Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет18/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29

Өмір мен өнер қоян қолтық келген, бұрын таптаурын болмаған тың объектіге қаламгер тұңғыш барлау жасаған алғашқы тәжірибе іспетті қадамда қашанда тіршілік оқиғаларының нақты қалпы, дәл деректі материалдар формасы шығарманың барлық тұрпатын, оның ішінде композиция, сюжет пішінін де айқындамақ. Қазақ халқы үшін зор сынақ, экономикалық, психологиялық, моральдық талқы болған, жедел даму жолына түскен шақтағы күрт, қауырт өзгерістер объективті түрде әдебиетте өз ізін шұғыл, тез қалдыра бастады. Сондықтан Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит өнер талаптарын жақсы біле тұра, кей кезде өмірдің кесек суреттерін І Петр ескерткішінің іргесіне қойылған шұбар тас секілді етіп, қашамай, жонбай, қырнамай, дәл қалпында ала салған.

Қазақ әдебиетіндегі жаңа жанрлардың қалыптасуын, орнығуын зерттеген кезде тексеретін күрделі туындыларда – «Тар жол, тайғақ кешу» ме, «Өмір мектебі» ме, «Жолдастар» ма – осылардың бәрінде буы бұрқырап тұрған, енді туған жаңа өмірдің жанды суреттері бар.

Осындай тұжырымды «Кек» драмасының соңғы бөлімдері туралы да айтуға болады.

Саналы жұрт қашан да елінің басынан µткізген тарихын ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақтаудың қамына кіріседі: мүсін бе, күй ме, жыр ма – қайсысы болса да, ескерткішке жараған нәрсенің жаманы жоқ. Сонау алыс ғасырларда, қазақ елінің кіндігі, географиялық орталығы ¦лытау тауларындағы табиғаттың ғажап үзігі – киіз үй іспетті жартасқа ең алдымен «біріктім, мен де сендермен мәңгі біргемін» деген ынтымақ, тұтастық идеясының, қасиетті жалаудың астынан табылдым деп, барлық атаның балалары рулық таңбаларын ойып салса, кейінірек сүтке қайнаған, қойдың жүні, жылқының қылын қосып, туған жер топырағынан пісіріп шығарған, күні бүгінге дейін бір мұрты сынбай тұрған қыштан қаланған күмбездер сөйлеп тұр емес пе? Бұлар гармония, келісім, сұлулық тоғысуынан туған сәулет өнерінің ғаламат туындылары десек, жеткізбей айтқанымыз, бұлар – біздің қағазға жазылмаған тарихымыз, домбырада тартылмаған күйлеріміз, мәңгілік уақыт пен шексіз кеңістік секілді категориялардың символындай, халықтық рухымызды көрсеткен теңіздей терең философиямыз.

Жаугершілік, толып жатқан қасіретті, қанды оқиғалар, отаршылық сияқты кесепаттар халықтың есін тандырып, зердесіндегі, жүрегіндегі қасиетті нәрселерді қасақана ұмыттырмақ болғанымен, елдік салтының тамыры қанша балта сілтегенмен, жараланғанымен, халық махаббатынан қайта нәр алып, тіршілік күйін шерткен.

Үндемес кемпірдің мерт болған большевик ұлы Бейсенбайдың басына топырақтан үйсе де, қарайтын белгі соғу қамында жүрген Аятбайлар осындай нәрлі, арыдан келе жатқан кісілік салтының қамшыгерлері. Сейдахметтер бұл арада дұшпанымның сүйегін қалдырмайтын деп алысқанда, құлаштай жерді қимай тұрған жоқ, арыстандай азаматты еске салар дерек, ойға оралтар із, таңба құрысын дейді.

Үшінші перденің екінші суретіндегі ситуациялар пьеса кейіпкерлері үшін жаңа жағдай, өзгеше орта. Бұрын биге барып, пара бере алмаса, есесін жіберіп, сорлап кететін сорлылар енді әділдік іздейді. Хатшы жігіт Мәжит әлі өз бетін айқындап үлгермеген, жер-қорқақ, дүмбілез күрінсе, білікті өкіл Мекенбек ішкі әлемін, сырын, мінез қалыбын ашып тастағанымен, саясаттағы бағытты жақсы біліп, дұрыс ұстанып отырған адам. Бұл персонаж арқылы автор үгіттік-публицистикалық идеяны ашық айтады.

Кешегі кері ауыз, тиген жерін ойып түсер у сойқы Сейдахмет бидің өрісі тарылып, қанаты қарқылып, тышқан аулайтындай халге жеткен. Бұрынғыдай зорлық жасауға уақыт заңы жібермегендіктен пәле-жаламен, сұрқия-сұмдықпен қарсыластар тізгінін қимақшы. Бел шешіп, білек сыбанып кіріскен додалы тартыс жоғалғанда жымысқып, жылмиып келіп, үндемей қабу, үзеңгіге у жағып жіберу сипатындағы интрига орын алмақ. Сейдахметтің жылымшы өтірікті ойлап тауып, Кәрісті зорлады дегізіп, осындай жала арқылы Аятбайды тағы сорлатпақ болған әрекеті іске аспайды.

Қайта осы ситуация үстінде жасырын көмбе ашылып, кеселді түйін шешіліп, Пидахметтің анық кім екені, қандай сойылды соғып жүргендігі білінеді. Сот қолынан алынған мөр астарлы, мегзеулік мәні бар, көркем, сәтімен табылған деталь. Бұл бұрын Меке барып, қажы болып, алла атымен Петербург барып, әкім болып, төре атымен қала барып, оқу оқып, тілмаш атымен шарға түсіп, болыс болып, әкімек атымен кедей-кепшікке зорлық-қорлық көрсетудің құдайдың өзі берген рұқсат белгісі секілді тасбих па, медаль ма, мөр ме, - әйтеуір көпшіліктің қолына түспейтін тылсымдай бір нәрсесі бар-ды, сол мына Пидахмет қолындағы соттың мөрі еді ғой, алынды енді. Басынан жағасы қисайды, жалауы құлады деген осы.

Соңғы перде қазақ аулын жаңа саты, зор өзгеріске бастаған колхозға бірігу кезеңін қамтиды. Кәмпеске өткен. Таптық көзқарасында айқындық жоқ, мінезі аярлық, екіжүзділік, сатымсақтықты танытатын Өкендау “бейшарамын, сорлымын, көргенім қорлық еді” деген желеумен колхозға кірмекші болғанда, Үндемес кемпір танып қояды.

Классикалық драматургияда жиі қолданылған тану көріністер (“сцена узнавания”) “Кек” драмасында бірнеше жерде орынды, шебер сәттілікпен кәдеге асқан. Осы әдіс драма финалында айрықша жақсы қызмет атқарады.

Драматург халықтың жаңа көшіне ілесе алмай, ендігі әрекеттері қараңғы пұшпақтан қанжар сілте, тас лақтыру болып қалған ұсақ-түйек, күйкі қимылдың пенделерін соңғы пердеге жеткізбей, тартыс додасынан заңды түрде шығарып тастаған. Ақырғы көріністе Тәңірберген қажы күреске қайта түседі. Өйтпеске лажы жоқ, Сейдахмет, Пидахмет қатардан кетті; шөре-шөреде жүрген Өкендаудың барынан жоғы. Ескіліктің жуан түбірі соңғы шайқасқа өзі шығады.

Қандай трагедиялық финал: кезінде қас-қабағымен тұтас атырапты көшіріп-қондырып отырған Тәңірберген қажы қазір қайыршы кейпінде: сырты сорлы, түрі мүләйім болғанмен, әлі де майысқақ, сужүрек, өзгергіш емес, жауласқанды жайратар, жастығын ала өлетіндей күші бар.

Тәңірберген қажының соңғы оғын Аятбайға жұмсамай, Өкендау мен бәйбішесін өлтіруінде әлеуметтік, моральдық үлкен мән бар. Бәрібір енді не істесе де жаңаның көзін жоя алмайтынын қажы біледі, сондықтан кеше қолында жүріп шаруасын басқарған Өкендауды кедейлер жағына шықпақшы болғандығы, тапқа опасыздық жасағаны үшін атады; бәбішесін жар төсегін былғап, көзіне шөп салып жүріп, ақыры Өкендаудай екі жүзді, ала аяқпен қол ұстасып кетіп бара жатқандығы үшін атады. Тәңірберген қажының соңғы оғы – дәрменсіздіктен, тығырыққа тірелгендіктен, өзін-өзі өлтіру сияқты амалсыздықтан шыққан жанталас әрекет.

Драматург пьеса тартысын ширатуға, көрермен, оқырман ықыласын үнемі тартып отыруға оңтайлы, сәтті тәсіл тапқан. Жаңа жанрға қалам тартар алдында суреткер, әрине, ең алдымен қазақ әдебиетіндегі бар үлгілерді түгел оқып, сахнадан көріп өзіне қажет деп санаған тәжірибелерден үйренгендігінде дау жоқ. Журналастика институтында оқып жүрген жылдарында Москва театрларына барғаны, орыс драматургиясын зерттеп білгені анық жай. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Крылов, Державин, Горький, Маяковский, Бедный, Тихонов, секілді орыс жазушыларының, Гюго, Гейне, Петефи сынды Европа классиктерінің шығармаларын зор білікпен аударған Ілияс Жансүгіров драматургиясының әлемдік шедеврларымен, жауһар, мәңгілік туындыларымен, еркін танысып, терең білуге шамасы келді деген тұжырым жасауға қақымыз бар.

Бұл байламға әсіресе “Кек” драмасының құрылысындағы кейбір ерекшеліктер толық дәлел. Төрт драма сахналық ырғақ, әрекет заңына сәйкес, жалпы саны 80 көріністен тұрады. Бұлар кейіпкерлердің қатысуы, көлемі жөнінен әр түрлі. Бірнеше адам кезек-кезек тартысқа түсетін ұзақ көріністер де, бір адам өзімен-өзі сырласып, ой толғап, тебіренетін, жалғыз монологпен бітетін қысқа, ықшам көріністер де бар. Ілияс өзі жазған: “Қанша шешен, қанша ділмар болғанмен, көп сөз, ұзақ сөз театрда әсер бере алмайды. Сахна сөздікі емес, көздікі. Театрда құлақтың қызметі екінші кезеңде. Сөзді халық түгел естімейді, қимылды түгел көреді. Халық ойнаушыдан қимыл күтеді” (“Қазақтың театр өнері туралы” А., 1933) деген драма техникасына қойған қатал талабын орындап шықан. Ақынның творчествосына тән идеялық, көркемдік сарындар “Кек” драмасында қайта жаңғырады. Жалпы, әуез, тіл кестесіндегі ортақ өрнектер бір төбе, сөзбе-сөз қайталанатын орамдар да бар.
“Кек” драмасында:

Аятбай (ызғарлы, кідіріп). Мырза, бұл жерде қалай отырсыз? (Судья үндемейді. Үйдің іші тым-тырыс.) Мырза, сенің орның осы ма еді? (Қайнап) Жауап? (5-том, 67-бет.)


“Дала поэмасында:

Тепсінген көп тебінді,

“Босат біздің кеңсені –

Десті: - Тез тап жеріңді!

Мырзам, совет біздікі.
Бұл жердегі ұқсастық мағыналық ұқсастық.
“Кек” драмасында:

Мекенбек (қайнап, қолын судьяның алдына салып). Мырза, мөрді түсір (Қайталап.) Мырза, орынды босат! Билік сенікі емес (кемпірді нұсқап) мынанікі! Мырза мөрді түсір! (Судья салбырап қалтасынан судтың мөрін алып столға қояды. Мекенбек телефонға келіп.) Алло! (Сөйлеседі.) (5-том, 67-68-беттер.)


“Дала поэмасында:

Жер иесі – біздерміз,

Тілек, білек біздікі!

Ел иесі – біздерміз!

- Мөрді бер!

Мырза, мөрді бер!



(2-том, 109-бет.)
Поэмада да, драмада да айтылып тұрған бір сөз.

Өз тұсындағы қазақ пьесаларындағы аяқ алып жүргізбейтін, отырып алып қысыр әңгіме соғатын жаман сарын бұл драмада жоқ. Гоголь “Ревизорының” финалындағы әйгілі мылқау сцена есіңізде шығар. Осыған ұқсас көрініс “Кектің” пролыгында алнған. Ілияс кейіпкерлері үнсіз қатып қалмайды, қимыл-қозғалыс, әрекет үстінде. Пьесаның лейтмотиві, негізгі сарыны, басты тартыстың жүлгесі осы мылқау сценада диалог, монологсыз, қозғалыс арқылы бейнеленеді. Бұл – қазақ драматургтері Ілиястан бұрын қолданбаған шартты көркем тәсіл.

Драманың сюжеттік өрбуіне революционер, большевик Бейсенбай Көдесов өлімі үнемі ықпал жасап отырады.

Бейсенбай Көдесов деген кім? Өмірде болған адам ба? Әлде Ілияс Жансүгіровтің қиялынан туған кейіпкер ме?

Деректерге жүгінсек, Ілиястың Қарағаш ауылдық мектебінде Бейсенбаймен бірге оқығаны анықталды. Өздері жерлес, ағайын екен. Ақсу аудандық “Өмір нұры” газеті (1965 жыл, 5 шілде) 1918 жылы көктемде Ақсу атырабына большевиктер келіп, Абакумовкада ревком құрылып, оның председателі болып Бейсенбай Көдесов сайланғанын айтады. Кеңседе отырған Бейсенбайды дұшпандары арнаулы кісі жберіп, қонаққа барамыз деп алдап сыртқа шығарып алып, қапыда Қарағаштағы суға тұншықтырып өлтірген екен. Ілияс елге келгенде осы хабарды естіп қайғырады. Бейсенбай туралы поэма жазбаққа ниеттенеді. Автор бұл материалдарды кейін пьесаға арқау еткенін көреміз. Бейсенбай өзі жеке-дара кейіпкер қатарында тартысқа қатыспағанмен, бейнесі, рухы, әсері әрқашан сезіліп тұрады. Бейсенбай есімі айтылғанда Тәңірберген қажы болып, жуандар жағы түгел түршігіп, үрейленсе, қорқып шошыса, кедейлер жағы басы шешесі Үндемес болып, арқаланып, өркештеніп, қуаныштан қайратқа мініп кетеді.

Тәңірберген – Аятбай топтарының арасындағы негізгі қақтығыстың бірі Бейсенбай өлімінің себебін табу ізденісінде өтеді. Бұл да бұрын драматургиясында болмаған тың нәрсе. Ал, классикалық әдебиетті еске түсірген адам бірден Шекспирдің “Гамлет” трагедиясын ойға алып, екі шығарма арасындағы сарындастықты оп-оңай көреді.

Данышпан драматургтың ғасырлар бойы жасап келе жатқан ғажайып шығармасының басты қаһарманы Гамлет әкесін өлтірген жендет, қанішер кім екенін біле алмай, жан жүрегі езіліп, ағасы өлтірді деген сұмдыққа сенсе, күллі дүниеден түңіліп кетер опасыздық көретіндей шошынған, алас ұрған шақтарында дауыл көтерген теңіз толқынындай дөңбекшитін еді ғой. Трагедиядағы негізгі оқиғалар осы қан-қаза, жан азасының фонында өтіп жатады.

Әрине, Ілияс Жансүгіров “Кек” драмасында Шекспир шеберлігін толық меңгерді десек, көрінеу көзге ағат, асығыс, дәлелсіз асыра мақтау болар еді, ал құдіретті қазақ ақыны әлем дрматургиясының асу бермес Гималайынан сабақ алғандығы, үйренгендігі, кейбір тәсілдерді пайдаланғандығы айтылмай қалса, бұл да әбестік, дәлірек айтқанда – қиянат.

Алғашқы пердеде-ақ Бейсенбай рухы бар. Рас, ол Гамлеттің әкесі секілді аруақ болып көзге көрініп, сөйлеп, тіл қатпайды. Мұның есесіне шешесі Үндемес онымен тірі адамша сөйлеседі; тіршілік әрекетін, өмір күресін баян қылады; мерт болғанын естіген сәтте, қазақ дәтүріндегі өлең үлгісімен келетін, көкірегі сезімді жанның сай-сүйегін сырқырататын жоқтау айтады.

Жігіт Гамлет әкесін өлтірген жауызды іздеу арпалысында достық пен өлім хақында сан алуан ой тебірентсе, Үндемес кемпір ұлының құныкерін білу арқылы рухани мүгедек, пұшайман күйден, өз кіндігінен жаратылған жалғызды ғана бауырына басатын эгоизмнен қауымды, көпшілікті сүйе алатын, таптық, әлеуметтік санаға көтеріліп, “Жолдастар!” деп сөйлей бастайды. Сөйтіп І. Жансүгіров реалистік әдебиеттегі көркемдік тәсілді ұтымды пайдаланып, ұлттық өнерге өшпейтіндей, қымбат, асыл олжа салған.

Әдебиетші ғалымдар “Кек” драмасын шолу түрінде жалпылама жоғары бағалағаны болмаса, пьесаның ішіне қарап, нақты талдау жасаған жоқ.

Ілияс Жансүгіровтің “Кек” драмасы отызыншы жылдарда азды-көпті сахнаға шыққанмен, бүгінде өзінің терең ойлы режиссерін әлі тапқан жоқ. Мұның басты себебі, пьесның жазушы шығармашылығында, әдебиетіміздегі орнын, маңызын талдап, саралап көрсеткен зерттеу еңбектің жоқтығы.

Ой жіберген адам “Кек” драмасының құрылысынан классикалық драматургиядағы бірсыпыра белгілерді табады. Қазақ өнерінің кейінгі даму барысында туған кейбір соқталы образдар дәстүр жөнінен келгенде, Ілияс жасаған бейнелермен ұқсас екендігін жасыруға болмайды. “Түнгі сарындағы” Жантас, Жүзтайлақ пен “Кектегі” Аятбайды, Кәрісті, “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Жантық пен “Кектегі” Өкендауды салыстырып көріңіз: алғашқы соқпақ, тұңғыш барлау Ілиястікі екендігін көру үшін ғалымдық, сыншылдықтың қажеті бола қояр ма екен?

Өкендау: “Малын сендер алсаңдар, осы қатынын мен алғанмын. Мен қажының досы болсам, осыны қылам ба?” – десе, кейін Жантық: “Қозы тіріде саған Баян жоқ. Қарабай тіріде маған мал жоқ. Маған мал, саған Баян керек”, - дейді ғой. Екеуінің аузына бір кісі түкіріп қойғандай, екеуі де жерді құртқан опасыз, сатқын, екі жүзді.

Тағы бір қызық құбылысты өмірден ерте кеткен ақын Құдаш Мұқашевтің шығармашылығынан байқауға болады. Ол екі пьеса жазды, біріншісі “Дала балладасының” (алғашқы автор қойған аты – “Ағажан”) сахнаға шыққанын драматург көрді, екінші “Парторг” пьесасы жазушы өлген соң қойыла бастады.

Әділіне келгенде, “Дала балладасы” Ілиястың “Кек” драмасының ізімен, сарынымен жазылған деп тұжырса қате емес. Екі пьесаның да өмірлік материалы, сюжеттік негізі, қаһармандар әлемі бір. Дәл аналогия қажет десек, тәңірберген қажы – Қыдыр қажы, Меделхан – Мырза, Кәріс тоқал – Бибі тоқал, Өкендау – Желбуаз деп қатар қоюға болады. Бейсенбай Көдесовке қатысты жағдайларды, Ілияс сомдаған бейнелердің негізгі мінез қалыбын Құдаш көп өзгертпей, зарияция жасап, құбылтып берген.Әрине, Мұқашев пьесасында ең алдымен Ілиястың өз образының, Жансүгірдің тұлғасының көрінуі – жақсы жаңалық; тоқал енді нәпсі құмар, жеңіл мінез әйел емес, махаббат жолында басын қатерге тіккен саналы жан ретінде сипатталады.

Ілияс туған өлкенің перзенті Құдаш ұлы жерлесінің шығармасының идеялық, сюжеттік арнасын пайдаланумен бірге, көп орайда, стильдік тұрғыдан үйренген. Ақ өлеңмен жазылған “Дала балладасының” “Кек” драмасымен егіздің сыңарындай ұқсас келетін тұстары да бар. Бір мысал.

“Кек” дрмасында:

Өкендау. Мәссаған Безгелдек, қой-қой, батырекесі! Жала жаппа! Ақ жүрек болған кісі бұлай бола ма? Белсенді болсаң, бәрімізге бірдейсің. Байларда дінім үшін жүрген емеспін, күнім үшін жүргенмін. Сен қажының күлін шығарсаң, мен атын ерттегем. Мен де таңбалы құлмын... (5-том, 71-бет)

“Дала балладасы” драмасында:

Желбуаз. Айналайын, жұртым-ау, жазықсыз деп Желбуаз айтсаңдаршы қызылға. Кедей десең – кедеймін, сорлы десең – сорлымын, жоқ еді ғой қорлығым... Баламаңдар қажыға, күнім үшін істегем қызметімнің барлығын. (Дала балладасы”, қолжазба, 59-бет).

Өнер атаулының тамырына қан жүгіртіп, жүрегін соқтырар қуатты күш - өмір, халық өмірі жеке адамдардың өмірі. Дәуірлік маңызы бар дүрбелең, атышулы оқиғалар өнерден көрініс таппай тұра алмайды. Құштарлық екі жақтан бірдей: айрықша маңызды, қатпарлы дәуір шындығы суреткерін тосса, суреткер кең құлашты, ауқымды материалға өзі де құлшына шүйлігеді.

Орта Азия мен Қазақстанда болған 1916 жылғы халық көтерілісі – тарихтың салқар көшінде Алатаудың Талғарындай аспандап тұрған биік заңғарлардың бірі. Бұл оқиғаның туысқан әдебиеттерде толып жатқан шығармалар тудыруы, түптеп келгенде, өмір ен өнер арасындағы кіндіктестікті сипаттайды, халық басынан өткізген қиян-кескі күрестің тарих қойнауында қалып қоймай әдебиеттің мәңгі өшпес, өлмес беттеріне көшуі болып табылады.

Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктерді патша үкіметі жүргізіп жатқан қантөгіс соғысқа алу туралы жарлық әбден шегіне жеткен халық ызасына түскен шақпақ от болатын. Онсыз да лаулап өртенгелі тұрған кек тұтанды. Ел қаһарының қайқы қара қылышы азаттық үшін жанын шүберекке түйіп, сыбанып шққан ерлердің қолында жарқ-жұрқ ойнады.

Отаршылардың обыр өңештері үңгірдей кең еді. Олар байтақ қазақ даласын аш қасқырша қарақтап, жылы-жұмсақты асап жатты. Бірді беріп, мыңды жетектеді. Көрбала, көзі ашылмаған ұйқыдағы елдің 45 миллион десятина шұрайлы жерін зорлап, күшпен, тіземен тартып алды, су-тегін мал мың-мыңдап айдалды. Жалғыз мысал: патшаның алпауыт саудагерлері 1894 жылы бір Ақмола жәрмеңкесінде 142 мың қой, 13 мың ірі қара, 9300 жылқыны қолға түсірген.

Екі жақтың езгінің зіл салмағы белін қайыстырып, соры қайнап, сорпасы төгілді қайран елдің. Еркіндікті аңсаған қырдың батыр жігіттері атқа қонды. Құрулы пулемет, ақырған зеңбіректен тайсалмай қарсы шапқан өңшең қыршынның кеудесінде бостандық деп соққан жолбарыс жүрек тайша тулады.

“Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс империализм қайшылықтарының әбден шиеленіскен жағдайында болды. Бұл көтеріліс патша үкіметінің бүкіл отаршылық саясатының күйрегендігінің нәтижесі болып табылады. Орысты әскери феодалдық империализмі кризисінің көрінісі болды және сипаты жағынан отаршылдыққа қарсы халық азаттық көтерілісі болды”.

Патша жарлығы бойынша 18 бен 40 жас арасындағы жігіттер мобилизацияланып, қара жұмысқа барлығы 400 мыңға тарта қазақ алынды. Далада дауыл тұрды! Көтеріліс өрті тұтанды. 250-ден аса болыс ел жазғытұрымға асу Ертістей бұлқынып, ереуілге шықты. Сең қозғалды!

Жетісудың албандары почталарды қиратып, телеграф сымдарын құлатып, Қарқара жәрмеңкесіне шабуыл жасаса, Торғайдың қыпшақтары мен арғындары ең алдымен сатқын болыстың басын шапты. Зайсан наймандары мыңдаған жігіттерін қаруландырып, патша әскерлерімен соңғы демдері біткенше, бір табан да кейін шегінбей соғыс салды. Қасиетті күрес үстінде халық батырлары шықты: ол – Торғайдың ардагері Аманкелді Иманов, ол – Ақмоланың ақ иығы Жаныбай Ниязбеков, ол – Жетісу жауынгері Бекболат Әшкеев, ол – Қастек қаһарманы Нәрке Сәтібеков.

Көтеріліс стихиялы арнада еді. Желді күнгі өрттей лаулағанмен, бас біріктіріп күш топтастыра алмаған ереуілді патша отаршылары қалың әскер, көп қарудың күшімен басып тастады. Жазалаушы отрядтар көтеріліске қатысқан ауылдардың қыстауына өрт қойып, жайлауларын қан қылып, ер-азаматын опат етті. Еңбектеген бала, еңкейген кәрі ат тұяғына жаншылды. Туған жер, өскен аймқпен қоштасып 300 мыңдай халық ауа көшті. Қанқұйлы генерал Куропаткиннің жалғыз өзінің кесімі бойынша Түркістан өлкесінде 347 азамат өлім жазасына бұйырылып, 168 адам жер аударылып, 120 адам абақтыда шіріді.

Дала оянды. Ол мең-зең ұйқы мен үнсіз мүләйім бағынушылықты ғана емес, дабылды ұран қағып, табан тіресіп соғыса алатынын көрсетті. Патша тағының іргесі шайқалды. Аманкелді сарбаздарын жазалаушы отряд бас идіре алмады. Торғай қырандары қатарын сетінетпей, 1917 жылдың ұлы шеруіне шыңдалған қайрат, өршіген жігермен үлкен лек болып қосылды. Ер-азмат кімнің қас, кімнің жау екенін ұқты. Қазақтың байы мен орыстың отаршылы жан алқымға келгенде бірінің аузын бірі жалап, ақ балтаны кедей мен мұжыққа қарсы сілтейтінін көздерімен көрді.

Революция алдындағы әйгілі он алтыншы жыл оқиғасының осындай тарихи сабақтары бар. Отаршылдыққа қарсы бағытталған көтерілістің түкі әні қанау атаулының баршасына қарсылық арнасына ойысты. Осындай зор дүрбелең, аласапыран дәуірде жеке адам тағдыры, халық тағдыры қат-қабат шиеленіске түсті.

Әдебиет аса сезімтал прибор тәрізді, халық өміріндегі титтей өзгерістің өзі оның айнасына түспей қалмайды. Әйгілі он алтыншы жыл көтерілісінің әдебиетте қалтырған ізі терең де көрнекті.

Оны бірінші боп шығармаға өзек еткен ауыз әдебиетінің өкілдері, халық ақындары, өлеңші-жыршылар. Бір қызық құбылыс-жай уақытта әдебиеттен мүлде сырт тұрған адамдар бастарына күн туып, ауыр халдерді кешкен кезде жан-күйлерін стихиялы түрде қағазға түсіреді. Шын сезімнен туған мұндай шығармалардың көп ретте көркемдігі ақсап жатса да, олардағы өмірлік ақиқат олқылық орнын толтырғандай болады. Он алтыншы жыл жайлы жазылған фольклорлық шығармалардың бірталайын осы кемерде бағалауымыз керек.

Дарын қуаты әр шамадағы түрлі авторлардың еңбектерін тұтастай алып қарағанда байқалатын басты қасиет мынау: көбіне өмірлік материалдардан қолма-қол туған бұл шығармалардың негізгі рухы – азаттық үшін күрес пафосы, ереуіл лебі. Көтерілістің әр кезеңін, тіпті қысылшаң, тас босаға, қамау-қоршау сәтті бейнеленгенде де пессимистік сарыннан өршіл оптимизм иығы асып жатады.

Июньде жиырма бесінші шықты жарлық,

Жарлықты естіген соң естен тандық.

Жар қылды үш-ақ күнде жиясың деп,

Болады бұдан артық қандай тарлық
Ұлық тұр: “Айтқаныма көнесің” деп

“Кісіңді шапсаң жиып бересің” деп.

“Ал!” – деген патшаның бұйрығы бар,

“Болмаса қан төкті боп өлесің” деп.


Он алтыншы жыл туралы жырлардың бірталайы Төлеу Көбдіковтің осы “Сарыарқаның сарыны” толғауына ұқсас келеді.
Ел болмас бұған солдат бергенменен,

Патшаның дегеніне жүргенменен.

Жақсылық жауыздардан қазақ таппас,

Соғысқа босқа барып өлгенменен, -


дейді Бұзаубақ ақын “Құты қашты патшаның” өлеңінде.

Халық поэзиясының көптеген туындылары көтерілісті әр қырынан көрсетеді. Олар бірнеше рет жеке жинақ болып басылды. Бұлардың ішінде халық батыры Аманкелді туралы өлең дастандардың өзі бір төбе. Омардың “Аманкелді айбаты”, “Торғай соғысы”, Күдіренің “Ер туды”, Сәттің “Июнь жарлығы”, Бақыттың “Аманкелдінің анасымен қоштасқаны” өлеңдері. Бұлардың барлығын көтеріліске қатысқан сарбаз ақындар шығарған.

Жамбылдың “Зілді бұйрық”, Бөлтіріктің “Ел жарыла көшкенде”, Нарманбеттің “Сарыарқа”, Исаның “Бекболат”, Біржанның “Прием”, Теміртайдың “Жатқан жерім казарма” деп аталатын шығармалары идеялық-көркем дәрежесінің әр деңгейде тұрғанына қарамастан қат-қабат күрделі кезеңнің әдебиеттегі көрінісі ретінде қымбат,, бағалы.

1916 жылғы көтеріліс тақырыбы Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінің іргелі жанрлары проза мен драматургияда да көптеген шығармалар тудырды. Көтерілістің ұқсастығынан шығар, қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз жазушыларының туындылары бір-бірімен үндесіп жатады. Бұл бауырластықты өмірлік материалдарды іріктеу принципінен, қаһармандардың ара қатынасын белгілеу тенденциясынан, түп-қазық идеядан жақсы аңғарамыз.

Түрікмен әдебиетінде 1916 жыл көтерілісін бейнелейтін шығармалар ішінде Берді Кербаевтың “Алып адымдар” романы айрықша орын алады. Шығармада тарихи шындық терең көрініс тауып, әлеуметтік тартыс, тап күресі жеке адамдар тағдыры арқылы бейнеленді.

Романдағы орталық қаһарман Артықтың эволюциясы – мыңдаған түрікмен шаруасының таптық санасының ояну эволюциясы. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ащы зардабы, патша отаршыларының түрікмен халқын сүліктей сорып, титықтатып барып, ақыры июнь жарлығына тірелгені реалистік шеберлікпен суреттеледі. Бір кезде чинониктер жалғыз атын әскерге зорлап тартып алып кеткенде, жер соғып қалған Артық басына қара күн патша жарлығымен қоса жетеді. Қожамұрат, болыс Хұммет секілді Халназарбай, Нобат бай екі сөзге келместен патша әміріне құлдық ұрады.

Сары ала түймелі жендет, полковник Беланович толқи бастаған азаматтарына топырақ шашады, отаршыл төре күш көрсетіп, айбат шегеді.

Халық ызасында шек жоқ. Кеше ғана өзі оң мен солын танымаған Артық енді саяси күрес сферасына тартылып, қаладағы жұмысшылармен білекке білек қосқан, саналы жолға бет алған. Артық – патшаға қарсы көтерліске шыққан үлкен толқынның қолбасшысы. Шығармадан туатын объективті идея патша самодержавиесі тірлігі ұзаққа бармайтынын мегзейді.

Өзбектің белгілі жазушысы Айбектің “Қасиетті қан” романының да көтеретін тақырыбы – 1916 жылғы көтеріліс. Психологиялық анализге, детальді суретке шебер Айбек революция алдында өзбек халқы өмірінің көп шындығын қаз қалпында береді. Мырзакәрім байдың есігінде жүрген малай Жолшының азаттық күреске бет бұруын жазушы сенімді суреттейді. Жолшының азаттық күреске бет бұруын жазушы сенімді суреттейді. Жолшы характері сыртқы ортамен органикалық сабақтастықта өрбіп отырады. Халық басындағы ауыртпалық, елдің қоңторғай күйі жігіт жүрегіне қатты батады. Гүлнәрді Сәлім бай у беріп өлтіретін сцена трагедиялық дәрежеге көтерілген. Қыз әкесі Ярматтың кегін алуы да әсерлі жазылған. Түрмеге қамалғанмен онда көп отырмай қашып шыққан Жолшы июнь жарлығы кезінде халық алдында сөз сөйлеп, көтерілісшілерді бастап полицейлер үйіне шабуылға аттанады.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет