Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет21/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29
II.
XX ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы әр уақытта замана тынысынан алшақтап, дәуір проблемаларынан бойын аулақ салған жоқ, мезгілдің көкейкесті мәселелері, кезеңнің толғақты сырлары сан алуан пьесалар тудырған.

Қалың қауым Мұхтар Әуезовтің революциядан бұрынғы қазақ тұрмысын классикалық шеберлікпен көрсеткен трагедияларымен, драмаларымен ертеден жақсы қанық, біліс еді, енді ұлы суреткердің көп томдық кітаптары басылған соң жаңа шындықты бейнелейтін пьесаларымен, замандас тұлғасын сомдап шығару жолындағы ізденістерімен жете таныса бастады.

Тіпті, "Октябрь үшін", "Тартыс", "Тас түлек", "Шекарада" секілді отызыншы жылдар сахнасында қойылған пьесалар өз алдына, қазіргі дәуір бүгінгі өмірді бейнелейтін "Алуа", "Асыл несілдер" драмаларында көп қызық өрнектер, суреткерлік мол олжалар бар. Үңіле, зерттей қараған адам, бұл дүниелерден талай үлгі, өнеге алмақ.

Мұхтар Әуезовтің әр кезде Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Әлжаппар Әбішевпен, Әбділдә Тәжібаевпен бірлесіп пьеса жазуында мол ғибрат бар. Үзеңгілес дос, өкшелес ініні әдейі қиьш жанрға баулу, білекке-білек қоса жүріп, іс тындырудың бір үлгісі.

Жаңа шындықты бейнелейтін М. Әуезов пьесаларына немқұрайды қарау, оларды драматургтің творчестволық мүмкіндігінен төмен шыққан деп кемсіту, көзді жұмып өте шығу - ескірген, қате концепцияның кесірі.

Әділін айтқанда, ұлы суреткердің ондаған жыл бойы тер төккен, жастықтың күш-қайратын жұмсаған саласы драматургия, оның ішінде өзгерген сана адамының тұлғасын мүсіндеу мақсаты еді.

Дмитрий Фурмановтың әйгілі "Бүліншілік" романымен тақырыптас, дегенмен, 1933 жылы жарияланған "Октябрь үшін" пьесасы инсценировка, белгілі шығарманы сахнаға лайықтау емес, дербес оқиғасы, басқа қаһармандары, өзіндік идеясы бар бірегей, мәнді туынды екенін кезінде О. Беков, Ғ. Мүсірепов дұрыс көрсеткен.

Әзірше бүгінгі зерттеушілер назарынан қалыс жатқан "Тартыс" пьесасында қазақ интеллигенциясы өткен ауыр жолдар жайлы көп сырлар бар. М. Қаратаевтың бұл драма туралы заманында үлкен мақала жазуы тегін емес-ті.

Жаңа адамды, жағымды қаһарманды бейнелеудегі Мұхтар Әуезов ізденістері жанрлық формалардың ішкі мүмкіндіктерін ерекше ойластыруынан да айқын көрінеді.

Революциядан бұрын қазақ өміріне арналған пьесалар циклына енген шығармалардың бәрі формалық жағынан еуропалық, классикалық драматургиядағы дәстүр шеңберінен шықпайды: олардағы оқиға қысқа мерзімді қамтиды, сюжет түзілуінде бірізділік бар.

Үлкен әлеуметгік төңкерістердің әсерінен халық санасына түскен өзгерістерді, рухани эволюцияны бейнелеу жолында Мұхтар Әуезов, әсіресе драматургияда, сан алуан творчестволық тәжірибе жасады, қалыпты поэтика тұрғысынан қарағанда ерсі көрінетін шығармалар да жазды. Осы ретте "Тас түлек" драмасына бірталай назар аударуға болады. Бұл пьеса ең алдымен өзінің архитектоникасымен қызық. Әрбір көріністе драматург жаңа өмір құбылыстарын алдына тартады. Соның негізінде қаһармандар бойында пайда болған рухани, психологиялық жаңғыруларды көреміз. Бас-аяғы тұйықталған, аз уақыт ішінде бұрқ ете түскен тартыс емес, бірнеше жылдарға созылған тармағы мол күресті аңғарамыз.

Бір ұядан шыққан, шамалары қарайлас, құрбы-құрдас жандар әуелде мінез-құлқы, іс-әрекеті жөнінен өзара дараланып, оқшау сипат таныта алмайды.

Алғашқы көріністерде Қондыбай байдың кәмпескеленуіне байланысты айтылып жатқан әр түрлі сөздердің үстінен түсеміз. Таптық көзқарас, әлеуметтік пиғылдарды драматург мінездік ерекшелікгерімен сабақтастыра көрсетуді мақсат тұтқан. Негізгі персонаждардың барлығы да бірден сахнаға шыққанда олардың ішінен Бөлтірік әрекеті көзге айқын шалынады.

Оның Қондыбай болып Арпабай мен Есбикені қорқытуы жеңіл күлкі, арзан эффект емес, сәтті табылған деталь. Енді құлдық, күндік ит тірлікген құтылып, мойнымыздан қамыт түсіп, есе теңдікке жеттік деп қуана бастаған пұшайман жандар тағы бұрынғы айғайды естігенде шошымай қайтеді.

Байдың қызы, оң жақта бұлғақтап өскен ерке тотай Шәкеннің әкесіне ермей, кедей-кепшік, жарлы-жақыбай қасында қалып коюы маңызды әлеуметтік қадам. Ірі байларды жер аударып, енді өздері билікке ие болған жандардың ауылдағы күрес, тартысы талай шығармаға арқау етілген тақырып. Көркем туындыны бағалағанда авторлық мақсатты, жанр шарттарын ұмытып, үнемі бірқалыпты талаппен, бір өлшеммен әсте әділ пікір айтылмаса керек. "Тас түлек" жайлы жазғанда драматургтің сюжет құруда шарттылық тәсілдерін пайдаланғанын ұмытуға болмайды. Қарқынды өмірдің аршынды қадамдарына ілесе түлеген, қоса жаңғырып өскен тағдырларды бейнелеу ерекше ескерілгендіктен автор кейіпкерлерін әдейі әр түрлі орайда көрсетеді.

Ауылдан кеткен жастардың құрылыс жұмысында жүргендегі психологиялық өзгерістер күлкілі жайттармен сабақтасып жатыр: зілсіз, жайма-шуақ, өзіл-қалжың. Драматург қосалқы персонаждарды керекті жерінде сәтті енгізген.



Қара көз, көрген көз деп жақаурата келіп, рулық, жершілдік сезімдерді ойнау арқылы өзі жем түсіретін пысықтар қашан да надан елдің арасында аз болған жоқ. Біреумен біреуді шақ-шақ ұрыстырып қойып, ортадан олжа табу және бар. Орыс жұмысшылары мен қазақ жұмысшыларын араздастыра отырып, пәленің отын жағуға тырысқан екеуді Бөлтірік, Қамбар мазақ етеді. Өздерінің жетіліп қалған парасатын, толыса бастаған ойын танытады.

Әуелде тізеге тізе, білекке білек қосып, күрестің үлкен жолына бірге аттанған жастардың келе-келе іргесі бөліне бастайды. Жай кикілжің, түсінбеушілік емес, дүниетаным алшақтығынан, таптық көзқарастар қайшылығынан туған қақтығыс бой көрсетеді.

Задында буыны қатып, бұғанасы бекіп кеткен адамның басқа ұлттың тілін тез үйренуі, әсіресе фонетикасы, лексикасы, грамматикасы ұқсамайтын тілді меңгеріп кетуі қиын шаруа екені анық. Драматруг қаһармандарының бойындағы өзгерістерді, марқаю эволюциясын сенімді штрихтармен бейнелейді. Ауыл жігіттерінің орыс тілін білуге күш салуы осы орайдағы қиындықтар, күлкілі әрекеттер, юморлық жайттар қызық мінездер сахналық әрекет, бояуы қанық диалогтар арқылы ашылған.

Пьесаның басында бір рет пәлелі сөздерімен, жат пиғылымен көрініп қалған персонаж Әшімнің кешегі ауыл жастары, қазір оқуға ден қойған Бөлтірік, Қамбар, Алатайлардан айырмашылығы - кішкентайынан білім алғандығы. Ол жаңа заманның, прогрестің, өркендеудің кәдесіне жарауды, революциялық идеалды мұрат тұтушы емес, көксейтіні ескілік, аздың табанына көпшіліктің түскен кезеңі, сол дәуір, сол баяғының моралі. Ашық майданнан тайқып ұрлық-ғайбат тәсілін ұстанып, қармақ салып отыр.

Туыстығына қарамастан Қондыбай байдан безіп, оның әулетінен іргесін бөліп, ат құйрығын кесіп кеткен сыңай танытқан Құсбектің шын сыры тереңде, қоймасы қалың жықпылда екен. Ұлт араздығын қоздыру ниетімен қасақана таратылған өсектің оты лап ете түскенде, жастар екі жарылады. Бір қанатта Қамбар, Бөлтірік, екінші қанатта Құсбек, Местер. Драматург осы тартысты жан-жақты көрсетпей, басқа жайтқа ауысып кетеді.

Бір ескеретін нәрсе, "Тас түлек" драмасындағы кейіпкерлер өзара туыс, ерлі-зайыпты, ағалы-қарындасты, әкелі-балалы қатынаста алынған. Драматургтің жаңа семьялық моральдің тууын көрсету талабын құптай отырып, артық кеткен, жасанды, ситуацияға ұрынған кездерін айтуымыз керек.

Мінездік ерекшелігі айқын, от-жалыны мол Бөлтірік секілді абзал азаматтың әйелі Топайдың Бөлкебаймен кете баруын тоқты-торымдай да көрмеуі, мүлде селқос қарауы сендірмейтін, псиохологиялық жағынан тиянақталмаған жағдай. Жастармен бірге оқиғаға жер ортасынан ауған Арпабай мен Есбикенің үнемі қатысып отыруына драматург ерекше мән берген. Өз заманының екпінді ықпалы бұл екеуіне де тез әсер етіп, мінез, көзқараста жаңа өзгеріс, соны сипаттар туғызады. Рас, қаламгер адам санасына мысқылдап енетін құбылыстарды, шетін күйлерді төптіштей бейнелей алмаған.

Араға бес жыл салып, қайта кездескенімізде, кешегі ауыл жігіттерін Алматыдан көреміз. Бұл сценада Арпабай мен Есбике арасындағы диалог қызықты. Кеше ғана от қасы, ошақ басынан өзге де шаруасы аз, байдың бір зекігенінен зәресі ұшатын су жүрек Есбике енді көшелі кісі санатына енген. Қазақ театрының алғашқы спектакльдері көрермен үшін үлкен бір қуаньш, той іспетті еткендігі белгілі. Есбике аузымен айтылатын Бейімбет Майлиннің "Майдан" драмасындағы қаһармандар жайлы баға Мұхтар Әуезовтің авторлық тұжырымымен орайлас келеді.

Қамбар, Бөлтіріктің бойындағы жаңа сипаттарды олардың республика көлемінде өтіп жатқан саяси науқандарға көзқарасынан аңғаруға болады. Бірақ диалогтардың мінез ашу қызметінің орнына социологиялық, үгіттік жағы дендеп кеткен.

Тұтас қарағанда, бұл пьесадағы тартыс жұмысқа, оқуға аттанған жастардың қайтып оралып, совхозда іске кіріскен кезінен бастап арна табады.

Құрылыста қалған Сапар, Москвада оқитын Сәлкебай, Топай, Алатай, Алтын, Шәкен - баршасының Қамбар директор, Бөлтірік саяси бөлімінің бастығы болып отырған совхозға бірінің соңынан бірі сау ете түсуінде, шарттылық, жасандылық та жоқ емес. Малы қырылып, адамы жүдеп-жадап, азып-тозған шаруашылықтың ең ақсаған фермасының меңгерушісі Құсбек екен. Фамилиясын өзгертіп алыпты. Іс-әрекетінің кесекгігі жөнінен өзгелерден оқшау тұр.

Бақсақ, өлді-қырылды деп өтірік есеп беріп, ретін тауып жеке отар жинай бастаған. Қашқан-пысқандардан, қағылған-соғылғандардан топ құраған. Олардың басшысы - бір кезде ұры болған Мес.



Драматург Құсбекті кешегі үстем таптың сойылын соғушы, ескілік пиғылдың адамы ретінде көрсеткенде оның екі жүзділігін, сатқындық психологиясын ашуға ден қойған. Құсбек пен оның әйелі Кәмеш арасындағы алтыншы, жетінші суреттердегі диалогтардың драматизмі күшті. Басына бұлт үйіріліп, құрсау тарылып келе жатқанын сезген жырыңды әйелін күні бұрын қайрап, шүйлеп салып отыр. Мақтап қойып, арқадан қағып, қарсы ұстар қалқан етпек.

Жауласқаны өзінің туған қайнағасы - Қамбар. Алданған, кіріптар болған сезімді пайдаланып, аман қалмақ.

Арада аз уақыт өтісімен басына қауіп төнген кезде, қанды шелек Құсбек Кәмешті жер құштырып, қаңғыртьш тастап кетеді. Оққа байлап кетеді. Тыңдаңыз, Құсбек – Кәмеш:

- Сенің бауырың ғой, бауырың езілгір. Қал қазір осы арада.

- Құсбек-ай, не дейсің? Сен үшін кетпеп пе ем бәрінен.

- Ол, сенің бауырың, сен әйелсің, қарындасына тимейді. Орал
шылбырына. Бөге! Болмаса Алматыға кетті, ақталуға кетті де, қайта
оралып келіп алам.

- Не дейсің, тастадың ба? Қалмаймын ойбай сенен, жаным,
ағатайым, әкет мені, әкет, өлтіріп кет мені! (Жабысады).

Шығарма үніңді, болмаса өлтіріп кетемін. Шық алдынан, тап
соны айт, жаңағыны, жаныңды бер, өл мен үшін. Бағана берген
сертіңнің орындалатын жері міне, осы. Не десіп ек? Болмаса, бегеу-
ге жарамасаң, ұрғашылық қылып, жасықтық етсең - айрылдың менен. Жоқпын мен саған.

- Жаным, не дейсің, алдадың ғой. (Жабысады).

- Алдағаным жоқ. Шатпа босқа! Бөге, тіпті өлтірсең де бөге
Қамбарды ұқтың ба?, (Итеріп тастап шығады). (М. Әуезов. Шығар-
малар, 8-т., 437-438 беттер).

Бұл жерде екі түрлі тағдыр тоғысқан. Ата-анадан, туған ағадан ат құйрығын кесіп кетіп, тіршіліктегі сенім-тірегім, қуаныш қызығым деген адамнан, көзсіз махаббатпен сүйген күйеуінен соққы жеп, зар еңіреп, запыран құсқан сорлы әйел. Әлсіз ден болса, қарсылыққа шама жоқ. Екі оттың ортасында қалған. Адам мінезінің, әсіресе, әйел табиғатының, осал жерін жақсы пайдаланып, олжа түсіруді дағды қылған зұлым еркек басына қатер төнген шақта сыналған қаруын қынаптан суырып алыпты. Характерлік даралығы бар персонаж Шәкен арқылы драматруг жуан жерден, түбірлі ортадан шыққан адамның социализм идеясына келу жолын көрсетпек болған. Тік бақай, ерке өскен, шолжың, бір беткей қыздың мінезі бірте-бірте батылдық, тапқырлық, күрескерлік апаттарына ойысады. Қапыда Местің қолына түсіп, жалаң қылыш жүзіне табан басқандай күйде қалғанда морт сынып кетпейді. Тіпті әкесі Қондыбайды көрген сәттің өзінде бойын тежеп ақылға жеңдіріп, айламен іс етеді. Жаңа ортаға, осы қауымға Шәкен қиындық кешіп, оқ пен өрттің ішінен күреспен өтіп келеді.

Авторлық позиция, драматург идеалы көпшілік сценаларында жақсы аңғарылады. Сегізінші суреттегі шопандар арасындағы диалогган совхозда жүргізілген арандату, зиянкестік қылмыстарының тап күресінің жалғасы, алапат шайқастың соңғы жаңғырығы екені ұғылады. Қосалқы, эпизодтық персонаждар мінездік ерекшеліктерін танытып қалады.

Елді, жерді тастап, қарақан бастың қамы үшін шыбын жан мен қу тамақты ғана күйттеп, шекара бұзып, түн жамылып, ұрланып зытып бара жатқандардың рухани мүсәпірлігі, моральдық мардымсыздыгы көрініп тұр. Кедейліктен сіңірі шығып өткелектен өткен Мес аз уақыт адал жолға бұрылғандай болады, артынан тағы адасып, социализм дұшпандарының қолшоқпарына айналады. Ұр да жық, атып кел, шауып келдің дөкір сөзіне ожар ісі лайықты.

Ұрланып жүріп, қашып-пысып жан сақтаған Қондыбай бай мен ел көріп, жер көріп жаңа заманның соны қасиеттерін бойына сіңірген Арпабай кедей соңғы актіде карама-қарсы планда, онтраст ыңғайда алынған. Қазақтың екі шалы. Кеше ғана біреуі қожасы, екіншісі соның есігіндегі қызметшісі еді. Бүгін бұлардың арасындағы айырма жер мен көктей. Бірі - өзгерген, өскен, биіктеген әлеуметтік сананың адамы. Кезеңнің сырын ұққан. Екіншісі - қашып бара жатыр. Қондыбайды ізіне түсіп, шопандарға көп жайтты ұқтыру арқылы тырп еткізбей ұстап алды Арпабай.

Пьеса финалында драматург шығармаға берілген аттың символикалық мән-мағынасын Арпабайдың монологінде ашьш береді.

- Балаларым, түлек екені рас. Қазір барлық Қазақстанның, жаңа жұртшылықтың өсуі де солай. Түлеп өседі ғой. Сен соның бір ұшқыны, бір шоғырысың. Көңілің осе, қайратың тола, мерейің аса түледің. Мұның аты - тас түлек. Тас түлск болсын бұл түлек (8-т. 446-бет).

Осы алуандас шырайлы сөздер, қанатты оралымдар, мақал-мәтелдерді пьесаның өн бойынан ұшыратамыз. "Құт шайқалды, ен дүние шашылды", "Байының күлмейтін қатынын ашты", "Ілгері басқан жасты кейін басқан көрі тоқтатпасын", "Жылқысы қашаған ауылдың адамы даурықпа, қау-көрік келетіні рас", "Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді", "Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады" - бұл секілді халық тіліндегі туылып жатқан байлықтарды еркін пайдалану жалпы Мұхтар Әуезов стиліне етене қасиет. "Тас түлек" драмасында бір пьеса көлемінде қамту ете қиын, ауқымы мол, әр түрлі өмір құбылыстары алынған. Бас-аяғы жұп-жұмыр, тұтас шығарма жасау үшін қашан да әрекет бірлігі, тартыс бірлігі қажет. Мінездік ерекшеліктерімен ашылмайтын Омар, Сергеев, Митя, Нұғыман секілді қосақ арасында жүрген, өзара ұқсас персонаждар әр эпизодта бір төбе көрсетіп, үзіліп қалып қояды.

Жаңа адамның әлеуметтік күрес үстінде тууын көрсеткен, ескі семьяның ыңырап, жаңа семьяның қалыптасуын бейнелеген, таптық шайқастар майданында әке мен бала, аға мен қарындас, күйеу мен әйел арасында болған тартысы суреттеген "Тас түлек" пьесасы Мұхтар Әуезов драматургиясындағы қызықты шығарма.

Қазақ халқының революциялық күресінің, социализм жолындағы тартысының сан алуан көріністерін бейнелейтін Мұхтар Әуезовтің пьесалар циклінің ішінде көркемдік сипаты, идеялық өресі биік драманың бірі - "Шекарада".

Тұңғыш рет "Шекара" деген атпен театр сахнасына шыққанда, спектакль жұртшылық тарапынан үлкен баға алды.

Сәбит Мұқанов: "Мұхтар Әуезов жолдастың "Шекарасы" автордың да, постановщик жолдас Насоновтың да, академиялық драма театры коллективінің де творчестволық жағынан бұрынғыдан жоғары шыққандығына, өскендігіне айқын дәлел. Мұхтар жолдас бұл пьесада өзінің алдына өте бағалы және ауыр міндет қойған. Ол бүгінгі ауылды, бүгінгі ауыл ішінде шекарадағы ауылды, ол ауылдың бүгінгі күнгі адамдарын, олардың күресін көрсету. "Шекара" спектаклін көрген кісі Мұхтар жолдастың осы мақсаты көңілдегідей аяқталғанын көреді", - деп жазды.



Мұхаметжан Қаратаев: "Пьесаның оқиғалары жанды, қимылды. Әрбір картинасы кісіні көтеріп, желпіп отырады. Оқиғалардың драмалық жағдайлары да нанымды, шын. Образдар осы оқиғалармен қабыстырылып берілген емес", - деп жазды.

Есмағамбет Ысмайылов: "Мұхтардың бұл пьесасы қазақтың советтік драмтургиясын жасаудың жаңалық проблемасын, болғанда дұрыс жолмен өсуінің проблемасын алға қоя білген. Автор пьесада алған темасын негізінде меңгеріп, идеялық тенденциясын дұрыс шешіп шыға алған. Бұл пьеса әншейін жазыла салған хроникалы инсценировка емес, өзінің алған темасына көркем түйіндеу (обобщение) берген, жаңа үлгілі патриот адамдардың образын жасаған толық мағыналы драма," - деп жазды.

Қапан Сатыбалдин: "Мұхтар "Шекарада" еліміздегі тап тартысының қазіргі кездегі кезендерін терең шолып көрсете білген", -деп жазды.

Әлжаппар Әбішев: "Сөз жоқ, Мұхтар Әуезов жолдастың "Шекарасы" бүгінгі Совет елінің шындығын дәл көрсетеді. Бұл зор табыс, үлкен қуаныш, мақтануға тұрарлық іс", - деп жазды.

Бұл материалдарды "Социалды Қазақстан" газеті 1938 жылғы 6 мамыр күнгі санында "патриотизмді күшейтетін, қырағылыққа үйрететін пьеса" деген жалпы тақырыппен жариялады.

Содан бері отыз бес жылдай уақыт өтті. Әуезовтің қайта-қайта шұқшия қараған, көріктеу, ажарлауға ерекше мән берген драматургаялық шығармасы осы - "Шекарада". Бұл пьесаның араб, латын, қазіргі графикамен жазылған төрт түрлі қолжазба нұсқаларын тексеріп, салыстырып шыққанда, драматургтің ықшамдылыққа, тұтастыққа айрықша ден қойғанын көреміз. Соңғы вариантта мінездік даралығымен ашылмайтын, қосақ арасында жүрген бірқыдыру персонажды автор әдейі алып тастаған, олардың орнына жаңа кейіпкерлер қосылған.

Қазіргі өмір шындығын арқау еткен әр түрлі пьесалар жазған Әуезовтің тәжірибесі "Шекарада" драмасында айқын аңғарылды.

Тартыс табиғатын жіті ойластырған қаламгер әдейі шекаралық аудан өмірін бейнелеуді қалап алған, ішкі қайшылыққа сыртқы дұшпан қастығы қосылған кездегі күйлерді сахнаға шығарған.

Драмалық конфликт жедел, ширақ басталып өткір дамиды. Алғашқы сурет ықыласты тез бұрып алады. Ауданның өзгеше жағдайы, бөлекше қалыбы, жан сауға, араша тілеген ерлі-зайыптылар - пьеса осындай әрекетті керініспен басталады.

Кібіртік, босбелбеулік қашанда сахналық шығарманың көсегесін көгерткен емес. Тартыстың ағымы, әрекеттің тұтастығы, характер кесектігі - драма үшін негізгі өлшемдердің бірі.

Бұл талаптар "Шекарада" пьесасында жақсы ескерілген. Әрбір жаңа көріністе қимыл, әрекет молайып, тартыс жоталана түседі, персонаждар мінезі дараланып, характерлер айқындала бастайды.

Қазақстан жағдайындағы таптық айқастардың, әлеуметтік күрестердің жаңғырығы көп уақытқа дейін созылғаны мәлім, әсіресе, колхоздастыру кезеңінде талай ауыртпалықтар ойсыратьш кеткен шығындар болгандығы жасырьн нәрсе емес. Айтылмьш пьесадағы оқиға 1938 жылы өтетіндігін ескерсек, автор өмір құбылыстарын реалисті бейнелегенін көреміз. Әуелде қас дұшпанның аямас жаулыш, сұмдық жаманшылығы білінгенмен, өздері көзге шалынбайды.



Ақын Сәттің суырыпсалған өлеңдерімен ерекшелінетін екінші суретте шекарадан өтіп келген Жомарттың кім екенін аңғарамыз. Зарлап, "тақсырлап" тандайы тақылдаған жігіттің шикілі, арамдығы сезілді. Күлгір. Алдамшы. Бетке былай десе, шыға бере басқаша сайрайтын қу мүйіз.

Колхозшылар танып қойған соң, жемтіктестерінің көмбесін ашпауды ойлаған Байназар бай бауыздалып өледі. Бұл қадамға баруынан тасбауырлығы, безбүйректігі білінсе керек, өзін-өзі ажалға қиған қаныпезер басында дәулеті, қолында билігі тұрғанда басқаға, кедей-кепшік, жоқ-жітікке не істемеді десеңші.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет