Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет24/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

ҚАЗІРГІ ДРАМА
Қазақ драматургиясының бүгінгі жаңалықтарын, даму тенденциясын бағдарлағанда мазмұн мен форма арасындағы диалектикалық байланыс күрделілігін ерекше еске тұта отырып, бірнеше салаға жеке-жеке назар аударып, түйінді мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Көркемдік құралдар, әдеби дәстүрлер оп-оңай, тез өзгере салуға ырық бермейді, алайда, суреткердің дүние танымы, тақырыпқа келуі, бейне жасауы – бұл орайдағы құбылыстар, түптеп келгенде, болмыстың, өмірдің ағымынан жырылып, томаға тұйық қала алмайды.

Халық өнерпаздарының сан алуан буыны шыңдаған неше түрлі тамаша аңыздар, эпостық шығармалар, әбден арнаға түскен сюжеттер, дайын тұрған характерлер қазақ драматургтерінің алғашқы буыны үшін байтақ қазына, кеніш, ырыздық болатын.

Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғабит Мүсірепов сынды қаламгерлер қалың елдің ықылым замандардан бауырына басып келген дүниелеріне құр ие бола салмай, оларды биік зерделі дүниетаным, реалистік шеберлік, зор таланттың күшімен жаңғыртып, өрнегіне -өрнек, бояяуына бояу қосып, өнер жауһарларына айналдырды.

Ұлттық әдебиетіміздегі уақыт сынына төтеп берген, әсер еткіш қуатын жоймаған, ең үздік пьесалар-эпостық материалдар негізінде туған шығармалар. Бұл құбылыс өнердегі халықтық сарындар, ежелгі дәстүрлер өміршең екендігін, жаңа форма, жаңа қалып бір күнде, аяқ астынан туа салмайтынын тағы да айғақтай түссе керек.

Кейіпкер таңдау, сюжет қалау, өмір материалдарын сұрыптау проблемаларына келгенде, қазақ драматургтері өздерінің алғашқы қадамдарынан бастап екі арнаны қатар алып жүрген: бірі – эпостың ізі, тарихи аңыздар, биографиялық сюжеттер, екіншісі – заман проблемасы, өмірдің көкейтесті күйлері. «Еңлік-Кебек» пен «Қызыл сұңқарлар», «Арқалық батыр» мен «Майдан», «Ақан сері – Ақтоқты» мен «Шернияз», «Шоқан Уәлиханов» пен «Достық пен махаббат» - осы тұжырымның дәлелі.

Уақыт озған сайын қадым замандар дүниелерін өзек ете отырып, шығарма жасау дәстүрі әлсіреп, өз кезеңінің мәселелерін арқау қылған туындылар саны молая түсті.

Қазақ драматургиясының бүгінгі дамуындағы жақсы бір құбылыс – адам психологиясын ашуға ұмтылу екендігіне Зейіш Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасы жақсы айғақ бола алады. Талай сахналық шығармалар салған жерден диалогтан ақсайды. Бірінің бетін бірі жыртып, ұрсып, айғайлап қоя беретін кейіпкерлер сөзін естігенде, мазасыз, кесірлі үйге еніп кеткендей боласың, Өмірден көріп, біліп ұшырасып жүретін адамдарыңа мүлде ұқсамайтын шарқаяқ, бар сырын, бар ашуын қолма-қол ақтарып тастайтын даукес, қызыл өңеш персонаждар мезі еткендіктен де шығар, жұмбағы жан түпкірінің тереңінде жататын, ашынса да кісіліктен арылмаған қаһармандарға бірден іш тартасың. «Ақын жүрегі» драмасы ең алдымен психологизмге ден қоюмен қызықты.

Өнерпаз бейнесін жасауда қазақ әдебиетінде бірқыдыру тәжірибе жинақталған. Драматургиядағы Соқталы бейнелер Шернияз, Сырым, Абай, Ақан сері – бәрі де ақындар. Әсіресе Сырым мен Ақан серінің романтикалық серпінді әуенде жазылған, кемерінен асып төгіліп жатқан тентек толғаулары қазақ драматургтерінің көбіне стильдік жағынан ықпалды әсер еткені хақ. Шашкин пьесасындағы Жұмат монологтарынан осы дәстүр айқын аңғарылады. Сырын мәнермен, ырғақпен, ойын тұспалмен, астармен емес, шашып-төгіп, тебіреніп-теңселіп, жарқыратып жайнатып, сыр мен ойды, сезім мен байламды қатар өрген ақын мінезі бар. Оның сөзі шұбырта жөнелген төкпе жыршының термесі іспетті ұйқасып, айшықтанып, жұтынып шыға келеді. Бірақ қасындағы адамды көп елемей алып қашып, аспанға шығып кететін кездерінде, пьесаның драмалық арқауы үзіліп, жалаң патетика дендеп қоя береді.

Суреткерлік талапты, әсіресе роман жанрында айырықша танылған Зейін Шашкиннің Творчествосына тән сипат форма жаңалығын қарастыру, бұрын із түсе қоймаған тақырыпты оңтайлы қырынан алып бейнелеу талабы драмалық шығармаларында да жиі ұшырасады. Эпикалық туындыларға жарасымды келетін, кинода қолданылатын прологты автор «Ақын жүрегі» пьесасында орынды пайдаланған.

Тегінде жол үсті адамды еріксіз ойландырады. Көз алдыңнан бұлдырап өтіп жатқан тау-тас, өзен-көл, бұлт-сағымтіршіліктің де тұрақсыздығын, өтер кетер пәнидің сырын мегзегендей; жалғыз болсаң мұндайда кешегі күндерің, базарлы шақтарың, қайдағы мұңың еске түсіп тұнжырайсың; сезімтал жолаушы кездессе, мұндайда шартарапқа көз салып, ой бөлісіп, сыр бөлісіп бір жасап қаласың.

Әрине, кексе ақын көлденең көк аттыға салған жерден ақтарыла салмақ емес. Жұматтың Нәзипаға кешегі соғыс сұрапылындағы бастан кешкен хикметтерін айтып беруі тебіреністен, ерекше толқудан туған хал. Жұматтың өткен күндерін көзге елестетер монологында талантты ақын, әйгілі партизан Жұмағали Саин өміріне ұқсас жәйттер мол. «Ақын жүрегі» документальды шығарманың саяз деңгеінде қалып қоймаған, мұнда өмір фактілері, жеке деректер автордың суреткерлік идеалы тұрғысынан екшеліп, қорытылған. Драматург мақсаты Жұмағали Саинның биографиясын бейнелеу, ғұмырнамасын жасау емес, психологиялық тартыстар үстінде көрінген характерлер арқылы өзегін жарып шыққан көкейтесті сырын айту.

Пьесадағы оқиға әр жерде өтпей бір-ақ орында болса көрерменнің назар, ықыласы күшейе түспек деген қағиданы, классицизм әдісін ұстанған ертедегі драматургтер ғана емес, алып отырған өмірлік материалдың ыңғайына, шығарма идеясына сәйкес бүгінгі қаламгерлер де тәжірибеде қолданылатын «Ақын жүрегі» драмасынан көреміз.

Облыстық аурухананың бас дәрігерінің үйіне қонақ келмек. Алыс қырдың астында қалған жастық шақты бірге өткізген достар: ақын Жұмат, дәрігер Есен. Институт бітірген қызы бар қырықтың жуан ішіндегі Шәрбан жүрегі алай-түлей: көзден кетсе де көңілден кетпеген ескі күндер тағы қытықтағандай. Шаңырақ иесі Нәби қоңыр қабақ: құшақ жая қарсы алар сыңай танытпайды.

Әрекетті қонақ келер алдындағы үй-ішінің әбігер сасқалаңынан сабақтап алған драматург шеше мен қыз арасындағы қызықты диалогтардың үстінен түсіреді. Бүгінгі заман қалыбы, тіршіліктің көп сырын кітаптан, кинодан ерте біліп алу қазіргі жастар мінезіне ерекше сипаттар бітірген: бағзы бірелер әлеуметтік, азаматтық кәмелеттен гөрі жыныстық балиғатқа ерте жетіп, ес біліп етек жаппай тұрып аяғын дүниеге тез шалдырады, бағзы біреулердің жастық албырттығынан гөрі кекселк кемелдігі мол сүйіп, күйіп кетуінен гөрі есептеп өлшеуі, таразылап таңдауы басым жатады.

Мезгіл ырғағын сезгіш суреткер кейінгі буын өкіліне тән сарабдалдықты дәрігер қыз Нәзипа бейнесі арқылы көрсетпек болған.

Жастары алшақ жандар арасындағы сүйіспеншіліктің иірім сырларын Шекспир, Чехов, Хемингуэй сынды классиктер терең бейнелеген. Бір қуаныш, бір қайғы, бір романтика, бір трагедия қатар жүретін күйлерді суреттеу үшін хас шеберлік қажет.

Нәзипаның әкесімен құрдас, бір кезде шешесіне көңілі кеткен, қилы заманды бастан кешкен адамға ынтызары аууын өмірде кездеспейтін жәйт деу, бұл моральға кереғар нәрсе деп келте қайыру солақайлық болар еді. Келбетті, мүсінді, ойлы еркекті бір көргеннен жүрегі тулап шыға келген қыздың алды-артына қарамай, тәуекелге бел буғандай қалпы бар.

Драматург Нәзипа мен Есен линиясын шағын көрініспен тиянақтағандай болады: жас сұлу есірік жігіттен егде еркектің ақылын зият санайды екен, өмірден татқан ащысы мол, түйген байламы көп жанды қалайды екен: бұла арудың тентек жүрегіне ие бола алмаймын деп қорқады екен егде еркек, әйтпесе неге қашсын.

Жұмат, Есен, Нәби, Шәрбан өмірлерінің ерекше мәнді кезеңіне қатысты өткен бір оқиға жотасы қайта-қайта, қылтиып көріне береді. Кең жайылған дастарқан ашық жарқын әзіл-күлкі, сый-сияпат бәрі де оны ұмыттыра алмайды.

Өнердің ұзақ бәйгесіне енді түсем, бауырым жазылып, кеңге сілтеймін деп жүрген шағында еріксіз тұсалып қалған талантты Зейін көп жылдар қалың тұманда адасып, шалғай кетіп, шет жайлап барып, өз үйіріне басқа жұрт белден асып кеткен кезде, өмірі енді еңкейе бастаған шағында қайта қосылды. Оның творчествосына тұтас көз тастағанда, талай уақытын өткізіп алған, енді қайтсем қарпып қалам деген жанның асығыс қомағайлығын, содан туған кейбір атүстілікті, тереңдетер, әшекейлер тұста жалғыз сызық, бір бояудың жетпей қалар сәттерін көруге болады.

«Ақын жүрегі» пьесасында драматург қатар жүріп, бірге ойнап, бірге күлген достардың басына өмір қатері төнгенде, кім қалай басты, қайда тартты деген сұрауларға жауап іздеп қоймайды, адамгершілік сыналар тұстағы мінездердің құбылысын бейнелейді. Опасыздық пен сатқындық, өлім мен өмір ббетпе-бет келген соғыста ғана емес, бейбіт тіршілікте де болып жататынын көрсетеді.

Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар кездеседі, басында –үйі, бауырында – қазаны, алдында – малы, аясында – семьясы, жұмыр басты пенде бұдан артық не тілейді деп шүкіршілік қылады. Облыстық аурухананың бас дәрігері, заманында министрдің орынбасары болған, ізін басып өсіп келе жатқан қызы қандай, қырықтың үстінде ажары таймаған әйелін айт, - Нәби бақыттылығын сипаттауға осылар да жетіп жатыр.

Сөйткен адамның рухани дүниесін бірер сағатқа келген қонақтары астан-кестен етті.

Мезгілсіз шақта бейкүнә күстәналанып Итжеккен асып кеткен Есен соңғы түнді ұмытпайды. Жұмат айтқан сөзіне, оқыған өлеңіне, басқан қадамына шейін жадына сақтаған. Жалақор кім? Солқылдап өсіп келе жатқан өрімталды көктей орған кім?

Ешқайсысы Нәбиді көзге шұқып, басқа салып қалмайды. Жылдар өтер, буындар ауысар, біреу өрлеп шыңға шығар, біреу зымырап құзға құлар, сонда талай нәрсе кешілер, көп қиянат ұмытылар, бірақ тірлік жолына қол ұстасып бірге шыққан досыңнан көрген қиянат ұмытылмас та кешірілмес, бейдауа дертке айналып, жүрекке шемен боп қатып, о дүниеге өзіңмен бірге кетер.

Өткен күнде жасаған қылмыстың зіл батпан салмағы кеудесін езіп, жанын азаптаған күйге түскен Нәбиді ескі көз үзеңгілестері – Жұмат, Есен жүйелі сөзбен тұсап, еріксіз жерге қаратады.

Ауру жүрек шыдатпай, Нәби күнәһарлығынан ары күйген ақын Жұмат құлайды.

Пьесаның екінші бөліміндегі тартыс қолма-қол, асығыс шешім қабылдау керек шұғыл операцияға байланысты өрбиді. Кейіпкердің мінезі, адамдық келбеті осы қадамға қатынасына сәйкес көрінеді.

Бұрынғы зобалаңды еске түсіруге құрылған драмалық әрекетке енді өлім үстінде, ауру қыспағында жатқан адамға тәуекелге бел буып, басыңды қатерге тігіп, арашашы болу яки қиындықтан, жауапкершіліктен қашып, басқаға сілтей салу пиғылдарының айқасы қосылады.

Өзі көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниелер, тіршілікте мұрат тұтқан мамандық ерекшеліктері жазушы шығармаларында әр түрлі ыңғайда көрініс береді: етжақын өмір объектісін тақырып етіп алып, кәсіп қалыбынан туатын психологиялық дара сипаттарды дәл бейнелеу жиі кездеседі. Қазақ әдебиетіндегі бұл құбылысты ұзақ жылдар дәрігер болған Зейін шашкин шығармашылығынан анық аңғаруға болады. Кәсіп орайына қатысты туған мінез-құлық тиянақты суреттелген.

Жүрек операциясына байланысты дәрігерлер – Нәзипа, Есен, Еркін, Генриэтта түскен әр түрлі сезім күйлерін драматург бөгде адам аңғара бермес, тек маманның ғана көзі шалар дәлдікпен көрсетеді. Дәрігердің жұмыс үстіндегі қатқыл мінезі, сөйлеу ерекшеліктері, кәсіби қимыл-қозғалыстары сенімді бейнеленген.

Операция кезіндегі қылығы арқылы Нәби характері жақсы ашылады. Ол үшін аруақты ақын Жұматтың тірі қалу-қалмауынан гөрі өз басының амандығы, қызмет орнынан сырғыптүсіп кетпеуі маңыздырақ. Хал үстіндегі адамды Алматыға әкетіңдер деген сөзді жаны ашығандықтан емес, жауапкершіліктен қашып, не көрсе де басқа көрсін деп айтып отыр. Бұл қара басының қамынан өзгеге селт етпейтін тоғышар, эгоистің кескіні, іс оңға басайын деген кездегі қалпын көріңіз: «Тыңдап тұрмын. Иә, Нәби! Кім дейсіз? (Даусын өзгертіп). Ә, саламатсыз ба, жолдас секретарь! Операция жақсы аяқталды. Оқ алынды. Ерлік дейсіз бе? Әрине, біздің бала да жанын салды-ау. Хирургтің алтын қолы өлім аузынан қайтарды деген осы».

Әуелде аттонын ала қашып, беті ары қарап кетсе, пәлесіне қалмайын деген кісі, енді абыройға еншілес, жақсы атаққа жарналас болмақ. Жұмат көз жұмғанда, Нәби тағы өзгеріп сала береді: «Осында құдайдың зарын қылдық: «Жасама, жасама, операйияны!» деп. Құртты-ау мына қыз!.. Обкомға не деймін, бетім-ау!..»

Драматург кейіпкерлер мінезін психологиялық тебіреністер арқылы ашпақ болған ниетіне үнемі жете бермейді. Егде тартқан ақын Жұмат пен салиқалы әйел Шәрбан арасында айтылатын сөздер тым әсіре қызыл, мөлшерден артық жалт-жұлт. Кірпік қағуы қиындап кеткен сәтте Жұматтың үздігіп өліп-өшуі мүлде иландырмайды. Сахналық эффект үшін демесе, Жұмат ойын дауыс арқылы беру пьесаның драмалық материалына қабысып тұрған жоқ. Достық парызы, адамгершілік мұраты идеясын психологиялық арнада бейнелеген «Ақын жүрегі» пьесасы бүгінгі қазақ драмасының ізденіс жолындағы бір үлгісі.

Драматургиядағы дәстүр жаңғыруы, ең алдымен қаһарманға қатысты әңгіме. Бұл мәселені «Сәуле» пьесасын талдау арқылы бірқыдыру пайымдауға болады.

Рас, кісінің адамыдқ деңгейі әсте мансап дәрежесімен тепе-тең күйде өлшенбесе керек, бірақ мамандық қызмет орайы, жұмыс бабы жүктейтін салмақты мүлде ұмытып, оның мінезге, психологияға етер әсерін ескермесек, шындықтан шалғай кетеміз. Бүгінгі қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше мағыналы құбылыстың бірі - әйелдердің қоғамдағы ықпалының артуы. Арғы төркіні нәсілдік жікшілдіктен шыққан шығыс елдерінде елдерінде әйелдер мүлде көрсоқыр, пұшаймае, қор болды дейтін теріс бір концепция көп уақыт орын теуіп келді. Тарихқа, әрбір дәуірге, әрбір халықтың дәстүріне қатысты пікір айтқанда нақтылыққа, фактіге, жүгінсек қана, көп күңгірт жайлардың беті ашылып, тұман сейілмек.

Мұсылмандық догматтары, содан туған көп кесапат, қанаушылық, қалыңмал кеселі қазақ әйелінің көзінен жас, жүрегінен қан ағызған, бірақ біз еліміздің халықтық қасиетінің бірі - әйелге, анаға деген құрметтің зор болғанын, бұл орайда, тамаша дәстүрлердің мол өрістегенін, талай есті әйелдердің еркекетермен бірге ел билегенін, тіпті тұтас тайпалардың әйелдер есімімен аталуын, ақын қыздардың, батыр қыздардың шыққаны – рухани тарихымыздағы мақтанышты фактілер екенін, айқындап, даралап айттуымыз шарт.

Бұл тұрғыдан Тахауи Ахтанов пьесасындағы түпқазық кейіпкер Сәуле бойынан бүгінгі замандас сипаттарымен қоса, иісі қазақ әйеліне тән бірталай қырлады көреміз. Автор табысының өзі, тиянақтап келгенде, осы кейіпкер бейнесінде жатқаны хақ. Драматург бала тәрбиесі, күйеу күтімі, үй шаруасымен ғана айналысатын, жеңіл –желпі жұмыс істейтін әйел емес, үлкен қызмет тұтқасындағы жанның басындағы сырларды көрсету арқылы шығармашылық марқаюға бет бұрғанын танытты.

Пьесаның етек-жеңі жинақы, композициясы ширақ, тартысқа қатысатын адамдар он шақты ғана. Драматургтің сахна заңдылығын, театр талаптарын ескергендігі аңғарылады. Автор адмдарды отырғызып қойып, ұзақ-сонар тәжікелестіретін сөз қуғызатын кінаратқа бойын алдырмай, шағын әрекетті көріністерді ауыстырып отырады.

Кеңсе, кабинет емес, пьесаның бірінші бөліміндегі оқиғаның, көру мүмкіндігі үнемі туа бермейтін обком хатшысының үйінде өтуінің өзі қызық. Қонақтардың келуі, жолаушылап кеткен Сәулені тосу – бұл шаңырақта абыр-сабыр, жүріс-тұрыс, қимыл, қозғалыс тудырған. Осы үйге бірте-бірте жаңа ырғақ, жаңа екпін қосылып, кейіпкелер басындағы драма ашылады.

Ұзақ жыл отасқан ерлі-зайыптылар арасында, уақыт қалыптастырған сый-сияпат, пейіл-құрмет болса, Сәуле мен Алдаберген қабағы қатқыл, қарым-қатынастары сұрқай. Еркектердің алды-артын орап, сөзден – жеңсік, даудан – есе, картадан – ұтыс бермей отырған Бөпежан күйеуі Құдайбергенді ғана билеп-төстейтін, бір ошақтың тас қайнатып, қазан көтерер тентегі емес, тумасынан ірі, табиғаты кесек, мінезі еркек жан екенін ұқтырады. Сырт қарағанда түк бітірмей, бос сенделіп жүргендей көрінетін жазушы Сапар көз алдында өтіп жатқан оқиғалардың астарына үңіліп, ертең өрнек болып боп қағаз бетіне төгілер сырлардың бояуын іздеп қиналады.

Астанадан ылайықталған жұмысқа Сәуле келісім бермей келген, кетіп қалса, мұнда өзі бастап, әлі жеріне жеткізіп, байсал таптырмаған шаруалары қалып қоймақ. Тез, асығыс қайтуының тағы үлкен себебі бар.

Драматург көптеген шығармаларда қайталанған, таптаурын болып, сары жұртқа айналған бірінші бастық араысның шаруашылыққа байланысты кикілжің тартпағына түсіп кетпейді. Ділмарлық, білімдарлық таласы дендеп алған орайда сахналық шығарма әлсірейтіні, образ өзінің эстетикалық әсерінен айырылып, жалаңаштанып қалатыны хақ.

Автор өнер табиғатының қатал талабын ескеріп, Сәулені бірден дау-дамайға шым батырып жібермей, оның тіршілігін әр қырынан көрсетуге ұмтылады.

Сезім шарпыған жанның, әсіресе бұл күйге егде тартқан кезде тап болған әйелдің бойын күтуі, жүріс-тұрытсы бағуы, киімге мән беруі – дағдылы әдет. Осындай өзгерістермен қоса Сәуленің жүрегін кештеп барып дірілдете бастаған жалынның лебі қас-қабағынан ғана емес, қысылып-қымтырылып, үзіліп-құмығып шыққан сөздерінен ашық аңғарылады. Бұл –лаулап, лапылдап тұрған жас Еңлік, ару Ақтоқты бойларындағы бас асау сезімнен бөлек, тоқталған, белден асқан жанның кеудесін шымырлатқан тосын, ыстық, құпия сыр.

Осы сәтімен табылған әуез пьесаның ырғағына айналған. Бой жетіп қалған қызы бар обком хатшысы әйел үшін мұндай күйге түсу қандай ауыр. Автор бір-ақ арнада, осы ізбен отырып психологиялық шығарма жасауына болатын еді. Өмірдің ықпалды екпіні, азаматтық жауапкершілік Сәулеге тағат бермейді. Отбасымен, інісімен, қонақтарымен шүйіркелесіп те бітпей, өз үйінде обкомның бірінші хатшысы Сырдақпен кездеседі.

Араларындағы әңгімеден үлкен іске, келелі шаруаға екеуі екі ұдай пікірде екендігі ашылады. Сырдақ сұсты, ызбарлы, салмақты.

Мал шаруашылығының Сәуле ұсынған шаралары көрер көзге көрнекті, естір құлаққа ұғынықты нәрселер. Бірақ Сырдақ сынды қызметкер үшін болашақ өріс, келешек кеніштен гөрі бүгін өзі рақатын, тек азабын арқалап, таяғын жейтін, ертең абыройын бөгде біреу иемденіп кетер іске талай дүние бұлтағын өткерген басымен күмп беріп түсіп кетпесі анық.

Шеше жанындағы күрт өзгерісті сезген Гүлжан көңілі өрекпиді. Әйелінің әлдеқандай толқынмен ағып бара жатқанын ұққан Алдаберген жүрегі сыздайды. Апасының аласапыран сезім бұрқағына бой алдырғанын көзімен көре бастаған жазушы Сапар тұнжырап ойға батады. Бұл тартыс арналары, психологиялық шытырмандар терең бейнеленбей, асығыс жағылған бір бояу, атүсті шертілген бір күй ретінде қалып қояды.

Сырдақ пен Сәуле арасындағы тартыс шаруашылық басқарудың сипатына қатысты қақтығыстан өрбіп қызметкердің қазіргі типі деген өзекке ойысады. Бұл орайдағы қасаң-сырдаң тұтқыр диалогтарды ауыл әйелдерінің Сәуле үстіне басып кіру сценасы жандандырып жібереді. Айша мен Бикеш сөздері шайпаулық, көкдолылық ретінде танылмайды, автор айтылмаш көріністе сахналық эффекті күйттеп, күлкі тудыру ниетінде ғана болмағаны анық.

Айша – көкберен, Бикеш – жуастау. Айша өжеттігінің астарында қалада тұрғандық, қақ-соқты көргендік те жатыр. Бұға бермей, не салса, соған көндім демей, қайратқа мініп, жарқылдап тұр. Тыңдап көріңіз: «Ау, басқармаға салсаң оның науқаны біткені ме? Бір жағынан егіні, бір жағынан малы, қой қырқу, пішен шабуы және бар. Оның үстіне келістіріп үй салатыны қайда? Шығынданып, еңбек сіңіріп салғасын бұрынғыша қазақпайский қылып салғымыз келмейді. Күшіміз болса - өнеріміз жетпейді. Сіз жасыңыз үлкен, затыңыз еркек болғанмен, ана кісінің қызметі үлкен. Баяғы заман емес, бүгінде сақалға қарамайды. Үлкен болсаңыз қайтейін, өзі білмейтін іске төтеннен килігіп, тілімді қышытқаны несі, өл де маған» - Сырдаққа айтылған сөз.

Шаруашылық таластары көбірек орын алып кеткен кезде пьесаның көркемдік қуаты әлсірей бастайды. Сырдақ ауласында өтетін көріністердің күші диалогтардың астаырнда, психологизмде жатыр. Бұрын ауданда істеген, енді обкомды сағалаған, кісі қолтығына еніп ұпай жинап жүрген қызметкер Әбілғазы Сырдаққа Сәуле туралы өз пікірін, жұрт бағасын жеткізеді. Сонда Сырдақ аузынан шығатын сөз: қалтқыны қалай байлау, сазанның түстен кейін тереңге кететіні, жемге құрттан шегіркенің жақсы болатыны, бірақ есіл-дерті, барлық ойы Сәулені тұқыртудың, қайтарудың амалын табуда. Қысқа ғана көрініс, артистер ойынына, режиссер шешіміне, көрермен қиялына кеңістік беретін психологиялық астары бар сцена.

Сырдақ – Сәуле арасындағы тартыс үстінде екі адамның рухани сыры ашылады. Жарастың үлкен қаладағы жылы орнынан кетіп, сахара аптабына күйіп, қиындық кешіп, ғылым үшін еңбек етіп жүрген мінезін ұнатқан Сәуле. Қоңыр төбел, суырылып шықпас Алдаберген бойынан таппаған қайрат-қажыр көргендей болған. Сөйткен Жарасты енді Сырдақ назарға іліктірген. Жазып жүрген мақаласы Сәуле ойларын құптайтыны, мұның арты ертең өскелі тұрған жігіттің үлкен мансабына пәле, кесел боп жабысатынын ұқтырған. Жарас қуаты бір-ақ бұлқынысқа, ғылым жолындағы бір-ақ құрбандыққа жарапты, енді екінші қадамға баспайды. Төбесі көрінген мансап ыстық секілді. Жырындылар қарсыласының жақынын, ауыл-аймақ, бота-тайлағын айналдырып, іштен шірітіп бітіруді бір тәсіл көреді. Мұның жолы көп: жүрегі елжіреп бара жатқандай өтірік бауырға тарту, аузы-мұрнынан шығарып асатып, тойдырып қолға түсіру, қасақана жауықтыру, өшіктіру, шырғалау. Сөйтіп түбірін қазып, бұтағын шауып алған соң жалғыз бәйтерек өзі де құламақ.

Сол қанды қақпанды Жарасқа құрып, дегеніне жеткен Сырдақ енді Алдабергенді шақырады. Ауыр сәт. Әлдекім әйелінің ұрлық жүріс, жасырын көмбесін білем, соны өзің жария ет, арыз бер, мәселесін қарап бетін айдай қылайық деп тұрғанда, намыстан күйген еркек не істемек? Отелло ақ-қарасын екшеместен Дездемонаны буындырып өлтірген.

«Жоқ, мен мәселе көтермеймін» - ызадан, қызғаныштан өртенген долы жүректің ашуын басып, бұлай деу үшін кексе ақылдың сөзін тыңдайтын салқын сабыр керек. Чемоданын қолға ұстап, Алдабергеннің басқа жаққа бет түзеуі сенімді. Сәулемен соңғы кездесуінде Жарас мінезі әбден ашылады: әуелде қырға келгенде, алысқа секірер мансап баспаалдағын көздеген екен ғой. Сәуле көкірегінде жылт еткен соңғы үміт осы сөздерді естігенде сөнеді. Сырдақ Сәулені жеңдім, тізе бүктірдім, енді бұл жерде мен ғана тұрам, оны басқа жаққа тайдырам деп есептесе, Сәуле үшін үлкен күрес енді басталған. Аз уақыт ішінде бір өртеніп, бір суып, алтын дегені мыс болып шығып, жасық дегені болат боп шығып, тірлік тартысында тағы жаңа өрге көтерілген қалпы бар.

Суреткердің шығармашылық марқаюы әр түрлі ыңғайда көрінетін күрделі құбылысы: бұл өзекті тақырыпты тереңдей, жан-жақты қамтудан да, соны шеберлік кестелерінен де, өзге жанрға ауысудан да байқалуы мүмкін. Қазақ сахнасында бірнеше сапалы комедия әкелген драматург Қалтай Мұхаметжановтың «Жат елде» драмасы автордың өзі үшін де, әдебиетіміз үшін де мәнді шығарма болды. Тарихи туындылар демесек, дәл дерек, факт негізінде жазылған пьесаларымыз сирек. Адам ойының, ғылыми-білімінің тереңдеуіне байланысты құр қиял, бекер болжам кейін шегініп, дәл нәрсе, цифр, болған уақиға қадыры артып, деректі шығармалардың бел алуы – бүгінгі әлем әдебиетінде айқын байқалған тенденция. Әңгіме, повесть, роман өз алдыына, документке ғана сүйеніп жазылған туындылар драматургияда тіпті поэзияда көбейіп барады. Қайткен күнде де өнер табиғатынан туатын заңдылық көркемдік талаптары аяқ асты етілмесе керек, хас шебердің қолынан өтпесе, қандай мен мұндалап, айқайлап тұрған қызық материалдың өзі әдебиет дүниесі бола алмайды.

«Жат елде» драмасының өзегінде қандай деректер жатыр? Шетелге қашқан эмиграннтар ішінде Түркістаннаншыққандар да бар-ды. Рас, бекерге үркіп, текке босқан талай жазықсыз сор маңдайын тасқа соқты. Ал бес қаруын асынып, сенім-пиғылымен қарсыласқандар ішінде бір кезде Петербург университетінің заң факультетін бітірген Мұстафа Шоқаев, Берлин университетінің ауыл шаруашылығы факультетін бітірген Уәли Қаюм сықылды оқығандар болатын.

Соғыс біткен соң әрекет басқа ыңғайға ауысты. Кезінде Ташкент университетінде оқыған Баймырза Хаит «Түркістан 20 ғасырда» (1956), «Түркістан үлгісіндегі советтің шығыстық саясаты» (1962) деген кітаптар жазды.

Оларды Б. Тұрсынбаев, А. Нүсіпбеков, Х. Ипоятов секілді оқымыстылар сынады.

Осындай қалың қауымның өзіне жақсы мәлім фактілерден бір қарағанда драмлық шығармаға арқау етерлік жүйе көрінбейтін секілді. Драматург белгілі оқиғалардың жетегінде кетіп қалмай, детективті іздемей, әлеуметтік-қоғамдық мәні бар идеяны құнттап, психологизмге ден қойған пьеса жазуды мақсат тұтқан. Фактіге негіздей отырып көркем шығарма жасау талабы суреткер еркіндігіне тұсау салмаған, қайта қиялға кеңістік, ойға өріс беріп , жанр мүмкіндігін жақсы пайдалануға себепші болған. Белгілі адамдардың аты-жөнін өзгертіп, олардың әрекетін қалаған орайда көрсету автордың бейне, образ жасау мақсатын жеңілдетіп, кейіпкерлерді бір кісінің көшірмесі етпей, топтың, ортаның психологиясын аңғартатын жинақтаушылық мәні бар тұрпатқа айналдырған.

Пьесаның «Есіру» деп аталатын бірінші бөлімінде жат пиғылды, суық түсті, сұмдық сөзді, шұбар топтың үстінен түсеміз. Әр ұлттың өкілі, қазақ, қырғыз, өзбек, неміс, американдық - әр ұлттың сатқыны. Бетке жылтырағанмен, белдеріне қанжар байлаған, біреуі қылдан тайып кетсе, екіншісі аш қасқырша тап беруге дайын тұр.

Бұл – соғыстан кейін жан-жаққа шашылып қалған, тімтініп жүріп тірлік кешкен, шет елде қалғандардың басын қосып, «Түрік елі» деген ұйым құру әрекетінің жиналысы.

Идеологиялық диверсия үшін неше түрлі қулық-сұмдық, зұлымдық-жұлымырлық атаулыны түгел пайдаланатын батыс агентурасы ақшаны ат-көпір төгіп, қашқан-пысқандардың, опасыздардың, сатылғандардың, адасқандардың қолымен от көсемек.

Драматург әрбір кейіпкердің аузына өзіне лайық сөз салуды құптаған. Германияда білім алған, қаршадайынан тыңшы болып, қиын күндерде сапты аяқтан сары су ішіп, сәтті кездерде үлде мен бүлдеге бөленген уәли Хасан тілінен өзбек мақамы, ескі шағатай дәстүрі арыла қоймаған: жоғары тұрған биік мансап иелерінің қолтығына кіріп, төменде жатқан пенделерді үркіте, қорқыта сөйлеуі – сүйегіне сіңіп кеткен дағдысы. Кең пейіл, ашық-тесік көрінгенсіп, басқаның істегенін өзі иемденіп, өтірікпен жамап-жасқап, жалған атақ шығарып қалудан қашпайды. Ең негізгі өзгермес сипаты, тірлікте берік ұстаған қасиеті – опасыздық. Құлқыны үшін, өңеші үшін сенім атаулыны, дос атаулыны сатып жүре береді. Бісмілла деп Отанды сатып кеткен Уәли Хасанның Мұстафа Шоқайға у беруі, христиан дініне енуі сөз емес, асылы, әкесін атып құлатқан жендеттің торғай өлтіргенге қолы дірілдемесе керек.

Уәли Хасан еліріп, желпініп, желігіп сөйлеп тұр, !советтік шығыс елдерін азат етпек». Бақ дәулет, береке ырыс апармақ. Азаттықтың жарық күнін шығарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатпақ Түркістанға. Бұл сөз өзге түгіл, тобындағылардың да ішін жылыта алмайды.

- О, шіркін-ай, сен ит болмасаң, алдақашан арам өледі екенбіз ғой, - деп қыңыратқиды Асан.

- Ез малтаңды! – деп теріс қарайды Құрбан.

Шұбар топтың басын қосқан сенім, идея, мақсат емес, аштан бұралып өліп қалмау, талғажау етерлік бірдеңеге тырнақ іліктіру екендігі болады.

Ықылас, назарды дарақы, пәтуасыз жандардың берекесіз жиынының мылжың сөздерімен жасытып алмауды ойлаған драматург сахналық әрекетті кейіпкерлердің екеу ара, үшеу ара диалогтарымен, бірі жөніндегі басқалардың ойларымен жандандырып, тартысқа қатысатын персонаждарды алғашқы сахнада түгел шығарады. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отырған американ барлауының көкжалы, полковник Джон Грей Құрбанның қойнына Ева Бройер іспетті жылан салып жіберумен көп шаруасын оп-оңай тындырып отыр. Кезінде жезөкшелер үйін адақтап біткен сайқалдыққа фашизмнің у-сойқы идеологиясы қосылған соң кімді оңдырсын. Джон Грей мен Ева Бройер оңашада нәсілдік, расалық пиғылдарын жасырмақ емес.

Олардың ойынша мынау топ болып, топырласып жатқан, қаңғырған азиаттардың ақыл-ес қабілеті өздерінен көш төмен, бұлардан аршынды істер тындырып, ел бастайтын қабырғалы қайраткер шығады деп әсте ойламайды, аз күн пайдаланып, лақтырып тастау керек.

Тіршілікте қақ соқты көп көріп, талай жер қауып қалған, талайды тақыр мұзға отырғызып кеткен Ева Броейер от пен өрттің, көп жендеттің ішінде жүріп, тас түйін мінез тапқан. Оның тілі удай. Тыңдап көріңіз: «Ақымақтық ұлтына, нәсіліне қарамайды деген рас екен-ау, Европаның ақымағы да, Азияның ақымағы да – бәрі бір ақымақ», «Мемлекет басында өзің болсаң, қарауыңдағы адамды құртуға қай уақытта болса да үлгересің», «Әйел құмары әйелді таптағанда ғана тарқайды».

Мінездік даралығы жағынан пьесадағы сәтті бейненің бірі – Ева Бройер екендігін көрмеу әбестік болар еді, өйткені ол шықса болды, сахнаға әрекетті қимыл, уытты сөз, сайқалдық келеді. «Түркістан ұлттық комитеті» дейтіннің президенті атанған Құрбан енді іске кіріскен. Маңайындағы жырындыларды отқа, суға айдайды, сонда бітіретіндері – Кеңес Одағы Шығыс республикалары жайлы эфир арқылы бүлінді-жарылды, қырылды-жойылды, бітті-тозды деп ақыр заманды орната келетін өсек тарату, шикілі-пісілі, күлді-көмеш бірдеңелерді жариялау.

Оқырман үшін, көрермен үшін батыс агентурасының мұндай сұмдықтарды жасайтын көкжалдарының мінез-құлық ерешеліктерін, психологиясын, дүние көзқарасын, пиғылын білу қажет. Бұл орайда Асан өзгелерден оқшау тұр. Өмірдің тәлкегіне түсіп, тентіреп жүрген сорлы деумен шектелсек, келте қайырған болар едік. Қапыда жау қоршауында қалса да, құдіретті жырымен фашизмнің тас түрмесін бұзып шыққан Мұса Жалил сынды ақын еске оралады.

Пьесадағы Асан – маңдайының соры бес елі пақыр. Табиғаттың асыл сыйын, мыңның біріне әрең беретін кеніш бақытын басқа теуіп, сатқын тірлікке ауысқан, өрісі кесілген, қылтасы қиылған қазір. Төңірегіндегілерге қарағанда әлі де оның мойны озық, еңсесі биік, сөйлесе ірге бермей суырылып, бауыры жазылып сала береді. Тебіренсе – зар илеп, жас төккен өлең ақтарылады. Халқының тағдырымен өмірін сабақтастыра алмай ескілікті аңсап, қасқырлар ортасынан дос таппақ болған сор маңдай жыршы – трагедиялық бейне. Шәлкем-шалыс сөз, ұнатпағанды қиып түсу, лағып кету, мас боп ләйліп жүру – мұның бәрі Асанның ортасына жасаған қарсылығы. Гамлет тентектігіне ұқсас қырсқтық бір.

Әрине, драматург Асанның фашистер қолында қалай қалғанын, әлеуметтік – қоғамдық пиғылын тәптіштегенде, образдың бояуы айқындалып, салмағы ауырлап түскен болар еді.

«Жат елдені» бағалағанда, автордың қазақ драматургиясы үшін тың тақырыпқа барғандығын, дұшпан ортаны, жау ішін бейнелеудің ерекше қиындығын ескере отыруымыз керек. Әйтпесе пьесадағы Сайыпты өмірдегі – Баймырза Хаиттың парапар бейнесі деп айта алмаймыз. Шығармадағы ұзын-жүлде тартысқа бел шешіп, белсене қатыспайтын Сайып әр жерде үзіп-жұлып айтқан сөздерімен жөнді есте қалмай, тез ұмыт болады. Көптеген кітаптарымен Европаны шулатқан мықтының тұрпатына мән бергенде, автор көп ұтатын еді.

Шығармада персонаждың бәрі неге жұтынып тұрмайды, шайқалған жорға болмайды деген талапты ешкім де қоя алмайды. Суреткердің ең басты мақсаты - әр түрлі бояумен, ырғақпен, әуезбен көркемдік құралдармен өзек жарды ойын жеткізу. Бұл тұрғыдан «Жат елде» пьесасы мақсатын орындаған.

Аты дардай, заты құрдым комитеттің президенті болғанына бір қауым уақыт өтсе де түк өндірмеген Құрбан жем тастап отырған иелерінің ығына көшіп, сүйек-саяқтан айырылып қалмас қам ойлап, жастар фестиваліне келген Қазақстан делегаттарының тамырын басуға жіберген кісілерінің өзі сабынша бұзылып қайтып оралады. Бұлардың ауыз бірлігі, ынтымағы қонды күнде екен, ауа райы өзгеріп, аспанды бұлт торлағанда арланы бөдтірігіне тап береді. Құрбан:

«Хелло, хелло Шмидт... Номері 19 Б ие, ие, әрине, ана дүниеге». Сөйтіп, аласапыранда әке-шешеден айырылып, жөн білмейтін бармақтай кезінде фашистер қолына түскен Байбол енді елге қайтам дегенде, телефонмен айтылған бір ауыз бұйрықтан жер құшты.

Бірінің желкесін бірі қиып түсудің амалын іздеп, қастықпен аңдысып отырған жау топтың ішінен де күрескер жанды табуға болатын еді. Автор басқа жолды қалаған. Құрбанның қиялында көрінетін Ана бейнесі арқылы авторлық идеал, шығарманың патриоттық мұраты ашылады. Пьесаның күретамыр тартысына қатыспағанмен қысылтаң, қиын-қыстау сәтте шығатын Ана опасыздар, сатқындар тұрпатына контрастыда алынған. Мұндай көріністерде ақ-қара бояулар бірін-бірі айқындай ашады.

Бұрынғы шығармаларында көбіне комедиялық ситуацияларды, күлкі тудыратын сөз айшықтарын күйттеген драматург айтылмыш драмасында тіл ұстарту арнасында ізденгенін, шайырлы, қорғасынды монологтар жасауға ұста боп қалғандығын көрсетті, эпос қазынасына, халық қазанына, Әуезов байлығына ден қойып, стиль, мақамды байыта түскен.

Абыз:


Әреке деген кок ауру, сені тияр талқы жоқ,

Ішті деген жегінің жерге кірер қалпы жоқ.

Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ, -
деп күңіренсе,
Асан:

Көзін алған біз сона, жар салып бастар жалқы жоқ,

Бас кесілген бос кеуде, береке қонар арты жоқ,

Шерменді емей біздер кім, көк тиындық парқы жоқ, -


Деп зар илеп, запыран төгеді.

Қаракөз: «Сынған ер жамалады, сыны біткен көңіл қайғысын сөзбен жазады» - десе,

Ана: «Жар өледі – төсек жаңғырады. Жалғыз өледі, жара бітеді. Ата-анаң өледі - өзің ата-ана болғанда ол да ұмыт болады» - сол ойды сабақтай түседі.

Әлем драматургиясындағы бірқыдыру жауһар шығармалар ақ өлеңмен жазылған, оларды сахнаға қойсаңыз – тамаша спектакль, щқысаңыз - әдемі поэтикалық туынды. Қазақ драматургтерінің ішінде, әсіресе Әбділда Тәжібаев жырмен өрнектелген пьесаларға айрықша ден қояды, өзінің зерттеу еңбектерінде бұл ойын ерекше шегелеп, бажайлай баяндайды. Көне грек трагедиялары мен комедиялары, Ренессанс туындылары, Шекспир, Гете, Шиллер, Пушкин асылдары өлеңмен жазылғандары көпке аян. Режессура өз алдына жеке отау тігіп, декорация, музыка сахнаға келмеген кезде, артистер маска киіп, дауысын күшейтетін құрал пайлаланатын шақта көрерменге әсер ететін бірден бір нәрсе – дыбыс, әуез, ырғаққа негізделген, құлаққа жағымды, жүрекке жақын сұлу диалогтар, жарқыраған ионологтар болғаны хақ.

Ұлы Толстой данышпан Шекспирді мінегенде, тұяқ тіреген ілгішегі, аң алдымен, кейіпкерлер сөзінің өмірдегі жағдайға көп келе бермейтіндігі еді.

Әдеби дамудың тенденциясы барлық жанрда бірте-бірте реалды болмысты өз көрінісіне лайық формада бейнелеуге мүмкіндік тудырады. Тегінде синтетикалық сипаттағы драмаға режиссура табыстары, өнердің әр түрлі саласындағы олжалар жемісті ықпал жасап, ескі дәстүрлерді жаңғыртты. Классикалық әдебиеттегі көп актылы пьесалар енді театр талаптарына, көрермен ықыласына орай ықшамдалып қойылатын болды. Қазіргі пьесалардың негізінен үлкен екі бөлімнен құрылуына сахна шарттары әсер еткендігін көру қиын емес.

Бүгінгі драматургияда әр түрлі жанрлық формалар, сан алуан стильдегі туындылар, көп өрнекті шығармалар қатар өмір сүріп отырғанда, тіл мәселесіне бір-ақ талаппен қарай алмаймыз. Драматург, ең алдымен, өзінің талант ерекшелігіне байланысты, алдын алып отырған материалының ыңғайына қарай, идеялық мұратына шақтап, көркемдік құрал таңдаса керек.

Қоғаммен, табиғатпен арадағы байланысы қат-қабат күрделеніле түскен, сан алуан әлеуметтік, экономикалық факторлардың ықпалы психологиясында мың сан із қалдырған ХХ ғасыр адамын сахнаға шығарғанда, оның басындағы драма, трагедия, комедия тек өлең тілімен ғана баяндалса, аздық етер еді. Мұндай жолға түскен әдебиет өзін-өзі тұсаған, күні бұрын жасап алған қалыпқа мойынсұнған, неоклассицизмге ден қойған әдебиет болар еді.

Әбділдә Тәжібаевтың суреткерлік тәжірибесінен өмірлік материалдың ыңғайына қарай өрнек іздеудің бірталай үлгісін табуға болады: оқымыстылар ортасындағы, интеллигенттер тіршілігіндегі драматизмді бейнелейтін «Көңілдестер» пьесасы қара сөзбен жазылғандықтан осал түсіп отырған жоқ, қайта біздің ойымызша, бұл шығарма автордың «Майрадан» кейінгі үздік сахналық туындысы, қазіргі әдебиетіміздің олжасының бірі.

Авторлық мұратқа, кейіпкер тұрпатына сәйкес стильдік бояумен жазылған «Қыз бен солдат» пьесасы өлеңдік формасымен даралануы өз алдына, өмірлік материалы, тақырыбы жөнінен де елеулі драма.

Ата даңқымен – қыз, мата даңқымен - бөз өтсе өтер әлі де, бірақ өнер саласында тақырып дақпыртымен, бір күндік қызыл танау науқан ұранын көтерген идеялық саудамен ешкім де шыға алмайды. Зулап ағып өтіп жатқан өмірдің дәнді құбылысын ұстап алып, әрі зәру, әрі сапалы туынды жасау үшін үлкен талант қажырына қоса, саясаткер сұңғылалығы, публицист шапшаңдығы қажет.

«Қыз бен солдат» шетел тақырыбына арналғандықтан ғана сахнада табысқа ие болған жоқ, бұл туынды тәжібаев драматургиясында көп жылдан созылған бір желіні тиянақтағандай еді.

Жаңа жанрдағы қадамын Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» пьесасынан бастаған ақын Әбділдә лирика мен драманың түйіскен жерінен олжа іздеп, еңбек етті. Бұл ретте аңыз, ертегі материалдарына сүйеніп бірнеше пьеса жазды. Монологтар шұбалаңқы ұзақ толғау болып қалмас үшін, диалогтардың өткірлігін күшейту үшін ақын өлең құдіретін пайдалануды жақсы игерді.

Қыз, солдат есімдерін атауды автор қажет деп есептемеген. Салған жерден драматургтің шарттылық құралдарын ұстанатынын, символ, емеурін, астар, ишара оймен мінез, құлық, психологияны бейнелеуге күш салатынын көреміз.

Вьетнамдағы американ ойранының мысалы арқылы тіпті де аты да аталмаған бір Солдаттың бір Гүл сатушы қызбен арасындағы өң мен түстің арасындағы елестей жалт етіп өте шыққан кездесуінде туған таза, пәк сезім, алғашқы махабаттың асыл нұры мен жауыздық бұлтының шарпысуы арқылы адамгершілік идея, соғысқа қарсылық ұраны айтылады.

Пьеса басталғанда Солдат тебіреніп тұрады. Оқиға қай жерде, қашан, қай қалада өткені дәл көрсетілмесе де, басқыншылар табанына түскен сорлы бір ел екені айқын. Көк темір асынған көп жендеттен бұл солдаттың артықшылығы – жүрегі.

Жиіркене, пысқырына қарайды жан-жағына. Елжірей, тебірене көз тастайды төңірегіне. Езу, жаншу, таптау, жою, қыру емес, ойлағаны – түсіну, ұғыну, қол ұшын беру секілді.

Гүл сатушы Қыз үшін қолындағысын өткізсе болды, тамағы аш қалмайды, кім алады, қанша алады – бәрі бір. Солдаттың адамша сөйлесіп, жылы ұшырап, бауырына тартуы – сирек мінез. Жем етсем, тояттасам, қызықтап лақтырып тастасам деген жебір, жалмауыз көздер сиқы басқаша еді. Мынау Солдат үнінде жылылық, жүзінде иман бар ғой.

Сынық көңіл, қайғылы жүрек, шерлі сезім Қыз бен Солдатты тез жақындастырып, бейне бірін-бірі ертеден білетін адамдарша шүйіркелестіріп жібереді. Таныспай, біліспей жатып ұғысып кеткен. Өзара тіпті еркелегендей. Жарқ-жұрқы, тарс-тұрсы, айқай-шуы көп, даңғаза қаланы аралау, қызылды-жасылды магазинге кіру, көк толқыны аспанға атқан теңіз жағасына бару – бәрі де алып ұшқан қиялдан туған әрекеттер.

Алғашқы көріністерде драматизм солғын, Қыз бен Солдаттың төңірегіне тамсана, таңдана қараудан басқа қимылы аз. Бір –ақ рет шығатын көзілдірікті адамның, үш жұмысшының сөздерінде сұм өмірге деген қарғыс бар.

Әке-шешеден айырылып жалғыз қалған Қыз қимас дүниесі гитарды Солдатқа ескерткіш белгі ретінде сыйлайды. Екеуінің арасындағы ендігі сырды, мұңды бөлісер сол ғана секілді.

Пьесаның екінші бөліміндегі конфликт Қыз бен Солдаттың айырылуы арқылы ғана көрсетілмейді, Вьетнам ойранына кетіп бара жатқан жалдамалылардың әрқайсысының басында қан қаза, жан жара бар. Бір қарағанда сырттары жылтырап, өңдерінен белгі бермей тұрғандардың ішіне үңіліп көріңіз: мынау тиын-тебен үшін, аш өзекті жалғау үшін сатылғанын жасырмайды, екіншісі тірлік күресінен шошып, ала қағаз бетіне үңіліп қалған, үшінші жігіт әншіліктен барқадар таппаған соң, қолға мылтық ұстаған, заманында қарсыласын жалғыз соғып сілейтетін боксер күні де енді қараң, ал маскүнемге қайда құласа да айырма жоқ, тек ішерлік бірдеңе болсын де.

Бұлардың ортасында махаббат сезімі жанына нұр құйған Солдат тұрпаты бөлек көрінеді, қиял, арман дүниесі, өлім, опат дүниесі қалай ғана оп-оңай ауысып кеткенін өзі де аңғармайды. Бір қиырда:

Шағалалар шулайды...

Шырылдайды шағала.

Кімдер қалды жағада?

Гүлдер қалды жағада.
Көз алдында өтіп жатқан алапат мынау:

Көк теңізде толқын жанып,

Күңіренеді бұлттар жылап,

Ағаштардың көздерінен

Қанды жастар тұр тамшылап...

Қап-қара боп күн шығады,

Қара киген тұл қатындай,

Қан үстінен қан ағады,

Алғашқы қан құрғатылмай.
Соғыс сценасы шартты қалыпта берілген. Драматург режиссер қиялына, сахналық шешімге, декорация мен музыкаға мүмкіндік ашар ойларды мегзейді. Солдат ажал тырнағына ілінген сәтте, өң мен түстің арасында көз алдына Қызды келтіріп, онымен тілдеседі. Бұл диалогтарда психологиялық тереңдік, драматизм жетіспей жатса да, сахналық әрекетті жандандыра түседі.

Солдаттың характерін ашар үлкен қимыл, аршынды іс екінші бөлімде де жоқ. Тұтастай алғанда, пьесаның өзі шарттылыққа, символға, бозаң бояуларға құрылғандықтан, Капитанмен арадағы қақтығыстың мәні ерекше. Әрине, қолға түсіп қалған партизан шалдың мелшиіп үндемеуі, сыр ашпауының өзі қарсылық, бірақ осы орайдаоның аузына халық қаһарына, келімсектерге, басқыншыларға деген ыза-кекке суарылған сөздер салуға болатын еді.

Әділетсіздік, жалмауыздық жанын тітірентіп, арын күйдірген Солдатты тағы да бір зұлымдық қылмысқа жұмсап тұр Капитан: бейкүнә шалды жайратып сал дейді, әйтпесе өзін мерт етпек. Бұл жолғы оқ қанішерді қырқып түсті.

Драматург соғыс алапатын тәні, жаны күйіп, өртеніп, белуардан қан кешіп жүрген Солдаттың көзімен бейнелейді. Оның монологтары, әсіресе, көк сүңгені бойлата сұғып, аранын ашқан өлім ызғары жақындаған кезде ширыға түседі.


Бұлдырады неге мынау жарық күн,

Көлеңкелер неге ұзарып барады?

Ағаш неге дірілдейді, өксиді.

Не үшін оның көзінен қан тамады?..


Кімнен сұрағаны? Үзіліп бара жатқан сорлының дүниеге соңғы тіл қатуы ма?
Қара құстың тырнағы кіріп кетті-ау миыма...

Ажал келіп аяғыма жылан болып оралды,

Сайтан мені умен жуа бастады,

Кеудемдегі қан лоқсыған жарамды.

Кімге айтқаны? Үзіліп бара жатқан сорлыға қанша қиналса қол ұшын берер, аузына су тамызар дос бар ма екен?

Бір көріп сүйіп қалған, ендігі тірлігіндегі тосар үміті, көрер қызығындай болған Солдатты күте-күте сабыры тозып, санасы сарғайған Қыз бейшара естен айырылғандай халге түскен. Мелшиген көк темірге, мұздай суық қара тасқа сыр айтады: бірін президент деп, бірін әулие деп ойлап қалған Қыз монологтарында іштегі өрттің жалыны, соғысқа қарсылық, халық ызасының ұшқыны бар.

Драматург қазіргі заманның көкейкесті мәселесіне қаймықпай барып, ұтымды форма арқылы өлең үлгілерінің әр түрлі өрнектерін, сахналық шарттылық құралдарын, мегзеу, символ тәсілдерін пайдалана отырып, публицистикалық пьеса тудырған.

Қазіргі қазақ драматургиясы жайын қарағанда, сахнада қойылып, жинақтарда, кітаптарда басылып жүрген пьеса атаулыға тегіс пысқырына қарайтын нигилистікке де, түймедейді түйедей етіп көрсеткен желөкпелікке де жол беруге болмайды: әрбір шығарманы, эстетикалық-идеялық жағынан саралап, оның әдеби дамуындағы орнын анықтайтын анализ қажет.

Драмның жанрлық табиғатынан, сахна өнерінің ерекшелігінен туатын бірқыдыру заңдылықтарды білмеу, ескермеу, спектакль атаулыны мақтай жөнелетін, не пьесаны бағалауға, не режиссер шешімін талдауға шамасы келмейтін алыпқашпа, жалпылдақ рецензияларды қоздатып жіберді. Оларға бақсақ, қазақ артистері шебнрлік шыңына жетіп, драматургтеріміз жауһар туындылардың кеніш байлығын жасап тастаған секілді.

Бүгінгі пьесаларымыздағы психологизм шеберлігі, деректі материал һәм суреткер қиялы, шарттылық құралдарының шығарма жасаудағы мәні, қаһарман тұрпаты мен тартыс бірлігі деген мәселелерді қарастыру ләзім. Сірә, қазақ драматургиясының даму бағдары жайлы тұжырым асығыс баядамамен, көп есімдерді мұрнынан тізіп шыққан шолумен, келте шолақ рецензиямен емес, байсалды эстетикалық арнадан туса керек.

Әбділда Тәжібаевтың шығармашылық ізденісінің бір үлгісі – «Монологтар» пьесасы. Ол сахнада «Сағынамын күн сайын» деген атпен қойылып жүр. Форма жағынан алғанда Мұхтар Әуезовтің «Дос – Бедел дос» пьесасы демесек, қазақ драматургиясындағы өзге шығармаларға ұқсамайды. Автордың бұл туындысын жанрлық тұрғыдан сахналық поэма деп көрсетуінде мән бар. Кейіпкерлер ретінде Қазақстан тарихында айырықша құрметке ие белгілі қайраткерлер алынған. Олар: ақын – революционер Сәкен Сейфуллин, генерал Панфилов, Совет Одағының Батырлары Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Совет Одағының халық артисі Күләш Байсейітова, академик Қаныш Сәтбаев, бұған қоса Ақын және Уақыт бар.

Шығарманы саханаға қоюға мүмкіндік жасап, жеке көріністердің басын қосып тұрған – Ақын мен Уақыттың арасындағы диалогтар, хор. Көрерменге арнап айтылатын Ақын сөзінде драматургтің әдейі қалыпты іздеп шығып, еркін кету сырлары шертіледі. Ақын монологтарында құбылмалы өмір әсерінен туатын адам бойындағы өзгерістер, мінез қырлары көрінсе, Уақыт атынан берілетін монологтарда объективті шындық, замана кесімі айтылғандай. Әрбір кейіпкер монологында Қазақстанның азаматтық тарихының белгілі көріністері жатыр. Әдеттегі ұғымдағы әрекет бірлігі, сюжет ағымы жоқ болғанмен, бір кейіпкерден кейін екіншісінің шығуында мезгіл жағынан байланыс, сабақтастық бар.

Ең алдымен сахнаға революцияның от жалынынан аман қалған дауылпаз қызыл сұңқар Сәкен Сейфуллин шығады. Драматург Сәкен поэзиясындағы мотив, сарындарды жақсы пайдаланған, өлең ырғақтарында да ұқсастық бар. Сәкен өмірінің Трагедиялық финалын әркім әр түрлі бейнелейлі: Ғабит Мүсірепов повесінде домбыраның шегі үзіліп кетеді; Қалижан Бекхожин поэмасында Алматының Карл Маркс көшесінде



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет