Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет26/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

Атақты физик марданның қызы самал мен профессор Дүрмектің ұлы Иман кішкентайынан біте қайнап, қатар өскен құрбылар. Әлі де әзілдері жарасқан. Екеуінің көңілі екі жерде. Самал талантты физик Жандосты сүйсе, Иманның да ұнатқан қызы Зура – физик. Осы жолы Қырымға демалысқа кеткен Жандос мерзімі бітпей ерте қайтып отыр. Зура Москвадан бірге келген. Неге?

Драматургияда қызғаныш сезімінен ұшқындап барып өртке айналған талай ситуациялар бейнеленген. Самал көңіліне келіп қалған ренішті Жандос әдейі ушықтыра түседі. Ертең келіні болуының басы ашылып қалған Зурамен профессор Дүрмек өзі ашық сөйлеспек.

Мемлекеттік аппаратты басқаруда, кадрларды іріктеуде кейбір қолайсыз жағдайлардың кесірінен, нормалардың бұзылуы салдарынан қабілетсіз, біліксіз, мансапқұмар, шенқұмар әлдекімдердің мерейі үстем болған кез де бар. Домбытпа сөзбен үркітіп, қорқытып, талай ақ, адал адамдарды тұқыртқаны, тіпті домалақ қағазбен нахақ күйдіргені де рас. Айтылмыш пьесадағы Дүрмек осындай уақыттың жемісі екендігі оның алғашқы қадамдарынан сезіле бастайды.

Белгісіз себептермен жаманатты болған Зураның әкесінің ескі әңгімесін қайта қоздырған Дүрмек болашақ келінінің қызметке орналасу, фамилиясы орайында зілді сөздер айтады. Ауыр айып тағып, бағындырып алу – ежелгі дағдысы. Тағы сол тәсіліне басады. Аспан ашылған, нормалар қалпына келген, іс тұтқасына, тұғырға жаңа толқын ие бола бастаған кезеңде ескі айла-шарғының ұшпаққа шығармайтынын қайдан білсін.

Екінші жүйе тартыс – Жандос – Самал арасында. Зерттеу жасау үстінде сәуле ауруына шалдығып қалған физик Жандос басқаларға кесірім тимесе екен, не көрсем де өзім көрсем дейді. Сүйген жары самалдың ертеңгі ғұмырын жараламай, көңілін әдейі ерте суытпақ. Мұндай мотив «Абай» трагедиясында Әбіш пен Мағыш арасында бар. «Бір жылдың тоғыз күні» кинофильмінің өзегінде сәуле ауруына ұшыраған талапты ғалымның басындағы трагедия жатыр.

Мардан Франциядан алып келген Тағдыр есімді адамның жұмбағының шешілуі – тағы бір әрекет арнасы. Мардан, Самал, Гүлзәр кісі бойынан жақсылық көруге ұмтылса, Дүрмек ойын үнемі сенімсіздік жайлаған. Фамилиясының жаманатты екенін біле тұра Зураны өзі басқарып отырған маңызды ғылыми-зерттеу институтына неге алады Мардан? Аты-жөнін, қайдан туғанын, не істегенін, ұлтын білмейтін мынау Тағдыр деген жарыместі неге үйінде сақтайды Мардан? Бұл орайда шүйілген Дүрмектің мінездік, психологиялық ерекшеліктері басқа кейіпкерлерге қарағанда айқын ашылады.

Шетелдерге даңқы жайылған ғалым бейнесінде алынған Марданның әрекеті солғын характері көрінбейді. Үлкен оқымыстыға лайық тебіреніс, толғау, көсем сөз жоқ. Әйелі Жанармен арасындағы әзіл қалжыңның өзі добал.

Соңғы пердеде журналист Самал Украинадан келген хаттың ізіне түсіп, кешегі соғыс сұрапылындағы бір трагедияның, оптимистік трагедияяның құпиясын шешеді. Бұл – белгісіз батырлар, есіл ерлер жайлы сыр. Дәл нақты негізі болмағанмен, осы пьесадағы оқиғаларға ұқсас жағдайлар Отан соғысы тарихынан белгілі. Драматург азаттық жолындағы күресте қазақ, украин, неміс халқының ардагер ұлдары тізе қосып күрескенін паш еткен. Кешегі қаһарман ұшқыш Азат Найманов бүгін аты-жөнін де білмейтін мүгедек Тағдыр аталып жүрсе, Отан үшін құрбан болған Сағынов дәлелсіз опасыздар қатарына қосылса, кешегі солардың үзеңгілес досы, қазір генерал Гюнтер барлық шындықтың бетін ашып отыр. Ерлік ұмытылмаса керек, батырлар қастерленсін, - осы идея пьеса арқауы.

Соғыстың сұмдықты зардаптары әлі жойылып біткен жоқ: біреулер әкесінен, жарынан, ұлынан айырылған, екіншілер оқ пен от арасынан тірі қайтқанмен денсаулығынан, жастық қайратынан айырылған, тіпті өз есімін ұмытып қалу деген неткен қасірет. Ажалға қарсы шапқан досының атын оның көзін қайта көргенде, есіне түсіреді екен адам. Азат Найманов пен генерал Гюнтердің бір-бірін тану сценасы психологиялық жағынан сенімді. Енді Зураны фамилисы Сағынова деп ешкім кеміте, қорлай алмайды, ол батырдың қызы екен, Гүлзар батырдың әйелі екен.

Оқыс оқиғаға, күтпеген жағдайларға құрылған «Белгісіз батыр» пьесасының композициясында қазіргі драманың формалық табыстары ескерілген. Самалдың хат ізімен барып, өткен оқиғаларды тірілтуі жайлы осыны айтуға болады.

Әрбір персонаждың шыққан ортасына, алған тәрбиесіне, біліміне, мінезіне лайықты сөйлеуіне драматург жете-көңіл бөлмеген. Кейіпкерлер орынсыз, қажетсіз дөрекілікке ұрынып қалады:

Ж а н д о с: Алдымен мені өзіңе хабарласаң қайтеді.

Самал: Шешемнен қайта туайын, оған дейін осы дерде тұра тұрыңыз.

Ж а н д о с: Самал!

З у р а: Азбановтар осы үйде ме?

С а м а л: Азбановтар біздің үйге келуді тоқтатқан. Оны сіз қалай білмейсіз Әлде Иманыңыздың қимасы қышып оны сізге айтпай жүр ме? (Ә.Әбішев. «Белгісіз батыр». А., 1967, 25-бет).

Бейімбет шығармаларында ескі ауылдың надан қатындары осылай сөйлеуші еді, ол ортасына, заманына лайық болатын. Ал жоғары білімді, бүгінгі қыздың сүйген жарына, жолдасына мұнша дөрекі кетуі ыңғайсыз.

Драматург кейіпкер сөзін белгілі мақсатқа орайластырғанда, әрқашан мінез жасау, психология беру талабы бір бүйірде жатпақ. Сөз саптаудан, сөйлем құрылысынан персонаждың ішкі сарайын көрсету ниетіне драматург әдеби тілдің нормасын бұзумен жете алмайды. «Өміріңе кімді серік етеріңді білмей, шешеңнің жүрегін мүгедек еткен жоқсыз ба?» (3-б). Бұл – Дүрмектің, ұлы Иманға Зура жайлы айтатын сөзі. Абай «ит жүрек», «сорлы жүрек», «ауру жүрек» деген тіркестерді қолданғанда «мүгедек жүрек» деп айтуда ерсілік жоқ. Алайда, дәл осы жерде «жүректі мүгедек» дегеннен гөрі басқа сөз қолдану дұрыс еді. Ары қарай оқиық: «Мен сенің бұл қылығыңды сездірсем, оның мүгедек жүрегі мүрдем кетпей ме?» Жер ортасынан асқан қазақ бұлай сөйлемейді. «сиқың мүлде қиқайып кетіпті, жолың ауыр болған-ау, сірә» (50-бет). Иманның Самалға айтатын сөзі. Сиқы қиқаю? Келіспейді.

Өнер табиғатын жете ескермеудің салдарынан өмірдегі кейбір құбылыстарды екшемей, сұрыптамай, шығармаға шикі күйінде енгізіп жіберу суреткерді көп олжаға кенелтпейді. өндірістің, шаруашылықтың кәсіптік дау-таластары, ғалымдар ортасындағы дискуссиялар, түрлі жиналыстардағы сөздер дәл, өзгеріссіз қалпында алынса, оқырман жүрегіне жол табуы неғайбыл нәрсе. Бүгінгі физика, генетика, кибернетика саласындағы ғылыми тартысты, сан алуан ағымдардың, мектептердің айтысын арнаулы білімі бар адамдардың өзі әрең түсінеді. Шығарма объектісінің атмосферасы, ортаға лайық бояу қажеттігінде дау жоқ. Бірақ, әдебиет, әсте ғылыми-шаруашылық проблемалары жайлы күрестердің иллюстрациясы ғана болып қала алмайды.

Кейіпкер бойынан әлеуметтік орта, мамандық қалыбы әсерлерін іздей отырып, оқырман, ең алдымен, адам мінезін білуге, оның ішкі сарайын тауға құштар, сезім иірімдерін, ой толқындарын ұқпақ.

Проблеманы экономикалық, кәсіптік-техникалық тұрғыдан бүге-шігесіне дейін білетін автордың тек профессионалдық жәйттерді қуып кетуі көркем шығарманы ақсатып, оны ғылыми-көпшілік кітаптар қатарына қосады. Қазақ әдебиетінде бұл олқылыққа ұшыраған шығармалар әр жанрда да бар.

Драматургиядағы негізгі талп тартыс үстінде ашылатын мінезді бейнелеу десек, сол конфликт жаратылысын жыға танымау кейбір қаламгерлерді пьесада шаруашылық дау-дамайын, ғылыми дискуссия шырғалаңдарының сырт көрінісін ғана бейнелеуге ұрындырады.

Бұл олқылықтан іргесі бөлек туындылар қатарында Әбділда Тәжібаевтың «Көңілдестер» драмасын айту ләзім. Салған жерден айқын: пьесада зиялылар, ғалымдар, артистер, суретшілер өмірі бейнеленген. Егер схемалы ізбен кетсе жол даңғыл: бір бастық болады, жасы егде, қызмет тұтқасынан кеткісі келмейді; оның орынбасары болады: қылшылдап тұр, жаңалық енгізбек. Бастық жаңалықты түсінбейді, ұқпайды. Күрес басталды. Жаңалық пен ескілік күресі. Жастар жеңеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, шығарма аяқталады. Тағы бір схема: үлкен оқымысты болады, бұрынғы еңбектері тындырған істері мол, бірақ бүгінгі ағымды, жаңа нышанды түсінбейді. Екінші оқымысты соны идеяның жаршысы. Тартыс туды. Әрқайсысының сөзінде оқырман білмейтін толып жатқан терминдер, профессионализмдер бар. Ақыры жаңа идея пионерінің мерейі үстем. Шығарма бітеді.

Драматург мұндай таптаурын, шиырдан бойын аулақ салғаны қуантады. Ұлды сағалап, қалаға келген кемпір-шалдар өмірін көріп жүрміз. Әуелде бәрі қызық, бәрі таңсық. Алматының бағы пейіш, құрылыстары жұмақ болып көрінеді. Үйдің ішіне келіп тұрғансу, сіріңке жақса лап еткен газ – түп-түгел рахат. Балконнан жүргіншілерге таныс кездесер ме екен дегендей көз салу; шаһар қызығынан тегіс жалығып, кеңдікті, сахараны аңсау машинаның азан-қазанынан мезі болып, төлдің шуына қашу кейінірек келетін жағдай.

Шашылып-төгіліп, ақтарылып сөйлеп тұрған Домбай қарт пен Ділдә кемпірдің арасындағы әңгіме пьесаның прологы іспетті. Баласы дәуреннің бақ мәртебесінің өсуі Домбай шалға бу бітірген. Сөзіндегі ірілік, оның табиғатына, сүйегіне біткенқасиеттен гөрі ұлын арқаланудан туып жатыр. Жатаған үйде қызының жанында отырған Ділдә кемпірдің адуындығы - өмірден түйгені, жиғаны мол, тісқақты адамның адуындығы.

Екі этажды көктөбел үй. Жер тістеген жатаған үй – бұлар шартты түрде контрастыда алынған. Негізгі оқиғалардың бәрі де еңсесі биік көктөбел үйдің ішінде өткенмен, аласа үйдегі Ділдә кемпір оны түгел біліп отырады, өзінше кесік, билік айтады.

Бірінші актыда үзіп-жұлып әкетіп бара жатқан оқшау оқиға, алып-қашты қимыл жоқ. Мықты қызметте отырған Дәуреннің үйіне жеңіс мейрамы қарсаңында қонақ шақырылған. Екінші сылтау - әйелі Розаның әкесі, қайын атасы полковник Мәліктің отставкаға шығуы. Драматург дастарқан басының қысыр әңгімесіне бой алдырмай кейіпкерлердің ішкі сарайын ашуға ден қойған. Жапа-тармағай сөзге араласу, улап-шулау жоқ. Екеу ара шағын-шағын сценалар бар. Орныққан дүние, тұрмыс, тіршілік дәмін әбден татып болған, әр нәрсеге көзқарастары айқын адамдармен жүздесеміз.

Шарап ішіп, масайрап отырғандарға сырттан көз қиығын тастаған суық түсті Қайраттың Ділдәмен тіл табысып, күнәсіз кетіп, жапа шеккенін айтып сыр ашуы – тартыс ызғарының басы.

Қонақтардың ішінде елуді еңсерген екі адам – кезінде министр болған Сапар мен отставкадағы полковник Мәліктің араысндағы алғашқы сұхбат көңіл қоярлықтай:

Мәлік: Отставкаға кету - өмірден кету емес.

Сапар: Алғашқыда бәріміз де инерция бойынша сөйлейміз. Адам қызық мақұлық қой. Уақыттың қалай тонағанын байқамай қалады да, артынан әр түрлі қайшылыққа ұшырайды: қолдан әл кеткенін, беттен әр кеткенін мойындағысы келмей тулап та көреді. Тулайды да еріксіз толастайды (күліп). Мен бірінші рет айнадан шашымның ағын көргенде көзіме сенбедім. Сіз де, құда, пенсияға шыққаныңызды әлі мойындап болмаған екнсіз. Мойындау мақұл. Пенсияға кету – қызметтен кету...

Мәлік... Қауымнан, қарыздан кету емес. Біздің әрқайсысымыз да қайда жүрмейік төңірегіміздегі іске түгел жауатымыз. Коммунист жауаптан тыс тұра алмасқа керек. Демек, жұмыс табылады. (Ә. Тәжібаев. «Жүректілер». А., 1964, 133-134-беттер).

Қазақ әдебиетінің шығармаларын қарастырғанда, әсіресе кесек кейіпкерлер, сом тұлғалар жайында сөз қозғалса, Мұхтар Әуезов туындыларындағы қаһармандарға соқпай кетуіміз сирек. Құнанбай, Кәрім, Тәкежан, Оразбай. Әрқайсысы асу бермес, басынан боран түтеп тұрған бір-бір заңғар. Кеңгірбай, еспембет, Жүзтайлақтар қандай.

Автор идеалы жағымды қаһарман жасау арқылы ғана емес, зұлымдықты, әділетсіздікті шенеуімен де көрінеді. Не айбынар сесі жоқ, не кісі алар айласы жоқ, не сөзінің тұрлауы жоқ тақымға толмайтын тірі өлікпен күресіпжүрген пенденің шама-шарқы белгілі. Дөрек, даңғой, әңгүдік, суайт – мұндай персонаждар жасау қиындыққа түспейтіні хақ, білікті, зымиян, екі жүздің, шен құмар, бақай-есеп, жұлынқұрт мінездерді реалистік сенімділікпен бейнелеу оңай шаруа емес.

Кертартпалық, сал-сойылдық секілді жаман қасиеттер Сапар бойынан көзге шалына қоймайды. Қайта сарабдал, салмақты, талай қарды басқан салиқа мінез көреміз. Өзгелерден бөлектеніп, оңаша қалған сәттегі Дәуренмен әңгімесіне құлақ асып көріңіз.

Үлкенмін, дүниенің төрт бұрышын түк қалдырмай шарладым, өмір сыры алақанымда деп кеуде соғып, абыз боп шыға келетін шалдар бар. Алғаш сұхбаттасқанда тыңдағанмен, келесі жолы мұндай білгіштерден аулақ жүргенді есің болса өзің де теріс демейсің. Бағзы жандардың ішіне қалай еніп кеткенін сезу қиын, ескі бір танысыңдай, етжақын сырласыңдай боп алады. Жасырын, жұмбақ еш нәрсе қалмайды, түгел айтылады.

Сапар-Дәурен арасында бір-бірін әбден ұғысқан ұстаз бен шәкірттің қас-қабағы бар. Дәл осы жолғы сөзін Сапар шегелеп, ежіктеп жаттап ал демесе де, Дәурен зердесіне тоқып жатыр. Сапар:

«Бүгін министрліктен түскен кісі ертеңіне қайта орала алмайды. Құлау жеңіл биліктен, ал көтерілу...

Мезгілден қалу қандай қауіпті болса, мезгілден озу сондай қатерлі... Уақыт... тізгін уақыт қолында. Онымен есептеспеген қарға адым жерге де бара алмайды...

Уақыт менің әңгімемді көнертуі, ұмытқа айналдыруы керек, уақыт менің адамдарымды үлкейтуі, менің тобымды күшейтуі керек, түсінікті ме? Менің министрлік орныма сен отыруың қажет, Дәурен».

Осындай өзекжарды сырлары, көкейкесті ойлары бар Сапар дастарқандас адамдармен, құдасы Мәлікпен сыпайы-сынық қоштасып, ақырын аяңдап үйіне қайтып жүре береді. Қырықтағы суретші әйел Маржан мен Мәлік арасындағы екеуара әңгімеде отбасылық өмір жайлы көрген, татқан адамдардың байыпты, салмақты пайымдаулары төбе көрсетеді.

Мамыражай қонақ күткен шаңырақ тыныштығын жеті түнде Қайрат бұзады. Әсіресе Дәурен ескермеген келіс. Кісі өліміне жазықты еместігін, текке жапа шеккенін айтқандағы ширығуы, бұра тартуы, қисық сөйлеуі ызадан, намыстан туған. Бір кездегі жанын берем дейтін Роза мынау, Дәуреннің әйелі. Алдан күткен қуаныш, тәтті үміт қайда? Есімін елге жаяр композитор даңқы қайда? Түрмеден қайтқан жаяу-жалпы Қайрат, үлде мен бүлдеге бөленген, ен байлыққа кенелген Роза. Қандай алшақ?

Осы сценадан кейін тартыс бағдарлары айқындала бастайды. Ұстазы Сапар сызып берген жоспармен Дәурен іс қамына кіріскен. Оның ой жотасы, қабілет талантына, білім мөлшеріне салса өзі құралпы жігіттердің ешқайсысынан олқы жері жоқ; тәжірибе, іскерлік десе мамандық бойынша қызмет сатысынан түгел өткен, сөгіс алған, құлаған, қатерге іліккеннен сақтасын; үлкендерге жақса, мінезінен ши шықпаса, бұл министр болмағанда кім болмақ? Ұсынылып отырған анау жөніндегі әңгіме басқа. Таласпасаң, күреспесең, мә, сен міне ғой, деп кім астындағы атын түсіп бере салады. Дәурен , ендеше, білекті неге сыбанбайды? Ол жөнінде, бақ күндесі жөнінде, домалақ арыз жөнелсе, қашан тексеріліп, ақ-қарасы ашылғанша іс тынбай ма?

Ашынған Қайраттың Роза үйіне тағы соғуы кек алу секілді қадам. Қатарыңнан еріксіз жырылып, зорлықпен тұсауланып қалсаң, іштегі қыжыл, көкіректі өртеп, не көзден жас болып, не тілден зар болып, не саусақтан күй болып төгілмек. Ширыққан талант торыққан кезде де кісенделмесе керек. Жабық конкурсқа жіберген Қайраттың ораториясын комиссия мүшелері ұнатып, сахнаға дайындау үшін Розаға беріпті. Басын бұлт шалғанда өзге жігіттің құшағында кете барған, тым құрыса арашаға жарамаған Роза енді Қайрат шығармасының қамқоршысы болмақ екен. Жоқ, намысты еркек бұл тәлкекке көне алмас. Әкетеді клавирді Қайрат.

Тартысты, психологиялық жағынан ауыр сценаның Мәлік үстінен түседі. Ендігі өміріндегі тірегі іспетті жалғыз қызының көп уақытын жіберіп жасаған еңбегін мына жігіт зая кетірмек. Мен композитормын, ораторияның жаратушысымын, сен, дирижер, менің туындымның зейнетін көріп, даңқын бөліспекшісің – оған жол бермеймін деп тұр ғой Қайрат.

Отставкадағы полковниктің музыкадан хабардарлығы, нота білуі, бір кезде консерваторияда оқуы, ашу үстіндегі жігітті еріксіз тоқтатады.

Әке мен қыздың күйзелген сезімін Сапар, Дәурен, Келтектердің мінезі одан сайын жүдетеді. Сырт көзге сездірмегенмен, оңашада, өздері ғана барда сыр сандық аузы ашық. Қашан да мансапқорлар, шенқұмарлар топқа, жікке үйір, бірін-бірі тартып, демеп, қолтықтау арқылы көздеген мақсатқа жетпек. Қарсы тұрар, залалы тиер бөгде шықса, көптеп, жабылып жүріп сүріндіру – машықты әдістері, ашық күрес, әділ майданнан тайқып, астыртын айлаға көшу,ғайбат, өтірік, өсек тарату амалдары және бар.

Игілікті, көп жылғы жемісті еңбектің нәтижесі бағаланса керек. Сондай зор ілтипат, мәртебенің бірі – академикке сайлау. Бұл ит жүгіртіп, құс салу, мықтылардың аузын алу арқылы тынатын шаруа, ұйымдастыра білуге байланысты шешілетін іс, достардың мәмлесімен келетін мансап деп санайтындар бар. Келтек осы түсініктің адамы, Сапардың құптайтыны сол байлам.

Бұрын оқымыстылар, дәрежелі қызметкерлер арасында көп болмаған полковник Мәлік үшін мұның бәрі ерсі, әбес. Оның коммунистік ұжданына қайшы нәрселер. Үндемей қалса қайтеді?

Мұндайда шегіну – жеңілу. Мәлік – Келтек, Мәлік – Сапар араларындағы диалогтардан жауапкершілік, қоғам алдындағы парыз, ағайыншылық орайында қарама-қарсы пиғылдардың, сенімдердің шарпысуын көреміз. Жаттанды ереже, аксиома күйіндеайтылған жәйттер тез ұмытылады, әрбір адамның сөзі тіршілік тәжірибесінен, қызмет бабынан түйген тұжырымдары ретінде берілсе ғана көкейге қонбақ.

Жасанды мінез, жалған қылық, өтірік сыпайылық ғұмыры ұзаққа бара алмайды. Бір күні шөлмек сынса, көмбенің беті ашылады. Дәурен – Мәлік арасындағы алғашқы сценаларда байқалғансалқындық ата мен күйеудің дүрдараздығы емес, дүниетаным, көзқарас қайшылықтарына ойысқан. Өзінше этика сақтап, қоян терісі де шыдайды ғой деген моральді ұстанып келген Дәурен атасы Келтек пен Сапарды сөзбен жығып, тізе бүктірген соң пердесін жұлып тастап, ашық шыққан. Өзі шыққан майданға.

Атасы. Күйеу баласы. Бірі – елуді қусырған, қанды жорық соғыс кешкен, енді уһ деп тыныс алмақ полковник. Екіншісі – жалаң қылыш жүзінде жарқылдаған отыз бестегі азамат, бүгін-ертең министр боламын деген қызыл түлкідей құлпырған үміт оты көзінде маздап тұр.

Күнделікті тіршілік ағымындағы аңысқа бақсаң, мұндай күйеу балалы шалда не арман бар дейсің. Бүйткен боздақтың жолына құрбандық болып шалынса рауа емес пе?

Жоқ. Полковник ол шалдардың тобына әсте кірмек емес екен. Сөзін тыңда. Әділін айтып ағынан жарылады.

Ел басқару, үлкен қызметте отыру - әкеден қалған мирас, таласып-тармасып болатын қулық-сұмдығыңды асырып, топ-жігіңнің күшімен өтіп кететін қулық жолы емес. Ел басқару, үлкен қызметте отыру – сенің байлығыңды молайтып, ішіп-жеміңді көбейтетін сауын сиыр емес, бедел-дәрежеңді асырып, жағымпаздардың басын шұлғытып қоюдың құралы да емес.

Полковник дұрыс айтады: «Басқару үшін халықтың жылуы мен мейірімі көп жүрек керек әуелі».

Мұндай қасиеттерді Дәурен бойынан таппаған Мәлік сөз – жел, ұшты-кетті дейтіндердің әдісіне басып, тып-тыныш жата бермек пе? Орталыққа барып, күйеу баласының жауапты қызмет үшін әлі піспегендігін айтуы – Мәлік характерін, оның күрескерлігін айқындайтын деталь. Ал Дәуренді мансап биіктеріне көтерілуге баулып жүрген Сапардың жолдама әкеп Мәлікті демалыс үйіне жібермекші болуы мінез табиғатын, аярлық психологиясын аша түседі.

***
Сан алуан өмір құбылыстары, болмыстың қат-қабат қайшылықтары өнер айнасына түскенде, өзіне лайық, мазмұнға пара-пар тұр, кейін, пішіп таппаса, ғұмыры ұзақ шығарма тумақ емес. Әлемдік әдеби процеске назар салғанда, әсіресе жанрлардың өзара тоғысуынан пайда болған формаларды жиі ұшыратамыз. Осы қатарда драматургияда өріс алған жаңа нышандарды, түр ізденістерін инсценировкаларсыз пайымдау олқы соқтырар еді.

Әдебиет тарихындағы фактілерді, қайталанатын құбылыстарды жинақтау арқылы тұжырымдалған өнер заңдылығын ескерсек, инсценировканы кездейсоқ, өткінші нәрсе дей алмаймыз. Әлем әдебиетіндегі күрделі, кесек шығармалардың сахнаға лайықталып, көрермен назарына тартылмай қалғаны сирек. Кейде бір туындының театрға арналған талай нұсқасы жасалады. Орыс сентиментализмінің басы боп саналатын «Бейшара Лиза» повесі сахнаға шыққанда, болашақта классиканың барлығына театр есігі кең ашылатынын, инсценировка өнердегі жаңа құбылыс екендігін аңғару қиын еді. Драмалық тартысы, характерлі айқын туындылар өз алдына, орыс театрларында И. Крылов мысалдары, В. Жуковскийдің сыры ретінде айтылған қысқа хикаямен жүрек тебірентер өмір елестерін көз алдыңа әкелетін, ұмытылмас бейне жасайтын. Зор көркемдікте туған терең идея ұзақ уақыт есте сақталмақ. Шұғаның тарихын Бейімбет те жолаушы сөзінен бастайды ғой.

Қонақта отырып, бір кеште естіген уақиға ретінде баяндалған Тахауи Ахтановтың «Жоғалған дос» әңгімесінде трагизм басым. Қанша жыл сарғайып екі көзі төрт болып күткен ері тірі жүріп, бір хабар бермеген әйел басындағы қайғы оқырманға ауыр әсер етеді.

Сол шығарма негізінде автор «Күтпеген кездесу» (Жоғалған дос) деген драма жазды. Екі туындыны текстологиялық жағынан салғастырып қарағанда, жанрлық формалардың бүгінгі түрленуі, суреткердің шығармашылық лабораториясы жайлы пікір айтуға болады.

Әңгіме мен пьеса кейіпкерлері бірдей, олар: Маңғас, Мырзахмет Естемесов, Ғайни, Ғалия, әңгімедегі Нұрлыбек есімі драмада Бабатай боп өзгертілген. Залға бет бұрып тұрып, ат үсті айтылған монолог, үзді-жұлды репликамен көрерменді баурап алу мүмкін емес. Драматург үшін аса керекті нәрсенің бірі, сахнадағы әрекетке деген назарды суытпау. Осы ретпен бүгінгі пьесаларда оқиғаларды бір адамның көзімен беру тәсілі жиі қолданылады.

Бұл жәйтті «Күтпеген кездесу» драмасынан да көруге болады. Маңғас аузымен айтылатын монологтар мен әрекеттік көріністер алмасып отырады. Тұтастай алғанда, пьеса Маңғастың көрерменмен сырласуы, ой бөлісуі секілді әсер қалдырады.

Пьесаның бірінші бөлімінің үшінші көрінісі түгелдей жаңадан жазылған, төртінші көріністегі диалогтар әңгіме материалдарын ұлғайтудан туған.

Әңгімеде:

-Апырмай, Мырзаш суыққа төзімсіз еді. Ауырып қалған жоқ па?

-Онда бәріне де үйреніп кеттік қой.

-Жөтелген жоқ па әйтеуір! Ол өзі салақ қой. Аяғын жылы орап күтініп жүруді де білмейді.

-Мырзаштың басының сақинасы болушы еді. Кішкене терлеп, сыртқа шықса, ұстап қалатын. Сонысы қинаған жоқ па?

-Жоқ ондайын байқамадым. А, айтпақшы өзінің бір айтқаны бар еді. Бұрын кішкене тершіп суық тигізіп алсам, басым сындырып қоя беретін. Қазір қыстың күні жалаң бас жүргенде мыңқ етпеймін. Соғыстың һзі бар ауруға ем ғой деймін деп күлетін.

-Апырай, ә, - деп Ғайни апай тамсанып қояды.

Пьесада:

Ғайни (елең етіп). Апырым-ай, Мырзаш суыққа төзімсіз еді. Ауырып қалған жоқ па?

Маңғас. Онда бәріне де үйреніп кеттік қой.

Ғайни. Жөтелген жоқ па, әйтеуір. Ол өзі салақ. Аяғын жылы орап, қымтанып, күтініп жүруді білмейді ғой. Үсті басын қарайтын адам болмаса

Маңғас. Жоқ әрине азды-кемді жөтел боп тұрады ғой.

Ғайни. Мырзаштың басының сақинасы болушы еді. Кішкентай ғана терлеп, далаға шықса, ұстай алатын. Сонысы қинаған жоқ па?

Маңғас. Жоқ, ондайын байқамадым. А, а айтпақшы өзінің бір айтқаны бар еді. Бұрын кішкене тершіп суық тигізіп алсам, басым сындырып қоя беретін. Қазір қысты күні жалаңбас жүргенде мыңқ етпеймін. Бұл соғыстан аурудың өзі де қорқады екен ғой деп күлетін.

Ғайни. Апыр-ай, ә?!

Бұл үзіндіде бірлі-екілі сөз болмаса, әңгімедегі диалог пьесаға өзгеріссіз қалпында енген.

Мұндай мысал мол.

Пьесадағы:

«Расында да бүгін біздің басымызды түйістіріп ойда жоқта бір-бірімізге жақын еткен Мырзахметтің аруағы емес пе? Табиғатында философиядан гөрі әрекетке бейім болсам да, осы арада өзімше бір сыр аштым. «Адам күні адаммен» деуші еді қазақ. Я-а, адам күні адаммен. Кейде сенің жеке басыңның өмірбаяны дегенің жалғыз өзіңдікі болмайды екен. Дүниеде жақсылық көр мейлің, жамандық көр мейлің – соның бәрі өзге адаммен қатынаста болады екен. Егер оның бірін өміріңнен сызып тастағың келсе, өміріңнің соған байланысты бөлшегін де сызуың керек. Сол сияқты Мырзахмет өмірі осы отырған үшеуіміздің өмірімізбен тамырласып жатыр. Әрқайсымызда аз болсын, көп болсын Мырзахмет өмірінің бөлшектері жүр» деген жолдар «Жоғалған достан» алынған.

Әңгіменің өзінде монолог мақамында жазылған Маңғастың осындай сөздері пьесаның интермедияларына сол күйінде кіргізілген.

Тұтастай қарағанда, шағын прозалық туындыдағы мотивтерді тереңдету, кейіпкерлерді сомдау, басқа жанрлық түрге көшіру арқасында жаңа драмалық шығарма жасалған.

Пьесаның бірінші бөлімінде көз алдымызға майдан шебі тартылады, бірақ тарс-тұрс атылған мылтық, жарылған бомба, шұбырған танк жоқ, толас сағатындағы взвод командирі мен жауынгерді көреміз. Өмір мен өлім алмағайып ауысып, екі талай заман болса да, қыр жігіттерінің көп мінезі өзгере қоймаған. Әзілі жарасып, атасымен ойнаудан қашпайтын шіркіндер оңашада командирді іліп қағады.

Драматург жеңіл күлкіден басталған сценаны бірте-бірте Мырзахмет пен Маңғастың характерін ашуға көмектесетін арнаға бұрады. Орденге ұсынылғандар жайлы мәліметтен Маңғастың көңіл жықпас жомарттығы, аңқаулығы, Мырзахметтің тіс қаққандығы, туралығы көрінеді.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет