Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет22/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29

Жұрт жиналды. Колхозшылар екі ұдай, әр түрлі сөздерін естиміз. Драматург көпшілік сценасына қатысушыларды даралап, ерекшелендіріп беруге күш салған. Өзгелерге қарағанда Сәрсектің, Ажардың даусы оқшау. Бірқыдыру адамдардың басы қосылған жерде Мұратты жыға тани бастаймыз.

Аудандық партия комитетінің хатшысы. Жас жігіт. Бұл өңірге келген беті осы. Қолма-қол тындырып тастаған ісі, бітіріп жіберген шаруасынан гөрі барлауы, зерттеу, бұрын жүрсе керек еді. Сөйлеуінен гөрі, тындауы, шешімінен гөрі сабыры мол болса керек еді. Ескі жол, бұрынғы арна соған мегземек. Бұл не дейді?

- Егін ексек - шықпайды. Мал өсірсе - індет шырмайды. Адамын ауру иектейді. Аузында асы, қолында сауыны жоқ. Тракторы,


машинасы тілде бар да, істе жоқ. Не жазығы бар бұл елдің? (М. Әуезов.
Таңдамалы шығармалар, А., 1956, 5-том, 332-бет).

Жаңа басшының, коммунистің сөзі. Шырға, амал, есеп ойлап тұрған жоқ, бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетті. Елді аузына қаратқан шешендердің сөз айшығьш, өрнек-кестесін әбден меңгерген.

Алғашқы кездесудің шешім байлауын Мұрат өзі түйеді.

- Ал, онан соң анау Балқыбекті қордалы байлық Балқыбегі


етеміз. Тауда түлігің, егісте егінің жайқалып тұрған ел етеміз. Бірінші апрель ойын емес, шынымен сын күн. Ең алдымен МТС-қа, мына МТС директоры, Нияз, саған сын. Бар тракторының ремонты бітіп, барлық күшіңмен осы колхоздарға көмекке шығуға міндеттісің. Ол бір, екінші сол, бұл күн саған да сын, "Жігер" колхозы! Және сын болғанда қандай сын, мәймөңкелейтін түгі жоқ. Сол жаңағы барлық үлкен егіс, үлкен тауды аударатын, меңгеретін срогің он бес-ақ күн. (Сонда, 323-бет.)

Драматург реалистік пьеса қаһарманына лайық сездік кестені дөл тапқан. Мүрат лебізінен қазақтың шешендік өнері, билер дәстүрі жақсы аңғарылу үстіне, заман ырғағы, мезгіл өуені, партия қызметкерінің стилі көрінеді.

Дұшпан ортаның сыры қалтарыста, далада, жасырынып, ұрланып сөз байласып, уәде бекітіп жатқандардың кездесуінде ашылады. Көп адам көзге көрінбейді. Екеуі үшеу ғана бас қосады. Қолынан билік кеткен таптың өкілдері тұяқ серпер шақта жымысқы айла, жіңішке қулық жолы түсетінін бек ескерген драматург орайлас ситуацияларды жалаң алмай, психологиялық құбылыстармен жақсы ұшстастырған.

Әлеуметтік үлкен төңкерістер қашан да бір шаңырақтың астындағы адамдардың өзін әр түрлі толқынға түсіріп, шалғай жағаларға апарып тастамақ. Осы сипаттағы тартыс ағалы-інілі екі азамат Қонай мен Балтабектің жүрегін шабақтайды. Ескілік сенімінің жетегіндегі Балтабектің бұрынғыдан бетер шүйлеп, жауықтырып колхозға қарсы айдап отырғандар алдымен ауызды ез ағаңа сал деп үйреткен.

Сол азғырындымен желіккен Балтабек қасақана ағасы жылқышы Қонайды зиянкестік жолға тартпақ. Бұлардың диалогі сәтті жазылған. Ырғақты, ішкі ұйқаспен айшықталған лебізді естиміз. Екі түрлі сенім, екі түрлі мінез ашылады.

Айтылмыш пьесада кеп адам қатысатын көріністер мен екі кісі, үш кісі ғана болатын көріністер ауысып кетіп отырады. Көпшілік сценаларында заман қалыбын, уақыт жағдайын аңғартатын диалогтар мол.

Аз күннің ішінде, көктемгі егіс науқанының үстінде колхозшылар бірімен-бірі жалғасқан, бірінен-бірі сорақы көп жаулыққа жолығады. Жаңа заман жаршысы, өскелең өмірдің жыл құсы іспетті алғашқы тракторға елдің ықыласы, ынтызары аууы заңды құбылыс болатын. Осы жағдайды сезген дүшпандар тракторды әдейі бұзып қояды. Драматург кішкентай детальды әлеуметтік көзқарастарды, психологиядағы жаңалық пен ескілік күресін ашуға жақсы пайдаланған.

Залым адамдар өзі істеген сұмдықты басқаға жауып, көпе-көрнеу ұпай алып жүре береді. Мінез алшақтығы ғана емес, саяси сенімдер қайшылығынан туған айқас әрқашан да бітіспес айқас.

Аудандық атқару комитетінің төрағасы Сейіт колхоз құрьшысына қарсылық, қастандық қимылдарын мысық табан зымияндықпен жасайды. Адал, таза адам МТС директоры Ниязға трактордың бүлінуіне жазалысың деп ед еш жармасады. Кекірт, қисық, дөрекі сөйлейді.



Әділ, шыншыл, принципшіл қасиетін Мұрат бұл жсрде де көрсетеді. Өзімен үзеңгілес басшы, аудан жағдайын бұрыннан жақсы білетін ескі қызметкер, ауыл-аймаққа танымал адам ғой деп, есеп ойлап, қулық сақтап, үңдемей қалуына болар еді. Онда сеніміне, арына опасыздық еткені емес пе? Қара бастың амандығын қарастырып, жазықсыз азаматты теперішке беріп қоя ма? Жоқ, олай ете алмас Мұрат.

Сейіт - Мұрат арасындағы қақтығыс ұлғайып, өсіп, пьесадағы негізгі тартыс арнасының біріне айналады. Алғашқыда өзін сыпайы ұстаған Мұрат келе-келе Сейіт тым алшандап, тым шалқайып, мәмлеге бұрылмаған соң, берік позицияға көшеді. Жасырын дұшпандар қастық үстіне қастық, жаулық үстіне жаулық шығарады. Әуелі трактор бүлінеді, одан кейін Жарқынның баласын өлтіріп кетеді. Колхозшылардың осы жаманшылыққа қарсылығы қызылкөз пәлені іздеуі - таптық сана сезімінің өсуі, адам психологиясындағы сапалы өзгерістер сипатында көрінеді.



Мезгіл, уақыт қандай шығармаға да ықпал етпек. Бұл құбылысты туындының лексикасынан, айшық өрнегінен, стильдік бояуынан, идеялық мұратынан, пафосынан, авторлық концепциядан бір сөзбен, кез келген жерден тауып алу қиынға соқпайды.

Науқандық сарындардың, өткінші ағымдардың, пікірлердің, ойлардың әсері шығармада дендеп кетсе, көркемдік солғындай бастайтынын "Шекарада" пьесасынан да көруге болады. Бір колхозды іштей кеулеп, жегі құрттай жайлап алған дұшпандар тіпті көп. Сейіт, Ысмайыл, Степан, Жарқын, Балтабек, Біреу, Байназар, Торқа. Қызметтері де осал емес, бірі аудандық атқару комитетінің председателі, бірі МТС дирекгорының орынбасары, бірі кешегі колхоз бастығы.

Пьеса жазылған тұстағы кейбір саяси сарындар "Шекараның" көркемдік бітіміне салқынын тигізгені аңғарылады.



Алғашқы суреттерде қынаптан қылыш суырғандай өткір өлендерімен көзге түсетін төкпе ақын Сәттің кейін сахнадан шығып қалуы бекер болған.

Драматург жақсы тапқан, авторлық мұратымен орайлас, ақындық даналық өкілі іспеттес кейіпкерінен көз жазып қалган. Зипамен арасындағы қарым-қарынастың табиғалығы жетіспейді. Ол, тілді ақын бұлай сүймесе керек еді.

Зиянкестік көбейген сайын жаңа бір қырынан танылатьш қаіһарман - Мұрат. Шошьш, дегбірі қашып, берекесі кетуден аулақ. Қайраты мол, төзім берік. Қасарысқан қас дұшпанға қарсы жұмсар қару іздейді. Сенері де, семсер сілтері де қалың колхозшы. Дуалы ауыз Сәрсек, ақылды әйел Ажар, жылқышы ата Қонайға арқа сүйейді. Жауды жеңіп шығу үшін алдымен осылардың ойын білмек керек. Омар, Ганшин, Нияздар жағымды қаһармандар санатында жүргенмен, көптің ішінен дараланып, ерекшеленіп көрінбейді. Бұлардың сөздері ұқсас, мінездік сипаттары қалыптас. Ал Мұрат бейнесін мүсіндеуге драматург ерекше мән берген. Жағдайға, тартыс ыңғайына орайлас Мұрат әрекеттері өзгеріп отырады. Бұл өзі кісі жанын сезгіш, психологияны аңғарғыш адам. Қолымда билік бар деп өктемей, жылы, жақын келіп сөйлеседі. Жылқышы Қонаймен арадағы диалог:

- Ендеше сені оп-оңай су түбіне батыра салады деме, сен қурай емессің. Қолдан Қонай жасап ала аламыз ба, оп-оңай ма? Жасаған ағатың болса өзің түзеп көр, тағы сынайық деп айта алмайды деймісің?

- Айналайын, айналайын-ай, тіпті жаным жаңа сая табайын
деді-ау мына сөзіңнен. Ендеше мен қайтейін, не істейін, өзің айтып
берші, сонымды да өзің айтшы!

- Олай болса, мынау іс қастық ісі болар.

- Япыр-ай... Ә? Не дейсің, айналайын-ау?

Қастық болса және бірден Совет малын торыса, екіншіден
сені де, дәл осы тұрған Қонайды да қадаған қастық болмасын.

- Япыр-ай... Не дейсің, қалқам-ау, е-е...

- Өзге жылқышының тобына килікпей сенің жылқыңа неғып
ілігіп отыр? Осы бір жағы сені де түйреген оқ емес пе екен? Ал,
міне, ойлан, ізден, бұл істің тамырын қазып, аршып ақтаруға бір
жағынан өзіңді қосайық. Дәл сен білген жерге, сені тартайын деп
жүрген жылым жоқ па екен? Осыны алдымен өзің іздесіп барлық
былық болса өзің тауып көрсең қайтеді?


- Болды, Мұрат. Нар тәуекел! Жібер, мені де жіберіп көрші,
айналайын... (М. Әуезов. Тандамалы шығармалар, 5-том. А., 1956,
345-бет.).

Қастық-өштік бұлты әбден қоюланған кез. Егін үсіп жатыр, малдың ішіне індет кірген. Ауданның бірінші басшысын тұралатып, титықтатып тастайтын-ақ қиындық. Аяздай қарыған ауыртпалық, аш бүйірден қадалғандай қастандық үстінде Мұрат сабырлы, сарабдал мінезден ауытқымаған. Бұйрық беру, билік айту жоба нұсқау емес, қалың көпшілікгің өз кеңесіне, өз талқысына ден қояды. Әркімнің көзін жеткізу, жүрегін сендіру, көңілін бекіту - мақсат осы. Зеку, тұкырту, бопсалау жоқ, ойландыру, жігерлендіру, қанаттандыру бар. Секретарьдың сөз әдібі қызық: пікір, байламын тұжырым, кесім ретінде өткізбейді. Сұрақ қояды, өз қабырғаңмен кеңесуге мәслихат етеді. Терезесі тең адамша сөйлеседі. Қонай ырза, ұғып түсініп алды. Қай қамалға салсаң да, кай дұшпанды нұүсқасаң да тайынар түрі жоқ енді.

Реалистік драманың үлкен талабы - кейіпкерлер тілінің табиғи арнадан, өмірдегі қалыптан шығуы. Бұл орайдағы Әуезов ізденістері халық әдебиетіндегі асыл маржандарды үнемі творчестволықпен, жаңғырта, өзгерте, құлпырта пайдаланудың үлгісі. Қаралған сценадан да бұл жайтты аңғаруға болады. Кейіпкерлер шешен, өткір сөйлейді. Олардың лебізінде ырғақ, ұйқас мол. Драматург кейде мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді өзгеріссіз алады: "Қонақ бір күн қонса - ырыс, үш күн қонса - жұт", "Отқа жақынның қолы күйеді, көсеу кімдікі болса, қол соныкі". "Шекарада" пьесасындағы екінші ерекшелік автор өзіне ғана тән, соны, жай айшықтарға ден қояды. Формалық жағынан олар мақал-мәтел, афоризмдер поэтикасымен емшектес. Ырғаққа, ұйқасқа, ықшамдылыққа мән беріледі. "Қайғыда - серігің, қайратта - сыңарың", "терең тамыр, үлкен түбір", "ұқтың, ұқтың да ішіңе тықтың", "білдір демеп пе ек, бүлдір деп пе ек?", "ел ашуы - сел ашуы", "егісте - екпінді, егістер - серпінді, елдікте - саналы", "өзім деген кісіге өзегімді беруші ем", "сен түлкінің қалай қашатынын білемісің? Басқан ізін, құйрығын бұлаңдата көміп кетіп отырады", - осы алуандас өрнектер Әуезов олжаларының қатарына жатса керек.

"Шекарада" пьесасының жетінші, сегізінші суреттері түгелдей дұшпан қастандығынан туған шырғалаң әрекеттерден тұрады.

Түн ішінде Жомарт алаяқ әдейі Хадиша мен Зипаны адастырып, бастарын әлекке салады. Бұл сценадағы диалогтар қысталаң кездің, тар уақыттың, қарбалас шақтың психологиясын дел беретіндей қысқа қайырылған. Әсіресе, Жомарт сөздерінен пәленің, сұмдықтың ызғары сезілгендей. Драматург осы көріністе Хадишаның өткен өмірін еске түсіретін оқиғаларды шаған, ықшам береді, эпика элементі драмада сәтті қолданылған. Басына қатер төнгенде, елжіреген әйел жүрегі жақсы-жаманды, қуаныш-қайғыны қайта тірілтеді. Сөйтіп, өмірдің беліне көтеріліп қалған Хадишамен әлі апақ-сапақта адасып жүрген Зипа табысып кетеді. Бұларды ұқсас мұң, ұқсас азап, арман, ұқсас мақсат қосады.

Келесі көріністе сахнаға Біреу шығады. Драматург ең соңғы суретке дейін осы персонаждың атын атап, түсін түстеп бермейді, Біреу дейді. Бұл қазақ ертегісіндегі жаналғаш, жалмауыз секілді. Аяқ астынан ойламаған жерден зып етіп жетіп келеді. Сөзі қашан да асығыс. Үні қашан да өктем. Ақылдасу, сарапқа салу емес, өмсе бүйрық, тапсырма. Түптеп келгевде, "Жігер" колхозын шырмап, біресе ана төбеден, біресе мьгаа төбеден өрт қойып жургендердің басшысы - Біреу.

Тағы да қан төгіліп, тағы да адам жылап жатыр. Бул жолғы құрбаңдық МТС директоры - Нияздьщ шаңырағы. Осы кейіпкердің, үйғыр азаматының бейнесін драматург биік деңгейге көтеріп бере алмағанын өкініш тұтсақ та, оны шығармаға енгізудің өзі қызық факті. Өйткені Нияз кезінде шекарадан өтіп, арнаулы әскери тапсырмамен барып, қанқұйлы жендетті, патшаның қызыл көз атаманы - Дутовты жайратып қайтқан ержүрек чекист Қожамияровтың прототипі, Әуезов пьесасы жазылған соң, отыз бес жылдан кейін режиссер Шәкен Айманов сол өмірлік материалдың негізінде "Атаманның ақыры" атты мәнді фильм түсірді.

Пьесаның үшінші актісі жасырын жау, тығылған дұшпандардың бірінен кейін, бірінің әшкереленуін көрсетеді. Оныншы сурет психологиялық жағынан қызық, мұнда кернеу, әрекет бар.



Адам күні үшін, бостандық үшін, теңдік үшін тар есік, тас босағада талай айла-шарғы жасамақ. Әсіресе, әйел жолы жіңішке. Өмірдің өксітіп, қаусаған шалдың табанында шірігеннен гөрі, көңіл сүймесе де жігіт қой, азамат қой деп Жомарттың етегінен ұстаған Зипа. Күңгірт келешек, тұранды болашаққа ой жүгіртпеген, қайда бастаса, еріп жүре берген. Сөйтсе, ол алдаған екен ғой, дұшпанына ұстар қалқан, отқа салар көсеу етпек екен ғой? Аз уақыттың ішінде көп дүниеге көзі ашылған Зипа мінезіндегі өзгерістер сенімді. Социализм дұшпаны Жомартгың екі жүзділігіне, азғындығына, сатқындығына Зипаның таза жүрегі қарсы тұрады. Бұл баяғы пұшайман, үйкүшік, қорғансыз сорлы қыз емес енді. Сөзі кесек қазір: "Талаң сенсің, кек талақ. Сорыма жабысқан, қу талақ!" Еркекке қазақтың қандай көк бет, көк долы әйелі бұрын мұндай сөзді айта алушы ма еді?

Осы алуандас сапалы өзгерісті Қонай мінезінен де табамыз. Әуелде інісі Балтабектің азғырынды сөзіне қарсылық ете алмай бүгжеңдеп, әуре-сарсаңға түскен кісі енді қатайып, ширығып алған. Әлеуметтік күрестің мәнісін ұғынған адамның қалыбын танытады, бірге туған бауырынан іргені аулақ салады.

Кезінде "Шекарада" сахнаға шыққанда пікір айтушылар Нияз, Асан, Жарқын бейнелерінің солғын екендігін дұрыс көрсеткен болатын. Ең соңғы суретке де дау айтылған.

Расында, пьеса ақырындағы тергеу сценасында драматизм, әрекет, тартыстың орнын сұрақ-жауап басып кеткен. Көмбесі ашылған, әшкере болған жылан жүрісті дұшпанның мойнына бұғалық салған кездегі амал-айласы, көңіл күйі, психологиясы қысқа, келте жауаптың аясыңда ғана қалмаса керек еді. Жомарт болып жүрген заманында патша армиясының капитаны Тоқсарин. Біреу-болып жүрген полковник Бектемісов екендігінің ашылуы селт еткізерлік факті.

Шығарма Әуезовтің көптеген пьесаларына ортақ жайтпен, авторлық идеалға, драматург мұратына орайлас ыңғайдағы Серсен қарттың сөзімен тамамдалған.



Бір тақырыпқа, бір өмірлік материалға негіздеп әр жанрда шығарма жазу тәжірибесі Мұхтар Әуезов творчествосында жиі кездеседі. Бұл орайға туындының күні ілгері жасалған жоспарларын, эскиздерін, нобайларын, варианттарын қоссақ, ұлы суреткердің шеберлік дүкеніне қатысты жүйелі байлам жасап, түйінді ой қорытуға болады. Мазасыз өткен, ұйқысыз кешірген, тоқсан тоғыз толғақты уақыттар өз алдына, ала қағазға шұқшиып отырып, қалың қайрат, мол қажырды жұмсаған ізденістің белгілері, өнер азабының табы талай жерден төбе көрсетеді.

Зады Әуезов сәт сағатын тосып, сыланып-сипанып, шабытты көктен тілеген бап тандағыш, бой күйттегіш қаламгер емес. Ол үнемі аянбай күш жұмсағанды, бармақтай асыл шыққан жерді белден қазып, тау қопарғанды зият тұтқан еңбек торы. Ұлттық әдебиеттің алтын жамбысы, классикасы "Еңлік - Кебек", "Қарагөз", "Түнгі сарын", "Абай", "Айман - Шолпан", "Қара Қыпшақ Қобыланды" сынды пьесалардың сан алуан нұсқаларына төгілген тер, кеткен күшті былай қойғанда, сахнаға шықпаған, автордың көзі тірісінде баспа жүзін көрмеген туындылармен танысқанның өзінде қайран қаласың. Түзете берудің, жендей білудің, шыңдай түсудің үлгісін көріп қайран қаласың.

Жазушы көз жұмғаннан кейін жарияланған көп томдық шығармалар жинағында "Асыл нәсілдер" атты екі нәрсе басылды: бірі - әңгіме, бірі - пьеса. Әуезовтің әдеби мемориалдық музейінің архивінде бұл екі шығарманың әр түрлі нұсқалары сақтаулы. Оларды салыстырып зерттеу көп қызық ойларға мұрындық болары сөзсіз, ал айтылмьпп туындыларда қандай ұқсастық, айырма, өзгешелік бар?

Бұлардың өзегіне алынған материал, арқау болған дүние ортақ. Соғыс жылдарындағы шопандар, ғалымдар өмірі. Оқиға Алматы шаһарында, Қарғалы бойында, құм арасында өтеді. Әсия, Есіркеп, Молтай, Қанипа. Балжан - екі шығармада да бар кейіпкерлер. Әңгімедегі профессор Бобров - пьесадағы профессор Балашов. Пьесадағы жаңа персонаждар министр Иса Дәуренбаев, ғылым орталығының басшысы Сәлім Есенов. Институт директоры Бек Назарбеков, ғылым кандидаты Сапар Бектенов, аспирант Сара Сейітова, мал маманы Першин. Пьесаға қарағанда, әңгіменің сюжет желісі қысқа қайырылған. Мұнда ғалымдардың асыл төл, жаңа нәсіл жөніндегі талас-тартысы, күресі, психологиясы көрсетілмейді. Соғыс зардабына ұшыраған шопан семьясындағы хал-күй алынған. Әсия мен Молтайдың той үстіндегі шарпысуы. Айтыс пьесада үлкен бір суретпен берілсе, әңгімеде ол шағын еске түсіру көрінісі ғана.

Әңгімедегі кейбір диалогтердің пьесаға ауысқанда редакцияланып, өткірленіп, тереңдетілгені айқын аңғарылады.
Ә ң г і м е д е:

- Жақсы ит өлексесін көрсетпей өледі. Тегі сол ит құрлы болмаспын ба? Кетем, сол. Әсияны қостасаң, қал осында қасында. Мен сендерге жоқпын, - деп шал өзінің өзгерместей бойлауын қайтып түйіп айтты.

Әсия көрпесін ашып жастықтан басын жұлып алды. Өмірінде бірінші рет атасына тік қарады. Жасқа толған қой көздерін Есіркепке қарап сөйледі:

- Жәке, Жәкетай, күнім ағатай! Сөзімді тыңдағын, Жәке, Сізді күйдірген мен ғой. Мен тұрғанда, сіз неге кетесіз? Көрі басыңмен


қаңғисың? Сіз кетпеңіз, мен кетейін, қайда кетсем де көзіңізден
жоғалайын. Қазір-ақ мен кетейін, - деп атып тұрып киіне баста
ды. (М. Әуезов. ПІығармалар. 2 том. А., 1967, 198-бет.)
П ь е с а д а:

Есіркеп. Ә-ә, солай ма? Ендеше бірігіп ап аластағаның мен екем. Мен кетейін, "жақсы ит өлігін көрсетпейді" деп пе еді? Ит құрлы жоқпын ба? Жоқ болайын бұл қорлықты көріп тірі жүргенше.

Әсия. Жеке, Жекетай, сіз неге кетесіз? Сіз жан баласына жазықты емессіз. Кетуші табылады. Көзіңізге күйік болмай кетейін, мен кетейін. (10-том. 182-бет).

Драма табиғатына, сахна талабына лайықтап Есіркеп, Әсия сөздері ықшамдала түскен. Екеуінен де күйзеліс, ширығу, қиналу байқалады. Әңгімеде баяндаумен берілген кейбір жайт пьесада диалогқа айналған.
Ә ң г і м е д е:

... Балжан түн суығын, дауыл екпінін сезіне сала, Әсияны аяп: "Айналайын-ай, жаурап бітті-ау", - деп қынжыла бастады. Есіркеп "несіне мүсіркеді" дегендей, ұнатпай қырыстана түскен еді. Соны сезген Балжан: "Аяғы да ауырлап барады", - деді. Бұған Есіркеп тіпті шыдай алмай: "Кімнің баласы екені белгісіз ұрықты айтқаны несі?" - деді.

- Белгісіз емес, ол баланың әкесі бар. Ол - Молтай. Әсия соған
тиген екен. Тек мезгілінде айта алмапты. Сен өзің қыңырая бермей
қ
ұлақ салсаңшы бір.

Молтай - баланың әкесі, - деп тағы айтты.

- Молтай! деп Есіркеп үндемей қалды. (2 том, 217-218-беттер). Пьесада:



Балжан, Айналайын-ай. Түн болса, тыным жоқ. Аяғы болса ауырлап жүргені анау.

Есіркеп. Ей, сенде бір қойшы әрі. Аяғы ауырлағанда несі бар.



Балжан. Е, немене? Сенің өзіңе не болып кеткен осы? Баласын қайтып ойламайсың?

Есіркеп. Иесі жоқ, әкесі жоқ баласын сен ойлауың қап па?

Балжан. Әкесі жоқ деп кім айтты?



Есіркеп. Е, не деп отыр, білуші ме ең әкесін?

Балжан. Білем.

Есіркеп. Не дейді?!

Балжан. Әкесі Молтай!

Есіркеп. Не дейді мынау... Молтай (10 том, 189-бет).



Тұтастай қарағанда, әңгімедегі мотивтер, сарындар, идеялар пьесада ұлғайып, дамып, тереңдеп көрінген.

Драматург соғыс жылдарындағы ғылым мен тәжірибенің қабысып, егіз қатар өрлеп-өсуін бейнелеген, ғалымдар бір төбе емес, екеуі туған ағайындай жақын бауырластықта, еңбек майданында білекке білек, тілекке тілек қосқан жағдайда алынған.

Пьеса шымылдығы ашылғанда министр кабинетіндегі зиялы адамдардың салиқалы жиынынан шығамыз. Профессор, институт директоры, ғылым орталығының басшысы, ғылым кандидаты, аспирант - баршасы шопан қамын, мал шаруашылығының көкейкесті, жанғабатты проблемаларын қозғап жатыр. Қысқа, келте, шолақ қайырылатын ауызекі лебіз емес, дәлел, дерек, түйіндеу, бақас атаулы қатар, аралас жүретін ғылыми айтыс. Оқымыстыларға етене оралымдар, байламдар, түйдек тіркестер кездеседі. Ұзақ жылдар соңына түсіп, ізденіп, тексеріп, зерттеп жүріп тапқан олжа кепшілік тарапынан бірден құпталып, бәйге алып, ғалымның қуаныш мәртебеге жетуі ежелден оңай шаруа емес. Қатардағы ортан қолды жеңістерді былай қойғанда, ұлы жаңалық ашқан азаматтың өзін замандастары мезгілінде бағаламай әуре-сарсаңға түсірген кездері толып жатыр. Рас, бұрыннан қалыптасқан концепциялардан, орныққан теориялардан оп-оңай бас тартып, жаңа идеяларды тез түсініп, дереу қабылдай қою ілуде-біреудің ғана қолынан келмек. Ғылымда бұрынғы мектептер мен соны бағыттардың арасында үнемі күрес, талас, айтыс үзілмеуі - заңды құбылыс. Онсыз даму да болмақ емес.



Қазақстан жағдайына сәйкес келетін қойдың асыл тұқымын шығару жөніндегі жиналыстан әр түрлі жайттың ұшығы аңғарылады. Профессор Балашов, оның аспиранты Сара Сейітова бір пікірді берік ұстаса, екінші топ ғылым кандидаты Сапарбек Бектенов жағында секілді. Ғылыми айтыс үстінде мінездер қайшылығы тебе көрсете бастады. Қысқа ғана тіл қатқан шопандар Есіркеп, Бекбол, Әсия, Молтай сөздерінде айшықты өрнек, шайырлы бояу бар, жарасты қалжың бар, жайма-шуақ күлкі бар.

Бұлардың ақ жарқын мінезі, дарқан көңілі жайлауда жақсы ашылады. Араларына келген профессор Балашов пен аспирант Сара қонақ секілді емес, әбден сіңіп, өздеріндей болып кеткен жандар.

Жалған сыпайыгершілік, көлгірлік жоқ, ашық сырласу, сеніп сыйласу. Аз қуаныштың шырқын қара қағаз бұзады. Есіркеп шопанның майдандағы жалғыз ұлы - Сайлыбек өліпті. Әйелі Әсияға білдіреді. Өзгеге айтпайды, уақыт солай болған. Сұрапыл қаһарлы кез кісі өлімін жасыруға мәжбүр еткен. Қайғы көріп, запыран шеккен сорлылар келешекке үмітті көзбен қарап, жылаулы күйде ертеңге сеніп жүре берген.

Ауыртпалық, қиыншылыққа қарамастан, соғыс кезіндегі алыс қырдағы адамдар анда-санда кішкентай нәрсенің өзін қуаныш еткен. Мұңды жүздер жылып, жасты көздер сәуле шашқан. Еңкейген кәрісі - таяқ ұстап қалған сорлы өкесі бар, зарлап қалған жесірі, еңбектеп қалған жетімі бар, алқа-қотан отырысып, сыңсып ән айтқан.



Қабағы қату мезгілдің бұл шындығы айтылмыш пьесадан да көрінеді. Бейбіт күндегі кемерінен асып төгілетін, көбік шашқан күлкі қайда? Жарықшақ, сынық күлкі. От шашқан, жалаң қылыш жүзіндей жарқ-жүрқ еткен айтыс қайда? Қоңыр төбел қақтығыс қана.

Халықтың айтыс дәстүрін драматургияга енгізуде, Мұхтар Әуезов көп ізденді, батыл тәжірибе жасады. Театр заңдылықтарына сәйкес азды-көпті өзгертілген, лайықталған қалыпта айтыс сценалары "Еңлік-Кебек", "Айман - Шолпан", "Қарагөз", "Абай" пьесаларының бәрінде де бар. "Асыл нәсілдер" пьесасының екінші актісіндгі айтыс суырыпсал, ақпа, төкпе ақындардың тайталасынан көркемдік жағынан, сөз сұлулығы жөнінен кем түспесе, мағына, салмақ-астарға келгенде осал соғып тұрған жоқ. Шопандар арасындағы жарыс төл басын аман сақтау, малды өсіру қиындығын ғалым Бектің өзі ұйқастыра термелеп сөйлеп кетеді. Бірте-бірте додаға Молтай шопан мен
Әсия шопан білек сыбанып түседі. Молтай:

Жасырман он жас қозы бір күнде өлген.

Дауыл мен бұршақ соққан сүргінде өлген.

Мал түгіл, ажал келсе адам да өлер,

Талай да талай асыл күлгін де өлген, -

дегенінде Әсия талмау жерден мықтап ұстап алады.

Шыныңды айт шарай топқа, Молтай ерім.

Қозысын тастай қашқан асыл шерім,

Жеңіліп жөн сұрайсың бүгін бізден.

Мен айтсам, жеңілгенің қашкан жерің.

(10 том, 168-бет.)

Уәдеге берік, ісіне адал, сөзге жүйрік, ақылды Есіркеп қанша дегенмен ескіліктің адамы. Ол құдалық жолымен қыз беріп, келін алған, қалың беріп, қайын барған заманнан шыққан кісі.

Тегінде қазақ арсында ер-азаматтың түтінін өшірмеу, шаңырақты құлатпау - қастерленген дәсгүрдің бірі. Жастайынан күйеуінен айрылған жесірлер өмірбақи келін боп түскен жерлерінде отырып қалған кездері көп. Түптің түбінде, олар ауыл-аймақтың ең сыйлы, ең қадірменді, аузы уәлі анасына айналып, еркек орнына жүретін болады. Бесікте қалған жетімдердің өзін қолынан жетектеп жүріп өсіріп, мұратына жетеді. Әрине, әмеңгершілік қырсығына шалынған, бағы күйіп, бақыты сөнгендер де аз емес-ті. Қазақ әйелінің жарға адалдығы, туған-туысқанына қайырымдылығы, балаға махаббаты - ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келген аманаттай асыл сыйы, өшпестей тамаша тағлымы.

Күйеуінің өлгенін біле тұра, оның артында тұяқ қалмаса да, жас өмірін солдырып, аруақ рухымен ғұмыр кешу трагедия екені хақ. Әсия осы ескі рөсімді бұзған адам. Ата-енесіне білдірмей, олардың рұқсатын алмай, Молтаймен қосылған.

Драматург психология жағынан шытырман ситуациядағы кейіпкерлердің көңіл күйін, сезім тербелістерін бейнелеген. Есіркептің ашу-ызасы, Әсияға кет деуі - нанымды әрекет. Қазақтың екі шалының бірі көрсететін қылық. Бұдан кейінгі тартыс қызық өрбиді. Сырлас, мұндас қайын сіңлісі Қанипа әкесіне тоқтау айтьш, Әсияны бауырына тартады. Тентектікпен тұлданып, ызадан, намыстан өртенген әкесін уәж тауып, дәлел келтіріп тоқтатады. Екі оттың ортасында қалғандай азап шегіп, көздің жасын келдетіп жүрген тағы бір жан бар, ол - Есіркептің бәйбішесі Балжан. Сұмдықтай көрінген Әсия ісі бойын түршіктіргенмен, ана жүрегі сорлы әйелді тентіретіп жіберуге қимайды. Қайта жаны ашып, жылы-жұмсақты соның аузына тосады.

Екі кәрі тірідей шөгіп, қайғыдан езіліп кетпесін деп ойлаған жақын-жуық Сайлыбектің өлімін естіртпей біраз уақытқа жасырып қойған. Ұлының шаһит кеткенін сезбейтін сорлы әке Әсияға кекпен зілденгенде, есіл азаматтың көзіне тірідей шөп салды, ел-жұрттың алдында, алты алашқа масқаралады, қор етті деп кіжінеді ғой. Әйтпесе, қай келіннің аяған қай ата кісендеп қойып отыр?

Ауыр күй, батпан салмақ, күйзеліс хал, бір шаңырақтың астындағы, бір қазанның басындағы төртеуін екі ұдай етіп жіберді. Есіркеп - жалғыз, ана үшеуі өзара күңкілдесіп сөйлеседі. Бұрын әкедей қамқор адамы, алақанына салып әлпештейтін аяулы атасы енді Әсияның қас-дұшпанына, жауына айналғандай. Қан майдандағы ұлы үшін ақ қар, көк мұзда, құм кешіп, мал жайған жер ортасынан асқан шалды неге азапқа түсірдім деп күрсінгенде Әсияның жүрегі тілім-тілім боп кетеді.

Бітеу жарадай сыздап, барлығын қипап тұрған халге профессор Балашов басу айтады. Қыңыр шалдың жуыр маңда жібитін, иілетін түрі жоқ. Не Әсия кетсін, не мен кетейін деп шиыршық атады.

Құм ішіңдегі ерлікке пара-пар еңбектің ауыртпалығына бірте-бірте Есіркеп пен Әсия көндігіп, әрқайсысы өз жұмысын істеп жатыр. Ата алдында күнәлымын деп есептейтін Әсия, аяғының ауырлығына қарамастан, жаңа қайратпен, намыс күйдірген жігермен қимылдайды.

Қой соңында, жырақта жүрген төрт шопанның күйі басқаларды да ойландырады. Дәміл-дәміл келіп, ыстық-суықты бірге көріп жүрген Балашов бір төбе, Исаның хаты Есіркептің жадау көңілін жадыратып, сергітіп тастайды. Жылдарға созылған, ұрпағына кеткен, кекті дауьш жалғыз ауыз сөзбен шешіп берген, жеңілгенін ұққанда басын кесіп алса мыңқ етпес елдің шалы Есіркеп, әсіресе, Исаның қызық мысалына деп қойған: "Бүркіт жұмыртқасын жалтыр тастың басына сақылдаған сары аязда, қаңтарда салады екен. Салады да өз бауырына баспай қасына бағып отырады. Тек күп жылынып, көктем болғасын басады дейді. Жұмыртқасын балдыр күнінен ыстық-суыққа шынықсын деп сүйтеді. Қара өзегін қақ жарып шыққан өз баласын жақсы көргендіктен өмірдің ауыр-жеңіліне шыдатып солай, қиында, қинауда өсіреді екен". Мақтануды да жек көрмейтін қарт өзімді айтып отыр деп түсінген.

Ел-жұрт сеніп тапсырған асыл төлді аман-есен қыстан алып шығу жайы құм жағдайында қиындай түскен. Түнгі күзетте Әсия тұрғанда қотанға қасқыр шабады. Рас, жүкті келіншектің тайыншадай арланды шоқпармен соғып алуы - сенімсіздеу нәрсе. Есіркептің көңілін селт еткізген бір жайт - іштегі баланың әкесі Молтай екендігін есту. Ортанқолдай азаматтың майдандағы жолдасының отауына қалай дәті барып енгені әзірге қарт шопан үшін жұмбақ сыр. Әсияның перзенті Жолдыбай, Олжабай еместігі жақсы екен.

Драматург шопан тірлігінің қиын-қыстау, ауыр, қысталаң күйлерін дәл бейнелеген. Соғыс жылдарында талай шаңырақтың үстінен басқан трагедияның бір көрінісін "Асыл нәсілдер" пьесасынан аңғарамыз. Жеке бастың мұң шері, қуаныш қайғысы қоғамдық мүлде, әлеуметтік мақсат жолында жаңа сапаға, соны сипатқа көшеді. Ескі дәстүр жеңіліп, гуманистік, адамгершілік салтқа жол береді. Қырсық шал, қисық бұтақ Есіркепті жас сәби, күнәсіз бөбек жеңеді. Көктеммен қоса жаңғырған құмды дала, соңына төл ерткен асыл нәсіл, немере сүйген ата - пьесаның заңды, жарасты финалы.



Шығарманың олпы-солпы, илеуі қанбаған, әбден шындалмаған тұстарын айтқанда, ең алдымен, драмалық тілге тоқталу керек.

Үшінші акт, бесінші сурет.

Ә с и я. Амал қанша, Молтай кетпесе білдірер едік. Ол болса әскерге кететін болды. Бірге тұрмайтын болды, әзірше. Ерте күйіндіріп қайтеміз демедік пе кәрілерді. Салғаннан айтпадық қой бұл кісілерге. Бір қыс та болса, мына қысқа, әсіресе, білмей-ақ сыр қып сақтайық демедік пе. Өзің айтқан ақылың да сол емес пе еді?

Қ а н и п а. Айтып ем, рас... Бірақ, сол енді қапы боп тұр ғой.

Ә с и я. Менің бүгінгі мына жайым болмаса, ол қапы болмас еді ғой. Бірақ мынадай болады деп кім ойлады. (178-бет.)

Әрине, күйзеліс үстінде, сезім алабұртқан шақта адамның тілді безеп, қырмызыдай сызылып тұруға мүмкіндігі жоқ, ішкі толқын ырқына бағынбақ. Дегенмен драматург "бол" сөзін 8 рет қайталағаннан еш нәрсе ұтпағаны хақ.

Пьесада Есіркеп шаңырағындағы тартыстың кернеуі күшті, ал ғалымдар арасында мінез-характер айқындайтын арналы қақтығыс шамалы. Қойдың жаңа тұқымын шығаруға байланысты жайттар ғылыми полемика ретінде ғана берілген. М. Әуезовтің көзі тірісінде "Асыл нәсілдер" пьесасының сахнаға шықпауы, автордың шығарма олқылықтарын өзі де жақсы сезінгенінен болса керек. Қалай дегенде де, "Асыл нәсілдер" қазақ драматургиясының Отан соғысы кезіндегі алыс қырды, колхозды ауылды, шопандардың ерлік күресін, ғалымдар еңбегін бейнелейтін нәрлі туындысы.

Қазақ халқының социалистік санасының қалыптасуына арналған Мұхтар Әуезовтің қызықты шығармаларының қатарында екі туындының мәні ерекше, олардың бірі - "Әйел жолы", кино әңгіме, бірі - "Алуа", пьеса, Алғашқысы -1952, соңғысы 1953 жылы жазылған. Екеуін текстік жағынан салыстырып, тексеріп қарағанда, арқау болған өмірлік материалдың, негізгі қаһармандардың ортақ екенін көреміз. Қос шығарманың көптеген жерлері сөзбе-сөз дәл келеді, жолма-жол қайталанады.

Рас, көзге айқын шалынатын алшақ жайттар да бар. Ұлттық кинодраматургияда Әуезов - алғаш жол салғандардың бірі. Оның сценарийі бойынша қойылған "Райхан", "Абай әндері" фильмдері - жаңа өнердің қарлығаштары, әрине, бұлар проза, драматургия саласындағы кесек дүниелермен иықтас киношедеврлер емес.

Анда-санда, оқта-текте бір соққанымен, Әуезовтің кинодрама-тургиядағы ізденістері әр түрлі ойға мегзейді. "Әйел жолы" сценариімен жете танысқанда, автордың кино таланттарын ерекше ескергенін, оператор, режиссер қиялына қозғау салатын детальдарға айрықша мән бергенін аңғарамыз. Көзге елестер суреттерге, ірі планға, контрасқа ден қойған. Тізбектелген эпизодтар, көпшілік сценалары, әр түрлі қосалқы персонаждар мол. Тұтастай қарағанда, "Әйел жолы" болашақ кинофильмінің жоспары, ат үсті жасалған эскиз нобайы емес, бас-аяғы тиянақталған, көркемдік деңгейі жоғары шығарма.

Бұл туындыны шыңдау, редакциялау, қайта қарау арқылы автор жаңа бір шығарма - пьеса жазған. Басты қаһарман Алуа есімі драмаға ат болып берілген. Негізінен кинодраматургия, театр драматургаясы - емшектес жанрлар. Дегенмен экранға сыйып кететін өмір құбылыстары, тіршілік суреттері сахнаға бәз қалпында келе алмайтыны хақ.



Диалогке, монологке қойылатын талаптар ортақ болғанымен, сценарий композициясы мен пьеса композициясы арасында көп айырма бар.

Осындай жәйттерді ойлана отырып, Әуезов "Әйел жолы" кино әңгімесінің етек-жеңін ықшамдап, кино көрермендерге лайықталған картиналарды драмалық сценалармен ауыстырып, персонаждар саньн шағындап, драматизмді күшейткен. Сценариде Алуаның әкесі Сатайдың өлімі тұтас эпизод, пьесада бұл қысқа монологпен беріледі. Жаппар, Алуа арасындағы сезім күйлері сценарийде әжептәуір орын алса, пьесада Алуа басынан кезінде өкінішті хал кешкендігі аңғартылады. Майдандағы Арманның артынан Алуаның іздеп бару көрінісі пьесада қысқартылған. Түрксіб қүрылысына қатысты көпшілік сценалары пьесада жоқ.

Қазақтың ескі тұрмысында әйелдің махаббат бостандығы үшін күресуі - Әуезовтің көптеген шығармаларында көрсетілген әлеуметтік проблема. Үлкен суреткер, сан алуан психологиялық күйлерді сезім шырғаландарын таптық шайқастарды бастан кешірген неше түрлі жандардың бейнесін жасаған. "Алуа" пьесасының алғашқы суретінен жуан феодал зорлығының тағы жауыз түрін көреміз. Қанды көз қадалып тұр. Осы кезеңді тосқан, күткен. Ендеше сәт сағаты соғыпты. Жетім қозы жетіліп, көктемгі қызғалдақтай құлпыра қалыпты. Өзі үзеді. Басқаны неге жолатсын. Кімнің ортағы бар, өзі өсірген жемісті өзі жейді.

Байдың аты - Доғал. Қыздың аты - Алуа.

Қымыз ішіп, желігіп алған сойқынды содырлар - Сартай, Жалтыр, Байырлар дәл Доғалдап бөтен біреу болса, сен қоя тұр, мен кірісейін деуден тайынбақ емес. Қас надандықты айнытпай танынатын дөрекі, дөкір сөздер. Сезімді қорлайтын, жүректі паршалайтын ерсі қылық. Доғалға жағыну, көзіне мақтай. Есірік асау топтың құтырынған әрекеті қорғансыз, пұшайман қыздың күйзеліс күйін тіпті жүдете түседі.

Екінші жерде тағы бір әйел тулап отыр - Доғалдың бәйбішесі Қамар. Жас, сұлу тоқалдың босаға аттауы бұл үшін ақырзаман болмақ. Ондай қаралы күнге жеткенше, қазір шаңырағы құлап, қазаны неге қирап қалмайды? Оқыған қайнысы Мардан дәм-тұзды сыйлай ма, әлде басқа ойлағаны бар ма, кім білсін, әйтеуір Қамардың сөзін сөйлеп, ағасы Доғалдың қомағай ниет, қырсық қадамына қарсылық айтып отыр.

Жуан жердің отымен кіріп, суымен шығып, көрер танды көзімен атқызып, соры қайнап, сорпасы төгілген небір сорлылар намыс, ыза-кек атаулыдан айрылып қалған шақтар аз болмаған. Тіпті байдың күлін басқадан қызғанып, соның жыртысын жыртып, шашбауын көтеруді мақтан көрген бейшаралыққа түскен. Мұндай психология Доғал берген киімдерді Алуаға киіндіріп жатқан әйелдердің сөздерінен жақсы сезіледі. Құдай салды мен көңілім деп, тағдыр тәлкегіне бас иетін райдан аулақ Алуа. Сексек екеуі тәуекелге бел байлап, қасқыр топтың ортасынан түн жамылып қашып шыққан. Піскен жүзім енді аузыма түсті ме деп, сілекейі шұбырып отырған Доғал санын бірақ соғады. Аттан салады. Айқау-шу. Ойбай. Әбігер. Қуғын.

Қыз батылдығының мәнісін екінші суретте түсінеміз. Совет үкіметі, қызыл отау қалың надандық құшағыңдағы сахараға әйел теңдігінің туьш көтере келген. Сол үлкен толқынның лебі Ақтал бойында жатқан Жалайыр елін де шарпыған. Қаршадайынан жегім қалып, тесік өкпе болып өскен егі тірі Сексек қарыңдасын құлдықтан құтқару жолы жаңа заңға жүгіну деп түсінген. Бекінген де, тартып берген.

Адамдар арасындағы ескілік қарым-қатынастардың жойылып, социалистік сананың қалыптасуы үшін талай қат-қабат асулардан өтуге тура келді. Ұсақ-түйек, майда-шүйде кедергілер емес, басынан қар борап, дауыл соғып тұрған алапат қиындықтарды жеңу қажет еді. Сахараның феодалдық қоғамы тудырған мұсылман догматтарымен сабақтасып жатқан моральдық институттарды қирату қаулы-қарармен, шара, бұйрықпен бір күнде тынатын шаруа емес-ті.

Өрттен қашқандай өкпелерін қолына ұстап, үкідей ұшып қызыл отауға жеткен Алуа мен Сексек қолма-қол қуанышқа кенеліп, азаттыққа жете алмайды. Драматург кейіпкерлер санасындағы өзгерістерді әлеуметтік факторлармен тығыз байланыстырып көрсетеді. Ішер тамағын, киер киімін өзі дайындайтын, күнде дүкенге бармайтын, сахара адамы үшін әлдеқандай нәрсеге бола шұбатылып, кезек тосу дағдыда жоқ нәрсе. Үйге кіріп, мұндарын айтқанға дейін Алуа мен Сексек "очередь" деген сөзді түсінбей көп күлкілі жайларға ұшырайды.

Қызыл отауда өтетін сценада әрбір кейіпкер өз бойына лайық әрекет жасайды. Сот Сапар нелер кеселді түйінді шешкен тәжірибесін, ысылған мінезін көрсетіп, Алуамен арадағы сөзді бірден пісіріп алады. Былқ-сылқ, екі ұдай ойдан тыйылып, тас түйін боп, бекінуін талап етеді. Орыс қызы Нина жаны ашып, араша түсіп отыр. Күткендей-ақ, көздеріне қан толып, ашудан жарылардай болып, Доғал бастатқан жуандар жетеді.

Бұрынғы рәсімге, ескі ата-жолына жүгінсе, айтып тұрған сөздеріңде шикілік жоқ. Қызды байынан, келінді қайнынан айырма дейді. Басына жаулық алынған, қалыңмалы алынған жесірдің неге қолтығын аласың дейді. Қайраты қайтып, тұғырдан түспеген еркек дәулеті жетіп тұрғанда, көңілі кетіп тоқал алса, қай ағайыншылық дәстүріне, қай шариғат заңына шет еді дейді.

Жаңа заманның жаңа заңы басқа билік айтады. Жүрегі қаламаса, еркімен бармаса, әйелге зорлық етуге тыйым салынбақ. Бұл шекараны аттаған адам қатал жазаланбақ.

Екі жақтың осылайша кеңесіп барып, қақтығысып барьш, жүгінер кісісі, түптің-түбінде - Алуа. Кеше көзін төмен салып, иығы салбырап, ойындағысын айта алмай, бүгежектеген аяншық қыз енді тіріле бастаған. Жігер, намыс оянғандай. Ызғарымен дүйім елді тітірентетін Доғалдан қаймықпай қасқайып тұр. Некесін қиып, әйел қылып алғандай төндіре сөйлеген Доғалдың бетіне тура қарап, шарай топтың алдында "өтірік" дейді.

Әншейінде батырсып жүрген Сексектің шайлыққан жүрегі дұшпанның қатты айқайы шыққан кезде, тіпті тулап кеткен. Еркек басымен қожалақ-қожалақ болып, қазан астына тығылуы - күлкілі нәрсе. Бұл жолы меселі қайтып, жердің үстімен келіп, астымен кеткен, ызадан жарылардай күйге жеткен. Доғалдар қанды кекті келешек күндерден тосып, кері шегінген.

Мезгіл жағынан "Алуа" пьесасы көп уақытты қамтиды. Драматург Қазақстан өмірінде орын алған ерекше мәнді әлеуметтік, саяси факторлардың әйел тағдырына жасаған ықпалын, әйелдердің социализм жолындағы күресін, Отан қорғаудағы еңбегін, ғылымдағы табысын, бір сөзбен, совет заманындағы қазақ қызының бейнесін көрсетуді мақсат тұтқан.

Авторлық ниет, творчестволық нысана пьесаның композициясына ерекше ықпал жасаған. Шағын ортадағы аз уақыттың ішіндегі тартыс емес, мол мерзімді қамтитын әрекет шығарманың көркемдік бітіміне хроникалық сипат берген.

Әрбір жаңа актіде көп жыл өткеннен кейінгі Алуамен дидарласамыз. Басынан қандай күйлер кешкенін, ұтқан, ұтылған жайларын өзі ортаға салады. Қысылмай, қымтырылмай сыр бөліседі. Екінші перденің басында дәл осындай қалыптағы Алуа сөйлеп отырады.

Қарақұстан жан сауғалап, бұтаның түбіне тығылған тұрымтай емес енді ол - ес жиып, ақыл кірген, әеуметтік күреске араласуға шамасы жетіп қалған. Өз басына ешкімнің зорлық жасай алмайтыны айдан анық, көптің, жұрттың қамы қабырғасына батады. Туған жерге бұл келуі қыдыру, серуеннен бөлек шаруа жөні.

Сарыарқаның белін басып түскен шойын жол - Түрксіб айшылық алыс жерлерді қысқартып, манаураған кең далаға ырғақ-екпін, қуат бітіріп қойған жоқ, адам санасына әсер етті, жаңа заманның жаршысындай рухани, саяси ықпал жасады. Кедей-кепшік үшін паровоз ырыс-дәулет, құт-береке әкеле жатқандай көрінсе, бай-жуан үшін бақьпты күйдіріп, сорды қайнататын әзірейіл, жалмауыздай елестеді. Біреуі тайлы, таяғы қалмай жалаң аяқ, жалаңаш жүріп тау қопарды. Екінші шоқпар-сойыл жинап, мылтық атып, қылыш суырды. Бүгінде жұмсақ вагонда есінеп отырып, селсоқ көз тастайтын Үштөбе, Лепсі, Матай, Аягөз, Шар, Таңсық, Ақтоғай, Жалғызтөбе секілді сұлу аттар қойылған станцияларды салу үшін талай боздақтардың басы кеткен.

Сол қиындықтың бір көрінісі "Алуа" пьесасында бейнеленген. Ашық майдан, үлкен күресте жеңілген Доғал, Байыр, Сартай, Жәкеш секілділер енді жасырын, жымысқы амалдарға көшкен. Елдің бойын темір жолдан аулақ салу мақсатымен әдейі, қасақана, қастандық, зиянкестікпен құдықтарды былғап, тұман бұлақ көздерін арамдаған. Алуа мұны кімдердің істеп жүргенін біліп қана қоймай, тыйым салудың жөнін де өзі тауьш отыр. Қалың қауым мол еңбекшіге тіл қатып көмек сұрайды.

Ауылдағы тап тартысы күшейе келіп, ақыры ірі байлардың мал-мүлкін, дүние байлығын кәмпескелеп, өздерін жер аударуға тірелген. Сол бұғалық енді Ақтал бойының көкжалы Доғалдың мойнына түскен. Ел-жұртты, ауыл-аймақты таң қалдырған бір адамның сөзі. Туған інісі Мардан ағасы Доғалды кетсін дейді. Оқыған, көзі ашық жігіт іргесін бөлек салып, еңбекшілермен бауырласып кеткен сыңай білдіреді. Ішкі сырына бойламаған көпшілік Мардан сөзін шындыққа балап, малданып қалған.

Қарсыласқан топтың өз ішінен жақтас тауьш, соны бауырластарына шүйлеп салу жырынды қулардың ежелгі тәсілінің бірі. Ұсақ интрига айла-шарғының үстіне қосылғанда көп олжа әперетін әдіс. Өздерінің адамы емес, әдейі кедейден шыққан Назарбекті жіберіп, Доғалды арашалап тұрған жуандар осы белгілі дипломатияға көшкен. Жалтыр, Сартай, Байыр, Жөкеш бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бірінің сөзін бірі іліп алып кетуге дайын. Ұқсас сөздер. Ұқсас мінездер. Бұлар жеті басты жалмауыздың бір-бір басы секілді. Тек неге бекінсе де іштей бекініп зілді кекпен қыстығып, үндемей түйіліп қалған жалғыз Доғал.

Өзінің туған жері Ақтал бойында құрылған колхоздың жұмысына Алуа белсене қатысады. Баяғыда өлім тырнағынан құтылуына себепкер болған шопан жігіт Бейсен енді колхоз бастығы. Өзі уездік партия комитетінің уәкілі. Орталықтан келіп, газетке мақала жазбақшы болып жүрген Марданмен, су инженері Арманмен әр түрлі мәселелер орайында қақтығысып та қалады. Әсіресе, соңғы жігітпенен арасында түсініксіз бір сезім туып келе жатқандай. Жақсы көреді, бірақ кездескен сәтте сүйіспеншіліктің ыстық сөздері емес, шаруашылықтың дауын айтып кетеді.



Драматург сахналық шарттарды айрықша ойлап отырған. Алуаның әкесі Сатайды еске түсіруі қызықты ұзақ монолог арқылы сәтті берілген, Сапардың хатын кірістіру - орынды пайдаланылған, эпикалық тәсіл. Жалғыз Алуа эволюциясы ғана емес, басқа персонаждардың да өсу-өрлеуі, құлдырап құлауы пьесада қоса өріліп отырады. Кезінде азғыруға алданып отқа түскен Доғал үшін жанын пида етпек болған Назарбек енді бір ферманың қожасы. Кінәсын жуғысы келді ме, әлде мақтанғысы келді ме, Алуаны қыстауымды көр деп қонаққа шақырған.

Қызы Айбала әкесінің қылығын әлі бетіне басады. Драматург Айбала сөздерін жақсы даралаған. Шешен, ұтқыр сөйлеуді ұнататын намысты қыз мақал-мәтелді кірістіріп отырады. Бірақ дәл, орынды қолданбауы оның лебізіне юморлық реңк берген, "Албасты да қабаққа қарай басады" деудің орнына: "Албасты да... немене әлгі сақалға қарай басады" деп, "қуырдақтың үлкенін түйе сойғанда көресің" деудің орнына "куырдақтың үлкенін сиыр сойғанда көресің" деп анық білмегендіктен бірер сөзді бұзып, өзгертіп айтады.



Алдында ғана жасырыньш Доғал келіп кеткен. Өгірік мүләйімсіп, сорлы көрініп Назарбектен көмек сұраған. Жалғыз қорғаным, паналар бауырым сенсің ғана деп зарлаған. Уәделі сөз бермей, бойын аулақ салған Назарбек бәрібір астан-кестен мазасыз күйге түскен. Қырсық шалғанда Алуаны дәл осы кезде қонаққа шақыра қояр ма? Қарулы топпен суыт жеткен Доғал алмаған өшін, қайтармаған кегін куып жүр.

Ашынып, қаны қарайған, жаралы жыртқыш бұл жолы кісі өлтіруден тайынбақ емес. Қатерлі сәттегі диалогтар психологияны дәл беретіндей ықшам, қысқа қайрылған. Бұрынғы Назарбек жоқ, дереу қызы Айбаланы милицияға хабарға шаптырады, Алуа абдырап, беталды қорқу - шошудан аулақ. Оққа оқпен жауап бермек.

Доғал - Алуа арасында кеп жылдарға созылған тартыс жеке бастың өкпе - назы, кикілжің - қақтығыс сипатында емес, әлеуметгік татық айқас. Драматург осы ойды құптайды. Сондықтан бұлардың жекпе-жегі сөз тәжікесі, шешендікпен шешілмей, мылтықпен, оқпен тамамдалуы заңды нәрсе. Жаралы Алуаның басын сүйеп, аузына су тамызып отырғандардың жуан ортасында Арман мен Нинаның болуында мән бар. Бірі - дос, бірі - жар.

Бұдан кейін сегіз жылдың белесті кезеңдері әкелген өзгерістерді Алуаның үшінші актінің басындағы ұзақ монологынан білеміз. Уақыт өткен сайын қаһармандар тұлғасы іріленіп өседі. Бұл сөздің Алуаға тікелей қатысы бар. Бір кездегі ауылдың аяншақ, қорғансыз қызы келе-келе маңызды мәселелер орайында кесек ой толғайтьш, күрделі шаруаларды өзі шешетін қайраткер деңгейіне көтеріледі. Оның қабырғасына қатты бататын әсіресе қыздардың келешегі, әйелдердің күңделікті тіршілігі. Қазан-ошақтың қасындағы, отын-судың маңындағы күйбеңмен ғана қалып қоймаса екен деген ойды тілек етіп айтпайды, қажетті кезде талап қылып қояды. Бригадирге: "Бәсе, баласы жоқ әйел жоқ, бір әйелдің қамын ойлау сізде жоқ. Адам ба, бұл жұрт мал ма? Күн көзінде, жауын астында жас бала, қозылақтан жаман, ескерусіз жатыр. Кеше мен өз көзіммен көргенде сондай түршіктім. Тіпті қозы, лаққа осындай қырсыз болған шопан көрдің бе? Олай болса, табан жерде сотталатынынды білер ең? Ең алдымен үйшік-лашық соған әзірлер ең. Бітті сөз. Үш күн ішінде ясли ашылады, сонда ғана аналар жұмысқа алаңсыз араласады", - деп шүйлігеді. Адамға деген ыстық махаббат, жан жылуы бар. Қайратты ашу, қатаң принцип бар. Ауыл еңбеккерлеріне жағдай жасау, қамқорлықты күшейту жайлы осындай кенеулі ойды кейін "Өскен өркен" романының қаһарманы обком хатшысы Нил Карпов зор жауапкершілік трибунасында, Орталық Комитеттің Пленумында айтатын болады. Ет жүрегі елжіреп, гуманистік сезіммен тебіреніп толқьш айтады.

Жеке бастың рақат-тыныштығын көпшілік ісінің ауыртпалығына айырбастаған Алуаның мінезіндегі қатқылдықгы ұзақ жылдар сынап, саралап жүріп ақыры инженер Арман оның суықтық, сезімсіздік, мезгіл, заман әсерінен туған сипат екенін ұғынады. Өмір талқысынан тіршілік күресінен өтіп, білісіп барып табысқан жандар. Күй шертіп, қобыз тартып жүрген Сексек әзір жалғыз. ұүл юморлық бейне. Аласа бойлы Сексек өзінен биік әйел алмақ емес. Басқа жұрт ой іздесе, бұл бой іздейді. Алуаға жанашыр көңілі бәз-баяғы қалпында.

Соғыстың отты күндеріндегі әйелдер мойнындағы жүк батпан салмақпен ауырлана түскен. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы - Бейсен майданға кеткен. Арман да аттанған. Енді Алуа бірінші хатшысы. Алыс қырдағы көп ауыртпалықты арқалап қалған жандардың басындағы халдерді айқындап көрсетуді драматург ескермеген. Плакаттық, үгіттік ыңғайдағы сцена бар. Бір кездегі сот, артынан облыстық партия комитетінің хатшысы, енді Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы болған Сапар Сейілов Ақтал бойына өзі келіп, колхозшылардың үндеу қабылдауына қатысады.

Үндеуді әрбір персонаждың бөліп-бөліп айтуында тапқырлық жатыр. Бұл да драмаға эпика элементтерін енгізудің үлгісі.

Пьесадағы бір жүлге тартыс Алуаның диссертациялық еңбегіне байланысты өрбиді. Ғылыми айтыс, проблема таласының тамыры тереңде жатыр.

Алғашқыда оқыған азамат, журналист ретінде бірер жерден төбе көрсеткен Мардан кейін тарих ғылымының докторы, профессор больш шығады. Туған ағасын жер аударуды мақұлдауы, басқа қылықтарының астарлы мәні сезіле бастайды. Бұл кейіпкер арқылы драматург кейбір оқығанның бұлтақты, тайғанақты жолын бейнелеуді мақсат еткен. Схема, штамп ізі де жоқ емес. Қазақстан тарихын зерттеудің әр түрлі кезеңінде қап дегізген, шаң берген мезгілдер тудырған кейбір сарындардың жаман салқыны "Алуа" пьесасына да зиян жасаған. Керексіз, кертартпа делініп, қазақ эпосын түгелдей сызып тастауға қол көтерген дүмше зиялылар шыққан. Халықтың, ұлттың мүддесін ұмытып, дәулет-байлық, дәреже-мансап жолына арды, жанды қиған кейбір көкезулер кезінде лұы талант Мұхтар Әуезовтің өзіне де аз қиянат жасамаған. Бұл орайдағы ащы шындықтар, дәлді фактілер, болған оқиғалар, әсіресе, "Дос - Бедел дос" пьесасында айқын көрінген.

Түптеп келгенде, Алуа мен Мардан арасындағы тартыс, ғылыми проблеманы әр қилы түсіну полемика емес, концепция, тарихи дамуға көзқарас қайшылығынан туған.

Нелер қыл көпірден аман өткен Алуа диссертация қорғау күніне қатардағы ізденушілердің, кітапхана, архивте сарылып отырып, көп факті тапқан, содан ғана пікір қорытқандардың біреуі болып қана келмеген. Өмірдің әлсізді лақтырып тастап, мықтыны шыңдайтын тас диірменіне әбден тартылған, жаны сірі қажырлы әйел үшін бұл диссертация қорғау - принципті қорғау.

Төртінші перде негізінен ғылыми кеңес мәжілісіне арналған. Драматург төрешілер сөзін протоколдық күйінде алмай, мінез, характер ашуға лайықтап берген. Көп жылдар бойы айтқан ескертпесін орындамай, өз бетінше кеткен зерттеушінің еңбегін Мардан енді аямақ емес. Тырп еткізбестей, орнынан тұра алмайтындай етіп, тұқыртып бірақ ұруы керек: Тағы қайталап айтамын, құрметгі ғылым кеңесі мүшелері, диссертант Сатаева Алуа көп еңбек етіп, тарихтық ғылымға қажет болған деректерді жинап алса да, білгенін пайдалана білмеген. Бар еңбегін алға, саязға сайған. Ғылымдық зерттеу емес, женотдел үгітшілеріне блокнот ретінде жүрерлік брошюра, қатарынан аспайтын немесе журналдық мақаланың бойынан озбайтын арзан шындықтарды тізген".

Аямас қаталдық, темірдей ауыр соққы. Прокурордың айыптау үкіміндей.



Қорғасындай зілбатпан байлаудың соңғы тұжырымы: "Мұндайлық еңбегі үшін Сатаеваға тарихтың ғылым кандидаты атағын беру мүмкін емес деп қорытамын".

Драматург ғылыми стиль мақамын сақтай отырып, Марданньщ Алуаға деген өшпенділігі, айықпас қастық, сейілмес дұшпандығын жақсы берген. Бұрын бітеу жарадай сыздап, ұзақ жылдар көмулі жатқан бомба секілді жаулықтың бұрқ етіп сыртқа шыққан жері осы. Әдейі сәйгулікгі бәйгеге қосып жіберіп, қарақшыдан тосу - жендеттердің ежелгі әдеті.

Қарсыласы күтпеген жерден, аяқ астынан дүрсе қоя бермей сары ауруша созылып келген тайталастың осылай бет алуы Алуаны қажырлы қайратқа мінгізген. Табандап, қасқайып тұрып жауап береді. Бұл - сөз таласы, логика қақтығысының ауқымына сыймайтын дау. Алуа бүкіл өмірін еске алып, талай қиын асу, тайғанақ қиялардан өзіне атылған дұшпан оқтарын санап береді. Кезін тосып, сәтін күтіп отырған қылыш суырылады.

Үлкен шайқаста жеңген Алуаны ғылыми дәреже алу қуанышының үстіне тағы бір сүйініш күтіп тұрған. Ақтал бойының әйелдерімен қоса бұған да Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті.

Ең соңғы суретте Алуаны Азия, Африка әйелдерінің ортасында, Пекинде көреміз. Ауыл-аймақ, аудан, облыс емес, енді күллі Советтік Шығыс қыздарының атынан додаға түскен түрік, иран, араб өкілдерімен мұсылмандық, шариғат орайында дауласса, жапон әйелдерімен буддизм қақында пікір таластырады. Социализм жемісін, коммунистік идеалдарды мақтан тұтып сөйлейді. Әлеуметтік маңызды проблемаларға орай кесек пікірлер айтьш тұрған Алуа - бүгінгі кеңес әйелінің жиынтық бейнесіндей әсер етеді.

Айтылмыш пьесаның мол эпизодтылығы, хроникалығы, көп жылдарды қамтуы - әуелгі сценарий негізінен жасалғандығына да байланысты. Драматург қазақ әйелінің өсу жолын көрсететін патетикалық, публицистикалық сарынды шығарма тудырған. Әрекетке бай, көптеген дараланған характерлер бар, драматизмі күшті, шарттылық тәсілдер қолданылған бұл пьесаны Р. Сейітметов 1983 жылы сахнаға шығарды.

Драматургияда заман шындығын бейнелеу жолындағы Мұхтар Әуезовтің сан алуан ізденістері, барлау тежірибелері, түптеп келгенде бір арнаға саяды. Ол социалистік реализм талаптарына жауап беретін, тұлғалы қаһармандарды көрсететін, жаңа сипатты сахналық шығармалар үшін күресті.


ҮШІНШІ ТАРАУ

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет