Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет3/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
"Махаббат машахаты", "Жазғы түнгі түс", "Виндзор қулары" - Шекспир осы үш-ақ шығармасының оқиғасын өз жанынан шығарған, ал қалған пьесалардың сюжеті басқа авторлардың шығармаларында айтылган жәйттер. Қазақ тіліне Әуезов аударған "Отеллоны" алайық.

Зерттеушілер трагедия сюжеті жазушы Джиральди Чинтионың новелласы сюжетін қайталайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ұсақ деталь ұқсастықтары да бар екен. Бірақ байыпты үңілген адам екі шығарманың арасындағы жер мен көктей айырмашылықты көреді. Чинтио новелласының идеясы - қызғаныштан туған қанды кек. Новеллада Мавр мен Дездемона арасына пәле оты тасталады. Мавр Дездемонаны өлтіреді. Ал Шекспирдің үлы драмасының түп қазық сарыны - қызғанышты көрсету емес, алданған сенім зары, тапталған махаббат трагедиясы.

Жас Әуезов халықтық аңыздың бұрынғы пайымдауларына жаңа, мол өзгерістер енгізіп, шын мағынасындағы сахналық шығарма тудыра алғанын көреміз.

Әуелгі нұсқаларда Кебек пен Еңліктен басқа бірер адамның ғана есімі аталса, пьесадағы персонаждар: Еңліктің әкесі Ақан, шешесі Қалампыр, Абыздың әйелі Таңшолпан, Еңліктің әмеңгері батыр Есен, Найман билері - Жомарт, Еспембет, малшы бала Жапал, Қосдәулет, Жәуетейлер - Әуезов өз жанынан қосқан соны адамдар. Рас, 1912 жылғы нұсқада аттары айтылмаса да, Еңліктің әке-шешесі, қойшы бала азырақ сөз болатын.

Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырьш, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады. Сюжеттік желінің тартылуы, композиция құрудағы шеберлік қаламгердің драма заңдылықтарын жақсы білгендігін көрсетеді.

Пьеса Абыз монологынан басталады.

"Жаратқанның жарлығына ризамын, аз ауыл тобықтының алақанына салған батагөйі қылды. Сақал-шашым ағарғанша түғырымнан тайғаным жоқ. Қарқара би-төре, батыр-балуан әлі де болса алдымнан өтеді, оң батама ынтық болады. Келе жатқан күндерді, көмескіні болжамасам да болатынына сенеді".



Нысан Абыз шынын ақтарып отыр, өзек жарды сырын айтып отыр. Ру намысы - оның намысы.

Кемпірі Таңшолпан - Абыздың қас-қабағын баққан, соның күйін күйттеген жұмсақ жан. Абыздың Таңшолпан, Таңшолпанның Абыз туралы сөздерінен олардың өмірінің тыныш жағаға, момын кәрілік қойнауына қарай бет алғанын аңғарамыз. Абыз ру таласының құйын додасына бел шешіп түсетін адам емес, сырт көз, жай бақылаушы, бал ашып, болжам жасар батагөй ғана.

Өз елі батырларының шоқпары жау тобына батым тисе, салқын қоңыр көңіліне әлдеқандай бір желік, даурық кіргендей болады. Алғашқы көріністерде Көбейді, Матақты, Кембайды, Абызды туыстастыратындай бір жәйт бар. Ол - төртеуінің де өз руларының атын естісе желігіп тұрғандығы. Қарсы елді қапысын тауып, жерге отырғызып кеткен әр қадам бұлар үшін қисапсыз қуаныш, зор бақ сияқты.

Кебек аты алғаш рет осы Абызға сәлем бере келген билер аузынан естіледі. Батырды сырттай мінездеу бар. Сыр сипаты, адамшылық қасиеттері емес, жаугершілік күндегі білектің күші мен жүректілік айтылады. Сақал-шашы аппақ қудай, дүние қамынан қалып бара жатқан Абыз да, емшегін сауып, тіл мен жақтарына сүйенген, өздерінше жұрт намысын жыртқан болып жүрген арқалы билер Көбей, Матақ, Кембайлар да - түгел мәз.

Селдей қаптап келіп, қайта басылған матайлар ашу-кегінің себебі алғашқы көріністерде ашылмаса да, пьесадағы қабырғалы тартыс майданының өрті осы рулар арасындағы қырсықты бәсекеден лап беретіндігін іштей сезе бастайсың. Сахнаға Есен батырдың шығуы бұл ойды әбден бекітеді. Ол да киелі шал, дәулескер балгер Абызды іздеп келген.

Кеудесі басылмаған батыр дауылдай ұйтқиды. "Кездескелі ізденіп жүргенім - өзіңнің батырың Кебек", - деп салады Есен. Абыздың өзімен ұстасып, кесесіп кеткенін жасырмаған түрі бар.

Басында Көбейлердің айтуында, ержүрек қаһарман боп суреттелген, соңынан Есен аузында оның ата жауы боп көрінген Кебектің абыз алдына келу көрінісіне жіті көз тігіп қаласың. Кебек биязы, сынық мінезді қалпын танытады. Шусыз, даңғазасыз салқын сабыр бар бойында. Өз қайратына сенімді адамдарда болатын жақсы ірілік.



Кебек: "Оқ астында, найза ұшында, кездесіп қалып жүруші ем. Ажал күнім қашан екен, соны болжап берсеңіз деп ем", - дейді. Кебек характерін өзінше пайымдап, оның аузына соған лайықты сөз салғанымен, Әуезов бұл көріністе, негізінен, "Енлік-Кебектің" бұрынғы нұсқаларындағы дәстүрлі арнадан алшақтамайды, Абыздың: "Аруағын өрмелеп келе жатқан ұлымсың, жаман-жақсы сөз естіп жабығып қалмасаң", - деуі де тұрақты канон.

Қобызын алып сарнап, бал ашып ақыры былай дейді: "Қырда ма, тауда ма, таста ма, кешікпей бір қызға кез боласың, сол қызбен қосылып қызық, ұзақ дәурен сүресің". Рас, бұрынғы нұсқаларда Абыз Кебектің өлімін кесіп айтса, Әуезов пьесасында ол жоқ. Бірақ жазмыш бұйрығы, тағдыр күші деген жалған, қажетсіз сарынды мүлде алып тастай алмаған.

Абыз бата береді. Бірінші перде сонымен бітеді. Оның өзі де, кемпірі де бұдан былай оқиғаға араласпайды. Алғашқы пердеде "Еңлік - Кебектің" бұрынғы нұсқаларынан не бар деген сұрауға жауап іздесек, мынаны айтуға болар еді: бір-ақ деталь - Абыздың Кебекке бал ашуы. Қалған ситуацияларды: Абыздың үй-ішілік тірлігін, кемпірімен қарым-қатынасын, Көбейлердің ел арасының әңгімесін айтуы, Кебекті сырттай мақтауы, бата тілей келген Есен батырдың қылығы - түп-түгел соны жайлар, жаңа ситуациялар.

Қаһармандар характері бір-бірімен қақтығысқа келіп, пьесадағы өзекті конфликті жылжып кетпегенімен, бірінші пердеде үш түрлі мінез-құлық ерекшелігін көреміз. Ру намысы деп қаукөкіректерін соққан Абыз, Көбей, Матақ, Кембайлар бір төбе болса, маңдайына тас тимеген батыр Есен мақтан күйттеп ол отыр, ашылып ақтарылмаған сыпайы батыр Кебекті іш тартасың. Нөсер төгер қара бұлттай тартыс қатайып келеді. Не болар екен?

"Ақанның үйі. Қысқы кез, айнала киіз ұстаған. Найза, шоқпар, ұсталған шымылдық. Ортада қазан асулы. Қалампыр от жағып отырады. Ақанның қолында таяғы бар".

Бұл ремарка болатын оқиғаға фондық қана қызмет атқармайды, сол дәуірдің тұрмыс кескінін де көзге елестетеді.

Еңліктің әкесі Ақан, шешесі Қалампырдың от басы ошақ қасындағы күңкілінен олардың өмірінен, мұң-шер, қайғыларынан хабардар боламыз. Бұлар ұл жоқтығын зар тұтады.

Дүниеден кешкенде артта қалған, жиған-терген мал-мүліктің иесі - мұрагер кім? Еркек кіңдікті. Соңында ұлың қалса, атың өлмейді, түтінің сөнбейді. Ұлсыз адам - құрдым, қубас. Өлді - бітті. Ақан мен Қалампыр осылай шерлі ой толғайды. Тірліктегі аз медеу, қысқа қуаныштары - Еңлік.

Есенмен Ақан үйіңде және кездесеміз. Алғаш ұшырасуда сыр берген даңғой батыр сол қалпы. Қыз әкесіне: "Еңлік бұл күнге шейін жауап берген жоқ. Сөзге сараң, бойына дарытпайды. Бүгін өз аузынан байлаулы сөзін естігелі келдім", - деп тағы да рабайсыздыққа басады. Еңлік пен Есен арасындағы алғашқы шарпысу - шебер жазылған реалистік, психологиялық диалог. Қыз бен жігіттің әрі характерлері ашылады, әрі тартыс өрбиді.

Даңғой Есен тікесінен қойып қалады. Сөзді қырмызыдай тал-дап жату оған бітпеген қасиет. Бір сезім күйінен екінші халге ауысуы да оңай. Тұтануы да тез, басылуы да тез.

Есен осалдығын біліп алған Еңлік соған орай тіл қатады. Әйтпесе оның теңі даңғой, мақтаншақ, ұрт, аңғал Есен бе еді. Сөзбен алдарқатып, маңына жуытпаудың амалы.

Ізін аңдып, қыр соңынан қалмай жүрген Есен ашылды ақыры. Айтты. Көкейін тесіп жүрген көмей ойын шығарды сыртқа. Бітеу жара жарылды. Еңді сөздің басы ашық. Туыс намысы емес, Есеннің қуып жүргені өз күйі. Еңлік сезімінің түнық айдынын Есен атқан қара тас олқын-толқын етті.

Күрделі психологиялық сәт. Есен сөзін Еңлікті еркелетуден бастап, қорқытумен аяқтады. Жас сұлуды құшу үмітінің жіңішке сәулесі жылт етті де, сөнді. Сақтап келген көмбесін Есен батыр ашуы мұң екен, шайпау қыз бассалды: "Әдепті бол. Қайынағалық жолыңды біл", - деді-ау. Бағынуы, илігуі жоқ, кеуде қаққан өр қыз. Тосты, күтті Есен. Кімді-кім...

Қыз жүрегі тулап тұр. Қызылға шүйліккен құзғындай Есен түрі әлгі. Тұра ұмтылса, оның қолынан қорғансыз қызды кім алар. Арашалар дос қайда. Паналайтын тұс қайсы. Үйден шыға алмай шөгіп қалған қарт әке ме. Бойы дір еткендей. Жабы болып, жерге қарап өскен жоқ Еңлік. Келер сөздің кезегін жібермейді ешкімге, тайқи соқты деп Есеннің өзі де айта алмас. Алдағы күннің не дайындап тұрғанын көріп алар.

Бір ілмек тартыс байланды. Есен - Еңлік арасы. Есен алам дейді, Еңлік бармаймын дейді. Мүмкін, Есен сезімі рас та болар, бірақ Еңлік көңілі оған аумаған. Қайшы тілектер тартысы. Конфликт дегеніңіз де осы ғой.

Драматург Еңлік пен Кебектің тұңғыш кездесу сөтін психологиялық жағынан жақсы дайындаған. Еңлік басына бұлт үйірілген. Сүйіспеншілікті аңсаған жас сұлу өзі ұнатар, жүрек қалар жан кезіксе, қалтқысыз қүшақ жаярдай. Кебек атты жас батыр даңқы шартарапқа жайылып, Еңлікке де жетті. Батыр ғана ма. Төрт құбыласы түгел келген сегіз қырлы дейді ғой. Жұрт мақтаған жігіт қызға жақпасын ба. Көрсе өзін. Бірақ ол жау рудан, жаттан емес пе.

Сол Кебекпен Еңлік өз үйіңде кездесіп отыр. Аң қуған батырды тағдыр өзі айдап кедді. Сөз саптасы, жүріс-тұрысында басқаны былай қойғанда, әйтеуір батыр атаулының дерті тәрізді мінез - тасырлығы жоқ екен. Еңліктің өзі, әкесі, шешесі, қойшы Жапал болып төрт жақтан қыстаған соң, Кебек қонақ кәдесі ретінде бір әңгіме айтады. Қоспасыз, желіксіз баяндау. Есен болса өз басының ерлігін қара борандатып, көбейтіп, өсіріп айтар еді.

Рас, Кебек әңгімесі пьесаның динамикалық жағын әлсіретіп түр.

Есен мен Еңлік шарпысуын жақсы драматургтік шеберлікпен берген Әуезов Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесуін көрсеткенде, ол биіктен шыға алмай қалады. Автор бұл керіністі психологиялық жағынан тиянақты дайындап әкелсе де, Еңлік пен Кебек диалогтарын бұрынғы дәстүрлі ретпен, әсіресе, "Жолсыз жазадағы" пайымдауға ұқсас өрбітеді.

"Жолсыз жаза " поэмасында:

Еңлік айтады:

- Әй, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай,

Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.

Көрінгенге көз сүзген көрсе қызар,

Әдепсіз қыз дейсің-ау әлдеқандай.

Кебек айтады:

- Әй, Еңлік, сөзің рас, нандым саған,

Бәрін ұқтым, жерім - жоқ байқамаған.

Артқы өмірді әзір біз қоя тұрып.

Ойнап-күлсек қайтеді біраз заман.
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма,

Ажал жетсе батырдан жан таймай ма.

Азар болса күйеуің жастау шығар,

Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма.
Жас түзеліп, түрленіп ер жетпей ме,

Бойындағы балалық бір кетпей ме.

Асыққандық емес пе, осы сөзің,

Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме.
"Еңлік-Кебек " трагедиясында:

Еңлік: Батыр, бері таман кел. Менің әлгі айтқан арызымды тыңдап кет. Ұйқыңыз қанар. Бүгінсіз де түн бар ғой. Аз сөзіме көңіл бөл. Көрінгенге көз сүзген әлдеқандай қыз деп тұрған шығарсың. Бірақ сен батыр болған соң, мен шынымды айтсам түсінер деп отырмын.

Кебек: Еңлікжан, сөзіңді үқтым, бірақ бүгінгі күннен үзілді-кесідді сөз байлап, алды-артымызды тұйықтамасақ болмай ма. Жастықтың да достығы бар емес пе. Соны аужал қылсақ қайтеді. Күйеуің жас шығар. Жас өсіп, жарлы байымай ма. Жаман болса, жаман еркекті жақсы ұрғашы түзетпей ме.

"Жолсыз жазадағы" Еңлік пен Кебектің диалогы ретінде келген шумақтарды Әуезовтің пьеса жазу үстінде пайдаланғандығы анық байқалады. Драматург жеке тіркестерді, сөйлемдерді алып, өз қалауынша қайта құрастырған, қажетіне жаратқан.

Есен-Еңлік арасы, Кебек-Еңлік арасы айқындалады. Тартыстың бір қиырында - Еңлік, қарсы басында-Кебек. Сырттай қамшы сілтескен орайлары бар. Драма заңдылығы бұл полюстердің түйісуін талап етеді. Қилы қалыптағы характерлердің бір мақсатқа ұмтылуынан туған конфликтіні құнттау шарт.

Қысылып-қымтырылып жүріп, булығып барып бұрқ еткен сезім алауы Еңлік көкірегін жылы нұрға малған. Арыстанның аузына тартылып бара жатқандай халден құтқарған - Кебек. Риясыз, күнәсіз жастығын батыр жолына бағыштау - ендігі өмірдегі тілек-қолқасы.

Тағы Есен. Драматург қалың тартыс ортасында бұл екеуін әдейі түйістіреді. Осының алдында сес көрсетіп, дүрдиіп жөнелген Есен ашуы тарқамағандай, ызғар шашқан беті бар, дағдылы бүлік.

Есен, Есен. Даңғой, мақтаншақ, өркөкірек Есен. Екі қайырымға келмей, оңай алдауға түсіп қалар аңғал, аңқау, бала мінез Есен. Бар қылығы өз бойына шақ батыр Есен.

Кебекпен серт байласып, уәде қылған Еңліктің Есенді алдарқату көрінісінде комедиялық шуақ күлкі бар. Сахналық жағынан өте сәтті ситуация.

Тартысты үсті-үстіне ширықтыру, психологиялық кризиске жаңа түрткі беру, сөйтіп қаһармандар келбетін кескіндеу реалистік драматургияға етене нәрсе. Шекспир Гамлеті де, Горький Булычовы да, Ибсен Пер Гюнті де, әлем драматургиясындағы толып жатқан ірі характерлер осы тәсілмен қалыптанғаны аян.

Қаражартас түбінде Есен, Еңлік, Кебек кездесіп қалды. Осыған дейін үнемі контрастыда алынып келген екі батыр түйсігі. Абыз алдына әуелі Есен, соңынан Кебек барады. Еңлікке Есен тізе батырса, Кебек құшақ жайды. Жан дүниелері, ішкі сарайлары, сезім-түйсігі, ақыл-білімі бір-біріне кереғар. Дуэльге шыққандай Есен, Кебек. Бұл кездесу "Еңлік-Кебек" пьесасындағы ең күшті ситуацияның - сахналық эффектісі орасан зор, диалогтары өте шыңдалған тұстардың бірі.

Есен Кебекке, Кебек Есенге ұқсамайды. Бұл екеуінен Еңлік алабөтен. Әрқайсысының сөзі олардың характерін дөп басып танытады, диалогтар оқиға дамуына қойылған от сияқты. Сырттай тістесіп, білектің күші мен жүректің сұстылығы ғана емес, жар сүю бақыты табалдырығы алдында бақ сынасып қалған батырлардың қордаланып жиылған ашу ызасы да, көкірек кергізіп жүрген менмен өзімшілдігі де аяқ астынан жарылады. Тамаша!

Біріне сеніп, сүйіп, серт беріп, жар тұтса, екіншісін арқадан қағып, аңғал деп, алдаусыратқан қыз желді күнгі өрттей жалыны бет шарпыған қос оттың ортасында қалды. Тар кезең, тас босаға. Характерлер дойыры қалай-калай сермелді. Қылыш жүзіне табан басқан қыз қадамы не болмақ.

Айлалы Кебек Есен көзінше Еңлікті мүлде танымаған, білмеген кісі сияқты. Сөзі Еңлікке арналғандай болғанмен, жалыны Есенді шарпып түр. Қазақ дәстүріндегі қайынағалық, келіндік жолына мегзейді. Кебектің ащы кекесіні тартысқа, белдесуге бастап отыр. Мұндайдан соң шұғыл мінезді, басынан құс ұшырмайтын Есен шыдап қалмауы керек, оның характерінің табиғи логикасы сол.

Кебек мақсаты сөз жарыстыру емес, Есеннің ішкі орайын аңдау. Өресі мен ауқымына, деңгейі мен тереңіне құрық тастап байқап көру.

Еңлік аддында Есен мінін бетіне басу. Әлдекім, тентіреген бөтен рудан өзі. Шыдамас Есен бұған. "Қыз сынына толам десең, өзің биязы бола бер. Еңлік мені сынап болған", - деп Есен Кебекті жер қылғандай масаттанады. Түбір сөздің түйінін айтқандай мәз. Ағайын-туыстык, рәсімі, қазақшылық ретімен келгенде Еңліктің келіні екенін естен шығарған. Жөн-жосыққа жүйрік Кебек қырқадан бір-ақ шалды. Есенді шауып түсірді. Не демек бұған, айтар жауап қал-ды ма. Ашу қысып, көкірек кернеп барады. Құзар жартас басында соқтығып қалды қос арқар. Ызасы қайда Есеннің... "Шық, жекпе-жекке", Міне, міне.

Ашу, ашу ғана сиынғаны. Кебек те тұтанды. "Айбынды батыр сен болып, қашып кететін қатын мен боламын ба?" Жүрегі кобалжымай, таймай соғар сыңай ғой. Есен бойьш долылық кек толқыны дірілдетсе, Кебек ес тізгінін босатпаған. Шоқпары мен улы тілін қоса сілтейді. "А-а... Кел, кел... Сырлас келініңнің алдында мақтанайын деген шығарсын".

Екі батыр - екі мінез. Бірі ұрт, тарс ашу, кеудемсоқ, екіншісі - сарабдал, айдынды, өр. Бірі - байыпқа бармас, тыз етпе, екіншісі - кеулей қозғар қең қүлаш.

Қанды қара қанжардай шартта шұрт келіп қалған батырлардың арашашысы - есті Еңліктің жалғыз ауыз сөзі. Қылықты қыз екеуіне де байсал табар жөн айтты. Аяқ астынан болғалы тұрған өлімді тыйып тастады.

Шын батыр уәдесінде ұдай тұрар,

Кездесіп қара кезік тұрған шығар.

Бой беріп сабыры мен ақылына,

Уеделі сәтті тосып әлі шыдар.

Жалғыз ауыз өлеңмен Кебекке сыр аңғартады, қыз бойында жарасымды наз да жоқ емес. Бірін-бірі таптап тастар кекпенен тұра ұмтылысқан батырлар Еңлік лебізінен кейін сабаларына түскен секілді.

Есен (теріс қарап). Маған айтқан жұмбағы ғой. Уәделі үш күніне шыдармын.

Кебек. Маған айтты. Кетіп қалма тос дегені.

Қыз емеурінінен ашу жүзіне түскен болар-болмас шуақ сәуле бар. Есен-Кебек арасы күн мен түндей. Арада бұрын елдеқандай буалдыр болса - айықты, жіп болса - үзілді. Екеуі екі жартас басында. Ортада өшпенділік өзені. Я өлім, я өмір. Еңліктей аруды не Есен құшады, не Кебек құшады. Жол біреу-ақ. Не Есен Кебекті өлтіреді, не Кебек Есенді өлтіреді.

Трагедиялық конфликт қыл шылбырдай ширатылып барады. "Кездессек сол жерде оң-терісімізді найзаның ұшы, білектің күші айырсын", - Есеннің соңғы сөзі, батырлардың серт сөзі. Кебек пен Есеннің кездесіп қалған сәті Еңлік үшін қияметтің қыл көпіріндей еді, құтылды одан.

Аңсап тапқан жары, жалғызы - Кебекпен тартты сапарға. Баянды, ұзақ өмір болғай. Махаббаттың жалын құшағындай тірлік тілейді тағдырдан. Өртеніп табысқан жан досы үшін ата-ана, туған жер, ыстық ұя – бәрін қиды дүниенің. Сезім күйінің тоқсан тоғыз тамырды солқылдатқан сыры. Қош, ел. Қош, балалық. Енді Еңлік Кебектікі.

Ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық поэзияның дәстүрлі ізімен астасып жатқан Еңліктің қоштасу өлеңі жүректі сыздатып, көкіректі қысады.

Не бар осы өлеңде?

Қыз жаны жасырын құпиясының ашылып қалған сыры бар. Бой жетіп, сүйіспеншілік шоғына өртеніп, махаббат дариясьша құлаш сермеп, қиын қиырға беттеген жанның мақсат-бағдарсыз өз бетімен тартып бір кеткен күйі ғой. Шідер үзіп бара жатыр. Өріс қайда, бет қандай. Кешір дейді ата-ана. Бәрібір еркелікпен, баяғы бала күндей тағы келіп асылса мойынына, тастар ма еді, қияр ма еді.

Не бар бұл өлеңде?

Алтын босаға қадірі-ай. Жақын-жуық, дос-жаран. Ұмытар ма сені адам. Сендер түгіл, қырқа-бел, өзен-тоғай, қара жартас та сезім бүйірін тоқ етіп жатқан балалықтың сөнбес шырақ естелігіндей, алтын жамбы, бәйтерек іспетті. Қимайды, қайтсін бірақ. Жаңа толқын, қуатты арна тартты, әкетті құшаққа, ыстық махаббат құшағына.

Не бар бұл өлеңде?

Мұң боп төгілген көздің жасы бар. Күрсініс боп шыққан шердің уы бар. Жылап тұрып күлген, ертеңіне ұмтылып буыны босаған, сүйіспеншілік қызуына балқыған жастың мұңлы күйі, жүрек жарды сыры бар.

Тыңдайық Еңлік сырын.

Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім,

Тентек ел талқысына тастап кеттім.

Болсам да шұбар жылан іштен шыққан,

Қарғамас деген сенім сақтап кеттім.

Туған ел, амандасам жас-кәріңе,

Бірге өскен құрбы-құрдас, дос бәріңе.

Жарасқан әзіл-сауық, аға, жеңге,

Аласың мені не деп естеріңе.
Аман бол, Найза шоқы, тоғайлы өзен,

Өрістен қой асатын тұмсық кезең.

Бөрлі мен батыр шыққан Қарауылым,

Ен дала көркі болып жалғыз безен.
Білмеймін қандай асу жолда жатыр,

Құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр.

Сыйынып аруақ пенен бір құдайға,

Ұстадым етегіңнен, баста, батыр.
Еңлік пен Кебек бостандық жағасы, бақыт мекені, сезім еркіндігі қайдасың деп тартып кетті. Есен-Еңлік-Кебек линиясыңдағы конфликт байсал тапқан сияқты.

Бір қарағанда ғана солай. Екі ру арасындағы күрес әуелде Көбей бастатқан билердің сөзінен төбе көрсеткен. Сол тартыстың бітеу жарасының беті тағы ашылды. Біріне-бірі өш, жау екі ру арасындағы арпалыс қайта қоздады. Биік құз басынан жөңкіле құлаған тоқтаусыз селдей ру араздығына ауыздық болар күш жоқ енді. Жалын шашқан жанар таудай сұмдық пәле екі жастың өміріне қатер төгіп, төніп келеді. Ру арасындағы жаңа шайқасқа Кебек пен Енлік ісі сылтау. Дабырайып өсіп, шегіне жете сыздаған алтыбақан алауыздық бұлтының түйісуіне кездейсоқ бір оқиға, титтей себептің өзі жарап жатыр еді.

"Кездейсоқтық ешқандай қызмет атқармаса, тарих мистикалық характер алған болар еді"5, - дейді Карл Маркс. Құбылыстың терең шыңырауында, қат-қабат қалтарыста жатқан зандылық сыртқа шықпай қоймайды, кейде ол кездейсоқтық арқылы көрініс береді.

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет