Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет2/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Абыз қобызын сарнатып, көк терге түсіп Серғалидың келешегін болжайды. Жігіттің батырлық даңқы жайылатынын, "ұзын бойлы, еліктей сымбатты, шашы қарғаның қанатындай қап-қара, биік қабақ, көзі күзгі түндей тұңғиық, теңіз түбіндей терең" сүлу қызбен ұшырасып, қосылатынын айтады. Көп өмір сүре алмайтынын да жасырмайды. Батыр, Абыз айтқандай, Қаңлық қызға жолығады, онымен қосылады. Екі ру бірігіп, екеуін ат құйрығына тағып өлтіреді. Бесіктегі бала шырылдап, иесіз тауда қалады.

Бірінші нұсқадағы сюжет желісі, образдар қалпы сол күйінде сақталған. Серғалидың кейпі - Кебектің кейпі. Абызбен кездескендегі айтылатын сөздер бірінші нұсқадағының дәл өзі. Сөзбе-сөз келеді. Жалпы 1900 жылғы нұсқада адам аттарындағы бірер өзгеріс болмаса, ол 1892 жылғы әңгіменің көшірмесі. Еңліктің атастырылған адамының айтылуы, әңгіменің Кебеков деген молланың аузынан берілуі, ұсақ қосымша суреттеулер - 1900 жылы қосылған анахронизмдерден мынадай ойға келеміз: "Дала-уалаяты" газеті жыл аяғыңца жаңа оқушылар тарту мақсатымен сегіз жыл бұрын басылған әңгімедегі адам аттарын әдейі өзгертіп, қайтадан жариялаған секілді. "Еңлік-Кебектің" 1900 жылғы нұсқасы алғашқы вариантты қайталап шықты. Қажетсіз ұсақ бұрмалаулар аңыздың негізгі сарынына нұқсан келтіре алған жоқ. Адал махаббатты дәріптеп, қара жүректілікті айыптаған халықтық идея бұрынғы күйінде қалды.

Үшінші нұсқа - Мағауияның "Еңлік - Кебек" поэмасы. Ол Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы архивінде сақталған қолжазба бойынша 1960 жылы "Дастандар" жинағында басылды. Мағауия "Еңлік - Кебегінің" оқиғасы, сюжеттік желісі, композициялық құрылысы 1892 жылғы нұсқамен арналас. Ақын образдарды біршама айқындап, бұрынғы идеяны өзінше саралай түскен.

Руы Кебек ердің Жуантаяқ,

Елі үшін жанын салған аянбай-ақ,

Зор көкірек, ер сөзді адам еді,

Сол ерлігі түбіне жетті бірақ, -

деп жас батыр іш тарта суреттеледі. Абыздың келбеті, бал ашардағы жүзінің құбылуы, дене қимылдары бұрынғы нұсқалардағы қалыпта берілген. Биік қабақ сұлу қызбен кездесетіні, ажалы жететіні де бұрынғыша. Мағауия поэмасында Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесуі ұзағырақ суреттеледі. Әңгіме варианттарында Кебек пен Еңлік екі қайырымға келмей көрген беттен ғашық болды деп келте қайырылса, поэмада қыздың кескіні, жүріс-тұрысы, киімі кең сипатталып, махаббаттың оянуы, тағдыр жазмыштан емес, адам баласына тән сезім екендігі нанымды бейнеленеді.

Тіп-тік жаурын, нәзік бел, бұрымы ұзын,

Салмақпенен салады қара көзін,

Жауап берсе қалжыңңға сондай ұста,

Ешкім сөгер жан емес айтқан сөзін, -

деген жолдар арқылы Мағауия психологиялық портрет жасауға ұмтылады. Кебек батырдың жас сұлуға ынтығуы оқушы жүрегін қытықтайды, ақын өмір шындығын дәл көрсетпек болып, реалистік мәнермен Еңлік бейнесін табиғи қалыпта кескіндейді.

Мен сізге жар болып ере алмаймын,

Ел-жұрттың мазағына көне алмаймын.



Көңілім қанша елжіреп тұрса-дағы

Жар болам деп уәде бере алмаймын.

Мұнда қоспа жоқ. Өз дәуірінің бел баласы шыққан орта, өскен аймағының моралінен қия басып, тая соқпайды. Махаббат деп аһ ұрған жас жүректі ыстық сезім тебірентсе де, салқын сабыр басу айтады. Бірақ жүректің аты қашан да жүрек. Бабына түсіп, кезіне келсе, оған әмір жүрмейді. Адам жүрегі азаттық пен әділет құлы әмәнда. Әуелде аяншақ, көрбала Еңлік артынан Кебекпен көңіл қосып, асыл, ыстық махаббатгың бал күндерін бастан кешеді. Поэмада Кебек Еңлікті алып қашқаннан кейінгі оқиға асығыс баяндалады. Бұрынғы нұсқалардағыдай бір-біріне жасаған қоқан-лоққысы, барымта соғыстары суреттелмейді, екі жастың романтикалық махаббатының трагедиялық финалы бейнеленеді. Алғашқы екі әңгімеде Тобықты биі Кеңгірбайдың Кебекті ұстап беруі бақталастық, ертең өз орнымды басады деген қауіп болып көрсетіледі. Поэманың бір жаңалығы Кеңгірбай бейнесі жаңаша пайндалған. Ол қыз қайнынан пара алады.

Кеңгірбайдың зымияндық қулықпен әскер жиып, Кебек пен Еңлікті алдап қолға түсіруін жете баяндау, қандыауыз бидің опасыздығын әшкерелеу Мағауия поэмасының сыншылдық күшін, әлеуметтік салмағын үстеп тұр. Кебек пен Кеңгірбай диалогтарынан бірінің өр мінезі, қайраты, қайсарлығы көрінсе, екіншісінің мысық табан жымысқылығы, найза байламас аярлығы аңғарылады. Кебек:

Бұл пәле бәрі сенен, Кеңгірбайым,

Қызды берме бітімге малшы дайын.

Егерде сен қызды беріп қойсаң,

Өмір бойы жау болам жасырмаймын, -

деп өлім тұзағы мойнына лақтырылған сәттің өзінде қайтпай соғады.

Кеңгірбай Кебекті ат қүйрығына байлатып өз қолымен өлтіреді де, Еңлікті атастырылған жеріне береді. Аяғашқыда ата жолын кесе көлденең өтпейтін жуас Еңлік характеріндегі эволюцияны Мағауия жақсы көрсеткен. Кебектей батырды жар етіп, ыстық махаббат жолында күреске түскен жас сұлу азуы алты қарыс қабан биге лағынет жаудырады.

Кеңгірбай ит екенсің дінің қатты,

Жүрмісің көрмеймін деп ғарасатты.

Не жауапты бересің пара алғанға,

Би алдына барғанда әділетті.



Мағауия поэмасы да екі жастың өлімімен, емшектегі нәрестенің елсізде қалуымен төмам болады. Ақын аңыз оқиғасы мен сюжетіне күрделі өзгеріс енгізбесе де, Кебек, Еңлік, Кеңгірбай образдарын бұрынғы қалпынан бір шама тереңдетіп, дамытьш, сьншылдық рухтағы поэма тудыра алды.

Төртінші нүсқа - 1912 жылы Семейде жеке кітап болып басылған "Жолсыз жаза" поэмасы. Ескілікті жақсы білген шежіре ақын Шәкәрім Еңлік - Кебек оқиғасы 1780 жылдар шамасында болды деп дәл көрсетеді. Ақтабан шұбырындыдан кейін қазақтардың Сырдан кетіп, Шуға, Арқаға қарай аууы сөз болады. Бұл поэма да Кебекті таныстырудан басталған. Бұрынғы варианттарда жоқ ерекшелік - жас батырдың портреті.

Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты, жаяу бәріне бірдей мықты.

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы, тапалдау кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын сайлап,

Соғыс десе тұрмайды қойса байлап,

Жауға батым, жақынға және әдепті,

Кішіні іні, үлкенді - ағатайлап.

Оқиға белгілі арнадан аумайды, сол із. Алдағы өмірін болжатуға Кебектің Нысан Абызға келген беті. Ақын Абыздың динамикалық, жанды кескінін жасай алған. "Арнап-сарнап, бұлдырап-ұрлап, шымырлап-сыбырлап" тәрізді етістік ұйқастар үйіліп-төгіліп, бірін-бірі өкшелеп, Абыз қимылының нақты картинасын көзге елестеткендей болады. Бұдан кейін Кебектің дәстүрлі аңға шығуы бар. Осы эпизодтан Абай өлеңінің игілікті әсерін байқау қиын емес. Сылдыр сөзден қашып, сурет жасауға, образдылыққа мән беру жағы көзге түспей қоймайды.

Автор Кебек пен Еңліктің алғаш жолығысуын бұрынғы нұсқалардағы дәстүрмен шолақ қайырмай, мол, әрі қызықты суреттеген. Поэманың ең көркем тұсы - Кебек пен Еңліктің арасындағы сырласу эпизоды. Диалог ауқымынан шығып, ұзақ монологқа айналып кеткен жолдарда жастар сыры шертіледі. Образдардың іштей ашылуы олардың сөздік сипаттамалары арқылы бейнеленуі үлкен ақындық шеберлікті көрсетеді.

Басқа нұсқаларда Еңліктің үй-жайы, әке-шешесі айтылмаса, "Жолсыз жазада" оның жалғыздығы, еріксіз ұзатылып отырғандығы, әкесінің жас күнінде батыр болғандығы, нағашысы Қабанбай екендігі баяндалады. Тұрмыстық детальдар - қонақ күту әдеті, ат жайғау, дәм беру тертібі бейнеленеді. Жал-жая, қазы-қарта, қарсақ жон сорпа айтылады.

Еңлік образын пайымдауында да сонылық бар. Сөз айтушы жігіт емес, қыз. Бұл жағынан алғанда Еңлік Онегинге бірінші боп хат жолдаған Пушкин Татьянасының қылығын еске түсіреді. Батылдықты айтып отырмыз. Тұсау әдет, жөнсіз жоралғыны аттап өткен сүйіспеншілікті, сезім азаттығына ұмтылудан туған еркіндікті айтып отырмыз. Болмаса орыс қызы Татьяна мен қыр перзенті Еңліктің алған тәрбие, көрген орта, түйген байламдары да, мінез-құлқы да, тағдыр-талайы да екі басқа екендігі әркімге түсінікті.

Еңлік жас батыр Кебекті сезім бөлісер, қуаныш-рақатқа, күйік-қайғыға ортақтасар бастас, қамау-қапастан алып шығар ер-азамат деп мұңын шағады. Онда да көз жасын көл дария ағызған төмен етек пұшаймандық емес, наз бен қылық аралас жан құпиясын ашу. Адал, ақ, ұзақ махаббатты тірлік медеуі, өмір мақсұты көрген бейкүнә жастың толқыған мөлдір сезімі.

Махаббатты шу деп лау етіп, ақыл, сабырға жол бермей қаулай жөнелетін стихиялы күй ретінде суреттеу - романтикалық сарынға тән әдіс. "Жолсыз жаза" авторы бұл беттен бас тартқан. Еңлік пен Кебек арасындағы ұзақ монологтар реалистік арнада берілген.

Нышан жоқ бет-ауызда, сақал мұрттан,

Бұрын да естуші едім жайын сырттан.

Түн болса ұйқыдан бас көтермейді,

Күндіз асық іздейді ескі жұрттан.

Осындай аз штрихтан-ақ Еңлікті айттырып отырған адамның сырт бейнесінің ұсқынсыздығын, жан сарайының татусыздығын аңғарамыз. Жас сұлудың одан бойын аулақ салып, Кебек ерге шерін тарқатуы табиғи да занды қадам, батыл қадам болып көрінеді.

Еңлік мінезінің ұстамдылығы, аз күндік қызықты аужал қылмас, баянды сүйіспеншілікті тілеген жүрек дүрсілі Кебекпен арадағы ұзақ диалогга жақсы ашылған. Кебектің жігіттік, адамшылық қасиеттері, ақылы, сыншылдығы Еңлік сөзіне берілген жауабынан көрінеді. Әуелі ол жас сұлуды қоршаған әділетсіздік тұманын нұсқап, қорқытпақ болады. Екі ел жаға жыртысып жүрген кез. Бірі Матай қызы болса, екіншісі - Тобықты ұлы. Қалың малын беріп, бүгін-ертең алып кетем деп отырған күйеуді қайтпек. Ез де болса, қор да болса, оның артынан ерген руы, намысын күйттер ағайыны бар. Сонда Еңлік пен Кебек арасында ұзақ тірлік, ерлі-зайыпты баянды өмір мүмкін бе?

Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,

Теңін тапқан сені мен жалғыз мен бе.

Ел шабысып кетті ме соның бәрі,

Алып қашып алды ғой талай пенде.

Еңлік басынан сезім сұлулығын, бұғып қалмас өжеттікті жіті аңғарған жас батыр оны өмірлік досым болар, адал жар деп танып, ыстық құшағына алады.

Онсыз да атысып-шабысып жатқан ел арасына тағы да от түсті. Бүлік от. Қыздарынан айрылған Матай жағының зіл батпан ашуы мен өрттей шапшыған кегі бар.

Аяздай суық сөзбен тұқырта келген, артында аткөпір қалың қолы даяр Матайлар тізесіне Тобықты жағы шыдай алмайды - Кеңгірбай бастатқан, Көбей, Кенбайлар қостатқан билер тобы Еңлік пен Кебекті өз қолдарымен ұстап береді. Тағы да ат құйрығында кеткен қыршын өмір. Тобықты билерінің Кебек пен Еңлікті өлімге байлауы Матайлардын көптігінен, шарасыздықтан, қорыққандықтан жасалған қадам деген сыңай танытылады.

"Еңлік - Кебек" аңызының екі әңгіме, екі поэма түрінде келген төрт нұсқасына жеке-жеке тоқталып, оларды өзара салыстырып шыққаннан соң, мынадай байламдар жасауға болады. Ұсақ ауытқуларды айтпағанда, барлық нұсқадағы оқиға, оның баяндалу реті, аяқталуы, аты аталатын адамдар, негізінен, бірдей. 1900 жылғы нүсқада өзгеріс бар. "Жолсыз жазада" жаңа есімдер айтылады. Адам бейнелерін кескіндеу де ұқсас. Кебек - батыр, Еңлік - асқақ махаббат иесі, Кеңгірбай - опасыз болып көрінеді. Шыңғыстау, Орда, Хан, Доғалаң, Ащысу барлық нұсқада аталады. Қараменде, Көбей, Кенбайлар - "Жолсыз жазада" қосылған адам аттары.

Нысан Абыздың бал ашқандағы сөзі, Еңлік портреті, бүркіт салу суреті сөзбе-сөз дәл келіп отырады. Бірталай тіркестер, жеке детальдар, жаулар үстерінен түскендегі қашу сәті, Кебек мойнына арқан тасталуы. Еңліктің үш тілегі, жөргекте зар қағып қалған бала өзгеріссіз қайталанады. Барлық нүсқа Еңлік пен Кебектің өлімімен тынады. Кеңгірбайдың екі жүзділігі, Тобықты, Найман руларының тасбауырлығы, опаттың бас себебі тағдырдың бұйрығында, жазмыш күшінде деген идея барлық нұсқада бар.

Драмалық шығармаға арқау болғанға дейін аңыз қолдан-қолға өтіп, сараланып, оньщ тұрақты сюжеттік желісі тартылып, образдар қалпы айқындалып, халықтық идея дестүрлі арнаға түскен еді.

Әуезовтің тырнақалды пьесасының образдар жүйесін, драматургиялық, жанрлық табиғатын сөз қылу аз. Аса күрделі шығармашылық тұлғаның эволюциясын, оның эстетикалық-философиялық сатыдағы өсу жолын көрсету қажет. Бір жағы тұрпайы социологизмнің қала берді, кеңестік саясаттың әдебиет шығармаларын объективті бағалауға жасаған зияны, екінші жағы жеке адамға табыну кезіңдегі субъективті себептер Әуезов шығармашылығының алғашқы дәуірін нақты, дәл топшылауға мүмкіндік бермеді. Жас жазушының кемшілік-қайшылықтарының диалектикалық себептері ашылмады. Кейбір пікірлер көркем өнердің күрделілігін үғынбай, құр дақпырттан шығып жатты, ол шынайы эстетикаға жат, өткінші қүбылыс болатын.

Отызыншы жылдардағы белсенді сьшшы Ғаббас Тоғжанов "Әдебиет жөне сын мәселелері" (1929) деген кітабының бір бөлімін Мұхтар Әуезовке арнаған. Шығарма ішіне бойламай, нақты материадды талдамай, әйтеуір Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ тұрмысы суреттелді деп сыншы Әуезовті жазғырады. Бұл пікір бірталай уақыт тұтас концепцияға айналып кетті.

Осы ретте Мұхтар Әуезовтің 1932 жылғы белгілі хатын кесе-көлденең тарта беру орынсыз сияқты. Ауыр кезең тудырған түрлі субъективті жайттардың әсерінен Әуезов өз қайшылықтарын тым асыра, дабырайта көрсетуге мәжбүр болды1. "Еңлік - Кебек". "Бәйбіше-тоқал", "Қарагөз" трагедияларынан, көптеген әңгімелерінен, повестерінен безініп шығуын осымен ғана түсіндірсек керек.

Автордың өзі бойьш аулақ салып, ат-тонын ала қашқан сол шығармалардың кейінгі тағдыры не болды? Рас, "Еңлік - Кебектің" алғашқы нұсқасы, "Қарагөздің" алғашқы нұсқасы көп редакцияға ұшырады, екінші рет 1960 жылы жарияланған "Бәйбіше-тоқалдан" бір көрініс қысқартылды, өзге жеріне қалам тиген жоқ.

Қалың қауымды мол қуанышқа кенелтіп, әдебиетіміз үшін ерекше бағалы олжа болып, 1960 жылы шыққан әйгілі "Қараш-Қараш" жинағының ішіне енген әңгімелерді алып қарайық. Бұрын романнан үзінді деп саналған "Заман еркесі" (1923-25) әңгімесінің аты - "Сөніп-жану", "Қазақ қызы" (1925) әңгімесінің аты -"Кінәмшіл бойжеткен" болып қайта қойылды. "Қараш-Қараш оқиғасы" повесінің алғашқы эпизоды жаңадан қосылды. Көптеген әңгімелер, повестер кейін болар-болмас стильдік өзгерістерге түскенмен, негізінен тұңғыш жарияланған қалыптарын сақтаған.

Жазушының 20-шы жылдардағы шығармашылығы мен кейінгі шығармашылығы арасын кесіп-бөлу қателік еді.

Филология ғылымдарының докгоры Темірғали Нұртазин былай деп жазды: "Түгелдей алғанда жазушы (М. Әуезов - Р. Н.) жиырмасыншы жылдарда өмірдің елеулі мәселелерін көтерді, ескілігі әлі пәлендей ыдырай қоймаған ауыл тіршілігінде сорақылықтар мол екенін ашты, негізінде жанашыры қанаушы үстемдер емес, қорғансыздар, еңбеккер Жақсылықтар ар намысын қорғаған Бақтығұлдар болды" ("Жазушы жөне өмір" А., 1960, 185-б.).

"Алғашқы шығармаларында-ақ Мұхтар өзінің аса талантты, білімді, мәдениетті, болашағы үлкен жазушы екенін байқатты", - деп көрсетті профессор Бейсенбай Кенжебаев ("Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті", А., 1961, 41-б).

"М. Әуезовтің творчествосының алғашқы кезеңі жазушының әр түрлі көңіл-күйде бола тұра, негізінен халық өмірінің шындығын жырлағанын байқатады. Соның өзінде оның суреткерлік таланты реализмге опасыздық жасаған жоқ", - деді филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев (Сәкен Сейфуллин, А., 1962, 112-б.).

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі Мұхамеджан Қаратаев М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі әңгімелері "қазақ совет әдебиетінің тұңғыш реалистік шығармаларына жатады", - деді ("Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы" А., 1965, 133-б.).

Бұл пікірлердің барлығы бір арнаға құйып жатыр: Әуезов творчествосының күрделілігі жақсы айтылған.

Мұхтар Әуезов неге "Ендік - Кебекті" жазды?

Көркем шығарма аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайды, бұл -эстетиканың белгілі шындығы. Талант тәжірибе, біліммен қоса, ең басты, ең негізгі, ең шешуші фактор - жазушының дүниетанымын, санасын қалыптастыратын өскен орта, әлеуметтік қоршау. Тақырып беретін де, образ ұсынатын да сол орта, сол қоршау.

Өнер мен өмір арасындағы байланыстың бір қырын осы заңдылық айқын көрсете алады.

"Еңлік - Кебек" трагедиясы автордың "өткен өмірді аңсауынан" туған жоқ. Қаршадайынан құлағына сіңген, өзі жаттаған тамаша аңыз драмалық шығармаға жақсы материал болды. Жас Мұхтардың ең жақсы білетіні өзі өскен орта, төңкеріс алдындағы қазақ аулының жай-күйі, тұрмысы, тарихы, адамдар психологиясы болса, оның сол туралы толғанбай тұруы мүмкін емес еді.

Спектакльді қоюшылардың бірінің жазғанына қарағанда екі киіз үй қатарластырылып тігілген. Қазіргі ұғыммен айтқанда бірі - сахна, екіншісі - зал есепті болған. "Енлік - Кебектің" 1917 жылы, мамыр айында қан жайлауда қойылған тұңғыш қойылымына жиылған көрермен саны жүзден асыпты. Бір қызық деталь - ойынға елу тиыннан билет сатыльш, барлығы 54 сом 50 тиын жиылыпты. Бұл ақша Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың пайдасына жөнелтіледі.

Абыз болып Зікәйіл, Кебек болып Ақкенже, Еңлік болып Ахмет, Еңліктің шешесі Қалампыр болып Жағыфар, Жапал болып Жебірейіл, Кеңгірбай болып Ысмайылхан, Көбей болып Құтайба, Еңліктің әкесі Ақан болып Бастами деген жігіттер ойнайды. Спектакльді қоюшы режиссер де, ойнаушылардың ұмытқанын есіне салып жіберетін суфлер де - Мұхтар Әуезовтің өзі.

Әуезовтің творчествосында да, қазақ әдебиеті тарихында да айрықша орын алған "Еңлік - Кебек" пьесасының тақырыбы, образдары, идеясы аса қызықты мөселе.

Тұңғыш вариант туралы сөйлегенде жүгінеріміз - 1922 жылы Орынборда басылған кітап, автордың өз қолжазбасы сақталмаған, жоғалып кеткен.

"Еңлік - Кебек" жайлы алғашқы сын мақалалар шығарманың идеялық-көркемдік қуатын сараптайтын профессионалдық биік деңгейде емес, олар сахналық ойын туралы қысқа рецензия түрінде келді.

Пьесаның сахнада қойылуына арналып жазылып, "Еңбекші қазақ" газетінің бетінде басылған үш мақала көңіл бөлерліктей. "Кеше Қазақстан мемлекеттік ұлт театрында Қазақстанның о жақ, бұ жағынан шақырылған сауыққойлар мен Қызылорда әуесқойлары тізе қосып "Еңлік-Кебекті" ойнады", - деп жазды газет2.

Мақала авторы спектакльді сөз ету үстінде киім жетімсіздігін, декорация жүдеулігін сынайды. Сахна жабдығының пъесадағы қалыпқа лайықты болуын, артистердің образ бітіміне сай киінуін, декорацияның "Еңлік-Кебек" оқиғасы өткен жерлердің нақты суретін бейнелеуін талап етеді. Тарихи жағынан өте қажет нәрсе - артистердің аты-жөнін айтпаса да сыншы олардың ойындарындағы табысты, олқылықты бірсыдырғы көрсетеді. "Кітаптағы оқиға тарихи шын оқиға, жиналған жұртпен театр үйі лық толды. Қазақстан астанасының Орынбордағы кезі болсын, Қызылордаға келген соң болсын, қойылып жүрген ойындардың ішіндегі бір өңдісі болып шықты" деген сөйлемдермен рецензент пікірін түйеді. Бұл мақала қазақ театры сынының драматургияны өкшелеп жаңа туып келе жатқан алғашқы кезеңіңдегі бір нұсқа секілді.

Екінші мақалада Абыл, Көбей, Кебек, Еңлік, Кеңгірбай образдарының қалай ойналғандығы сөз болады. Мұнда да артистердің аты-жөні айтьшмайды3.

Үшінші рецензент спектакль жайын сөз етумен қоса трагедияның кейбір кемшіліктерін көрсетуге тырысады.

"Пьесаның құрылысы сахнаға ауырлық көрсетеді"4 деген байлам сол кездегі қазақ театры мүмкіндіктерін ескергендігіне дау туғызбайды.



Мақалада "Еңлік - Кебек" пьесасында ойнаушылардың аттары айтылады. Мұның ішінде қазақ театры өнері іргесін қалаған, халықтық топырақтан шыққан сом таланттар Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқүлов, Елубай Өмірзақовтар бар. Бұлбұл көмей ұлы әнші Әміре Қашаубаев, таудан құлаған селдей тасқынды ақын Иса Байзақов "Еңлік - Кебекті" алғаш орындаушылар қатарында. Абықай, Латиф, Батиха, Оразке сияқты тұңғыш артистер де аталады. Рецензент Еңлік роліндегі Жанбикенің ойынын талдап, орыңды талап қояды. Артистердің дауыс мәдениетіне, дикциясына қатысты ескертпелер де бар.

Осындай бағалы жақтарымен қоса, бұл мақалада үшқалақ, орынсыз пікір де шаң берді. Кейде автор диалогтарды жай салғыласу деп ұғады. Қаһарман басындағы психологиялық аса шытырман халді ескермегендіктен сыншы Еңліктің қоштасу өлеңін қажетсіз дейді. Әуезовтің "ескішілдігі, баяғыны жақтайтыны" деген дәлелсіз, жалған пікір де мақалада төбе көрсетті.

Мұхтар "Еңлік - Кебегінің" сюжеті негізінен халық аңызының бұрынғы әңгіме, поэма түрінде келген нұсқаларының іргесінен тарайды. Екі ел арасында нақты болған оқиғаның драма материалы екенін үғыну - жас қаламгердің жазушылық көрегендігін аңғартады. Бұл ретте Әуезов Шекспирді еске түсіреді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет