Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет23/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29

ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ ДРАМА



Қиын тағдыр кешкен, тарихта бедерлі із қалдырған жандар тұлгасы суреткер назарын өзіне жиі тартуы - өнердегі заңды құбылыс. Қашан да кесек мінез соқталы тартыс үстінде жақсы ашылмақ. Сондықтан белгілі адамдар ғұмырындағы бір қуаныш, бір жеңіс, бір жеңіліс қалауын тапқан жазушыға құлашты кең жаюға мүмкіндік берері хақ.

Бүгінгі қазақ әдебиеті ауқымының кеңеюіне назар салғанда, тарихи ғұмырнамалық тақырыптың мол өрістеп отырғаны аңғарылады. Бұл творчестволық процесті суреткерлердің қазіргі заман проблемаларынан жалтара қашып, тайқи салуы, дағдарыс деп байлам жасай салу қателікке ұрындырар еді. Өнер, ғылым, экономика, қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қазақ халқының қазіргі табыстарын қан жылаған қайғылы күндерді тұтас бірлікте қарау керек. Қазақ суреткерлерінің өткен-кеткен тарихқа, белгілі қайраткерлер ғұмырына шұқшия қарап, тесіле көз салуы бүгінгі социалистік қоғам биігінен, бүгінгі қазақ ұлты сапасының биігінен бағзы замандарды ұғыну, болашақ күндер кәдесіне жарарлық асылдарды іздеу қамы.

Жалпы көркемдік шарттары, идеялық талаптар үстіне тарихи биографиялық объектіні қозғағанда, факті мен қиял, документ пен шығарма арақатысына байланысты қосалқы қиындықтар туады.

Қазақ халқының қалыптасуы, XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы дүрбелең, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Мәди өмірі - прозада осы алуандас кесек-кесек кезеңдерді бейнелейтін романдар, тіпті романдар циклі шыға бастаса, драматургияда ғүмырнамалық - тарихи пьесалар ғана көрінді.

"Абай", "Ақан сері - Ақтоқты" трагедиялары - қазақ драматургиясының классикасы, "Шоқан Уәлиханов", "Ыбырай Алтынсарин" өмірлік материалды қорыту жөніне ұқсас пьесалар. Ә. Тәжібаевтың драматургиядағы озық туындысы - "Майра", қазір сахнаға Жаяу Мұса, Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров жайлы дүниелер келді, Сәкен Сейфуллин туралы төрт пьеса бар. Бұл фактілер А.В. Луначарскийдің: "Халық өз тарихын білуі керек, бұл жолда театр оның ұлы көмекшісі. Театрдың қасиетті міндеттерінің бірі - өткен замандарды жанды, дәл һәм есерлі қалыпта бейнелеуі екендігінде сөз жоқ", - деген пікірін тиянақтай түссе керек.

Бір тақырыпқа, бір материалға әлденеше шығарманың арналуы - ең алдымен объектінің мәңгілігін көрсетпек, екіншіден салыстыра зерттесе, осы орайда көркемдік тәсілдерге, жаңашылдыққа қатысты байламдар жасалмақ.

Іні, дос ретінде сырлас, мұңдас, пікірлес болып, көп жылдар үзеңгілес жүрген Сәкен Сейфуллиннің өмірін, мінез-құлық ерекшеліктерін жазушылардың ішінде мен білемін деуге қақылы адамның бірі – Сәбит Мұқанов еді. Революционер ақынға бағышталған мақалалар, естеліктен кейін пьеса жазылса, кездейсоқ нәрсе емес. Сәкен Сейфуллин өмірінің күллі фактілерін, барлық оқиғаларын, шырғалаң атаулыны тегіс сыйдырарлық шығарма емес, қысқа мерзім - 1918 - 1919 жылдарды қамтитын драма туған.

Пьесадағы жиырмадан астам қаһарманның дені - аты, жөні, фамилиясы өзгеріссіз алынған, белгілі адамдар. Бұл шығарманың деректік негізін, документтік дәлдігін күшейткенмен, болған оқиғаларды, мәлім материалдарды автор қалауынша өзгерте салуға мүмкіндік бермейді. Кім жазса, да қашан жазса да, әйтеуір Сәкен Сейфуллин туралы шығарма атаулының әменде бір бәсекелесі бар, ол - "Тар жол, тайғақ кешу". Фактілер сәйкестігі ме, оқиғалар жүйесі ме, қаһармандар келбеті ме, - бәрі де салыстыру безбеніне түспек, сол сынақта олқы шығарма оқырман жүрегін жылытып, әдеби қазынасына қосылмақ емес.

Айтылмыш пьесаның тартыс шырғалаңы Сәкен Сейфуллин өмірінің Ақмола кезеңіндегі жағдайлардан басталады. Аласапыран, революция заманындағы шындықты бірен-саран кісілердің басындағы мұң-шермен емес, әр таптан шыққан адамдардың күресі арқылы бейнелеуді мақсат еткен драматург көпшілік көріністеріне мән бергенін әуелгі сценалардан аңғаруға болады. Кедейлер Сәкенге теңдікке қолымызды жеткіз, жақсылық жаса деп келсе, жуандар қоқан-лоқы көрсетіп, доң айбат шегеді. Алғашқы бөлімде сахнаға шығатын Шафран, Асылбековтар бір сенімнің адамдары екені мәлім болады. Орыс қызы Надежданың саясат пен ақындық қоңсы қона алмайды деп Сәкенге өзінше жанашыр сөзін айтуынан көрінетін әрекет кейінгі тартыстардың бір мұрындығы. Бұл қызға көзі түсіп, көңілі кетіп жүрген жігіт Хамит Токиннің қызылдарға да, ақтарға да қатар қызмет етіп, бұлаң құйрықпен жүрген жайы бар.

Қатер бұлты қоюланып, алғашқы найзағай жарқылындай белгі беріп, газет материалдарының шашылғаны хабарланады, Совдеп мүшелері бармақтарын шайнайды. Ақмола большевиктерінің қапыда дұшпан қолына түсу трагедиясы "Тар жол, тайғақ кешуде" тәптіштей суреттелген.

Пьесада ұзын оқиға сорабы сол Сәкен кітабындағы ізбен дамып отырады. Драмалық әрекетті ширықтыру, мінездерді ашу мақсатымен Мұқанов кейбір ситуацияларды әдейі өзгерткен. “Тар жол, тайғақ кешуде” Сәкен пәтерде ұсталса, пьесада бұл жғадай кеңседе өтеді.

Басқа балаларын бір төбе, Сәкеннің бір төбе көрген Жамал сынды апаның алыстан аңсап, іздеп келген ұлын оқ пен өрттен, қауіп пен қорқыныштан алшақ жатқан ауылға әкетпек қылығы, сөйлеген сөздері сенімді берілген. Өзге жұртқа ақ дегені, - алғыс, қара дегені – қарғыс Совдеп мүшесі, аузын айға білеген қаһарлы революционер, нөсер жыр төккен арқалы ақын болғанмен, Жамал үшін Сәкен сол баяғы Сәдуақас, қайдағыны бастамай, ата-баба жолымен ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап, серілік құрып жүре берсе, кемдік көріп, көштен қалмайды деп санайды. Шайтановтардың подвалда тығылып жатып, аяқ астынан шыға келуі – оқыс әсер ететін қимыл. Кезелген мылтықтар, анасын қорғаған ұл, көз алдында боздағынан айрылған шеше – бұл артистерге де, режиссерлерге де кең өріс беретін мүмкіндігі бар сцена.

Қылышынан қан тамып, байтақ сібірді тітіренткен Колчак телі-тентек, ұры-қары, қан ішер қарақшыларды соңынан ерткен баскесерлігінің үстіне патша самодержавиесіне, шовинистік идеяларға берілген, дүниеге, қоғамға көзқарасы, концепциясы кәміл бекіген идеяның адамы. Аяқ астынан шыға келген кездейсоқ баукеспе емес, соғыс тактикасына, ұрыс стратегиясына жетік адмирал. Кеше жуандардың тыныштық күзетшісі болса, бүгін шашылған несібесінен айырылуға ұмтылған жаралы жолбарыс.

Осы жайттарды, оның мінез қырларын сөз ерекшелігімен аңғартуға мән беріледі. Адъютантымен сөйлескен Колчак көбіне сұрақ қояды, жауапты тиянақтамай ілгері кете береді. Кадет партиясының белгілі мүшесі “Алаштың” ақсақалы саналған Әлихан Бөкейханов пен Колчак арасындағы диалогтарда астар, емеурін, тұспал мол. Кейде зымиян адмирал мысқылын менменсінген кадет ұғынбай қалады. Арқа сүйер тірегі, айбар болар жасағы жоқ Бөкейхановтың самсаған сары қолымен ызғар шашқан Колчакқа “өтінішіңізді айтыңыз” деуі – ақылға сыймайтын әрекет, әлін білмей шіренетін қимыл. Колчактың тіпті, Бөкейхановтың аты-жөнін ұмысытып қалуының өзі көп жәйттен хабар берсе керек. Елемеу, ескермеу, шыбын құрлы көрмеу дейді мұны. Әйтпесе, анау чех генералы Гайдамен әңгімесіне назар салыңыз. Күші, білегі бармен қалай сөйлеседі; мұрын шүйіру, мазақ ету қайда, ибамен, сыпайлылықпен тіл қатады.

Драматург Колчак секілді аты шулы контреволюционерлер, керазу адмиралдың бейнесін жасамағанмен, характерлік кейбір өзгешеліктерді өзіне лайық бояумен көрсеткен.

Халықтың жүрегіндегі сөзді тауып айтқан тәкаппар ақыннан қашан да жендет атаулы сескенсе керек, өйткені ел махаббатының терең тамырын оңай отап бірден шауып тастау мүмкін емес. Тіпті оны көр түрме, шыңырау зынданға тастап, ит жемеде өлтіріп, кітаптарын жыртып, құртьш, отқа өртеген күннің өзіңде ақын есімінің қаһарынан қас дұшпанның зәресі ұшып, құты қашатын болады. Ақын сөзі көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын жолдармен тарап, күрескерлердің қасиетті қаруына, бой тұмар дұғасына айналмақ.

Осындай күйді кешкен Сәкен Сейфулиннің дәл алдында тұрған мынау қарулы адам - сонау кездерде бірге оқыған құрдасы Төлебай Нұралин. Райыңнан қайт, бетіңці бізге бұр, жаздым-жаңылдым деп хат жаз дейді. Осы сценадан психологиялық, идеялық жағынан өте күпггі көрініс жасау мүмкіндігін автор жете пайдаланбаған. Сезіммен, ішкі толқынмен лықсып шыққан диалоггар орнына, саяси ұрандар, үгіттік сөздер көбірек басып кеткен. Сәкен сынды ақынның өрт жалынды монологі жетіспейді.

Революцияға халық өкілдерінің белсене қатынасқандығын көрсету мақсаты әсте кейіпкерлер санын молайта берумен шешілмейтіні хақ. Драманың жанрлық талаптары ұмытылып, не мінез ашуға, не тартыс ширықтыруға ықпалы жоқ диалогтар етек алса, пьеса сәтсіздікке ұшырамақ. Ұлы Жұмабай абақтыда отырған Нүрке шалдың бір кезде қосылуларына Сәкеннің көмегі тиген Үмітжан-Есентайлардың үйінде отырып, әр нәрсені қақас жібермей, тақымдап сұрақ қоюы - қазақы мінездің бір ұшқыны, тіс қаққан шал көп нәрсені көріп, біле тұра, әдейі қырсық сауалдар тастайды. Күш жинап, қару дайындап, түрмедегілерді босатуға қам жасап жүрген басқа адамдар - Шафран, Досов. Есентайлар - бір-біріне, мінездік жағынан дараланып берілмеген.

Болған оқиға, деректерге сүйенсек, Ақмола Совдепі мүшелерінің бірталайы қаладағы абақтыда аштықтан бұралып өлген, қақаған аяз, түтеген боранда Қызылжарға жаяу айдалып кетіп бара жатып, нелер боздақ айдалада сүйретіліп қалған; Анненков вагонында тамұққа түсіп, жан тәсілім бергендер қанша. Бұл кезеңге арналған шығарма атаулыдан дәл осындай хронологиялық сабақтастықты оқиға сәйкестігін талап ету - көркемдік шарттарына, суреткер қиялына, сұрыптау еркіндігіне, жазушы мүмкіндігіне тұсау салу болар еді. Айтылмыш пьесада большевиктерді түрмеден партизандардың босатуы - автордың фактіні, тарихи деректі еркін пайдаланғандығын айғақтайды, бұл ерлік қимыл шығарма мақсатына орай заңды үйлесім тапқан.

Соңғы актіде партизандардың, большевиктердің үстем болған мерейі, көпшілік қуанышы бар. Назарға бірден іліккен кейіпкер Хамиттің көңілі кеткен қыз үшін кейде большевиктер ортасынан, кейде контрреволюционер арасынан оп-оңай шыға келуі, бұл алаяқ жүрістер ешкімнің оның бетінен қақпауы - сенімсіз нәрсе. Соңғы кездесудегі Сәкен мен Надежда сөздері үлкен ғашықтық сырларына куә боларлық, саф сұлу диалогтар емес. Тасада тығылып тұрып, көз тая бергенде Надежданы қапыда қолға түсіріп, алып қаша жөнелген Хамит зұлымдығы, сүйгенінен айрылып қалған ақын - пьесаның бұл финалы Сәкен үшін күрес, үлкен айқас алда деген ойға мегзейді. Сәбит Мұқановтың "Сәкен Сейфуллин" пьесасы революционер ақын өмірінің елеулі кезеңін бейнелеген тарихи ғұмырнама шығармалар ішінде өзінің деректі документті материалдарының молдығымен, үгіттік-патетикалық сарынымен даралананып, бүгінгі қазақ театрлары сахнасынан орын алған туындылардың бірі болып отыр.

Бұрын этностық сюжеттерге ден қойып, комедияға көбірек бой ұрған Қапан Сатыбалдиннің соңғы прозалық, драмалық шығармаларында суреткерлік ерекшелігін, стильдік өрнегін танытар қасиеттер ретінде тіл байлығы, композициялық жинақылық, түр ұтымдылығы секілді сипаттар көріне бастап еді. Осы қатарда қаралатын туындының бірі – Сәкен Сейфуллин өмірінен алынып жазылған "Жер бетіндегі ең ұзақ жол" драмасы. Автор бұл пьесада документтік дәлдік, фактілік сәйкестік талаптарынан гөрі, көркемдік шарттарын, образ мүсіндеуге мән бергендігін аңғаруға болады. Шығармаға енетін өмірлік құбылыс шеңберін әдейі тарылтып, объектіні ықшамдау арқылы бас-аяғы жинақы драма жасау мақсаты көзделген. Негізгі тартысқа қатысатын адамдар саны шағын. Қазақ ертегілерінде жиі ұшырайтын философиялық, символикалық идеясы зор барса келер, барса келмес, барса келер-келмесі белгісіз үш тарау жол туралы сарын болушы еді. Осы идеяны драматург пьеса прологіне кіргізе отырып, Омбы семинариясын 1916 жылы бірге оқып бітірген үш жігіт Федор Зирапов, Ордалы Жарасов, Сәкен Сейфуллиннің алдағы өмір жолына аттанар шақтағы көңіл күйлерімен, таңдау-талғауларымен, ертеңгі мақсаттарымен тұспал ой айтады. Көне грек трагедияларында қан-қазаның, сұмдық опаттың, күнілгері пешенеге жазылған себебі бар, ол - жазмыш, рок. Эсхил, Софокл, Еврипид шығармаларының тартыс жүйесі көбіне осы заңдылыққа бағынады. Қапан Сатыбалдин бұл дәстүрді берік ұстанып отырмаса да, драмалық конфликт сонау сардала төсінде әзіл-қалжыңға сүйеп, ойнап-күліп тұрып, таңдаған бақталайлары, қалаған мақсаттары бар үш семинаристің айқасы ретінде көрінеді.

Алғашқы сценалардағы ауыл суреттері; ойын-сауық той-домалақ қызықтарының сахналық эффектісі демесе, драматизм-диалогтердің қуаты солғын. Тұтас әрекет, үлкен арнаға ойысатын күресті, он алтыншы жылдың қанды оқиғасын драматург Федор Зиранов сұмдықтары арқылы береді.

Бұл - "Тар жол, тайғақ кешудегі" Зиранов. Драматург образдың характерлік сипатын ғана емес, кейбір диалогтерді де Сәкен кітабынан алған.



Р о м а н д а:

Өз қолыңмен қазақ өлтірдің бе, неше қазақ өлтірдің? - деді.
Зиранов күліп:


А-а-а... Өз қолыммен бес-ақ қазақ шауып өлтірдім, - деді.
П ь е с а д а:

"Сәкен. Неменеге сұрайсың? Ішің біліп тұр ғой. Неше қазақтың қанын іштің?



3 и р а н о в . Айтуға болады, бес қазақты қылышғап, екі қазақты атып өлтірдім".

Жендеттің осыны айтқанда беті бүлк етпейді. Қаншелек отаршылдың жалмауыз пиғылына салса, Оспан атаулыны түгелдей Афанасий етіп жаздырып, ел-жұртты, ата-мекенді ұмыттырып, бір шыбықпен айдамақ.

Көп шығармаларда Зиранов сыңайластар әпербақан, ұр да жық дүлей ретінде ғана бейнеленсе, Сатыбалдин реалистік бояуларға ден қояды. Шовинистік дерттен туған қазаққа деген өшпенділігін Зиранов айқаймен, таяқпен, ату-шабумен білдіру үстіне, басынан бағы тайғанда бұғып қалмай, еңбекші біткенге қарсы қайралған өшпенділіктің қара қанжарын беліне байлайды.

Жеке-дара шығып, қаптаған қалың жауды қаусата алмаған Сәкен революция таңы атып, кемеліне келіп, кер торысына мінген соң, білек сыбанып күреске шыққанда, алдында тұрған баяғы екеу: бірі - Федор Зиранов, бірі - Ордалы Жарасов.

Қира кезік, екі талай заман тынысынан хабар берерлік сценалар үшін драматург әр түрлі дауыстарды, бір-ақ рет шығатын персонаждарды, ұтымды детальдарды пайдаланғанын Ақмола базарының көрінісінен байқауға болады. Ерден шалдың алтайы қызыл түлкісін бес тиындық құны қалмаған жынды ақшаға алданып сатуы, артынан дүниесін іздеп қайта жүгіру - күлкі тудырарлық, сахналық әрекетпен берілген. Бір ұлттың өкілінің екінші ұлт тілін білмей, бүлдіріп сөйлеуі ежелден комедияда жиі қолданылатын тәсіл, тіл кедейлігі көбіне ой мешеулігінің белгісіндей болса, айтылмыш пьесадағы молла шағым айта Совдепке келгенде, орысша сөйлегенсіп әбден былықтырады. Мықтадым дегендегісі - әрбір сөздің соңына "ский" қосу. Тағы күлкі.

Әзілдік, теңдік іздеп, араша тілеген Ажарды азат ету сценасы әкенің революционерлік арынын танытар үлкен қимыл ретінде шыга алмаған. Бәкен Серікбаев пен Сәкен арасындағы диалогтердің де салмағы жеңіл, әсері әлсіз. Федор Зирановтың әкесі Сергей Зирановтың өтірік көлгірсуі, үйімді тартьш аласындар деп қипақтауы, Совдеп сырының сыртқа шашылуынан туған мазасыздық, Сәкеннің шешесі Жамалдың келу көріністерінде әрекет, қимыл-қозғалыс бар болғанымен, мінездер құбылысы, сезімдер қақтығысы пәс.

Қаһармандарды пышақпен кескендей екіге бөліп тастап, бірін аппақ, екіншісін қап-қара бояумен көрсетуге тырысатын схематизм қай жанрдың да көсегесін көгертпейтіні хақ. Драматургая табиғатының байыбына бармағандар сахнада характер даралығы айқын ашылуы шарт, кейіпкер, түптеп келгенде, бір үлкен сезімнің, көкейкесті ойдың адамы болсын деген талапты желеу етіп, рабайсыз шарттылыққа, сенімсіз әсірелеуге түсіп кететін орайлар мол. Әсіресе, жағымсыз ыңғайда алынған персонаждардың мінезінен дәйексіз, жағдайға, ситуацияға қабыспайтын оғаш қылықтар жиі кездеседі.



Қаралмыш пьесадағы дұшпан ортаның кең көрінетін тұсы -контрреволюционерлердің жасырын бөлмеде бас қосатын кезі. Езуінен арақ ағып отырған Перебойностың ірі мақсат, саяси сенім жолында басын қатерге тігуге өресі де, қауметі де жетпейді, бұл өзінен әлсізді аямай таптап үйренген қаны бұзық ұры-қар, сесі басар мықты шықса, шыбындап қоя берер сужүрек.

Кейбір Совдеп мүшелерінің кара мылтық шүріппесі қайырылып, жалаң қылыш өңменге таянған кезде тайғанақ тартқаны, бәз жандардың опасыз боп кеткені "Тар жол, тайғақ кешуде" айтылады. Солардың ішінде Божок деген де бар. Осы адамды пьесаға кіргізген драматург сатқындық психология құбылыстарын көрсетіп бере алмаған.



Шиі шығып, көмбесі ашылған Божоктың Совдеп мүшелерінің алдында ақталу сценасында рухани тартыс, сенім қақтығысы, көзқарастар шайқасына мән берілмегендіктен, құр тәжіке, жай тұқырту басып кеткен. Кімнің қолынан шықса да, Сәкен туралы шығармада оның ақындылығы көрінбесе, мол суреткерлік олжаға кенеле алмаса керек. Сатыбалдин пьесасындағы олқылықтың бірі - ақынға тән сөйлеу мәнерінің, шабытты тебіреністердің көріне алмауы, шырқап, шығандап кететін толғау, әсем монологтар сирек. Соңғы көріністе оңаша үйде өлең құшағында тербелетін Сәкен туралы сөз басқа. Асылында, қазақ әдебиетінде шығармашылық акт, дүниеге шығарманың келу процесін бейнелеу жөнінде үлкен дәстүр жасаған Мұхтар Әуезов тәжірибесі зор шеберлік мектебі іспетті. Сатыбалдин пьесасындағы Сәкеннің өәйгілі қаһармандық жыр "Марзельезаны" французша ыңылдап айта жүріп, кейін қазақ азаматтарының гимніне айналып кеткен атақты "Жолдастар" өлеңін шығару үстіндегі сезім күйінің берілісі Абайдың Пушкинді аударғандағы халіне ұқсас.

Драматург пьеса финалында шарттық әдісіне сүйенген. Шаршап қалғып кеткен Сәкеннің түсі, анасымен бақұлдау, ұрпақпен сырласу ишарасы арқылы емеурін, ой, тұспалды идея берілген. Көркемдік құралдарды қарастырып, шығарманы бағалаганда, мұндай орынды қолданылған мезгеулік мәнді тәсілдерден бойды аулақ салу дағдысын мансұқ еткен абзал. Әсіресе, бүгінгі таңда әлемдік драматургая театрдың, киноның бейнелеу принциптері екпінді ықпал жасай бастағанда, образ мүсіндеуде, идеяны айқындауға мәні мол құрал, тәсіл, амал атаулыны техникаға формаға қатысты нәрсе деп қана түсінбей, қайта осы арнада құлшына іздену - өсу кепілі.

Кейде соны тақырыпқа алғаш барған адам тұңғыш бастамасының ауырлық қиындығын мол тартқанмен, қанжығасы майланбай кететін де болады. Із салу, қазық қағу шаруасының соңында жүріп шаршап, беті қайтып, қажып қалғандықтан, екіншілей бұрын өзі көп тер төккен атырапқа жоламай кететіндер де кездеседі.

Ауызша аңыз, ел арасындағы сөзді малданушы емес, тарихи-архивтік институт бітірген маман болғандықтан жазушы Амантай Сатаев шығармаларының өзегіне зерттеп, екшеп, тапқан деректерді алады. Қазақ кино-драматургиясындағы ең алғашқы төл туындылардың бірі - Құрманғазы жайлы сценарий, Тәттімбет өмірін бейнелейтін повестер циклі, Достоевский жөніндегі әңгіме туралы осыны айтсақ артық емес. Ал, "Жол үстіндегі тамұқ" пьесасы Сәкен Сейфуллин туралы алғаш драмалық шығарманың бірі, ол елуінші жылдардың соңында жазылып, талай талқыға түсіп, әр жерге үзік-үзік жарияланып жүріп, толық күйінде "Ақын ізі" кітабында басылып шықты.



Драматург сахналық тартымдылық, спектакль мақсаттарын көбірек ойластырып, әдейі Сәкен өміріндегі бір алуан жағдайларды пьесаға арқау еткен. Асылында, "Қызыл сұңқарлар" пьесасындағы көптеген ситуациялар: Совдеп жұмысы, қапыда қолға түсу, түрме көрінісі, адамдардың мінез сипаттары – Сәкен жайлы драмалық шығармаларда көбіне сарындас, ыңғайлас келеді. Ал, "Тар жол, тайғақ кешудегі" мотивтерге соқпай өтетін, Сәкен өмірі жайлы шығарма әзір жоқ.

Азап вагонындағы тұтқындар көрінісінде үзді-жұлды әрекет болмағанмен, бір қарағанда, тұтқыр, келте диалогтарда драматизм бар. Сөздердің тура, дәл мағынасынан гөрі, мегзеулік, астарлық мәні, тұспал ой басымырақ.

Пьеса тіліне қатысты жинақталған әлем әдебиетіңдегі тәжірибе егер ретін тауып, сәтімен қолданса, иірім сырлар, шетін күйлерді бейнелеуде астарлы диалогтардың, подтекстердің қаншалықты құдіретті екенін көрсетеді.

Қаралмыш туындылардың үнемі биік талап деңгейінен шыға алмай қалатынының бір себебі - кейіпкерлер тілінің ұқсастығы, мінез қалыптарының ыңғайластығы. Автор даралау, жинақтау мақсаттарын жіті қадалаған кездерінде сәтті сценалар жасайды. Қанды-шелек Каменовпен қазақ даласынан тіміскіленіп байлық іздеген Мокстың бірге отыратын шағын драматург жағдайға лайықты бояулармен өрнектеген. Патшаға бас ұрып, қайда айдаса, сонда итпектеп тарта беретін, қара мылтық, жалаң қылыш, көкірегі соқыр офицер Каменов азғындаған, іріп-шіріген, тозған моралінен хабар береді. Қолында кішкентай да болса билік тұрғанда, көзіне қан толып, ешкімді елейтін емес, әсіресе, Сәкеннен жауап алғанда, жалмауыз пиғылы әбден ашылады.

Ақын ізімен, "Тар жол, тайғақ кешудегі" суреттелетін жерлерді түгел шарлап шыққан. А. Сатаев Сібірде басылған газеттерді, Омбы қазыналарын ақтару арқылы қазақ революционерлерінің, Арқа азаматтарының ерлігін паш ететін мол дүниелер, көптеген тарихи деректер, сирек архивтік материалдар жинақтаған.

Революциядан бұрын әр түрлі мектептерді, тіпті жоғары оқу орындарында тәлім алған кейбір жастардың басындағы рухани трагедия өзі туып өскен ортаны ұмытьш, патриоттық сезімдерді мансұқ етіп, шен-шекпен, байлық іздеп кету дерттерінің ұшқынын "Жол үстіңдегі тамұқ" пьесасындағы Сәндігүл Жапаққызының бейнесінен көруге болады. Оқиғаның оқшаулығына, тым ерекше жағдай екендігіне дау айтылса керек, бірақ өнер заңдылығы сандық көрсеткіштен гөрі сапалық белгіні құптайды ғой. Мінез-құлқы, айналасына көзқарасына келсек, Сәндігүл буржуазиялық ортаға лайық жан, аямастығы, тас жүрекгігі Бальзактың әйгілі романындағы әкесін қара жерге отырғызып, сан соқтырып, қаңғыртып тастап кеткен безбүйрек қыздарға ұқсас.

Есімдері ғана бөлек, бір-бірінен даралығы шамалы кейіпкерлерді автор жинақтап, ірілендіргенде абзал болатын еді. Сәкен өлеңдерін пайдалану, хорды кірістіру, би арқылы берілетін түс сценасы, революциялық әндер - бұлардың баршасы режиссерді жақсы шешімге өзі жетелеп тұрған нәрселер. Қысқасы, А. Сатаевтың "Жол үстіндегі тамұқ" пьесасы әлі де жөнделіп, шеберленіп, ұшталса, қазір театрларымыздың сахнасында қойылып жүрген өзі тақырыптас пьесалардың қатарында аяғын нық басып, бір деңгейде тұра алатындығына біздің сеніміміз кәміл.

Әдебиетімізде тарихи-революциялық тақырыпта бейнелеу арқылы қаһармандар, күрескерлер образын жасау тәжірибесіне көз жүгірткенде бір объекті хақында әр жанрда жазылған әлденеше шығарма бар екендігін көреміз.

Рас, бұлардың әрқайсысының мақсаты, көркемдік дәрежесі, идеялық нысанасы түрліше шығуы заңды құбылыс.

Поэзияда Сәкенге бағышталған өлеңдерді былай қойғанда, сүйекті шығармалардың өзі көбейіп қалды. С. Сейтқазиннің «Біздің Сәке» поэмасы «тар жол, тайғақ кешудегі» белгілі оқиғаларды қайта жырлап айтып береді, оқыс табыс, көркемдік олжа сирек. Ақын өмірінің трагедиялық финалына байланысты сол дәуірді жақсы білетін арқалы жыршылар Асқар Тоқмағанбетов пен Қалижан Бекқожиннің поэмаларында жүректі сыздататын ауыр күйлер шертіледі. Облыстық театрда қойылған Әлжаппар Әбішевтің «Сәлем, Сәкен аға» пьесасында батыл айтылған нәрселер, ойға қалдыратын жайттар, жария болмаған сырлар бар.

Прозадағы жақсы үлгі – Ғ. Мүсреповтің «Кездеспей кеткен бір бейнесі», ал деректі негізі, документті арқауы берік С. Талжановтың «Сейфолланың Сәкені», Т. Кәкішевтің «Қызыл сұңқары» сияқты шығармалар көркемдік шарттарынан гөрі ғұмырнама талаптарына көбірек бағынады.

Пікірді қорыта сөйлесек, Қазақ әдебиетінде әлі Сәкен Сейфулиннің өмірдегі асқақ, өр, романтикалы тұлғасына пара-пар, иықтас келер көркем образы, сырлы бейнесі жасалмағанын көреміз. Бұл орайдағы сан алуан туындыларға ортақ олқылық – олар негізінен «Тар жол, тайғақ кешу», «Қызыл сұңқарлар» секілді ақынның өз шығармаларындағы деректерден, сарындардан, бейнелерден ұзап алысқа шыға алмауы. Варияция жасау, әуендесу, аз-кем өзгертулермен өнеде зор кеніш, мол ырысқа жету әсте мүмкін емес. Революционер ақынның поэзиясына лайық, соған деңгейлес отты монологтар, жан жүйені босатар психологиялық тебіреністер жасау шеберлігі кемшін.

Тарихи тақырыпты игеруде мол тәжірибе жинақтаған қазақ әдебиетінің бүгінгісін сарабына, зерттеу айнасына түсетін күрделі проблемалары мол.

Тырнақалды туындысынан бастап қазақ драматургиясы ең көп қозғаған, ерекше сөз еткен тақырып - әйелдер мәселесі. Алғашқы «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Бақыт жолында», «Күндеспейтін қатындар», «Алтын сақина» секілді пьесаларда бас бостандығы жыр етіліп, қалыңмал кесапаты сыналса, «Қарагөз», «Ақан сері-Ақтоқтыда» жүректі қыздардың романтикалық, асқақ бейнелері жасалған. Қашан да қазақ драматургтерінің назарына әйел, апа, қыздар тыс қалмаған.

Өмірде негізі, дерегі, нұсқасы, ізі бар кейіпкерлербір төбе де, тарихи ісі белгілі, халыққа еңбегі, аты мәлім даңқы мәшһүр адамға байланысты жасалған образдар екінші төбе. Бұл тұрғыдан Әбділдә Тәжібаевтың «Майра» драмасы тарихи-ғұмырнама пьесалар ішінде түп қазық қаһарман етіп әйелді алуымен ерекшеленеді.

Пьеса жазуға отырмас бұрын драматург көп жайттарды зерттеушінің көзімен екшеп, сұрыптап алуы қажет еді.

Зады ескі қазақ аулының жағдайында талай нәрсе қағазға түсіп, тасқа басылмаған соң, дәлдіктің алдына лақаптың, шындықтың алдына аңыздың шығып кетуі салдарынан ақ пен қараның жігі қосылып, соқыр сүрлеуге сүйреп жөнелер шақтар мол болған. Әркім өзі шыққан төбенің биік көрінуін көксеп, әр ру шошайтып жеке найза көтерген, бес ауыл алты жерге от жаққан ырың-жырың заманда басқаның істеген ерлігін, айтқан даналық сөзін, жасаған жомарттығын оп-оңай иемденіп, меншіктеніп, бауырға басып алу дағдысы аз кездеспеген. Кең сахараның өзен-көлін, тау-тасын қойын қолтығын жайлаған, шашырай қоныстанған халықтың кәрі құлақ, ескі көздері әулетіміздің мерейі үстем болсын деді ме екен, әйтеуір Қарақыпшақ Қобыланды ерлігін, Қаз дауысты Қазыбек сөзін, Абай даналығын өз аталарының біріне теліп, қосақтап отырған. Содан шығар, күні бүгінге дейін кейбір толғаулардың, көкейкесті күйлердің анық иесі кім екенін дәлдеп айту қиын. Сол сияқты ел ішінде жауыққан, өшіккен дұшпандары жақсы адамдарға сыртынан ғайбат айтып, өсектің өртіне от құйып, шаланы бықсытып жүруді бір тәсіл көрген, тұлпардың сүрінгенін – мертіккені деп, палуанның мүлт кеткенін жығылғаны деп, әншінің қарлыққанын – біткені деп ұққан.

Қазақ тарихындағы белді қайраткер, көшелі кісі санаттағы адамдар жайлы қалам тартқанда рулық, феодалдық қарым-қатынастар қырсығынан туған мұндай психологиялық жағдайларды әсте естен шығармау керек. Творчестволық тәжірибедегі үлкен парасаттылық, зор зерттеушілік бірлігіне қоса Мұхтар Әуезов Абай жайлы шығармаларында суреткерлік ерлік қана жасап қойған жоқ, ұлы адамның ғұмырына қатысты тарихи деректерді, дәлді фактілерді, нақты материалдарды, аңыздарды, әр түрлі сөздерді сұрыптап, екшеудің , тазартудың классикалық үлгісін көрсетті.

Аты шулы әнші, атақты композитор, Сарыарқаның сүйіктісі болған Майра Уәлиқызы жайлы пьеса жазғанда Әбділдә Тәжібаев ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов сабақтарын ерекше есте тұтқан. Капитализм әсері молая түскен, Ертіс бойлап жүзетін кемелер ел өміріне ықпал жасаған шаһарда өмір сүрген Майра сынды табиғаттың бар сыйын ала туған, асылзаданың соңынан өсек-аяң, күбір-сыбыр ергені рас. Бұл орайда музыка зерттеушілері Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, жазушы Сапарғали Бегалин Майра басындағы семьялық ауыр жағдайларды жасырмай, оның моральдық тазалығын дәлді факті шын деректер арқылы әділ тұжырымдап айтқан.

Өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбегіндегі құнарлы ойларды, бағалы байламдарды бек асыра отырып, Әбділдә Тәжібаев Майра өмірінің драмалық шығармаға өзек болатын ұтымды кезеңін сәтті таңдап алған. Тек ғұмырнама шарттарының жауап берерлік, хроника ізін қуып отыратын, фактілер сәйкестігін ғана құнттайтын дүние емес, әлеуметтік тартыс арнасында ашылған характерлер жасау мақсаты ескерілген.

Аңғарып қараған кісі Майра ғұмырынан талай ауыр соққылардың, қайғылы халдердің ізін көреді. Алғаш тұрмыс құруының өзінде көп жылаулы күй кешіп, Баянаулдың керазу, алапаты алты алашқа тегіс жайылған жуан жері Шорман аулына келін болып түседі. Сұлу, жас қалпымен тоқалдық күн кешудің небір сорақы сұмдықтары, ескі дәстүрдің басқа соғып, аяққа тепкен қатал заңдары, күйеуі Зәржан өлімінен кейін туған қаласына, төркініне кетіп қалу, жігін ажыратып, психологиялық құбылыстарды бажайлап, идеялық нысана берсе, бұл да бір драмаға арқау боларлық жайттар.

Пьесаның алғашқы көріністерінде ос айтылмыш оқиғалардың зардабы күйік-қасіреті алға тартылады. Аяңдап жүрп, айран ішкен, шегесін қағып, балғасын тақылдатып тамағын тапқан момын тірлігі бар етікші Уәли, ордалы жерге жерге құда болғанды өзінше бу қылатын, әйелі Зәре көңіліндегі қыжыл демесе, үйіне қайтып келген қызы Майраның бағы күйіп, бақыты өртеніп бітті деп санамайды. От басындағы біраз ауыз күңкіл сөзден осындай аужай аңғарылады.

Бетіне түгі шығып, қаны қарайып, кекпен қайнап келген Тайман сөздері тыныш жатқан көлдің астан-кестеңін шығарған жынды дауылдай әсер етеді. Кетіп қалған келіні Майраны қуа жетіпті қайын атасы.

Былық-сылыққа, сөз бұдаға, мәмлеге тоқтар сыңайы жоқ, пұлы төленген дүниенің құнын, ақысын іздеген бітіспес безбүйрек даугердей. Өз дегені болмаса, мұндағы жұрттың қазан-ошағын шағып, шаңырағын ортасына түсіріп – мал-мүлкін, ата-қонысын түгел өртеп кетпек. Бұл кесепатқа қарсы тұрар кім бар?

Ең алдымен Майра бар. Сыпайы, ибалы қалпының өзі жойқын күшке зор тосқауылдай. Ретті сөзін қысылмай-қымтырылмай, мірдің оғындай етіп айтады. Драматург контраст, кереғар орайларда алынған кейіпкерлер сөздерін даралауды жақсы құнттаған. Салғаннан Тайманның ұр да жық, сал сойылдығы айқайлап, өрекпіп келген кескінінен танылса, Майраның мақамында ақылдық айшықтар, кестелі өрнектер, толқынды ырғақтар бар.

Әуелі әрекетті сценада негізгі қаһармандар түгел сахнаға шығады. Дәулетті, оқыған жігіт Дүрбіттің аяқ алысы дала бөрісінің тасыр-тұсыр айқай-шуынан бөлек әр қияға із тастаған жымысқылықпен екі жақты да разы етпек. Тайман сойқандықпен сахарада еркін қамшы сілтегенмен, қала бұл тойтаңды көтермейді. Әлекедей жаланған, білек сыбанып тұрған жігіттері бар Мұрат анау.

Ашық майдан, еркін күрес емес, бір-біріне доңайбат шеккен қарсыластар шекісіп қалып, кері серпіледі. Енді кездескенде, қанжығада кездеспек.

Тарихи тақырыпты бейнелеуде қазақ әдебиетінде қалыптасқан, әбден орныққан жемісті дәстүрлер бар. Үлкен тұлғаның қара басындағы кездейсоқ жайттарды, болымсыз кемшіліктерді қазбалап, шұқып тауып алып, соны дабырайта өсіріп, алып-қашпа, желөкпелер талғамына орайластырылып жазылған сенсациялық, әңгүдік шығармалар реализм жайлауында ешқашан отау тіге алмайды. Дара қаһарманды тудырған әлеуметтік орта, қоғамдық жағдай, кейіпкерлер психологиясы, характерлер құбылысы арқылы бейнелі, сырлы күйді суреттеуі шарт. Тіпті алыс замандар шындығы шертілсе де, проблеманың бүгіндік мәнін, актуалдық маңызын жадынан шығарып алса, жазушы қапы соқпақ. Тарихи ғмырнама туындыларда белгілі қайраткер, көрнекті тұлғаның өмір өткелдерімен халық мұңын, халық күресін, халық арманын астастыра көрсету көкейкесті мақсаттың бірі болуы заңды талап.

Әншілік, композиторлық секілді асыл қасиеттері, табиғат берген қымбат сыйларының үстіне, Майраның өз тұсындағы қазақ қыздарынан дараланып, оқшау көрінетін туған, өскен ортасының, тәлім-тәрбие алған мектебінің бөлекше жағдайлары орыс, татардың прогресшіл мәдениетімен етене араласқан қаламен, ойын-сауықтың, ән-күйдің ордасы болған Ертіс бойымен сабақтасып жатыр.Пьесадағы оқиғалар өтетін орындар Майра тірлік кешкен уақыт тынысын аңғартады. Серуенге шығуды сылтауратып, әдейі капитан Мұраттың кемесін жалдап алған Дүрбіт қарсыластарын қанды қақпанның үстінен бірақ апарып түсірмек.

Өзен үстінде көп сырлар жария болды. Қас дұшпанын өлтіріп, каторгаға барып қайтқан Мұраттың ендігі ақыл-ой, күш қайраты күрес жолына бағышталған. Мүсіркегендей кекесін кейіптегі Дүрбіт Мұраттың большевиктермен байланысын білетіндігін, әйтсе де ер жігіттің басын ажалға қимаймын дегендей сыңай ұқтырады. Тайталас ушығып кетпей, басқа жайға ауысқан. Майра – Дүрбіт қысылтаяң, тар кезеңде көкіректерін ұзақ уақыт қысып, жүрктерін сыздатып келген шерлерін ақтарады. Орамды тіл, ыстық лебіз сүйіспеншілік тебіреніске лайық толқынды ырғаққа ауысады. Назды сұлу, батыр жігіт бір-бірінің жолында жанқиятын қабақ танытады.

Екінші жерде қымызшының қызы есіл Айбарша зар илеп, көзінен жас төгеді. Ақ тілеумен оң сапарға аттанам ба деп етегінен ұстаған дүрбіт кеудеден итеріп тастап кетіп барады. Ыстық ықылас, жылы шырай, қымбат сыйлық мұның баршасы қызылшыл мырзаның тояттанғанша ғана жасайтын айла-шарғысы екен. Алды артына қарап, төбеге шығып, төңірегіне көз салып үлгірмеген бой жеткен бақытын күйдіріп отырған сұлулық патшасындай Майра ма деп арандап қалған. Енді бақса, қызғалдақты бір иіскеп, мауқы басылған соң, лақтырып тастап, таптап жүре беру Дүрбіттің ежелгі машығы сияқты. Жоқ, кек жолында атылатын Айбаршада оқ бар шығар.

Осындай психологиялық тартыстар жүріп жатқанда, өзгелерден оқшау тұратын екеу: бірі адвокат Ақаев, екіншісі – жасырынып жүрген большевик Александров. Бірақ аса маңызды әлеуметтік топтардың өкілдерін, бұл екеуін драматург әрекет үстінде, өздеріне лайық мінездік сипаттарымен бере алмаған. Драмадағы характердің мәніне байланысты, айтылмыш пьесадағы кейіпкерлерге қатысты бірқыдыру пікір түюге болады. Қосақ арасында жүрген Бақтияр бейнесін алыңыз. Қазақ даласында аранын ашып кіре бастаған капитализмнің бұрын сахара естіп білмеген сұмдығының бірі маскүнемдік еді. Бақтияр осы кесапаттың алғашқы құрбандықтарының қатарында. Сау кезіндегі сөздерінде ашу-ыза, кек бар. Ішіп кетуінің өзі әділетзіздікке, жауыздыққа қарсылығы секілді. Әзілге, қалжыңға бұрып айтса да, әрқашан астарда зіл, мысқыл жатады. Айбаршаның шындықтың бетіне тайқақтамай тура қарауына себепші болған осы Бақтияр. Сахналық әрекеті актер ойынында жанданып сала беретін персонаж.

Арамдықпен жарға жығуды көздеп келе жатқан Дүрбіт сұмдығын күні бұрын білген Мұраттардың кемені жағаға жеткізбей, әдейі қайырлатып тастауы енді өрши бастаған тартысты бұрынғыдан күшейтеді.

Жеке бастың мұң-шері, қылтың-сылтыңы, әлеумет күресінен жырып алынған оқшау күйлер реалистік драмаға арқау болмайтынын жақсы пайымдаған Тәжібаев қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің революцияға ұласқан сарындарын «Майра» пьесасында ұтымды көріністермен бейнелеген. Бағзы туындыларда көпшілік сценаларын айқай-сүрең, балық үлестіріп жатқандай даурыққан даңғаза шу басып кетеді. Негізгі тартысқа қабыспай тұратын бөлек-салақ эпизод пьесаның композициясына ақау келтіреді деп қайыру жеткіліксіз сөз, бұл ең алдымен мазмұн шалағайлығына, идея осалдығына сүйрейді. Ықшамдық, бірегейлік, тұтастық жоқ жерде сәтті шығарма тумақ емес.

Кемедегі серуен аяғы сергелдеңге айналып, аралары кереғар алшақтай түскен бір жағы Майра, Мұрат, Александров, екінші жағы Дүрбіт, Таймандар өз ойларын, серт уәделерін іске асыру үшін қан базарға маңдай тірейді. Ертең заман ақыр, дүние күйрейді, бүгін асап қал, күліп қал деп қақсап жүрген жаршы қаперінде ештеңе жоқ.

Бал татыған сары қымызбен көп көңілін тауып, сыйлы кісі қатарында жүрген Үрия қызы Айбаршаның басына қандай бұлт үйіріліп жүргенін сезбейді.

Бұл сценада әрекет, қимыл, динамика мол. Назарға бір кейіпкерден кейін екінші кейіпкер ілінеді. Найзағайлы жаңбыр алдындағы аспан қабатының бұзылуы іспетті құбылыс еске түседі. Перде ашылған шақта момын Уәлидің шаңын қағып, езуінен көбігі аққан, бураша шабынып кеткен Тайман тағы келеді, жұлынып. Бұрынғы, бұрынғы ма, қара енді сұрына. Қарашы.

Сойқынды содыр қазақ рәсімінде жоқ сұмдыққа басады. Жастарының қолынан келмесе, анау Майраны, келінімді өзім қатын қыламын деп салады. Бұл аз көрінсе, Майраның басын көзін бақырайтып тұрып тірідей, тоқты –торым, Жабағы-байтал сатқандай саудаға салады. Кәне, кім бар, кеше қалыңмалын төлеген Майраның қайын атасы Тайман бүгін сол келінін өз пұлына қайта сатады. Кәне, кім бар? Ақшаны санап бер де, қас сұлуды құш.

Дүрбіт бар екен мұндай саудаға. Осы сәтте ана жүрегін дұшпан оғы тесіп өтіп, қайнаған кек қарғыс боп ақтарылады:

Адам емес, төрт аяқты хайуанның сорлысы бол,

Ботаң өліп, боздап өт. Лағың өліп, маңырап өт.

Қойға айналсаң, қасқыр жесін қозыңды,

Ал қасқыр болсаң, өз күшігіңді өзің же.

Үйің күйсін тіріде,

Молаң жансын өлгенде.

Бір кезде Тайманмен құда болғанын дүние тұтқасын ұстап, пейіштің ішіне кіргендей көрген пұшайман Зәрудің қорлық жер-жебіріне жеткенде, сол Тайманға айтқан сөзі. Сүйектен өтетін, атқан оқтай, алмас қылыштай орып түсетін қарғыс. Бұдан кейін іле-шала айтылатын өлең толғау, сарып үлгісімен жазылған. Майра монологінде жалын бар.

Драматургтің жағымды идеалының бірі – Майраның сүйген жігіті күрескер ретінде алынған, Мұраттың іс-әрекеті үнемі биік деңгейден, қалаған жерден шыға бермейді. Соның салдарынан оның психологиялық құбылыстары, мінездік ерекшеліктері, характерлік сипаты айқын дараланбаған.

Ақтар қашып, қызылдар бел алғанының хабары естілісімен әркім әр қиырға тартады: адвокат Ақаевтің қайда барары белгісіз. Дүрбіт іштей тас түйін, қан құйлы Тайман атысқанмен атыспақ, шабысқанмен шабыспақ, шамасы келсе, шетке қашудан да тайынар сыңай жоқ.

Пьесаның соңғы актісіндегі тартыстың аумағын драматург әдейі шағындап, оның есесіне кернеудің күшейе түсуіне мән берген. Тобынан жырылып, ен далада, қақаған аязда, қараңғы түнде жапа-жалғыз ұлып қалған көкбөрінің жағдайына түскен Дүрбіттің ұзақ монологінде драматизм бар. Көзіне қан толып, әбден шеттігіне жетіпалған сыңаймен өзі кешкен тірлік соқпақтарына асығыс көз тастайды. Басқа сарын түгел өшкен кеудеден. Екі-ақ нәрсеге жауап іздейді: нені ұтқан, нені ұтқызған? Өмір – сауда. Өмір – айырбас. Осылай деп қана ұғады Дүрбіт. Кекті серттің, қанды тілектің сайған жері мынау-ақ: «Көзін тесем, қан ағызам мөлдір жастың орнына. Құлағын кесіп құнтитып, құ сәулетін берем. Сонда Майра бұлбұлымдай сайрайды. Зар төгеді алдымда... күрсінеді, еңірейді... Әр тал шашы біртндеп көз алдымда ағарғанын көремін, жүзіндегі, көзіндегі нұрының тоналғанын көремін. Бұдан артық рақат қайда, ләззат қайда мен үшін».

Қанды кекпен құтырып алған Дүрбіт ақша беріп, қайда жіберсе де сонда баратын, не тапсырса соны істейтін Батталды жұмсап, Майраны алып қашып әкелгізеді.

Қарама-қарсы екеуі тұр. Бірінің дәулетінен, билігінен айырылып, басынан бағы кеткен, екіншісінің күні туып, айы шыққан, заманы енді күлген. Бірақ дәл қазіргі сәтте Дүрбіт қолында күш бар, Майра тұтқын. Ерегес, кекесін кейін сырылып, зорлықтың қамшысы сілтенеді. Енді үзіліп кетердей халге жеткен Майра туған жерімен қоштасуға, өмірімен бақұлдасуға мұрсат сұрайды. Майра сөздерінде сабыр, естілік бар. Қазақ тұрмысында ежелгі дәстүр ұзатылған қыздың қоштасуы, дүниеден көшіп бара жатқан ер-азаматтың ақырғы сөзі. Кемпірбай ақынның жан тапсырар сәтте: «кеудемнен көгала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін кәрі жолдас өлең білем,», - деген жолдарында сиқырлы сурет жатыр. Әуезовтің ұлы трагедиясындағы Еңліктің туған жермен, ата-анамен қоштасу монологінде адамның ет-бауырын елжіретіп жіберер айрықша күшті сезінбеу, талғамсыздық болар еді. Тарыққан көңіл, қамыққан, қан жылаған жүрекпен Майра тіл қатады:

Қаз табаным тұңғыш тиген боз топырақ,

Ұзақ сені баса алмадым, ұзақ өмір сүре алмадым...

Кетті деме ерте тастап, сен кешір,

Күн жылы едің, мейірімді едің,

Құғатып ең көз жасымды сан рет...


Жыр салушы ең, ән салушы ең аузыма

Тастап кетсем, сен кешір.



(Баттал көз жасын сүртеді).

Жоқтамаңдар, жыламаңдар, ата-анам,

Аз жасасам айыпты емен.
Қысқа өмірді қиянатта өткіздім,

Сөйтіп жүріп шаршағанға әл бердім,

Мұңлы мекен қайғылыға ән бердім.

Мезгілімнен ерте сынсам амал не?

Қалыпты қазақ өлеңіндегі ұйқас жасау тәсілдері бұл жерде жоқ. Дыбыс қайталау, ырғақ егіздеу, шумақ мөлшері арқылы әуезділік монологті толғау, ақ өлең үлгісіне жақындатады. Драматург басқа орайда емес, әдейі мақсатты түрде Майраның өнерпаздық тұлғасына лайықтап, оның сөздерінде осындай толғау, сарын нұсқаларына етене айшықтарды қолданады. Қазақтың көне поэзиясында ерекше нәрлі жемістер берген ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора мүмкіндіктерін қайта тірілтуге күш салады.

Драма финалында Тайманның Бақтияр басын шабуында, Айбаршаның Дүрбітті атып өлтіруінде логикалық қисын бар. Бұлардың қай-қайсысы да характерлер табиғатына сыймайтын, автор зорлап жасатқан қадамдар еместігі айқын. Бірақ пьеса соңында өлім-жітімді тым көбейтіп жіберген драматург сол ситуацияялардағы психологияны, трагедияны байыпты көрсете алмай қалған. Диалогтардың ішкі қуаты –астарлы мәнәінен гөрі – кейіпкерлердің бір-біріне кіжінуі мол.

Әбділдә Тәжібаев «Майра» пьесасында қазақ драматургиясының тіл мәдениетін көтеруге күш салған. Халықтың әр түрлі өкілдерін өзіне лайық айшықпен сөйлету сахналық өнердегі қиын талаптың бірі. «Етікшіден құда, өрмекшіден құдағи табу», «Аспандағы аруақ сасқанда ауызға түседі, «Майра» - мыңның қызы», «Қорықпаған кісі қорқыта да алмайды», «Қалаға атпен келіп, табытпен қайтқан аулына», «Кәрілікке бәрі сән емес», «Атқа таға бол, егіншіге орақ бол, әйтеуір, темір болу керек», «Әр сапардың әрі бар, көңілдің өз зары бар, толғағы жеткен ой туса, қолқасыз да айтыла береді», - осы алуандас шебер оралым, өткір тіркес мақал-мәтел поэтикасына жақындығымен көз тартып қоймай, жүрекке жол тауып, көкейге қонады, есте қалады. Майраның ең соңғы монологінің көркемдік сипаттарына зер саларлық ерекшеліктері бар:
Көл-көсір жастың ең ақырғы тамшысын,

Сығып ал да сүр көзіңді, Айбарша.

Жығылмасақ, жоғалмасақ кеше біз,

Азабына отты тамұқ шыдасақ

Жығылмаймыз қашан да
Есіңде ме менің күйім қандай еді,

Күн сайын бір зілдей салмқ төбемнен

Күйретердей төніп келіп қалатын,

Молдалардың сарнап айтқан азаны,

Тар қабырға шақырғандай болатын.

Сондай тұста сүрінгенім –

Табыт па деп қараушы ем,

Алар демім қанша екен деп қараушы ем...

«Айбарша» - шыдасақ», «қалатын-болатын», «қараушы ем – санаушы ем», «жығылмасақ-жоғалмасақ» мұндай толымсыз, сезілер-сезілмес ұйқастар ақын Тәжібаев өлеңдерінде сирек ұшырасады. Әрине, бұл жерде сыналастыра, кіріктіре, жымдастыра ұйқастыру қиын шаруа емес, негізгі авторлық мақсат толғау үлгісіндегі драматургияның әлемдік шедеврлеріндегі жауһар монологтерге сарындас түйдек сөз, көсем сөз жасауға ауғандықтан ой ағымы буын санының біркелкі қайталануынан шыққан ырғақпен беріліп жатыр.

Драматургиядағы тарихи-ғұмырнама пьесалардың ішінде таетр сахнасында орныққан Шахмет Хұсайыновтың «Біздің Ғани» («Алғашқы ұшқындар») драмасы бар.

Дүниеден қыршын кеткенімен халық тарихында үлкен із тастаған тамаша азамат – Ғани Мұратбаев жайлы шығарма тудырудың қиындығы жоқ. Ол публицистикалық мақалалар жазып, аударма жасаса да, өзі туралы, істеген қызметтері жөнінде мемуарлық сипаттағы нәрселер қалдырып үлгірмеген. Қайнаған істің, революция от-жалынында, жаңа заман үшін күрестің қызу ортасында жүріп есіл өмірі аяқ астынан қиылатынын сезбеген де секілді.

Советтік Түркістан комсомолының ардагер азаматы, көрер көзі, сөйлер тілі болған Ғани Мұратбаев жайлы оның бұрынғы шәкірті, ізбасар інісі, өзі де тіршіліктің небір соққысын көрсе де мойымаған мықты адам – Жүсіпбек Арыстанов «Жалынды жүрек» атты деректі повесть жазса, журналист Сейілхан Асқаров бұрын көпшілік назарына түспей архив қойнауларында жатқан қызықты фактілерді тапты.

Салыстырып қарағанда, Ш. Хұсайынов пьесасының өзегіндегі материалдар айтылмаш повесть пен очерктер циклінің ішіндегі деректерден көп алшақтамайды.

Пьесаның композициялық бітімінен бүгінгі сахна талаптарына ден қою мақсаты көрінеді. Бір кезде жалаң аяқ, жалаң бас, үйсіз-күйсіз кезбе болып жүрген, кейін Ғани қамқорлығы арқылы ел қатарына қосылып, кісі ретіне келген жастар аз емес-ті. Бұл орайда, ақын Өтебай Тұрманжановты, профессор Бейсенбай Кенжебаевты, журналист Жүсіпбек Арыстановты айтса да жеткілікті. Пьесадағы Асанбай, Көпболдар осындай адамдардың тағдырын еске түсіреді.

Драмалық әрекет Асанбай мен Көпболдың театр залына жиналып отырған бүгінгі көрерменге, жаңа толқын, жас қауымға айтқан сыры, Ғани жайлы естелік әңгімесі түрінде беріледі. Ақын Леонид Мартыновтвң бір өлеңінен туып кеткен ой өрбітіледі.

Романтикалық сипаттағы жанды, ғибратты ғұмыр кешкен күрескердісахнаға шығарғанда, фактілерді сұрыптау, деректерді екшеу оларға авторлық идеал тұрғысынан баға берудің мәнін күшейте түспек. Жеке құбылыстардың арасындағы байланыстарды ашу, заңдылықтарды табу, сырт көзге түсініксіз жайттарды ұғу – жазушының ең алдымен зерттеуші ретінде басын ашып алатын істері. Бұдан кейін өмір шындығына қиянат жасамай, бірақ әсте фактография, схематизм, штамп жетегінде кетіп қалмай, көркемдік заңдарына лайықтап бейне жасау қамы басталмақ.

Осы процесті қаралмыш пьесаданда көруге болады. Ғанидың балалық шағы, өскен ортасына байланысты белгілі деректерді драматург пьесаға түгел енгізуді қажет санамаған. Алғашқы көріністе өз шаңырағына келуі драмалық әрекетті сабақтап әкету үшін оңтайлы табылған.

Қашан да ата-ана үшін, ауыл-аймақ үшін кешегі тұлымшағы салбырап, мұрнынан су ағып, шауып жүрген бала-шағаның соқтауылдай азамат боп кетуі тез сендіре қоймайды. Көген көздің бірі емес, көшелі ксі санатына қосылып, ел тізгінін қолға ала бастаса, бұған да оңай ет үйрене қоймайды. Кім білсін, кейін аспан зәулім бойлап өсіп, көкке құлаш ұратын алып бәйтерекпен мыртиып, тырбиып қалатын итсигектің шыбық қатар тұрғанын есеп қылатын шығар, мұндарлар.

Жаңа төлдің басы Ғани сынды азаматтың өз аулында қарсылық көруі - заңды нәрсе. Өзгені былай қойғанда, ескілік көлеңкесінде өскен шешеге байдың малын алып, кедейлергеүлестіру, еркек пен әйелді тең ұстау, қыздарды оқыту дегендер құдай жолынан қиыс тарту көрінеді. Жалғыз ұлының жолында отқа күйіп, суға батуға дайын, құрбандық болып тозаққа кете беруге әзір ана махаббаты мен сүйекке қанмен сіңген әдет-ғұрып қалыптастырған пиғыл, сенімнің қақтығысы бейнеленсе керк еді, драматург бұл жағын ескермеген.

Жетім баланың жақсы талабын танып, кейін бір кәдемізге жарар екен деген ниетпен болар-болмас қайырым жасаған Байғани, оның бәйбішесі Халима заман қабағы бұзылған мынандай күнде Ғани қолтығына кірмек. Бұл сөзді Ғани тыйып тастайды.

Оңай майысып, тез жапырылып, бұғып жатып қалар боркемік емес Халима. Майға бөккен балбөксе, сасық байлықпен шіріген әлжуаз емес, ұстаған жерінде қолы, тістеген жерінде тісі кететін адуын, ауыздыға – сөз, аяяқтыға – жол берместей екпіні бар.

Пьесаның тартыс жүйесінде Халима атқаратын іс мол. Ғанидың шешесінің қолында өскен жетім қыз Күлпәштің басын шырғалау арқылы көп еркектің еркектің арасына лаң салады. Біреулер үшін Күлпәш дәні толып пісіп, сабағынан үзілгелі тұрған, енді ауызға тастай салатын жабайы алма, Ғани үшін әділетсіздік тырнағында көзінен жасы сорғалап зарлай кетіп бара жатқан пұшайман. Екі жағы да аянып қалмас енді.

Драматург Ғаниды заманына лайық әлеуметтік ортада, тартыс арнасында бейнелеуді мақсат тұтқан. Асанбай, Көпбол секілді жетімдерге қамқорлығы, Күлпәш азаттығы үшін жанын салуды революция жеңісін баянды ету жолындағы саналы күресінің тармақтары болып көрсетіледі.

Далада опа таба алмай, Ташкент келіп, базар кезіп, сауда жасап жүрген Халиманың маңында оқығандарды да көреміз.

Революциядан кейінгі Советтік Түркістан жағдайында туған әр түрлі ағымдар, платформалар бір күнде жойыла салмағаны тарихтан жақсы аян. Бұл күреске талай адамдар тағдыры шырғалаңға түскен, адасулар, күйреулер, не сан тұман айығып, шалқар айдынын тапқандар қанша. Қазақ әдебиетінде осы кезеңнің қат-қабат шындығын реалистікпен айқын бейнелеген кесек шығарма әлі дүниеге келген жоқ. Өте күрделі әлеуметтік құбылысты, содан туындаған психологиялық шырғалаңдарды, философиялық сарындарды атүсті сөз арасында, бірер эпизодпен шолақ, келте қайыра салуға әсте болмайды.

Патша заманында оқып білім алған, отаршылық тепкі, нәсілдік езгі жер-жебірлеріне жеткен қазақ зиялыларының басым көпшілігі Октябрь революциясын құшақ жайып қарсы алды. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов сынды азаматтар социализм үшін алысқан күрескерлердің алдыңғы сапында жүрді – бұлар хақында мадақ жыр айтылсын, адасқандар, жат бауыр болғандар, дұшпан тобына қосылып кеткендер трагедиясы – үлкен талант қаламына ілігер батпандай ауыр тақырып.

Ғани Мұратбаевпен белдесіп жүрген қарсыластар ішіндегі екеуі зиялы: бірі – жас жігіт Саржан Үңгібаев, екіншісі – жер ортаға келген Ділда Табынбаев, Саржанның есіл-дертін, жан-тәнін билеп алған, көкейін тескен идея біреу – ол түркі тілдес елдер бірлігін құру. Россиядан бөлініп, жеке дара мемлекет болу. Саяси күрес диалектикасынан, қоғамның даму заңдарынан жырақ жатқан ойға берілген Саржанның авантюрадан да қашар түрі жоқ.

Драматург Саржан мен Ділданың мінездік ерекшеліктерін, психологиялық құбылыстарын ашудан гөрі, олардың аузына идеологияға, саясатқа қатыстты сөздерді көбірек салады. Содан барып бұл персонаждардың сендірушілік күші кеміп, схемаға қарап ойысып кеткен.

Бір кезде Карл Маркс айтқан, тарих аренасынан кетіп бара жатқан таптардың трагедиясын бейнелеуді қазақ қаламгерлері жете ескермейді. Күні кеше қаһарымен жер тітіренткен мықтының бүгін аяқ асты болуы карикатура шеңберіне сыймайды, бұл арада ақ, қарсы айқын реалистік бояу қажет. Алысып жүрген дұшпандарының осал бейнеленуі Ғани Мұратбаев образының көңілдегідей мүсінделіп шығуына зардабын тигізген.

Көркем шығармаға қойылар көп талаптың ішіндегі суреткер әсте аттап кете алмайтын, әманда ұмытпайтын бір шарт – оқиғалар арасындағы себептестікті, өмір құбылыстарының өзара сабақтастық заңдылығын ескеру болса керек. Түптеп келгенде, бұл сюжет түзу талаптарына бағынады.

Қазіргі драмада үздік оқиғалар, жеке эпизодтар арасы баяндаушының, автордың сөзімен жалғасып жүре береді. «Біздің Ғани» пьесасында осы ерекшелік бар. Асанбай, Көпболдардың көрерменге қысылып-қымтырылмай, ашық-жарқын тіл қатуы, таныс бір достарындай шешіле сөйлеуі драмадағы оқиғаларды алыс замандар жаңғырығы есес, күні кеше болған хикая етіп көрсетеді. Ғанидың адамгершілік кескінін танытатын әрекеттің бірі – оның Күлпәш тағдырына араласуы. Кішкентай кезінен қатар өскен жетім қызға қол ұшын беріп, ағалық қамқорлық жасау Ғаниға жаңа өмір жолындағы игілікті істің бір үлгісіндей. Анау Сағдат болса, көкірегі ояу, көзі қарақты азаттық жолындағы күреске өзі де шыққан қыз. Көп еркектің ісінде жалғыз жүріп, сығырдаң тартқан әйелге лайық қылықтардан айырыла бастаған сыңайы да жоқ емес.

Пьесаның алғашқы вариантында драматург Күлпәшті тіпті көп шырғалаңға салушы еді.Қылмыскерлерді қуа барып, Ғани мешітте молдалармен ұзақ айтысқа түсетін. Күлпәш қайғысына шыдай алмай Ғанидың шешесі Күлсім аяқ астынан өліп қалатын. Авторлық негізгі концепцияға, шығарма идеясына қатысы шамалы, мұндай қосалқы эпизодтарды, тым әсіре қызыл бояуларды драматург соңғы сахналық нұсқада, орыс тілінде аударылған вариантта орынды түрде алып тастаған.

Ескі көз, кәрі тұяқ зиялы Ділда Табынбаев алғашқы нұсқада не онда жоқ, не мұнда жоқ, дүбара күйде қалушы еді. Оның мінездік даралығы, саяси беті айқын болмайтын. Ақырғы сценада Ғани қасынан шығуы сенімсіз әрекет еді. Қазіргі сахналық вариантта Табынбаевтың бойына шақ, әлеуметтік ортасына лайық істер жасатуға драматург күш салған. Саржан мен Ділда арасындағы тартыс ұлғая түскен. Өмірде бар белгілі адамның бейнесінен алынған Сағдат образына бірталай бояу жетпейді. Ғаниға бір серік болса, сол Сағдат серік болса керек еді. Әуелде Күлпәшқа ағалық қамқорлық еткен Ғани ықыласын артынан драматург махаббат арнасына қарай бұрмақ болады. Бұл орайда Ғани сынды үлкен жүректі азаматқа тән алабұртқан сезім, жалынды сүйіспеншілік күйлері, тебіреніс, толғаныстар сенімді көрсетілмеген. Күлпәшқа бет-алды жалпылдап, құрақ ұшу Ғани бойына сыйымсыз оғаш қылық.

Ашаршылық, жоқшылық, жетімдік зарын тартқан, әр қиырдан жиылған панасыздар, қорғансыздардың Ғани көмегімен кісі қатарына қосылып, азамат болуы жолындағы қиындықтар, тентектік психологиясы, ауыр кезең атмосферасы детальдарымен көрсетілген.

Жасөспірім, жеткіншек ұрпақ комсомолдың белгілі қайраткері, аз ғұмырында жұлдызша жарқырап өткен Ғани Мұратбаев жайлы пьесадан ғибрат алмақ.

Революциядан бұрынғы қазақ өнерпаздарының бойындағы универсалдық сипат – ғасырлар бойы іріктеліп, сұрыпталып, шыңдалған дәстүрлердің жақсы көрінісі. Әркім әр нәрсені малданып, мүше-мүше етіп бөлшектемеген заманда ән де, күй де, әншілік те, күшілік те, серілік те, батырлық та – бір адамның басынан табылған. Өзара қабыса бермейтін дара ерекшелікті өнер түрлері – ақындық пен композиторлық сахара жағдайында туысып, табысып, егіз боп кеткен. Қазақтың сері, сал деген – композитор, ақын, әнші, күйші, палуан құсбегі дегені. Қатыгез, өгей, сұм өмірдің тепкісін көрген қайран ерлердің баршасының тағдыры ұқсас: ел-жұрттан безіп шығып, тау-тасты мекен еткен Ақан анау; қолын темір бұғау кесіп Біржан жатыр еңіреп; абақтыда көңілін құмалақпен жұбатып Мәди отыр; Тобыл түрмесінде торыққан Жаяу Мұса.

Қазақтың сал-серілері туралы жазу ең алдымен азаттық күрескерлері туралы жазу деген сөз, қазақтың әні-күйі, рухани дүниесі, музыкасы, поэзиясы туралы жазу деген сөз.

Ғұмырнама-тарихи тақырыпқа барған жазушының суреткерлік концепциясы жоқ жерде хронологияға, фактілер жетегінде кетіп қалуы қиын емес. Зады тарихи белгілі есімнің өзгеше сипаты, даралық қасиеті үлкен бір ісімен, аршынды қимылымен көрінсе керек. Әйтпесе жіпке тізгендей етіп, аты мәшһүр адамның өмір фактілерін сыдырта баяндай беру көркемдік аулына, әсемдік әлеміне апармай соқыр тұман құшағына сүңгітіп жіберуі оңай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, қазақ драмасының негізгі арналарын көрсеткен дұрыс болмақ. Қаһармандық драма қажырлы кейіпкердің қиындықтарды жеңген, арман-мақсат жолында, азаттық –еркіндік үшін арпалысқан батырлық жолын бейнелейді. Тіпті ауыр тағдыр кешкен трагедиялық шығармадағы шешілмес күрмеулі шие емес, трагедияда алапат құштарлық, ғаламат сезімдер бейнеленсе, қаһармандық драмада сұсты тірліктің қаһарлы ағысы, ызғарлы оқиғалар көрсетіледі. Қаһармандық драмада Отан үшін, азаттық үшін күрес салған еңіреген ерлердің қонымды сипаттары жағымды мінездері, кісілікті қадамдары мадақтала суреттеледі. Басқыншыларға, зұлмат күштерге қарсы сұрапыл шайқастан қаһармандық драма кейіпкерлері көбіне-көп жеңіспен шығып, салтанат құрады.

Басқа жанрлық формалардың романтика, лирика, психологизм секілді элементтері қаһармандық драманың көркемдік құнарын арттырып, дәуір сипаттарын реалистік тереңдікпен жан-жақты танытатын кейіпкерлерді сомдап құюға мүмкіндік береді.

Қаһармандық драманың басты кейіпкерлері аспаннан аяғы салбырап түсе қалғандар болмағанымен, негізінен, ер жүректі, үлкен мақсатты, қажырлы, жігерлі адамдар, азаттық үшін алысқан ерлер, ескілікті күйретіп, жаңа өмір жасаған революция ардагерлері, қас дұшпанмен арыстанша арпалысқан Отан соғысының батырлары.

Қазан революциясының ғаламат шындығы, күрес күндерінің қаһарлы кескіні жаңа сипаттағы қаһармандарды тудырды. Олар қазақ драматургиясында ең алдымен революционер-ақын Сәкен Сейфуллин пьесаларының кейіпкерлеріне айналды.

Күрделі қоғамдық сілкініс-дүмпулер, дүниені астан-кестең етіп жатқан шақта бұрынғы тұрмыс-салт, әдет ғұрып, сенім-дағды атаулының іргесі шайқалып, көбесі сөгіле бастайды. Көркемдік игілік, дәстүрлі өнерге жаңаша көзқарас туады.

Қашанда өмірдің жаңа құбылыстары творчестволық бейнелеудің еркіне оп-оңай түсе қоймайды. Жаңа шындық әдебиет пен өнерде сан алуан жаңа жанрлық формалар тудырады. Соның бірі – саяси-әлеуметтік драма.

Драманың бұл түрінде қан төгіс шайқастар, үлкен құрбандықтар жоқ. Келісімге келмес қарама-қарсы кейіпкерлер арасында айтысты талас жүреді. Бұлардың әрқайсысы өмірге, жақсылыққа, жамандыққа деген көзқарастарын ашық, айқын айтады, сондықтан кейіпкерлер арасындағы кезексөз (диалог) ұлғайып барып, асқына түсіп философиялық толғанысқа айналып кететін тұстары да бар. 30-40 жылдары жазылған қазақ әлеуметтік-саяси драмаларының өзегіне таптық, әлеуметтік, тартыс негіз болса, кейінгі драмалардың өзегіне таптық, әлеуметтік, тартыс негіз болса, кейінгі драмалардың тақырыптық өрісі кеңейеді, қаламгерлер реализмге ден қояды, идея мен образ бірлігі күшейеді.

Тарихи-ғұмырнамалық драмаға белгілі тарихи тұлғаның өмірі арқау болмақ. Эстетикалық шындықпен бейнеленген көрнекті адамның іс-әрекеті, күрес жолы идеялық нысанасы, әсіресе жас ұрпақ, кейінгі толқынға үлгі, өнеге. Бұл жанрлық форма қазақ әдебиетінде соғыстан кейінгі дәуірде молырақ көрініп, бірқыдыру сапалы шығармалар дүниеге келді.

Біздің ойымызша, қазақ драмасының басты жанрлық формаларының мынадай-мынадай ерекшеліктері бар. Олар:

- шығарма материалының күнделікті қарабайыр тіршілікке етене жақындығы;

- кейіпкерлердің белгілі әлеуметтік ортамен кіндіктес байланыстылығы;

- көркемдік формалардың жан-жақтылығы мен сан алуандығы;

- саяси-әлеуметтік идеяның публицистикалық сарынмен ерекше айқын айтылуы.


ТӨРТІНШІ ТАРАУ


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет