Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет28/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

Ә ң г і м е д е :

"Мен шөп суырған соң, құдықтың қайда екенін білмей, соны сұрадым. Балаңыз көрсетейін деп, қорадан бірталай жер ертіп шықты. Күн қатты боран болып, суық болған соң, тоңып қалар дедім де, кұдықтың бетін біліп алып, үйге қайтарып жіберіп едім. Әлде сонда қораны таба алмай адасып кетті ме?

П ь е с а д а :

"Апыр-ай, мен кінәлі болдым-ау! Бағана суатты көрсетіп жіберген соң, орта жолға дейін барьпт, бағытын біліп алып, енді тоңып қаларсың үйге қайта бер деп ем. Күн сол екі арада мың құбылып, боран алай-дүлей түтеп кетпеді ме? Қайтарда үйді зорға таптым. Әттеген-ай!"

Актер ойынын ескеріп, ырғақ, интонация берілген, әйтпесе егіз сөйлемдер.

Мұндай ұқсастықтар екінші, үшінші бөлімде сирек ұшырайды, оларда ситуация, мотив сарындастыгы бар.

Ғ. Мүсіреповтың "Ашынған анасыңдағы" әйел он алтыншы жыл дүрбелеңінде, қара тізімге ілінген баласын арашалауға болыс алдына барушы еді ғой, анау қайырымның бодауына нәпсі тілегін сұрағанда, қанына қарайған әйел жарады да салады. Итбайдың басын шапқан сол көтеріліс балтасы. Ажар да Қатай болысты шауып өлтіреді.

Үшінші бөлім. Санадағы өзгерістерді, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, психологиядағы жаңғыруларды өмірдің өз адымына сәйкес, ортаға лайық көрінген мінездер, характерлер арқылы, араға уақыт салмай, дер кезінде реалистік сенімділікпен, шыншылдықпен бейнеленген Бейімбет Майлин шығармаларының мән-маңызы, қадыр-қасиеті заман озған сайын арта түспек. Өйткені, өз дәуіріне етене белгілерді, әсіресе қазақ ауылындағы өзгерістерді құбатөбел, қоңырқай жандардың іс-әрекетімен суреттеуде Майлин тұрғылас қаламгер сирек. Қазақ прозасының халқымыздың басындағы тарихи жаңа-лықтарды, әлеуметтік революция нәтижесінде пайда болған соны моральдық институттарды көрсетуде реалистік мәнерімен, қарапайым шыншылдығымен ерекшеленетін туындысы "Раушан коммунистегі" кейбір ситуациялар "Ажар мен ажал" пьесасына енген. Раушан мен Бекен, Ажар мен Бөпіш араларындағы қарым-қатынас ұқсас. Бөпіштің қасақана дүшпандардың азғыруымен желігіп, өзінің қолынан іс келетіндігін дәлелдемек болып, мөрге таласу әрекеті, өкпелеп, басқа үйге барып жатып алуы, әйелінің мұңын артынан қуа келуі, кейін татуласуы - повестен алынған жәйттер. Текстік ұқсастықтар бар:

Повесте:

"Әй, түрсаңшы, үйге барайық!..



- Немене, сорлыны мүнда да тыныш жатқызбайын дедің бе?.. Әбден сағынып бара жатқан шығарсың!.."

Пьесада:

"Сары жорға. Көлгірсуін. Байсырап қалған екенсің. Сағынған шығарсың жаман қатты.

Ажар. Тұр деймін. Жүремісің?"



Текстологиялық салыстырулардың нәтижесінде шыққан дәл айғақ, нақты фактілер "Ажар мен ажал" пьесасының өзегінде "Қорғансыздьң күні", "Ашынған ана" әңгімелерінің, "Раушан - коммунист" повесінің еміс-еміс сарыны, болар-болмас әсерлі емес, ситуациялары, характерлері, идеялары жатқандығын сенімді дәлелдейді. Сондықтан, "Ажар мен ажал" драмасын сахнаға қойғанда, яки жариялағанда М. Әуезов, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов аттарын алып тастау ақиқатқа қиянат, әдеби этикаға жат мінез, әбес қылық екендігін ұмытпау керек.

Енді бұл шығарманың айтылмыш туындылардың нашар инсценировкасы, солғын көлеңкесі емес, С. Жүнісовтің төл пьесасы, драма ретінде өмір сүруге қақысы барлығын айғақтайтын жәйттерге тоқталу қажет.

Сахна шарттары, драматургия талаптары ескерілгендігін алғашқы бөлімнен көруге болады. Тартыстың бір басыңда бұғанасы қатпай жатып тірлік тауқыметін тартқан жас қыз бен сорлы, пүшайман, соқыр кемпір, екінші басында жуандар, зорлықшылар. Әңгімеде кемпір аузымен айтылатын жағдай пьесада сәтімен сахналық көрініске айналған. Ажарды шырылдатып тастап, жалғыз сиырды тартып әкету - оның жанында қарсылық сезімін тудырған алғашқы себептердің бірі. Соры қайнап, сорпасы төгіліп, көрген қиянат, шеккен азабын айтып отырған кемпір сөзі титтей де әсер етпеген екі қаражүрек рақым жасау былай тұрсын, қорғансыз Ажардың арын аяққа таптап, жас ғұмырына балта шабады. М. Әуезов әңгімесінің финалы Ғазиза өлімімен тынуы замана шындығына сәйкес шешім болатын. Сол өлімнің өзі ғаламат қарсылық, түйілген жұдырық еді. Зорлықтан шіріп, қорлықтан зар шеккенше, ақ өлімді зият санаған ерлік мінез.

Пьесадағы Ажардың басына тау құлағандай сұмдық жаманшылық көрсе де, өлмей, тірі қалуы драмалық тартысты өрбітіп, характерлерді айқындауға ерекше мүмкіндік берген. Аңыраған боранда, бейіт басында, екі қабыр арасыңда есінен танған сорлы қызын құшақтап, көкірегі қарс айырылып, дауыс салған соқыр кемпір зарына, иесіне іш тартып ұлыған Ақтөс үн қосады, бұл көрерменге қатты әсер ететін трагедиялық сцена.

Араға көп жыл салып, Ажармен қайта кездескенімізде, оның басынан мол өзгеріс табамыз: сонау қайғылы түнде бойына біткен перзент қазір ержетіп қалған, Қатай болыстың ұлымен ойнап жүр. Өмір тепкісі, тірлік талқысы Ажардың сағын сындырып, бақытын күйдіргенмен, еңсесін басып, жүнжітіп жібере алмаған. Оның іс-әрекетінен, сөз әлпетінен, отқа-суға түсіп, бәріне көндіккен, жігерлі адамның қалпын танимыз. Бұл әйелдің мінезіндегі ірілік, характер кесектігі он алтыншы жыл сойқанына байланысты жақсы танылады.

Ғұмырындағы ендігі медеуі, алдан тосқан жалғыз үміті, өсек-ғайбат отына өртенсе де, тісімен сүйреп жүріп өсіріп келе жатқан ұлы - Жұматай басына кесепаттың қара бұлты үйірілген соң, Ажар аранын ашқан арыстаннан да тайынбай, көзді жұмып, тура болыстың үйіне тартады.



Осқырынып, дүйім жұртты көзге ілмей, шүленсіген ұлық анау. Қазақ түгел қырылып қалса, қыңқ етер сыңайы жоқ: бірер ауыз сөзінен сұм ниеті аңғарылады. Бұл ситуацияның "Ашынған ана-дағы" жағдайға ұқсастығын ескере отырып, драматургтің өзі тапқан жаңа бояуларды айту абзал. Сырт көзге ымы-жымы бір көрінгенмен, анау болыс, анау тілмаш, анау ұлық жан-жаққа бұрады. Араларында қайшылық, психологиялық арбасу бар.

Еркектердің алдында Ажардың соншалық суырылып сөйлеуі -әуелде түсініксіз. Мынау болыс кезінде өзіне зорлық еткен, жас ғұмырын солдырған Атан екен, осыдан біткен анау Жұматай жасы жетпей майданға, көпе көрнеу өлімге кетіп барады екен, ашынған, шеттігіне ілінген, кекпен қайнаған Ажардың қас дұшпанына балтаны бір сілтеу емес, мың сілтеуі де рауа.

Драматург қаһарманын бүл қадамға әбден дайындап әкелген.



Жаңа заман күші тағдыр таяғын қанша жесе де, жауымен алысып келген, бірде жеңіліп, бірде жеңген Ажар секілді қайратты жандарды өмір толқынының бетіне көтеріп алып шыға келген. Сондықтан олардың қимылдары кесек, әрекеті батыл болмағы заңды нәрсе. Мұңдай әлеуметтік өзгерістерді суреткерлік қырағылықпен дәл көріп, шебер бейнелеген Майлин дәстүрі, пьесадан мол табылады.

Сырт көзге жалтырап, аузымен құс тістеп тұрмағанмен, ішкі сарайы ашық, жаны таза, адамгершілігі мол адамдардың арасындағы бұйығы, момын кісілер кездеседі. Осы тақылеттес Бөпіш мұңдас, қайғылас деп Ажарды ұнатып, көңіл қосқан. Қашан да орта әсері, жұрт ықпалы тимей қалатын, өмір бақи бір күйде өтетіндер жоқ та шығар.

Ашық майдан, бетпе-бет соғыс толас тауып, тап шайқасының жықпылға кеткен заманында көрініс берген мінездерді сипаттайтын бірнеше бейне бар. Әуелде жеңгетайлықпен ауызданған Қатай ат қосшы, тыңшы, жансыз боп жүріп талай әлсіз бен жіңішкені, жетім мен жесірді зар илеткен қанды балақ болса да, ебін тауып өзі тектестер итжеккенге тентіреп кеткенде, бас сауғалап қалған. Еңдігі харакеті тасада тұрып, кесек лақтыру - біреуді-біреуге қойт-қойттап айдап салу, өсек-өтірік таратып, іріткі түсіру. Бұған оқ жыланша зуылдаған Сарыжорға қосылғанда, ана ауылдың шаңын ана ауылға жеткізеді.

Ру идеологиясына санасы шырмалған Бөпіш сынды адамның азғырынды, желіктірген сөзге еріп, аяқ астынан бұзылып, еркекпін деп кеудесін қағып шыға келуі психологиялық жағынан сенімді берілген. Идея "Раушан - коммунистен" алынғанмен, Ажар-Бөпіш арасындағы диалогтар түгелдей соны. Сарыжорға үйінде жатқан Бөпішке тәуіптің келуі, оның сөздері күлкі тудыратын юморлық планда берілген.

Қазақтың алғашқы драматургтері Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов эпос сюжетін, фольклор мотивтерін, аңыз қаһармандарын шығармашылықпен пайдалана отырып, ұлттық әдебиетімізде бір алуан дәстүр жасап, оны әр кезде Қапан Сатыбалдин ("Аягөз ару"), Әбділда Тәжібаев ("Халқым туралы аңыз"), Шахмет Хұсайынов ("Алдар Көсе") жаңа бояулармен байытты. С. Жүнісовтың драматургиядағы тырнақалдысы әдебиетте бұрыннан белгілі сарындарды өрістету дәстүрінің арнасында жемісті туғанын айту - пьесаны кеміту емес; үлкен ізденістерге, ешкімнің ортағы жоқ төл туындылар жасауға автордың мол қабілеті барлығына шәк келтірмейміз.

Бір шығарма - бір шеңбер. Суреткердің таланты, дүниеге көзқарасы, парасаты күллі шығармашылығына үнемі ықпал жасап отыратын құдірет, қуат күші десек, әрбір туындының өз ырғағы, өз әуезі, өз пішіні болмақ. Ой ағымын, сезім толқынын берудегі нәзік сәуле, әсем бояу мазмұн мен форманың диалектикалық бірлігіне бағынады.

Эпикалық, поэтикалық шығармаларды сахнаға ыңғайлай бастағанда, автор идеалына лайық әуелі түрін жоғалтып алғандықтан эстетикалық әсер солғын тартады. Қанша шебер қолдан өтсе де, қанша режиссура жетістіктерімен қүлпыртса да Толстой, Достоевский, Әуезов романдары бойынша жасалған инсценировкалар төл туындылардың өзіндей жүрекке жылы тиюі мүмкін емес. Максим Горький: "Мен жалпы инсценировкаға қарсымын" - дегенде, театр қажетгілігінен, белгілі шығармалардағы кейіпкерлерді көзбен көру талабынан туған жаңа формаларға теріс қараған жоқ, классикалық туындыларды орынсыз бұрмалауға, ретсіз қидалауға наразылық білдірген.

Драматургияның арқа сүйері, алтын жүлдесі әуелден жанр та-биғатын, театр зандылықтарын бек ойластырып, мазмұнға лайық формада қүйылып шыққан тоқсан-тоғыз әуен, сарын, нұсқа ішінен ортан қолдай біреуі ғана тандалған төл туынды, төл пьеса деген тұжырымға ден қоямыз.


***
Қазақ драматургтары бірқыдыру еңбек етті, сахнаға жаңа шы-ғармалар шықты, жаңа қаһармандар келді, жаңа сырлар шертілді.

Ұлттық өнеріміздің бір қуанышы - "Қан мен тер" спектакліне Мемлекеттік сыйлық берілді.

Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мүхаметжанов қаламынан туған "Көктөбедегі кездесумен" әлемнің көптеген театрларында мыңдаған көрермендер тіл табысты.



Драматургтер Ә. Әбішев, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, М. Хасенов, А. Шамкенов, С. Адамбеков, Ә. Тарази, С. Жүнісов, Қ. Ысқақов жаңа шығармалар берді.

"Трибунал", "Арбаң аман болсын", "Махаббаттың әлегі", "Әкімдік", "Аңыратпақшы ананы" сияқты аудармалар қойылды.

Өлең спектакль болды. Жазушылар одағының драма секциясы ондаған пьесалар талқылады.

Мәдениет министрлігінің репертуар коллегиясы жылына 15-тен астам пьеса, 4-5 инсценировка, 10-15 аударма қабылдайды.

Әлем әдебиетінің үлкен қаламгері Шыңғыс Айтматовтың қазақ өнерімен байланысы біздің тілімізге аударылу, театрларымыздың сахнасына шығу, жеке жазушыларымызбен қарым-қатынасы, әдебиетіміз туралы пікір айту ауқымынан асып, қазір нағыз суреткерлік достыққа айналды. Қазақ-қыріыз әдебиетінің төл қозысы болған, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхаметжанов қаламынан туған "Көктөбедегі кездесу" пьесасы - бұл байламның айқын дәлелі. Шығарма "Современник" театрында қойылды, көп елдерді аралап кетті. Баспасөздегі пікір өз алдына.

Осы драманың қандай өзекті ерекшеліктері бар?



Тегіңде, Шыңғыс Айтматов концепцияның жазушысы, оның қай туындысын алсаң да терең ой, астарлы идея, философиялық, символдық мәнге ие. Ол оқушының көзін қызыл-жасыл суретпен алдарқату ниетін ешқашан мақсат еткен емес, шағын өмірлік материалды, бір қарағанда кішкентай көрінетін детальды алып отырып, жүрек тебірентерлік проблемаларды қозғайды.

Қазақ сахнасына берік орныққан пьесалардың авторы Қалтай Мүхаметжанов шығармашылығында драматизм, ащы күлкі, азаматтық пафос секілді айшықты сипаттар бар.

Осындай екі қаламгердің бірлесіп шығарма жазуын жай білістік, таныстық, сыйластық ыңғайы емес, позиция бірлігі, талант ұқсастығы табыстырған заңдылық деп білеміз.

Атүсті назар аударғанда, "Көктөбедегі кездесу" драмасының сюжетінде, композициясында, кейіпкерлер әлемінде кісі таң қаларлықтай ештеңе жоқ. Тіпті қатардағы, күнделікті болып тұратын оқиғалардың бірі көрсетілетін сияқты. Бұрынғы шығармаларда айтылған жайттар ойға оралады. Зейін Шашкиннің "Ақын жүрегі" драмасында ескі достар көп жыл өткен соң қайта жиналып, ертеде біреуінің ұсталып кетуіне кім кінәлы болғанын іздестіріп, әбден азапқа түсуші еді ғой. Дәл сол кештен кейін бүгінгі қызмет бабын ойлаған біреуі тағы опасыздық жасайтын. Бүл пьеса қазақ театрында қойылды, одақ көлеміңде танылған жоқ.

Аталмыш екі шығарманы салыстырып көргенде, бір материал, бір фабуланы ала отырып, әр түрлі образдар жасап, әр түрлі идея айтуға болатындығына көз жеткізесің. Шеберлік қүдіретіне ден қоясың.

"Көктөбедегі кездесудің" құрылысынан бүгінгі драматургияның ең соңы, ең жаңа сипаттарын, етене белгілерін көреміз. Сөйте тұра, осы шығарманы Москва сыншыларының көбі "пьеса-диспут", "пьеса-айтыс" деп бағалауы неліктен деген сұраққа мән беріп, ойланып көрейікші. Бұл драманың негізгі сүйегі қазақ-қырғыз әдебиеттеріңде терең тамыр жайған дәстүр арнасында туған. Драматургтар ежелгі өнеріміздегі шешендік дау, айтыс формасын ұлғайтып, драмалық әрекет тұтастығын құнттау үшін пьесада ырғақ, әуезділік, полифонизм сақталған.

Төрт достың, олардьщ әйелдерінщ әзіл-қалжьң диалогтарын алып тастаса, пьеса бастан-аяқ Сабыр тағдыры туралы кім не ойлайды деген талас-талқыдан тұрады. Осы сараптың үстіңдегі толғаныс, тебіреніс ғылым докторының, жазушының, мұғалімнің, агрономның ішкі әлемін, рухани дүниесін ашьш береді. Дәлірек айтқаңда, әрқайсысы ақылы, қайраты, жүрегі неге қабілетті екендігін ашып береді.

Адамшылық қызмет бабындағы орныңмен, жинап-терген байлық-дәулетіңмен, тілге бал жағьш алып, жылтыратып сөйлеген көлгір сөзіңмен өлшенбейді, әрқашан ар алдында қаймықпай, табаның тайғанақтамай, жүрегің лоблымай, көзің жыпылықтамай жауап беретін кісілік керек - "Көктөбедегі кездесу" драмасының біз таныған түп қазық идея - концепциясы осы.

Драматургиядағы тұңғыш қадамын Мұхтар Әуезовтің "Қор-ғансыздьң күні", Бейімбет Майлиннің "Раушан - коммунист", Ғабит Мүсіреповтің "Ананың арашасы" шығармаларьш сахнаға лайықтау негізіңде жазылған, қазақ, орыс театрларында қойыльш жүрген "Ажар мен ажал" пьесасымен сәтті бастаған Сәкен Жүнісов соңғы жылдарда бірнеше туынды берді. Жанрдың бүгінгі талаптарын, техникасын жақсы ескеру, театр шарттылықтарын жіті білу, тіл өткірлігі сияқты сипаттар оның қаламгерлік стиліне етене қасиеттер. Бұл тұжырымды дәлелдейтін - "Жаралы гүлдер" драмасы.

Дүниені астан-кестең еткен кешегі соғыс тудырған өмір жағ-дайлары, психологиялық құбылыстар, сан алуан тағдырлар қазақ әдебиетіңде толық бейнеленіп бітті деп айтуға болмайды.

Бала кездегі оқиға еске түседі. Түнімен қол диірменді шықылдатып әбден шаршап жатқанымызға қарамастан, таң атпай тағы сирағымыздан суырып алады. Әзірейілдей дік-дік етіп тұрған ағаш аяқ Бектұрған. Көзі қып-қызыл.

- Интернаттың нанына тойып алып, бықсып ұйықтауларын-ай
өздерінің. Дабай тиірмен тартыңдар. Тағы бала келеді...

- Кім? - деп шу ете түстік.



Немістің балалары!.. Тістеніп алыпты.

Сол неміс балаларымен бірге өстік, төбелестік. Талай кызық-шыжықты бірге өткіздік. Тағдырлас болып кеттік. Жалаң аяқ, жалаң бас келген Ганс, Шульцтар бүгінде қазақша судай, жігіт ағасы.

Осы айтылмыш тақырып арқылы қиын мезгіл тынысын көрсету, халықтар достығын бейнелеу мақсаты прозамызға жақсы бір дүние әкелді. Ол республикалық жабық конкурста бірінші бәйге алған, Мұхтар Мағауиннің қасиетті бауырластық идеясын қызық материал негізінде сенімді бейнелеген "Бір атаның балалары" повесі. Сәкен Жүнісовтің "Жаралы гүлдер" драмасында да соғыс кезіндегі ауыл балаларының тіршілігі көрсетіледі. Абзалында қазақ әдебиетінде кенже қалған саланың бірі - балалар драматургиясы. Ертеректе туған, эпостық сюжеттерге, тарихи-ғұмырнамалық тақырыптарға жазылған "Алтын сақа", "Аягөз ару", "Ыбырай Алтынсарин", "Біздің Ғани" секілді шығармаларды режиссерлер қайта қарауы керек шығар.

"Жаралы гүлдер" драмасының жақсы табысы - кейіпкерлер тілінің дараланып берілуінде. Соғыс уақытындағы ауыл балаларының мінезі, іс-әрекеті көз алдыңа келеді. Өмірдің салмағы мойынға ерте түссе, кімді болса да тез марқайтпақ. Ауыр кезеңде туған балалардың тентектігін, кейбір арсы-күрсі қылықтарын, ересектермен жағаласа жүруін, мезгілдің өзіне тән ырғақтарды автор дәл көріп, сенімді бейнелеген.

Драмадағы есте қаларлық, жөн-жосығы бар кейіпкер - Баттал деген майдангер. Соғысқа барып бір көзінен айырылып қайтқан. Шал-кемпірге, бала-шағаға қараған қоңторғай ауылдың бас көтерер еркегі - осы. Қолынан келгенін аянып жүрген бұл жоқ. Улап-шулап, айқайға басып, әйтеуір жұртқа жұмыс істетеді.

Ой-өріс, білігі көп нәрсеге жете бермейді. Сондықтан Баттал әр жерде қызыл кеңірдекке салады. Мәніне де өзі түсіне бермейтін сөздерді келсін-келмесін қыстырып жібергенді үнатады. Осындай адамның орнына эвакуациямен келген неміс әйелі орыс тілінен сабақ бере бастаса, ол бұлқынбағанда қайтеді. Басбұзар мінезге надандық қосылса, зорлық қиянаттың небір түрі жасалуы мүмкін. Армиясының офицері, жалғыз ұлы мерт болған ұстаз әйелдің қайғысы бір басына жеткілікті қайғы. Әдет-ғұрып, жөн-жосығы мүлде бөлек, өзіне бейтаныс орта, жаңа дүние. Алдында отырған шәкірттері көңілге бір қаяу салса, Баттал екінші бүлікпен келді. Бәрі мұның неміс ұлтынан болғандығы үшін ғана.

Осы драмалық түйін - пьеса арқауы. Драмалық әрекет бірлігінің әлсіздігі, монтаж салқыны, публицистикалық сарынның көбейіп кетуі секілді олқылықтары бола тұра, "Жаралы гүлдер" пьесасы киелі туыстық идеясында жазылған, әсіресе жасөспірімдерге берер тағлымы мол шығарма.

Жас ұрпақты биік идеал, асқақ мұраттарға тәрбиелеу ісінде жағымды қаһарман жасау проблемасының маңызы зор. Дегенмен адасқан тағдырларды, шырғалаң жолдарды көрсету арқылы да көп сабақ беруге болатындығын естен шығармау керек. Әйтпесе, сүттен ақ, судан таза, үнемі мойнынан галстугы түспейтін, көше төртібін бұзбай, тротуармен ғана жүретін, түзу ойлап, түзу сөйлейтін қолдан жасалған қуыршақ кейіпкерлермен кімді алдарқатамыз?

Дәлелді пікір: "Шынында драма болмыстағы қайшылықтарды танудың эстетикалық формасы және ол, ең алдымен, қоғамдық қайшылықтарды адамдар қарым-қатынасы, жеке тағдырлар арқылы көрсетеді". (А. А. Карягин "Драма эстетикалық категория", М., 1971, 36-бет).

Бүгінгі әдебиетіміздегі олқылықтарды атағанда, әсіресе адам жанының диалектикасына бойлай алмауды, психологизм тереңдігінің жетіспеуін ашып айтар едік.

Осы ретте, Сәкен Жүнісовтің "Қызым, саған айтам" драмасының көрермен көңілінен шығуы режиссерлік әдіс тәсілдердің, актерлер шеберлігінің жебеуімен ғана болмағаны хақ. Бұл пьесаның композициялық құрылысында қазіргі драматургияның ең қажетті сапа белгілері бар. Драмалық әрекет хронологиялық ретпен жүріп, бір оқиғадан кейін екінші оқиға туатын сюжет түзудің ескі канондары бүгіңде заңды түрде бұзыла бастады. Форма жаңғыртудың осы процесінде басты рольді психологизм талаптары, бір құбылысқа әр қырынан келу арқылы объектіні тереңнен тану шарттары атқарып отыр. Сахнаға көп адамды шығарып алып, улатып-шулатып қойганша, шағын топтың жүрегіне, сырына үңілу дағдысы дәстүрге ене бастады. Қай жанрда да өмір көріністері ой ағымы арқылы берілсе, шығарманың эмоциялық мәні арта түсетіні суреткерлік тәжірибеден әбден аян. Ал, сөздің қолма-қол ықпалы, көз аддындағы құдірет-кереметі сыналар сахнада бұл формалық тәсілді драматургтар қазір жиі қодданады. Мұның мысалын "Қызым, саған айтам" пьесасынан көруге болады. Түп қазық кейіпкер Рәзия тататын дәмі таусылып, өмірден көшейін деп жатқан кезінде тіршілікте азап көрген тұстарын, биікке, көтерілген төбелерін, өзекті өртеген өкініштерін, жүректі тулатқан қуаныштарын көз алдына келтіреді.

Жастық шағы соғыстан кейінгі қоңырқай жылдармен дөп келген Рәзия беттің қызылы, көздің нұры барда дүниені жалпағынан басып, шайқап өтуді мұрат тұтқандар моралінің тұтқыны болған адам. Тегінде, паң сұлудың жақсы-жаманды айырмай, көркімен дүниені бағындырам дейтін оқшау асқақтығы болады. Бұл қызық үй болып, отау тіккен соң қалыпты арнаға түссе, - наз, еркелік, шідер үзіп, шеңбер бұзып, шылбыр сүйретіп кетсе, - жіңішке жүріс, суық жол аталмақ.

Жақсы отырыс, көңілді қонақ, той-домалақты тіршіліктің сәні деп білетін, өзі бұрау басын сындырмайтын ерке тотай жас келіншектің қан майданның қасіретін көріп, өмірдің нарқын танып келген, енді шұғыл ізденіс жолына беттеген, дырдудан тыйылып, ес жинаған еркектен суынуы психологиялық жағынан нанымды көрсетіледі.

Бірде Рәзияның ойы, бірде Мұраттың ойы арқылы берілетін сценаларда драмалық кернеу, ішкі тартыс бар. Бұрын маңдайына тас тиген, бармағын шайнаған адамның өмірдің жаңа талқысында анау-мынау мінез көрсетпей, оңай селкілдеп, тез шытырламай, басқа түскен ауыртпалықты көтеріп алып, табан тіреп тұратын қайсарлығы болмақ. Мұның да шегі бар.

Әйелі Рәзияның қылт-сылтына кешіріммен қараған Мұраттың терісінің кеңдігі алғашқы сценаларда көңілге қонғанмен, дәл әйелінің басқа еркекпен кетіп қалғанында, өз үйінде бөгдемен көңіл табудың үстінен түскенінде селт етпеуін, оқыс әрекетке бармауын қабылдай алмаймыз. Бұл жерде көп шығармаларда белең алып бара жатқан жар опасыздығына, әсіресе әйел осалдығына кешіріммен қарау сарынының жаман салқыны бар.

Ежелден қанымызға сіңген киелі дәстүр, сұлу махаббат, адал сүйіспеншілікті бейнелегенде, жазушыларымыз былқылдамай, айқын авторлық поэзия танытуын қалар едік. Қойшылардың көзін бояп, алдаумен ақшаға кенелген Құмар, сұлу әйелдер мен мырза жігіттерді жолығыстырып жүріп, жеңгетайлықпен алтын сақина таққан Шүйкетай бейнелері - қабілетті актерлердің ойынына өріс беретін персонаждар.



Қазақ әдебиетінде ескі жөн-жобаны ұстанушы мен жаңалық бастаушы арасындағы тартыс көп шығармаларға арқау болған. Бұлардың ішінде барлық жанрдың туындылары бар. Екі ұдай болып сілкісетін кейіпкерлердің бірі кертартпа, соқыр тауық қалпында алынса, бірі төрт құбыласы түгел, су жорға ретінде бейнеленуші еді.

Шыны керек, Әкім Таразидің "Жолы болғыш жігіт" драмасының негізі белгілі қанондарды еске түсіреді. Институтты бітірген жас маман Бөкеннің бастамасына директор, ауыл ішінің белсендісі, облыстық мекеменің бір бастығы қарсы. Бірталай жыл өткеннен кейін бұрынғы бастамасынан енді үлкен қызметкер болып кеткен Бөкеннің өзі де бас тартады.

Зады көркем шығарманың қадір-қасиеті оның эмоциялық әсеріне, эстетикалық информация-сигналына байланысты өлшенсе керек. "Жолы болғыш жігіт" драмасында автор таныс конфликтіні ала отырып, жаңа жағдайларды көрсетеді.

Ең алдымен, драманың өзіне тән ерекшеліктері, бүгінгі талаптар ескерілген бе?

Бірталай пьесаларымыз диалог жасаудан ақсап жүр. Кейіпкерлер сөзі - бір нәрсе туралы пікір, тұжырым ғана болып келеді. Олар синтаксистік жағынан алғанда дұрыс жазылған, сөйлем мүшелері нормативті грамматика заңдарына дөп келеді.

Ал классика тәжірибесіне үңілгенде, драма тілі дегеніміз негізінен сөйлеу тілінің интонациясына, ырғағына бағынады ғой. Драма тілі - кейіпкердің жұрт алдында ойлануы, қателесуі, жеңуі, жеңілуі ғой. Ендеше, жып-жылмағай, жылтыраған, жұтынып тұрған судыр сөз ешқашан пьеса тілі бола алмайды.

"Жолы болғыш жігіт" драмасының кейіпкерлері бүгінгі өзіміз білетін адамдардың таныс тілімен сөйлейді. Олардың лексикасында әр түрлі терминдер, географиялық, экономикалық атаулар, әлеуметтік, философиялық ұғымдар, тіпті ұзын-ұзын цифрлардың кездесуі бізді таңырқатпайды.



Бір кезде батырлар, сал-серілер, шешен-билер, ғашықтар образын жасауда Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғабит Мүсірепов классикалық шеберлікпен қолданған ақ өлең үлгілері, тақпақ кестелері бүгінгі адамдарды бейнелеуде драмалық тілдің бірден-бір үлгісі еместігін мойындайтын уақыт жетті ғой деп білеміз. Зер салған адам сол атақты драматургтарымыз қазіргі заман шындығына ойысқанда, реалистік тіл табудың қиындығын мол ізденістеріне түскендігін анық аңғарады.

Адам мінезі, негізінен, оның сөйлеген сөзі арқылы ашылатын жанр-драманың тағы бір ерекшелігі - әрекет тұтастығы, психологиядағы динамика болып табылады. Әкім Тарази айтылмыш пьесасында осы екі буынның жанды жерінен ұстаған. Үлкен мансапты кісілер келе жатқанда совхоздағылардың әбігерге түсуі әбден түсінікті хал. "Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығару" фәлсапасын меңгергеңдігі, еңбегі бар ма, жоқ па, оған қарамай мақтау сүйетіндігі, ірілердің қас-қабағын бағуы - қарбалас кезінде Асан директордың осындай сыры сезіліп қалады.

Сахнаға Кірпішбай шығады. Әкімнің "өз кейіпкері", оның прозалық шығармаларының бел ортасында жүретін, аты затына сай ескі танысымыз Кірпішбай. Соңғы кездесуден бері бұл да өсіпті. Облыс орталығында тұрады, экономика ғылымының кандидаты атағын алыпты. Ал Бөкен мінезіне қарап, Асау Бөкен аталып кеткен жігіт те жазушының шығармашылығында бар персонаждарды еске түсіреді. Сахнаға шықпайтын Мүйізов, Амановтар да доданың ортасында.

Әліптің аяғын баққандар қашан да тіс қаққандар, жаңа іс, игі бастаманың қоғамға, прогресске пайдасы емес, өзінің қарақан басына ұпайы қандай деген іш есепті бұрын жасамақ. Өз атағын, әсіресе, өз мерейін үстем етсе, өз дәулетін көбейтсе, сонда ғана қол ұшын береді, сонда ғана күреседі. Тоғышарлықтың, эгоизмнің бұл жаман түрі, әсіресе іс басында, билік тұтқасында отырған адамның буынын шалса, көп дүние бүлінеді. Ноқта, жүген тимеген шу асау, қалтқы, тіреуіш дегенді білмеген. Басы бос, кеудесі толық аршынды жас айла-шарғыны ойламады, амал іздеп, қулық жасамайды, нысанаға тура тартады.

Кірпішбай - Бекен арасындағы қақтығыс - осындай екі ұдай, екі жар, екі концепцияның қақтығысы. Бекеннің идеясы бел алып, жақтаушысы көбейген соң, Кірпішбайлар олжаға, абыройға еншілес болмақ.

Пьесадағы есте қалып қоятын бір персонаж - Алтынтіс. Жанжал шақырып, жау жетті, өрт келді деп жүретін дәл осындай қызыл көздерді әр жерден кездестіруге болады. Алтын тісін жұтып қойып, ішін басып, далаға жүгіруі - әсіресе көп күлкі тудырады. Күйкі тірлік иесіне, пүшайман қылыққа күлесің.

Бүгінгі қала жастарының өмірін көрсетуге арналған шығарманың бірі - Аманжол Шамкеновтың "Табамын сені" драмасы. Композициялық бітімі сахналық талаптарға лайықтап жасалған, бас-аяғы жинақы, ықшам. Жанр сырына қаныққан қаламгердің қолтаңбасы аңғарылады. Алғашқы сценаларда беделді ата-ананың еш жерде қызмет істемейтін шолжың ерке ұлы - Арнұрмен жүздесеміз.



Қазақ сахнасына жиі шығатын таныс персонаж. Тілі шұбар. Мінезі шәлгез. Қасьндағы бойжеткен Заданың да жеңіл-желпі, ұшқалақ сезім жетегіндегі жан екендігі салған жерден белгі береді. Бұл да ана тілін дұрыс білмейтін, шәлкем-шалыс, балдыр-батпақ лексиканың иесі.

Осыларға қарсы тұрғыда алынған Сымбат пен Бораш ұқсас қалыптан шыққан. Әсіресе Бораш емтиханға әбден дайындалып келген студент секілді тақылдап тұр. Үнемі дұрыс сөйлейді. Барлық жағдайда айтылатын сөздері әзір. Автордың көрсеткеніндей, заводта істеп, институттың кешкі бөлімінде оқитынына да сенейік, сонда жиырмадағы бозбалаға тән алып ұшқан көңіл, алабұртқан жүрек, лапылдаған сезім қайда? Анау Сымбат деген бойжеткеңде де қырықтағы сарқарын әйелдің кекселігі бар.

Жоқ! Жағымды бейне жасаудың жолы мүндай артық бояу, сылап-сипау, ұсақ-түйек емес, кейіпкердің шыққан ортасына, жасына, мамандығына лайық психологиясын ашып беретін реалистік тіл екендігіне дәл осы пьесадағы - Арнұрдың әкесі мен шешесінің арасындағы сәтті, сенімді диалогтардың өзі-ақ көз жеткізеді.

Ретімен қолданылса шарттылық тәсілдердің қай жанрда да көркемдік құралдардың ұтымды бір түрі бола алатыны мәлім. Кездейсоқ, күтпеген, оқыс оқиғаларды шығарма сюжетіне ендіргенде образ логикасына жүгінуіміз керек. "Табамын сені" драмасындағы Арнұрдың аяқ астынан үйленем деп үйіне қыз ертіп келуі, біреуді құтқарам деп машина астына түсіп жаралануы - жасанды ситуациялар.

Сөз қадірін жақсы білетін, әсіресе сын-сықаққа, сатира, күлкіге бейім қаламгер ретінде танылған Садықбек Адамбековтың шығармашылық олжасы - "Аюбайдың ажалы" пьесасы. Шығарманың трагикомедия аталуы да заңды.

Ел ішінде көп жүріп, бүгінгі күннің көкейкесті проблемаларына публицистикалық мақалалар, фельетондар арнаған жазушының мына еңбегі әр түрлі өмір құбылыстарын екшеп, қорытып, жинақтаудан туғандығы аңғарылады. Қолдан жасалған қуыршақ кейіпкерлер, манекен персонаждар жалықтырғандығы болар, әйтеуір "Аюбайдың ажалынан" тіршіліктің тынысы бар, шын ашуланатын, шын күлетін адамдарды көріп риза боласың. Бұлар кімдер сонда?

Оқиға теміржолдан шалғай, мал шаруашылығымен айналысатын аудандардың бірінде өтеді. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Біржан бір төбе, оның орынбасары Кәлмен, ферма меңгерушісі Аюбай, облыстан келген өкіл Айғақ Шоқшашаров және бір төбе.

Үйінде өтірік ауырып, әдейі бюроға бармай қалған Кәлменнің мойнында - бинокль, қарсы кеңсеге көзі талғанша қарайды, қойнында - телефон, көмекші қыздардан не болып жатқанын сұрайды. Бүл - анық жымысқы адамның типі. Екі көзінен сорасын ағызып, өтірік мүсәпір көрініп, зар еңіреп жылап жүріп, өзгеге зорлық жасайтын қу мүйіздің типі. Жығылып жатып, іштен шалу, мансап үшін кімді болсын құрбан ету - тіршілік әдісіне айналып кеткен жырындының типі. Мұндайлар үшін алысқан қол, берген уәде, суға жазған сертпен тең, аяқ астынан нілдей бұзылып шыға келуі де оп-оңай. Ұстараның жүзіндей лыпып тұрады.

Бұрын осы ауданда істеп кеткен, енді өкіл болып келген Шоқшашаров -басқа мінездің адамы. Кісі көзінде кішіреймеу - ұстанатын кредосы. Өмірге киімшең келгендей, шляпасы шешілмейтіндей, түймесі ағытылмайтындай сауыт киіп алғандай, сыздап тұрып, қасына жақындатпай, алыстан ысқырынбақ. Әншейін көрген көзге бұдан мықты жоқ. Бар дүниенің тұтқасын ұстағандай шіренеді. Ал шідер үзіп кеткен шағында, ақтарылғанын көрсең... Аюбай образын қазақ драматургиясының соңғы жылдарындағы есте қалатын бір бейнесі деп білеміз. Драматург оның сөздік сипаттамасын сәтімен тапқан. Оқыс, шайпау, ащы тіл, дөрекі, ұрда жық мінезді ашады. Ылғи әр жерге қыстырып жіберетін "жүз проценті" де жарасып тұр. Кәсібінен, жұмыс бабынан қалыптасқан ондай тіркестерді жасанды нәрсе деуге болмайды.

Драматург жұртшылық назарын маңызды психологиялық-моральдық проблемаға аударған. Еңбек процесінен рақат таппай, оның жемісін, атағын, даңқын ғана қызықтау - тоғышарлық жолы. Бел ауыртып, балтыр сыздатпай, басқаның жұмысын пайдаланып кету, алдау, көз бояу арқылы төбеге, даңқ абырой биігіне көтерілу адамгершілік табиғатына мүлде қайшы келетін келеңсіз құбылыс.

Өзіне-өзі есеп беруді қойған, ар алдында қысылу сезімінен айрылған адамдар ғана қабілетінің келер-келмейтініне, еңбегінің татитын-татымайтынына қарамастан аспанға қарап, алақанын жаяды. Осындай дертке шалдыққан соң, адамшылықтан айрылып масқаралық батпағына бату оп-оңай.

Пьеса финалында Зибаштың Аюбайды атып тастауы - адамды селт еткізер оқыс әрекет болып көрінгенмен, ойлаған кісіге дұрыс, заңды шешім. Бүл - аюбайлыққа жасалған үкім. Жағымды ыңғайда алынған Біржанда есте қаларлық әрекет жоқ. Екінші картинада ьшғи арақ-шарап ішіп алған адамдардың көрсетілуі шарттылық, карикатураны көбейтіп, пьесаны жеңілейтіп жіберген. Нақышты тілі бар қаламгердің құлақ кесердей кесек сөздерді жиі қолдануы дұрыс емес. Мөлшерден асып кеткен нәрсенің қайсысы да жақсы бола алмайды ғой.

Қазіргі драматургияда әр түрлі шығармашылық ізденіс, барлау жүріп жатыр. Негізінен ұлттық фольклор үлгілерін арқау етіп, европалық классикадан үйрене жүріп ер жеткен жанр - қазақ драматургиясындағы бағдар - дәуір адамының, жаңа тұрпатты қаһармандардың сом тұлғасын жасау проблемасы.

Мұхтар Әуезов айтқандай "Тегінде татымсыз тақырып жоқ. Қандай ауданы аз орта, шамасы шағын әрекет жайындағы кез келген тақырыпты алсақ та, баршасында атом қуатындай қайрат бар. Бірақ сол қуатты тауып ашып, шынын шешіп көрсете білу шарт". ("Уақыт және әдебиет", А., 1962, 398-бет).

Бүгінгі сахна, режиссура, актер талаптарына лайықты туынды жасау үшін драматург театрдың өзіндік ерекшеліктерін, етене қасиеттерін білуі керек. Ұзын сонар әңгіменің бәрі роман, тәжікелесу, дауласу, сөз таластыру пьеса бола алмайтыны - белгілі шындық. Енді сол бір өзекті сары жұрт етіп таптай бермей, басқа саладағы талпыныстарға бой ұру абзал. Әсіресе психологиялық, философиялық пьесаның тілін меңгеру - әлі алынбаған қамалдар.



Жазушы Оралхан Бөкеев есімі ертерек қалың оқырманға белгілі бола бастады. Алтайдың марал өсіруші ауылында туып ержеткен қаламгердің әдебиетте бұрын игерілмеген тың, соны тақырыптармен, өз кейіпкерлерімен, өз объектісімен келуі қуантады.

М. Әуезов атындағы академиялық драма театры коллективінің Оралхан Бөкеевтің тырнақ алды "Құлыным менің" драмасын сахнаға шығаруы әрі шығармашылық барлау, әрі жас қаламгерге көрсетілген сенім, қамқорлық айғағы.

Шымылдық ашылғанда, түнгі қаланың шырқын бұзып жүрген шұбар топтың үстінен түсеміз. Біз оларды танимыз. Ұзын шаштары желкелерін жауып, темекі тістеп, даңғырлатып гитар тартып жүргендерін талай көргенбіз. Алабажақ киімді, айылбас белбеулердің бөтелке аузьнан шарап ішіп тұрған шақтарын да білеміз. Бұлар елуінші жылдардағы қазақ театрларының сахнасына Шахмет Хұсайынов, Қапан Сатыбалдин, Қалтай Мүхаметжанов комедиялары арқылы келген Марат, Алатау, Арыстандардың бүгінгі іні, қарындастары ғой.

Пьесаның бірінші актісінде мінез-құлық даралығы жөнінен өзгелерден, әсіресе Анар оқшау тұр. Ол қатардағы ерке-тотай, шолжың, жеңілтек қыздардың бірі ғана емес. Бала күнінен дайын асқа тік қасық боп, дәулетті, беделді отбасында үлде мен бүлдеге бөленіп, шөп басын сындыруды білмей өссе де, дүниеге кесті-пішті пікір айтып, үкім шығаруға дағдыланған қыз. Жақсылық пен жаманшылық, махаббат пен зұлымдық, адамдық пен опасыздыққа өз байламы бар. Кітап, кино, телевизия арқылы үзіп-жұлып, әр заманнан, әр саладан алған білік тұрғысынан сөйлейді.

Алғашқы актідегі жастардың зиялымен, көше сыпырушымен, бір-бірімен арасындағы диалогтары мінез ұшқындарын аңғартып қалады. Жіті көз осы сценада драмалық әрекет шашырандылығын, монтаж салқынын оңай аңғарады. Сұрақ-жауап ретінде келетін диалогтардың характер ашуға көп септігі тимейді.



Ауылда өтетін екінші актідегі әрекеттер, ең аддымен, Бозтайлақ жылқышының рухани әлемін, жан сұлулығын, адамгершілік қайратын ашып береді.

Оралхан Бөкеевтің драматургиядағы тырнақ алды шығармасының жақсы сипаттарымен қоса, кемшіліктерін айту керек. Ең алдымен бірінші, екінші бөлімдерінің арасында органикалық тұтастық жоқ. Тіл байлығы мол қаламгер ретінде танылған О. Бөкеевтің драмалық шығармалары өз сипатымен ерекшеленеді.

Сафуан Шаймерденов соңғы жылдары драматургияға ден қоя бастады. Оның повестері негізінде жасалған инсценировка-пьесалар кейбір облыстық театр сахнасында қойылып жүр. "Дөкей келе жатыр" пьесасы арқылы С. Шаймерденов - драматург астана көрермендері талқысына тұңғыш рет түсті.



Сахнада қимыл, әрекет мол. Кейіпкерлердің іс-әрекетінде динамика, қайрат, қуат бар. Пьеса авторының драматургия табиғатын жақсы танитыны байқалады. Комедиялық ситуацияға лайық кейіпкерлер мінезі көрінеді.

Совхоздың бөлімше меңгерушісі, алпысты алқымдап қалған Көпей пәлендей қулығы жоқ, қауқылдаған ақ көйлек адам. Ол пенсияға кеткен күні орын басып қалу ниетіндегі Қилау арамдық, өтірік, бетке күліп, сыртынан ор қазу әдістерін меңгере бастаған сумақай. Мамандығы есепші Шилау көрген-білгенін, естігенін, сезгенін түк қалдырмай қағазға түсіріп алады. Сауда жасап, дүние жиған жесір әйел Базаркүл кайтсем де Шилауды уысымнан шығарып алмаймын деп дүниені дүрліктіріп жүр.

Осылай әдеттегі қалпымен өтіп жатқан бөлімше өмірі аяқ астынан дауыл тұрып, құйын соққандай бұзылып қоя береді. "Дөкей келе жатыр" деген жалғыз ауыз сөз әлгі үшеудің әңкі-тәңкісін шығарады. Жоғарыдан келетіңдер кемшілікті тауып, орнымнан түсіп қалмаймын деп Көпей жанталасады. Қилау осы қысылшаңды пайдаланып, Көпейдің басына шоқпар болып тиетін материал жасау қамына кіріседі. Бөлімше орталығы ебден әбігерге түседі.

Комедиографтың идеялық нысанасы, айтпақ ойы айқын: өтірік көлгірсуді, көз бояушылықты, науқаншылықты сынап отыр. Аярлық, сумақайлық, жағымпаздық мансұқ етіледі.

Рас, әдебиетте ұқсас образдар, ыңғайлас сюжеттер, сарындас идеялар аз кездеспейді. Дегенмен "Дөкей келе жатыр" комедиясы сюжетінің, кейбір ситуациялары әйгілі "Ревизорды" айнытпай қайталайтынын айтпай кетуге болмайды.



Жұмабай Тәшенов пен Игорь Саввиннің "Қаладан келген қылжақбас" пьесасы қазіргі жас адамның қалыптасу проблемасына арналған.

Пьеса еш жерде жүмыс істемей, қисық жолға түскендігі үшін сот үкім шығарған Сыматбек деген жігіттің монологымен басталады. Бүл - таныс бейтаныс. Иыққа түскен сабалақ шаш, даңғыраған гитара, бойға сыймас кесек сөз.

Еңбек лагері ретінде Сыматбек Байсал шопанның аулына жіберілген.



Өмірдің ыстық-суығын бірдей көрген, малшының ауыр тіршілігі әр нәрсеге үйреткен егде шопандар арасында ой толғамы терең, мінезі кесек, адамгершілігі мол, көшелі кісілер көп кездеседі. Олар алтын мен жездің, жақсы мен жаманның парқын тез пайымдайды.

Осындай ортаның адамы Байсал он сегізге келген соқтауылдай жігіттің жынды көбелекше елтең-селтең етіп, аузьша келгеңді сөйлеуін тәрбие кемшілігінен, еңбекті мұрат тұтпаған дырду өмір кесірінен деп түйеді. Әр түрлі себептер қырсығынан рухани мүгедектікке түскен жас адамның өмір талқысында қайта шыңдалуы көп шығармаларға арқау болған тақырып. Образ табиғатына лайық шешім іздемесе, көркем идеяның орнын салқын уағыз басып кетуі оп-оңай.

Сыматбектің тез түзеле бастауында жасандылық бар. Пьесадағы, Жамал, Еркін, председатель тұлғалары дараланбаған, мінездік ерекшеліктері ашылмаған.

Шығарманың көркемдік жүйесінде бірталай олқылық бар. "Өлі арыстаннан тірі мысық артық" (тышқан), "бәсекелесейік" (бәстесейік), "құрбымның дачасына жіберем" (кемпірдің сөзі) осындай тіл селкеулігі жиі кездеседі.

Тарихи тақырыпта бұрын қазақ драматургтері, негізінен, ғүмырнамалық - биографиялық материалдарды аркау етумен келсе, қазір өте күрделі кезеңдер шындығына қарай ойысу тенденциясы байқалады.

Архив деректерінің, ескі фактілердің жарыққа шығуы, ғалымдардың арнайы зерттеулері, қазақ тарихи романының табыстары көзін таба білген кісіге мол байлық. Өткен мұраға тарихи тұрғыдан, реалистік позициядан қарап қалам тербейтін драматург үшін ұлттық тарихымызда сан алуан, шытырман қайғылы халдердің, қат-қабат тағдырлардың мол екендігі айдан анық.



Халық санасыңда терең із қалдырып, жүрекке жара салған атышулы "Ақтабан шұбырынды" трагедиясы, содан кейінгі бет бұрыс, еліміздің Россиямен қосылуы - бірнеше прозалық шығармаларға арқау болғанмен, сол кезеңнің психологиялық, философиялық шындығы әдебиетімізде толық ашылған жоқ. Бүл тақырыптарды жеңіл-желпі, асығыс, ат үсті игеру әсте мүмкін емес. Ғалымның табандылығымен, көздің майын тауысып, бел ауыртып, ұзақ сарылып, деректерді сұрыптау, екшеудің үстіне, тебіренген жүрекпен, зор шабытпен сілтейтін талант қайраты керек. Мұндай объектілер қаламгерден бөлінбей-жарылмай, тұтас берілуді, махаббатты тілейді.

Айтылмыш орайда туған екі пьеса бар: "Ант", екіншісі -" Ұлан асу".

Тахауи Ахтанов пьесаның көркемдік бітіміне, жанрлық, сахналық талаптарға айрықша мән берген. Ең алдымен, тарихи драмаға лайық, ұлттық әдебиетімізде жақсы дәстүрі жасалған ақ өлең формасы шығарманың стильдік, ырғақтық жүйесінде айқын бояу, ашық колорит беріп отыр. Мақал-мәтел, шешендік толғау поэтикасын автор шебер меңгеріп, тұрақты айшық, ою-өрнектерге өз жанынан төл бодау, жаңа келісімдер қосып, құлпыртып, ажарлай түскен.

Осындай көркемдік ізденіс драмадағы негізгі кейіпкерлердің тілдік сипаттамаларын нұсқалы, жүйелі, іргелі етіп шығарған. Драматург тарихи белгілі оқиғалардың көлеңкесінде қальш қоймай, адамдар арасындағы психологиялық қарым-қатынастарды бейнелейді. Сауран-Бәтима-Әбілқайыр линиясы ширақ тартылған. Ел тағдыры мен жеке бастың тағдыры таңдауға түскен қилы замандағы хандар, ерлер, билер мінезі көрінеді.

Пьесаға айтар дау бар ма?

Әуелі орталық қаһарман - Әбілқайыр образының диалектикасы толық ашылмаған деп ойлаймыз. Пьесада ол бір қырынан, тым ақылды болып берілген. Тарихтағы көп қайшылығы бар Әбілқайыр қайда? Россиямен қосылуда көптеген себептер бар еді ғой, соларды неге тереңдетіп айтпаймыз?

Әбілқайырды Барақ төре 1748 жылы өлтіргені белгілі. Бұл Россияға қосылғаннан кейін 17 жылдан соң болған оқиға. Ал пьесада Әбілқайыр ант үстіңде өлтіріледі. Рас, тарихи шығармада автор кейбір фактілердің орнын ауыстыруына болады. Кейбір образдардың Шекспирдің белгілі "Антоний мен Клеопатра" трагедиясындағы жайттармен тым ұқсас, тіпті үндес келуі – кәнігі шеберлік үлгісі емес.

"Ант" драмасында қазақ билерінің ала ауыздығы, Россияға қосылудың тарихи қажеттілігі сенімді бейнеленген. Ал бостандықтан айрылудың трагедиясы, өз аддына жеке ел бола алмаудың сұмдығы, феодалдық бытыраңқылық қырсығы солғын көрінеді.

Қалижан Бекхожиннің " Ұлан асуы" сан алуан материалды мол қамтып, көп мақсатты ниет етіп жазылған піығарма екендігі, алдымен, ондағы әр түрлі қаһармандар тобынан аңғарылады. Қазақ тарихындағы ең аты шулы хан Абылай - пьесаның түп қазық кейіпкері. Халық батырлары Бөгенбай, Жәнібек, Бұхар жырау, қалмақ нояңдары Дабашы, Әмірсана - бәрі де тарихи, белгілі, өмірде болған адамдар. Іздеген кісі өзге кейіпкерлердің де төркін-тегін біліп отырады.

Сюжеттік тұрғыдан алғанда пьесадағы оқиға Шоқан жазған, басқа тарихшылар айтқан хронологиялық ізбен жүреді. Бірен-саран эпизод демесек, түгелдей таныс ситуациялар.

Драматург кейіпкерлер тілінің алыс заман шындығына лайық болуына көп күш жұмсаған. Әсіресе Бұхар жырау, Әнет Баба монологтары сәтті. Өзге персонаждар арасыңдағы диалогтарда ұқсастық, біріне-бірі таяу келетін сарындар мол.

Қалмақтарды бейнелегенде драматург схемаға түсіп кетпей, олардың өз іштеріндегі тартыс-талқы, ала ауыздықты байқатады.

Пьесадағы басты олқылық Абылай образының толық күйінде жасалмауында жатыр. Оның әрлі-берлі жүгіруі көп, кіжінуі мол, айқайы басым. Ұлттық трагедиямыздың терең толқыны тарих жалына көтеріп шығарған қабырғалы қайраткерге лайық шамырқану, тебіреніс-толғаныс монологтары жетпейді. Абылай бойына толымды драмалық әрекет, аршынды қимылдар табылмаса, мұндай шығарма "Ақтабан шұбырынды" шындығын, Россиямен қосылудың мәнін реалистікпен бейнелей алмайтындығы ашық.



"Антта" да, "Ұлан асуда" да жалпы қазақтық мені бар тарихи оқиғалар бір аймақ шеңберінде, бір жүз шеңберіңде, бір хан төңірегінде тұйықтау секілді ортақ олқылық бар.

Ұқсас тақырыпқа жазылған Т. Ахтанов пен Қ. Бекхожиннің шығармаларын қазақ драматургиясының жаңа бағыттағы, қиын саладағы алғашқы батыл барлау - ізденісі деп санаймыз.

Қазіргі әлеуметтік бір құбылыс - проблемалы, көркем, сыршыл театрға қауымның ықыласы айрықша ауды. Театрдың әлі талай жол ашатын терең мүмкіндігі мол.

Роллан Сейсенбаев пен Есмұқан Обаевтың "Өзіңді тап" драмасы тақырыптық жағынан театрларымызда қойылып жүрген Аманжол Шамкеновтың "Табамын сені", Оралхан Бөкеевтің "Құлыным менің", Ж. Тәшенов пен И. Саввиннің "Қаладан келген қылжақбас", Әкім Таразидің "Асау Бөкен" пьесаларымен ұқсас.

Көркемдік олжа деп айтарымыз "Өзіңді таптың" авторлары бірқыдыру шығармаларда карикатура, шарж, фельетонға айналып кеткен құбылыстарға ой көзімен қараған.

Шынында пьесадағы салмақ арқалаған персонаж Сырым қайсыбір жігіттер секілді өмірден қарбып жеу жолы "қатын алма, қайын ал" пәлсапасында ғана деп түсінбейді, мансапқа, байлыққа, барлыққа жету үшін әдістер, тәсіл-айлалар қарастырады. Қоғамдық мүддеден жеке бастың қамын жоғары қою, қызмет бабын пайдаланып дәулет жинау, адамдық кісілікті өзгенің тигізер пайдасына қарай өлшеу, қарым-қатынасты есеп-қисапқа ғана құру бұл кісінің жасына қарамайтын, әр кезде бойды шалса, мещандыққа, тоғышарлыққа, сорлылыққа апаратын әлеуметтік дерт. Осындай кеселге қарсы жас авторлардың сахна арқылы қалың қауымға, әсіресе өз тұрғыларына ақтарыла сыр шертуі - қуанарлық құбылыс.

Бір жазушы, бір режиссер шығармашылық ынтымағынан туған пьесаның бітіміне андағайлап, көзге ұрып тұрған сорақы олқылықтар болмағанмен, бұл шығармада да қазіргі драматургиямызда жиі көрініп жүрген кемшіліктер бар.

Драма теориясына зер салған адам бұл жанр жалпы әдебиетке қойылатын көркемдік шарттардың үстіне, конфликт - тартыстың айқындығын, тереңдігін, сүйектілігін, композиция - қүрылыстың бірегейлігін, тұтастығын, жұмырлығын, характер - мінездің даралығын, сомдығын, ірілігін тілдің халықтығын, колоритін, айшықтығын бірінші қатарға қояды, ерекше талап етеді. Осы сындардан өте алмаған пьеса қай замаңда да режиссер құлпыртқан, актерлер қанша жұтындырғанмен, сыншылар қанша мақтағанмен сахнада ұзақ өмір сүре алмаған ғой.

Негізгі, жүйелі, арналы тартысты көрсете алмай, әр шөптің басын бір шалып кету сияқты бүгінгі қазақ пьесаларының көпшілігінің ортақ міні - "Өзіңді тап" драмасында да бар. Таза, сұлу адал қыз бейнесінде алынған Айсұлу мен жас өмірін құлқын қамы үшін күреске бағыштаған Сырым арасындағы қайшылықты авторлар терең көрсету орнына, айналып кетіп, қосалқы, мүлде дараланбаған Қаражігітов, Асқар Берікболович, Диас Садуақасович дегендердің жағдайын қаузап кетеді. Тіпті қарсы ыңғайда алынған Сырым - Айдар, Сырым - Әділет линиялары да тиянақталмаған. Сөз жоқ, Төлеген Айбергенов өмірден қыршын кеткен талантты ақын еді. Оның поэзиясынан қызықты спектакль жасауға болады. Бірақ кез келген пьесада Төлеген Айбергенов өлеңдерін сауа беру - қазір көрермеңді жалықтыра бастаған, режиссерлік оңай әдістердің біріне айнальш кетті.

Кейіпкерлерді даралап алмау, олардьщ тілдік ерекшеліктерін, әсіресе жас ыңғайына, мамаңдығына байланысты өзгешеліктерді бере алмау - үлкен олқылық. ІПешендік мақамдары, ақ өлең ескі қазақ тұрмысын бейнелеуде дөп келгенмен, қазіргі өмірді көрсеткенде олқы соғады, заман ырғағына лайық, урбанизм, коммуникация, интернационалдық қарым-қатынастар ықпалымен қальштасқан бүгінгі ойлаудың қалыбын аңғартатын сөйлеу тілі сахнаға толық шыға алған жоқ. Мақалдап кету, тақпақтай жөнелу, сылдыратып қоя беру - реалистік драмаға апаратын жол еместігін ұғатын уақыт әбден жетті.

Ал тым қарабайыр, астар-мағынасы саяз, шолақ, келте, тақ-түқ тіл пьесаны және көгертпейді.

Бірқыдыру пьеса жазған автор - Оразбек Бодықов. Оның шы-ғармалары астана театрларында, облыстық сахналарда қойылды, әр жерде қабылданды. Бірақ осылардың үстіне пьесалар жинағы шықса да әлі еңбектері сын сарабына түспеген, бағасын толық алмаған Бодықов жалпы драма техникасына жаттығып алғанмен, негізінен тіл көркемдігінен ақсайды. Үлкен характерлердің болмауы, тартыс олқылығы, жұқалтаң идея, драматурггың жеңіл қарпып, оңай олжаға мәз болып жүргеңдігін көрсетеді. Қашанда едебиетке келген шын талант өз тақырыбын, өз қаһармандарын, тіпті өзінің тұтас көркемдік әлемін ала келеді, ала кетеді. Бүгін орыс өнері В. Шукшин, А. Вампилов туралы осындай пікір айтады.



Өмірден ерте кеткен боздақ Құдаш Мұқашев өзі жазған екі пьесаның бірі - "Парторгтың" премьерасын көре алған жоқ. Тіпті шығармасын қырнауға, режиссермен жұмыс жасауға да өмірі жетпеді. Бүл пьеса - көптеген қаламгерлеріміздің қарымы жете алмай жүрген қатардағы коммунистердің, совхоз өмірін бейнелейтін көкейкесті шығарма. Кейбір детективтік мотив, оқыс оқиғалар сарыны, тартыс шашырандылығы бар.

Қазір орыс драматургиясында бүгінгі өндірістік қатынастардан туған психологиялық құбылыстар батыл көрсетіле бастады. Олар ойдан шығарылған жасанды ситуациялар арқылы емес, жағдайға сәйкес орта арқылы бейнеленеді. Цех, завод, кеңсе сахнаға келді. "Бөгде кісі", "Партком жиналысы", "Болатшылар" спектаклі таза өндірістік тартыстарды ала отырып, адамдар психологиясын ашады, қауым назарын әлеуметтік-моральдық проблемаға аударады. Осы алуандас ізденістер қазақ драматургтарында жетіспейді.

Халқымыздың ежелгі кәсібі - мал шаруашылығының мұқтаждары тудырған тартыстар, жастардың бригадаға бару хикаясы, ауылдан келіп қалада тұрып қалғандардың өзгерістері, ғылыми ортадағы айқастар - бұлардың бәрі сахнаға шықпай жатқан тың дүниелер.

Соңғы жылдардағы батыл шығармалардың бірі - белгілі драматург Әлжаппар Әбішевтің "Мансап пен ұждан" пьесасы. Аңғарған, ой жүгірткен адам бұл туындының өмірлік материалы қайдан алынғанын сезіп отырады. Коммунистік мораль, идея үшін күресудегі коммунист табандылығын қаламгер характерлер тартысы арқылы бейнелеген. Әсіресе, басты қаһарман Бағиланың ұстанған бетінен қайтпайтын қайсарлығы көрермен есінде қалады.

Репертуар жасауда үлттық әдебиетіміздің бар байлығын жете пайдаланбай жүрміз. Өлеңнен спектакль жасап жүрген режиссерлеріміз Сәкен Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарларын" сахнаға неге шығармайды? Классикалық "Түнгі сарын" бүгінгі қауымға жетпей жата бере ме? Күлкіні сағынып отырған көрермен "Талтаңбайдың тәртібін" қайта бір көрсе. Әбділда Тәжібаев пьесаларының қазір сахнаға шықпай отырған себебі не? Бұлардың баршасы ойланатын сұрақтар.

Бұрын проза, поэзия жанрларында сәтті шығармаларымен танылған қаламгерлердің алғашқы пьесаларына тән ерекшеліктер қандай? Кейбір туындыларға нақты тоқталып көрейік.

Қазіргі ауыл өмірі, оның ішінде Алматы облысының Іле атырабындағы бір совхоздың адамдары - Б. Тоғысбаевтың "Тасқын" атты екі бөлімді пьесасына арқау болған. Негізгі әрекетке қатысатын кейіпкерлер: совхоз директоры Жарас Ілесов, бұрынғы колхоз бастығы, қазір пенсионер Заманбек, милиция қызметкері, лейтенант Бекболат, сауда қызметкері Балым, шопан Жайлыбай, аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары Хасен Аманов, бұдан бас-қа персонаждар бірер эпизодта ғана сахнаға шығады.

Пьесаның тақырып өзектілігі ешқандай дау туғызбайды. Театрларымыз әбден керек етіп, сағына күтіп отырған өмірлік объектіні автор жақсы алған.

Бүгінгі адамдар, оның ішінде шаруашылықтың жас басшыларының мінез-құлқы, ой-өрісі көрерменді де айрықша қызықтырмақ.

Осы тұрғыдан келгенде, пьесадағы негізгі орталық кейіпкер совхоз директоры Жарас Ілесовтің бойындағы кемшілікке төзбеушілік, олқылықты ашып айту, шаруашылықты ұйымдастырудың жаңа үлгілеріне ден қою секілді қасиеттердің, тәп-тәуір көрсетілуі - автордың табысы.

Ауылдык жерлерде белең ала бастаған кейбір мещандық салқындарын Заманбек, Бекболат мінездері арқылы бейнелеу мақсаты бар.

Пьесаның жалпы бітімінен драматургия талаптарын, жанр шарттарын білетін адамның қолтаңбасы аңғарылады. Тіл - стиль өрнегінен ойсыраған олқылықтар да байқалмайды.

Осындай жақсы сипаттарымен қоса пьесада бірқыдыру көркемдік кемшілік, мүлтік-мін, қайта қарап, өзгертетін тұстар бар деп ойлаймыз.

Ең алдымен, шығармада тұтас әрекет, арналы тартыс, ұзын арна жоқ екен. Аралары солғын байланысқан жеке-жеке эпизодтардағы кақтығыс, жылт етіп сөніп қала беретін әлсіз жарықтай әсер қалдырады.

Қоғамдық қызметтен қол үзген соң, кейбір ақсақалдардың рухани жағынан жүдеп, дүмше молдалықты қуып кетіп жүргені - өмірде бар құбылыс. Тегінде мұның өзі зерттейтін құбылыс. Осы ортаның моралінен хабаршы Заманбек, Мен, Жарас арасындағы тартысты автор тым оңай шешеді. Әрине Жарас - Жомарт емес, Заманбек - Жақып емес ("Миллионерді" айтып отырмыз), дегенмен бір ауылдың сыйлы адамы оп-оңай берілмесе керек. Бірақ осы характерлерді даралап ашуға мүмкіндік беретін конфликтіні автор ұқсатып пайдалана алмайды. Заманбек Жарасқа қол жұмсағанша, екеуі де бір талай іс-әрекетімен ашылуы керек еді. Ол басылатын, тез тыйылатын оқиға емес. Автор бұл жағдайды да ескермеген. Сабағанына Заманбек риза, сабалғанына Жарас риза секілді.

Оқиғаның шешімін күні бұрын сездіріп қою шеберлік үлгісі емес, бұдан көркемдікке нұқсан келмек. Қызмет бабын пайда табу көзіне айналдырған милиция қызметкері Бекболат әрекеттерінде де тиянақталмаған жерлер көп. Жарастың соңынан жүріп суретке түсіріп алуын бір рет көрсету жеткілікті, тіпті соны көрсетпей-ақ, соңғы сценада айғақты жайып салса дұрыс болар еді. Белгілі болып қалған нәрсені орынсыз тәптіштеп, Бекболаттың суретті Жарастың әйелі Алманың алдына тартып ерлі-зайьштыларды шағыстырмақ болуы - сенімсіз сцена.

Іле суының бөгелуіне қатысты айтылатын сөздер проблемалық мақаланың стилін еске түсіреді. Бұл орайда шаруашылық жағдайынан жақсы хабар алғанымызбен, жеке мінездер, характерлер көрінбейді. Алдан Сегізбаев, Әнес Ақжолов - қосалқы персонаждар, бұлар пьесада басы артық жүр.

Бұларға қарағанда Хасен Аманов сөздерінде шындық елестері бар. Бірақ осы кейіпкер мен Жарастың айналада машинаның бөлшек заттары үшін таласу сценасы да көкейге қонбайды.



Жазушылар Оралхан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Асқар Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, Сүлтанәлі Балғабаев бірнеше пьесаларын сахнаға шығарып, көпшілікті қуантса, Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Баққожа Мұқаев драмалары көрермендерін тапты.

Жанрға жаңа есімдердің келуін жаңалықтың басы деп сезінеміз.

Дөуір ырғағын дәл басатын лирикалық өлеңдерімен, театр, драматургия туралы нәрлі мақалаларымен, татымды аудармаларымен көпшілікке таныла бастаған Нұрлан Оразалин қаламынан туған "Шырақ жанған түн" ("Көгілдір терезелер") драма-новелласының республикалық жастар театрының сахнасында қойылуы бірқыдыру қуаныш әкелген жағдай.

Біріншіден, жігіттің іздену, барлау, тәжірибе кезеңін бастан өткеріп, шығармашылық сапалы жаңа сатыға көтеріліп, дебют жасауы қуантады.

Екіншіден, Нұрлан Оразалин - драматургиядағы ең жас, ең жаңа есімдердің бірі. Осы қуантады. Келешек, мүмкіндік, өрістің алда екендігі қуантады.

Қазақ көрермендерінің бірнеше буыны эпикалық, поэтикалық драмамен, шешен тілді, ақ өлеңмен жазылған, ән-күймен кестеленген спектакльдер арқылы тәрбиеленген; сюжет, композиция, кейіпкерлер сипаты, идея - мұның баршасының эстетикалық дәстүрі, арнасы бар. Ұлттық драматургия алдына Мұхтар Әуезов міндет, нысана етіп қойған мақсаттың бірі - психологиялық драма, реалистік шығармалар болатын. Өмірдің өз формасына сәйкес реалистік қарым-қатынастар талап етілген. Жас драматург Нұрлан Оразалин пьесасында (жинақтап айтамыз) - реалистік, психологиялық, лирикалық драма жасау әрекет-талабы бар. Зер салған кісіге Нұргүл – Таңат тарихы - күйеуінен қашып жүріп, жеңіл жүріске түскен әйел мен оңай олжаға қанжығасы майланған нәрсіз жігіттің тез ұмытылар көңілдестік хикаясы емес, адамдар арасындағы таза қатынасты, сұлу сезімді аңсау сарыны.


***

Драматургия - қазақ әдебиетіндегі XX ғасырдың басында әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалы мен ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретіңде туған жаңа жанрлық форма. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі дәстүрдің бірі - халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшелген ғаламат бай фольклоры.



Тұңғыш қазақ пьесаларын зерттегенде, жанрлық формалардың дамуындағы күрделі процесс айқын көрінеді.

Алғашқы драматурггар эпостық материалдарды арқау ете отырып, Европа, орыс, татар әдебиеттеріндегі драмалық формаларды пайдаланып, жаңа жанрдың үлгілерін жасаған. Сюжеті, образдары эпостан, ауыз әдебиетінен алынған Жұмат Шаниннің "Арқалық батыр", "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" пьесалары драматургияның жанрлық сырларын, поэтикалық ерекшеліктерін меңгерудегі қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы тәжірибелер. Бұларда эпоста баяңдалатын оқиғаларды диалогқа көшіру, жырдағы толғауларды өз қалпында алу, көптеген детальдарды, түйдек-түйдек сөйлемдерді сөзбе-сөз пайдалану жиі кездеседі. Эпос үлгілерін сахнаға ықшамдап артистер ойынына лайықтап, драмалық формаға түсіріп, инсценировкалау тәжірибесін көреміз.

Фолъклор материалдарына сүйеніп жасалған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов шығармалары жанрға деген жаңа көзқарастың, дамудың сапалы кезеңінің айғағы. Эпостан алынған дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеал, суреткерлік концепция тұрғысынан қайтадан құйылып шыққан. Фольклор үлгілерін сөзбе-сөз көшіру, вариация жасау, белгілі мотивтерді қайталау жоқ. Халық даналығына үлкен суреткерлер өз тараптарынан көп ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар жасап, өнерді байытты. Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қара Қыпшақ Қобыланды", "Айман-Шолпан", Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш - Баян сұлу", "Қыз Жібек" пьесалары- эпостық дәстүрлермен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырудан туған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика.

Мұхтар Әуезовтің ауылды көрсететін пьесалар циклының өмірдегі құбылысқа лайық түр тауып, негізінен, трагедия болуында заңдылық бар. Айтылмыш туындылар формасы жөнінен әлемдік әдебиеттердегі классикалық пьесаларға ұқсас.

Қуаныш, қайғыны қат-қабат қазақ ұлтының өміріндегі елеулі кезеңдердің бәріне де драматургтер үн қосып, үнемі көкейкесті шығармалар беріп отырды. Бұл орайда Мұхтар Әуезовтің жаңа адамды, жаңа шындықты, жаңа мұраттарды арқау еткен пьесалары тақырыптарының әр алуандығымен көзге түседі. Революционерлер, тарихи адамдар бейнесі ("Октябрь үшін"), интеллигенцияның калыптасуы "("Тартыс", "Алма бағында", "Дос - бедел дос"), жаңа отбасының тууы ("Тас түлек"), Ұлы Отан соғысындағы халық қаһармандығы ("Сын сағатта", "Қынаптан қылыш", "Намыс гвардиясы", "Асыл нәсілдер"), партия қызметкерлерінің, коммунистердің тұлғасы, ("Шекарада", "Алуа"), осы секілді әр саладағы идеялық-эстетикалық ізденістердің өзегі типтік ортада шынайы тартыс үстінде көрінген типтік характерлер жасау, қаһарманның психологиясын ашу талаптары болып табылады.

М. Әуезовтің өмірді бейнелейтін пьесаларында ұзақ мерзімді қамту, көпшілік сценаларына айрықша мән беру, ишаратты, астар, символ, шарттылық, фантастиканы пайдалану, эпика элементтерін кірістіру секілді қазақ драматургиясында түңғыш рет қолданылған формалық жаңа сипаттар бар.



Алғашқы қазақ комедияларының арқауы - халық арасына кең тараған әлденеше ұрпақтар өңдеген аңыздар, күлкілі әңгімелер, болған оқиғалар. Шағын көлемді, қысқа қайырылған Жұмат Шаниннің "Торсықбай", "Айдарбек" секідді комедияларының сюжеті ел аузынан алынған қалпынан көп өзгеріске түспеген. Фольклор материалын сахнаға лайықтау, диалогтар жасау, персонаждар мінезін айқындау, тартысты күшейту арқылы драматург төл шығармалар берген, Шаниннің "Қара құлып", "Жанды сурет" сияқты шағын пьесаларының сюжеті авторлық қиялдан туған. "Үш бажа" - қазақтың түңғыш сатиралық комедиясының эпостық дәстүрлер арнасынан әлі шығып болмаған, сюжетті, ситуацияны, көркемдік құралдарды фольклордан алған алғашқы кезеңнің жемісі. "Айман-Шолпан" пьесасының соңғы вариантында Мұхтар Әуезов фольклорды пайдалана отырып, реалистік комедия жасаудың шығармашылық үлгісін көрсетті.

Қазақ комедиясының заңды түрде атасы аталған Бейімбет Майлин драматургиясының реализмі, ең алдымен, шығармаға күнделікті өмір құбылыстарын, комедияға лайық ситуацияларды екшеп, сұрыптап ала білуден аңғарылады. Комедиограф қоғамдық арнадан кететін таптардың моралін, психологиясын характерлер арқылы көрсетіп, күлкіге әлеуметтік салмақ артқан. Майлин комедияларының жанрлық формалары сан алуан, олардың ішінде водевиль де, скетч те, сатира да бар. Күлкі тудыруда ситуация, психология ерекшеліктері, характерлер тартысы, шарттылық амалдар, затты, детальды ойнату, тілдік сипаттамалар, неше түрлі көркемдік құралдар еркін қодданылған.

Майлин комедиялары атының астарлы, символды мәні бар, кейіпкерлер есімі олардың әлеуметтік ортасының моралінен, идеалынан жақсы хабар береді. Персонаждар тілі лексикалық, синтаксистік, интонациялық жағынан өзара дараланып берілген.

Әлеуметтік мәңді проблемаларға құрылған, әр түрлі характерлері бар, сан алуан күлкіге негізделген, жанр шарттарына толық жауап беретін Бейімбет Майлиннің реалистік комедиялары қазақ драматургиясының кейінгі дамуына үлкен әсер етті.

Қазіргі қазақ комедияларында адамгершілік табиғатына жат құбылыстар, адам мінезіңдегі олқылықтар - бюрократизм, махаббат тұрлаусыздығы, жағымпаздық, парақорлық, зиянқорлық, дүниеқоңыздық күлкі болады. Комедиографтар бүгінгі драматургияның жетістіктерін театр, кино ықпалымен келген жаңалықтарды, шарттылық тәсілдерін, соны формаларды творчестволарыңда қолдана бастады. Дараланған мінездер бар, табиғи күлкіге негізделген, неше түрлі жанрлық формаларда туған реалистік комедияларға қазақ театрлары бүгінде аса зәру. Ә. Тәжібаев, Қ. Сатыбалдин, Қ. Мүха-меджанов, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Байсейітов секілді комедиографтардың сахнада қойылып жүрген шығармалары ситуациясы, күлкі тудыратын тәсілдері, жасаған образдары жағынан бір-біріне ұқсас. Бүгінгі қазақ комедиясына эстетикалық арнадағы жаңа, батыл ізденістер қажет-ақ.

Өмірлік шындық пен көркемдік арасындағы диалектикалық байланыстың қырлары қазақ драматургиясында тарихи-революциялық, ғүмырнама-биографиялық тақырыпты игеруден де көрінеді.

Шығармашылық адамдары, қазақ халқының ардагер үлдары Абай, Шоқан, Ақан сері жайлы пьесалар үш ілімнің тұлғалардың тарихтағы ролі жөніндегі тұжырымын терең ұғынып, күрескер тағдыры мен халык, тағдырын ұштастыра суреттеуден туған. Дәлді фактіні, нақты деректі, негізгі оқиғаны пьесаға арқау еткен әр драматург автор идеалына, суреткер мұратына сәйкес әр қалай пайдаланатынын ақын- Сәкен Сейфуллин өміріне арналған С. Мүқанов, Қ. Сатыбалдин, Ә. Әбішев, А. Сатаев пьесаларын зерттегенде айқын көз жеткізуге болады.

"Майра", "Дала дастаны" драмаларының тарихи материалды зерттеп, екшеу принциптерінде, характер жасау, тіл ерекшеліктерінде поэзия дәстүрлері, ақындық тәжірибелердің ықпал-әсері бар. Бірқыдыру тарихи драмаларда психологиялық тереңдік, астарлы ойлардан гөрі публицистикалық, патетикалық идея басымырақ.

Тарихи түлғаның өміріндегі жеке оқиғаларды натуралистік дәлдікпен бергеннен, көркем образ шықпайтыны, эстетикалық әсер болмайтыны көп туындылардан аңғарылады. Авторлық концепция, суреткер мұраты тұрғысынан өмірлік материалды балқытып қайтадан құйып шығу қажеттігін кейбір қаламгерлер құнттамайды. Тарихи дәлдіктен ауытқып, фактілерді өзгертіп, тартыс, әрекет бірлігін ескермеген пьесалар творчестволық олжаға кенелтпеуі - заңды құбылыс.

Қазіргі қазақ драматургиясында қызықты творчестволық процестер жүріп жатыр. Ескі дәстүрлер жаңғырып, оның орнына жаңа тенденциялар көріне бастады. Совет адамдарының, социалистік қазақ ұлтының бүгінгі әмірін бейнелейтін драматургиядағы негізгі, орталық қаһарман - күрескер, жаңа дүние танымның, жаңа моральдің, жаңа психологияның адамы. 3. Шашкиннің "Ақын жүрегі", Ә. Тәжібаевтың "Көңілдестер" пьесаларындағы персонаждар әр түрлі характердің, әр түрлі мінездің адамдары, бұл шығармалардың өмірлік материалды сұрыптау әдістерінде, стиль қалыптарында, колорит, пафосында ерекшеліктер бар.



Деректі материалды, фактіні, шартты тәсілдерді пайдаланып жазылған, күрделі мәселелерді қозғайтын, қазақ драматургиясының шеңберін кеңейткен драмалар сахнада жүріп жатыр.

Жанрдың өзара тоғысуынан, бір-бірін байытуынан туған формалар, драмалық тартысы күшті, характерлері айқын туындылар негізінде жасалған инсценировкалар қазақ драматургиясында көріне бастайды.

Драматургияда реалистік тіл үшін күрес, ақ өлең жасау ізденістері бел алды.

Қазақ драматургиясының байып, өрлеп, өсуіне әсер еткен классиканы аудару жолында үлкен тәжірибе жинақталды. Алғашқы аудармашылардың бірі М. Дәулетбаев Гогольдің "Үйленуін", Шекспирдің "Гамлетін" қазақшаласа, Мұхтар Әуезов аударманың драматургияда "Ревизор", "Отелло", "Асауға тұсау", "Любовь Яровая" секілді классикалық үлгілерін тудырды.

Театр рспертуарына қазіргі заман тақырыбын арқау еткен, М. Хасенов, С. Жүнісов, Ә. Тарази, А. Шамкенов, Қ. Ысқақов, А. Сүлейменов, И. Оразбаев, С. Балғабаев, Р. Сейсенбаев, О. Бөкесв, Д. Исабеков, Ә. Тауасаров, Б. Мүқаев, Н. Оразалин секілді драматургтардың пьесалары ене бастады. Кинодраматургияда әр кезде Ғ. Мүсірепов, Ш. Хұсайынов, Қ. Сатыбалдин, Ә. Тәжібаев, О. Сүлейменов бірнеше туынды берген.



Республика театрларының репертуарына көз салғанда, қынжыларлық құбылыс байқалады: драматургияның төл туындылары, задында пьеса болып жаратылған шығармалар емес, құранды нәрселердің, қоспа дүниелердің, инсценировкалардың тым көбейіп кетуі қауіп ойлатады. Ортанқол, құбатөбел аударма пьесаларды сахнаға шығарумен кейбір режиссердің тым әуестеніп кетуі - берекелі ізденістердің, шығармашылық олжаньң үлгісі еместігі айдан анық.

Пьесаның көркемдік салмағы, тілдің күші ескерілмей, тек режиссер қиялымен жасалған ойын сценаларына, дабыр-шуға, пантомимоға, биге, кинокадрларға иек сүйеу формалистік теріс жолға қарай бұрып жіберуі мүмкін.

Адамгершілік, әділет үшін күрескендер тұлғасын жасауға, жастар өмірін көрсетуге, зиялылар, ғалымдар ортасын суреттеуге арналған пьесалардан бүгінгі қазақ драматургиясының табыстары мен олқылықтары қатар көрінеді.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет