байлығын сақтай отырып, әрбір жаңа шығармада соны сипатта көрінеді. Эстетикалық мазмұн белгілі жанрлық қалыпта құйылып шығып, көркемдік элементтердің тұтастығын, логикасын сақтап, диалектикалық бірлік, гармониялық келісім табады. "Жанр, - деп жазды М.Бахтин, - әрқашан өзі, әрі өзі емес, әрқашан көне, әрі жаңа, жанр әдебиет дамуының әрбір жаңа кезеңіңде, әрбір жаңа шығарма тұсында қайта туындап жасарады... Жанр бүгінгі күннің тынысымен өмір сүреді, бірақ әрқашан өз өткенін ерекше қасиет ретінде өз бойында сақтайды. Жанр - әдеби даму процесіндегі творчестволық тұжырым түрінде қалады.". (М. Бахтин, «Достоевский поэтикасының проблемалары», М., "Советский писатель", 1972, 178-179-б.).

Оқырман назарына ұсынылып отырған бұл монографиялық зерттеуде автор ұлттық өнер саласындағы көп жылдардан бергі ізденістерін қорытьндылады, қазақ драматургиясының жанр жүйесін саралауды, эстетикалық-көркемдік ізденістерді ашып, типологиялық жинақтаулар жасауды мақсат етеді.

ТРАГЕДИЯ
ТРАГЕДИЯЛЫҚ ТАРТЫС ЖӘНЕ ТРАГЕДИЯЛЫҚ ХАРАКТЕР
Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі - трагедия, өйткені бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді. Классикалық әдебиеттегі трагедияларда дара тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтармен кереғар қайшы келуі, бітіспес күреске түсуі көрсетілген. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарында тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебіреніс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді; кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі.

Трагедия жанрының табиғатын түсінуде Карл Маркстың "Гегельдің право философиясын сынау. Кіріспе" деген еңбегінде айтылған түбегейлі методологиялық байламдардың маңызы айрықша зор. Трагедия категориясына қатысты орнықты пікірлерді сан алуан ғылыми зерттеулерден көптеп табамыз. Мысалы, А.В.Луначарский дүниежүзілік драматургия тарихына сүйене отырып, трагедияны символдық және реалистік деп екі салаға бөліп қарайды. Бірінші қатарға Гетенің "Фаустын" қосса, екінші қатарға Шекспирдің "Гамлетін" жатқызады ("А.В. Луначарский. Театр және драматургия туралы" М., 1958, 1, 2-т)



Трагедияның ең басты ерекшелігі трагедиялық тартыста көрінеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас. Бұл - қосалқы, сырт сипаттардың бірі. Ал трагедиялық тартыстың өзегі әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси қабырғалы күштердің шайқасында жатыр. Бұл қақтығыста кең құлаш, қоғамдық мағына, философиялық тереңдік бар.

Трагедиялық шығарманы оқыған, яки сахнадан көргсн адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, қапалы ой қүшағына енеді. Бұл идеялық- эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель - жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырынан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол өзі сол халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ.

Трагедияның тағы бір маңызды сипаты - басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бүл - әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің өз еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады.

Сөз жоқ, трагедиялық қателік, адасу, қаһарманды әуре-сарсаңға салады; ол басын тауға, тасқа соға жүріп, мақсатына ұмтылады, бірақ ақыры өзінен әлдеқайда сұрапыл күштер соққысынан мерт болады. Реалист суреткер қаһарман өлімінің ішкі мәнін, объективті себептерін көркемдік құралдар арқылы аша білмек.

Сөйтіп, трагедия-драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы - қат-қабат өмірдің объективті кайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі түлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сүрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры. Әрине, қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы - объективті зандылық. Трагедиялық тартыстар мен адасулар табиғатын, эстетикалық-эмоциялық әсер ерекшелігін, сюжеттік материал мен көркемдік-композициялық құралдар жүйесін, тақырыптық идеялық нысананы ескере отырып, қазақ трагедиясын мынадай салаларға бөлуге болады: а) эпикалық трагедия; ә) тарихи трагедия; б) адамгершілік-тұрмыстық трагедия.

БІРІНШІ ТАРАУ
ЭПИКАЛЫҚ ТРАГЕДИЯ
Халық қиялы оқшау жәйттерді, ерекше істерді уақыт өткен соң басқа бір қырынан көріп, жаңаша тірілтіп, жаңғыртып, ұмытпай жадына сақтайды, есіне тұтады. Солай кете береді ұрпақтан-ұрпаққа.

Жиырма жасар Мұхтар Әуезовтің қиялын қозғап, қолына қалам алдырған Еңлік пен Кебек жайлы халық аңызы болатын.

Дүние жүзі әдебиетіндегі бірталай ұлы шығармалар халық аңызы негізінде туғандығы белгілі. Жеріне жеткен шеберлікпен, асқан ақындық күш-қуатпен ғаламат философиялық шындықтарды поэтикалық суретпен берген Гетенің "Фауст" трагедиясының сюжеттік желісі халық әдебиетінде жатыр. Неміс Клингер "Фаустың өмірі, қызметі, өлімі" деген роман, ағылшын Марло "Доктор Фаустың қайғылы тарихы" атты трагедия жазды. Тақырыпты әр түрлі пайымдағанмен бұлардың бәрі де көркемдігі, тереңдігі жағынан Гете трагедиясынан көш кейін. Мұндай фактілер арқылы аңыз бен көркем әдебиеттің байланысы, әр жазушы аңызды өз творчествосында қалай пайдаланды деген мөселелерді айқындауға болады. "Енлік - Кебек" аңызының нұсқаларына тоқталғанда, осы мақсат көзделеді.

Алғашқы нұсқа "Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз" деген атпен 1892 жылы "Дала уалаяты" газетінің 31-39 сандарында жарияланды. Әңгіме былай баяндалады:

Тобықты рулары мекендеп отырған таудың аты Шыңғысхан есімімен байланысты деседі. Үй тігіп, бауырына қонып, содан бір таудың атын Орда қойған екен. Басына шыққан соң екіншісін Хан атаған. Доғалаң, Шонай - бұлар да жау-жүрек батырлар есімі. Соның бәрі - моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі тарих жаңғырығы.

Шамасы бұдан жүз елу жыл бұрын Жуантаяқта Кебек деген батыр болған. Жиырмаға келгендс жас батырдың күш-қайраты бойына сыймай, алыс атыраптарға асыққандай жүрегі аттай тулайды. Ел-жұртқа дуалы деген, аты жайылған Нысан Абыздың мекені Шыңғыстаудың құз-қия бір қуысында. Ол мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, түсі суық жан. Бет-аузын жыбырлатып, денесін алас ұра қозғалтып, сөйлеп, ыңылдап бал аша бастаған кезде, анау-мынау адамның құты қашып, зәресі ұшады. Болашақты болжаймын деп тесіле қадалып, қобызын сарната жөнелгенде, тындаушының көзіне еріксіз жас үйіріледі.

Кебек атын ақырын аяндатып, Нысан Абыздың жадау киіз үйіне келеді. Қобыздың адам жүрегін елжірете зарлаған, сызылған, мұңайған, қайғы төккен сазы құйылып, жігіт көңілін оп-оңай баурап алды.

- "Кебек батыр, неге тұрып қалдың? - деген қатқыл дауыс


естіледі. - Әлде келген шаруаңды ұмыттың ба?

Түсі суық шал жігіт сәлемін алып болмай жатып, оның көзіне көзін қадап.

Мен келетінімді, Кебек батыр, біліп отыр едім, - деді. Жындарым ашқан маған – сенің тағдырың үрейлі де қауіпті. Шыдармысың тыңдарға?

Сол үшін келдім ғой. Болжап берші, болжа. Болашақтан қорқатын қоян жүрек мен емес. Өлім біреу ақыры.

А,солайма? Тында. Өтер, жылдаркетер. Білегіңнің күшіде, епті пысық ісіңде жаяр даңқыңды алысқа. Сені руыңның тірек қазығы деп таныр, сыйлар. Бірақ күнің қысқа.Тіршіліктің баз қызығы нені татып, өмір құнын енді түсіне бастағанында,бақыт құшқан шағыңда туыстарыңның да,жауларыңның да қарғысын алып өлесің.

Кебек қорқынышты шалдан көзін алмай тыңдап қалған.

- Алдамаймын мен. Келеді ол уақыт. Тау арасындағы ағынды


өзен жағасында қызбен кезігесің. Қазір-ақ көріп тұрмын. Жындарым көрсетіп тұр: ұзын бойлы, еліктей сымбатты, шашы қарғаның қанатындай қап-қара, маңдайы биік, көзі күзгі түндей тұңғиық,теңіз түбіндей терең. Осы қыз әйелің болады, соның жолында қаза
табасың сен".

Осыны естіп Кебек үйіне қайтады. Арада бірнеше жыл өткен. Кебек даңқы алысқа жайылған батыр болады. Бір күні бүркітін алып түлкіге шығады. Қызды-қыздымен, аңшылық әсермен жүріп Хан тауынан асып, қарсы ру, жауласып жүрген ел - матайлардың жеріне қалай өтіп кеткенін өзі де байқамай қалады. Ол кезде қас қарайып кеткен. Үйге қайтпай, қоналқыға таяудағы ауылға беттегенде, бір қызға жолығады. Сұлу. Кебек оны бұрыннан білетін сияқты. Еңлік. Жалын сезім екеуінің де бойын шарпып, махаббат құштарлығы алау атады.

Еңлікті әкесі Керей руындағы бір бай шалға атастырып қойған болатын. Қалың малдың да жартысы алынған. Қос ғашықтың ыстық құшақтарына еш нәрсе де тосқауыл емес, сүйіспеншіліктің жалын толқыны ұмар-жұмар тартып әкеткен. Кебек келуі жиі. Бір түнде Еңлікті алып, өз аулына тартып береді.

Намыстары күйгендей болған қыздың елі Кебек ауылының малын барымталап айдап әкетеді. Пәле басталды. Елді ел шабады. Барымта. Соғыс. Өлім. Екі жыл итжығыспен, жұлқысумен шаршап, шалдығып барып орта биге жүгінеді. Қорқау би Кеңгірбай төрт айлық балалары бар Кебек пен Еңлікті Тоқтамыс жоқта қолға түсіреді. Жүз кісіні Кеңгірбай бастап, сонша қарсы елден еріп, Еңлікпен Кебекті жазалау үшін Ақшоқы биігінің басына жиналады. Кеңгірбай сырт көзге Кебекті арашаламақшы боп жалған қабақ білдіргенімен, іштей оның өлімін тілейді. Өйткені Кебек бел алып, беделі есіп, ел ішіндегі өзімен иықтас адам болып бара жатыр еді. Билікті ешкіммен де бөліскісі келмейді Кеңгірбайдың.

Ақыры Кебек пен Еңлікті тасбауыр жандар ат қүйрығына байлап өлтіреді...

Кебек - жаудан қайтпас ер жүрек, жар сүйген жалынды жігіт. Екі елдің шоқпар сілтесіп, қарсы шабысып тұрған жаугершілігіне қарап, қорқып бас сауғаламайды. Сүйген жарын алып қашады. Ескі әдетпен батыр махаббаты үшін күреске түседі.

Абыз бейнесі бір жағынан болашақты болжауды-көксеген ел арманынан хабар берсе, екінші жағынан халық нанымының балалық кезеңін, тағдырға, талайға илануды көрсетеді. Әңгімеде Еңліктің портреті берілген. Ұзатылғалы отырған бойжеткеннің ұнатқан жігітімен көңіл қосып, тұсау кесуі - оның азаттықты тілеп, батыл басқан қайратты қадамы. Жасықсыз екі жасты аяусыз өлтірген қатыгез әдет әңгімеде жазғырылып отыр. Кеңгірбайдың Кебекті бақталасым деп өлімге итеруі ашық айтылады.

"Еңлік - Кебектің" қағаз бетіне түскен бүл бірінші нұсқасында халықтық сарын, халықтық идея басым. Тілі, сюжеті, композициясы, стилі, образдары - барлық көркемдік компоненттері жіптіктей болып тұрмаса да бұл әңгіме осы қасиетімен құнды.

"Дала уәлаяты" газетінің 1900 жылғы 46-санында жарияланған нұсқа "Қазақ тұрмысынан хикая" деп аталды. Алғашқы варианттан бірнеше өзгешелігі бар. Мұнда жігіт Кебек емес, Серғали, Қыз аты - Қанлық. Абыздың аты - Келдей. Тоқтамыс - Бесқабан, Кеңгірбай Шалпақ деп берілген. Шыңғыс, Хан, Ақшоқы сияқты таулардан басқа Далаған Бүркіттау деген жерлер де айтылады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет