Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет7/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29

Осылай Қазақстанның шығыс аудандарында қызмет істсгеннен кейін Жұмат Семейге қайтып оралып, 1923 жылдың аяғына қарай губерниялық атқару комитетінің мүшелігінс сайланып, Жер комиссиясының председателі және КазЦИК-тің мүшесі, Россия Кеңестерінің X съезіне делегат болады. 1924 жылы сәуір айында өткен бесінші губерниялық партия конференциясында губерниялық партия комитетінің мүшесі болып сайланады. 1925 жылдың қырқүйегінен 1926 жылдың қазанына дейін Жұмат Бүкілодақтық Кожсиндикат мекемесінің Семей губерниялық басқармасы меңгерушісінің орынбасары.

Бұл қызметтердің барлығы да қозғалмай кеңседе сарылып отыруды, құлаш-құлаш қағаз жазуды, ұзақ жиналыстарға қатысып, көп-көп сөйлеуді, әр түрлі мәселелерді қолма-қол шешіп тастауды талап ететің, мол күш, мол қажыр жұмсауды керек қылатын, әрі жауапты, әрі ауыр жұмыстар екені рас. Сан қилы характермен ұшырасу, небір қызық тағдырларды көру, мемлекеттік маңызды, күрделі істергс қоян-қолтық араласу — Жұматтың қоғамдық көзқарасына көп ықпал жасап, дүниетанымын тереңдетіп, қоғамдық-әлеуметтік қайраткер ретінде шыңдағанымен, оның көкейкесті арманын орындауға, өнер саласында жетсем дейтін мақсаттарын іске асыруға мүмкіндік бере қоймайды. Науқандық тығыз шаралар, қызмет бабындағы шұғыл шаралар бұрылуға қол тигізбейді.

Қызмет арасындағы аз толасты пайдаланып, демалыс уақыттарынан жырымдап жүріп, Жұмат арагідік шығармашылық іспен айналысады; қазақ топырағында тамыр жаймаған өнер — театр мәселелерін айналдырып, әдебиетте өріс алмаған жанр — драматургияға барлау жасайды. Семейде шыққан "Таң" журналының 1925 жылғы бірінші санына "Торсықбай қу" деген бір бөлімді пьесасын жариялайды. Зайсан елінен әкелген үлкен олжасы "Арқалық батыр" трагедиясын жергілікті өнерпаздардың күшімен 1924 жылы қаңтар айында қалалық клуб сахнасына шығарады. Семейде 1920 жылы құрылған драмалық "Ес аймақ" труппасының көркемдік жағын басқарады. Жұмат режиссурасымен Мұхтардың "Еңлік - Кебегі", Сәкеннің "Қызыл сұңқарлары" қойылады.

Сахара үшін жаңа өнердің — сахна өнерінің білгірі деген Жұматтың жақсы атағы республикаға аз уақьптың ішінде тез тарап, оның режиссерлік даңқы бүкіл Қазақстанға жайылады.

Оқу комиссариатының арнаулы қаулысы бойынша Жұмат Шанин Қызылордаға шақырылады. Ол 1926 жылдың қазанынан бастап қазақтың тұңғыш театрының директоры әрі көркемдік жағын басқарушысы болады. Сөйтіп, Жұмат отыздың үстіне шыққанда өзінің өмірлік арманы — ұлт театрын қүру жұмысына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп, оның берік іргетасын қалайды. Қазақ актерлерінің талантты тұтас буынын тәрбиелеп шығарады. В.Шекспирдің "Гамлетін", А.С.Пушкиннің "Тас мейманын", "Сараң серісін", Б.Майлинның "Майданын", I.Жансүгіровтың "Кегін", басқа да спектакльдерді кәнігі шеберлікпен көрермен қауым көкейіне ұялатты.

Халқымыздың ұлттық театр өнерінің туу, аяғын қаз басу, өсу дәуірінің алғашқы кезеңіндегі үлкенді-кішілі жеңістері Жұмат Шанин есімімен тығыз байланысты. Заман талабына ыңғайлас репертуар жасау, театр мен драматург достығы, актер талантын шындап, білім беру, ұстаз режиссердің өнегелі сабақтары — осы мәселелер төңірегіңце ол салмақты ойлар айтып, берекелі істер тындырды. Қазақ театрын құрудағы тарихи еңбегі ескеріліп, 1931 жылы Жұмат Шанинге республиканың халық артисі атағы берілді.

Бұл жылдары Жұмат өнер дариясында құлашын еркін сермеп, алыс айдындарға батыл жүзген. Режиссерлік таланты жарқырай ашылып, драматургияға әбден берілген. Жазған пьесалары театрда қойыльш, олардың бірталайы журналдарда жарияланады, жеке кітап болып басылып шығады. Ұлттық театрымыздың қалай қалыптасқанын баяндайтын, драматургия, режиссура проблемаларын қозғайтын ондаған мақалалары жарық көрді.

Жұмат орыс тілінде де еркін жазған. Мұның дәлелі — оның қолымен жазылған орыс тіліндегі кейбір материалдар, олар: "О работе Казахского гостеатра" (1928), "К двухлетию Казахского театра" (1928), "Растет драматургия" (1934), "О работе над текстом" (1935) т.б. мақалалары.

Оның режиссурасымен қойылған "Жалбыр", "Қыз Жібек" халқымыздың рухани байлығын кең дүниеге танытты. 1936 жылғы декада кезінде Жұмат Шаниннің режиссерлік өнерін Москва көрермендері, белгілі өнер қайреткерлері өте жоғары бағалады. Жұмат Шанин Қырғыз мемлекеттік драма театрының көркемдік жағын да басқарады, бұл — бауырлас халықтарымыздың ежелгі достығының жарқын беттерінің бірі.

Облыс орталықтарында театрлар ашылуына сәйкес және маман режиссер кадрларының жоқтығы ескеріліп, Жұмат Бішкектен шақыртылып алынып, Оралға жіберіледі. Ол мұнда музыкалы драма театрын құрып, 1937 жылдың 15 қазанына дейін директор болып істейді.

Бір халықтың жаңа туған балғын өнерінің кешін бастаған қуатты талант 1938 жылы 26 қаңтар күні атылған.

Жұмат Шаниннің өмірдегі қадау-қадау, бояуы оңа бастаған іздері осындай.
***
"Ұлт театры — ұлттың кәмелетке жетуінің белгісі", — дейді драматург А.Островский. Шынында, мәдениет тарихына қарап отырсаңыз, әр халықтың театры кездейсоқ, аяқ астынан туа салмаған. Қазақ топырағындағы алғашқы сауық кештері төңкерістен бұрын көріне бастаған. Бұларды орыс-татар театрларымен жақсы таныс оқушы жастар, өнерпаздар ұйымдастырған. Қазаннан кейін театр құру ісі үлкен әлеуметтік мәселе болып көтерілді. Газет-журнал беттерінде осы орайда проблемалық мақалалар жарияланады.

"Еңбекші қазақ" кезінде көкейкесті ойларды қалың қауым талқысына салатын өте білікті, абыройлы, газет болды. "Қазақ артистерін ұйымдастыру керек" деген мақалада салмақты пікірлер бар. "Көрінген адам шебер бола бермейді... Шебер болу үшін сол істейтін істің соңына түсу керек. Артист болуға да мықты шеберлік керек", — дейді автор. Өлке-өлкеде театр жасау, талапкер жастарды өнерге баулу, оқыту, көп сөзді қойып іске көшу тілектері айтылады ("Еңбекші қазақ", 1925, 26 мамыр). Жазған — Тай. Бұл, филология ғылымының докторы Темірғали Нұртазиннің көрсетуінше, Бейімбет Майлиннің бүркеншік аты.

"Ұлт театры туралы" деген мақаласында Смағұл Сәдуақасов ел ішіндегі өнерпаздарды, Қоянды жәрмеңкесіндегі сан алуан сандақтарды сөз етеді. Әміренің әншілігіне, Исаның ақындығына, Серкенің артистігіне тоқталады. "Осы күні Семей жақта жүрген Жұмат Шанинді ескерейік. Бұл жігіт театр үшін барын салатын адам. Жұмат Зайсанда жүргенде әжептәуір сахна жасап жүрді. Жұмат Семейге келгенде, онда да пьесалар қойыла бастады. Жұмат өзі артист, өзі жазушы. Оның "Арқалық батыры" кәдімгідей маңызы бар кітап", - деген жолдарда тұңғыш ұлттық режиссеріміз туралы баспасөздің алғашқы бағасы жатыр ғой. Казақ театры бастапқы кезде универсал болу керек, барлық күштерді бір жерге жию керек деген пікірлер төбе көрсетеді ("Еңбекші қазақ", 1925, 29 қазан).

Ал мьша бір төмендегі материалды театр тарихына байланысты ерекше мәнді документ болған соң, әдейі толық келтіріп отырмыз.

"Қазақстан Халық ағарту комиссариаты 28 қазан күні халық ағарту кызметкерлерінің жиналысына шақырып, қазақ театрын жасау мәселесін талқылады. Бұған шейін қызметтегі, оқудағы жастар өз беттерімен анда-санда ғана театр ойынын ойнаушы еді. Қазақ театрьн құруды өкімет өз қолына алып отыр.

Болашақ театрымыз елдің ыңғайьша қарай жасалып, театр ойындарына сауаты жоқ адамдар да түсініп, құр саяси үгіт тарату орны ғана болмай, елді окуға шақыруға, жаман ғұрыптардан жирентуге де мықты құрал болмақ. Бұл жұмысқа тығыз кірісіп театрды ашу, тиісті кісілерді шақыру Ағарту комиссариатына тапсырылды. Қазақ тілінде жазылған пьесалар өте аз болып, бәрі де сан рет ойналып, қызығы кеткендіктен, жақсы пьеса жазушыларға бәйге жарияланбақшы. Қазақстан Халық комиссариаты қазақ театрын жасау үшін 40 мың сом шығарып қойды. Қазақ театр студиясын ашуға да қамданып жатыр. Шақырылған артистер. Семей губерниялық ағарту бөлімі арқылы Семей губерниясынан театрға арнап 8 адам шақырылды. Олар 1.Қашаубайұлы Әміре (әнші); 2.Байзақұлы Иса (ақын); 3.Шанаұлы Жұмат (артист); 4.Мұңайтпасұлы Қажымұқан (палуан); 5.Қуанышбайұлы Қалыбек (артист); 6. Мұздыбайұлы Құсайын (артист); 7.Зәрубай (цирк ойынын біледі); 8.Майра (әнші әйел).

Бұлардың жол шығынына 1500 сом ақша жіберіледі. Басқа губерниялардан шақырылған артистер де есепке алынып жатыр" ("Еңбекшіқазақ", 1925, 29 қыркүйек).

Осындай ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, өнерпаздар Қызылордаға жинала бастаған. Қазақстан Республихасы Мемлекеттік орталық архивінің № 1148 фондында драма театрының тарихына қатысты там-тұм документтер сақталған. Бұйрықтар, жиналыс протоколдары, өмірбаяндар. 1925 жылы 25 желтоқсан күні театр директорының қолымен берілген бұйрыққа бірінші реттегі артист болып Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовтың, бас режиссер болып Серке Қожамқұловтың, артист болып Құрманбек Жаңдарбеков, Елубай Өмірзақов, Абылқай Абдуллин, Рахым Иманбаев, Манабаева Жанқиялардың жұмысқа алынғандығы айтылады.

Семьялық жағдайына байланысты кешігіп, Жұмат Шанин Қызылордаға күзде әрең жетеді. 1926 жылдың 5 қазанынан бастап тұңғыш қазақ драма театрының директоры, әрі көркемдік жағынан басқарушы болып істей бастайды. Мемлекеттік архивте сақталған театр бұйрықтарының бірталайын Жұмат араб қарпімен жазған.

Рас, режиссер еңбегі сыйлы, құрметті. Ол — спектакль жасаудағы бірінші тұтқа. Бірақ көп еңбек, көп іс уақыт өткен соң жоғалып кетеді, бедерлі із қалмайды. Жұмат қойған спектакльдердің шешімі, декорациясы, музыкасы, актер ойыны жөніңдегі біздің бүгінгі ұғымымыз сол кездегі баспасөз бетіндегі өте жұтаң, келте рецензиялар - фактілермен, ескі көз, кәрі құлақтардың естеліктерімен шектеледі.

Байыппен қарап отырсақ, бұйрық кітабыңда да жұмысқа біреудің алынуы, біреудің шығуы ғана көрсетілмеген, Жұмат Шаниннің адамгершілік қасиеттерін байқататын, режиссерлік ойларын аңғартатын, театрдың ішкі өмірінен хабар беретін қызықты детальдар ұшырайды.

Жұмат театрдың ішкі тәртібін сақтауды қатты талап еткен. Маскүнемдік, зинақорлық тәрізді дерттермен білек сыбанып күресіп отырған. 1927 жылы бір бұйрықтан мынадай сөздерді оқимыз: "Театрдың санды ойыншысы Мұқамади Арықұлы маскүнемдік мінездері ауызша айтылса да, тастамай әрдайым мас болып, артистер арасына көргенсіздік қатер туғызатын болғандықтан бүгіннен, 11 наурыздан бастап мемлекет труппасынан шығарылады. Қызмет еткен күніне қарап демалысы, ақысы төленсін". Коллектив абыройын ойлайтын ақылды басшы сөздері.

Семей облысының қазіргі "Қайнар" ауылының жерінде 1888 жылы дүниеге келген қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың өнер сапары той-томалақтардан, қымызханалардан басталған. Бойын бақпау, кісі көңілін жықпау — сол ортадан алған, кейін әншінің трагедиясына айналған дағды-әдеттер еді. Жұмат пен Әміре достығы Қоянды жәрмеңкесінде басталып, Семейде беки түскен. Бұл — нағыз өнер табыстырған достық еді. Әмірені ол үнемі қорғап, қолдап жүреді. Театрға алынған Әміренің қатерлі жолға түсіп, құрып кетпеуі үшін жанын салады. Тәрбиелейді. Бұлбұл көмей қайран Әміре 1934 жылы мерт болғанда, Жұмат жоқтау (некролог) жазып, соңғы қоштасу сөзін айтады.

Ағыл-тегіл жыр нөсері Иса тағдырына да Жұмат әсері аз тимеген. Байсалды ағаның төзімділігі тентек ақынның небір қылығын кешіріп, жақсылығын асырып, жаманын жасырған. Мүлде безініп кету жоқ, түңіліп кету жоқ. Жұмат Исаны театрдан бір шығарып жіберіп, қайтадан алған. Үлкен педагогтің асыл талантқа жасаған қамқорлығы толып жатыр.

1924 жылы 20 мамыр күні берілген бұйрықтан: "Соңғы уақытта Жаңасай келіні Жамалдың репетицияға уақытында келмей түрғандығы, әсіресе, берілген рольдерді жаттамай, міндетті қызметіне салқын қарап жүргендігі сезіледі. Мұнан соң репетицияға уақытында келмегендігі, берілген рольдерін жаттамағандығы, жалпы міндетті қызметіне салқын қарағандығы сезілсе, қызметтен шығарылатыны ескертіледі", — деген жолдарды оқимыз. Жалғыз бұл ғана емес. Жұмат сылбырлыққа, немқұрайдылыққа үнемі тыйым салады. Оның кредосы – тәртіп, талап, жауапкершілік.

Артистердің апталық жұмысы мынадай болған:

Сахналық өнер. Аптасына алты сағат. Репетиция 12 сағат.
Барлығы 18 сағат. 9-дан 12-ге дейін.

Музыка теориясы. 2 группа. Аптасына 4 сағат. Жексенбі,
сейсенбі, бейсенбі, жұма, 12-ден 1-ге дейін.

Сольфеджио. Аптасына 2 сағат. Дүйсенбі, сәрсенбі, 12-ден 1-ге дейін.

Музыка тындау. Аптасына 1 сағат. Жұма, 1-ден 2-ге дейін.

Ән сабағы. Аптасына 7 сағат. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, 1-ден 3-ке дейін. Жұма, 2-ден 3-ке дейін.

Хор. Аптасына 4 сағат. Жексенбі, бейсенбі, 1-ден 3-ке дейін.

Рояль класы. Аптасына 2 сағат. Сейсенбі, 1-ден 2-ге дейін.
Жұма, 2-ден 3-ке дейін.


Скрипка класы. Аптасына 2 сағат. Дүйсенбі, сәрсенбі, 1-ден
2-ге дейін. (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві,
фонд 1148, опись 1, іс 1 (45), байлам 1, 4-5 беттер).

Материалдық жағдайдың қандай дәрежеде екендігін көрсететін бірер факт.

1926 жылғы театр заттары:

1. Аттың құйрығы.

2. Ағаш тостаған — 1.

3. Табақ - 1.

4. Мысталған тостаған — 3.

5. Күмістелген тостаған — 5.

6. Польша сөлкебайы — 20.

7. Монғол париктері —6.

8. Шелек - 1.

9. Жіп - 2,5 фунт.

10. Маска — 3.

11. Әр түрлі бутафорлық дүниелер.

12. Кружка — 4.

13. Темір біліктер.

14. Шылапшын — 1.

15. Орамал — 1.

16. Алаша — 1.

17. Қылыш — 1.

18. Құмыра — 2.

19. Үкі – 2.

20. Артистер суреті.

21. Кесе – 5.

22. Білезік – 1.

23. Сақал – 1.

24. Әйел тақиясы – 2.

26. Еркек тақиясы – 2.

27. Оқа – 15.

28. Қоржын – 1.

29. Шапан ( әр түрлі) – 4.

30. Қытай костюмі – 1.

31. Қаракөл бөрік – 1.

32. Белбеу (әр түрлі) – 3.

33. Халат ( әр түрлі ).

34. Еркек жейдесі (әр түрлі).

35. Лениннің портреті ( 1148 ф 9 – 10-беттер).

Қазіргі академиялық театрымыздың іргетасы осылай қаланған.

Қазақстанның халық артисі Қапан Бадыров: «Жұмат «Театр тарихы» деген кітап жазған еді, - дейді. («Мәдениет және тұрмыс» 1967 ж.,№ 6) Бірақ қолжазба жоғалған, сондықтан оның режиссерлік ойлары, сыншылық-эстетикалық пікірлері дегенде, жеке мақалаларына, кейбір қолда бар құжаттарға ғана сүйене аламыз.

1927 жылы «Еңбекші қазақтың» 13 қаңтар күнгі санында жарияланған мақаласында Жұмат: «Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежәуміт ат керек. Жел қтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек. Қазақ театры ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек. Жас баланың мейіріңді қандырып сөйлегені, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүнін мезгілінде тастап түлемегі иесінің бағып-қағуына байлаулы», - деп жазып, театр ісінің бүкіл халықтық іспен, мемлекет қамқорлығымен байланысып жатқанын бейнелі сөзбен айтып береді. Қазақтың алғашқы актерлері, олардың тырнақ алды сапарларының сәттілігі айтылады. Декорация жетімсіздігі, құрал жабдықтың жоқтығы секілді қиындықтар ескертіледі. Осының бәрін автор әзіл-қалжыңға сүйеп жазған. Мақаламен қоса Жұматтың суреті берілген.

Театрдың туған күніне байланысты жылда мақала жазып, табыс пен олқылықты көп ортасына салып отыру жақсы бір дәстүр болған. «Қазақстан мемлекет театры» деген екінші мақаласында Шанин театр туралы «Театр ісі өте нәзік, күшке салуды көтермейді. Басқа істер сияқты қате, жаман, өңсіз істеліп кетсе, қайтадан өңдеп істеуге болмайды. Сахнада дұрыс істелсе – дұрыс,бұрыс істелсе – бұрыс істеліп қалады. Сахнада ойнап тұрғанда бір ауыз сөзді қате, қисық сөйлесең, сол жерде: «Ойбай, олай емес екен,былай екен», - деп айтуға болмайды. Сахнаның кіріп шығатын жағынан жаңылыс кіріп шығылса, артынан мына жағынан кіріп шығу керек екен деп түзетуге көнбейді. Сөйледің, қозғалдың – оқиға бітті», - деп жазды. Сахна өнерінің өзіндік ерекшеліктері қысқа, дәл, түсінікті көрсетіліп тұр. Қалыбек, Серке, Құрманбек, Елубай, Иса секілді өнерпаздардың артистік қызметке төселіп, өсіп қалғандығын автор мақтанышпен ауызға алады. Жанибек, Қадиша, Шәрбан, Зура – осындай тұңғыш қазақ актрисаларын да өнерге баулыған – Жұмат. Мақалада театрдың көпшілік қауымға үлгі беру үстіне, өз түлектерін өсіру, оларға музыкалық білім беру, нота үйрену, пианинода ойнау мәселелері көтеріледі

Көбік мақтан, өзір-өзі қолпаштау, түймедейін түйедей етіп көрсетуге ұмтылу секілді ар жағы нәрсіз, құр сырты ғана жылтырап, бұрау басын сындырмай өрекпитін дарақылық әсте шын талант мінезіне қоңсы қона алмайды. Хас суреткер маңдай терді сорғалатқан қажырлы еңбегіне ғана сенеді Түптің түбінде, сырт сөзге құлақ та аспайды. Жұмат Шаниннің өнерпаздық жоланда осындай ерлік, ірілік бар. Театр төңірегіндегі барлық кемшілікті бірінші болып оның өзі айтады.

«Мемлекет театры» деген мақаласында ол тіпті осы күнге дейін театр емес, труппа дейді. Артистер туралы айрықша тоқталып, театр қызмет орны, нан табудың, күн көрістің мекемесі емес, творчество ұясы, өнер ордасы деген салмақты ой, аталы байлауды шегелеп, тиянақтап айтады. Қазақ әні туралы білікті маман адамның тұжырымдары бар... Өлке, руға бөлмей,тұтас жинау, халық қазынасындағы маржандарды жоғалтып алмау жауапкершілігін ескертеді. Затаевич жинаған әндер тексінің қағазға түспеуін өкініш тұтады. Режиссердің спектакль қоюда декорацияға, костюмге ерекше мәне бергенін көреміз. Бір белбеу, бір шапан алу үшін сергелдеңге түскенін оқығанда заман қиындығын сезінгендей боласың. Жұмат пьесаға баға бергенде мазмұн мен түрді бөліп қарамайды. Идеялық,әлеуметтік салмақ, кестелі тіл, көркемдік деген талаптарды қатар қояды. Театр сынындағы үлкен кемшілікті – не таудан асыра мақтап,не жерге кіргізе тұқырту тенденцияларын дәл ашып, сынның көш басылық ролін мадақтайды.

Европалық театр өнері туралы қазақ тілінде жазылған алғашқы көлемді дүние Мұхтар Әуезовтің 1926 жылғы белгілі мақаласы. «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы сандарында жарияланған Жұматтың «Театрдың қысқаша тарихы», «Театр тарихында» деп аталатын еңбектері Әуезов туындысымен тамырлас. Шанин театр өнерінің туу тарихына кең тоқталады. Көптеген фактілер келтіріліп, тиянақты пікірлер айтылады. Өнердің таптық сипатына байыпты тоқталып,театрдың өзіндік ерекшеліктерін саралай түсіндіреді. Гректің ұлы драматургтері Эсхил, Софокл, Еврипид өмірлері, творчестволары жеке-жеке қарастырылады. Біз бұдан мол деректерді білетін тарихшыны, сахнаның ұңғыл-шұңғылын қағыс қалдырмайтын зерттеушіні, эстетикалық анализге шебер сыншыны көргендей боламыз.

Сын еңбектерін жазуды Жұмат мамандық тұтпаған, анда-санда жол-жөнекей ғана соғып отырған. Оның барлық тіршілігі күнбе-күнге театр өміріне, спектакльдер қоюға, актерларды баулуға бағышталған. Асығыс газет-журналдардың тапсырмасымен жазылып қалған мақалаларында өзінің сүйікті ісі туралы көкейтесті ойларын, атүсті болса да ортаға салады. «Ойналатын кітапта мазмұн болмаса, қандай үлкен артистер ойнаса да, суретші, режиссер болса да, сахнада қандай әдемі болып жайнаса да, маңызды жеміс шықпақшы емес», - деген батыл ойды режиссер өзінің творчестволық тәжірибесінен алып айтқан. 1926 – 1930 жылдар арасында өз басшылығымен қойылған 60 пьесаны мазмұн жағынан екшей келіп, 6-ға теңдейді. Драматургтерді әлеуметтік мәнді тақырыптарды көтеруге үндейді. Үлкен мектеп – классикалық шығармаларды аудару екенін басып айтады («Еңбекші қазақ», 1930, 30 қаңтар).

Жиырмасыншы – отызыншы жылдарда қазақ әдебиетінің басқа жанрлары секілді театр сыны да тез дами бастады. Жазушылдар, сыншылар ғана емес, бұл салаға белгілі мемлекет қайраткерлері,әр түрлері мамандық адамдары,артистердің өздері де белсене араласты.

Театр – унемі көпшілік қауым назарынан тыс қалған жоқ. Ұлы ғалым Қаныш Сәтпаев «Қазақстанның ұлт театры» («Еңбекші қазақ», 1927, 24 қаңтар) деген мақаласында Жұматтың, Әміренің, Исаның, Қалыбектің өнеріне үлкен баға беріп: 1) театр – ел өмірінің түзу айнасы; 2) театр – ел міндетінің құрулы тезі; түзетуші ұстасы; 3) театр – қазақы салт-сана, күй – сарындары сияқты мәдениет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйтқысы болсын деген таудай талаптар қойды.

Асыра сілтеген, тым тұқыртып жіберген, барды көрмеген кездерде театрдың тарихи еңбегін Қадыр Тайшықов өте әділ көрсетіп, былай деп жазды: «Ана жылдары труппа Жетісуды аралады. Жұрт жабыла мақтағаны қайда? Трупа Омбы, Семей, Павлодар жағын аралады. Жұрт жабыла мақтағаны қайда? Труппа Арал, Қарсақбай жұмысшылары арасына бпрды. Жұмысшылар жабыла алғыс айтпаса, қарғыс аытып па еді? Ташкент, Түркістан, Әулиетада болды. Бұлар да солай емес пе еді? Әлде жұрт ол кезде мақтап па еді? Әлде артистерге сол кездегі бергенін құдай өзі биыл қайта алып қойды ма? Жоқ шын мақтаған. Бәріміз де мақтағамыз… Ендеше, дағдарыс бар деуге себеп болып отырған не? Міне, бұған алдымен себеп болып отырған ойын кітаптары – репертуар жоқтығы, негізгісі осы» («Еңбекші қазақ», 1930, 5 қаңтар).

Хамза Жүсіпбеков, Ізмұқан Құрамысов, Жанайдар Сәдуақасов, Иса Тоқтыбаев секілді қызметкерлердің мақалаларында театрды қаржы жағынан күшейту, артистерді студиялар арқылы оқыту, репертуарды нығайту, маңызды тақырыптарды игеру секілді проблемалар көтеріледі. Бұл жылдарда театрдың ішкі мәселесін қозғайтын Қалыбек, Елубай, Әбілқайлардың материалдары да жарияланып тұрды. Қазақ театрының балалық шағын баяндаған еңбек – Ғаббас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровтің 1933 жылы басылған кітапшасы. Репертуардағы шығармалар, әрбір актердің ерекшелігі айтылады. Дегенмен таза социологиялық сын үлгілері жиі ұшырайды. Өкінішке қарай, Жұмат Шаниннің режиссерлік өнері сарапқа салынбайды, спектакльдер төңірегінде жалпы сөз ғана бар.

Жұматтың режиссерлік принциптерін айқындауда «Сахна техникасын меңгерейік» («Лениншіл жас», 1935, 23 сәуір) және «Сахнада шындықты тану» (« Қазақ әдебиеті», 1935, 3 шілде) деген мақалаларының мәні зор. Бірінші еңбекте артист алдына қойылатын басты мақсат образ жасау екенін айта келіп, кейіпкер тілінің ерекшелігіне айрықша тоқталады. Қазақ пьесаларындағы қаһармандардың бір-бірінен аумайтынын сынайды. Гоголь, Островскийлерді үлгі етіп сөйлейді. Шұға мен Әбіштің бір-бір ауыз монологын бақайшағына шейін талдап түсіндіреді. Әр сөйлемдегі,тіпті әр сөздегі астарды ашады. Психологиялық тебіреністің сан алуан қырларын бажайлап саралайды.

«Сахнада шындықты тану» мақаласында Жұмат Шаниннің режиссура, актер, спектакль төңірегінде жинақы ойлары бар. Өнер алдындағы басты міндет өмір шындығын образ арқылы таныту деп түйеді автор. Натурализм, конструктивизм, реализм әдістерінің айырмашылықтарын ашып береді. «Біз егерде актерді шебер художник деп танысақ, актерлердің өз еркін өзіне беруіміз керек. Беріп те отырмыз. Өйткені ойын – спетакль – түгелімен бүтін және көркем шығарма, біріне- бірі байланысты жалпы қаланған кірпіштің бірі болса да, жеке рольдерді алып қарасақ, бұл да көркем шығарма», - деп творчестволық процестің табиғатын түсіндіреді. Бұл мақаладан Жұмат Шанин Станиславскийдің жаңашылдық системасын терең меңгеріп,қазақ театры сахнасында батыл қолданғаны көрінеді. Ол өте күрделі ұғымдарды қарапайым, иісі қазақ атаулыға етене сөздермен ұғындырып береді. «Пьеса даярланудың алдында мүше-мүшеге бөлінеді . Мүше бөлшектеніп әрбір жілікке бөлінеді. Автордың киіндірген киімдері шешіледі, ішек-қарындары жуылып тазартылады. Художник, режиссердің қолындағы пьесаның төрт жағы бірдейленеді. Бұдан кейін театр даярлап алып,қайтадан мүшелерін орындарына салып,театр өз киімін кигізеді», - деп спектакль жасау жұмысын қысқа қайырып, көз алдыңызға әкелгендей болады.

Жұмат актерді драмалық материалды жатқа соғушы, режиссер талаптарын жалаң орындаушы деп қарамайды,оның ұғымында актер – образ жасаудағы шешуші тұлға. Рольді жан-жақты зерттеу байлығы, мақам-әуен мәні, қиял күші, шабыт еркіндігі, партнерлермен сабақтастық шарт етіп қойылады. Түпкі мақсат – кейіпкердің жанын беретіндей, қалтқысыз сендіретіндей қалыпқа түсу (перевоплощение). Музыканы спектакль идеясына нәр қосып, ажар кіргізетін образды бедерлі, нанымды бейнелеу жолындағы көркемдік құрал деп бағалау бар. Жұматтың орысша жазған қолжазбасының бір бетінде мынадай сөздер кездеседі. « Сахнадағы басты тұтқа – актерді музыка да, балет сценалары да, өзге құралдар да басып кетпеуі керек. Қайта музыка, балет, декорация, костюм – баршасы драмалық сюжетті, әрекетті күшейте түсуге қызмет етсін».

Қазіргі опера және балет театрымыздың негізі Жұмат қолымен іргесі қаланған музыкалық театрда жатыр. «Қазақта би болмаған нәрсе, қазақ билемеген», - деген сөздер де айтылған. Осыған Жұмат жауабын тыңдап көрейік: «Қоғам ортасында не нәрсе жоқ болса, соның аты да жоқ болмақ. Бұрын қазақтың билегеніне, қазақта бт болғанына «би» деген сөздің барлығы дәлел».1 Осымен ғана тоқтап қалмайды, проблеманы қалай шешуді де өзі көрсетеді. Бұл жерде суреткер көрегендігі бар. «Би мәселесіндегі біздің творчествомыз примитив емес, көбісін күншығыс елдерінің пластикасынан пайдалана отырып, тақырыбын пьесаға байланысты ұлт ойындарынан туғызып отырмыз»2, - дейді. «Бүркіт-қоян», «Киіз басу», «Өрмек би», «Шашу» - Жұмат идеясымен қойылған қазақтың тұңғыш билері.

Қыршын өмірі арманына жетпей ерте қиылған марқұм Қасымхан Шанин семьяларында даңқты ағаларының көзіндей көріп, отыз жыл бойы сақтап келген дүниелерді бізге сеніп, қиып берген еді. Материалдар ішінде қырғыз жазушысының үлкен бір пьесасы, «Жалбыр» музыкалық драмасының Жұмат редакциялаған бесінші пердесі, қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі тұңғыш онкүндігінің программасы, сол кезде Жұмат атына Мәскеуге берілген құттықтау радиограммалар, музыкалық театрдың репетиция кестесі, ішкі жұмыс қағаздары. Орал театрын құруға байланысты пролемалық ұсыныстар, ноталар, басқа да бірталай документтер бар. Мәнді деталь «Жеңеше», «Жаз болса» әндерін Жұмат Дмитрий Ковалевқа, «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде» әндерін Латиф Хамидиге өңдетіп, нотаға түсірткен. Қағаз бұрышына: «1934 жылы желтоқсан айында Қазақ ССР – інің халық артисі Жұмат Шаниннен жазылып алынды», - деп Латиф Хамиди қол қойған.

Үлкен суреткердің тағы бір қырын көрсететін факт: «Қарагөз», «Бұрынғы қыздар әні», «Кейкі батыр», «Манас», (қырғыздың «Манасы»), «Сарыарқа», «Екі жирен», «Гауһар тас», «Көзіңнен айналайын», т.б. осы сияқты әндерді, күйлерді нотаға Жұмат өзі жазған. Жұмат Шанин пьесалары жиырмасыншы-отызыншы жылдарда қазақ театрлары сахнасының репертуарынан берік орын алды, жеке-жеке кітап болып басылды,режиссерлік ойлар толғаған мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жиі жарияланды.


***

Қазақ фольклоры мен драматургиясы арасындағы күрделі байланыс мәселесін қарағанда ерекше тоқталатын шығарманың бірі - Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» трагедиясы. Оның үстіне бұл пьеса автордың ең бір шоқтығы биік туындысы .

Айтылмыш шығарманың туу, жазылу тарихына байланысты деректер шамалы. Драматургтің қолжазбасы сақталмаған. Бір де бір нұсқа деп қарайтынымыз 1926 жылы Қызылордада араб әрпімен басылған кітапша. Тұңғыш рет пьеса 1924 жылдың 3 қаңтар күні Семей қаласындағы Төртінші Октябрь атындағы клубта қазақ өперпаз жастарынынң күшімен қойылған («Қазақ тілі», 10 ақпан, 1924, №17 (416). Бұдан шығатын қортынды пьеса Жұматтың Зайсанда жүрген уақыттарында, яғни, 1922-1923 жылдары жазылған.

Көзі тірісінде Жұматтың өзі де «Арқалық батыр» трагедиясының материалын халық жырынан, Ержан ақын аузынан алғанын айтқан екен. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы қолжазба қорында Арқалық батырдың есіміне байланысты бірнеше материал бар. Олар: 1) 1939 жылы Құлсариев Ертай тапсырған «Арқалық батыр» жыры. 336-шы папканың 59-119-беттері; 53-ші папканың 346-405 беттері. Екеуі бір-бірін қайталайды. 2) Қабыш Мұсайынов пен Дәуітқан Ибрагимовтар тапсырған нұсқалар. 366-папка а) «Арқалық батыр»,1- 11-беттер, б) Арқалық батырдың қазақ-қалмақ барымтасы кезінде Әз Жәнібек ханның жылқысын қалмақтан алып келгені туралы. 19-21 беттер. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қызметкерлерінің редакциясымен 1961 жылы шыққан «Батырлар жырының» екінші томына Ержан Ахметовтен 1958 жылы Бекмұрат Уахатов жазып алған нұсқа енгізілген.

Бұл – Жұмат Шанинмен табақтас болған жырау, ақын Ахметов. Айтылмыш материалдарды салыстырып қарағанда, пьесаның негізі фольклорда жатқанына көзіміз анық жетеді.

Ержан Ахметов нұсқасымен пьеса арасында қандай ұқсастықтар бар? Жырдағы негізгі кейіпкерлер Арқалық, Әжіхан, Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситан, Бейсен би, Ежен хан, Тәти(Әжи ханның інісі), Қоңқа (қалмақ батыры), Қарақас. Пьесада Шатайдың орнына Қияқ деген батыр аталады. Ситан деген батыр жоқ. Арқалықтың әйелі Қаламқас емес, Қарагөз. Арқалық, Әжіхан, Бейсен би, Жұбай, Тұяқ есімдері өзгеріссіз беріледі.

Жырдағы уақиға әуелі автор атынан басталады да, артынан түгелдей Арқалықтың аузынан баяндалады Суреттелетін Қытайдағы қазақтар өмірі. Барымтадан әкелегн жылқының ішінен Арқалық Бейсен биге бір жорға атты өздігінен беріп жібереді. Осығар ашуланған Әжіхан Арқалықты жазалайды. Алақанына қорғасын құяды. Бірақ ханның аты хан, батырды екінші рет мал әкелуге жұмсайды. Арқалық қасында Жұбай, Шатай, Тұяқ, Ситан секілді жолдастары бар Шалшықпай, Тұманды, Саршоқы, Нәріп қара, Күйген қора, Көксен, Шірік ши, Қыран, Бурыл тоғай, Үргітті, Қара Ертіс, Тақия асу, Ақбұлақ, Қобды, Айыркезең, Ақбұршақ, Айыркиік, Алтай, Құмкеріш, Төлекті, Саржон,Тасқия, Қара Бастау, Қара өзен, Шеңгелді сияқты жерлерді басып барып, қалмақтан жылқы алады.

Жорға атты өзі мінгенін сылтау етіп Әжіхан Арқалықты тағы жаусатады. Жолай оны бір қалмақ кепілдікке алып, үйінге апарып қондырады да, табанына алмас кездік салып береді. Абақтыда жатқан Арқалыққа хан қызы тамақ әкеліп тұрады. Ғашық емес, құр тамсану, ерлігіне разы болу секілді ғана бір қылық. Алмас кездік күшімен қамауды бұзып шыққан Арқалық жолда тағы да қалмақтан дос табады. Аты – Қоңқай. Соның көмегімен еліне аман-есен оралады. Жұбайы өлген. Ханмен келісім табады. Пьесадағы сюжет,жалпы алғанда, осы арнада өрбігенмен фольклорлық нұсқадан көптеген алшақ жайттар бар.

Енді Ертай Құлсариев тапсырған нұсқаға тоқталайық. Жырдағы Арқалық, Әжіхан, Бейсен, Көкен билер, Қияқ, Тұяқ, Жұбай, Қарагөз, Жақсылық, Діңгіл, Ду-ду, Бикеш аттары пьесада өз қалпында. Қарашешен - Қараш, Егіл – Еділ деген сияқты болар-болмас ауытқулар ұшырайды.

Оқиға Торғауыт ханы Мәліктің жұмсауымен Дүрбіт батыры Діңгілдің Қытайға қараған қазақтардың ханы Әжінің Көкжал атын ұрлап алып кетуінен басталады. Хан көңілі жаралы. Бейсен, Көкен, Қараш билер басу айтады. Кек әперер Арқалық сынды батыр барлығын ауызға алады. Торғауыттың бұрынғы зорлығы естен кетпес: үш мың жылқыны айдап әкеткен, қазақтың екі батырын өлтірген.

Жауға аттанар алдында Арқалық үш тілек айтады. Бұлардың бәрі де пьесада бар жайттар. Діңгілдің жекпе-жектегі өлімі, хан опасыздығы, Аюлы кезеңінде аттан айырлуы, Ду-дудың белдік сұрауы, қапыда қолға түсу, Жақсылықтың кездік салып беруі, абақтыға қамалу, Бикешпен арадағы байланыс, азаттыққа шығу, Еділмен(Егілмен) кездесу, оның әңгімесі – жырдағы осы сияқты детальдар пьесада кездеседі.

Арқалық батырға байланысты фольклорлық материалдарды түгелдей салыстыра тексеріп келгенде, пьеса сюжетіне жақын тұрған нұсқа деп Ертай Құлсариев тапсырған вариантты айта аламыз. Осы орайда Шекспир творчествосында орын алған кейбір жайттар еске түседі. Ұлы драматург пьесаларының ізін қуалай бірнеше халықтың балладалары дүниеге келген ғой. Олар: «Король Лир және оның үш қызы», «Гернут», «Венециялық еврей». Ертай Құлсариев тапсырған нұсқаның пьесаға өте жақындығы бұл жыр Жұмат трагедиясы негізінде жасалуы да мүмкін-ау деген күдікті ой тудырады.

«Арқалық батыр» трагедиясына әдеттегі драмалық шығармаларды талдау, образдарды бағалау, идеяны көрсету,конфликтіні ажырату, сюжет ерекшеліктерін айқындау тұрғысынан ғана келуге болмайды. Өйткені, бұл туынды – ұлттық әдебиетіміздегі ең алғашқы күрделі пьеаслар үлгісінің бірі. Сондықтан негізгі көркемдік компоненттерге анализ бере отырып, диалогтың жасалуы, авторлы ремаркалардың түрлері, көріністер, перделер арасындығы байланыс, тіл бояулары – осы сияқты мәселелер төңірегінде де байлам жасау қажеттілігі туады.

«Екі бөлімді (сериялы, 1 перделі, тарихи қайғылы оқиға. Қытай еліндегі бұрынғы хандардың, батырлардың өмірінен алынып жазылған», - дейді автор. Қайғылы хал, қайғылы оқиға – жиырмасыншы жылдардағы қазақ драматургтері трагедияны осылай атайтын болған. «Еңлік – Кебектің» де бірінші нұсқасы «қайғылы хал» делінген.

Кейіпкер саны алғашқысында 21, екінші бөлімде 15. Драматург бір қарағанда персонаждарды көбейтіп жіберген секілді. Еске түсіріп көрейіл. Шекспирдің «Король Лириндегі» қаһарман қанша? Есімі айтылмаған көпшілік сценасындағы адамдарды есептемегенде – 21. Грибоедовтың «Ақылдың азабында» қанша? – 28. Гогольдің «Ревизорында» қанша? – 27. Толстойдың «Тірі өлігінде» қанша? – 46. Сондықтан «Арқалық батыр» сынды үлкен пьесаға 21 адам көп емес. Авторлық ремаркалардағы ерекшелік – кейіпкерлердің барлығының жасы дәл көрсетілген. Қысқа ғана, бір-екі ауыз сөзбен портреттік мінездеу беріледі. «Арқалық батыр толық,ұзын бойлы, қара мұртты,ақ құба, екі иығына екі кісі мінгендей. Жасы 25-те. Ван-жун Дүрбіттің қолбасы батыры, қалмақбет. Айдарлы. Жасы 30-да». Драматург дәл, айқын штрихпен кейіпкердің сырт тұлғасын көзге елестетеді.

Пьесаның басталуы ширақ. Бірден жанды атмосфера үстінен түсесің. Авторлық ремарка – бір жағынан декорациялық фонды, этнографиялық элементтерді бедерлі қалпында көрсетіп береді, екінші жағынан психологиялық сәттің қалпын аңғартады. Драматург шығармасын оқу үшін емес, сахнаға қою үшін, артистер ойынына бағыштап жазғаны салған жерден аңғарылады.

Бірінші пердедегі оқиға Қытай қазақтарын билеп отырған Әжіхан ордасында өтеді. Бастан-аяқ өзгеріссіз декорция. Бірақ сахналық әрекеттің молдығы, жүріс-тұрыстың көптігі, кейіпкердің бірі үйге кіргенде екіншісінің сөлбірейіп бос қарап тұрмай, шығып кетуіндегі заңдылық, диалогтардағы драматизм назарды солғындаттырмай, еліктіріп отырады. Алғашқы пердеде әрккетке негізззгі кейіпкерлердің барлығы да қатысады.

Шымылдық ашылғанда Әжіхан қабағынан қар жауып, қараң қалып, қарс ұрып отырады. Себеп? Жайлауын жау шаппаған, қыстауын өрт алмаған. Енді не болды екен? Атынан,жанындай көретін бәйге аты – Сарыкөзден айырылыпты. Ел аман, жұрт тынышта Дүрбіт батыры барымталап тартып әкеткен. Аузымен құс тістейтін қайран Сарыкөз дұшпан қолында кете барғаны ма? Есіл тұлпарды қайтадан бір көретін күн бар ма, жоқ па?

Драмалық тартыс осындай психологиялық түйінмен өрбиді. Хан басына қара бұлт оралған соң, өзгелерге не жорық? Құрша жорғалап жүр бәрі: бәйбіше жалбақтап Сарыжал атты мақтайды, ертең-ақ бұл да сәйгүлік орнын басар деген ойды медеу тұтады, оң қолы іспеттес Қарашешен де құрақ ұшады.

Хан қатыгездігі ашу үстіндегі бір зауық емес, тарпаң мінездің қалыпты машығы екендігін бірнеше қысқа көріністен айқын ұғынғандай боласың. Сарыкөзден айырылып қалған жылқышылар көгендеулі жатыр. Ауыл тұсынан атынан түспей өтіп, шақырғанда қамшысын беліне қыстырып келгені үшін Ұлтарақ сорлы 25 дырау жейді. Жалғыз бұтартарларынан айрылған Шұлғаубай, Сәрсектер әділет іздей келіп, соққыға жығылады. Хан ашулы. Хан қаһарлы . Сұмдық жаза - әрқайсысының алақанына қорғасын құйылсын, қызыласықтарына 30 оқтау соғылсын!

Билер келіп қолды болған жүйрікке көңіл айтысады. Бейне бір адам өлгеннен кем емес. Жарлы-жақыбай әділет деп келіп, өлімші халге түсіп жатыр. Бәрі хан алдында шешіледі. Осындай ызғарлы көріністерден кейін сахнаға Жаманбайдың шығуымен күлкілі сцена жасалады. Татымсыз жанның надан көкірегі. Бір басына төрт әйел. Бір әйел бір әйелін өлтірген. Оған қабырғасы қайысып бара жатқан. Жаманбай жоқ. Қатын өлді – қамшының сабы сынды. Онда тұрған не бар екен, тәйірі. Анау қайнағалары құн сұрайды, мүйізі соған сырқырайды. Хан алдында да сол үшін келген. Жабулы қазан қозғалмауын тіледі. Жыл ретін біліп жатқан Жаманбай емес, қой союмен, қуырдақ жеумен есептелетін күндерді ғана біледі. Күлесіз. Ащы күлкі.

Драматург көруші ықыласын алғашқы көріністерден бастап түпқазық қаһарман Арқалыққа аударады. Оның өзі тікелей әрекетке араласпай тұрып, басқа кейіпкерлер аузымен сырттай сипатталады. Әжіхан басындағы бұлтты сейілтер пенде біреу-ақ, ол – Арқалық. Бұл төңірек, он екі Абақ керей бұрын көріп білмеген батыр, ол – Арқалық. «Арқалық - адамның арыстаны. Жанған оттан, қаптаған жаудан, ақ улы садақтан, желікті найзадан қаймығып, сескенбейтін ер… Етінен ет кесіп алып жатса да – сескеніп,ернін қыспаған ер. Қарсы келген қарадан қаймығып,найзасын тартпаған ер», - деп Бейсен би төгілте мақтап кеткен кезде, ханның бүйрегі бүлкілдеп, көзі жайнап қоя береді. Осындай қас батырды дұшпанына салса, омыртқасын күйретіп,алып берсе кегін бір.

Қолында - найза, белінде – сапы, қарында – қалқан, иықта – садақ, оң жақ белінде – қорамсақ, устінде – қамқа шапан, балағының кеңдігі сала құлаш масаты шалбар, басында – тымақ. Арқалықтың қару-жарағын киімін автор дәл осылай атап-атап көрсетеді. Ордаға батыр келді. Әжіхан әккі, кісі алудың амалын жақсы біледі. Есесі кеткен, еңсесі басылған адамша көлгірси сөйлейді. Рас та шығар. Дүрбіт бірнеше рет шапқан, малын әкеткен. Жақай, Жанақайсынды ерлер опат болыпты. Енді, міне, Сарыкөз ат… Анау батырлардың кегін қумай солардың құнын іздемей, сол уақыттарды қозғамай,төрт аяқты жануар үшін неге ғана зар еңіреп, запыран құсады хан Әжі? Елін,ерін ойласа, бұрын қайда қалған? Мұның бәрін елеп жатпайды. Қалтқы, қауіп, есеп деген жоқ. Білегіне, жүрегіне сенгені сенген. Кек десе, ел намысы десе, тұтанып шыға келер өрт емес пе, бұл шіркін. Екі қайырымға бармай, бірден лақ етіп кетеді Арқалық.

Болашақ үлкен тартыс хан мен Арқалық арасындағы конфликтінің ызғары Көкен, Бейсен билердуң емеурінді сөздерінен көрініс береді. Арыстанның аузына қалай түсіп қалғанын Арқалық сезбей отыр. Жеті қырдың астындағыны жазбай танып, көмекей бүлкілінен болашақ бүлікті болжар қу аяқ билер екі кеме құйрығын қатар ұстайды. Ханның көңілі бітсін, батыр бекер орға жығылмасын.

Қияметтей ауыр сапарға кетіп бара жатып Арқалықтың алғаны уш тілек: қасына ертер серіктері Жұбай, Тұяқ, Қияқ, астына мінері – Сарыжал ат; Дүрбіт қуа келсе өлімге бермесін. Құран ұстап, ант ішкен Әжі аузына туған баласын алады, соның өмірімен серт береді. Найза ұшында айтылған, қанжармен бекітілген серт драмалық әрекеттің әсерін үстей түседі.

Бірінші пердедегі ең ұзақ көрініс, соңғы 14-көрініс. Ширығу, шиеленісу бар. Диалогтар сөз қағысу, сұрақ-жауап, хабарлау, барлау ауқымынан мүлде шығып кетеді. Кейіпкерлер екі айрыққа жол тартқан.

Хан болса мұртынан күлгендей, екпіні тау жығардай қаһарлы батырды қас жауына қайрап салды. Бір рет жығып берсе, ар жағын көре жатар.

Арқалық болса анталаған өлімге бет бұрған. Өзі тіленіп барады. Осы көріністегі Арқалықтың ұзақ монологы оның жүрек дүрсілін, екі талай сапар алдындағы алабұртқан көңіл күйін дәл жеткізеді. Қайтпас қара қанжар жарқылындай сөз. Асқақ сөз. «Біз я өлмекпіз, я қанды ат бауырынан ағызып, қарсыласқан жауды алмақпыз. Тапсырған қызметіңді ақ найзаның ұшымен,екі білектің күшімен, жел жетпес тұлпардың үстімен орындамасам маған серт. Ат басына күн туып, ауыздықпен су ішсе, ер басына күн туып, етігімен су ішсе, уәдесіз хан болса, ханның үрейін алатын жау болса, елдің үрейі кетсе, ердің сүреңі кетсе, екеуіңе тапсырдым. Сол күнде мені қан майданда ұстасын. Қалың қаптап жау келсе, жекпе-жекке найзаға шықсын. Жүзі қайтпас нар кескенге, жасымайтын жүрекке, қайраты мол білекке шықсын. Менің алдым да – ажал, артым да – ажал. Ажалдан қорыққан ер емес! Екі өлмек жоқ. Бір өлімнен құтылмақ жоқ», - деп, жалын атқан Арқалықтың төбесі басқа кейіпкерлерден әлдеқайда асып тұр.

Әркім өзінше сөйлейді. Аяр хан ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүрген Тұяқ, Жұбай, Қияқтарға да көпшілік қояды. Қалың өрттің ортасына жұмсай отырып, бастарынан сипағандай сыңай танытады.

Екі бидің - Көкен, Бейсендердің сөз саптаулары эпостық дәстүр арнасында берілген. Көкен:


Қарақтарым, шолпаным,

Ер қорғайтын қалқаным,

Мал жайлайтын асқарым,

Ат байлайтын тірегім,

Ел жайлайтын білегім.

Қанатымда қияғым,

Табанымда тұяғым,

Маңдайға біткен жұлдызым,

Жүрекке біткен құндызым,

Хан екі сөйлесе – қара болғаны,

Ер бетінен қайтса – қатын болғаны.

Би жанына тартса – жанды болғаны.

Ханның уәдесіне бір куә емес, құдай куә,

Билерді ханға бер, жаныңды құдайға бер, -


деп тоқтайды. Осындағы метафоралардың бәрі де дағдылы жыр мақамында жасалған. Түйіндеудегі байламдар мақал-мәтелге жақын.

Үлкеннің кішіге, атаның балаға игі тілегі – батаның халық әдебиетінде сан алуан нұсқалары жасалған. Рас, мұнда ислам әсері де жоқ емес. Қазақтың алғашқы драматургтері осы үлгіні пьесаға көптеп енгізді.

Арқалық жортуылға аттанар алдында Бейсен би бата береді:
О, құдай Ақсарбас боз қасқа!

Арыстанның айбатын бер,

Ерәлінің қайратын бер,

Абылайдың алдын бер,

Ер Қабекем қолын бер,

Ер Қазыбек бақытын бер! –


деп бастайды. Осындағы адамдардың бәрі де қазақтың аты шулы кісілері: бірі батыр, бірі бағлан, бірі шешен. Әрқайсысының әр ісі өнеге.

Өңшең аппақ аруақ,

Бір сендерге тапсырдым.

Арқалықтай еріңді

Айдарлы дінсіз қалмаққа

Қазақты таба қылмашы.

Қылышынан қан тамған,

Найзасынан у тамған,

Жау жүректі аруақтар,

Арқалықты қолдашы,

Аллау акбар, -
деп батасын бітіреді. Драматург фольклорлық мазмұнды да, түрді де өзгеріссіз алған. «Еңлік – Кебектің» бірінші нұсқасындағы Абыздың Кебекке беретін батасы да осы сарындас. Тіпті Әуезов кемеліне келіп, шеберліктің керторысына мінген шағында жазған «Қара қыпшақ Қобландыдағы» батада айтылмаш арнадан алшақ жатқан жоқ.

Драманың психологиялық күйзеліс сәттерін, шамырқанған ой толғаныстарын реалды қалыпта бейнелеп беруде проза мен лирикаға қарағанда кей ретте мүмкіндігі мол екені рас. Бірақ пьесаның сахнада ойнау үшін жазылатындығынан туатын шарттар екінші жағынан бұл жанрға да тұсау салады. Қара сөзбен яки өлең сөзбен көсілтіп суреттеуге болатын жағдаяттардың драмалық шығармалар ауқымына сыймай кететін реттерін осымен ғана түсіндірсек керек.

Сюжеттің логикалық дамуы Арқалық батырдың жаугершілік сапасын көрсетуді талап етеді. Егер прозада болса,бәрін жіпке тізгендей тәптіштеп бейнелер едің: жүрек дүрсілі, қамсыз отырған ортаға келіп түсу, әбігер, қысылтаяң сәттер.

Шеберлік тұрғысынан қарағанда,пьесада мұндай ситуацияны сюжет өрбуіне зиян келтірмей,қысқа қайырып кетуге де болар еді. Шығарма негізін эпостан алған Шанин дәстүрлі арнадан көп ауытқымайды, оқиғаның бұлтақсыз, шытырмансыз, табиғи нанымдылықпен өрістеуіне күш салады. Екінші пердедегі көріністер тұтасымен осы талаптан туған сияқты.

Иесіз тау, иен тоғай арасы. Шапқыншылықтан шаршап жығылып,енді бел шешкен батырлар Арқалық, Жұбай, Тұяқ, Қияқтардың ендігі әңгімесі – жаумен қалай алысты, кім қандай ерлік көрсетті – осы төңіректе драматург шегініспен,әр батырдың сөзі арқылы бұлардың малды қалай алғанын аңғартады . Бөспелік емес, қоспасыз шындық.

Осы орайдағы сөздер әр қаһарманның характер қырларын көрсетеді. Арқалық бойында мақтаншақтық дейтін желқуық мінез жоқ. Дұшпаным-ау, қасым-ау деп қалмақтарды сүмірейтпейді, күшін, қайратын жасырмайды, өзімен тең, бастас, тіпті ірі санайды. Діңгіл батырды, Қарақасқа атты батырды Арқалықтың қалай алғанын әңгімелейтін жерлерде қимыл-қозғалысты көз алдына алып келетін жанды суреттер бар. Қияқ, Тұяқ сұрақ үстіне сұрақ жаудыфрып дегбірсізденеді. Арқалықты Алатаудай арқа тұтады. Барлық іс қалмақтың әлгі батырларын мерт қылумен тынғандай көреді. Әжіхан ат шаптырып той жасайтындай көреді. Тұман айығып, күн ашылғандай көреді. Жұбай – ысқаяқ. Артын ойлаған, сабырлы жүзі бар. Арқалықтың жүрегі шаншығандай, анау өлім, ер өлімдері, сол бетімен жабулы күйімен жабулы қазан қалар ма? Қуады ғой кегін олар да? Бір аттың құны бірнеше кісінің басын жұтқанын өкініш қылады. Арқалықтың түсінде өне бойы отқа өртеніп, екі қолын қанға малып тұруы, достарының айтқанына көнбестен, дұшпан қаупіне қарамастан қалың ұйқыға құлаулы секілді детальдар эпостық поэтикаға ден қоюынан туған. Үстінен түскен қалмақ батырларының Арқалықты өлтіруге таласуы – күлкілі көрініс. Әлін білмей, әуре болған әумесерлік.

Екінші пердеде сахналық әрекет драматизмінен гөрі эпикалық баяндау сарыны басым, пьесаның тартыс арнасына құйып жатқан жаңа жылға жоқ.

Алғашқыда төбе көрсеткен тартыс бірте-бірте кең арнаға түседі. Дөңгеленген тұтас, қысқа-қысқа 17 көріністен тұратын үшінші пердені трагедияның ең сәтті жазылған беттері деп айтар едік. Оқиғаға 14 кейіпкер араласады. Бірер ауыз репликадан бастап, ұзақ диалогтар, тебіреністі монологтар бар. Айтылмаш пердеде драматург қосалқы жайттарға, құр информацияға ғана берерлік фактілерге тоқтамауға тырысады, пьесаның негізгі қаруы - әркетті диалогқа, характерлер қақтығысынан туатын тартысқа назар аударады. Жантайып жатып сөз қағыстыру емес, сахнаға әр түрлі қалыптағы, әр түрлі ой арқалаған кейіпкерлердің бірі келіп, бірі кетіп жатады.

Драматургтің реалистік принциптерді тұтынғанын әрбір образға тән етене бояуларды қолдануынан көруге болады. Арқалықтың түске сенуі, соған мән беруі бойына шақ мінез, рас, ол діндар емес, бірақ ырымшыл, қаһарға ұшырамаудың бір амалы қайыр-садақа секілді.

Батырдың жұпыны, жадау үйімен танысамыз. Әйелі Қарагөз – сыпайы, сынық қылығымен көз тартады. Күйеуі мен баласы да бәйек болып жүр. Әлдеқандай күн туарын сезгендей үркек жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдейді.

Көкен бидің келуімен қаралы хабар қоса жетеді. Күткендей, тосқандай еді-ау бұл сұмдықты Арқалық. Осындайға жүнжіп сала берсе, батырлығы адыра қалсын! Сескенер, бірақ тығылмас. Анау би не деп отыр? Олай-бұлай боп кетсең, сүйегімізге таңба дейді. Сонда мұның өлімі емес қабырғаға бататын жалған намыс екен ғой.

Осындай ойлар қамаған Арқалыққа тағы шапқыншы жетті. Әжіхан алақанына қорғасын құйып, қызыл асығына 30 оқтау соғатын – Ұлтарақ. Шын жанашырлық осының ауылынан шығып тұр. Шыны – тілінде, көмейіндле көмескі жоқ. Қысылса сойылын соғар жігіттер барын ескертеді.

Арқалық басындағы психологиялық хал әрбір жаңа хабардан кейін шытырман тарта бастайды. Хан опасыздығына Бейсен би сөзінен соң анық көзі жетеді. Дөң астымен ұрланып келген бидің мұнысына да рақмет. Қақпанға түсірмек сатқын Әжі. Қарашешендей сұрқиясы және бар. Бекінді Арқалық, буды белді. Не болса да,тосты енді.

Екі жүзді, түлкі мінез Қарашешен майдалай жорғалап келеді. Сөзінің кесегі жоқ. Екшелеген, еленген құмдай сусып тұр. Арбасу сәті. Күні бұрын естіп-біліп алған Арқалық торға неге түссін, өзін тарпа бас салады. Енді ханыңда қасиет жоқ. Ашық кетеді. Жасқанатын еш нәрсе қалмады ғой. «Ханның жұмысы хандық емес, қатындық. Игілердің мұнысы елдік емес, ездік. Бар! Қара сартыңа сәлем айт. Елді үркітпесін, ерді құл етпесін. Ханның айтқан шарты қайда? Құраны мен анты қайда? Келген жауды қолыңа берсін, ол шартта тағы тұра алмаса, хан менің жолымды берсін. Ендігі жол кезегі менікі», - деп салады. Тұяқ, Жұбай, Қияқ достарының аяқ-қолын бұғаулап, өгіздің терісіне тұлып қылып тігіп алса, Арқалық ширықпай кім ширықсын. Сатты хан! Ендігі жол -–кек жолы, қанды кектің жолы ғана!

«Арқалық батыр» трагедиясының жалпы бітімінде эпикалық кеңдікке ұмтылу бар. Кейбір сценалар негізгі тартысқа тікелей қатынасты көрінбесе де, маңызды қызмет атқарады. Автор қазақ тұрмысының әр түрлі қырын, этнографиялық жайттарды дәл қалпында бейнелеуді мақсат еткен. Таза композициялық құрылыс тұрғысынан қарағанда, Қарагөздің Дуанаға бал аштыратын көрінісі артық, қосалқы эпизод.

Байсалды ой жүгіртсеңіз,бұл райдан қайтуға тура келеді. Арқалықты шырмай бастаған қат-қабат күйден бір сәт көруші назарын әдейі аударып әкету керек.

Дуана қолдан,ойдан жасалған емес, жанды кейіп. Ол небәрі 9 рет тіл қатады, сонда айтатын сөзін түгел қосса, жарты беттен әрең асып жығылады. Қолында аса таяғы, өз шапанын жамылып келіп тұр. Ақ тоқымын жайып құмалагын тартты, не дер екен? «Ақ сөйле! Я, Абылайдың жерге түспес жеті әлібі, жерге түс!» Дуана ма? Дуана. «Пайғампардың ашқан балы едің. Қырық бір шөптің басы едің. Ақ сөйле, құмалағым! Ей, алла-хақ!» – Сонда неге шүйлігіп отыр? «Алды күйініш,арты сүйініш. Айтқан садақасы, құдайысы бар ма еді? Соны жылдам бер!» Бәрі түсінікті енді. Дуананың көкейін тесіп бара жатқан осы ғой. Құдайы, садақа.

Қарагөз көңілге медеу іздейді. Арқалықты жаманшылыққа қымайды. Дуана ақ-көк деп жүріп талғажау түсірмек. Кішкентай ғана көрініс, екі пиғыл, екі мінез. Бұл сценаның драмалық қуатына кезінде Мұхтар Әуезов айрықша назар аударып, Елубай Өмірзақов ойнаған Дуана бейнесін үлкен сахналық табыс деп бағалады.

Үшінші пердеде Арқалықтың жеңгесі мен ағасы бой көрсетті. Күлкігі мегзей жазылған сценалар. Кесек мінезді, тілді, байын өзі билейтін, оны сынай-міней жүре, сүйе де білетін әйелдің қылығы. Аты еркек болғанмен, әйелден бетер қорқақ, аузымен орақ орып, қолымен қос-аяқ соғуға жарамас аға мінезі.

Арқалық басына түскен ауыртпалықтың шарпуы айналасына түгел жайылады: әйелі, ағасы, жеңгесі жалпақ қайғы үстінде. Аюлы тауында Қазмойын атынан айырылып, тізгіні кесілген шақта, жақсылық хабар әкелгендей сүйіншілеп Қарашешен, Жаманбай келеді.

Қалмақтармен табысыпты . Бұлт айықты. Сең қозғалды. Ендігі жол – татулық жолы. Қылыш сілтеп, қару көтеріп келген жау – енді досың дейді ғой мыналар. Өкпелерін қолына алып желп-желп етеді өздері. Қулығына құрық бойламас. Қарашешен көзіндегі қандай сәуле, алдап тұрған жоқ па екен? Дікілдеп, дегбірді алып әкетіп бара жатыр ғой мыналар. Қазан-ошаққа жармасты Жаманбай Сойыс малдар да келіп қалған.

Алданғанын, арбалғанын сезбейді Арқалық. Жаманбайдың не деп бүлкілдеп жүргенін аңқау батыр аңғарар ма? Арқалықтың дулыға сыймас арда басын дұшпан оғына байлап беріп, содан жеміт тілейді оның құзғын, қарға көңілі. Біреудің қара сорпасын кесіп өтсе де, қатсе де өссе болды, әйтеуір. Өсу! Мансап,байлық! Қушық көкірек бұл сапарда нені сатпайды, қандай зұлымдыққа бармайды?!

Ауылға түсіп жатқан Әжіхан. Ван-жун бастаған қалмақ батырлары мынау. Қазан бұрқылдап қайнай бастады. Арқалық сенбегендей не қалды? Бәрінің сөзі әлгі бейбіт кемерге тартады. Пьесаның арқауын ұстап тұрған қос шоқы - Әжі мен Арқалық арасындағы тартыс шығарманың басынан аяғына дейін созылып жатқанмен ,олар бетпе-бет алғашқы актіде бір рет кездессе, екінші рет үшінші актіде қарама-қарсы жүзбе-жүз келді.

Ішінде арыстан зұлымдық жатқанмен Әжіханның аузынан сынықты сылағандай мысық табан сөз шығады: жарақтыға жау келмейді екен, төгілген толмайды екен, өлген тірілмейді екен, достық бітім деген дұрыс екен. Не жүзі құбылу, не кірпіге қалтырау жоқ, бауырын шоқ күйдірсе де, тырп етер сияқты емес.

Қалмақ қолбасы Ван-жун мыстандығы бұдан кем түспейді. Арқалықтай ер қолынан қаза тапқан Діңгіл ағасының өліміне риза болдым деп шын еркек қана айта алардай сөз тастайды. Осылар алдамас па екен деген Арқалық сезігі бұдан кейін сөнгендей.

Қарашешен қапыда түсіру қамында. Бойында қаруы барда Арқалықтың ешкімге алғызбайтыны өздеріне мәлім, тағы тұтаса бастаған қулықтың қамау-қоршауын Арқалық байқамайды, құшағын жайып, дастарқан басына келіп отыр. Үйіңе келсе пәлені кеш деген қайда? Босқа тыртысу батырлығына мін емес пе? Соғысса соғысуға жарамайтын, сүйіссе сүйісуге жарамайтын Арқалық па?

Драмалық шығармаларда кейде бір заттың өзі тартыс дамуында үлкен роль атқарады. Бұл ретте Дездемона орамалын еске алсақ та жеткілікті. Жұмат Шанин осы классикалық дәстүрді сәтті пайдаланған. Пьесадағы конфликтіні тудыруына себепші – Сарыкөз ат. Қарама-қарсы күштердің арбасуы шиеленіскен. Арқалық өмірі ине ұшында тұрған сәтте оқиғаға зат араласады. Ол – батырдың жас күнінен беліне байлаған, жыланның қыл түбіндегі зәріне суарылған қанжары. Діңгілдей батыр ағасының құнын кештім, дос құшағын ұсындым деп отырған Ван-жун Арқалықтың жомарттығын сынағысы келгендей, қолдан ауысып, белден алысқандай болмайды деп, сол қанжарды қалап отыр. Бермесіне амал жоқ.

Күшімен, қайратымен емес, сұмдығымен, айласымен алмақ опасыз тобыр мақсатына жетті. Жалаңаш, құр қол қалған Арқалықты Қарашашен бастаған қазақтар, Ван-жун бастаған қалмақтар түгел жабылып байлап алды.

Табиғи әрекетті диалог жасау, көпшілік сценаларын бейнелеу,әр түрлі мінездерді шарпыстыру, декорациялық, этнографиялық жайттарды айқын аңғарту үстінде төртінші пердеде негізгі қаһармандарды толғаныстар, көкейтесті күйлер, монологтар арқылы сипаттау талабына мән берілген. Мойындарында құлыптан кигізген шаршы тақтай-ажырғы. Қол-аяқтары бұғаулы, не жатуға, не қисайып көз шырымын алуға мүмкіндік жоқ. Арқалық достары – Жұбай, Қияқ Қытайдың көр соқыр абақтысының тұтқындары.

Өкініште қолға түсіп, бармақтарын шайнап жатқан жандардың азапты, аянышты халдері «Тар жол, тайғақ кешудегі» әйгілі түрме суреттерін еске түсіреді. Бостандық, еркіндік, туған жер деп аһ ұрған Арқалық монологтарында жалын атқан рух, биік азаматтық идея бар.

Ащы өзегіне түскен удай дерт. «Жарық сәуле күнім-ай! Сарыарқа елім-ай! Жүрсем, тұрсам ерікті, бостандықты күнім-ай! Аһ, жалған-ай!» – деп тебіреніп барып, қайта қайратына мінеді. Ата дұшпанын есіне алады. «Ер елді қорғайды, ел ханды қорғайды. Ер кім елді қорғаған? Ел билеген ханың құрысын! Хан сыйлаған елің құрысын!» Күрес жолын, тартыс амалын білмейді ол. Аруаққа сенген көңіл тарығып алас ұрады. «Қысылғанда демейтін, жығылғанда сүйетін Ер Қазыбек, қайдасың? Жақында жүрсем тістейтін, алыста жүрсем іздейтін Ер Жәнібек, қайдасың? Қамалына жан шықпас, қаһарына ер тұрмас Ер Қабанбай, қайдасың? Сүйіндікте құрдасым, ақыл айтқан сырласым Ер Олжабай, қайдасың? Жалғыз көзі қарақты, көп жарлыда барақты, құланға салған құрықты, шыбын жаным қиналып, асыл жүрек талықты. Туларыңды алған қолына, іздеріңді қуған артыңда құлының мен, Арқалық, тұтқында тұрмын зарланып. Аруақтарың бар болса, көрінші маған қазір кел!» – деп, қазақтың аты шулы батырларынан медет тілейді. Мұның бәрі Арқалықтың бойына сыйымды қылық.

Драмада тартысты күшейту үшін, яки образдарды әбден пісіру үшін шарттылыққа, өсіре, шығындата бейнелеу әдістерін қолдануға, фантастикаға баруға болатынын, бұл қадамның жемістілігін сонау XVI ғасырда данышпан Шекспир өз творчествосында көрсетіп берген. Қазақтың алғашқы драматургтері Әуезов, Кеменгеров, Шанин шығармаларындағы фантастика элементтері эпостан келген, олар: аруақпен, рухпен тілдесу. Тегінде, эпостық дәстүрдің кезкелгенін өз қалпында өзгеріссіз алып, қолдана салу реалистік әдебиетке жеміс әкеле бермейді. Халықтың баландық санасынан туған фольклорда қисынды, лайықты көрінетін жайттардың қалыптасқан прозада, драматургияда олқы соғуы заңды да. Өмірлік фактілерді іріктеп, типтендіру, жинақтау, сюжет өрбіту, композиция жасау, образ кескіндеу, тіл ұстарту, қысқасы, шығарма тудыратын қажетті барлық компоненттер орайында осыны айтуға болар еді.

Халық әдебиеті дәстүрлерімен европалық драма үлгісін ұштастыра жасалған Шанин трагедиясының көп тұстарында эпостық сарынға қалтқысыз бағынып кетушілік бар. Арқалықтың аруақтарға арнап айтылған монологынан кейін бейне соның жауабы іспетті болып, сахнаға қытай ханының қызы Бикеш шығады. Әкесі немесе ағасы жауласып жүрген жұрттың батырына, кейде тұтқын батырға қыздың ғашық болуы, осыдан барып жақсылық жасауы, тіпті туған топырағын тастап, соның етегінен ұстап кету-эпоста жиі кездесетін сюжет. “Қобыланды батыр” жырындағы Қобыланды-Қарлыға арасы. Әуезовтың осы жыр негізінде жазылған драмасында бұл арна тереңдетіле түскен.

Бикештің қамаудағы Арқалықты босату сценасында драматизм жоқ. Автор ел дәстүрін, туған жұртының қатал заңын атап, әке қаһарына ұшыраудан қорықпай, жанын шүберекке түйіп, қатерлі қадам басқан қыз жүрегіндегі алай-дүлей дауылдың көрсетудің орнына, сылбыр-созалаң баяндаушылық қана күші бар диалогтармен шектеледі.

Қашанда драматург разарынан әрекет қақас қалған жерде, характерлер қақтығысынан туған конфликті ұмытылған пьесаның эстетикалық әсері әлсірей бастайды. Абақтыдан Бикештің арқасында қашып шыққан Арқалық пен Жұбайдың тау арасындағы халін бейнелеуге арналған бесінші пердеде осы олқылық бар. Шығарманы айыптаған пікірлер отызыншы жылдарда да айтылған болатын. Бұл ойларға біз қалай қараймыз?

Бірінші. Арқалық бейбіт жатқан қытай елін түгелдей қырмайды, кеше өздері шауып кеткен жұрттан малды алады, ашық майдан, таза жекпе-жекке шығады. Ханның жұмсауымен баруы, опық жеуі-өз басының трагедиясы. Бірақ бұл саяси қате емес.

Екінші. Үлкен драмалық тартыстың реалистік шешімін таба алмаған драматург эпостық дәстүрдегі ханды тақтан түсіріп, оны қойшы етіп жіберген мотивін пайдаланған. Бұл жерде қойшы, жылқышы болу қорлық деген идеяны көтеріп отырған жоқ. Бұл саяси қате емес.

Үшінші. Көкеннің таққа отыруы-драматургтың бұл образды жағымды планда алғандығынан туған нәрсе. Кедейден, жарлы-жақыбайдан шығып, әділ би болған, халық қамын жеген адамдар қазақ тарихында аз ба екен? Иісі би атаулы түгел үстем тап сойылын соғып па? Шешен сөздердің құдіреті секілді Қазыбек, Сырымдар би емес пе еді? Мұны неге ұмытамыз?

Трагедияның әр бөлімі жеке пьеса, аяқталған шығарма. Алғашқысындағы негізгі конфликті-хан мен қарадан шыққан батыр арасындағы тартыс. Жиырмасыншы жылдардағы ұлттық драматургиялық дәстүріміздің болымсыздығын ескергенде, тарихи тақырыпқа мұндай үлкен пьеса жазылмағандығын ойлаған кезде Жұмат Шанин трагедиясының әдебиетіміздің тарихындағы көрнекті орны барлығы дау туғызбайды.

«Арқалық батыр» қазақ әдебиетіндегі тұңғыш пьесадилогия. Екінші бөлім төрт перделі. Дүрбіт ханы, Юн-сун батыр, Ду-ду генералдар, басқасы бұрыннан таныс бейнелер.

Қазақ тұрмысынан мүлде бөлек, қытай елінің өзгешелігі декорациялық ремаркадан айқын аңғарылады. Драматург нақты тарихи, ғылыми деректерге сүйенген сияқты. Дүрбіт ханының ордасы. Бір түскен адам еш уақытта тірі шықпайтын абақтыдан қазақ батыры қашып кеткен! Хан қаһарына мінген, ашуымен мпшысын қуырып барады. Кісі аямас қатыгез кейпі. Кінәлі адам қызы болып шығады. Міне масқара! Өз қолын өзі шаба алар ма? Жұрт бетіне не деп қарайды енді? Психологиялық, әрекетті көрініс. Әке мен бала арасындағы тартыс ағыны назарды бұрып алады.

Бәрібір құрықтан құтылмақ емес, мейлі, қызы болсын. Қыр соңынан қалмай тімтініп жүрген Юн-сунға қиды. Күйеге беру емес,жазаға бұйырғандай. Үш шарт: Бикешті адам көрмейтін жерге сақтайды,еш уақытта сөзіне сенбейді. Арқалықты өлтіріп, елін шабады.

Іздегенге-сұраған. Тұрпайы Юн-сун әке рұқсатының шеті шығуы мұң, Бикешті тарпа бас салады. Жігітке жарасымды сыпайылық, адамшылықтан жұрдай, дөрекі, ұркөппе жан. «Алам, қатын қылам», - деп тап-тап береді. Бикеш қарсылық білдіреді.

Қыз халының хабаршысындай болып, қызметші әйел арқылы жүзік кетеді Арқалыққа.

Юн-сун мен Бикеш арасындағы тартысты драматург үдете бейнелейді. Бұл ұнатпаған қыз бен қолшыл жігіттің айтысы емес, әр түрлі сенімдердің нанымдардың қақтығысы. Долы Юн-сун Бикешті өлтіруге ұмтылған сәтте Арқалық пен Егіл жетеді.

Пьесаның әлеуметтік салмағын көтеруде екінші перденің мәні зор. Қаһармандар қазақ-қалмақ боп қырқысып жүрген жоқ, жуандар бір жақ, жарлылар бір жақ. Қайтадан тағына отырған Әжіхан аулында Ду-ду генерал, Юн-сун арақ ішіп, бағлан жеп, қыз ойнақ жасайды. Тілек бір – Арқалықтың көзін құрту. Осы жолда төсекте бастары, төскейде малдары қосылып кеткен.

Бірінші бөлімде Көкен, Бейсен билердің нобайы бір түстес болып көрінеді. Қасқыр дұшпандар ұлысып, табысып жатқанда, бұл екеуі қай жақта ? Бейсен тайғанақ. “Ханнан ажырап қайда барасың, басыңды и, көн, тізе бүк, Арқалық”, - дегенді айтады. Көкен болса тарпаң. Асау жүрегі құлшылыққа қарсы. Бірақ сонда тапқан ақылы қайсы? Ауа көшу. Қалың қазақ ортасына бару. Онда құшақ жая қарсы алатын кім бар еді? Бұл жағына тереңдеп ой жүгіртпейді.

Иен Алтайдың ішіне барып бекінген Арқалық қасында бұл билердің біреуі де жоқ. Қара бастарының қамын күйттеп қалған ғой. Тобықтыдан безе қашқан Кебек батыр халіне ұқсас күй. Арқалықтың тарыққан монологтары Кебек қайғысымен сарындас. Ел, халықтың тілегі Арқалық жағында екендігін автор Қабанбай батыр аруағын сөйлету арқылы білдіргендей болады. Хан, билер опсыздығын таңбалайды. Автордың сүйікті кейіпкері туралы ойлары, шығарманың арналы идеясы осы орайда жақсы көрініс береді. Арқалықтың опат болуы – тартыс логикасынан шығатын объективті қорытынды. Бірақ оның Егіл қолынан қаза табуы мүлде жасанды ситуация. Сәтімен табылған бейне бойына драматург жарамсыз бояу жаққан. Егілді өлімнен қорыққан екен деп опасыз етіп шығару қисынсыз нәрсе. Пьеса соңында басты кейіпкерлердің бірін-бірі қырып салуын да сәтті финал дей алмаймыз.

Драмалық тартысты көрсетудегі созалаңдық, қажетсіз көріністердің, тіпті перделердің болуы, біріктіріп жіберіп бір-ақ характер жасарлық әлденеше персонаждардың жүруі (Ван-жун, Юнсун, Ду-Ду), эпикалық элементтің шамадан тыс көбейіп кетуі, диалогтағы көп сөзділік сияқты шеберлікке қатысты олқылықтары, жетіксіздіктері бола тұра, «Арқалық батыр» трагедиясы қазақ драматургиясының жаңа туып келе жатқан алғашқы кезеңіндегі күрделі туынды. Бұл шығарма жанр шарттарына сәйкес келеді. Пьесаны ұстап тұрған әлеуметтік конфликт, түйдек-түйдек монологтар, іліп-қақпа диалогтар бар.

Автор эпос қазынасынан көп өрнек алған. «Еттен өтіп, сүйекке жету», «қаласының аузын қан қалып, қақпасының аузын шаң қылып», «әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып, құдайдан шырақ тілеп алған», «буыны қатпаған, бұғанасы өспеген», «қолы темір, жүрегі мүйіз», «ер болсаң, ерін қысқанша ерік бер», «орамал тон болмаса, жол болады», «ақ түйенің қарны жарылды», «жарақтыға жау келмес», «ер шекіспей, беріспейді», «уайым - ердің азығы», «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «арыстанның аузынан, түрікпеннің түбінен», «өлмегенге - өлі балық», «ердің қашқаны - өлгені», «бізді әуелі өз саныңа сұқ, ауырмаса кісі санына сұқ», «басқа түссе – баспақшыл», «жалынса - жақсы кешеді, жаныса – болат өтеді», «көп қорқытады, терең батырады», «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», «арыстан айға шауып мерт болыпты», «ас ішіп, аяқ босатуды кім білмейді», -- осы сияқты көптеген мақал - мәтелдер, тұрақты тіркестер, қанатты сөздер пьеса тіліне өң беріп, ажар кіргізіп, нәр қосып тұр. Драматург ұтыға (қырғауылдың қауырсын құйрығы), дүрбіт (қалмақтың бір атасы), торғауыт (о да қалмақтың бір атасы), уаң (торғауыт ханы), шерік (әскер яки шабарман), үкірдай (қытайша болыс), менмендіктер (құл), жамбыл(қытай қорғаны), бейіс(бір аймақтық би), амбы(болыс), солақ(абақты), жуан-жуан (арақ) секілді қытай қазақтары тілінде бар сөздерді де пайдаланып, оларды өзі түсіндіре кетеді.

Шығарманың сахнадағы тағдырын ерекше ескерген Шанин әр түрлі ремарка беріп отырады. Қимылға,әрекетке қатынасты ремаркалар: «басын көтеріп», «екі қолын кеудесіне қойып», «екі иығын кезек-кезек көтеріп», «қолын қусырып», «басын изеп», «қолын жайып», «селк ете түсіп», «жалт қарап», «ажырая түрегеліп», «құшақтап», «басын шайқап», «құлағын салып», «жұлқынып», «тесіле қарап», «қолын мойнына салып», «қолын ұстап», «ұшып түрегеліп», «екі қолын желкесіне қойып», «ажырайып селк ете түсіп», «маңдайын қолымен ұстап», «жауырынын қиқаңдата түсіп», «тамағын кенеп», «кіжініп ұмтылады», «жан-жағына қарап», «дірілдеп», «басын шайқап», «көзі бақырайып», «иіліп,еңкейіп», «талып», «қолымен көрсетіп», «жалт етіп», «ақырын басын көтеріп» деген сияқтылар болып келеді. Мұның бәрі актер ойынына қатысты айтылған ескертпелер. Кейде автор: «Ойнаушы тақпақпен шұбыртып айтсын, екпіндетіп, желпіндіріп айтсын», - деген құлаққағыс жасайды.

Психологиялық ремаркалар да түрліше: «ашуланып», «айбаттанып!, «сасып», «мұңайып», «қуанып кетіп», «ойланып», «қысылып», «түсі қашып», «қалшылдап», «аң-таң қалып», «жылап жіберіп», «жылы жүзбен», «зәрлі дауыспен», «қатты дауыспен», «қалтыраған дауыспен», - бұларға әр түрлі адам кейпі, үн ырғақтары бар… Этнографиялық жайттар да кездеседі. Жаза түрлері: 25 қамшы, 5 жамбы атып, алақанға қорғасын құйып, қызыл асыққа 30 оқтау соғу, көзге алтын құю, аяқ қолды бұғаулап, өгіз терісіне тігіп тастау, мойынға ажырғы салу, аштан бұралтып өлтіру, желбауға асу, көгендеу, дарға асу, отқа өртеу.. Сый түрлері: 10 жорға, 10 бәйге, 100 жамбы.

Пьеса қара сөзбен, кей жерде ұйқассыз ақ өлеңмен жазылған, түйдек-түйдек өлең шумақтары да кездеседі. Әжіханды мақтап айтқан жарамсақ,заржақ ақынның сөздері құр ұйқасқанымен, шын өлең емес. Автор оның аузына сондай нәрсені әдейі салған. Соңғы пердедегі:
Тебінгіден тер ақсын,

Ақ найзадан қан ақсын.

Әжі тұрған ақ орда,

Құралай көзді ақ сауыт,

Қуарған бездей үзілсін.

Қызарып жанған қызыл қол,

Қызыл шоқтай гүл болсын, -

деп келетін Арқалық монологының рухы эпос батырларының толғауымен әуендес жатыр.

Қазақ мемлекеттік театры сахнасына алғаш рет «Арқалық батыр» трагедиясы Жұматтың өз режиссурасымен 1927 жылы, ақпан айында шықты. Әр бөлімі бір-бір күннен қойылдатын күрделі спектакль өзінің барлық бітімімен сол кездің кезек табысы еді. Бұрын шағын пьесаларда, жеңіл рольдерде ойнап келген актерлер үшін де бұл үлкен мектеп болды. Әжіхан болып Қалыбек Қуанышбаев, Арқалық батыр болып Әбілқай Абдуллин, Қазікен Бейісов, Көкен би болып Әкіш Шанин, Қарашешен болып Серке Қожамқұлов, Бикеш болып Мәлике Шамова, Күләш Байсейітова, Дуана болып Елубай Өмірзақов, Юн-сун болып Қапан Бадыров ойнаған. Автор біраз жыл өткен соң, пьесаға қайта оралып, түзеп, өңдеп шықты. Ол вариант басылмаған, қолжазба жоғалған. Сондықтан актерлер естелігіне, рецензиялар мәліметіне сүйенуге тура келеді. Пьесаның бір бөлімді бұл нұсқасы драма театры сахнасына 1935 жылы 17 наурызда шықты.

Азаттық идеясын көтерген, жанр шарттарына жауап берген «Арқалық батыр» трагедиясы тарихи эпостық тақырыпты игеру жолындағы қазақ драматургиясының ең алғашқы тәжірибелерінің бірі, бұл арнаны кейін Әуезов, Мүсірепов тереңдетіп,классикалық үлгімен ұлттық дәстүрлерді ұштастыра отырып, өлмес шығармалар тудырды.

Суреткер тағдыры қандай шытырман болса, шығарма тағдыры да қызық қой. Жұматтың басылып шыққан пьесаларының, мақалаларының қолжазбасы сақталмаған, жойылып кеткен. Оның творчествосына, ғұмырына қатыстьы дүниелердің жұрнағы ғана бар. Бір бет, жарты бет қағаз. Су тиген,топырақ жеген, қыстырма темірлеріне дейін тотығып кеткен қағаз, жыртылып, іріп кетейін деп тұрған қағаз. Көзге оттай басылатын, ыстық қағаз.

Қазақтың басқа жазушылары секілді Жұмат та араб, латын, орыс графикасын аралас пайдаланған. Әріптері сұлу түспегенімен, айқын.

Бала кезінде Жұматтың қолында өскен, оның туған інісі Әкіш Шаниннің ұлы, өзі де артист, режиссер Қасымхан Шанин үйінде сақталған там-тұм документтердің, үздік-жұлық материалдардың ішінде бір қолжазба бізді селт еткізді.

Ұзын жолды, жылтыр сарғыш, үлкен табақ қағаз. Қарындашпен жазылған беттер саны алпыстан асады. Кей тұстары сиямен түзетілген. Әр түрлі қосымшалар, қысқартулар кездеседі. Зер салып оқи бастаймыз. Араб шрифті. Тездетіп, судыратып қарап, дәл ажырату оңай емес.

Сарыбай? Қарабай дейді? Айбас? Қозы дейді?

Мәссаған! Жұматтың күні бүгінге дейін үшті-күйлі жоғалды деп жүрген пьесасы ғой мынау. Қызылордада Қазақ мемлекеттік театры сахнасында 1928 жылы 12 апрель күні қойылатын – «Қозы Көрпеш – Баян». Дәл солай. «Зура Баян болып, Елубай Өмірзақов Айбас болып, мен Қозы болып ойнағанмын. «Ақ Баян» деген тамаша ән бар ішінде, басқалары есімде жоқ», - дейді Құрманбек Жандарбеков.

Жоспар эскиз, үзінді емес, бас-аяғы тамамдалған, тиянақталған шығарма. Кейіпкерлер туралы ремарка «Арқалық батырдағы» ремаркамен ұқсас, әрқайсысының жасы, түр-түсі айтылады. «Қарабай қияпатсыз, ақ сақалды, жасы 63-те. Баян – қызы, екі бетінен қаны тамған ақ құба 16-17-де; Сарыбай – қызыл шырайлы, ұзын бойлы, жирен сақал, 55-те; Қозы Көрпеш - айдары бар, 18-де; Қодар - қалмақтың бегі, қияпатсыз, 35-те», - деп келеді.

Пьеса прологтан басталады. Тау іші. Сахнаға Айбас пен Қозы шығады. Екеуі де өлеңдетіп сөйлейді. «Сен анаңның құрсағында жүргенде, атаңның тілегінде жүргенде, топырағың торқа болғыр атаң Сарыбай аңда жүріп, дүние қоңыз мың соққан, ақылдан кешіп, жын соққан о да зарлы балаға, аңда жүрген далада Қарабаймен танысқан», - дейді Айбас. Бұдан кейінгі авторлық ремарка: жетектеген тазылары бар, бір топ салт атты, сирақты мылтығы бар адам, олар экраннан алыстап, көз ұшында жоқ болады.

Бәрі сахнаға жарасымды нәрселер. Бірінші пердедегі декорацияда асқар тау, өрлеп шыққан ағаш, сарқырап аққан бұлақ, көк құрақ, таңертеңгі күн сәулесі көрсетіледі. Музыкалық увертюра ойналатыны айтылады. Аңға шыққан Сарыбай сыбызғымен «Сары өзен» күйін тартып отырған саятшы үстінен түседі. Танысу-білісу. Қарабай келеді.

Диалогтардың көбі - өлең. Оқыған сайын еске таныс жолдар оралғандай болады. Пьесада:

Қ а р а б а й (өз ариясымен).
Мыңмен санға көңілімді баламаймын,

Ілігіне пенденің, жарамаймын, жарамаймын.

Алпыс үшке келгенше перзентім жоқ,

Қубас шалың дүниеде – Қарабаймын, Қарабаймын.

С а р ы б а й.

Олай деме, Қареке, тәңірім көрер,

Пендесінің тілегін өзі-ақ білер.

Перзент пен дәулеттің кештігі жоқ,

Қазынасы кең құдайым әлі-ақ берер.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Ж а н а қ – Б е й с е м б а й нұсқасында қалай еді?

Көңілімді мың мен санға баламаймын,

Пенденің ілігіне жарамаймын.

Келгенше сексен үшке сүйері жоқ,

Үмітсіз дүниеден Қарабаймын.


Ал, С а р ы ба й былай дейді:

Қареке-ау,олай деме,тәңір білер,

Құлының жылағанын әлі де көрер.

Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ,

Құдайым әлде бізге берер.
Жырда Қарабай – 83-те, Сарыбай – 75-те, пьесадағы айырма – 20 жас. Бірер сөз өзгерістер бар. Орын ауыстырулар әнге лайық жасалған.

Өте қызық әдеби құбылысты көргендей боламыз. Сюжеттің бұдан кейінгі дамуы жырдағы оқиғаны тұп-тура қайталайды. Қарабай мен Сарыбайдың құда болуы, буаз марал, оны атып алу, Қарабайдың сілікпе етіп жеймін деуі, Сарыбайдың өлімі – осы детальдпрдың барлығы дөп келіп отырады. Пьесадағы өлеңді диалогтардың басым көпшілігі жырдан алынған. Қарабайдан сақау қатынның сүйінші сұрауы. Сарыбайдың өлімін Тайлақ би мен Тазшаның естіртуі түгел осы қалыпта келеді. Тағы бір мысал. Пьесада:


Т ө р г і н а ш

Қареке-ау, ақылмен арбайсыз ба?

Тәңірді бір жаратқан аңдайсыз ба?

Серт айтып ақыреттік құда боп ең,

Сертіңді шыныменен жалмайсың ба?

Қ а р а б а й

Сөздеріңе отырмын қайран қалып,

Қалыңмалын қойып ем қанша алып.

Көп сөйлемей, балалар, жайыңа жүр,

Тарсылдатып кетермін басын жарып.

« Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында:

Қареке,ақылмен арбайсыз ба?

Жаратқан бір тәңірді алдайсыз ба?

Не айтып ақыреттік құда болдың,

Тегінде қияметке бармайсыз ба?

- Мына сөзге ман тұрмын қайран қалып,

Қалыңмалын қойып ем қашан алып?

Сен он екің былшылдап, сөйлей берсең,

Бәріңнің де кетермін басың жарып.

Пьесада Төргінаш десе, жырда – Танас. Өзге ауытқу шамалы. Баян, Ай, Таңсықтардың туған жермен қоштасу сценасы да жырды қайталайды. Қарабай ауып көшіп кеткеннен кейінгі оқиғаларды көрсетуде пьеса Жанақ-Бейсембай вариантынан ауытқиды.

Үшінші пердеде Баян сұлу ізіне түскен өзбек, башқұрт,қырғыз бектерінің қостары бейнеленеді. Әрқайсысының өз тілдерінде айтатын әндері бар. Би. Музыка. Бұлардың үстіне дүрбіт-қалмақ бегі – Қодар келеді. Қызылқұмға қамалған Қарабайдың құтқарушысы осылар.

Әрекетке Айбас пен Қозы Көрпеш араласады. Сырттай ғашық Баян мен Қозы тез табысады. Эпос рухында жасалған монологтар, диалогтар . Қодар – Қозы арасындағы ілік Жар-жар айту үстінде шарт сынады. Қодармен әуелге жекпе-жекте Айбас құлайды. Бұдан кейін Қозы мерт болады. Бесінші перденің ең соңғы көрінісінде ешкі майын құйып бейіт салып жатқан адамдар.

Автор үнемі ремаркалар арқылы сахна жағдайын айтып отырады. Ария, дуэт, речитатив, хор, би, увертюра деген ескертпелер жиі кездеседі Образдар эпос арнасындағы дәстүрмен берілген. Жұмат Шаниннің «Қозы Көрпеш – Баян» музыкалы драмасы фольклор қазынасын игеру жолындағы тәжрибе, драматургтың ізденіс сапарындағы қағаз бетінде ғана қалған ескерткіші.

Махаббат пен зұлымдық жайлы ғажап хикаяны қазақтың екінші бір суреткері аз жыл өткен соң классикалық шеберлікпен драма тілінде сөйлететін болады.

Қазақ фольклорының сарындары мен оқиғалары, идеялары мен образдары Ғабит Мүсірепов өнерпаздығына орасан зор әсер етті. Үлкен жазушы халық қазынасын шебер пайдалана отырып, тамаша шығармалар тудырды. Бұл сәтті тоғысуды, өзара байытудың жақсы үлгілерін драматургия тәжірибесінен көруге болады.

Ұлттық әдебиетіміздегі алғашқы барлаудың бірі – Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» пьесасы музыкалық драма ретінде жазылды да, кейін опера либреттосына айналды. « Автор осы драмасына фольклордан не алды, өз жанынан не қосты? Қандай жазушылық тәжрибе қолданды?» деген сұрауларға жауап іздеу керек.

Ауыз әдебиетіндегі негізгі нұсқалардағы ғашықтық оқиғасы жақсылықпен тынады. Төлеген мерт болғанмен Жібек Сансызбайға көңіл қосып, арманына жетеді. Жырдың бірінші бөлімінде болашақ батыр Төлегеннің өзі өзіне қалыңдық іздеуі, екінші бөлімінде Төлегеннің өзі өлген, оның ісінің, мақсатының өлмеуі, қандас бауырының кек қууы, Жібекке қосылуы жан-жақты баяндалатынын мәлім.

Драматург Мүсірепов эпостағы таза махаббат сарынын, қаһарманның еркіндік, бостандық үшін күрес жолын ғана алған. Ең басты кейіпкердің тұлғасы, сезім дүниесі, оқиғалар жүйесі жанр талаптарына сәйкес қайтадан сомдалып құйылған. Фольклордағы кейіпкердің бірқыдыруы пьесада жоқ, оның есесіне көркемдік мақсатқа орай, эстетикалық идеал үшін автор өз жанынан жаңа бейнелер қосқан.

Драмадағы оқиға дамуының өз ерекшеліктерін көреміз. Бекежан мен Төлеген арасындағы алғашқы қақтығыс Төлеген аулында той өтіп жатқан кезде болады. Қаршыға Бекежанға мергендігі үшін сый тапсырады. Бұл жайт жырда жоқ. Осы той үстінде Төлеген мен Бекежан өзара ерегісіп, Жібеке аулында жекпе-жекке шығуға серт беріседі. Уәдеде тұрмай, ұрланып, тығылып, қапыда Төлегенді өлтірген Бекежан опасыздығы драмада ерекше айқындалып берілген. Ант бұзар, қанды қол қарақшы бейнесінің бояуы қоюлана түскен.

Шебер қаламгер фольклордағы аян беру, түс көру сарындарын жаңа эстетикалық мақсаттар үшін құлпыртып, өзгертіп пайдалана білгенін көруге болады. Жырда Жібектің түсі Төлегеннің өлімінен күні бұрын хабар беріп, жазмыш, тағдыр жазуы деген ойды мегзесе, пьесада түс көрінісі көркемдік тәсіл, шартты әдеби амал ретінде алынып, қайғылы халды, трагизмді ерекше күшейтіп тұр. Әлгінде ғана түсінде ғажап рақат сезім кешкен, ғашығымен сүйісіп, ләззат балын татқан Жібек енді не істеп тұр? Мына Бекежан не дейді? Шындық қайда: Әлгі түсіндегі рақат па, әлде мына қаралы хабар ма? Бұл көрініс сахналық тұрғыдан алғанда көрерменге зор ықпал жасап, бір суытып, бір ысытады, мол әсер етеді.

Пьесада эпостан алынған кейіпкерлердің мінездері іріленіп, характерлер деңгейіне көтерілген. Әсіресе, жырда әр түрлі жаулас рулардың басшысы ретінде алынатын Бекежан тұлғасы драмаға ауысқанда реалистік әдебиеттердің күрделі талаптарына жауап беретін образ болып қайта туған. Жырдағы екі аяғын бір басуға ерінген, үлде мен бүлдеге оранған, ақ саусақ, ақ тамақ болса, драмадағы Жібек он мен солын білетін, махаббат, теңдік үшін күресуші батыл қыз. Жинақтап айтқанда, Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» драмасы жырды сахнаға лайықтап, қайта сарындап шыққан дүние емес, эпос материалын пайдалана отырып, реализм талаптарын ескеріп, шеберлікпен жазылған шын мәніндегі алғашқы қазақ пьесаларының бірі.

Қазақ драматургиясының тарихындағы кезеңдік шығарма – халық арасына кең тараған ғашықтық жыры негізінде жазылған Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы. Пьесаның негізгі оқиғасы – сұлу Баян мен Батыр Қозы арасындағы трагедиялық махаббат. Жыр мен трагедияны салыстыра қарағанда, драматургтің сюжет түзеуде,тартыс өрбітуде, характер сомдауда жасаған сан алуан жаңалықтары анықталады. Бесік құдалық негізінде күні бұрын шешілген махаббат желісі жырдың басты өзегін құраса, трагедиялық күрес ескілік пен жаңалықтың арасында өтеді. Пьесада рулық тартыс емес, әлеуметтік-таптық қақтығыс көрсетілуінде үлкен мән жатыр.

Негізгі кейіпкерлердің әлеуметтік теңсіздігі, бірінің – байдың қызы, екіншісінің – жесір әйелдің ұлы болуы трагедия тартысының түп себебі ретінде бейнеленеді. Еркін махаббат пен бас бостандығы үшін күрес қиындығы қазақ ауылының таптық жіктелуі – теңсіздіктің ұшыға түсуімен сабақтас суреттеледі. Салыстыра зерттегенде, трагедияға оқиға өзгерістері, жазушы шеберлігі, талантқа қатысты ғана туған нәрселер емес, жанр табиғатынан шыққан ерекшеліктер деп білу дұрыс болмақ. Тартыс ширақтығы, психология тереңдігі, әлеуметтук сарын – бұлардың бәрі драматургия заңдылықтарына лайық қалып тапқан.

Трагедия композициясы авторлық көркемдік мақсатқа бағындырылған. Бұл ерекшелік оқиға сұрыптаудан, кейіпкерлерді таңдау, топтау жүйесінен байқалады. Бір қатарда: Қарабай, Жантық, Қодар; екінші қатарда : Баян, Қозы, Таңсық. Жыр фольклорда жиі кездесетін баласы жоқ, бейшара ата-аналар сарынан басталса, трагедия бірден оқыс, жанды әрекетті оқиғамен ашылады. Қарабай мен Жантықтың мінезі, ішкі әлемі алғашқы диалогтардан-ақ ашылады. Болашақ тартысқа екеуі де от тастайды.

Пьеса бастан- аяқ ширыққан тартысқа толы. Әрбір кейіпкердің тілінде қуат, қажыр, жалын бар. Негізгі оқиғаның көпшілікке мәлім екендігін жақсы білетін драматург, ең алдымен қаһармандар психологиясын терең ашуды көздейді. Қосалқы жүлделерде, тұрмыстық жайттарды әдейі тастап кетіп отырады. Халық эстетикасындағы жағымды кейіпкер мұратын драматург қолдай отырып, өз жанынан жаңа ою-өрнек қосып, ұлттық көркемдік ойлау жүйесін байытқан.

Трагедия қаһармандары жырдағыға қарағанда, айрықша сомдалып, характерлік тұрғыдан ерекшелініп берілген. Әсіресе, жағымды кейіпкерлер бойында жаңа дәуір адамдарына тән асқақтық, романтикалық серпін, өз мақсаттарына, болашаққа, жақсылыққа деген сенім, үміт бар. Олар үшін еркіндік, адамгершілік сезім, махаббат, әділет – дүниедегі ең қымбат, ең асыл, бәрінен де артық нәрселер. Осыларға жету үшін күреске дайын. Тіпті өлімнен де сескенетін түрлері жоқ.

Пьесадағы Баянның жырдағы өзі аттас кейіпкерден көп айырмасы, өзгешелігі, артықшылығы бар. Трагедиядағы Баян батыл, өр, күрескер. Ол зорлықшының құрбаны болып, оп-оңай қанжығаға байланып кете алмайды. Бостандығы, бақыты жолында күреске шығып, тығырықтан шығар жол, дұшпанын жеңер айла-тәсіл іздейді. Тіпті қас жауы Қодармен шайқасудан да қаймықпайды. Баянның өлімінің өзі – қарсылық, әділетсіздікке айтқан лағынаты , қарсыласына атқан соңғы оғы.

Қозы бейнесі трагедияда өзгеріс, даму үстінде көрінеді. Алғашқыда күйіп-жанып тұрған, ғашықтық сезімі бойын өртеп бара жатқан бозбаланы көрсек, кейін көз алдымызға тіршілік үшін, теңдік үшін, әділет үшін алысқан күрделі тұлға келеді.

Ұлғайту, өсіру секілді көркемдік тәсілдер, әсіресе Қарабай, Жантық бейнелерін жасауда сәтті қолданылған. Пьесада классикалық драматургияның дәстүрлері, жақсы тағылымдар айқын сезіледі. Ұлттық және интернационалдық көркемдік олжалардың, игіліктердің тоғысуынан туған жаңа эстетикалық сапа «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагшедиясын үздік шығармалар қатарына қосты. Ғ. Мүсіреповтің шешен, оралымды, көркем драматургиясы әдеби тіліміздің баюына мұрындық болды.

ЕКІНШІ ТАРАУ


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет