ЛИРИКАЛЫҚ КОМЕДИЯ
Суреткердің табиғи қабілеті, талан ыңғайына қарай жанрын табуы үлкен қуаныш. Әр шөптің басын бір шалып жүріп, түптің түбінде еш нәрсені ұстай алмай қалудан жаман нәрсе жоқ. Әрине, ерте мамандану, ащы-тұщының дәмін татпай тұрып бойды аулақ салудың да зиянды жағы көп.
Өз мүмкіндігін, беімділігін, күшін таразыға тартып өлшей білген қаламгер алдын-ала ойлап, болашағын ескеріп, қажетсіз, жеміс бермес, олжа әкелмес универсализмнен саналы түрде алыс жүрмек. Концепция, айтпақ ой, шертілмек сыр белгілі жанрдың қалыбына сыймай жатқанда, жазушы заңды, орынды ретпен басқа форма пайдаланса, қарсылық айту көрсоқырлық болар еді. Біздің мансұқ ететініміз – бүгін ұйқасты айналдырып, ертең диалогпен әуреленіп, бүрсүгіні қара сөзге ауысатындардың кәсібі.
Қазақ драматургиясына театр институтынан алған біліммен, тиянақты дайындықпен келген Қалтай Мұхаметжановтың шығармашылығын қарастырғанда, көретін ерекшеліктеріміз: қаламгер ұзақ жылдар бір жанрдың тұқасын айнымай ұстап отырды, ат-көпір шимайлай бермей, араға уақыт салса да, сапалы дүние беруге ден қойған. Төрт комедия, бір драмасы сахнаға шықты.
Сан жөнінен келгенде комедияға айрықша күш салған, өндіріп жазған драматург. Табиғи қабілеті, күлкілі жайттарды тез аңғарып сәтті бейнелеуі, актуалды мәселелерді мезгілімен дер кезінде көтеруі, оның Бейімбет Майлин дәстүрін жалғастырушы екендігін көрсетеді.
Мұхтар Әуезовтың ыстық ілтипатын аударған тырнақалды «Бөлтірік бөрік астында» комедиясымен автор өзінің драматургияға жақсы икемдігі барлығын танытты. Бұл шығарманың сахнада табысқа жетуінің бірнеше себебі бар еді. «Тартыссыздық теориясы» дейтіннің шырмауына іліккен шақта театрларда, әсіресе, комедияға орын қалмаған. Эпос материалдары негізінде жазылған пьесалар қаншалықты көркем, талантты болмағанымен, қауымның қазіргі уақыт проблемаларына жауап іздеуі, сахнада замандасын көргісі келуі заңды талап еді.
Дәл осындай уақытта бұрын әдебиетте есімі белгісіз жас автордың жастар өмірінен жазылған комедияны көпшілік алдына тартуы қуанышты жағдай болатын.
Алғашқы көрініс: таныс Алматы, гүл алаңы. Екі жас Сапар, Жәмила диалогтары кібіртік басталады. Бұлардың сөздері, әсіресе, Еңлік пен Кебектің, Ақан мен Ақтоқтының, Қарагөз бен Сырымның жалындаған, лапылдаған ақ өлең болып төгілген монологтарына дағдыланған, романтикалық, асқақтық рухында тәрбиеленген көрерменге әсер ете қоймайды. Той алдындағы алып ұшқан, желікке көңілге емес, әлі де бірін-бірі сынаған, міндет артқан, мәмлеге келген, күгһнібұрын әлденелерді ескерткен тісқаққандық бар.
Сахнаға шыққан жаңа персонаж өзінше әрекетімен, мінездік сипатымен, сөйлеу мәнерімен ерекшеленеді. Келе-келе пьесаның бауыры жазылып, кейіпкерлер бойынан таныс таныс адамдардың қылықтарын көріп күле бастайсың. Марфуға шыққан сценаларда күлкі, юмор, әзіл мол.
Тартыстың шешімін, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін әуелі айтып алып барып, содан кейін оқиғаны баяндайтын шығармалар аз емес. Мазмұнын жатқа біле тұра кейбір адамдар классикалық пьесаларды қайта-қайта көре беруден неге жалықпайды? Анна Каренинаның қайғылы өлімін Толстой күні бұрын сездірсе де, романға деген оқырман ықыласы неге солғындамайды? Достоевкий Раскольников қылмысын бірден неге көрсеткен? Осы алуандас сұрақты «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы туралы да қоюға болады. Үйленгелі отырған жігітіміздің ауылда әйелі барлығы алғашқы сценалардан-ақ белгілі. Елден келген хатты оқып тұрып, беті бүлк етпей әйелін кекенкен Сапарды көреміз. Әрине, финалға дейін Сапардың ұрлығын, жасырын сырын, құпия көмбесін көрерменге сездірмеуге болар еді. Дегенмен, сырты жылтыр адамның ішінде ит өліп жатқанын сахнадағы мінезін, іс-әрекетін, қимыл-айласын бақылау да бір қызық нәрсе. Көрермен аяқ астынан Сапардың сұмдығы ашылып, масқара бола ма деп қуыстанып отырады.
Саудырлаған ақ көңіл шал, Сапардың немере ағасы Бекен мен фотограф Сайлаубектің арасындағы диалогпен тұжырымдайтын жайтты драматург сөзбақтап бір көрініс жасалған. Персонаждар сөздерінде ұтымды жайттар, әзіл-қалжың бар ауылда өтетін сценаның мақсаты Сапардың әйелінің барлығын айту, радиодан оқылған семья жайлы мақаласы мен берген телеграммасының арасындағы алшақтықты, жарға деген опасыздықты, сөз бен істің қайшылығын көрсету.
Ата-анасы, әйелі, ауылдастары сырттай Сапарға үкім шығарып қояды. Бұл шығарманың финалында бір-ақ болуға тиіс шешім еді. Драматург орынсыз асыққан.
Жаңа үйленген Сұңғат пен Марфуға екі қиырдан, шалғай елдерден келіп қосылған жандар секілді. Өскен, тәрбиленген орталары, адамдарға, жақсылыққа, жамандыққа, дүниеге көзқарастары алшақ жатыр. Ағайын-туғанның қас-қабағына қарап, қаршадайынан алыс-жақынды танып, табиғат аясында, аралас-құраласта өсетін ауыл баласы ағымдағы нәрселерді, аты шулы есімдерді, моладағы киімдерді, жылтырауық, жалтылдақ бұйымдарды білуде кенжелеу қалғанымен сезімталдық, парасаттылық, ойшылдық жөнінен ауланың іші, кинотеатрдың алды, балмұздақ дүкенінен өзгені көрмеген кейбір қала тентектерінен көш ілгері тұрады.
Жылымықта көктеген өсімдік секілді тіршілігі бар шаһар қызы Марфуғаның мінез құбылыстарын драматург сөздік сипаттамалары арқылы қызықты етіп берген. Біз Марфуғаның қазақ тілін нашар білетініне, үнемі орыс сөздерін араластырып сөйлейтініне ғана күлеміз. Оның характеріне, логикасына, іс-әрекетіне күлеміз. Бұл ең алдымен арамдығы, қулық-сұмдығы жоқ, жаны таза адам. Көлгірсуді, өтірік бетке жылтырауды білмейді. Аңқау. Намысқой. Сапар мен Жәмиланың тойына алдында ғана мысықтың мүсінін апармақ еді, енді күйеуі мен екеуінің сөзі:
Мейлі, жұрттың алдында ұялсаң сен ұяласың.
Неге?
Жеңгесі сараң екен дейді.
Что такой сараң?
Марфуға скупая болып шықты дейді.
Мен бе секпая? Я это не позволяю.
Тек духи апарсаң, солай деуінде сөз жоқ.
- Ат, так на зло всем куплю золотые часы, отрез на платье. (Қ. Мұхаметжанов. «Бөлтірік бөрік астында». А., 1965, 142-бет).
Ал, керек болса. Бала мінезге күлмей қайтерсің. Араға көп уақыт салмай Марфуға тағы күйеуімен ілінісіп қалады. Рухани есеюден гөрі балиғатқа бұрын жеткен адамның дүниенің парқын дәулеттен, байлықтан, ақшадан іздеуі заңды нәрсе: «Подумаешь, учитель, алатының алты жүз сом, менің бір платьемнің бағасы». Сұңғатты сүйгендіктен, әлі де характері, көзқарасы әбден қалыптасып бітпеген Марфуға бірде болмаса, бірде икемге көнеді. Қаладағы жағдай, барлық – байлық емес, Сұңғаттың етегінен ұстайды.
Ал, Сапар үшін тіршіліктің мәні дәулет, атақ. Бұл бағытта қандай құрал қолданып, нендей айла істесе де қылмыс деп білмейді. Осы мақсатқа бағындырған адам - өте қауіпті адам. Өйткені ол үшін қара бастың қамынан басқа өзге қастерлі, қасиетті, киелі еш нәрсе жоқ. Мұндайлар қолбасшыдан шықса, тұтас халықты қырып тастаудан тайынбайды. Мұндайлар билік иесінен шықса, бетке ұстар азаматтарды түгел көгендеп, бұғаулап қоймақ.
Сапардың психологиялық құбылыстарын, толғаныс, тебіреніс сәттерін драматург жете ашып бере алмаған. Үңіле қарағанда, Сапардың өзі әрекетпен көрінбейді. Жәмиламен, Әнуармен, Арыстанмен, Сұңғатпен диалогтарында тереңдеп еш нәрсеге бармайды. Тек Әнуармен арадағы тәжіке-таласта оның жершілдік, жағымпаздық айлалармен кейбір аңқауларды оңай түсіретіндігін білеміз. Әйелінің барлығын жолдастырана білдірмеу үшін мысықтабан айлакерлік қажет. Дәл тойдың алдында қанша діні берік болса да, құпиясының беті ашылып, әшкере етілетінінен қауіптеніп, Сапар әр түрлі мазасыз күйге түссе керек еді. Драматург мұндай психологиялық арналарды айналып өтіп кеткен.
Жәмила да тасада қалып қойған. Оның мінез ерекшелігін, парасатын танытардай әрекет, қимыл көрібейді. Қызықты жасалған юморлық сипаттары мол кейіпкер Арыстанның бойынан көп күлкілі жәйттерді аңғарамыз. Еш нәрсенің соңына тиянақты түспеген, бірді бастап, бірді тастаған, жас ғұмырын пәтуасыз қызық үшін сарп еткен мұндай жігіттер аз емес. Өздері жөн-жосық, жол-жобадан да жығылмайды, ілім-білімнен де хабардар. Кейде өзге жұртты надан көріп, белден басып, өтірікті берттіріп жібереді. Арыстан осы характердің адамы.
Пьеса финалы көптеген қазақ пьесаларындағы белгілі қалыпқа түскен. Жағымсыз адам әшкере етіледі. Сапар өтірігі ашылды. Бекен сөйлей бастағанда оның қыпылдауын драматург психологиялық жағынан қызықты етіп берген. Шалдың ЗАГС туралы сөздерінде ащы мысқыл бар. Раушанның сөзі, Жәмиланың сөзі, Бекеннің сөзі – бәрі келіп Сапарды ұрып жатыр. Соттың айыптау үкімі секілді. Түгел бір адамға жабылып жатыр. Өзгеше шешім, тосын әдіс табу жағына драматургтың тәжірибесі жетпеген. Комедияның басталуы мен аяқталуында Маяковский өлеңін пайдалану елуінші жылдардың соңындағы қазақ театры үшін жаңалық болатын.
Әлемдік әдебиет тарихына көз салғанда бір кейіпкердің түрлі шығармаларға қаһарман болатын реттері жиі кездесед. Бальзак романдарын, Хемингуэй туындыларын еске түсіріңіз.
Қазақ драматургиясындағы ең алғашқы пьеса – диалогия Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» трагедиясы. Талай уақытқа дейін бұл дәстүр ұмытылған еді. Өзінің екінші комедиясында Қалтай Мұхаметжанов тырнақалды пьесасындағы кейбір персонаждарды тағы да көрсетті. Олар Марфуға, Сұңғат, Арыстан.
Бірінші шығармасындағы форма селкеулігін, композициялық босаңдықты драматург енді қайталамау үшін ізденгені, экспериментке барғандығы байқалады. Көп пьесаларда сахнадағы өмір – бас-баяғы тұйықталған шеңбер, персонаждар бір-бірімен қарым- қатынасқа, айтыс-тартысқа түседі, көрерменде шаруа жоқ. Классикалық драматургия үлгілерінде, Вишневский, Погодин шығармаларында, Бертольд Брехт пьесаларында сахна мен көрермен, кейіпкер мен зал жақындай түскен. Көпшілік қауымға арнап сөйлеу, қаһарманның залда отырғандар ішінен шыға келуі, радио даусын, кино кадрларын пайдалану – бұлар шарттылық құралдар, техникалық трюктар емес, драматургияның жанрлық мүмкіндіктерін молайтқан, жаңа өрістерді ашқан көркемдік тәсілдер.
Осы арнадағы табыстардың Қалтый Мұхаметжанов драматургиясында жиі көріне бастауы құптарлық қадам. «Құдағи келіпті» комедиясының алғашқы сценасын алыңыз. Марфуғаның шешесі Айша мен Арыстан құдаларының аулына, қызы мен күйеу баласына келе жатыр. Елден ұзақ уақыт қол үзіп кеткен, қала жағдайындағы жеңіл тіршілікке үйренген, күйеуінің қызметі мен дәулеті арқасында жанын ауыртып еш нәрсе істеп көрмеген ақсаусақ әйелдің жалтыраған асфальты жоқ, даланың соқпақ жолымен жүк машинасының үстінде кетіп бара жатуы күлкілі ситуация. Бұған соқтауылдай жігіт басымен жұмыссыз жүруіне қарамай, өтірік күмпиіп, кеудесіне нан піскен Арыстан қосылған. Екеуі өзара сөйлесіп қоймай, көрерменге де тіл қатады.Бұл әдіс пьесада бірнеше рет қайталанады.
Драматург «Құдағи келіпті» комедиясында екі түрлі тартыс жүйесін қатар өрбітеді. Бас жарып, көз шығаратын конфликт емес, өмірде жиі кездесетін, қайталанып тұратын қақтығыс алынған.
Марфуғаның ата-анасы, шыққан семьясы жайлы алғашқы пьесада сөз ыңғайынан аужайды түйгенімізбен, дәлді еш нәрсе білмейтінбіз. Енді шешесі Айшаны көріп, оның мінезін бақылап, көп жайтты түсінуге болады.
Әуелде өздерімен, дәреже-атағы, дәулет-байлығы тең қаланың бір белдісінің келіні болмай, көзі қарауытқандай әлдекімге шығуы зығырданын қайнатқан, тым құрығанда Сұңғатты Алматыда алып қала алмаған, қолдарына кіргізбеген Марфуғаның ендігі тірлігі қандай? Зорлық-зомбылық, арып-ашып жүр ме екен? Жиырмадан асқанда бұрау басын сындырмаған, ерке тотай қызы ауыл жағдайына қалай көндікті? Айша асығып келеді, ауыл адамдарында өші бардай, қызына солар теперіш көрсетіп отырғандай, ыза боп келеді Айша.
Бұл жайды күні бұрын естіп-білген Сұңғаттың шешесі, туыстары қарап қалмай, құдағиға шу шығартпас үшін дайындық үстінде. Осы орайда, драматург әр түрлі мінездердің шарпысуын сәтті бейнелеген. Ұлы мен келінінің жолында құрбандық болуға әзір Қымбат қайтсе де, Айшаның көңілін таппақ, тіпті қоң етін кесіп беруге бар, әйелдер түгіл, еркектерге дес бермейтін, бет қаратпай соғып тұрған тентек сөздің иесі Фатима ағайындары қанша басу айтқанымен есе жібермей, ұпай алдырмауға бейім. Қымбат екеуінің арасындағы диалог.
- Шаң шығарып көрсін, жанын қоса шығарайын. Құдағи емес, құдай келетіндей, о несі екен-ай маған.
- Астапыралла, құдай бейшараны қайтесің.
- Жоқ-ау, мүлде келін түсіріп құдағилы болған жалғыз сендей-ақ, әбден әбігерімді алдың ғой.
- Келген қонақтың еркелігі болады, сенің тілін жаман, шәлкім-шалыс келіп, масқара қылма дегенім ғой әшейін.
- Міндетсінбей, өзі тыныш отырса нем бар. Қызымды бердім деп қыр көрсететін болса, көріп алайын. Марфуғасы Айдарлымнанартық патшаға тиюші ме еді.
- Сұңғатжан туыс болған соң саған қадірлі, әркімнің өз баласы өзіне базар.
- Базары болса, өмірі байға бермей отырмай ма? Беталдына жалпақтамай, сен де орныңды біліп отыр.
Екі көңіл, екі ниет, екі мінез. Сөздерінде астар, қулық, емеурін жоқ. Екі әйел де шындарын жасырмайды. Әсіресе, Фатиманың адуындығы, өткірлігі басым.
Бірінші комедияда диплом алып, енді еңбек, күрес майданына араласпақшы Сұңғат мына пьесада колхоз партия ұйымының секретары. Бұған тілектес, пікірлес жігіт мектеп директоры Кеңес. Колхоз төрағасы Сәрсенмен араларында дау бар. Оқушылар бригадасы құйған кірпіштен спорт залын салу керек пе, сиыр қора салу керек пе? Осы талас үстінде драматург характерлер құбылысын бермек.
Шеберлік жетіп тұрса, кішкентай ғана интриганың өзімен әр түрлі сырларды ашыға болатыны хақ. Түптеп келгенде, ұсақ тартыс, кішкентай кикілжің пьесаның арқауын әлсіретеді. Кірпіш дауы негізінде көрінетін сенімді характер Дауылбай мінезі. Табиғатынан көп сөйлеуге, мылжыңдыққа үйір адам бірте-бірте малтасын езе беруді дағдыға айналдырып алады, тоқ етерін айтудың орынана, тоқсан тоғыз тауды айналады. Дауылбай:
- Қысқа болғанда былай еді, жолдастар! Кеше де айттым сендерге. Өмірімде бірде-бір малшының: «Қорамыз артық салынып, масқара болып жатырмыз», - деген сөзін де, газетке жазған мақаласын да оқыған жоқпын. Ондайды оқысаңдар сендер айтындар. Бұл бір деңіз. Сақылдаған сары аязда қазы-қартаға тойып, бұйырған арағынды сіміріп, бір түн далада отыршы, бәрібір қатып өлесің. Шөбі мол болғанмен, қорасы жоқ мал да сол сияқты. Мұны екі деңіз. Былтыр Қатира қасқа іш тастап кетті. Қатира деп сауатын қасқа сиырды айтам, сонда ол жүрегіне жүгері жақпағандықтан болған жоқ, суықтан болды. Мұны – үш деңіз. Қой фермаларына қамқорлықтарың аз емес. Сонда сиырдың еті мен майы арам ба? Біздің қатынның қой фермасына ауысайық деп жүргені тегін емес, ол бір нәрсені сезеді…
Осылай тізбектеп отырып, мәселені жетіге апарады. Дәлелдемек тұжырымы – сиырларға қора керек. Күлесің. Істен, әрекеттен аулақ, батыл қимыл, шұғыл шешім қолдарынан келмейтін кейбіреулердің қызылсөз, көпірме ұран десе жанып шыға келетіндері болады. Өзіне де, елге де зияны жоқ даусыз ауыздар бір төбе, мылжыңдықпен шешен, білгір көрініп, жөнсіз сыбаға алатындар, билік-мансап баспалдағына көтерілетіндер екінші төбе. Дауылбай – еңбектің адамы, мұның көп сөзділігі, дүниені бүлдіріп жіберер көп сөзділік емес.
Ақыры, бір дәлелмен жастар жағы төраға Сәрсенді жеңіп, енді ол өзіне үй салғалы отырған кірпішті фермаға таси бастайды. Қиын шаруа – Айшаның келуі. Ауыл адамдары түгел жазылып жастық, иіліп көрпе болып, құрақ ұшып, төбелерінен тік тұрып күткендерімен, қыңырайған бетінен қайтпайды. Марфуғаны өзімен бірге Алматыға ертіп кетпек. Шешесі жер түбінен ат арытып келген соң, қыздың да буыны босап, жүрегі қобалжи бастайды.
Бұрынғы Марфуға жоқ. Өмір ықпалы, адамдар әсері, коллектив талқысы оның мінезіне, көзқарасына көп өзгерістер енгізген. Ең әуелі, бұл жаңалықты қалыпқа келе бастаған сөздерінен аңғаруға болады. Рас, тап-таза, мүлтіксіз өрнекке түсіріп жіберсе, драматург қапы соғар еді. Табиғатынан адал, жүрегі таза Марфуғаның эволюциясы сенімді берілген.
Ылғи соландап бос жүретін Арыстанның Марфуғаның атынан өтірік хат жазуы, Айшаны алдап әкелуі, жалған справка сұрауы – оның түзелмес, мүлде қисық тартып бара жатқан бағытын көрсетсе керек. Маскүнемдік пе, қылмыс па мұндайларды қайтсе де келешекте жақсы нәрсе тосып тұрған жоқ.
Драмалық шығармаларда ерекше ескерілетін дүние – конфликтіні қарастырғанда, әрбір ортаның тіршілік тынысы, өмір характері күрес, тартыс сипатына әсер ететіндігін бек есте сақтау шарт. Әйтпесе кез келген жерден айқас, майданды талап ету орынсыз. Әсіресе, комедияның жанрлық мүмкіндігі шарттылыққа, әсірелеуге, гиперболаға – айрықша жол береді. Бұған бүгінгі театр жаңалықтары қосылғанда драматургтің өрісі кеңи түспек. Ізденіс бағытындағы суреткер Қалтай Мұхаметжановтың «Қуырдақ дайын» комедиясынан қазіргі драманың жақсы белгілерін, формадағы жинақылық, композициялық ықшамдылықты көреміз.
Алғашқы комедияларында жеке сценаларды сәтті шығарғанмен, пьесаны бастан-аяқ мүсіндеуге келгенде, сылти берген драматургтің тұтастық, бірегейлік талаптарына айрықша ден қойғандығы өмірлік материалды пьесаға лайықтап алуынан байқалады. Екі күннің ішінде өтетін оқиғаға қатысатын үш еркек, екі әйел – бес-ақ адам. Авторлық ремаркада бұлардың жастары ғана көрсетілген, мінез қырлары, рухани ерекшеліктері сахнада ашылады. Алдымен танысатынымыз елуден асқан Ережептің монологында да көп сырдың ұшығы сезіледі. Көрерменге арнай сөйлеу, сырласқандай, әңгімелескендей сыңай таныту спектакльді жандырып жіберер тәсіл. Совхоз директоры сапарда, бүгінгі тұтқа орынбасар Жақан қолында. Ол әйелінен айрылысып кеткен, қазір бойдақ, көңілі кетіп жүрген адамы Ережептің балдызы Күлән. Мұның бәрі просцениумда белгілі болады. Драматург тек оқиға, тасыр-тұсыр әрекет қумағандықтан әдейі күні бұрын фабуладан хабар береді. Комедиялық тартысты психологиялық арнамен өрбітудің бір үлгісін Жақан мен Күләннің алғашқы оңаша қалған кезінен аңғарамыз.
Адамның жасына, қызмет бабына сәйкес келмейтін қылықтар қашан да күлкі тудырса керек, баланың үлкен кісі кекселігін танытуы, ересектің жеңілейіп сәби боп кетуі - әзіл-қалжыға, юморға мұрындық. Сүйіспеншілік сезімін білдіру орайында талайлардың ыңғайсыз жағдайға қалуы, күлкіге ұшырауы аз емес. Ішкі сарайы дүмбілез, сұлулық, әсемдікті сезінбейтін жандардың ғашық көрінгісі келуі, жылтыр сөздер айтуға ұмтылуы комедиялық ситуация.
Өзінше оймен, есеппен, айламен қимылдайтын Жақан алыстан орағытып келіп, махаббат күйіне кілт көшіп, Күләнді қапыда қолға түсірмек. Арада жеңгетайлыққа жүрген Ережеп қыз бен жігіттің сөзін баспалап тыңдап жатыр.
Қыз жоқта әлекедей жаланып тұрған сабаздың Күлән келген соң, мүлде дегбірі кетіп, берекесі қашады. Сөз айту, сүйіспеншілік жайы жолда қалып шаруашылық есепке, үйреншікті іс қамына ойысады. Міндеттемеден қиялап барып, үйлену ниетін айтпақ. Есті қыз бәрін біліп, сезіп әдейі түлкі бұлаңға салады. Жақан емеурінін ұқпаған кісіше жем тастайды. Әйел адаммен сырласуға олақ кісілердің әманда қызбен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездескенде, не үндемей қалуы, не мағынасыз әңгіме, қатысы шамалы бірдеңелерді қаузап кетуі күлкілі күйге ұшыратпақ. Айтылмыш сценада Ережептің тығылып жатып жігіт сөздеріне ызалануы, күйінуі, қызық жағдайды қанықтыра түседі.
Сезім орайында добал жандардың әкімшілік тұтқасына ауысқанда сесті, алапатты көрінуге тырысуы байқалып тұрады. Күләнмен әңгімеде барқадар таппаған Жақан жас маман Болатты тықсырып, ықтырып, илеп алмақшы. Ішінде тағлым алар өнеге, тиянақ, байлам жоқ, баршаға мәлім нәрселерді қайталап, білікті көрінбек. Жақан-Болат араларындағы диалогтардың салмағы жеңіл, кернеуі шамалы, драматизм, тартыс әлсіздігі көп сөзділікке, бірді айтып, бірге кетуге ұрындырған.
Әрқайсысы өзінше есеп қылады. Жақан ебін Күләнді көндірмек. Ережептің көкейін тесіп жүрген болашақ күйеудің мансабы. Әлима, Болат, Күләндар бұларға қарсы.
Қызға сөз айтамын деп күлкі болған Жақанның мықтыға жағыну, үлкендердің аузын алуға келгенде ебі мол, айласы көп. Пьесадағы екінші арна тартыс совхоздың үстін басып өтіп бара жатқан бастықты сыйлап қалу орайында болады.
Жағымпаздық-аярлықтың, екіжүзділіктің ежелгі бір түрі, көзге көлгіреу, бетке жылтырау, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтау, жазылып жастық, иіліп төсек болу, жылы-жұмсақты алдыңа қойып, арқаңа шапан жабу. Жағымпаздық-арамзалықтың, опасыздықтың сатқындықтың ежелгі бір түрі, ісін тындырып алған соң, бұрылып жүре беру, сырттан оқ ату.
Осы айланы жас Жақан да, егер Ережеп те қару қылған. Ауыр, соқтықпалы тіршілік кешуі жағымпаз, су жүрек, елпілдек етті дейді Ережеп. Бір қарағанда, мүләйім монтаны жүз. Сіз деп сызылып тұрады.
Бес-он тиын есептейтін сараң емес, танымаймын, бұры білмеймін адам үшін ақшасын беріп сатып алған малды жарды да тастады, бөтелкелерін және қосып жатыр. Жақанмен ана кісінің қандай туыстығы барлығын тақымдап, тәптіштеп, тиянақтап сұрап қояды.
Тартыс әлсіздігінен, жүйелі қақтығыс болмағандықтан, анда-санда кейіпкерлер арасындағы диалогтар әр қиырға бір тартып, драмалық арқау босап кетеді. Көп орын мәртебелі жолаушыны қарсы алудың әбігеріне арналған. Қызықты, күлкілі мінез құбылыстарын Ережеп бойынан көреміз. Қонақтарын аттандырып қайтып келе жатқан беттері. Ережеп:
Құдайым бір нәрсеге, жоқ олай емес.
Жаратқан бір нәрсеге бар ғой, бастап жүр ме?
Түсімде бар ғой-ау, қызыл түлкің-ай, сойып жүрмін-ау.
Уа, ағайын, сіздерден жасырар сыр бар ма? Бір міндеттен құтылдық. Соның қуанышына жаңа стансада аздап жұтып ем. Кешірерсіздер. Мен бар ғой, өзім мас болмаймын. Енді тойдың қамы қалды. Шашуларды дайындай беріңіздер деу маған неудобно. (Жақан шығады.)
Өзі де келді (екіленіп). Мен бар ғой бауырым, бүгіннен бастап бар ғой, осы жұрттың алдында «сізді» прямо «сен» деп сөйлей алам. Хватить білдіңіз бе, білдің бе, мен бар ғой, саған сен деп сөйлеймін. Правом бар ма, жоқ па, пожалауйста жұрттың алдында айт…
Расында, өзі айтқандай. Ережеп мас емес, Шарап қызуымен бойында батылдық бітіп, еркін сөйлеп тұр. Маскасын, пердесін шешіп тастаған, үлкен қызметкерге асаттым, енді ол үшін маған Жақан қарыздар деп санайды. Күләнді икемге келтірсе, Жақан ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ендеше, неге Ережеп еркін кетпейді? Ендеше, Ережеп жұршылыққа неге мақтанбайды. Бажа болуға азғантай-ақ қалғанда неге Жақанды «сіз» дейді? Демеуі керек.
Драматург ситуацияға лайық күлкі тудыратын құралдарды екшеп пайдаланған. Басқа уақытта Ережеп аузынан «Хватить», «право», «неудобно», «пожалуйста» секілді сөздер шықпайды, әдейі ірі көрінуі үшін айтып отыр ғой.
Бір сәтке Жақан жуасып, жүні жығылып қалған. Қалай тартса, солай икемделе береді. Мақсатына жетіп, ойындағысын орындап, шаршап құлаған адамдай. Ережептің беттен сүймек болып әуреленуінде, тойды қалай өткізетінің айтуында фарсқа тән, водевильге сыйымды әрекеттер, оқшау қимылдар бар. Бұл қуаныштың ұзақ созылмауы ащы кекесін тудырады. Көріністер, сезімдер арасындағы алшақтықтан шыққан жайт.
Еділ жарып, Ертіс бұзып, тау құлатып келгендей мақтана жеткен Ережептің сөздерінен өтіп бара жатқан бастықты тосып алудың шырғалаңдарын естиміз. Өзінше ерлік істеп, дүниені төңкеріп қайтқандай Ережеп Болаттың, Әлиманның қас-қабағына, аужайына көңіл бөлер емес, енді мақсатына жетердей, ұшпаққа шығардай күпініп, қабарып шыға келеді.
Аярлықты, екі жүзділікті, сұрқиялықты қару еткен мұндарлар қашан да берген сәлемінен бастап, ішкізген бір аяқ сусынына шейін жіпке тізіп, есепке алып, содан ұпай жинап жүреді. Біреу жалғыз сабақ жібін алса, соның өзін қармаққа ілінді санайтындар тоқты өңгертіп, қоржынына бөтелке салып жіберген адамды қолыма түсті демей на қара басыпты?
Әйелінің қатқыл қарсы алуын, Күләннің мінезіндегі өзгерісті Ережеп осындай қуанышпен тұрып, шу дегенде аңғармай қалған. Аяқ астынан бәрі теріс айналып, дүние нілше бұзылып сала берді. Қыз уәдесі жай ғана алдарқату, күлкі ету екен, документтері қабылданыпты. Оқуға кетпек. Бұл аз десең, тастай батты, судай сіңдіге санаған соншалықты қиыншылықпен поезға салып жіберген, көп үміт отын жаққандай болған, бастыққа жіберген дәм, арақ қайтып келіп тұр. Қағаздағы сөз тіпті қаһарлы, облыс орталығына шақырыпты.
Осы арада пьеса атының арқалаған идеялық жүгі ашылады. Қайтқан малынан қайыр іздеген Әлима жұртты шақырады – қуырдақ дайын. «Қуырдақтың үлкенін түйе сойғанда көресің» деген мақалдағы астарлы мәнмен авторлық позиция сарандас.
Драмалық шығармалардың тілдік ерекшеліктерін қарастырғанда, сөздің қандай жағдайда, кімнің аузынан айтылғанын айрықша ескеру шарт, сахнада сәтті диалогтардың қағаз бетіне, кітапқа түскенде, солғын көрінуі мүмкін. Әрбір жаңа шығармасында соны көркемдік тәсілдер, айшықты өрнектер, тосын бояулар іздеу қас қаламгерге етене қасиет. Айтылмыш жайтты «Өзіме де сол керек» комедиясынан аңғаруға болады. Бұрынғы шығармаларындағы күлкі тудыратын тәсілдерінің үстіне драматург тағы жаңа құрал қосқан. Кейіпкерлер санының аздығы, негізгі қаһарманның көрерменге бағыштап сөйлеуі, сыр бөлісуі, келеңсіз құбылыстардың мансұқ етілуі, ащы тіл, ирония, юмор – комедиограф бұл орайлардағы олжаларын молайта түскен.
Пьесаның бірінші актісінде қызық күлкі бар. Жылқышы, елуді еңсерген қазақ Сардардың дастарқанының басында қаладан келген жігіт Хайдарбекпен кездесеміз. Драматург сәтті ситауцияның үстінен шыққан. Бір қарағанда, оқшау еш жоқ: қонақжай ауыл адамдары, ержеткен, мектеп бітіріп жұмыс істеп жүрген ұлдың болашақ қамын ойлаған ата-ана шаһарда тұратын жігітті (інілерінің әйелінің бауырын) – құдаларын ес көріп сырларын айтып отыр. Осы жерде комедиялық күй бар. Көп нәрсені тереңдеп ойлап, байыбына зер салмайтын қартаң әйел Кенжегул үшін баласы Алмасқа қол ұшын берем, институтқа түсуіне жәрдем етем деген адамнан жақын ешкім жоқ, соның жолына құрбандыққа әзір, дүние мүліктен, дәулет-байлықтан тартынып, сараңдық жасар пиғылда емес, әйтеуір өзегін жарып шыққан перзенттің келешегіне, бір кәдесіне жараса бітті.
Бұл халді тез аңғарып, іштеп қызықбау шалған Хайдарбектің енді жібіте алмай отырғаны жылқышы Сардар. Сөзге ерқарасы боп еріп, бас шұлғып қойғаны демесе, түгел ұйылған сыңай танытпайды тісқақты шал.
Алғашқы перде түгелге жуық Хайдарбектің Сардар атынан институт ректорына жазғанын оқып беруге құрылған десе сыяды. Егер бөліп, бөлшектеп, талдай бастасаң хат тексі көп күлкіге кенелтпейді де. Бірақ пьесадағы ситуация күлмеске, ыза болмасқа, намыстан басқаәддің жоқ. Драматург пародия мүмкіндіктерін, астарлы мысқылды пайдаланған. Әрі тарт-бері тартта, шимай қағазға шаруасы болмай, тер төгіп, соның зейнетін көріп жүрген адамдарды кейбіреулердің ала көзбен атқанда ойлайтыны не екен? Аттың жалы көрінбес ақ түтек борандарда аяз шомып, қар кешіп жасаған ерлікке парапар еңбектің азабын, ауырлығын өздері татпаған соң рақатын неге күндейді екен? Ақ дастарқан жайып, дәм-тұзды алдына төгіп салғанды, қолын қусырып, қонақ еткенді дарақылық, есеп білмегендік, даңғойлық көре ме екен? Өзіне барғанда бір шәугім шайды қиналып қайнатып, кісіге келгенде кеңірдегінен шықпай аттанбайтыны қалай?
Отызды алқымдап қалған Хайдарбек пен алпықа аяқ басқан Сардар арасындағы диалогтан екі түрлі психологияның, екі түрлі пиғыл, екі түрлі көзқарастың шарпуын көреміз. Тіршіліктен жеген соққы, көрген таяғы қыруар Сардардың түйгені, топшылап, тоқығаны аз емес, не болса соған, уақ-түйекке лып етіп түсіп, тыз етіп жанбайды, ұстамды, сабырлы, тежеуі көп. Жынды көбелектей жалпылдаған, арақ қызуымен шарасынан асып-төгіліп отырған жігітті өзге біреу ләйлітіп қоя бермей дереу тыйып тастар еді. Сардар қабағын шытпастан, шыбын шаққан құрлы көрмей отыра береді. Білгені осы, жеткені осы, сиқы осы – аяқ астынан мен түзей алмаспын деген мінез.
Қақ-соқта істері жоқ, қулық-сұмдықтан ада, қағаз сөзіне құлдық ұратын, пәленшекең айтты десе, ауыз ашатын ескілікті адамдар емес пе, алдап-сулап қанжығамды майлаймын деген іш есеп Хайдарбек көкейін тесіп отыр. Қара борандатып, құйындатып, бөстіріп, бөрттіріп жазғандағысы осылардың көңілін алып, жүйесін босату. Драматург хат тексінде әдейі пародия стилін құнттаған, кейбір қала дүрсін, шалағай қалам ұстағандардың шыңырауындағыны шыңға шығарып, шикілі-пісілі бірдеңелерді елдің алдына тартып, қызыл сөзбен іш кептірер шенеген. Хайдарбек мінезінде авантюристік, құбылмалық, қайтсе кісі алудың, жақсы, ірі көрінудің амалын табуға ұмтылушылық бар. Айналып келгенде, қыр аспайтын бақай орашолақ әйелдің қолынан шыққан қопалақ көйлек секілді мінез көктеуі көрініп тұрады. Анау айтқан, мынау айтқан деген орайларында айғақ, тиянақ, тірек жоқ, аққа қара жамағандай бір ерсі қылық.
Басқа есіммен, өзге ортада шыққанмен Хайдарбек бұрын Қ.Мұхаметжанов комедияларында бірнеше рет көрінген, характері, болмысы, тұлғасы таныс персонаж. Бұл «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті» пьесаларындағы Арыстанмен емшектес, егіздің сыңарындай ұқсас адам. Сөз әдібі, әрекет әдісі бірін-бірі қайталап жатыр.
Ауылда еркін көсіліп, ағызып ішіп, ақтарылып сөйлеген Хайдарбек қала жағдайында жинақы, далаға лағып, аспанға көтеріліп, алып-ұшып тұрған жоқ. Сақ, екі қарап бір шоқитын сауысқандай сақ. Аңыс аңдып, із бағып, көп нәрсені ескереді.
Сардар жылқышының інісі, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, белді қызметкер Садық бейнесін жасауда драматург сөздік, мақамдық ерекшеліктерді - психолигиялық күйге байланысты интонацияның өзгеруін, сөйлем құрылысының әдеттегі машықтан ауытқуын жақсы пайдаланған. Телефонмен Садық бастығымен сөйлесіп жатыр.
-Алау, келін бе екен? Үй іші, балалар аман ба, шырағым? Мәкең бар ма екен? Телефон соқсын деген екен? Содан енді, не, ие сөйте қойыңыз. (Хайдарбекке дыбыс шығарма деп ымдайды) Ие Мәке, мен ғой, жетіде тұрдым дейсіз бе? (Желкесін қасып) Япыр-ай, сіз былай дем алу дегенді атымен ұмыттыңыз-ау. Қайран қалам, не деген энергия, сіздің отпускіге бармағаныңыздың өзіне екі жыл болып қалды ғой…
Халық үшін денсаулығыңыздың қаншалықты қымбат екенін ойлайтын күніңіз бола ма? Біз арам өлсек те келер-кетер шамалы. Мына сіздің денсаулығыңыздың. Кешіріңіз енді… Баяндаманың ие, ие… Сізден асырып не айта қоярмын… Жергілікті фактілер дейсіз бе! Жарайды, Мәке, жарайды, Мәке, жарайды, Мәке…
Жарайды, Мәке… Жарайды, Мәке… Саяси шапкасы дайын. Жарайды, Мәке… Енді былай, өзіңіздің денсаулығыңызды күтіп деген дей… Жарайды, Мәке. Денсау… (Телефон үзіледі, бұл да қоя салады.) Нешауа, алдымен трубканы өзі қойды. (Баяғы қалпына түсіп.) Міне, қоғам жұмысы кеңірдектен келіп тұрғанда. (Әсия шығады.) Сендер келіп килігесіңдер.
Осы жерде көп сыр аңғарылып тұр. Үй ішінде дүрдиіп, сырт көзге қампиып жүрген талай қаратаяқ бастығының алдында жорғалап кетеді. Рас, қызмет бабын, әкімшілік этикасын ешкім де аяқ асты етпеуі шарт, тырағайлыққа, анархияға, басбұзарлыққа орын жоқ. Садықтың сөзін, мінездегі құбылыстарды, бұлаң құйрық өзгерістерді не деу керек? Шені үлкен кісіні сыйлау ма? Бірде-бірі емес, мұның аты жалпақтау, көлгірсу, жағыну, мүләйімсу. Мұның аты әділдіктен, шындықтан айрылу, кісілікті, тазалықты жоғалту. Жеті рет: «Жарайды, Мәке»,-деп елпілдеп, жетім жапырақша қалтырап т ұрған адамның қолтығында Хайдарбек секілді баукеспенің өсіп келе жатуы ешкімді таңырқатпаса керек.
Жазушы ашынған кезде, тіршіліктегі келеңсіз құбылыстар зығырданын қайнатқан шақта өрт күлкіні, күйдіріп жіберер от мысқылды, ащы тілді қару қылмақ. Өңсіздікті, кемтарлықты косметика, туалет күшімен байқатпауға болар, ао рухани кедейліктен, интелектуалдық мүсәпірліктен туған ой мешеулігін әсте жасыру қиын. Біреудің еңбегін пайдалану, әсіресе, басқаның ақылын сауу қоғамда тірлік кешуге қақысы жоқ кесепат, арамбез, сүйел секілді мерез. Жаздырып алуды, көшіріп алуды өнерде плагиат, ұрлық десе, баяндама, мақала, диссертация сияқтыларды өзгеге істетіп, пайдаланып кетуді не демек керек? Қызмет, мансабы үлкен кісі бағынышты адамға иек артса, бұл қолғабыс, жұмыс тәртібі ме? Жоқ, бұл плагиат, бұл да ұрлық.
Осындайды, өмірде кездесіп қалатын масқарашылықты драматург кекті ашумен, ызалы күлкімен. Күйдіре сынаған. Жебе баяндаманы өзі жазбаушылыққа ғана бағытталмаған, жауапты іске, маңызды шаруаға селқос қараушылық, әйтеуір құтылып қалудың амалын іздеушілік психолигиясы мансұқ етіледі. Бұрынғы қағаздарды, сарғайып кеткен ескі бірдемелерді қопарып, өңін айналдырып, тек цифрларды жаңғыртқан дәрменсіз, сәулесіз бастықтан не күтуге болады? Үлкен қызмет орынында отырған адам болып, оқуға түсетін баланы телефонмен тапсырып, ол үшін ұрлық-олжа тапқан алаяқ жігіттен не күтуге болады? Екеуінің де тіршілігі сынған рельске қарай зулап бара жатқан поезд іспетті. Күлталқан қаусап құлауы сөзсіз.
Алғашқыда Хайдарбекті еркіне жіберген жылқышы Сардар енді қаһарына мінген. Баласы өз қалауы, өз күшімен ұшқыштар мектебіне түскен соң, әйелінің ашуын басуға амал іздейді. Сахнада Кенжегүлді мас етіп көрсету жеңіл күлі, арзан эффектіге ғана қызмет етіп отыр. Бізге Сардардың азаматтық ашуы, саналы ширығуы қымбат. Ол Хайдарбектің берекесіз, жымысқы екендігін білгенмен, жырым жалайтын ұры екенін әлі аңғармаған.
Баяндама материалдарын дайындау үстіндегі Садық, Хайдарбек мінездеріндегі көп көп күлкілі жайларды драматург ащы ирониямен берген. Бұл орайда жазушылық идеялдың айқындығын, суреткерлік позицияның беріктігін көреміз. Сардар сөздерімен авторлық ілтипат, емеурін, ыңғай сабақтасып жатқандығында шәк жоқ. Ертең сенің баяндамаңды тыңдаймын деп алып, інісімен қатты сілкілеседі. Бұл сценада ол жиналыстан келген болып көрінсе дұрыс еді. Аға мен іні арасындағы семьялық, туысқаншылық орайындағы келіспеушілік, дүрдараздық, кикілжіңнің сөзі емес, халық, болашақ, сол үшін сенің жауапкершілігің деген толғағы тоқсан, алпыс екі тамырды солқылдатар талас бұл.
Жағымпаздық, парақорлық, өтірік белсенділік, семьядағы тұрлаусыздық, алаяқтық осы алуандас келеңсіз құбылыстарды, адамгершілік мораль табиғатына жат мінезді комедиограф Қалтай Мұқаметжанов бірнеше шығармасында мансұқ етіп, сан алуан бейнелерді сахнаға шығарды. Бүгінгі қазақ театрларының репертуарынан оның комедиялары берік алған. Шығармашылық ізденістермен қаламгерлік кемелдікке аяқ басқанын анық танытқан суреткердің болашақ туындыларына сенім артуға қақымыз бар.
Сонымен, қазақ комедиясы туралы қорытынды ойларды жинақтайық. Сатиралық комедияға жиырмасыншы – отызыншы жылдарда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлин қаламынан туған драматургиялық туындылардың көпшілігін жатқызуға болады. Бұл әлеуметтік- идеологиялық майданда бітіспес, кескілескен шайқас жүріп жатқан, адам психологиясындағы ескілікпен күресіп, өз идеологиясын орнықтыру үшін ұран салған өкіметтің алғашқы жылдары. Көне тұрмыстың бет пердесін жыртып, бұрынғы салт-әдетті еңбекшілердің, шаруалар мен жұмысшылардың жаңа идеологиясын орнықтыру мақсатына бағытталды.
Сатираны жанрға әлде стильге жатқызу керек пе деген ғылыми проблема әдебиеттануда толық шешімін таба қойған жоқ. Біздің ойымызша, сатира өз алдына жеке жанр емес. Себебі әр түрлі жанрдағы шығармаларда (романда, повесте, әңгімеде, драмада, комедияда) сатиралық сипат болуы мүмкін. Сатира әдебиет пен өнердің бар саласында қолданылатын тәсіл, яки бәрінде де кездесетін рух, пафос. Сондықтан да сатираны өз алдына жеке жанр ретінде қарау дұрыс болар ма екен? Ф. Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэль», Дж. Свифттің «Гуливердің саяхаты», Сервантестің «Дон Кихот» шығармаларына роман деп жанрлық анықтама бере отырып, екінші жанрлық анықтама деп сатираны көрсете алмаймыз ғой.
Сондықтан кейбір зерттеушілердің сатираны жеке жанр деп қарауына қосыла алмаймыз. Шығарма пафосы жөнінен сатиралық болуы мүмкін, бірақ ол белгілі жанрға жатпақ. Сатира ұғымы жанр ұғымынан кеңірек екенін кейбір зерттеушілер дұрыс көрсетеді. Әдебиеттің барлық жанрлары мен тектерінде кездесетін сатираны өмірді бейнелеудің ерекше идеялық-көркемдік принципі, әрі пафостың бір түрі ретінде қарауға болады.17
Өз алдына дара сатира жоқ. Мысалы, комедия, драма яки повесть секілді сатира жеке болмақ емес. Сатира осы жанрлар арқылы ғана жасай алады. Яғни сатира көркемдік тәсіл, ол шығармаға белгілі сипат, ерекше пафос береді.
Сатиралық комедияны қазақ драматургиясының жеке жанрлық формасы дегенде біз осы жайттарға сүйендік.
Тегінде сатиралық комедияның сыншыл рухы күшті, бұл жанрдағы күлкі келісімге бармайтын, кесел-кесепат атаулыны күйдіріп түсіретін отты күлкі; тиген жерін ойып тастайтын удай ащы күлкі; маймөңккені білмес тарпаң күлкі. Адам мінезіндегі, от басы, ошақ қасындағы, қоғам бойындағы әлеуметтік дерттерді сынауға келгенде, сатиралық комедия аса қаһарлы, қылышынан қан тамған жауынгер жанр. Характерлерді, өмірлік ситуацияларды типтендіру үстінде бұл жанрда көркемдік тәсілдердің өсіру, ұлғайту ( гипербола, гротеск, фарс) тәрізді түрлерінің баршасы емін-еркін қолданылып, шарттылық құралдары фантастика, мифология элементтері де қақас қалмайды.
Бір мезгілде жазылып, сахнада бір мезгілде қойылған Ж. Шанин, Б. Майлин комедияларының идеялық – көркемдік сипатында ортақ белгілер көп. Бұл пьесаларда жаңа қоғамның қалыптасуына кедергі келтіріп, бөгет болар тосқауыл атаулының баршасы сын найзасымен түйрелді; әлеуметтік сарыны күшті, саяси беті айқын болған аталмыш комедиялардың мезгіл талабына жауап беріп, уақыттың эстетикалық-көркемдік қажеттіліктерін абыроймен өтегенін айту дұрыс болмақ. Алғашқы қазақ сатиралық комедияларының синкретикалық сипаты оларда әр түрлі жанрлық формалар элементтерінің аралас жүруінен де көрінеді. Сатиралық комедияларда водевильдің, фарстың, пародияның көркемдік тәсілдері мен әдістері жиі қолданылған-ды. Бұған сюжет қызықтығы, тұрмыс-салт көріністерінің жиі кездесуі, халықтық тіл байлығы құнары секілді белгілер қосылып, жанр жүйесінің ерекшеліктері шеңберің құрайды.
Қазақ әдебиетінде лирикалық комедия 5-60-жылдары туды десе, қате болмас. Бұл жанрлық форманың дамуына әлем әдебиетінің дәстүрлері ықпалды әсер етті. Сатиралық, лирикалық, психологиялық элементтер шығармада ұштасып жүретіндіктен таза сипаттағы лирикалық комедия мынау деп көрсетіп беру қиын. Әр түрлі әуез-сарындар, сан алуан көркемдік құралдар, сюжет пен характер құбылыстары туынды жанрын дәл анықтауды ауырлатады.
Лирикалық комедияда кейіпкерлердің ішкі сырлары, сезім иірімдеріне мол орын беріледі. Күлкілі ситуациялардың негізінде персонаждар көңіл күйіндегі қылтың-сылтың, мінездегі толқулар мен құбылыстар жатады.
Мұндай шығармалардағы образдар жайма-шуақ күлкі, өткір қалжың, нұрлы әзір бояуларымен жасалып, қалың көпшіліктің көңілінен шығып, әлеуметті дән ырза етеді. Кейіпкерлердің адасулары мен қателіктері, ізденіс жолындағы қателіктері мен жаза басулары күлкі етіледі. Ондай жағдайлар жағымсыздар түгіл, жағымдылар қатарында жүргендердің басынан өтуі мүмкін. Лирикалық комедияда астарлы сыр, емеурін, «қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» дейтін сарындар жиі кездеспек. Бұл жанрда кейіпкерлерді өлтіре сынау, жазғыра айыптау, сүйектен өткізіп сөз айту жоқ; мақтамен бауыздау, ұстарамен сызып кету секілді әуездер басым.
Қазақ сахнасында көп қойылған Ә. Тәжібаевтың «Той боларда», Қ. Сатыбалдиннің «Қабаған ит», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай». Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуі» (сахналық нұсқасын жасаған Қ. Шаңғытбаев) комедиялары өмірлік материалы, тартыс табиғаты, кейіпкерлер болмысы жөнінен келгенде бір-бірімен сарындас шығармалар. Бұл туындыларға комедиялық ситуация үйлену машақатынан, отбасылық ырың-жырыңнан, әр түрлі моральдық кикілжіңнен тұтанып, сол негіздегі қақтығыс-тартыс шығарма сюжетін құрайды.
Сөйтіп, қорыта келгенде, қазақ комедиясы әр түрлі даму кезеңдерін өткеріп барып, жүйелі жанрлық системасы бар арналы салаға айналғанын көреміз. Алғашқы туындылары жанрлық талаптар мен шарттылық толық сақталмауы кездейсоқ нәрсе еместі. 20-30 жылдардағы табиғатты сатиралық комедияны өмірге әкелді; Б. Майлин, Ж. Шанин қазақ әдебиетінде бұл жанрдың белгілі шеберлері болды.
Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті өсіп, өркендеген тұста лирикалық комедияның жақсы үлгілері сахнаға шықты. Бүгінде қазақ комедиясы халықтық, шеберлік принциптерін айқын нысана ете отырып, реализм арнасымен даму бағытында.
Достарыңызбен бөлісу: |