Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет


КОМЕДИЯНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет14/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29

КОМЕДИЯНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сөз жоқ, қазақ драматургиясыың барлық жанрларының негізгі қайнар көзі, алтын арқауы, күре тамыры – ауыз әдебиеті үлгілері, фольклордың сан алуан нұсқалары. Әлем драматургиясы мектебінен тиянақты сабақ алған қаламгерлері ұлттық топырақтағы берекелі дәстүрлерді жаңашылдықпен дамыта білді.

Комедия жанрының жалпы табиғатына В. Фролов, В. Волькенштейн, Н. Федь, Ю. Борев, В. Сахновкий-Панкеев16 еңбектерінде көптеген маңызды тұжырымдар жасалған. Соған қарамастан, комедияның барлық сипаттарын ашып, бұл жанрға түбегейлі анықтама берген зерттеу жоқ. Олай болу мүмкін де емес. Өйткені қашанда сан қырлы, сан әуезді, сан бояулы өмір құбылыстары өнерге ықпалды әсер етіп, жанр кескініне өзгерістер енгізіп, жаңа биіктер, жаңа шекералар белгілеп отырмақ. Сондықтан біз де комедияның негізгі белгілерін, басты ерекшеліктерін қазақ әдебиетінің тәжірибесіне сүйене отырып анықтаймыз.

Тегінде, комедия кейіпкерлері қатты қиналысқа түсіп, азап-қайғы шекпейді. Бұл ерекшелікті кезінде Аристотель көрсетіп: «Күлкілі жайт – ешкімге қайғы әкелмейтін, жанды қинамайтын қайсібір қателік, қисынсыздық»,-деп жазды («Об искусстве поэзии», М., 1957, с. 11). Комедиялық категория этикалық идеалмен, әлеуметтік тілекпен тығыз сабақтас.

Әдебиеттің басқа жанрлары секілді комедия да өмір құбылыстарын көшіре салмайды, іріктеу, топтау арқылы жинақтап барып, нақты әрі жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды. Шынында, өмірдегі күлкілі жайт шығарма өзегіне айналғанша сан алуан эстетикалық шыңдаудан өтіп, қайта қорытылып, балқып шығады.

Комедияның жанрлық ерекшелігі тартыста, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде де жатыр. Дараланған, өзгелеге ұқсамайтын әрбір кейіпкердің әрекеті күлкі шақырса, сахналық туындының жаны кіре бастайды. Әсірелеу – комедияның басты кркемдік құралдарының бірі. Гипербола мен гротеск яки ұлғайту мен өсіру әрқашан егіз, ұялас. Мұның алғашқысы шеңбер, мөлшерді сақтаса, екіншісі шамадан тыс өсіріп, өрбітіп, аспандатып жібермек. Кей тұстарда гротеск шаржға, карикатураға жақындап кетеді.

Драматургияның басқа жанрларына қарағанда, комедия финалы көбіне тартыстың жағымды шешімімен, жамандық жеңіліп,жақсылық үстем болған баянды күймен аяқталады. Бұл тартыс әрекет бірлігінің логикасынан, характерлер қақтығысының табиғатынан шығып жатады. Комедия жанры поэтикасының шарттылығы бойынша жағымсыз кейіпкерлер түптің түбінде бармақ шайнап, қателігін мойындайды, жеңіліп тізе бүгеді, сөйтіп адал ниет, ақ тілек, әділ іс салтанат құрады.

Өмір құбылыстарын, адам мінездерін ашу үшін комедиограф оқыс оқиғалар, күлкілі жайттарды шығармада шебер пайдаланады.

Бұл орайда, Н.В. Гогольдің бір кезде А.С. Пушкинге жазған: «Рақым етіңізші, бір сюжет беріңізші маған, күлкілі ме, күлкісіз бе, әйтеуір бір таза орыс анекдотын айтып беріңізші. Комедия жазғым келіп қолым қышып жүр», (Н.В. Гоголь. Полн. собр. соч., т. 10, М., 1940, с.375) – деген сөздері еске түседі.

Ғасыр басында қазақ әдебиетінде комедияның шағын формалары кең өрістеді. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси, отбасылық-тұрмыстық өзгерістер бұл жанрдың мүмкіндіктеріне сәйкес келіп, түрлі сюжеттер, водевильдер, интермедиялар, сахналық көріністер туды. Олар қоғамдық санасы ояна бастаған қазақ еңбекшілерін эстетикалық-саяси тұрғыдан тәрбиелеуге көп қызмет еткенін зерттеушілер Т. Нұртазин (1967), Ә. Тәжібаев (1976), Р. Рүстембекова (1975), С. Ордалиев (1964) дұрыс көрсеткен болатын.

Алғашқы қазақ комедияларында, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин туындыларында фарс, скетч, водевиль элементтері аралас-құралас жүргендігін көру қиынға соқпайды. Халықтың күлкілі әңгімелерінің сюжетін пайдалана отырып жазылған бұл шығармалар өз кезеңінің көкейкесті талаптарына жауап беріп, көрермендерді ащы күлкі, өткір әжуа, уытты сықақпен тәрбиелейді, эстетикалық ләззат берді, көпшілікке етене таныс, қастарында жүрген Мырқымбайлар мен Айдарбектер, Тарсықбайлар сахнаға шығып, тірі қалпында сөйлеп кеткенде, бұрын ондайды көрмеген көшпелі ауылдың адамдары ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Әсіресе, Қалыбек Қуанышбаев сынды ел арасында «Жынды қара» атанған ұлы актер ойыны қыран жапқандай күлкіге қалдырар еді.

Қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты, мәдени-этикалық дәстүрлерге сәйкес, белгілі таптық идеологиясына орайлас комедия негізгі жанрлық ерекшеліктерін сақтай отырып, нақты тарихи көркемдік мазмұнға ие болмақ, сөйтіп идеялық-эстетикалық қызмет атқармақ.

Әлемдік теориялық еңбектерде комедияның сан алуан түрлері айтылады: лирикалық, қаһармандық, отбасылық-тұрмыстық, сатиралық, комедия-буффонада, комедия-фарс т.б.

Әлемдік комедия тәжірибесін ескеріп, ең бастысы, ұлттық әдебиетіміздің материалдарына, тарихына, қазіргі әдеби процеске сүйене отырып, қазақ комедиясын екі үлкен топқа бөліп қарауды дұрыс санаймыз, олар: а) сатиралық комедия; б) лирикалық комедия.


БІРІНШІ ТАРАУ


САТИРАЛЫҚ КОМЕДИЯ

Қазақ халқының қастерлі дәстүрінің бірі әзіл, күлкі. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деумен қатар «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегені және бар. Бір жылғы төл, құрдастардың мақтамен бауыздап тастайтын, сәті түссе, жалтыр мұзға жалаң аяқ қоя беретін әдетін қайтерсің. «Әкесі құрдастың баласы құрдас» деп, алпыстағы шалмен он сегіздегі жас жігіттің ат үстінен аударысып жатқанын ешкім сөкпейді. Жеңгелердің қайындарына, қайын сіңлілеріне әзілдеп, еркелетіп ат қойып алып, ойнап-күлуінде жайма-шуақ мінез, жайдарылық, дарқандық бар.

Тұрмыс салт, сахара өмірінің көп жағдайда көшпенділік сипаты қазақ арасында әзіл, қалжың, мысқыл, күлкі,сықақтың әлеуметтік мәнін ерекше ұлғайта өсірген. Дұшпанға айтылған сөздің өзі қоқан-лоққы, дөңайбат емес, «атам-шабам», «қырам-жоям» емес, мысқылмен, астармен, улы тілмен берілген.

Ұланғайыр, сұлу сырлы эпосымыз жарқын күлкіге, ащы сықаққа, сан алуан комедиялық сарындарға бой.

Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен, ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою жемісті арна екендігінде шәк жоқ. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Европа нұсқаларынан үйренген қаламгерлеріміз өмірлік материалды сұрыптап шығарма мақсатына орай пайдалануға келгенде, ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады.

Жанрдың тууын, эволюцияны көрсету үшін қазақтың алғашқы комедияларына арнайы тоқталу шарт. Зерттеушілер бұл мәселені қарастырғанда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлин есімдерінің қатар аталуы заңды, өйткені олардың шағын көлемді, тақырып, мазмұн жағынан, композиция, архитектоника, форма жағынан тектес тырнақалды комедиялары бір мезгілде жазылған.

Бейімбет Майлиннің алғашқы драмалық шығармалары көркем-өнерпаздар үйірмелеріне, сауық кештеріне арналып жазылғандығы ең алдымен олардың қысқалығынан, авторлық ремаркалардың ерекшелігінен аңғарылады. Шағын пъесалардың қайсысын алсаң да, кейіпкер саны көп емес, олардың киімі екі ауылдың бірінен табыла береді, күрделі декорацияның, ат-көпір театр жабдықтарының қажеті жоқ. Үнемі таныс орта, белгілі мекен. Бейімбет пъесаларының көбіне комедия болып келуі – оның талантының айрықша сапалы, дара сипатын танытады. Авторлық идеалды, суреткерлік мұратты күлкі арқылы, әзіл-оспақ, мысқыл арқылы орнықтыру комедиограф нысанасы.

Бір перделі «Шаншар молда» пъесасында Майлин сахна талаптарын, театр шарттылықтарын білетін, жанр заңдылықтарын ескеретін қаламгер екендігін аңғартқан. Айтылмыш шығарма кейіпкерлері жайғасып отырып алып, ұзын-сонар қысыр әңгіме соқпайды. Диалогтардан әрекет, мінез ашуға мұрындық болатын қасиеттер сезіледі. Шәкірттердің молда жоқ кезіндегі сөздері:

Ахметқали: Иә, сорлы маңқа . . . Айтып қара, үйге барған соң әжеме айтып төбеңді ойдырайын.

Серікбай: Мен де әжеме айтам!

Ахметқали: Сенің ақсақ әжеңнен қорқайын деп отырмын.

Серікбай: Сенің тыртық бет әжеңнен мен де қорқайын деп отырмын.

Ахметқали: Өй, иттің баласы! (Б. Майлин. Шығармалар, 6-том, 1964, 275-276-беттер).

Моланың сиқы бұдан да жаман: «Ә, ақымақ, доңыз!… Екі көзің далада, қайтіп сабақты білейін деп едің? Көзіңді шығарайын ба, миың шіріген доңыз!»

Драматург әрбір көріністің әрекет қимылына мән береді. Сахнаға жаңа персонаж келеді, не біреу кетеді. Үшінші, бесінші, оныншы көріністерде молда жалғыз өзі. Оның оңаша сөздері интонацияның жетімсіздігі, инверсияның аздығы, екпіннің солғындығы секілді кемшіліктері бола тұра, реалистік монолог үлгілеріне жақын.

Айна алдында тұрып алып, өзіне-өзі сұқтанған еркектің қылығы езу тартқызады. Көрерменге естірте айтқан молда емеурінінен оның нәпсі құмар, жеңсікқой зинақорлығы сезілді. Ауыл арасының пысық жігіті Әбіштің өз ұрлығының ізін білдірмеу үшін, әрі аузын алу үшін сырт көзге шариғат жолын берік ұстап, бес намазды қалт жібермей оқып, дін уағызын айтып отырған молданы бозбалашылыққа қызықтыруы еріксіз күлкі тудырады. Молданың сөзі мен ісінің арасындағы алшақтықтан шыққан күлкі, шағын пъесада молданың бір мінезін көрсетудің өзі жетіп жатыр. Тападай тал түсте абыройы айрандай төгілген молданың халы шынында жан ашырлықтай. Көрпеден басы ашылып, көрініп қалған Зағипа, анау көмек сұрай келген Тынымбай жан алқымнан ол алып барады, ауырған баласын әкеп тағы бір әйел тұр, жолға шақыра келген байдың сөзі: «Балаңа да өзіңе де дем салдыр. Әне, көрдің бе, Зағипаға дем салып отыр».

Революциядан кейінгі алғашқы жылдарда сауатсыздықты жою жайын көрсететін «ауыл мектебі» пъесасының кейбір ситуациялары «Шаншар молдадағыға» ұқсас. Алғашқы сцеананы алайық. Екі шығармада да ұстазы жоқ кездегі шәкірттердің үстінен түсеміз: бірінде – балалар, бірінде - әйелдер. Заман толқыны, дәуір пәрмені ала қағаз бетіне үңілтіп, қолға қалам алғызғанмен, адам санасындағы қанға сіңіп, сүйекке бітіп кеткен психология оңай өзгере қойған жоқ. Зейнеп, Маржан, Мәрештердің сөздерінде «кесір қараның қарасынан өлетін ала сиыры» да, «жыпылдақ шешей» де, «дарылдақ Биағалардың қатыны» да, «дүниеде кем жаралған жалғыз әйел ме екен!… Ешкімнен де қаймықпай оқи беру керек» деген өр талап та бар.

Келесі көріністе шығып жапа-жалғыз ұзақ сөйлейтін Дәрібай аумалы-төкпелі дәуірдің бел баласы. Бұл автор идеалына қарсы пиғылдың адамы, бұрқ-бұрқ әр жерден шаң бергеніне қарағанда, нағыз сойқанның өзі. Мұғаліммен жүзбе-жүз келіп, шаруасын айтып, қалтаға қол салады. Әліпті таяқ деп білмейді. Жаздырып алғандары мынау: «Құнан өгіз, қызыл тарғыл, құлағы тілік», «Бектемірге сегіз сом, Шынтайға былтырғы шөптен қалған бір сом елу тиын», «Түсі кер. Артқы аяғы ала. Маңдайының төбелі бар. Жасы бесте». Шіренгенде қара жердің белін қайыстырып жіберердей жуанның қалтасында жүрген бұл қағаздар күлкі келтіреді.

Шығарманың айтпақ идеясы мұғалімнің сөздерімен сабақтас. Төртінші көріністегі монологында мұғалім мән-жайды, Дәрібай жауыздығын тәптіштеп баян етеді. Бұл пъесаның драматизміне нұқсан келтіріп тұрғанын аңғару қиын емес. Шағын көлемді шығармада кей жайттарды сахналық әрекет арқылы бейнелеу қиын болған соң, автор эпикалық тәсілдерді әдейі мақсатты түрде пайдаланған.

Сабақ оқыту сцеансында күлкілі ситуация сәтті жасалған. Әйелдердің хат танысақ, бірдеңе білсек деген ұмтылысына қарсылар көп. Ниет пен іс арасы кереғар. Диалогтарда күлкі бар.

«Емшегім иіп кеткенін қарашы, әлгі басы құрғұр бала жылап жатпаса игі еді» (292-бет), «Мәреш! Ағам ұрсып жатыр. Тез қайтсын,-дейді. Байпағымды жамап берсін дейді. Қалаға барам дейді» (292-бет).

«Маржан! Қара сиырыңның торпағы суатқа жығылып өлейін деп жатыр» (293-бет). Дүниедегі пәле атаулы осы үш әйел – Зейнеп, Маржан, Мәрештің оқуына кесір келтіруге келісіп қойған секілді. Айқайдың үлкенін Жанайдан естиміз: «Қатын менікі. Жұмысың болмасын! Оқытпаймын! Саған сыйға тартатын қатыным жоқ!»

Бұл жиырмасыншы жылдарда әйелі хат танымақ болғанда, қазақтың екі еркегінің бірі айтқан сөз. Заман тынысын, адам психологиясын дәл беретін сөз. Бүгін күле қарағанмен, кезінде осындай ситуациядан талай трагедиялар туғаны хақ.

Драматургияның «ауыл мектебі» пъесасының финалын балалардың аузымен айтылған тақпақ, өлең, ашық үгіт сарынымен бітіруі шығарманың тұтастығына, драмалық композициясына нұқсан келтіргенмен, дәуір талабы үшін қажетті шешім еді.

Идеяның берілу тәсілі жағынан «Қос қақпан» да үгіттік-насихаттық нысананы көздеген. Майлин шығармашылығын түгел зерттеп, байсалды монография жазған Т. Нұртазин бұл туындыны водевиль қатарына қосқан. Расында, жанрдың Европалық анықтамаларына ден қояр болсақ, водевильдің тартысы жеңіл, оқиғаларда алогизм басым, диалогтар көбіне өлеңмен беріледі, ән, би жиі кездеседі. Ендеше, Б. Майлиннің шағын көлемді комедияларының баршасын водевиль санау оларда көтерілген әлеуметтік мәселелерді ескермеу, драмалық сипатын танымау болмақ. «Қос қақпанда» драмалық ұғымдағы тартыс жоққа тән.

Жоламан кедейдің ұзақ өлеңінен зорлық-қорлық көргенін, кісі есігінен барлық таптқаны қос қақпан ғана екенін білеміз. Үкібас қойшының ұстанғаны «құдай салды – мен көндім» принципі. Қаламқас – Құралайға қатысты әңгіме қосалқы эпизод. Молдаш мұғалім сөздерінде ашық үгіт, таза насихат бар. Кейіпкерлердің сөздерін жеке-жеке өлең ретінде қарауға болады, олар біртұтас тартыс шеңберіне енбеген.

Заман өзгеріп, Жоламан, Үкібастар қолына билік тиіп, Асылбайдың өзі қос қақпанды ұстап қалуының мезгеулік мәні бар. Бұл шығармада көркемдік құрал ретінде заттың, қос қақпанның, алынуы сәтті ізденіс кепілі. Майлин пъесаларындағы комизм табиғатының күрделілене түскенін көреміз, жеке диалог, бірер ситуация, оқыс жағдай тудыратын күлкіден әлеуметтік салмағы ауыр, қоғамдық мәні мол күлкіге ауысамыз. Шағын көлемнен іргелі туыныдыларға ойысу ең алдымн творчестволық мақсаттың өсуінен туған.

Екі перделі «Неке қияр» комедиясын молданы сынаған, әйел теңдігін паш еткен шығарма деп қана тұжырымдасақ, драматургтың бірталай олжаларын көрмей кеткен болар едік.

Автор ең алдымен комедияға лайық өмірлік ситуацияларды сәтімен таңдап алған. Революциядан бұрынғы заманды бейнелейтін туындылар үшін көп материалдың бірі ретінде қаралатын дүниелердің жаңа дәуір жағдайында комедияға өзек етілуі заңды құбылыс.

Қыз көре бару, құрдастар әзілі, құдалық ритуалы, жастар арасындағы түсінбестік – екі күннің бірінде кездесетін жағдай. Жаңа заман мораліне сыйымсыз, тарих бетінен көшіп бара жатқан институттың рәсімдерін сахнада көрсету арқылы Майлин әлеуметік талапқа жауап берер жігерлі күлкі тудыра білген.

Алғашқы көріністе отыздағы Жомарт, қырықтағы Кәрім отыздағы сұр бойдақ Жәленді қажап, таптап отыр. Қазақ ішінде кімнің жағдайы қиын. Оң жақта сопиып ұзатылмай қалған кәрі қыздың жағдайы қиын, басында үйі, бауырында баласы жоқ сүр бойдақтың жағдайы қиын. Солар сүр бойдағың мынау Жәлен. Кісілігі, ірілігі жоқ, сөйлер сөзі жоқ осал.

Драматург әрекетті сахна аталаптарына лайық өрбітеді. Әрбір жаңа персонаждың өзіне лайық ісі бар. Жеңге әзілі жігіттердің шымбайына батып бара жатыр. Қыздың Жәленді жезде деп ойнап, шымшып алуы европалық драматургия тілімен айтқанда, фарста кездесетін тәсіл. Күлкілі жағдай Сары қатынның келуімен ұлғая түседі. Әуелі жамбастап, жымып, шапаннан бастайды. Оның реті болмаған соң, ақша алуға ойысады. Қу мүйіз Кәрім бақайына отырғызбай сырғақтай жөнелгендегі Сары қатын сөзі: «Қой, ойбай, оны алып жаман атты болғанша, алмайық та, көріспейік те…Етегін ашып отырған Әлімнің қызы бұл емес . . . Алған-берген еш нәрсе болмайды: тек әшейін пәленшенің қызын көрсеткенде пәлендей алыпты»,-деген аты болмаса, берсеңдер өз мерейлерің. Тіпті, бермей кетсеңдер де, үйіп ауыздарыңды қу шөппен сүртпеңдер» (6-том, 303-бет).

Алдында ғана тиынның есебін білмегенсіген кісі отыз сом аталғанда тулап қоя берді.

Жігіт пен қалыңдықтың кездесу сәтін асыға күтеміз. Сырттай басы саудаға түскен қыздың өзі қандай екен? Ағайын-туысқанның ұйғарымымен буындары сыртылдаған шалға көздің жасын көлдетіп кете баратын қыздар халы қазақ әдебиетінде аз айтылмаған. Заман өзгерістерін, өмір құбылыстарын дәл аңғарғыш, сергек қаламгер Майлин қазақ әйелінің санасындағы заман тудырған жаңалықтарды әр қырынан, жан-жақты бейнелеген жазушы.

Шымылдық ішінде алғаш рет кездесіп отырған жігіт пен қыз не айтыспақ? Әрине, бірінші сөзді азамат бастауы жөн. Жілігінің майы жоқ, жетесіз Жәлен программалап қойған робот іспетті. Алдында ғана Жомарт үйреткен сөздер бар: «Амансың ба?», «Жасыңыз нешеге келді?», «Тамыр бозбалаң бар ма, соны білейін деп едім» - осылар айтылады. Қыз жауабы: «Өй шірік! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп… Сені күтіп отырмақпын ғой».

Түсінген адамға жеткілікті нәрсе. Бірақ күйкі Жәлен достарының үйреткендерін әлі аяқтап бітпеген, өзіне тартып құшақтамақ болады. Шымылдықтан шыға қашқан қыз, не істерін білмей салы суға кеткен жігіт. Бұған күлмегенде қайтесің. Ситуациядан, жағдайдан туған күлкі.

Екінші передеде басқа да комедиялық-сатиралық жайттар бар. Қызылға ұмтылған бөрілердей атқа мінер, паракор Ылаңбай мен молда екеуінің некеқиярға берілетін дүниеге таласқанын көреміз. Қан базардағы нағыз сауда теке тірес. Оқыған жігіт Рахат пен милиционердің келуі бұлардың бұлардың үстінен жай түсіргендей. Драматург милиционер аузына әйел теңдігі, революция жеңісіне байланысты үгіт-насихат сөздерін салады. Поэзия айқын, жағымды ыңғайда алынған персонаждың қылығын автор өзі де құптап отыр. Әділет тілеп, милицияға еріп жүре берген қызының күйігіне шыдай алмаған Қайралаптың баласын сырттай саудалап, бәтуә жасап жүрген парақор, пәле Ылаңбайды тарпа бас салуы пъеса тартысының оқыс шешімі. Еріксіз күлдіретін қызық шешім.

Қазақ арасында енді орнығып келе жатқан жаңа қарым-қатынастарды, сананы көптеген жазушылар жағымды кейіпкерлер әрекеті арқылы бейнелесе, Майлин түрлі әлеуметтік орта адамдарының күлкілі істерін суреттей отырып, комедиялық, сатиралық шығармалар тудырды. Шағын көлемді пъесалардың тартысы дәуір талабына орайлас, өмірге қарап бой түзегенін көреміз. Дер кезінде уақыт мақсатына қабысып жазылған кейбір дүниелер біраз қызмет атқарып, көркемдік қуатынан тез айрылып қалатыны болады. Әрі заманында актуалды мәселе көтерген, әрі өнер тарихында терең із тастаған шығарма сирек олжа.

Рулық, феодалдық психология шылауынан толық арылмаған қазақ шаруасының колхозға келу жолы – шытырманды, шырмауықты жол. Шала сауатты, әлеуметтік шайқас майдандарында шынықпаған жандарды дұшпандар тал түсте алдап, соқыр сүрлеуге түсіріп жіберген. «Мал ортақ, жер ортақ, бәрі ортақ» деген ұшқары ұранмен талайлар аранданған. Өз қолдарынан билік, байлық кетіп бара жатқан соң кешегі жуандар, олардың оқыған үрім-бұтақтары, әртүрлі саяси науқандардың өңін теріс айналдырып, талай жерге от қойып, өрт шығарған. Соның кесір-кесапатын, сор-сұмдығын, түптеп келгенде, көрген шаруа. Малынан-жанынан, ауыл-аймақ, бота-тайлағынан айрылып, ақ сүйек боп, жүген ұстап қалған да сол шаруа.

Бұл үлкен трагедияның бір ұшқынын Майлин «Жасырын жиналыс» пъесасында шет пұшпақтап сахнаға шығарған. Бар ынтызар пейілдерімен, ықылас ниеттерімен колхозға, бірігіп еңбек етуге жұмылған ұста Ержан, ағашшы Нұрыш, Таңқыбайларды оп-оңай қуырып, тықсырып бара жатқан біреу бар. Ол белсенді Құлтай. Мұның да оқып білгені, саяси сауаты шамалы. Бірақ жұртты қорқытатын, елдің зәресін ұшыратын сөздерді жаттап алған. Өзге шығармаларында Майлин мұғалімді жағымды кейіпкер, автор идеалын қуаттаушы адам бейнесінде алса, «Жасырын жиналыстағы» мұғалім колхозшылардың білімсіздігін, саяси санасының балаңдығын пайдаланып, бүлік шығарып жүрген сойқан. Әлеуметтік жағдай, аумалы-төкпелі мезгілдің перзентін драматург бірер штрихпен көз алдына әкеледі. Не дейді бұл мұғалім: «Білдім, сен атқа мінерсің, контрсің! Сенімен кейін сөйлесермін. (Қағазды Таңқыбайға ұсынып). Мына Қолыңызды қойыңыз». «Ә… агитатор ауызды қалай біріктірген көрермін…» (Б.Майлин шығармалар. 6-том 340-бет. А., 1964).

Қазір күлкі тудыратын мұндай сөздер үшін кезінде нелер боздақтар күнәсіз күйіп кете берген. Маңызды әлеуметтік мәселеге арналған «Жасырын жиналыс» пъесасының финалы әділеттің жеңуімен, райком хатшысының мұғалім Құлтайлардың бет пердесін ашуымен аяқталуы авторлық концепцияның үгіттік, насихаттық идеямен сабақтастығына байланысты. Кейіпкерлер сөзінің өзара ұқсастығы, шығарманың көркемдік кестесінің солғындығы секілді олқылықтар бар.

Белдесіп алысудан қалған дұшпан әманда жымысқы жолдар, жасырын айлалар іздеп, сарсаңға түседі. Қашан соңғы оғы атылғанша ұмтылу, беріспеу шарт. Таптық шайқастар майданында күрестің сан алуан түрлеріне тартылған адамдар психологиясындағы құбылыстар, нюанстарды бейнелеу үшін әрбір жаңа шығармада көркемдік тәсілдерді шығармашылық мақсатқа орай сұрыптап таңдаса керек.

Осы жайтты Майлиннің «Келін мен шешей» комедиясынан да аңғаруға болады. Басқа шағын пьесалалрдағы тартыстан бұл шығармадағы конфликт сипаты өзгеше. Кейіпкерлер арасындағы іліністің себебі интрига. Бастан байлық, қолдан билік тайған соң, кешегі үстемдер бүгін бақай есеп, ұсақ қулықтан жем іздемегенде қайтеді? Ежелгі тәсіл – алдау, шырғалау, қапысын тауып қолға түсіру.

Майлиннің көлемді драмалық шығармаларының бірі – үш перделі «Көзілдірік» комедиясының өмірлік материалы жайлы зерттеуші Р. Рүстембекова таптқан дерекке жүгінсек, драматург лабораториясына қатысты тұжырымдар жасауға болады. Фельетон пьесаға арқау етілген. Шын оқиға, дәлді фактіні көркемдік бояуы қанық туындыға айналдыру үшін шеберлік, биік идеялық нысана қажет.

Шағын пьесалар жазу үстінде драма заңдылықтарын игерген Майлиннің өзіндік тәжірибесі, етене тәсілдері «Көзілдірік» комедиясынан айқын көрінеді. Өзі тұрғылас қазақ драматургтерінің ішінде Бейімбет шығармаға ат қойғанда, емеуірін, астарлы мәнді құнттайды. Әуезовтің алғашқы пьесалары: «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал»; Шанинның туындылары: «Айдарбек», «Торсық-бай», «Үш бажа». Бұларда бас кейіпкер есімі шығарманың аты. Ал Майлиннің принципі, әсіресе, комедияға ат қоюдан жақсы көрінеді. «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Жасырын жиналыс», «Қос қақпан», «Протокол», «Көзілдірік». Перделеу, астарлау, ишаралау, мегзеу бар.

Авторлық ремаркаларда декорацияға, кейіпкерлердің қозғалыс-қимылына, психологиясына, дикциясына қатысты қысқа, дәл ескертулер беріледі. Майлин мүмкіндігіне қарай сахнада кейіпкерді әрекетсіз босқа тұрғызбайды. Осы мақсаттан келіп пьесаны көбіне-көп кішкентай-кішкентай көріністерге бөлу тәсілін қолдану шыққан. Жаңа персонаждар тартысқа араласқанда, өзге қатысы жоқтар бекер, көлденең көк атты секілді қарап тұрмай, сахнадан шығып кетеді.

Перде ашылғанда «Көзілдірік» комедиясындағы кейіпкерлер әрекет үстінде: болыс байсалбай тырнағын алып отыр; Ормантай түкіріктеп шашын сипап отыр; қағаз көшіруші Жүсіп бірдеңені жазып отыр; шабарман Бақыт жүген көктеп отыр. Авторлық ремаркада көрсетілген осы қимылдардың өзі күлдіреді. Газет, қағаз қобырап аузы-мұрнынан шығып жатқан екі бөлмелі болыс кеңсесі. Алғашқыда мардымды іс тындырып, шаруа бітіріп жатқандарды көрмейміз. Бозбалашылықтан туған жігіт өлеңі, бас жағында тиын-тебен, дүние сұрай жазылған, аяғы қорқытуға ойысқан қаладан келген хат кейіпкерлердің ішкі сырларынан аздап хабар береді.

Бір көріністе шығып, кейін оқиға желісіне мүлде қатыспайтын персонаждарды пайдалану Майлин драматургиясындағы сәтті көркемдік тәсілдердің бірі. Есімі де айтылмайтын шалдың болыс кеңсесіне жұмыс жайымен келуін көрсету арқылы суреткер қызықты ситуация жасаған. Бір халықтың өкілінің екінші халық тілін жете білмей, сөзді бұрмалап айтуы қашан да күлкілі.Удостоверениенің орнына орысша сауатсыз шалдың «дастабірінже», деуі, сөзді қайталай беруі ғана емес, көшірушінің хатшыға, хатшының болысқа, болыстың байғұс шалды әлгілерге тағы жіберуі күлдіреді. Ызалы, ашулы күлкі. Дереу жазып бере салатын, түкке тұрмайтын қағаз үшін жер ортасынан асқан адамды әуре-сарсаңға түсірген амалын болыс мұғалім Қасенге де істемек. Еңбекақыны қашан беру болыстың қолында секілді. Байсалбай сөзі кесек, өзі соқтығып, тиісіп сөйлейді: «Елдің көзін ағартушымысың?», «жалунжа алуға келген шығарсың?» - деп мұғалімді мысымен баспақ. Оп-оңай илеуге көнетін мұғалім көрінбейді. Заң білетін, жөн-жосықтан хабардар, білімді азаматтың тиісті жауабы айтылады. Ендігі тартыс осы екі қаһарман арасынан шығар деп күтесің.

Комедияда күлкі тудырудың сан алуан тәсілдері бар. Соның бірі – сөйлемдегі стильдік, мағыналық қателіктер. Болысқа жоғарыдан келген бұйрықтың түрі: «Қайыңтүп болыстың атқару комитетіне уез атком гүберне атком қаулысымен соған сүйеніп майдың он бесі, 1925 жыл, номері 1825-нің үшін сол қаулының үш параграфы бойынша былай яғни майдың он бесі…» (Б. Майлин. Шығармалар, 6-том, 357-б. А., 1964). Нағыз қойыртпақ. Күлмей көріңіз. Ала қағаздан зәресі ұшатын болыстың өзі қолын бір-ақ сілтейді.

Кейіпкер сөзінің драмалық сипаты айтылмыш комедияда күрделілене түскен. Диалогтар сұрақ-жауап, жауап-сұрақ сипатында логикалық жүйемен дамып отыратын желілі пікір, ой таластыру формаларынан басқа да түрлер тапқан. Байсалбай мен Ақбанның сөздеріндегі даралық ерекшеліктерге назар аударайық.


Байсалбай (күлімсіреп отырып). Судья сізге өкпелеп кетті деп ем: «Қайтейін өздеріңізден ғой, күні бұрын айтпадыңыздар»,-деді. Енді келсе дайын боласың ба деп едім: «Ретіне қарай көреміз»,-деп күлімсіреді…

Ақбан. Өй, өзі сұлу-ау… Сұлу ғой ә?! «Күн бұрын айтпадыңыздар»,-дейді… Сөзін қара… Енді ол қыз құтылмас. (Орнынан тұрып жүріп кетіп, Байсалға айналып келеді.) Өкпелеп кетті деп айттым дейсің бе? Әй, сен қусың-ау… Молодец… Енді қашан жүреміз (369-бет).


Әңгіме өткен жылы судья Ақбан келгенде, қолына түсіре алмай кеткен қыз жайлы. Ел арасынан жырындысы, аққаптал Байсалбай ескі желікті қайта қоздырып, қыз аузынан шықпаған нәрсені жанынан қосып, әдейі сендіру үшін оның айтқаны мынау, менің айтқаным мынау деп төндіреді. «Күлімсірейді» деген жалғыз сөздің өзі қызқ бейнесін көз алдыңа алып келгендей. Тұтас қарағанда, Байсалбай мақамында салмақтылық, ірілік бар.

Судья сөзінен психологиялық сәт, ұшып-қонған жеңілтектік, бір сезім күйінен екінші сезім күйіне ауысу байқалады. Ол шапшаң қозғалып, әр нәрсенің басын шалады. Келте қайырылған, толымсыз сөйлемдердің астарында айтылмай қалған, лықсып тоқтаған жайттар жатыр. Зинақор адамның нәпсі қызығы дегенде көзі жұмып, күмп беретін мінезін сеземіз.

Шағын көлемді пьесалардағы кейбір сарындарды Майлин «Көзілдірік» комедиясында пайдаланған. Алпыстағы шалмен қаршадай қыщды отастырып, пайда түсірмек боп жүрген, есімі аталмайтын, эпизодта ғана көрінетін орта жастағы кісінің қылығы «Неке қиярдағы» Ылаңбай әрекетіне ұқсас.

Көз алдарында өтіп жатқан әділетсіздік, заңсыздық Жүсіп пен Бақытты ширықтырады. Қыздарға арналған өлең емес, енді ақын жігіт сойқандықты сынайтын сықақ жазуға отырады. Бақыттың Ақбан мен Байсалбайдың қызды ауылға барғандағы бейбастақ, ұятты істерін әңгімелеуі бір қарағанда, драмаға орынсыз енгізілген эпика элементі секілді. Шындығында, бұл жайттардан Бақыттың Ақбан, Байсалбайларға деген қарсылығын көреміз.

Комедиядағы бір алуан күлкі отбасылық жағдайлардан, махабат шырғалаңдарынан, бозбалашылық қызықтарынан туып жатады. Бұл орайда Майлин олжасы мол. Қашан да қанық бояуларға, дәлді фактілерге, тұрмыстық сәйкестікке, мезгіл ырғағын нақты беруге ұмтылатын суреткердің комедияларынан асқақ, романтикалық, символикалық әуендерді емес, реалистік сипаттарды мол ұшыратамыз. Атурализмге, фотографияға бой алдырмай көркемсурет жасау - кәнігі шеберлік кепілі.

Алтыбақан тербеліп жатыр. Қзы-бозбала қуанышымен ажарланған ауыл түні. Бөлініп шыққан екеу. Диалог:


Әйел. Кәне, оңаша әкелдің ғой айтшы!

Жігіт (күлімсірет) Былайырақ… Ана ағаштың қалың жеріне таман барайық та…

Әйел. Жоқ, шырағым, ол жаққа бара алмаймын. Айтатының болса, осы жерде айт.

Жігіт. Бай-бай, жоқ жерде қарысасың-ау… Бұл жерден біреу-міреу көріп қалып жүре ме деймін.

Әйел. Көрсе біздің ұрлығымыз жоқ қой.

Жігіт. (әзілдеп, күліп) Ұрлық деп… Жас адамдардың жүрген тұрғандарының бәрі ұрлық емес пе?!

Әйел. (ұнатпай) Немене, мені тәлкек қылуға әкеліп пе едің? Көрінгенге қол жаулық болатын мұнда Маржан жоқ… Мен жасырын айтатын сөзі бар дегенге, бірдеме айтады екен десем, ойың басқа көрінеді ғой… (374-бет).
Екеуінің де қазіргі күйі түсінікті. Көңілдегілерін, ойлағандарын айтып тұр. Жігіт қипақтап, алыстан орағытқанымен, тізгін берер әел байқалмайды. Жігіт әйелді басқа біреумен көргенін айтқаннан кейінгі диалог:
Әйел. (төмен қараған күйі). Байғұс-ау, құр сөйлескенге адам жазықты бола ма екен?

Жігіт. Құр сөйлесу ме, сүйіскендерін қайда?!

Әйел. (күлімсіреп). Замандас адамның сүйіскені айып болушы ма еді?! (Әйел күлімсіреген соң, жігіт те күлімсірей бастайды. Ептеп жақындап әйелдің қолын ұстайды).

Жігіт.(әйелге жақындай түсіп). Қой, араздықты тастайық. Жаңағы айтқан билігіңе мен ырзамын, замандаспыз ғой, бетіңнен бір сүйгізші!

Әйел. (күлімсірей түсіп). Біреу келіп қалып жүрер… (37б.)
Психологиялық өзгеріс дәл берілген. Табиғат аясында таза көңілмен, әзілмен, күлкімен табысқан жандарды айыптауға дәтің бармайды. Сөздерінде аярлық, алдау, зымияндық жоқ.

Монтаж, қарама-қарсы ыңғайдағы кадрларды контрастыда көрету арқылы эстетикалық әсер беру – бүгінгі киноның ең ұтымды көркемдік құралдарының бірі. Тарихқа көз салсақ, контраст әдісі өнер табиғатына ежелден етене тәсілдердің қатарына жатады. Жаңа көріністерді қарама-қарсы ыңғайда алу, бір ситуациядағы әр түрлі кейіпкерлердің мінезін ашу драматургияда жиі қолданылады.

Екпінімен тау құлатардай болып келген Ақбанның ел ішінде бітірген шаруасы – ішімдік, жігітшілік.

Соңында, басы Байсалбай етіп, көпті салып жүріп, көңілі кеткен Жамалды ақыры оңаша шығарып алған. Танысу сәтіндегі сөзі: «Әй, сен жақсы екенсің… (Жырқылдап күледі). Талай қыздар көріп ем, сендей қыз көргем жоқ… Ну енді… (Жарқылдап күледі де, мастықтан теңселеді. Жамал аң-таң.» Сен мені білесің бе? (Жамал үндемейді). Мен судья, мен Ақбан – судья. Қазақтар атымды атауға қорқып. «Көзілдірік» дейді… Мынау көзілдірікті көрдің бе? (Көзілдірікті көрсетіп). Бұл алтын көзілдірік! Алтынды білесің ғой… Бізге алтын не пошом. Мына тісімнің бәрін алтыннан салдырып алайын деп едім. (Жырқылдап). Әй, сен жақсысың ғой… Мен саған айтайын ба, менің қатыным болса, өзі сендей сұлу болса, үсті-басының бәрін алтынға малып қояр едім…» (678-бет).

Ішкеннің салдары да бар шығар, дегенмен қызға осылай сөйлегеніне қарап, Ақбанның кім екенін аңғартуға болады. Үзік-үзік сөйлемдер үзік-үзік ойдың ұшығын сездіреді. Биіктен, жоғарыдан көрінбек сабазың көз алдыңда абыройынан айрылып бара жатыр. Қыз жауабын тыңдайық:
Ақбан. Маған тиесің. Мен алам! Мен – судья. Маған қазақтың жаман қыздары түгіл, оқыған орыс қыздары да тиеді.

Жамал. Сүймесе қалай алмақшысыз? Зорлап алуға заң көтере ме? Әйелге бостандық деп өздеріңіз айтып жүрген жоқсыздар ма?

Ақбан. Сүймесең қалай? Мені қалай сүймейді? Мен оқыған жігіт. Мен – судья. Мен – төре! Маған тиген қыз бақытты болады. Мен оны жібекке орап қоямын. Мен сүйем. Жанымдай сүйем. Аяғыңа бас ұрайын. Аяғыңа басатын топырақ болайын. (Жата қалып Жамалдың аяғына бас ұрады. Жамал кетейін десе аяғын жібермейді). Мен сүйем! Сен де сүйем деп айтпасаң, аяғыңнан басымды алмаймын. (379-бет.)
Аярлар психологиясы ежелден өзгермелі. Бір қару, бір әдіспен тас болып қатып қалу олар үшін құрумен тең. Жағдайда, ортаға қарай тез құбылып, тоңды айналдырып кие қоюмен жан сақтайды, дұшпанын жеңеді, ойын іске асырады. Осы мінез құбылысын Ақбан бойынан да көруге болады. Алдында ғана төсін соғып, байлығын, алтынын, мансабын айтып, қыр қызын оп-оңай қармаққа түсірмек ниеті іске аспай қалды. Үш-ақ ауыз сұрақпен есті қыз есіріп бара жатқан төрені кілт тоқтатты. Судьяның ендігі сөзінде қорлау, астам сөйлеу, дүрсіну жоқ, жазылып жастық, иіліп төсек болу ыңғайына кеткен. Бұл да бір сәттік өзгеріс. Қақпанға қаптырғанша жасаған айла-шарғысы. Көзге мөлтеңдеп, өтірік мақтап, тілегін өткізудің тәсілі.

Комедиялық актер үшін сол өріс беретін Ақбан сөздерінде драматург әсірелеу, ұлғайту, гипербола мүмкіндіктерін жақсы пайдаланған.

Публицистикалық элемент мұғалім Қасен сөздерінің көркемдік кестесіне еніп кеткен. Ақбанды тоқтатушы, оның пердесін ашушы осы мұғалім. Асылында, «Көзілдірік» комедиясындағы драмалық тартыс екінші перденің соңында бітеді. Мұны Т. Нұртазин дәл көріп, тауып айтқан. Композициялық жағынан да үшінші пердеде селкеулік мол. Тұтас драматизм, үлкен жүлге үзіліп қалып, үйірім-үйірім, басы қосылмаған сценалар берілген. Бақыттың болыс болуы, оның сөздеріндегі ірілік көркемдік шешім таппай, таза үгіттік ыңғайға ауысып кеткен. Рас, Байсалбайдың аруақ шақырып, аталастық-рулық жолмен Бақыттың аузын алмақ қылықтары, Ақбанның мұғалімдік қызмет-сұрауы – күлкілі ситуациялар.

Жазушының шығармашылық эволюциясы белгілі мотивтердің, идеялардың шығармадан-шығармаға ұлғайып, тереңдеп, ұласуынан да көрінбек, Майлиннің шағын комедияларындағы ойлар, көркемдік тәсілдер жаңаша саналық сипатпен «Талтаңбайдың тәртібінде» қайтадан ашылады. Бұл туынды драматургтың комедия салалсында шыққан ең үлкен биігі.

Жаңа туып келе жатқан қоғамдық қарым-қатынас жолындағы кедергі-кесапат, қайшылық-тосқауылды тез танып, дереу күлкі еткен суреткердің азаматтық, шығармашылық белсенділігі сүйсінтеді. Колхоздастыру секілді экономикалық, саяси, психологиялық күрделі мәне бар істің Қазақстан жағдайында көптеген қиындықтармен жүргізілгенін көздерімен көрген жазушылардың бәрі бірдей ащы шындықты қаймықпай жаза алған жоқ. Бұл орайда Сәке Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы мен Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» комедиясының әдебиет тарихындағы орны ерекше беп білеміз.

Сәкен поэмасында қиыншылық жағдайлар, трагедиялық күйлер ашық, айқын күйде, публицистикалық ретте айтылса, Бейімбет пьесасындаңғы қайғылы халдерге алып барған ситуациялар, ауыр жағдайларды тудыратын адамдар бейнесі жасалады.

Жалған белсенділік, көзбояушылық секілді құбылыстарды «Жасырын жиналыс», «Көзілдірік» пьесаларында бейнелеген драматург өзіне белгілі тақырыптың жаңа қырларын ашады.

Назар салып қарағанда «Талтаңбайдың тәртібіндегі» оқиға ағымының берілісі композиция тұрғысынан «Көзілдірікке» ұқсас. Екеуінде де алғашқы сценалар болыс кеңсесінде өтеді. Басқаларға деген қоңыр қабақ. Үркіте-шошыта жеткен уәкіл. Оның мінезі, ел арасына, жұрт ішіне баруы. Шын сырдың ашылып, әділеттің жеңуі. Бұл сырт ұқсастық фабуладағы ұқсастық.

Алып отырған мәселенің әлеуметтік мәнін, саяси астарын терең ұғынған драматург бірінші қатарға ұранды сөздерді, науқан талаптарын шығармай, адам бейнелерінің көрінуіне, етене ситуациялардың ашылуына күш салған. Ортаға лайық іс-әрекет, қимыл әрбір персонаждың өз бойына шақ мінез құбылыстары арқылы танылады. Зерттеушілер (Т. Нұртазин, Ә. Тәжібаев, Р. Рүстембекова) бұл комедияның Гогольдің әйгілі «Ревизормен» дәстүрлес екендігіне назар аударған. Бұл ұқсастықты кейіпкерлерге ат беруден де аңғаруға болады.

Бейімбеттің айтылмыш пьесасындағы негізгі қаһармандардың есімі мінезінен, әлеуметтік ортасынан хабар беріп, оларға деген автор көзқарасын білдіреді. Шапшаңбай, Сүндет, Парыз, Жанбол, Ақсүйрік, Жақсылық… Талтаңбаев. Көп бүліктің мұрындығы болатын кейіпкерлердің аты да айтылмайды, фамилиясы жетіп жатыр -–Талтаңбаев. Түскен жерін ойып жіберер тас секілді.

Пьеса күлкілі сценадан басталған. Есепші Сүндеттің болыс Шапшаңбайдың әйелі Күнжанмен арасындағы қалжыңында оспадарлық, бейпілдік бар. Әйелдің өзі үйріліп тұр: «Бетім-ай, огсы елдің жігіті қызық, тал түсте… Басқа елдің жігіті бүйтпейді. Қарабас елінде тұрдық қой, сонда бір шотабот болды». Үш сөйлем. Көп сырдың ұшы шығып қалды. Нәпсі қызығынан бойын тартып ұстар жан емес екен, бұрын көрген, талай жортқан қиясы болды. Әлдекімдерді еске түсіреді.

Бейімбет комедияларында драмалық әрекетті өрбітудің бір тәсілі сахнаға жаңа кейіпкерлерді шығару. Бұдан кейін тартыста өзгеріс пайда бола бастайды. Сүндет пен Күнжанның дөрекі әзілдерінің аяғын ала келген Жанбол колхозшының мақамында, мінезінде кесектік, ірілік бар. Біреуге мал беріп жатқандай, не өзі басқадан мал алып жатқандай, ылғи біріншіден, екіншіден, үшіншіден деп шегелеп, тайға таңба басқандай етіп сөйлейді. Көпе-көрнеу әділетсіздікке, бұра тартып кетер жолсыздыққа кешегі партизан ыза болып қана қоймайды, қарсы шығады.

Драматург колхоздастыру кезіндегі экономикалық қиыншылықтардың, саяси шатасулардың, психологиялық шытырмандардың бір-ақ көрінісін –жаны таза адамдар мен өтірік белсенді, жалған күрескерлер арасындағы тартысты бейнелеген. Бір жақта - әлеуметтік шайқастар майданында шынығып жетпеген, кешегі жартылай көшпелі рулық-феодалдық сананың шырмауынан әлі құтыла алмаған адамдар, екінші жақта – перде жамылған үстем тап өкілдері. Қарама-қарсы сенімдер ашық айқасқа шықса, мінездердің ашылуы оңай. Ішкі сырлар сыртқа жарияланбаған кезде ау-жайды түю қиын.

Болыс Шапшаңбайдың сөзі: «Неге шықпайсың қуып? Тұра қал: тыңдаттың ба жоспарын? Тыңдат. Түскі тауық шақырды ма? Жаз: декабрьдің жиырма төрті күні, бесін кезінде, Жанбол Жауқашарұлына тыңдатылды, үдетпелі жоспардың он бес пұты де. (Күнжан есіктен қарап тұрады). Сүндет Сүгірәлыұлына жарысқа міндеттелген он бес пұтын есептедің бе? Көрейін сосын».

Ешқандай қоспа жоқ. Осылай сөйлейтін заман болған. Қара қазақ анық түсініп те жарытпайтын сөздермен қол-аяқты матап тастайтын машық, әдіс, амал туған. Сүндет пен Жанболдың диалогы:


  • Бармағыңды бас мынаған!

  • Е, ненің ақысы?

  • Менімен жарысасың.

  • Ал, сенімен жарыспадым, онда қайтесің?

  • Контыр боласың онда.

  • Мен контыр боламын ба? Мен, мен…

Табиғи, дәл өмірдің өзінен алынған жайттар. Драматург реалистік бояулармен мезгіл тынысын жықсы сездіреді. Тартыстың бір басындағы белсенділер, екінші басындағы колхозшылардың сөздері лексикалық, синтаксистік жағынан да өзара қарама-қарсы.

Бүлікшілдің біреуі, нағыз баукеспе Парыз салмақ салуды, тізе батыруды, үркіту, шошытуды, қалың көпшілікке түсініксіз оралымдарды қолдануды жақсы меңгерген. Ақсүйрік пен Парыз диалогы:



- Тоқта, Сонсын айтқаным: «Жарыспасаң большевик емессің», - дедім. Дедім бе? Кончин! Волокитіңді білмеймін. «Менің имением темпуді күшейту, мен темпудің адамымын»,-дедім. Дедім бе? Қош…Ал жолдас Шөмішбаев большевик бола алмады. Постой, қалақайтыңды білмеймін, большевик емес екен. «Астығымыз жоқ»,-деді, осылай дедің ғой, ә?

Әйтеуір, бір жерден ұғып қалған, берік ұстап алған колхозшылар ұға бермейтін жеке сөздерді Парыз қару етіп пайдаланады. Үнемі осы. Төндіріп, пәлені таятып, сот үстінде отырғандай мойынға қойып, мақұлдатып сөйлейді. Екі табақ астық үшін шырылдатқандығы мақсаты - әдейі арандату. Көлеңкесінен қорқатын Бәкен бұға бермек, ал әйелі Ақсүйріктің еті тірі, заман толқыны күреске бейімдеген адам. Оңай жеңіліп, тез сынатын емес. Кейіпкерлер ішіндегі мінез даралығы, характерлік ерекшелігі, пьесадағы тартысқа бастан-аяқ белесене қатысуы жөнінен ең шоқтықты қаһарман – осы Ақсүйрік. Ысқырығымен жер жарып келген Талтаңбаевтың өзгелер түгел ығып, қаймығып, именіп сала берсе, Ақсүйрік дәлелді сөзін айтудан тайсалмайды.

Сахнаға Талтаңбаев шыққаннан кейін тартыс арнасы кеңи түседі. Сүндет, Шапшаңбай, Парыздардың колхозшыларды бұрынғы тұқыртқандары, олардың айқай-ұйқайы жолда қалады. Драматург Талтаңбаев сөздерін беруде «Көзілдірік» пьесасындағы тәжірибесін дамыта түскен.

Жұртқа әсер ету үшін, қайтсе де білікті, әмір иесі көріну үшін қашан да жаны жалған адамдардың қызыл-жасыл бояуларға, әсіресе құралдарға үйір болатыны аян. Өзінде жоқпен көзге ұрып, артық, ірі, биік көрінбек. Мұндайлар өмірдің барша саласында, барлық замандарда аз кездеспейді. Оңай жерден ұпай алу, елдің көзін бақырайтып қойып, оғының дәл тиетінін біле тұра қабақ ату – ежелге тәсіл Талтаңбаев:

- Да… да… мен айтамын саған. Комсомол ұясының хатшысы болсаң, міндетіңді дұрыс ұғып, понятно? Үдетпелі жоспарды орындауға өкіл керек пе? Керек. Сол өкіліңіз – мына пақырыңыз. Пожалуйста, мандатты көрсетуге де болды. Ым-м-м.

Ызғар, сұс бар. Сұрақ-жауап. Өзі қойған сұраққа өзі қайтарған жауап. Жеке сөздерге әдейі салмақ, сес бере сөйлейді. Бірден, салған жерден комсомол басшысы Қамзаны ықтырып, үркітіп, бағындырып алмақ. Тағы не дер екен?

- Мәселенки, былай деген… «Ко всем партийным и комсомольским организациям оказывать тов. Талтаңбаеву (бармағымен нұсқап) Тал-таң-баеву всемерное содействие» понятно? Талтаңбаев мына пақырыңыз болады, таныс болыңыз. (Қолын ұсынады). «Всемерное содействиеге» түсінесіз бе? Ол былай: Ымми-яғни, «дүние жүзіндегі болуы мүмкін болған мүмкіншіліктің бәрін Талтаңбаев жолдасқа болдырып, бәрін соған үйіп, сүйтіп бәрін болдырып шығуға» деген, понятно? Есінде болсын, бұл ең ақырғы, күшті яғни әмменің участиесі керек болған ең решительный бой. Бұл саған сын. Орындап шықсаң деймін: «Молодец!» Орындамасаң деймін: «Даешь билетті» (240-бет).

Күлкі тудыру тәсілдерінің бірі – кейіпкердің жеке сөзді, яки тіркесті мағынасыз, мақсатсыз түрде орынсыз қайталауы. Майлин комедияларында көркемдік құрал жиі пайдаланылады. Жағымсыз қаһармандар ойларының жүйесіздігі, пікірлерінің саяздығын, білімдерінің үстірттігін көрсету үшін драматург олардың диалогтарына, монологтарына қажетсіз қайталауларды әдейі қосқан. Шіреніп өзге жұртты ұйпап жіберердей дауылмен келген өкілдің сөзіндегі батыраңқылық, ой бытыраңқылығының белгісі. «Болдың» 10 рет, «Талтаңбаевтың» 4 рет, «Понятно» 3 рет айтылуы да күлкіге себепкер. Күлкі тудыратын ең негізгі нәрсе Талтаңбаевтың мінезі. Оның шын сипаты мен колхозшыларға дүрсініп көрінбек мақсатының арасындағы алшақтықтан шыққан ащы күлкі. Әдейі біле тұра, орысша сөздің мағынасын бұрмалап, өңін айналдырып, өз ұпайына қарай дабырайта өсіріп, аспандатып, асқақтатып алып кетеді.

Талтаңбаев бейнесін жасауда драматург ден қойған негізгі әдіс гротеск, ұлғайту деп қана түйсек, ағат кетер едік. Бұл образдың басты ерекшелігі реалистігінде. Қазақ әдебиетіндегі халық өмірінен қол үзіп, қара бастың қамын көбірек күйттеп кеткен жандардың, сатылған интелегенттердің, «оқыған» азаматтардың кейіпкерлерімен Мұхтар Әуезов алғашқы шығармаларында кездесеміз. Талтаңбаев сол адамдардың коллективтендіру дәуірінде өзгеріске түскен, тіршілік ағымына бейімделген типі деп қарауға болады. Дәстүрдің жалғасуын, суреткерлік концепциядағы ұқсастықты аңғарамыз. Әуезовтің 1923 жылы жарияланған «Үйлену» әңгімесіндегі Оспанға көңіл аударайық:

«Төреге» жусап жатқан қой да, оқыралап жүрген сиыр да тамаша көрінді. Желіде жатқан құлынды көргенде ақ жүректігі ұстап: «Ыстықтап жатыр-ау, байғұстар! Әй, қазақ деген қандай жестокий!»-деп, бірталай ой ойлаған кісі секілденіп бір тұрды.

Біраздан соң құрт қайнатып жатқан кемпірге келіп: «Бұдан не жасап шығарасыз, кемпір, ә?»- деп күлімсіреп. «Өндіріс осы ғой», - деді. (М. Әуезов, «Қараш-Қараш». А., 1960, 185-бет).

Кейін Талтаңбаев қолында үлкен шоқпарға айналатын қаруды Оспан пайдаланып отыр. Аяғы аспаннан салбырап түскендей, басқа жақтан келгендей боп, өтірік құбылудағы, көпшілікке түсініксіз саөздерді айтудағы мақсат біреу – артықшылығын, білгіштігін, мықтылығын сездіру. Алғаш Әуезов аңғарып әдебиетте жиырмасыншы жылдарда бейнелеген құбылыстың асқынған, сорақы көрінісін отызыншы жылдары Майлиннің сатиралық комедияға арқау етуі дәстүрдің байып, жаңғыруының, өнердің даму жолындағы сапалық өзгерістерінің куәсы.

Көктен сұрағандары өз аяғымен келіп, Талтаңбаевтың арқасында бел алып, күшейіп кеткен Парыз, Сүндеттердің сойқандығына қарсы колхозшылар қимылын көпшілік сценасынан жақсы аңғарамыз. Егін салу науқанының фонында берілген әр түрлі психологиялық көңіл күйлері, сезім иірімдері бар. Жағымды кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып тұрғандай. Бұлардың ішінен дараланған Ақсүйрік пен Бәкен.

Табиғатынан күлкілі жайттерді, қызықты құбылыстарды, әзіл-қалжыңды тез аңғарып, әсерлі бейнелеуге ыңғайлы талант иесінің творчествосында жиі кездесетін комедиялық сарын – ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы ақыл, қабілет, мінез алшақтығы. Мұсылман догматтары зардабынан ұлғая түскен қайшылықтың біреуін көрсетудегі Майлин ерекшелігі, оның шығармаларындағы әйелдер күйеулерінен көш ілгері жүреді. Бұйрық беріп, билеп-төстеп қалған еркектердің санасына өзгерістер оп-оңай еніп кете қойған жоқ. Осы орайдағы құбылыстарды, сан алуан юморлық нәрселерді жиі кездестіреміз. Сонда ауызға алар кейіпкерлердің алдыңғы қатарында Ақсүйрік пен Бәкен бар. Кімге қалай сөйлеудің, жөн-жосықтың ретін білетін Ақсүйрік. Ол сарабдал, салиқалы мінез қалыбын танытады. Жастарға шырағым десе, есе жіберіп, оп-оңай илеуге көніп кеткен еркектерге келгенде қатал.

Кейіпкерлерді жан-жақты ашуды мақсат еткен драматург белсенділердің шын сырын астық ұрлау сценасында көрсеткен. Бұл эпизодта Парыз екі жүзді, алаяқтықпен оп-оңай құбылып, тез өзгеріп шыға келеді, өзі істеген қылмыстан өзі дереу танып жүре береді. Жанболдың сеніміне беріктігіне разы болсаң, Бәкеннің су жүрек қорқақтығына күлесің, бұл жерде де Ақсүйріктің еңсесі күйеуінен биік. Жиналыс сценасында Талтаңбаев белгілі тәсілмен қимылдайды: «Товарищи! Мен түн ішінде келдім. Неге? Тәртіп бере келдім, понятно? Темпі жоқ соқада. Саботаждық, лодырлық күшейді. Правильно біздің ударнигімізді, преданный активімізді қаралап, массаның кезінде аптариқасын түсіріп… Понятно?

Осындай сөздермен дүниені орнына келтіргендей күмпиіп кеткен Талтаңбаевпен үшінші актіде тағы болыс үйінде кездесеміз. Көкейін бәтеңке тескен Күнжан мен парықсыз Сүндеттің алғашқы сценадағы дөкір қалжыңы қайталанады. Баласын көтеріп, «бәу-баулап» жүрген Шапшаңбайдың халіне кісі күлерлік. Өзшаңырағының астында өз әйеліне өзі ие бола алмаған сорлы. Талтаңбаевтың күйкі сезімі оның татымсыз әйелі Күнжанмен арасындағы диалогынан да аңғарылып тұр:

- Жеңгей! Великий океан толқындап, көбігі аспанға атып, жиегіне лықсып шапшып жатады… Понятно?… Менің жүрегімде сол сіз бір оңынан соққан жібек жел болдыңыз да оңаша қалған сайын, ой теңізін толқындатып, лықсытып, алқымға әкеп тығып, булықтырып… Понятно?


  • Тым қатты айтыңыз-ау.

  • Ымм… Тым қатты дейсіз бе?

  • Бетім-ай, ылғи ұят сөз.

«Көзілдірік» комедиясындағы Ақбан судьяның қызға айтқан сөзінің екінші нұсқасы секілді. Сүйіспеншіліктің иірім ағымына түсіп көрмеген қарабайыр адамның суық жүрегінен ғана осындай жалынсыз, мұздай сөздер шықпақ. Өзінше шабыттанып, тебіреніп айтып тастағандағысы – елді үркітіп жүрген баяндамаларының үзіндісі іспетті, «понятно» деп қояды.

Күйеуінің көзіне шөп салу дағдысына айналып кеткен тіс қақты әйел бекер мәймөңкелеп, алыстан орағытқаннан гөрі тоқ етерді айтқанды артық көреді.

Күлкілі жағдай кейде қарама-қарсы контраст сценалардың қатар келуінен туып кетеді. Жаңа ғана мыөты, ірі болып тұрған адамның тез әлсіреуі, оп-оңай жеңілуі, ашудан-қуанышқа көшу - тақылеттес кілт өзгерістер оқыс әсер етуі заңды. Қырдым-жойдым, дұшпандардың керегесін қиратып, шаңырағын ортасына түсірдім деп жеткен Парызды арқасынан қағып, әйелімен ымы-жымын көрмегенсіп, не істесе де бас шұлғып отырған Шапшаңбайды жарылқаймын, ауданда бірінші орынға шығарам деген Талтаңбаевтың өзінің аяқастынан басына бұлт үйіріледі.

«Талтаңбайдың тәртібі» комедиясы финалының босаңдығы жайлы зерттеушілер пікірінің жаны бар. Гоголь дәстүрінде жазылған бұл пьесаның ақырында «Ревизордың» соңындағы секілді ұтымды сценаны талап ету дұрыс нәрсе. Майлин комедияларының көбінде жаманшылық жеңіліп, жақсылық туып, әділет орнауы ортақ шешім. Бұған заман, мезгіл талаптарына орай, әдебиеттің үгіттік-насихаттық, идеологиялық пәрменді ықпалын ерекше ескеру әсер еткен деп білеміз.

Комедиограф құралы сан алуан: мінезден туған күлкі, жағдайлар тоғысуынан шыққан күлкі, әлеуметтік күштердің шарпысуынан тұтанған күлкі, тарих аренасынан кетіп бара жатқандардың тұяқ серпер әрекеті әкелген күлкі. Шығармалардың атына күлесің, характерлерге күлесің. Жайма-шуақ күлкі, ащы күлкі, кекті күлкі.

Бейімбеттің бағзы пьесаларындағы композициялық селкеулік, образдардың кейде осал соғуы, драматизмнің әлсіреп кеткен шақтары, плакаттық, иллюстрациялық сарындар байыппен тексеріп, талдай қарағанда, көзге анық түсетін кемшіліктер. Сонда олар әдебиет тарихының ғана еншісінде қалған дүниелер ме?

Жоқ. Бейімбет комедияларында қазақ аулының суреті, өтпелі дәуірдегі, қат-қабат кезеңдегі адам психологиясының неше түрлі қырлары, өнер қуатымен жаратылған өлмейтін бейнелер бар.

Күлкі бар.

Талант қуатына байланысты, қаламгер басынан кешкен өмір соқпағының пәрменді ықпалына орай іштей толығу, пісіп жетілу рухани эвалюциялық заңдылығына сәйкес, әр жазушының шығармашылық тағдыры әр түрлі қалыптасады. Біреулер өз даусын, өз үнін ұзақ уақыт табу азабымен көп шиырға түсіп, талай кемерге құрық сілтейді, босқа шашылып рәсуаланады, ақыры үлкен арнаға жете алмай-ақ өтеді. Алғашқы ұмтылыста ең негізгі туындысын беріп тастап, кейін сол қазықтың төңірегінде шырмалатындар да аз емес. Ізденіс сапарында марқайып, шығармадан шығармаға өсіп, қара қанаттанып, самғап ұшып кету және бар.

Жұмат Шаниннің драматургтік жолына көз тасатағанда, оның қаламгерлік өрлеуі бірте-бірте болғанын байқаймыз. Алғашқы қадамы шағын пьесалар жазумен бастауы қиын сапардың тырнақалды барлауы секілді. Өзі көрген өмір, қыр тіршілігінің сан алуан сипаты, сахара перзенттерінің қилы-қилы мінезі келістіріліп, қиыстырып жазған адамға таусылмайтын көркем материал еді.

Ел арасындағы ойын-сауықтың көркі, әзіл-қалжың перісі, өткір сөздің ұстасы - өнерпаздармен Жұмат дос болған, әсіресе, Қоянды жәрмеңкесіндегі қулардың дүйім жұрттың, жалпақ өңірдің аузында аңыз болып кеткен небір қызықтарын көзімен көріп, құлағымен естіген, сол әңгімелерді тірілтіп, жандандырып айтып та жүрген.

«Торсықбай» пьесасы алғаш 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында жарияланып, кейін 1928 жылы Қызылорда жеке кітап болып басылған. 1925 жылдың 6 сәуір күні қазақ жастарының күшімен Москвада қойылған («Еңбекші қазақ», 1925, 7 мамыр, № 325) пьесаның оқиғасы өмірде болған жайттан алынғандығы бірден көрініп тұр. Драматург ықшамдықты ескеріп, кейіпкерлер санын көбейтпеген. Әрекетке қатысушы негізінен 4 адам: Торсықбай (30 жаста), Қайыр (33 жаста), Қайырбол (50 жаста), Ыбырай (45 жаста), аты-жөні көрсетілмеген үш-төрт жігіт, үш-төрт әйел бар.

Ремарка қысқа: «Таулы дала, жаңадан қойған қабыр, маңайында екі-үш қабырдың көрінісі». Торсықбайдың басындағы жекей тымағы, жылпың жүзділігі, жүдеу өңі. Тілді Торсықбай мен кедей жігіт Қайрдың арасындағы ілік-қағыстың куәсі боламыз. Тиісе жөнелген Торсықбай. «Неме», «сорлы-ау», «ақымақ» деген сөздермен тұқырта, бастырмалата түседі. Торсықбайдың бірезулігі, кеуде-соқтығы, қуақылығы салған жерден аңғарылады.

Қайыр да мойнына су кеткен әлжуаз емес, әзілге әзіл мен жауап береді, салмақты, пәтуалы мінез танытады. Кішкенеден соң екеуінің сөз әлпеті басқа кемерге жуаннан көрген қорлықтарын айтуға, бір-біріне мұңдарын шағуға қарай ойысады.

Торсықбай басқаға баға бергенде көп созбайды, езбейді, қысқа қайырады, оның кесігіне Ыбырай молда арамза, Қырықбол бай маңқа, екеуі де жалмауыз. Жырым жалаған сұғанақ Ыбырай құдасына сойған қара марқаның терісін өзі жоқта әйелін алдап қалай алып кеткенін Торсықбай Қайрға ызалана айтып береді. Белділерден жеген таяғын санап бітер ме? Шаш ал десе, бас алатын Ахмет ауылнай анау – жалғыз сиырды жетектеп ол кеткен. Торсықбай ашынбай кім ашынады енді?!

Қайырдың да төрт құбыласы түгелденіп тұрғаны шамалы, оынң да жоқшылықты айтқанда етегі жасқа толады. Жалғыз бұзаудан айрылып жерге қарап қалған үйелменді жан.

Жетімдік жүдетсе де, жылайтын Торсықбай көрінбейді, «қалтамда патшаның мөрі болса, бетіме басылсын»,-деп қарызға үш мың сом ақша берген, қара саба шүпілдеп тұрған қымыздан бір жұтым татырмаған Қайрболға деген ашу-ызасы қайнап, тілінен у боп төгіледі. Ыбырай молда екеуінің тамағынан қырық күнге дейін ас жүргізбеспін деп жұдырық түйеді. Бұл құр кіжіну емес, жуандар Торсықбайға тізе батырса, Торсықбай оларды қалың елдің алдында талай рет масқара мазақ еткен.

Сырт көзге құдай жолын ұстап, құран сөзімен жүретін мүләйім болып көрінген Ыбырай молда қолтарыс, қараңғыда нәпсінің құлы. Бұл жолда Торсықбай оны сан мерт қылған. Келіншек уәдесі осы деп жабықтан түсіріп, күбідегі іркітке құлатып абыройын айрандай төгеді. Үй іші молданы шөміп, шымшуыр астына алып, ит сілікпесін шығарған.

Ол-ол ма, Қарықбол бай Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатқанда, тірі әкесін енді өлді деп Толрсықбай жаназаға ел жиғызған. Осының бәрі Қайыр екеуінің қысқа диалогында мәлім болып қалады.

Бір сойқанды Торсықбай бастамақ тағы да. Мынау жүріс – сол жүріс. Қайыр түсінбей тұр. Бірақ ет жеп, қымыз ішуге қарсы емес. Көрқап болам дейді Торсықбай. Бұл шіркін не істемек деп сіз де ынтығасыз! Осы кезде қабыр басына Ыбырай молда, Қарықбол, тағы басқа адамдар келе жатады. Дауыс естіледі:

Қожажан кетті бел асып,

Беліне белбеу жарасып.

Кеше де жүрген Қожажан

Қайда кеттің адасып?

Дария ішінде желқайық,

Сөз сөйлейік лайық.

Кеше де жүрген боздағым,

Көзімнен болды бір ғайып.


Дәстүрлі арнадағы жоқтау өлең Ыбырай шариғатта өлікке көп жылау дұрыс емес, көздің жасы қабырға толып, мәйіт суға батады деп басу айтады. Аят оқылып бітер кезде Торсықбай сұмдығын бастайды.

Иесіз дала, құлазыған бейіт, жас қабір. Жын, шайтан, дию, көрқап, албастылардың барлығына сенімі кәміл надандар үшін бұдан асқан қоқыныш болар ма? Түсінікті психология. Басқалар тым-тырақай қалшылдап-селкілдеп орнында отырып қалады.

Бұл ситуациядағы диалогтар нанымды берілген. Көрқап болып тұрған Торсықбай батыл, қамшымен басқа соққандай көсіп-көсіп тастайды. Ыбырай да жарық табылса, түсіп кететіндей халге жеткен. Жауап беруге аузы илікпейді. Бір сөзді қайталай береді. «Мен… Мен… Ал-л-ла, құтқар мені!…Қо.. қо.. қоям». Табансыз, қорқақ, пұшаймен қалпын көрсетеді. Сәлдесі Торсықбайға шұлғау болады. Алдында өз бастарын қарманып, зытып отырған Қарықболдар келіп, үрейден жүрек қабы жарылардай халге жеткен Ыбырай молданың шыбыны орнына түсіреді. Бата оқырға әкелген ет те жоқ, қымыз да жоқ.

Торсықбай өздерін масқара етті. Пьесаның ұзын-ырға сюжет арнасы осымен тынады. Айқын, толық қанды характерлер болғанмен, Торсықбай, Қайыр, Ыбырай, Қарықболдардың мінезі көрінеді. Драматург алған ситуация жасанды емес, болуы мүмкін, кісі сенерлік оқиға. Шығарманың сахна шарттарына лайықтай жазылғаны анық көрініп тұр. Автор: «Күлі, жұлып алғандай, жарыса, арқаға қағып, асығып, жан-жағына қарап, түсі бұзылып, ақырын есі кетіп, қысылып, сасқалақтап», - деген секілді шағын-шағын психологиялық ремаркалар береді.

«Торсықбайды» мемлекеттік драма театрының сахнасында Жұмат Шанин 1926 жылы өзі қойған. Ескілікті қазақ өміріндегі арамтамақ топтың өкілі молдалардың азғындығы, зинақорлығы типтік құбылыс еді. Ол қазақ әдебиетіндегі көптеген шығармаларда көрініс тапты. Драматургияның шағын түрін алсақ, Жұматтың «Торсықбайды» Бейімбеттің «Шаншар молдасымен» тақырыптас болу үстіне, идея жағынан сарындас, екеуінде кермек күлкі, ащы сықақ бар. Қалыбек Қуанышбаев Жұматтың «Торсықбайын» пайдаланған, өз нұсқасын жасаған.

Халық өміріндегі жоталы тартыстар, белді оқиғалар өнер туындыларында сан алуан жолмен бейнеленеді. Бір төңіректе көптеген жазушылардың қалам тартуы - әдебиет өрісін тарылтпайды, қайта мәселені жан-жақты, әр қырынан, әр жанрда көтеру бағалы олжа болмақ. Жұматтың «Айдарбек» пьесасының да материалы ХХ ғасыр басында қазақ суреткерлері ең көп қозғаған әңгіме - әйел теңдігі мәселесі. Бірақ драматург тақырыпқа бұрынғы таптаурынмен келмеген.

Біз пьесадағы негізгі тартысты тудыратын кейіпкер – Дәметкеннің бұрынғы тағдырын, оған қалай құда түскенін, қалыңмал жөнін білмейміз, бұлар туралы еш нәрсе айтылмайды. Бірақ перде ашылысымен шиеленіс үстінен шығамыз.

Туыстарының, қыздың өзінің келісімінсіз құдалар, күйеу жігіт Асылбек тізеге басып, Дәметкенді алып қашып кетпек. Зорлықтың болатынын күні бұрын естіп-біліп, қорқып, үрейленіп отырған күздің жүдеу шағындағы қоңырқабақ үйге мейман келген. Оның бірі иісі Айдаболға қылығы мәлім Айдарбек қу, екіншісі жауырыны жерге тимеген палуан Жақып.

Шаңырақ иелерінің көңіліндегі тоңды екі жігіт жібіте бастайды. Қазақстың халықтық мінезінің ерекшелігін көрсеткенде қонақжайлығынан кейін әзілқойлығы, тілмарлығы айтылса керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген мақалда дарқан кендік жатыр. Жеңге мен қайын, жезде мен балдыз, жиен мен нағашы, құрдас пен құрдас арасындағы кісіні бауыздамай өлтіретін ащы қалжың еліміздің тамыры суалмайтын қасиетті дәстүрінің бірі. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «өнер алды – қызыл тіл» деп сөз қадірін аса жоғары бағалаған жұрт жығылған жерін мойындап: «Уа, тіліңе шоқ түссін!»- деп жантая кетеді. Ойыннан от шығып, әзілдің арты өртке айналар кез де аз емес.

Осы ежелгі салтты драматург пьесаға ендірген. Бірін-бірі бұрын білмейтін бейтаныс жандар салған жерден сөз қағыстырады. Сахара жастары арасында жиі ұшырайтын дөрекілеу қалжың. Қонақпыз-ау, сырттан келген адамбыз-ау деп Айдарбек пен Жақыпқа биязы сөйлеу жоқ, оң жақта отырған қыз болып Дәметкен бой тартпайды. Қалжыңнан қалжың туып, әп-сәтте оп-оңай жақындасып кетеді.

Бұл сценада қыр жігіті мен қыр қызына тән еркіндік, аңғал-саңғалдық байқалады, анайылау шекісу, сөз тыйылып, Дәметкен мен оның деңгесі Жамал жігіттерге ән сал деп қолқалайды. Әрине, кейіпкерлердің мінезін даралайтын, тартысты шиеленістіретін диалогтар беру орнына ән текстерін пайдалану оңай жол екені рас. Бірақ екінші жағынан осындай аз қуаныш үй ішіндегі жандардың басындағы қайғыны ойлатпай қоймайды. Өлеңде көпке аян дәстүрлі тіркестермен қоса:
Бір күн көшіп дүние жөнеледі,

Қимылдаған пенденің бәрі өледі.

Тұлпар мініп, ту ұстап қайран ерлер

Қаза жетсе қалмай ма қазған орда,-

деген сияқты мұңды жолдар да бар.

Осындай жарасымды әзіл, думанды ән енді қыза берген кезде сартта-сұрт есік қағылады. Құдалар!

Айқай-сүрен: «Аш! Сындыр есікті… Теп! Уат! Қират!»

Дәметкеннің шешесі Бақтыбала не істерін білмей шырылдап жатыр. Бас көтерер еркегі жоқ әйелдердің есі кеткен. Әлсіз үміт екі қонақта ғана. Қапыда Айдарбек жол табады. Апақ-сапақты пайдаланып қыз орнына шешесін киіндіре қояды. Екпіндерімен тау құлатардай болып келген өңкей дойыр жігіт алаңғасарлықпен кемпірді алып қашады. «Құрамай қаптырдым ба, бәлем», деп Айдарбек қала береді.

Шағын ғана екі көріністегі әрекет осы. Бұдан кейінгі уақытта уақиға келін күтіп отырған ауылда өтеді. Қазақтың той-томалақ десе шаба жөнелетін әдеті. Кәрі-жас, қыз-қырқын, жігіт-желең, бала-шаға, қатын-қалаш тайлы-таяғы қалмастан қуаныш болатын үйді басады. Әңгіме дейсің бе, өсек дейсің бе, ән дейсің бе, күрес дейсің бе, бәйге дейсің бе, не керек, қыр салтанатының бәрі бір жерге ақтарылады. Сан алуан ойындардың театр спектакліне жақындығы қазақ драматургиясының алғашқы шығармаларының бірталайына өзек болды.

Осы жайт «Айдарбек» комедиясының екінші пердесінен де көрінеді. Келін тосып отырған ауыл әбігері. Аузына ие бола алмай оңды-солды сілтеген сөзсоқтылар. Күні бұрын алып ұшып жоралғыға таласушылар. Көпшілік сценасын жасауда драматург әрбір персонаждың өзін даралап беруге ұмтылған. Ел ішінде айтылатын: «Бір қатын базар, екі қатын жәрмеңке, үш қатын ми сілкітер, төрт қатын үй сілкітер, бес қатынның басы қосылса, қиямет-қайым болып, дүние қозғалып зіл-зала болады»,- деп келетін қыңыр сөздерді драматург кейіпкерлер аузына салып ойнатып жібереді.

Күтпеген қылық, қалыпты жағдайдан оғаш нәрсе қашан да күлкі тудырады. Той болады деп даурығып, желпілдеп, жолға таласып, дуылдасып, бетін ашып жібергенде, келін кемпір болып шыққаны – не масқара! Бұл күлкі емес – соққы, удай соққы. «Бәсе, иттің емшегі өлген қойдың өкпесіндей болпылдап бос жатыр еді-ау», деп бір жігіт аңырады. «Ұрған екен ғой, Айдарбек»,- деп күйеу жігіт Асылбек бармағын шайнайды.

Өмірде мұндай оқиға әп-сәтте кең даланың түкпір-түкпіріне тез тарайды. Осындай масқараға ұшыраған соң қайтадан қыз аулына көріну өліммен тең. Сан соқтырар өкініш, ел бетіне қарай алмайтындай қылық. Сахналық әрекет, табиғи мінез жасау секілді драматургияның үлкен талаптарына «Торсықбай», «Айдарбек» жауап бере алмайтынын дәлелдеудің қажеті жоқ. Ең алдымен, автор пьесаға лайық үлкен арна - өзекті коллизия іздеп қиналмай, өмірде болған деп кесіп айтарлық күлкілі оқиғаны тырнақалды шығармаларына негіз еткен. Халыққа таныс сюжет сорабымен отыру автордың алғашқы қадамының жүгін жеңілдеткен. Осы шағын, бір перделі пьесалардың сахна шарттылықтарын ескеріп, актер ойынына лайықтап жазылғандығы Жұматтың жанрдың ішкі заңдылықтарын білетіндігін көрсетеді.

Қашан да пьеса көркі – характер. Кейіпкер сөздерінің шайыры жойылған жерде, құрғақ декламация, арзан ақылгөйсу орын алып, шығарманың ажары түсіп, сапасы құлдырайды, дәлірек айтқанда, айқын характерлерсіз сахналық туындының өмір сүруі қиын. Тіпті мүмкін емес.

Жұмат Шаниннің 1931 жылы «Әдебиет майданында» жарияланған бір перделі «Қара құлып» пьесасы осы талапқа жауап бере ала ма? «Айдарбекте» авторлық ремаркада бөгде жайттар айтылмайды, тек кейіпкерлердің жасы ғана көрсетілген. Бұрынғы пьесалардың арқауында негізінен оқыс оқиға жатса, «Қара құлып» басқа мақамда құрылған. Қысқа ғана скетчте драматург характер қырын ашыға күш салған сияқты.

Қат-қабат әлеуметтік орта, аласапыран тарихи дәуір қашан да психологиялық орасан өзгерістер тудырады. Қазақстан жағдайындағы феодалдық ескі әдет-ғұрып институтының әр түрлі шырмауық қарым-қатынастары онсыз да қаһарлы тап тартысын асқындыра түсіп, адамдар санасына мол ықпал жасады. Осы күрделі процестің бір сәулесін «Қара құлып» пьесасының кейіпкері Зікір мінезінен аңғаруға болады. Бұрынғы екі пьесадағы персонаждарға қарағанда, Зікірдің сөздері даралана түседі. Көмекей бүлкіліне қарап, көкейдегісін тану қиын емес.

Зікір колхозшыларды көзге ілмей, танауын көтереді. Хатшы болғанға дүниенің тұтқасын ұстағандай. Колхоз хатшысы болғанға нығыздана, сыздана сөйлейді. Мүмкіндік берсе, жағдай жасалса, реті келсе, қабарып, ісініп кетейін деп тұрған дөңгелек бюрократ. Елуді еңсерген колхозшы Ақым келеді, айдап шығады оны. Кекірт сөз, еріне берілген жауап: «Ғафу өтінемін», дейді. Онысы кешірім сұрай емес, кекеткендей бір қылық. Үлкен бастықтардан үйренген әдеті де болуы мүмкін, «ғапу етіңіз» - құр көлгірсі. Жұмыспен келген жұртты есіктен кіргізбей, терезеге қуады: «Е, немене, тергейін деп пе едің? Еңбектің тәртібін бұзғаның үшін қазір акт жасап, колхозға қарсы деп, жиналысқа салып өзіңді жоғары ұлыққа берейін бе?» - деп қорқыта, үркіте сөлейді.

Мынау суық үн, ызғарлы үн. Асыра сілтеу, қызыл танау науқандар тұсында небір адал жандар осындай ұр да жық сал сойылдың қолына түсіп, қыршындары қиылып кете барды емес пе? Қарақан бастың пасық ниет тоғышар тілегі үшін ер-азамат өміріне дір етпей балта шапқандар қайдан шықты? Зікірден шықты. «Қара құлыптың» тағы бір ерекшелігі әрідек монологтар кездеседі. Әрине, бұлар психологиялық жағынан терең, құрылысы күрделі, ырғақтары мол монологтар болмағанымен, автордың жанрдың ішкі сырларын, сахна техникасын меңгеруде бұрынғы шағын пьесаларына қарағанда ілгерілеуін көрсететіні хақ.

Бір перделік шығарма көлемінде мінездің көп қырлылығын, құбылмалы сипатын ашып беру – драматург үшін ауыр жүк. Зікірдің колхозшыларға айқайлап, домбыта сөйлеуі, көңілі кеткен қызы Зәуремен жылпындай сөйлеуі оның екі жүзділігін аңғартады. Біз колхоз басшылары Мақат пен Кәрібайды көрмейміз. Олар оқиғаның аяғында бір-ақ шығады. Екеуі де мас, түнімен карта ойнаған. Колхозшылар, орталықтан келген секретарь бұларды түріп қуып тастайды. Пьеса осындай үгіттік-насихаттық идеямен аяқталады.

Қалың елдің санасы оянып, әлеуметтік күреске ұмтылған аума-төкпе заманда өнер қоғамның күнделікті тартысына қоян-қолтық араласады. Маяковский сынды ұлы ақын жарнама өлең де жазды, бір күндік науқан қажетіне бола сурет те салды. Қандай талант болсын уақыт талабын, мезгіл тілегін аяқ асты ете алмайды. Абай айтпақшы, адамды заман билемек. Қазақ әдебиеті тарихының кейбір құбылыстарына баға бергенде, осы шындықты ескеру абзал. Өйткені тап тартысының негізінде туған өте күрделі, ауыр, шытырман психологиялық жағдайларда тірлік кешкен қазақ жазушыларының алғашқы буыны біраз шығармаларының эстетикалық тереңдігін, шеберлік кестесін, көркемдік қуатын ойлаудан гөрі, идеяның публицистикалық өткірлігіне, ашық, айқын айтылуына мән берді. Сондықтан жазылған кезінде, сол дәуірде жұрттың көкейіне қонған, соқталы деп есептелген, әдеби сында жоғары бағаланған қайсыбір туындылар бүгінгі ұрпақтың жүрегін жылыта алмайды. Оның ең негізгі себебі өнер табиғатына тән заңдылықта жатыр: бейнесіз, әсем суретсіз құр айтылған жалаңаш идея көркем шығарманы ұстап тұра алмайды. Көркем шығарма жаны образбен, өрнекті суретпен жасалған, эстетикалық әсер бере алатын өмір кескіні екендігінде шек жоқ.

Жұмат Шанин драмалық шығарманың қалың қауымға тез жететінін, сахнаны көпшілікті тәрбиелеудің пәрменді құралы екенін ұға білді. Қазақ драма театрының бес мүшелеріне арналып жазылған «Жанды сурет» деген шығармасын оқыған кезде бұл ой беки түседі. Айтылмыш туындыда бастан аяқ тартылған сюжет желісі жоқ. Жеке адамдарға тән мінез еректешеліктері айқын байқалмайды. Кейіпкерлер Бірінші зиялы, Екінші зиялы, Бастық, Бай, Молда, Бірінші шаруа, Екінші шаруа, Маман, Инженер, Бірінші жұмыскер, Екінші жұмыскер, Үшінші жұмыскер, Артист деген жалпы аттармен берілген. Автор бұл шығармасын пьеса деп атамаған, сахна көрінісі деп қана қойған. Бірінші пьесасына «сценалар» деп айдар таққан Горький тәжірибесі еске түседі. Декорацияға драматург тарапынан берілген ремарка оның бұрынғы шығармаларындағы ескертпелерінен бөлекше. Нақты, дәлді орта емес, символдық, шартты мәні бар жайлар нұсқалады.

Алғашқы көріністегі Бірінші зиялы, Екінші зиялы, Бастық, Бай, Саудагер, Молда араларындағы диалогтар әрқайсысының дүниеге көзқарасын, таптық бетін ашық береді. Бұл ситуацияда сахналық әрекет көрінбейді, идеялық бағдардан хабар беретін жұмыр құйылған сөздік сипаттамалар бар.

Біреуін тыңдап көрейік: «Мен кешегі алты алашқа атым шыққан, өотан-қотан қой өрбіткен, қос-қос қылып отарға жылқы айдаған текті атаның тұқымымын. Шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың кәрі құтымын. Маңдайым күнге күймеген, табаным жерге тимеген, қазы-қарта, сары қымыздан басқа тамақ ішпеген, аузымнан мәйегім ақтарылған бай едім. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген, алдыма келген істерге қара қылды қақ жарған әділ едім. Ондап, жүздеп малшы жалдап, қараша үйді құл еткен, айбынымнан ел сескенген, кешегі кәрі арыстан едім».

Жалғыз ауыз сөзбен көп шындықтың беті ашылып тұр. Басқалары да осылай ақтарылады. Драматург жаңа экономикалық саясат тұсында қайта тіріле бастаған әр түрлі элементтерді әдейі, шартты түрде алып, олардың саяси ұранын өз ауыздарымен айтқызады.

Екінші көріністе орта шаруалар психологиясын шет пұшпақтап байқағандай боламыз. Келесі көріністе жұмыскерлер ортасы, сондағы тап күресінің кішкентай бір қыры бейнеленеді. Ең соңында жұмысшыларға, шаруаларға, қазақ театрына арналған мадақ өлең бар. Зады «»Жанды сурет пьесадан гөрі бір сауық кешінің сцнарийіне ұқсас,төрт көріністің төртеуінде шарттылық жатыр, радио дауысы пайдаланылған. «Жанды сурет» түгелдей алғанда үлкен бір пьесадағы көпшілік сценасы сияқты әсер қалдырады.

Алғашқы ізденістердің бірі – Сыдық Абылановтын «Күндеспейтін қатын» пьесасын тұрмыстық комедия деп жанрлық тұрғыдан анықтауға болады. Шығарма ұлт театрында 1927 жылы 19 мамаырда қойылған («Еңбекші қазақ», 1927, 22 май).

Қазақтың ескі тұрмысында күндеспейтін, бір-бірімен таласпайтын қатын болған жоқ. Тіпті, «Күндестің күлі - күндес» деген мақалда бар. Сондықтан пьесаның атының өзінде күлкі элементі, парадокс жатыр.

Шығармада алынған ситуация комедияның жанрлық шарттарына жауап беретіндігін айту керек. Автор жаңа моральға жат, бұрынғы ескі ауылда қалыптасқан әйелге деген кертартпа көзқарастарды, әдет-ғұрыпты сынауды мақсат еткендігі көрінеді.

Пьесадағы тартыс басты кейіпкер жиырма бес жастағы Ақай деген жігіттің әйел алу хиқаясына құрылған. Оған салса, ылғи еркектің ықпалында болатын, күйеуінің жүріс-тұрысында шаруасы болмайтын момын, жуас әйел керек. Осы ниет көңілін билеген Ақай мұндай әйел оқығаннан ғана шығады деп Дәмешке үйленеді.Бірақ тату-тәтті күндер ұзаққа созылмайды. Шешесі Сұлудың арманы ұлын байдың қызы Марқаға қоспақ. Байлық, дәулет, береке, достық сондай текті қайын жұрттан ғана шықпақ. Сөйтіп, Сұлу екі жастың арасына ши жүгіртіп, ақыры ажырастырып тынады.

Бірақ шеше арманы тағы орындалған жоқ. Ақан екінші рет үйленді. Бұл жолғы әйелі оқыған, білімді Айша.

Рақат, бақытқа енді кенелдім деген Ақай үміті тағы да кесіліп қалды. Екінші әйел бұрынғыдан да бетер көкбет, ұрысқақ, баққұмар, қызғаншақ болып шықты. Айша үшін өмірдің мәні өзгенің алдына түсу, басқалардан дәулет, бақ арттыру екен. Сонымен әйелді жарым, досым, ой-сезім бөлісер серігім санамай, зат, дүние секілді көрген Ақай тағдырдың күлкісіне ұшырайды. Досқа – таба, дұшпанға – күлкі болды. Пьесадағы авторлық идеал жағымды кейіпкер Дүйсен арқылы көрінеді. Өсекшіл, аяр, әзәзәл қулардың сөзіне еріп күйеуден айрылған Дәмеш, «қызметкер күйеуі» бар деген сөз үшін, байлық-мансап үшін ештеңе аямайтын өлермен Айша, «күндеспейтін қатын» іздеп басы қатқан, тұрмыстан аза бастаған қызметкер Ақай – осылардың баршасына қарсы тұрған, барлығын аямай сынға алтын у тілді Дүйсен бейнесі пьесаның композициялық тұтастығына ықпал етіп тұрған образ.

Комедияның: «Аға, тұрмыс бір сағат тыныш болса, қалғаны ұрыс болады екен. Соның үшін, аға, менің тілімді алсаң, Айша жеңгейді де құрт. Бұрынғыдай тыныш тұрамыз», - деген сөздерімен тамамдалуында мән бар.

Мешандық моральдағы Ақай – сынды жігітті халық өкілі Дүйсен осы сөздермен түйреп отыр. Адал, таза, семья құра алмаған, жүрек, сезім тіліне құлақ аспай, құрғақ ой, суық ақылмен үйленген жігіттің жағдайы осылайша алғашқы қазақ комедияларының бірі – С.Абылановтың «Күндеспейтін қатын» пьесасының арқауы болды. Оқиғаның семья шеңберінде өтуі, негізгі күлкі тудыратын ситуация түсінбеушілік, зілсіз күлкі, тартыстың оқыстан аяқталуы… бұл шығарманы тұрмыстық комедия деп анықтауға мүмкіндік береді.

«айман-Шолпан» жырының өн бойында күлкі жатыр. Осы ерешелікті терең ұққан Мұхтар Әуезов халық жырының материалын комедия жазу үшін сәтімен пайдаланды.

Сәбит Мұқанов «Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық» мақаласында эпостық шығармалардың сюжетін пайдаланған кезде негізгі идеяны, образдарды, кейіпкерлерді өрескел бұрмаламауды шарт- деп көрсетті. («Социалистік Қазақстан», 1930, 27 ақпан.) Осыған жауап ретінде жазылған «Жақсы сынға жан пида» мақаласында Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық тәжірибесін ортаға салды. («Социалистік Қазақстан», 1939, 1 наурыз.) Фольклорлық материалдан комедия жасаудың ерекше қызық мысалын «айман-Шолпан» мысалынан көреміз.

Қазақстың тұңғыш музыкалық театрының шымылдығы Мұхтар Әуезов жазған «Айман-Шолпан» комедиясынан ашылды. Пьесадағы сюжет жыр сюжетінің негізінен ауытқымайды. Драматург тартысты тереңдетіп, образдарды айқындап, идеяны ұштап, жаңа бояулар, соны өрнектер қосқан. Пьесадағы 17 персонаждың жетуі жырда бар, өзгелерін автор қиялық, шығармашылық мақсат тудырған.

Жырдағы тартыс Маман мен Көтібардың сәнді үйге таласуынан басталса, пьесадағы тартыс Әлібек, Маман байлардың Көтібарды адам санатына қоспай, намысына тиюінен өрбиді. Жырда жоқ, драматург қиялынан туған кейіпкер Жарас барлық күлкілі ситуациялардың бел ортасына жүреді.

Бұл бейненің ұлттық фолклордағы тамырларымен қоса классикалық әдебиеттегі Фигаро, Скапон секілді типтермен ұқсастығын көру қиын емес.

«Айман-Шолпан» комедиясында М. Әуезовтың образ, тамаша тип жасаумен бірге, шеберліктің биік деңгейіне жеткендігін, халықтық фольклор мен классикалық дәстүрлі терең ұштастыра білетін жаңашыл қаламгер екендігін танытты. Бұл комедия қолданылатын көпшілік хоры секілді элементтер М. Әуезовтің көне грек драматургиясымен етене таныстығын байқатады.

Халық жырында нобайы ғана көрінген персонаждар комедияда тереңдетіліп, характерлік даралық сипаттарын тапқан. Әсіресе, Айман менг Шолпан образдарының ерекшеленуі драматург шеберлігін көрсетеді. Айман – байыпты, ақылды; Шолпан – ерке, тентек, тапқыр, өткір тілді.

Пьесада жаңа бояулармен толықсқан, жан-жақты ашылған кейіпкерлердің бірі Арыстан ақын-сері тұлғасында бой көрсетеді. Жарас қулықпен, тапқырлықпен ширата түсетін коллизиялардың шешілуі жеткен кезде сахнаға ақылды, ойлы Арыстан шығады. Сондықтан бұл екі образ бірін-бірі толықтырып тұр десе, қате болмайды.

Әлібектің Айманды, Арыстанның Шолпанды алуында кездейсоқтық емес, заңдылық жатыр.

Жыр негізінен он бір буынды қара өлең, 7-8 буынды жыр өлшемінен тұрса, комедияға ақ өлең, қара сөз аралас келеді. Жырдағы жеке тіркестер, троп түрлері пьесада кеңінен пайдаланылған. Жыр мен комедия арасындағы негізгі ұқсастық сюжет, композиция, идея деңгейіндегі, пафостағы ұқсастық.

Мұхтар Әуезов шығармашылық кемел шағына келгенде ертеде жазған көптеген туындыларына қайтадан оралып, жаңа нұсқалар, редакциялар жасады. Осындай мақсатпен 1956 жылы автор «Айман-Шолпанның» екінші редакциясын жасады.

Алдымен өзбек саудагері, ұлық, биші, әнші орыс әйелі секілді қосалқы персонаждар көркемдік мақсат атқарып тұрмағандықтан, ықшамдау, лаконизм шарттары ескеріліп, екінші вариантта қысқарып қалды. Стиль талаптарының негізінде қара сөз атаулы түгелдей ақ өлеңге көшті.

Комедияның бірінші актісі жаңадан жазылды. Қыз көре келген жігіттер қақтығысы жырда да, алғашқы вариантта да жоқ. А., Шөмекей тойы екінші актіге ауысты. Жеке сценалар әр жерде орын ауыстырылған. Жантық -–Балпық ақындардың айтысы арасында енді Әлібек пен Арыстан әр түрлі сөз қосып, тартысты күшейтіп, ширатып отырады. Жеке репликалар тұтасып, монологқа ұласқан мысалдар бар. Алғашқы вариантта қосалқы персонаж, Көтібар қасында жүретін елеусіз шал екінші вариантта характерлік даралығы бар халық өкілінің бейнесінде көрінеді.

Комедия финалында Көтібар далаға жүгіре шығып, аспанға мылтық атып, айдалаға жүгіре қашады. Дәурені өтіп, күні біткен заманның өкілі жаңа толқын жастарға не қайратымен қарсы тұрады? Еріксіз күлге айналып отыр.

Комедия қазақ театрының сахнасынан түспейтін классикалық шығармалардың бірі болып қалды. Сахналық шешім, актерлер ойыны жөнінде көп көптеген пікір жазылды.

Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш рет 1960 жылы сахнаға шыққан «Беу, қыздар-ай» комедиясы Қазақстанның көптеген облыстық театрларына қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ұғыр, корей театрларында табыспен өтті. Бұл комедия бүгін де репертуардан түспей келе жатқан шығармалардың бірі. «Беу, қыздар-ай» комедиясын водевиль жанрына жатқызу керек.

Водевильдің алғашқы үлгілері XV ғасырдағы француз әдебиетінде туғандығы жақсы мәлім. Француз водевильдерінің Эжен Скриб, Эжен Лабиш тудырған қызықты үлгілері бар. Орыс әдебиетінде А.И. исарев, А.С. Грибоедов, А.П. Чехов осы жанрда тамаша шығармалар тудырды. Совет жазышылары В.П. Катаев, В.В. Шкверкин водевильдері көпке мәлім.

Жанрлық ерешелік тұрғысынан келгенде, водевильде өмірде сирек ұшырасатын, кейде тіпті кездейсоқ жағдайлар шығармаға арқау болатынын айту керек. Әлеуметтік мәне жеңіл тартыс, эффектісі күшті интрига, коллизия водевиль сюжетін құрайды. Әр түрлі тақпақ, би, ән, музыкаға көп орын беріледі.

Оқиғадағы алогизм, кейіпкерлер арасындағы тартыс жеңілдігі, тақырыптағы тұрмыстық сипат басымдығы, сюжет дамуындағы кездейсоқтық, күтпегендік элементтерінің мол болуы осы секілді белгілер «Беу, қыздар-ай» пьесасын аңыз водевиль шарттарын ескеріп жазған шығарма екендігін көрсетеді.

«Беу, қыздар-ай» комедиясының фабуласы қызық. Газеттен «Көк дала» колхозының сауыншысы Айсұлу Асанованың суретін көріп, үш бойдақ – ақын, суретші, доцент жұмыстарын тастай беріп ауылға аттанады. Қыздың үш апасын әрқайсысы өз Айсұлуым деп есептейді, шын Айсұлумен кездескенде, одан бойларын ала қашады. Комедиядағы барлық күлкілі ситуациялар осы шатасу, жаңылысу, танымау, алданулардан туып жатыр. Авторлар классикалық водевильдердегі жиі кездесетін алдану мотивтерін шеберлікпен пайдаланып, ұлттық әдебиетте қолдана білген.

Айсұлуға қол созған үш бойдақтың күлкілі жағдайлары тамаша көрсетіледі, шығармашылық тоқырауға ұшыраған ақын, суретші, ғалым басындағы психологиялық күйлер ашылды. Күлкі арқылы өмірде кездесетін кейбір жағымсыз құбылыстар сыналады.

Комедиядағы негізгі әрекеттер өмірдің ағымынан тыс қалған, бойларындағы өнер қуатын толық аша алмай жүрген адамдардың жаңа ортадағы өзгерістері түрінде көрінеді. Рас, ақын Әубәкір, суретші Сұлтан, ғалым Хасеннің махаббат, өмір, өнер жөніндегі талғамдары, жаңа ауыл, оның адамдары жөніндегі толғаныстарының ұқсас екендігіне зерттеушілер кезінде назар аударған болатын.

Қазақ комедиясының осындай әр түрлі бағыттағы ізденістерін көрсете отырып, негізінен бұл жанрдың біздің әдебиетте сатиралық үлгісін қалыптастырып дамытқан Бейімбет Майлин дәстүрін ерекше атау шарт.

ЕКІНШІ ТАРАУ


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет