иесіз, қаңырап қалған қоңыр үй бар; Асқар Тоқмағанбетов дастанында сорлы апа көздің жасын көлдетіп, тау-тасқа, орман, көлге мұңын шағып, ұлын іздеп жүр; Әбділдә Тәжібаев пьесасында Сәкен аузымен шындық сөйлейді.
Киелі өңірдің иесі ешқашан жауырды жаба тоқып, шындықтың бетін бүркей тастап жүре алмайды. Белгілі бір заманда болған оқиғаларды, қуанышты, қайғылы жәйттерді, ең алдымен, дәуірдің өз суреткері бейнелеуі шарт. Кейінгі ұрпаққа ескерткіш, замана куәлігін қалдырар солар. Уақыт өткен соң оралып соққанда, қайтсе де, қалай жан салып ұмтылғанмен жаңа дәуір әсерінен құтылып кету мүмкін еместігінің дәлелі ретінде әлем әдебиетінің, өнердің әр саласының көптеген классикалық шығармаларын айтуға болады.
Фашизм ойранына қарсы тұрған халық қаһармандары ретінде генерал панфилов, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметовалардың алынуы орынды. Ұзын-сонар шұбыртпа өлеңге түсіп кету бұлардың монологтарының драмалық күшін, тартыс қуатын әлсіретіп жіберуге соқтырған.
Даңқты генерал Панфилов бұдан гөрі ірі, кесек сөз айтуға лайық тұлға. Оқ боп атыла салу, бомба боп жарыла салу қағаз жүзінде оңай шығар, әйтпесе мыналардың тағдырын жалғыз ауыз бұйрықпен шешетін генерал үшін қасқыр жау аранын ашып Отан жүрегіне қан шеңгелін салған қатерлі сәтте көз жұму деген үлкен трагедия. Осындай ситуацияда оптимистік трагедияның қаһарманы айтпақ монолог қажет.
Драманың қалыпты, үйреншікті формасын жаңғырту, түрлендіру талабы жақсы, бірақ қайткен күнде де жанрдың образ жасаудағы заңдылықтарын бұзып жіберу, өзгеру мүмкін емес, өйткені өнер өзегінде объективті шарттарға бағынышты құбылыстар жатқаны хақ.
Мәншүк монологтарында әсіреқызыл бояудан гөрі реалистік өрнектерден Батыр қыздың аңыз боп кеткен ерлігі ғана емес, көп жұртқа белгісіз сырлары анасына арналған сөздері арқылы беріледі.
Сахналық поэманың кейіпкерлері әр буынның әр мамандықтың, әр түрлі тағдырдың адамдары. Гүл құшақтап, қызғалдақ жинап жүрген Мәншүктің аяғына керзі етік кигізіп, пулемет тұтқасын ұстатқан ауыр заман ақсақал болып бала-шағасының қасында, домбырасын тықылдатып отырар Ыбырай Жақаевты егіс даласына шығарған. Белуардан су кешіп, толарсақтан саз кешіп жүріп, күрішін өсірген диқан атаның күндіз ойынан, түнде түсінен майданға кеткен ұлы шығар ма?
Драматург барлық монологтардың өлшемі, ырғақ жасау тәсілдері ұқсап, ыңғайласып кетпеуіне мән берген. Кейбір толғауларда ауызекі сөз мақамдары, шешендік өрнектер, тұжырымдап, кесіп айту, түйіп-байлап тастау бар.
Театр сахнасында қойылып жүрген Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» пьесасына назар аударғанда, драматургиямыздағы осы алуандас бұрынғы шығармалар еске түседі. Ұлттық әдебиетіміздің өнегесі іспетті «Абай», «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиялары өз алдында, Ә.Тәжібаевтың «Майра», С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларымен мезгіл жағынан, тақырып орайынан көп ұқсастық табуға болады.
Драматургияда есімі белгілі автордың пьесасын академиялық театр коллективінің көрерменге ұсынуы салған жерден ойлантады.
Жаяу Мұса аршынды әндері арқылы қазақ перзентіне бала күнінен бастап құрметті болып кеткен есім.
Тоқсаннан асып дүние салған ұзақ ғұмырында Жаяу Мұса бір адамның басына жетерлік қызықты да, қайғыны да көрген, алысқан-жұлысқан. Арқада оның шарламаған жері кемде-кем, өзі тұрғылас өнерпаздардың ішінде ең көзі ашығы; Омбы, Қазан, Петербург секілді қалаларды аралаған; Совет өкіметі орнаған кезде де өмір сүрген.
Орайын келтірген жазушы Жаяу Мұса ғұмырынан көркем шығармаға арқау боларлық талай қызықты материалдар табары хақ. Шорман тұқымымен алысқан кездер – Жаяу Мұса жүрегінде терең із қалдырған, оның ең тентек, асау әні «Ақсиса» осы мезгілде туған.
Пьесаға өзек етіліп өмірде болған, деректі, негізі артық тартыстың алынуы заңды. Аға сұлтандықтан дәмеленіп Омбы кеткен Мұса Шормановты тосып отырған ауыл әбігерінің үстінен түсеміз. Қашан да жуандардың, біліктілердің әр жерге тастаған қақпандары, әр атырапқа жіберген жансыздары, әр топта аруақ шақыратын ұраншылары болмақ. Ескі ауылда бүгінгі ұғымдағы абақты, барлау системасы жоқ еді дегенмен, дұшпан ортаға елеусіз біреулерді тыңшы етіп жіберуі жиі орын алған. Бірінен-бірі асырып, улап-шулап жатқан екі шал Байғабыл, Ботбай – Мұса Шормановтың шашбауын көтеруші, ел арасында атақ даңқын жариялаушылар. Түс жоруды ойната түскенде болатын еді.
Үлкен маңсап қолға тимей, ауылдағы Шорман әулеті жаңа бір зорлық қамына кіріскен. Сахара жағдайында ханмен пара-пар билік иесі қандай жерде тұрмақ? Баян атырабындағы ең шұрайлы өлке қайсы? Жасыбай емес пе? Ондағыларды басқа жаққа қоныс аударса, қайтеді екен? Кім қарсы шыға алады?
Атадан қалған дәулет, аға қолындағы билікті табиғатынан ұрда-жық Мұстафаны тіпті есіртіп жіберген. Айла-тәсіл, жөн-жосық, әдет-ғұрып дегендерді біржолата жиып қойып, тізеге басып, білек сыбанып, шыға келеді. Зорлыққа кіріскенде ешкімге дес бермес Құнанбайдың өзі Қодардың ата-қонысын аларда елге өтірік болса да көз етіп, айла-шарғы жасаушы еді, мынада ол жоқ, тападай тал түсте, ер-азаматты бақырайтып қойып, Жасыбайға лап қояды. Бұл аз десең тағы бір сұмдыққа басады, аға сұлтанмен аттас болмайсың деп Мұса Байжановтың есімін өзгертіп, Жаяу аттандырады.
Осы фабула бір пьесаға жетіп жатыр. Шеберліктің кемістігінен бе, тәжірибе аздығынан ба, әлде одан да басқа себеп бар ма, әйтеуір үлкен әрекет, маңызды оқиғалар алғашқы картиналарда көрсетіліп қояды. Жалғыз Мұстафаның ожарлығы, дөрекілігі демесек өзге характерлер әлсіз. Жаяу Мұсаның ірілігі, үлкен жүрегінің дүрсілі сезілмейді.
Екі Мұсаның – полковник Мұса Шорманов пен композитор Жаяу Мұса Байжановтың үшінші картинада кездесу сценасында драматург ерекше мән беруі қажет еді. Рас, Мұса Шормановтың сөздерінен оқығандық, білімділік нышаны аңғарылады. Романовтармен ауыз жаласып кеткен, сарала түйме таққан төренің емеурінінен ішкі пиғылы сезіліп тұр. Дала феодалдарының қулық-сұмдығына, зорлық-зомбылық тәсілдерін қосып колонизаторлардың зымияндығын, жуан жұдырығын алған, байлық, дәреже, мансап жолында бәрін сатқан көкжалдың тарихтағы бейнесінен пьесадағы тұрпаты көш кейін жатыр.
Шормановтар мен Жаяу Мұса арасындағы әлеуметтік тартысты өрістетіп, осы арнада характерді саралау орнына, драматург қыз алып қашу шырғалаңына көп ойысып кеткен. Шынтуайтқа келгенде «Жаяу Мұса» пьесасының табысы көпшілік сахналарында, тұрмыс-салт суреттерінде жатыр.
Өмір кескініне тура қараған адам Мұстафаның тоқалы Әңкенің көк көйлек киіп, тойып тамақ ішіп жүруі үшін, сол күйден айырылып қалмауы үшін күресуін жасанды нәрсе дей алмаса керек. Әңке мінезінде күлкілі, қылықты сипаттар бар. Әуелде оң жақта бұралып отырған ерке сұлу Сапарды ертең күндесіп боп шыға келер ме екен деген қауіппен дұшпан көріп, атарға оқ таба алмаса, артынан оны Жаяу Мұсаға қосу үшін жеңгетайлыққа жүреді. Байдалы, Арап әрекеттерінен елдің ұлын, ортан қолдай азаматын қалай әлпештеп, қиын-қыстау заманда қалай қорғап қалғанын көреміз. Сомов сынды атаман Шормановтармен дастарқандас, Потапов Жаяу Мұса жігіттерінің ішінде. Кейіпкерлер тілін даралауда драматургтың олқы соғуы сахна шартын ескермеуден, ішкі драматизм, екпін, ырғақ талаптарын елемеуден шығып жатыр.
Мұстафа. Батырекесі , онда былай болсын, сен қазір бармай-ақ қой. Ұят болады. Бүгін құдайдың таңы атады ғой, аяңдап осында кел, аздап сыр тарта бер, бір-екі күнде құда жіберейік.
Әңке. Ол да жөн екен-ау. Сапар қолыңа түскен соң, құдайыңды ұмытып кетпесең болғаны, мырза!
Мұстафа. Сенің орның бөлек қой, Әңке. Бәрібір бар билік өз қолыңда болады. Бәрін де бір шыбықпен өзің айдайсың, оған күманың болмасын.
Әңке. Тек уәдеде берік болсаң болғаны.
(З. Ақышев. «Жаяу Мұса», Кітапта «Қызыл жалау». А., 1966, 284-285-беттер).
Сөз қайталау, сөз тіркестерін қайталау – көркемдік тәсілдің бір түрі. Эпостан, классикалық әдебиеттен бұл ретте көп нұсқа еске түседі. Ал мақсатсыз қайталау, бір сөздің орынсыз көлденеңдей беруі ажарсыздыққа, сүреңсіздікке, қарадүрсіндікке ұрындырмақ. Мына үзіндідегі «бол-болдар» соның дәлелі.
Бүгінгі қазақ драматургиясындағы тарихи-ғұмырнама тақырыпқа арналған шығармалардың ішінде Құдаш Мұқашевтің «Дала дастаны» пьесасы көркемдік жақсы сипаттармен ерекшеленеді.
Бұрын ақын ретінде көрінген қаламгердің драматургиядағы алғашқы қадамында олқылық, осал жәйлар мол болатын. Әуелі варианттарында «Ағажан», «Таң атып келеді» деп аталған туындыда қажетсіз көріністер, көпсөзділік, шұбалаңдылық басым еді.
Шығарма қолжазбасымен танысқан сыншылар, режиссерлер, артистер жас драматургке көп кеңес берді. Автор театрға күнделікті келе жүріп, сахна заңдылықтарын, көрермен талаптарын ойластырып, пьесаны шыңдады, талай сценаларды қайтадан жазып шықты. Драмаға суреткер идеясына дөп қабысатын жаңа ат қойылды. Сөйтіп, ақынның драматургиядағы тырнақалдысы театр сахнасына шықты. Кім білген, сөйтсек, бұл Құдаштың соңғы әні, аққу әні екен ғой...
Шиырланып қалғандай, таптауырын болғандай объектінің жаңа бір кілтін автор сәтті тапқан. Қаһарманды архивтен, сарғыш қағаз, кітаптардан ауламай, тас-тастан, өзен-көлден, кәрі құлақ, көне көздерден, өмірден іздеген. Қазақтың арқалы, аруақты ақыны Ілияс Жансүгіровтің өмірінен іздеген, жас шағынан тапқан. Дауылпаз жыршы өскен-өнген ортадан шығу, інінің хабарсыз кеткен ағаға деген қайғылы, мұңды, ыстық махаббаты, ақын мен ақынның табысуы – «Дала дастаны» пьесасының сәтті жазылуына осындай алғы шарттар болған деп білеміз.
Қазақ әдебиетінде драманы ақ өлеңмен өрнектеу үлгісі М.Әуезов, Ғ.М. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев шығармашылығында жақсы жеміс берген өрнекті арна, бірақ бағытта ізденген өзге қаламгерлер сирек еді. Құдаш Мұқашев нар тәуекелмен қиынға құлаш сермеген. «Дала дастаны» ырғаққа, әуезділікке әр түрлі ұйқасқа негізделген ақ өлеңмен жазылған. Ұлттық өнердің классикасы «Қарагөз», «Ақан сері – Ақтоқты» сынды туындылармен үндестік бар.
Алғашқы көріністерде дала төсінде асау тайдай ойнақтаған ерке ақын – Ілиясты көреміз. Тау-тас, жер-көк – бәрімен сырласындай тілдеседі. Шерін айтады, мұң бөліседі. Қамсыз, қайғысыз бала күнгі құрбысы – Мырза бүгін иығына жалтыратып погон таққан офицер. Ақын жолы мен төре жолы екі жаққа, екі қиырға қиғаш тартқан; бірі – жұртын сүйген жүрекпен халқына қызмет етпек, бірі – патша ағзамының табанын тілмен тазартса да, биліктің биігіне өрмелемек.
Махаббат сезімімен өртенген Қуат пен Бибі арасындағы хал, бір от, бір жалын Ілиясты да қинайды. Тұтқындағы сұлу қашып шыққан жерінен, мүлде шідер үзіп кетпек ниетінен жігіттің солқылдап тұрғанын аңғарып, қайта шегінеді. Тартыс осыдан кейін басталады.
Ең алдымен, әкесінің көзіне шөп салғанды көріп, төзіп отырар қыз Мақпал емес. Бибіні сойылмен соққандайауыр сөзбен тілдейді. Қуатпен көңілдес екенін Мақпалдан қалай жасырмақ Бибі? Сүйіспеншілік, жастық бұйрығы дегенді қалай түсіндірмек? Сахнаға пьесадағы қаһарлы кейіпкер – Қыдыр шығады. Тоқалы Бибіге айтатын сөзі: «Көзің неге ойнап тұр, кеудең неге тулайды?» Бұдан соң айыпкер мен соттың жауаптасуындай қысқа-қысқа диалог. Қыдырдың жұрттың көз алдында Бибіні шашынан сүйреп сабауы – натуралистік сахна. Спектакльде бұл көріністі алып тастау дұрыс болар еді. Мақпал мен Қыдыр қақтығысындағы драмтизм онсыз да жетіп жатыр, әсіресе қызыл, шымқай қара бояудың қажеті жоқ.
Еш зорлық жасамаған, бір қылтанағы құрымаған кейіппен Қыдыр өз отауында Ілиясты қарсы алады. Кезінде Құнанбайдың ұлы Абайды сынау үшін айтқан тұспал сөздеріне ұқсас сұрау қояды. «Ел» деп кімді айтамыз? Лапылдаған, аңқылдаған ақын көңілі барлығын да халық, жұрт алдындағы жауапкершілікпен, ел тағдырымен байланыстырады. Тізеден қағып жатқан қажы жоқ. Күдік, дауын аралыстыра лтырып, өз мүддесі үшін Ілиясты Қуатқа айдап салмақ. Өртенген намысының кегін солай қайтармақ. Бұған көнер ақын ба? Сонда табанына шоқ басқандай ашумен атылады қажы: « Бір тоқалды өз әкең Жансүгір де құшып жүр. Сол тоқалға Қуатты неге апарып салмадың? Әлде оны өзіңе қалдырдың ба, Ілияс?»
Адам аузы бармас сөздің аяғын Қыдыр қарғыспен бітіреді. Нағыз қатын қарғыс. Әлгіндегі бейбіт рай, дос пейіл аз ғана сәтке шымылдық болған алдамшы күй екен. Бұрыннан қордаланып жиналған дұшпандық өшпенділік енді бұрқырап шыға келген. Ақтарылып, төгіліп жатыр. Қыдыр қажының көзіне қан толып кеткен. Ілияс та аянар емес.
Бірінші актінің соңғы, бесінші суретінде әр түрлі әрекет, сахналық қимыл, кейіпкерлер арасындағы тартыс күшейе түскен. Сырт көзге аңғарылмайтын, бітеу жара секілді іштей кеулеп бара жатқан дерт бар. Ұлы Мырза мундир киіп, офицер болып қайтқан қуанышына әкесі Есен болыс той жасап жатыр. Әкелі-балалы екеуі жұрт жиналардың алдында шүйіркелесіп сыр шертіскендей. Талай құқайды көрген жырынды, әккі көкжал бөлтірігіне түлкі заманның айла-шарғыссын, қулық-сұмдығын үйретеді. Өзінің қолын билікке жеткізген, тәңір тұтар пірің – Қыдыр қажы, үлгі ал, әдіс-тәсілін меңгер соның дейді. Кекең-кекең еткен, ноқай, даңғой офицер залым болыс арамдығын түсінер деңгейде емес.
Той сценасындағы әрекеттер қазақ драматургиясында қалыптасқан арнаның ізімен отырады. Жұрт алдында Қуатты масқараламақ пиғылмен арамза Қыдыр жандайшап тыңшысы Желбуазды әдейі, күн ілгері дайындап алап келген. Кісіге ит өосқандай қылып, айтысқа салады. Желбуаз – Қуат айтысы фольклордағы дәстүр негізінен ауытқымайды. Жазықсыз жігітке қылыш ала жүгірген зорлыққа шыдамаған Ілияс Мырзамен арадағы бала күндері естелігі арқылы жалғасып жатқан болар-болмас дәнекерді сындырады. Енді Қыдыр дұшпандығына Мырза жаулығы қосылады. Той үстінде бұлтсыз күнгі найзағайдай, ел-жұртты дүр сілкіндірген тосын хабар жетеді. Мұғалім Бейсенбай Кедесов жар салып тұр: «Патша тағынан құлады!» Екі ақын Ілияс, Қуат бірі қостап ағыла жөнеледі. Жаңа өмірдің той бастары айтылады.
Ілиястың әкесі кесек, мінезді, тура адам болғаны белгілі. Пьесада Жансүгірдің сенімді, қызықты бейнесі жасалған. Алғаш онымен екінші актінің басында, алтыншы суретте ұлымен бірге асау үйретіп жүрген кезінде жолығамыз. Қыдырдың аманатын арқалап Желбуаз да жеткен. Бұл Әуезов романындағы хабаршы, атшабар да, Мүсірепов трагедиясындағы Жантық та емес, соларға ұқсайды, әрі ұқсамайды. Даланың өмір қалпы тудырған жансыз, тыңшы. Бірді бірге ұрып жүрген алаяқ. Сонда қара басына келтірер пайдасы да шамалы.
Желбуаздың астына тастаған бөстегіне шалжия кетер Жансүгір ме, қайта су жұқпас қудың екі аяғын бір етікке тығады. Қыдырдың ұлыңды тыйып ұста дегеніне құлақ асу қайда, таспен атқандай байламы бар.
Аяқ астынан аттан құлаған Ілиясты табалай сөйлеген Желбуазға сыр бермейді. Жансүгір сап етіп ойып, қабырғасын сөгіп алса, көзден бір тамшы жас шығармас қас батырдың қайсарлығын ұстанады. Жүрегі елжіреп, бауыры езіліп тұрса да, түсі суық, үні қатқыл.
Драмадағы тартысты күшейтетін бір арна – Ілияс – Мақпал қарым-қатынасы. Қажының оң жақта бұлғақтап отырған қызы ерке тотай емес, - есті, дүмбілез емем, сезімтал. Даланың құланындай жайнап тұрған асау, тарпаң ақынды сырлы құштарлықпен ұнатқан. Көкіректі күйдіріп, жүректі өртеген жалын ақыры шыдатпай жігіт алдына әкеп тұр. Әуелгі сөзді қыз айтады. Еңлік мінезі аян, Татьяна қадамы да белгілі болған заманның перзенті ғой. Біреудің қалың малы берілген қалыңдығысың деген сынық сөзбен Ілияс сыпайы ғана шығарып салады. Ақын үшін тұла бойды бақытқан, тоқсан тоғыз тамырды идірген сүйіспеншілік керек секілді. Өз аяғымен келіп тұрған қыздан бойын тежеуінде осындай гәп бар.
Жуандықтың қамшыгері Қыдырмен жауласса да, Ілияс жақсы-жаман, бай-кедейдің арасын пышақ кескендей бөлетін күрескерлер жолына бірден түсіп кете алмайды. Драматург ақынға идеялық әсер берген, әлеумет майданына тартқан тұлға ретінде Бейсенбай Көдесов бейнесін алған. Оның сөздерінде ақылгөсу, ұстаз көріну сарындары көп.
Патша құлап, қазақ даласын революция дауылы дүрілдеткен дәуірдің екпіні алыс қырлардағы шағын ауылдарға да жеткен. Қыдыр қажы белін шарт буынып, сақалды күзеп атқа қонды. Офицер мырза шетелге қашпақ.
Дүрбелең сасқалаң заманда кім жау, кім дос екенін аңғармаған талай ауыл нақақтан зарлап қалған. Өтірік қызылмыз деп жүріп, ақтар жасаған лаңды сахара ұзақ уақыт ұмытқан жоқ. Жансүгір қыстағына қансырап жеткен жаралы адамның сұмдық әңгімесінен кейін Бейсенбайдан талай жұмбақтың бетін ашқан, қас пен достың ара-жігін ажыратқан, күрестің бағдарын нұсқаған хат келеді. Сандықта ораулы жатқан бабаларының қылышын Жансүгірдің тебіреніп, толқып тұрып, ұлының қолына ұстату сценасы әсерлі шыққан. Сол сәтте ақын жүректен жыр төгіледі. Күйбеңнен құтылып қияға, мұзарт шыңға тартқан қыран жыры. Ілиястың күрескерлер сапына аяқ басу эволюциясы тартымды детальдар, сенімді штрихтармен берілген.
Соңғы, сегізінші суретте әрекет мол. Пьесада персонаж көп емес, негізгі он шақты қаһарман түгел бірінен кейін бірі осы сценада сахнаға шығады. Әрқайсысының тағдыры шешілетін кезеңге тірелген шақ.
Күлкі тудыратын құралдарды іздегенде, қаламгер әлеуметтік идеяны, эстетикалық мәнді айрықша құнттағаны абзал, әйтпесе физиологиялық кемшіліктер, көздің соқырлығы, тілдің сақаулығы, құлақтың саңыраулығы, аяқтың ақсақтығы келемежделіп, ажуа етілсе, натуралистік тенденцияға жол берілмек. Бұл орайда реалистік өнер өркен жая алмақ емес. Надандық салмағы еңсесін түсіріп, мәңгіртіп, намыстан жұрдай еткен сорлы Жабаққа адамның жаны ашиды. Мырза сабап жатқанда араша түскен Ілиясқа рақмет айтудың орнына, дауыс көтеріп балағаттайды байғұс. Осы персонажды сақау етіп алғаннан драматург ұтпаған. Қыдыр жұрт назарын тайдыру үшін залымдықпен шапанын әдейі Жабаққа кигізеді. Ұшпаққа шығып, жұмаққа кіргендей, төбесі көкке жеткендей, мәз болып, қуанған сорлының талтаңдауында ауыр трагедия жатыр. Жолына құрбандыққа тоқты шалғандай, селт етпеген жүрекпен Қыдыр қажы бейшара Жабақты бауыздап, жолға тастап жүре береді.
Ыстық сезім, өрт құштарлық тағы да Мақпалды әке көшінен бөліп алып қалып, Ілияспен кездестірген. Енді тосаңсу, сырғанақтаудан тыйылып, жас көңілдер емірене табысқан. Бірақ бұл көк сағымдай аз дәурен.
От қоршау қысыла бастайды. Қыдыр сенімнің, күрестің, қылыштың адамы, бас сауғалап, мал қуып, тиын санап қыр асатын босқын-қашқындардың қатарында ол жоқ. Диуана кейпіне түсіп, Ілияспен бетпе-бет келіп тұр. Баяғыда өз отауында берген қанды серттің шешімін мылтыққа тапсырып, басып қалады. Оқ Ілиясты емес, кеудесімен жан жарын қорғаған Мақпалды орып түсті. Тіршілікте соңында қалар жалғыз тұяқты Қыдыр өзі құртты, өзі өлтірді қызын. Бұдан әрі барар жер, басар тауы қалмаған Қыдырдың өзімді жайратар деп сескенбестен Ілияс берген мылтықпен атылып өлуі – оның кесек тұлғасына жарасты қадам. Әлеуметтік мәні күшті бұл бейненің психологиялық кескіні соңғы қылығымен ашыла түскен.
Пьеса финалында көтеріңкі леп бар. Аяулы жары – Мақпалдан, ардақты ұстазы Бейсенбайдан айрылған Ілияс қайғы жұтып, қансырап отырып, шөгіп қалмаған. Өртке қанатын күйдіргенмен, қайта түлеп, жаңғырып, өзгеріп, өсіп шыққандай. Келе жатқан азаттық таңының шапағына жырмен шашу шашып, елінің, халқының бұлбұл құсы болып сайраған ақынның бір қолында қылыш, бір қолында домбыра.
Драматург Ілияс поэзиясына вариация жасау, монтаждаудан аулақ, ақын шығармасының ырғақтық, әуездік ерекшеліктерін жақсы пайдалана отырып, рух, идея туыстығына қабыстырып, сырлы, сазды монологтар тудырған десек, артық мақтау емес. Таныс сарындардың кездесуі, термелеп кету, драматизм олқылығы секілді кемшіліктері бола тұра, «Дала дастаны» пьесасы ақындық пафоспен, форма еркіндігімен, айшықты тілімен әлі талай көрерменді өзіне тартып, аруақты ардақты ақын Ілияс жайлы сыр шертетін болады.
Сахнаға шыққан тарихи – ғұмырнама пьесалардың бірі – О.Бодықовтың «Дала тұтқыны». Әуелгі аты «Барымташы» болатын. Шығарма ықшам. Сахналық талаптар, бүгінгі театр мүмкіндіктері ескерілген. Автор режиссерге қажетті жәйттерді өзі айтып отырады – қай жерде қандай музыка, ән, күй пайдалану, декорация, сахнаға қойылмақ заттар көрсетілген. Пьесаның екі бөлімі де ұқсас көрініспен басталып, ұқсас көрініспен бітуі спектакльге өзіндік ырғақ береді. Самодержавие билік құрған заман сырын сездіру үшін алынған барабан үні, солдат етіктерінің дүрсілі, патша коронасы, алға тартқан уақыт белгісіндей сағат тықылы орынды қолданылған детальдар.
Пьесаның бірінші актісі: Омбы. Түрме. Жеке камера. Федор Достоевский мен поручик Кринцовтың диалогының үстінен түсеміз. «Құлан құдыққа құласа, бүкіл Ресейді дүрілдеткен жазушы бүгін қол-аяғында кісен шылдыраған тұтқын. Анау жаналғыштың сөзінде шаруасы шамалы. Аузы бірдеңе деп жауап бергенмен, ойы басқада. Әдейі қырсықтанып, сұм ниетпен Достоевскийдің үстіне екі адам кіргізген.
Достоевскиймен тұтқын қазақтар арасындағы диалог әр шөптің басын бір шалады. Болар-болмас мінез ерекшеліктерін аңғарамыз. Ит таластырып қызықтаған содыр мінезбен Кривцов тұтқындарды бір-біріне айдап салып, кім басқаны сабаса, соны босатам дейді. Осыдан кейін тартыс, психологиялық арбасу басталады. Қасында еріп жүрген жолдасы Жаманбайды Барымташының жазықсыз Достоевскийді сабамақ болдың деп буындырып өлтіріп тастауы намысты ердің аршынын көрсететін асау қылық.
Осыдан кейін Барымташының мінезін ашатын әрекеттерді көре алмаймыз. Екінші бөлімде онымен тау-таста қашып жүрген кезінде жолығамыз. Ісі, қимылы жоқ өткенді айтуы, егілуі, жасуы ғана бар. Барымташы жүрген жүрісі, жасаған қылығы буалдыр персонаж: Тайман, одан соң Жоламан аузымен айтылатын ол жайлы сөздер өзара қайшы, шалыс келіп жатыр. Ақынмын деген Жоламанның Барымташыны бірде мақтап, бірде даттауы көңілге қонбайды.
Барымташы бойындағы трагедияның басы ашылмаған. Оның аузына драматург сол заманға сыйымсыз, артық, көтеріңкі сөздер салады. Ұлы психолог жазушы Достоевскийдің жан сырын, жүрек дүрсілін, сезім толқындарын беретін көркемдік бояулар жетіспейді.
Пьесаның бірінші, екінші бөлімдерінің арасында тұтастық жоқ, шығарманың бас-аяғын біріктіретін тартыс-әрекет бірлігі жоқ. Орыс, қазақ халықтары туыстығының жақсы көрінісі – Достоевский мен Шоқан достығы болатын. Бір ізденсе, ізденетін тұс осы еді. Драматург тарихи негізі тиянақсыз материалдың соңына түсіп кетіп, творчестволық олжаға кенелмеген.
Ой тұжырымы: қазақ драматургиясының революциялық – қаһармандық, тарихи – ғұмырнама тақырыпты игерудегі сан алуан тәжірибесі, әр түрлі ізденістері өткенге партиялық, таптық көзқарастар тұрғысынан жазылмақ, терең идея, жарасымды шеберлікпен айтылмақ тартысы кесек, кейіпкерлері соқталы туындылар жасауға негіз береді деп білеміз.
Қоғамдық жаңа қарым-қатынастардың әсерінен адам психологиясында пайда болған соны өзгерістерді, характер құбылыстарын тез аңғарып, жіті бейнелеу үшін суреткердің азаматтық белсенділігі, ізденісі, заман тамырын қапысыз дәл басып отыруы шарт. Қияндағыны шалып қалар көз қырағылығы өз алдына, белгілі объектіні нысана етіп алып, ұзақ уақыт социолог, экономист, философ, психолог, тарихшы секілді зерттеудің нәтижесінде басқаларға әлі анық көріне қоймайтын дүниелерді жазушы бұрын сезіп, шығармаға арқау етуі - өнерде қайталанып отыратын заңдылықтың бірі.
Әлеумет назарын мәнді проблемаға алғаш бұрудың маңыздылығы көркемдік, идеялық олқылықтардың орнын толтыра алмайды. Өзекті мәселелер көтерген шығарманың тақырыбын, автор ниетін желеу етіп жеңіл талап қоя – эстетика шарттарына қайшы екендігін әсте ұмытпау ләзім. Кейбір көпе-көрнеу шиі шығып тұрған, социологиялық штамп, науқандық схема ізімен, иллюстрация қалыбымен ғана жасалған көкжасық нәрселердің санға еніп, санатта жүруі – қынжыларлық жәйт.
Бүгінгі заман күйлерін шертетін туындыларға қауым көзі бірден түседі. Әркім өзін толғантатын, қабырғасына батып жүрген түйткілдерге жауап іздейді. Ұқсас қиындықта басқалар қайтты екен? Жыбыр тірліктен, мимырт күйбеңнен босап, қиял әлемін, романтика ауылын шарлағандар келбеті қандай? Сауал көп.
Қазақ театрларының сахнасында қойылып жүрген пьесалардың ішінде қазіргі күннің өзекті мәселелерін арқау ететін Әлжаппар Әбішевтің «Белгісіз батыр» драмасы да бар.
Ұзақ уақыт драматургияда еңбек еткен белгілі қаламгердің қалыптасқан қолтаңбасын, стильдік ерекшелігін айтылмыш пьесадан аңғаруға болады. Кездейсоқ, күтпеген оқиғадан тартысты сабақтап алу, қашан шығарма тәмамдалғанша кейбір жәйттердің жұмбақ болуы, кейіпкерлердің бір-біріне деген көзқарасын ашық білдіруі – осы алуандас сипаттар «Белгісіз батырдан» басқа да Әбішев пьесаларында жиі кездесетін нәрселер.
Прологтағы әрекет сұрау артынан сұрау тудырады. Парижге ғалымдар кеңесіне барып келе жатқан физик Мардан кім өзі? Жартылай жарымжан, ұмыту ауруына шалдыққан Тағдыр деген адамды неге сонау Франциядан алып келген?
Бұлардың жауабы көпке дейін күңгірт. Алғашқы көріністерде Алматы маңындағы дачалардың біріндегі қазіргі қазақ зиялыларының тұрмысымен танысамыз. Шеше мен қыз арасындағы қарым-қатынасыты, көршілер сыйластығын, бүгінгі тәрбие-тәлім қалыбын аңдаймыз. Көп адам жоқ, үш отбасының кісілері, онда да артық бас емес, ата-ана бауырындағы бір-бір перзент, бәрі де ат жалын тартып мінген, жоғары білімі барлар.
Достарыңызбен бөлісу: |