Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет10/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29

























ҮШІНШІ ТАРАУ




ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ



Ел алғашқы қазақ тарихи трагедиясы – Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі» (1928).
Көркемдік қасиеттеріне келгенде, «Хан Кене» пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең қатал-шарт талаптарына жауап береді. Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпылуы Шекспирлік биік деңгейде.

Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті, аты-жөні түстелмеген кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді, өтіп жатқан оқиғаға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де болғандай, ұлы шығарма – «Кенесары-Наурызбай» дастанын туғызған Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген. Кенені хан көтергендегі Шеген бидің сөзі халық даналығының айнымас белгісіндей, Ағыбай, Жоламан, Бұқарбай, Ержан батырлар көз алдыңда қалып қояды.

Трагедияда Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығарма сыймайды да.

Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз, барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ ру басыларын еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесары қырғыз манаптарына да бұл ойын өткізе алмайды. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жанқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары-Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп, қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспейтін айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.

Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды. Тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді.

Шығармадағы барлық кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, түптің түбінде, хан Кенеге бір соқпай кетпейді. Трагедиядағы сан-сала әуез-сарынның идея – ойдың түп қазығы – Кенесары. Ақ киізге салып, хан көтерген соң, сөз тиген тұс – бір көсілетін кез секілді еді. Қай заманда, қай елде таққа отырар алдында, енді отырып алғаннан кйін қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам деп, кеңінен көсіліп көл-көсір уәде бермеуші ме еді? Мансап иесінің ол сөзі жоқ. Хан Кене қысылған кезде киіз туырлықты қазақ баласы етегінен ұстаған атасы Абылайдың барын салып, сенімін ақтағанын бір айтып өтіп, кеудесінде шыбын жаны тұрғанда сол жолды ұстайтынын жария етеді. Бар болғаны осы. Өзге көп сөз жоқ.

Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы – сөз ортасында, дұшпандармен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ордасында, соғыс үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай қолма-қол шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын өзіне қарату үшін мал-жан, дүние-мүлік сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ жаратын әділ. Бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немесе қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда, алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп отқа салып балқытып, мұзға салып суырған алмас қылыштай қаһарманның, бір басында қырық кісінің айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер, қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін күресіп, елі үшін шәйіт өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты іспеттес әйгілі сырлы, мұңлы монологының өзі дөп-дөңгелек.

Пьесада бірнеше өрім қатар жүріп қоғамдық-әлеуметтік арна, жеке бастың бақ-талайы алмасып жатады. Шығармада әйел кейіпкер екеу-ақ: бірі Кененің немере ағасы Ержанның қызы – Қарашаш, екіншісі Кененің апасы – Бопай. Тарихи деректерден, ауызша әңгімелерден, жыр-дастандардан халық арасына есімі ерекше жазылған – осы Бопай. Еркектерден асқан батырлығымен, кей тұста айрықша қаталдығымен даңқы шыққан.

Сол ел санасында сұлбасы белгілі жанның мінез қалпын бейнелеуде Әуезов дәстүрлі арнадан көп ауытқымағанын көреміз. Күйеуі өліп, жесір қалған басы бос әйел Бопайдың уақыт өткен соң, қаралы желекті шешуге хақы бар. Бірақ төре нәсілдеспен болмаса, қарамен жақындасуға тыйым.

Ерлігі мен өрлігі бір басынан артылып жығылатын Бопай ескі заңмен көне жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті, көзінің ағы мен қарасындай көретін батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа түскендей болады.

Түптеп келгенде, хан Кене бастаған күрес жолында жанын шүберекке түйген Бопайдың, өзге емес, қолбасы Бұғыбайды таңдауында сезіммен қоса, түкпірлей ойлаған есеп жатыр, құшағына алса, батыр төренің намысын жыртпай қайда барады.

Хан Кене тобы қамауда қалып, әскер ыдырап, опасыздық көбейіп, сарбаздар қаша бастаған алмағайып кезде Бұғыбай іздеп келіп, Бопайды өзімен бірге алып қашпақ болатын көрініс пьесадағы шебер жасалған, ғажап көркем тұс. Екіұдай сезім, екіұдай хәл: қалың өлім ішінен сытылып шығып, құтылып кетіп, бас қосып, шаңырақ көтерейік дейді батыр, ұлы арман, зор күрес мұраттарын тәрк етіп, ақ жолдан тайғанда, қай жұмақтың төрінен озбақпын деп ойлайды әйел. Сонда өзіне жар санаған, хан Кененің үзеңгілес серігі есептеген Бұғыбай көп қорқақтың бірі болғаны ма? Ол ол ма, ақ береннің тасқа соғылғанына күңірену орнына, табалап, кекетіп, мазақтап барады әне. Ғашық сезімі таусылып, кектене шамырқанған Бопайдың опасыз Бұғыбайды өз қолымен атып тастауы намысты ашудан туған кесек трагедиялық әрекет. Грек, Шекспир трагедияларына лайық қимыл.

Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерлерінің бірі – Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұластыра, ұлғайта келіп, естен кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім-түйсігі, ой-байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған хас батыр. Осы сапарда ту ұстаушы хан Кене, сондықтан Кене, сондықтан Кененің досы – мұның досы, хан Кененің дұшпаны – мұның дұшпаны. Басқа жол жоқ. Былқ-сылқты білмейді. Өзгелер, кейбір мысық табан батырлар, жорға билер жақтастыққа кісі тартудың пара жегізу, олжа сыйлау, шен тағу, қолтығына алып, демеп жіберу, құдандаласу, жер бөліп беру, елші алмасу, ескі дауды ұмыту, баталасып мәмілеге келу, уәжге тоқтау іспеттес атам заманнан келе жатқан дала дипломатиясының мыңжылдық түлкі тәсілдерін қолданса, батыр Наурызбай ұстанатын қасқыр құдірет біреу-ақ: алдаспан, көк найза, ақберен. Берсе қолынан, бермесе жолынан дейді. Билік орнықтырудың бірден-бір құралы күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның аржағы зорлық, қаталдық, қатыгездік, көз жасы, қан, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз болмаған.

Сол мінездің жария болған Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп, намыстан өртеніп, кектене ширығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап, араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі де мүмкін еді.

Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурыз немере қарындасы, бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде жүргендей, өлім мен өмір шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.

Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт бермеу, мал бермеу, соғысу, іріткі салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде беріп, артынан опасыздық жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады.

Қасым ханның асы беріліп, оның артынан Кенесары хан сайланған бүкілхалықтық салтанат үстінде қыз-жігіттер айтысып, шешендер тілін безеп, батырлар жамбы атып, мәре-сәре боп жатқан қуанышты бір сәтте Жантөре, Шотай, Балғожа бөлектеніп, жырылып шығып, пыш-пыш өсек өрбітіп қарсылық, ғайбат айтады.

Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес.

Ру басыларының мұндай қара бастарының қамын жеген опасыз тұрпатының бір үлгісі кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған, бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.

Драматург хан кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би, төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының дүние таным нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын көрсетеді.

Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, сыпатай, Байұзақ үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай боп келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады, Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін өздері шешкендерінен іш тартады. Ертең қазақ, қырғыз басын қосып, бұдан да үлкен лауазымға жетсе, мүлде тізгін бермей кетеді-ау деп қорқады. Хан Кене әулие болса, Арқадағы рулар неге тұтас мұның соңынан ермеген? Алатауға неге ауған?

Сыпатай да өз билігінен айрылып қалудан қорқады. Көршілес, құдандалас қырғызды хан Кене үшін неге шабам деп күдіктенеді. Оның үстіне бас қолбасы Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап, менсінбей жүргінде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітесем деп тұрғанда, оққа қарсы шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанымен, жол айрығына келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп, 12 мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарыны жау қоршауына тастап, соғыс майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есіл ерлер мерт болады.

Осындай ұлы трагедиялық шығарма «Хан кене» пьесасы жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен, қолма-қол тыйым салынды да, 1961 жылы әрең қайта басылды. Бұл сахналық классикалық туынды өз режиссерін күтіп жатыр. Ол қашан келеді?

Суреткер шығармашылығына қандай материалдар сүйек, негіз, таған болатындығын дәл мөлшерлеп, анық санап, бас-басына түгендеп беруді ешбір ғалым, зерттеуші мойнына алмайтын шығар деп ойлаймыз. Талант қасиеті, тәрбие мәні, дәстүр ықпалы әр түрлі жағдайда әсер етпек. Ілияс Жансүгіровтің лирикалық өлеңдерінің арқауы ақын сезімінің әр түрлі құбылуы десек, поэмаларына, әңгімелеріне, драмаларына, романына ең алдымен автордың туған, өскен, ер жеткен ортасының пейзажы, деректі оқиғалары, дәлелді істері, көпке мәлім тартыстары жатқанын аңғару қиынға түспейді. Өзі естіген, өзі көрген, бастан кешкен жайттарды шығармаға өзек ету шығармашылық сапардың алғашқы кезеңіндегі сипат болса, марқайған, кемелденген тұста жазушы әдейі мақсатты зерттеу, іздеу, тексеру арқылы жаңа тақырыптарды игере бастайды. «Құлагер» поэмасын жазу үшін Сарыарқаға – Көкшетау, Ерейментауға сапар шегеді; Исатай, Махамбет, Құрманғазы өмірінен пьеса, поэма жазу үшін Еділ, Жайық бойына – батыс Қазақстанға жол тартады.

Ұлттық өміріміздегі ерекше мәнді оқиғаларға терең назар аударып, халқымыздың ұлы перзенттерінің ғұмырынан шығарма жазуды биік мақсат, өр нысана ету – Ілияс Жансүгіров талантының асыл нәрі, алтын өзегі; тарихи зор әрекеттерді ойшыл, зерттеуші көзімен дәл танып, нәзік бейнелеуді армандаған қаламгер қажыры.

Отызыншы жылдардың орта шенінде, тарихшыларымыз Қазақстанның өткеніне байланысты ғылыми объективті пікірлерді анық тұжырымдап бітпеген кезде, жазушыларымыз әлі тарихи-төңкерістік, тарихи-ғұмырнамалық тақырыпқа бойлап бармай тұрған шақта Жансүгіровтің Исатай - Махамбет өмірінен пьеса жазуы шығармашылық үлкен батылдық, әдебиетіміз үшін маңызды қадам болатын.

Өз тұрғылыстары, тағдырластарына қарағанда, ақынның архиві біршама сақталған. Фатима Ғабитованың ерлікке пара-пар құнттылығының арқасында жоғалмай, шашылмай жеткен материалдардың көпшілікке мәлім бола бастаған кейбір фактілеріне жүгінгеннің өзінде, Ілиястың тақырыпқа бару жолында зор ізденіске түсіп, көп еңбек, мол қайрат жұмсағанын көреміз.

Драматург ең әуелі Исатай – махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің әлеуметтік мәнін, қозғаушы күштерін, жеңілу себептерін тарихи тұрғыдан айқын, дұрыс түсінген. Өмірде болған, көтеріліске қатысқан адамдардың іс-қылығын дәл көрсеткен. Жер, ру, кісі аттары өз ақлпында алынған. Осындай деректі, документті негізі бар шығарма сахналық өнердің биік, қатал күрделі талаптарына жауап берерліктей көркем, шебер.

Пьесаның қара сөзбен жазылған нұсқасы болыпты. Бұл шығарманы автор дауыстап оқып берген кезде тыңдаған адамдардың бірі – Мұқаметжан Қаратаев. Бейімбет Майлинның әркім айтатын (ішінде Ғабит Мүсірепов те бар) «Қызыл жалау» романы секілді бұл туынды да жоғалған. Әлде жымысқы біреу пайдаланып кетті ме? Дәл мұны ешкім ашып айта алмайды.

Шығарма өлеңмен, ішінара қара сөзбен жазылған. Ремаркада «үш перделі, алты суретті трагедия»деп анық көрсетілген. Автордың хор, дуэт деп арнайы айтып отыратын тұстарына қарап, туындыны жеңіл құрастырылған жадағай опера либреттосы қатарына әсте жатқызуға келмейді. Біздің ойымызша, Жансүгіровтің бұл шығармасы сахнаға қоюға лайықталып жазылған, басты назар, негізгі салмақ музыкалық әуен, опералық саз, арияларда емес, сөздің ішкі қуатында, астарында, мағына-мәнінде жатыр. Бұл - әдебиетіміздің тарихынан сыбағалы, мәртебелі орын алуға лайық тамаша трагедия. Күні бүгінге дейін еленбей, ескерілмей, бағаланбай келсе, өз салғырттығымыз, әдебиеттанудағы олқылық, асылдың қадірін білмеу.

Алғашқы оқиғаға араласатын адамдар туралы ремарканы оқығанда тіксініп қаласың. Өйткені, персонаж саны тіпті көп – атымен берілетін кейіпкерлердің өзі қырық шақты. Мұның үстіне пішеншілер, сарай қызметкерлері, солдаттар, меймандар және бар. Рас, он адамды батырлар деп бір, жеті адамды сұлтан, билер деп деп екі топтап тастайды. Пьесамен түбегейлі танысып шыққаннан кейін кейіпкер көптігі жөніндегі күдік сейіледі. Ойыңызда әрекет-тартысқа бел шешіп, білек сыбанып қатысатын, мінез-характерімен терең ашылатын сом құйылған қаһармандар ғана қалады. Көптеген персонаж бар жерде, екі жерде бір сөз, екі сөз айтумен ғана тынады. Бұларды драматург әлеуметтік орта, дәуір тынысын сездіруге, көпшілік сценаларын ашуға пайдаланғандығын ұғасың.

Бірінші перденің бірінші суретінде дуэт және хор арқылы халық басына түскен көп зорлық, хан қорлығын ащы тіл, өткір сөзбен білдірген драматург негізгі қаһармандарды сахнаға шығарады. Қарт батыр Қалдыбай зар төгіп, запыран жұтқанда, әлеумет басындағы азап-ауыртпалыққа қабырғасы қайысады: ұлы Таңатардан айрылған, осы қайғы өзегін өртейді.

Алғашқы көріністен бастап Махамбет сөздері сұрақ не жауап түрінде келетін әдеттегі қалыпты арнада емес, от-жалыны бетті шарпитын тебіреністі толғау – монолог сипатында келеді. Бұларды жеке алғанда бас-аяғы жұмыр, композициялық келісімі бар, ішкі тебіреніс, зор толқудың көрінісі – аяқталған асау жыр деп қараса, қате емес. Қалдыбай тобының Қарауыл қожа қысымына қарсылығы бір тартыстың шетін шығарса, екінші лаң қашып келген қыз бен жігіт оқиғасынан басталады. Қыз аты Қарлыға. Махамбеттің жиені. Жігіт аты Құрманғазы. Күйші Құрманғазы.

Ескі қазақ аулындағы дәстүрлі, белгілі ситуация, қалыңмалға келіспеу, махаббат бостандығына ұмтылу – мұның бір ұшқыны қыз бен жігіттің тағдырды жүйрік аттың беліне тапсырып, алыс жұрағатты – нағашы елді сүйеу көріп, түн жамылып, қашып кетуі болатын.

Сол жағдай мына екеуінің басында тұр. Бұл драмалық түйін қазақ драматургиясында кейін жазылатын «Абай», «Ақан сері – Ақтоқты» трагедияларында әр қырынан, әр деңгейінен бейнеленетін болады.

Өзі де қазақ өнері тарихының бір деңгегі – Құрманғазы тағдыры Ілияс трагедиясында жан-жақты көрсетілмейді. Күйшінің ойда қалар образы жоқ, ол пьесаның ұлы арнасындағы қатардағы персонаж. Бірқыдыру әрекеттерге Қарлыға екеуінің сүйіспеншілік тарихы, қашып кетуі мұрындық.

Намыстан күйіп, кектен өртеніп келген Махамбеттің сүйеніші – халық: бұтаға қорғалаған торғайдай қысылған екі жасты қамыс шауып жүрген жігіттер жасырып қояды.

Әрекетке Қарауылдың өзі, оның қол тоқпақ, сал сойылдары араласқан соң драматизм күшейе бастайды. Бір жағы таптап, илеп, үйтіп тастамақ, екінші жағы көнбейді, қарсыласады, дауыс көтереді.

Исатай Тайманұлының орта дәулетті, ел ішінде сыйлы кісі болып старшина сайланғандығы, көтеріліске дейін патша әкімдерімен де, ханмен де күрделі қарым-қатынаста жүргендігі, әсіресе, соңғы кезде жазылған тарихи зерттеу еңбектерінде ашық, айқын айтылған (И. Кенжалиев, «Тайманұлы Исатай», А., 1977).

Трагедияны жазу үстінде І. Жансүгіров қандай архив деректеріне, жазба материалдарға, кімдердің ауызша әңгімелеріне, шежіре-жырларға сүйенді, дәл бүгін, ақын архивін толық танысу мүмкіндігі тумай тұрған шақта бұл мәселеге толық, орнықты жауап бере алмаймыз.

Пьесаның зор олжасы – Исатай бейнесі диалектикалық бірлекте, қайшылық-қасиеті сом тұтастықта алынған.

Алғашқы кездескенімізде жанында екі солдат, ұлы Жақия, дау иесі Қауғабай бар старшина Исатай қашып кеткен қыз бен жігітті қуа келіп тұр. Әрбір сөзді темір келсап соққандай етіп айтатын Қалдыбайдан тұтылған Исатай бұрыла берді. Сахнада – Исатай мен Махамбет. Халқымыздың тарихында есімі қатар айтылатын егіз тарлан екі есім. Азаттық атты сұңқардың қос қанаты. Не дейді бұлар?

Дүниедегі көзі көрген, санасы жеткен қуаныш болсын, қайғы болсын – баршасын жан жүрегімен қабылдайтын ақын зорлыққа шыдамақ емес. Әсіресе, қазақ басына күн туып, ел-жұрт жылап жатқан кезде, ақын сөзімен, ісімен найза ұшында. Махамбет басында дәл осындай күй бар. Сұмпайы сұлтан, сұмырай би, жемір қожа, жұлымыр молда, түп төркіні ант ұрған хан болып, салғырт-салық деп, зекет-шығын деп халықты зар илеткенін көріп, біліп тұрған ақын қорған іздейді. Тығырықтан шығар жол шыңдалған шалғымен шөп шабу емес, жуандардың аулын шабу деп біледі.

Қашқындарды тауып бер деген Исатай сөзіне айтылатын жауап тіпті қатқыл. Екі мінезде екі түрлі сипат бар. Аты алты алашқа мәшһүр, арғы тегі түбірлі, әзір өз жанына сүңгі батпаған старшина Исатай өзі тұрғылас Қарауыл мен Балқыны бақталасым, дұшпаным деп санағанымен, ханға қарсылыққа әзір баспайды. Ханды халық қамқоры есептейді. Алып-ұшып, жұлқынып тұрған Махамбетке басу айтады, істің артын тосып, сабыр қылғанды жөн санайды.

Бәрін көрген, зорлықтан әбден қажыған ақын сенген ері Исатай мынандай момындық, жуастық, бағыныштылық жолын айтып тұрғанда, ашу ызадан ширығып, жалғыздық-жалқылық жайлы шер төгеді.

Драматург негізгі екі қаһарманын бір-біріне ұқсас етіп жібермей, даралап, ерекшелендіріп шығару үшін бұлардың арасындағы достық, тұтастық сезімдерімен қоса, темперамент алшақтығын, ұғыспаған кезді, мінез өзгешелігін әдейі бейнелейді.

Трагедияда шағын орта, қысаң аудан емес, өмір құбылыстарының кең шеңбері қамтылған. Қаһармандар ішінде сол кездегі қазақ қауымының негізгі өкілдері, патша әкімдері түгел бар. Оқиға әр түрлі жерде, әр түрлі әлеуметтік шаңырақ астында өтеді. Бірінші перденің екінші суретінде алғаш рет хан ордасымен танысамыз. Әуелі сахнаға ханның екі әйелі – Айғаным, Фатима шығады. Ел жұртты, қара халықты жамандаған кезде ым-жымдары бір. Одан өзге нәрсеге ауысқан шақта қос ханымның бет тырнап, көсеу ала жүгіретін, бір-бірін өлердей жек көретін көп күндес әйелдерден айырмасы шамалы. Ханның көзіне шөп салып жүрген қос арам бет жыртардай болып, тап-тап беріседі. Бірі Европа сылқымдарына дес бермес паңдықпен аяғын шекіп басып, бірі Шығыс бикештерінің дәстүрімен үлде мен бүлдеге малына киініп, тоты құстай таранып тұрғанымен, екеуінің ішкі дүниелерінде айырма жоқ.

Кейіпкерлердің мінезін ашуда, білім дәрежесін көтеруде, дағды ерекшелігін аңғартуда дараланған сөздік сипаттаманың көркемдік мәні ерекше. Бұл саладағы Жансүгіров ізденісінің салмақты табысы деп Жәңгір ханның сөздерін айту керек.

Арғы тегін Шыңғысхан әулетінен таратып, өздерін асыл тұқым, ақсүйек санаған төрелер қара қазақтан бөлектенудің жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс, дағды-мінезге қатысты көп тәсілін тапқан. Күнделікті құлаққа үйреншікті, әркім білетін сөздер жұртшылықты селт еткізбейді деп санаған хан, бір жағы, сесті, қаһарлы болу мақсатымен, екінші жағы, ғұлама, білікті көріну ниетімен әдейі тілін шұбарлап, араб, парсы, татар, түрік сөздерін қосып, сөйлем қисынын шағатайшалап келтіреді. Кейде қысқа, кейде келте қайыратын, оп-оңай, түсінікті жайттың өзін қасақана созып, мипаздап тұрып алса, кейде толық арналы толғайтын тұста тақ-тұқ еткізіп, бір сөзбен кесіп тастап отырады.

Мұндай тақыстық шекара әскерінің бастығы Генсте жоқ. Өйткені ол тәуелсіздігінен айрылған, патша қаруының астына тізе бүккен көшпенді елде кісі қаймығар қайрат, адам сыйлайтын қасиет бар деп есептемейді. Бұлардың басқалары түгіл, хан атанып билік тұтқасын ұстағандай болып отырған Жәңгірдің өзі қолдан жасаған қуыршақ емес пе? Сондықтан отаршылдық саясаттың қанды ауыз қасқыры Генстің үрейлендіріп, қорқытып, шошытып сөйлеуі, у қорғасындай ойып түсер зіл, салмақ тастап отыруы әбден заңды.

Европа жендеті аталған Россия отаршылдары бағынышты елді езіп, жаншып, илеудің сан алуан айла-тәсіл, амал-шарғысын әккі жымысқылықпен іске асырып отырды. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай саясаттың бір түрі – сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарау деп аталады, яки бас-басына жел беріп, әрқайсысының қолтығына дым бүркіп қою.

Генс қимылында түлкі қулық емес, арыстан айлакерлік жатыр. Бұрынғы кеңшілік кеңшілік пе, енді мүлде еркіндік беріп тастағансиды. Хан жағынан он екі биден тұратын, «шорай қазы» аталатын алқа құралады екен. Үкім шығару, билік айту, салық жинау бәрі осылардың қолына берілмек. Қараңыз, жыртқыштар ұлып табысып жатыр. Мұсылмандық парыз түгел ұмыт болып, молданың ең мықтысы Ахун патша құрметіне дұға оқып, өзге билер құран сүйіп, адал қызмет етеміз деп ант береді. Халықты екі өкпеге тепкілеудің осындай жаңа қылмысты ұйымы жасалардың алдынға ғана ханға деген үлкен қарсылықтың ызғары сезілген.

Махамбетпен кездескен сәтінде толық ашылмай, іштей томырылып, суық жүзбен кеткен Исатайдың хан алдындағы мінезі басқа. Әр түрлі сырдың ұшығы аңғарылады. Тақыс, арамдағы қабат-қабат бүктетіліп ішінде жататын Жәңгір хан тыңдап тұр. Исатай тұрмыс ауыртпалығын, ордадан айтылған он жарлықтың елге отыз болып баратынын, қалың сұмның талап-тонап жатқандығын, тентектерге тыйым жоқтығын, судың басынан лайланғанын, сұлтан, билерге кесілген жерлердің халыққа қайтарылуын, Балқы, Қарауылдарды биліктен кетіру керектігін жай тілек, өтініш емес, тең, бастас адамдардың талабы, шарты етіп айтқанша ашу, ыза, кек екпіні айқын сезіледі. Старшина сөзінің ешқайсысын орындау хан ойында жоқ, қайта қашқындарды жасырып жүрген Махамбетті неге ұстап бермейсің деп бас салады.

Жәңгір – Исатай арасындағы тартыс найзағайы осы тұста жарқ ете қалады. Батыр енді әділет тұтқасы ғой деп медет тұтқан билік иесінің барлық сырын, шын кескінін көрді. Ойпырым-ау, халықтың сүйікті жыршысының басын қанжығама байлап бер деп тұр. Сөйтсе бітімге келмек, он екі бидің бірі етіп сайламақ. Старшина қойған, бұйрық – жарлығын іске асырар, тірек болар санаған адамның сиқы мынадай екен, сонда халық, әкімдікте не қасиет, не қадір қалды?

Екі түрлі сенім, екі түрлі мінез, екі арыстан. Бұлар енді бір-біріне қарсы шапқан, бітім таппас жау күштердің найза ұшында тұрған қос серке.

Тартыс кернеуі қолға түскен Құрманғазы мен Қарлығаны ордаға алып келген соң күшейе түседі. Бұл сценада Құрманғазы характерін ашатын әрекет, сөз, қимыл жоқ. Қайта Қарлыға монологында драматург ұлттық дәтүрде бар, жауға, дұшпанға айтылатын қарғыс сөздің үлгісін шебер қолданған. Осы тұста тұзаққа оралмай, қақпанға түспей жүрген Махамбеттің өзі тұра жүріп келеді. Баймағамбетке бейне бір уыстап от шашқандай, кесіп, тіліп түсетін, халық қаһарының екпініндей сөз айтады.

Трагедияның көрініс суреттері психологиялық тұрғыдан контраст, қарама-қарсылық принциптерін пайдалана отырып қиыстырылған.

Ел ашуы селдей қаптап, көтеріліп келе жатқан кезде үзіліп-айрылып, кекпен, намыспен өртеніп, Исатай кеткенде хан ордасындағы салтанаттың жалғандығы айқын сезіледі. Драматург Жәңгір айналасындағы екі жүзділік, опасыздық, сатқындық, жалғандықтың әр түрлі ұшқыны ретінде Бекжан, жанзақ тұлғаларын көрсетеді. Бірі әрі би, әрі күлдіргі, екіншісі өлеңші. Хан алдында жорғалап, жағын безеп, алтынның буына дүниені малғандай етіп отырған жұрттың көзін қызылды-жасылды бояумен арбап, төгіліп-төгіліп кететін сарай жыршысының тұрпаты халық ақынының шындықты тербейтін, кекті, сұсты, қаһарлы кескінінен кереғар алшақ жатыр.

Ілияс жансүгіров, әсіресе, «Исатай – Махамбет» трагедиясында сахналық әрекеттің ырғағына ерекше мән берген. Көңілді-көңілсіз, күлкілі-қайғылы, бәсең-салтанатты көріністер өзара ауысып тұрады. Пьесаның басынан аяғына дейін үзілмей тартылып отыратын желінің бірі Қалдыбай тағдыры. Бұл – халық өкілі, кейін қазақ әдебиетінде типтік характерлер дәрежесіне көтерілетін (Дәркембай, Қодар сынды) образдардың алғашқы үлгісі. Өздерінің сөздік сипаттамалары да бір-біріне ұқсас. «Абай жолы» эпопеясындағы Қодар содыр жуындарды итке, көп итке теңесе, «Исатай – Махамбеттегі» Қалдыбай жәңгір ханға: «Қарауылдың күшігіне мұнша құн кестірдің, егер де мынау Шомбал сықылды төбетіңді анау Қарауыл сықылды бұралқыңды өлтірсем, Қалдыбайға қанша құн кестірер едің?» – дейді (5-т,. 291-бет). Ит, күшік, төбет, бұралқы – мұның бәрі халық эстетикасында қас дұшпанға, жек көретін жауызға айтылатын балағат сөздер.

Екінші перденің соңғы сценасында халық көтерілісінің қаһарына іргесі шайқалған ордадағы әбігерді көреміз. Драматург жеке характерлерді даралап ашпағанымен, патша өкілдері, хан төңірегі, түптеп келгенде, бір қазанда қайнап жатқан жылбысқы екендігін қысқа диалогтар арқылы жақсы сездіреді. Декорация, киім-костюм үлгілері ремаркада айқын, дәл айтылған.

Пьесадағы әсер-әуен, ырғақ-екпіннің анық, саңқылдап естілетін айрықша ашық тұсы үшінші перде. Бесінші суретте теңіз айдынына жазғытұрым жан-жақтан жамырап келіп, асығыс құйып кететін асау өзендер секілді көтерілісшілерге қосылып жатқан сан атаның күпшек санды батырларын көреміз: Жүсіп, Ырсалы, Қожахмет, Үбі, Шекшекей, Науша, Бабат – бұлардың аузынан шыққан сөз ел ашуының ұшқыны іспетті. Көтерілісшілердің бас қосқан тұсын панорамалық, көпшілік сценасы сипатында берген драматург Исатай – Балқы, Махамбет – Борық, Құрманғазы – Қарлыға арасындағы сүйіспеншілікті, қиын-қыстау кездегі адал махаббатты бірер көрініспен бейнелейді.

Мәре-сәре, у-ду болып, алдағы шабуылға дайындық жасап жатқан ереуілшілер ортасына хан елшілері жетті. Бұлардың ішіндегі түбірлі сөзді ұстаған адам Бекжан Исатай мен Махамбетке ат, шапан әкеліпті. Қалдыбай батырдың басы да азат. Жәңгір осының алдында ғана исатайға билерге кестіріп салған айыпты да ұмытқан секілді, нысана бітім, бірлік.

Драматург шаруалар көтерілісінің жеңілу себептерін объективті түрде, тарихи тұрғыдан шындық аясында көрсетеді. Көтерілісшілер арасындағы ала ауыздықты екі күрделі характерге сабақтастыра бейнелейді.

Анталаған жау, қалың әскерге қарсы шапқанмен, түбі жеңіске жету қиын, сондықтан ханның өзі келісімге келіп тұрғанда, қара қазан, сары баланың қамы үшін бітімге тоқтағанды Исатай дұрыс көреді. Жалаң қылыш, өрт ақын Махамбет ордаға шабуыл жасау керек деп біледі.

Жырынды би Бекжан ру арасындағы ырың-жырыңды пайдаланып, оп-оңай іріткі салады, көтерілісшілер қатары сирей бастаған. Дәл осы кезде, сарбаздар кетіп, сардардың өзі қалған қапылысты аңдитын әккі жауыздың жымысқы амалын істеп, Геке, Байеке бастаған жендеттер де жетеді.

Логикалық жүйемен алғанда, драмалық тартыс осы сценада тынған: көтерілісшілердің негізгі күші Жасқұста талқандалды, патша әскері, хан жасағы қанды қырғын жасады. Ал психологиялық тартыс, адамдардың ішкі әлеміндегі алай-дүлей толғаныс, дағдарыс, тебіреніс арғымақтың орға жығылғандағы, кеменің жарға соғылғандағы, ақ семсердің тасқа шабылғандығы сәтіндей қайғылы күй кешкен көтерілісшілер басы Исатай мен Махамбет болып «аһ» ұрады. Исатай бес қаруы бойында, күллі күші қасында тұрғанда ордаға шаппағаны, тартынып қалғаны, ер-азаматтың сағын сындырғаны үшін бармағын шайнайды, мынадай қаралы күнде ұмтылғанмен не пайда, не қайыр.

Қарт ақын Қуан алыстан орағытып келіп, қарлы борандатып, жауын-шашындатып, ақыры түбі қазылған бәйтеректің теңселе-теңселе құлайтынын ұқтырады: жеңілген-жығылғанға, құлаған-сүрінгенге айтылатын азалы жыр, өлімге көңіл айту іспетті қайғылы толғау, көздің жасын сүрту.

Міне, дәл осы шақта бәйге аттың құйрығынан үзіп алған қылды таққан, аршадан шапқан қызыл күрең қобыздың алпыс екі тамырыңды идіріп бір шығатын үніндей болып, Махамбет монологтары кетеді лықсып.

Қазақтың шайырлы, қорғасынды сөздеріне келгенде ешкімнен аттың майын сұрамас даңғыл жүйрік, екпінді тұлпар Ілияс айтылмыш трагедияны жазу үстінде халық тілінің қан-қазынасынан қарпып алған; Махамбет Өтемісұлы поэзиясының стихиясын терең меңгеріп, әуез-ырғақ, ұйқас, тармақ, шумақ жасауда ұлы шебер кәдеге асырған тамаша үлгілерді қайта жаңғыртқан; ассонанс, аллитерация, консонанс, анафора, эпифора, градация, метафора, метонимия, литота – осылардың сан алуан құлпырып, жайнап тұрған соны өрнектерін көруге болады. Трагедиялық монологтар жасау ізденістеріне Ілияс фольклордағы толғау, арнау өлең формаларын дамыта, жаңғырта кәдеге асырған. Халық билерінің, шешендерінің сөздерінде кездесетін тұрақты, мәнді, айшықты оралымдарды жиі қолданған.
А, занталақ!

Сені, сені дегенге

Семіріпсің, занталақ!

Сен біл, сен біл дегенге

Желігіпсің заңталақ!

Құдайыңды танымай,

Ханыңа құлдық қылмастан,

Бөлініпсің, занталақ!

Ұлыңды сенің Ұрымға,

Қызыңды сенің Қырымға,

Жібермесем кәпір өтейін, занталақ!

- Аптықпа ханым, аптықпа ханым,

Адыраңдап қақтықпа ханым!

Қыларың болса, қылып қал,

Қапыда менен қалмаған, ханым!

Қашаннан сенің қорлығың

Қазақтан, сірә, қалмаған, ханым

Атаң Әбілқайыр, Нұралы,

Айшуақ, Есім, Ералы

Қазақты қатын қылам дегенде

Өзінің басын жалмаған, ханым!

Қара басым кетсе де,

Хан деп құрттай қаймығып,

Қарулы сөзден қала алман, ханым!



(5-т., 293-бет)
Бұл диалог пьесадағы драмалық тілдің синтаксистік, стильдік, интонациялық, тропалық құрылысының сипаты жөнінде айқын үлгі бола алады. Екі қаһарманның лебізінде де трагедиялық зор пафос бар: еселеп қайталанатын «занталақ», «ханым» сөздері барымташы жігіттердің жеті қараңғы түрде жортуылда жүріп, дұшпанына аямай сілтеген қара шоқпарлары секілді.

Трагедия кейіпкерлерінің тілін даралауға айрықша көңіл бөлген драматург, негізінен, олардың бәрін де шешен, шебер, айшықты, сөз иесі етіп көрсетеді. әсіресе, бұл қасиет Махамбет монологтарынан ерекше көзге түседі. Тарихи драматургиядағы алғашқы барлау, ізденістің қиындығынан шығар, Ілияс Жансүгіров Махамбет тілінің реалистік негізін толық тапқан деп айтуға болмайды. Махамбет монологтарының бірқыдыруы ақын поэзиясының сарынына, идеясына, поэтикасына сәйкестендіріліп, тыңнан жасалған, бірқыдыру монологтарда Махамбет өлеңдері азды-көпті өзгерістермен алынған, кейбір монолог Махамбеттің өзгеріссіз өз өлеңі; Махамбеттің кейбір өлеңі басқа адамдардың аузымен айтылады:

Бір мысал.
Жалғыздық

Бұл дүниенің жүзінде

Айдан көркем нәрсе жоқ, -

Түнде бар да күндіз жоқ,

Күннен көркем нәрсе жоқ,

Күндіз бар да түнде жоқ,

Мұсылманшылық кімде жоқ?

Тілде бар да дінде жоқ,

Көшпелі дәулет кімде жоқ?

Бірде бар да, бірде жоқ,

Азамат ерлер кімде жоқ?

Еріскен күні қолда жоқ,

Заманым менің тар болды, -

Тура әділдік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да менде жоқ.

(Махамбет, Өлеңдер. А., 1974, 83-бет).
Трагедиядағы Махамбет монологы.
Аспан әлем жүзінде

Айдан көркем нәрсе жоқ, -

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күллі әлемнің өзінде

Күннен көркем нәрсе жоқ, -

Күндіз бар да, түнде жоқ,

Қарындастық кімде жоқ?

Тілде бар да, дінде жоқ,

Көшпелі дәулет кімде жоқ,

Бірде бар да, бірде жоқ,

Азамат ерлер кімде жоқ?

Айқай шықса, бірі де жоқ.

Заманым менің тар болды,

Тура билік биде жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт,

Қаумалаған қарындас,

Қазақта бар да, менде жоқ.

(І. Жансүгіров. Шығармалар, 5-т., 267-бет)
Драматург өлең мағынасын аша түсу үшін: «Бұл дүниенің» – «аспан, әлем», «мұсылманшылық» – «қарындастық», «еріскен күні қолда жоқ» – «айқай шықса бәрі де жоқ», «тура әділдік» – «тура билік», - деп өзгертіп алған; «күллі әлемнің өзінде» деген жаңа тармақ қосқан. Қалған сөз түп-түгел Махамбет шығармаларында жарияланған текспен сәйкес келеді.

Әлі күнге Махамбет шығармаларының текстологиясы толық, ғылыми жолға қойылған жоқ. Ақын шығармалары бізге Мұрат Мөңкеұлы, Ығылман Шөрековтердің ауызша айтуымен қағазға түсіп, 1925 жылы баспасөзде жариялану арқылы жетті. Тұңғыш Халел Досмұхамедов басылымның толық қадіріне әлі түгел жетіп болдық дей алмаймыз. Махамбет өлеңдерін зерттеу, насихаттау ісінде Қажым Жұмалиевтің еңбегі мол. Ақын, көзі қарақты әдебиетші Берқайыр Аманшин 1974 жылы Махамбет өлеңдерін қайта құрастырды. Қ. Жұмалиев бастырған жинақтарда, оқулықтарда қалыптасқан көптеген өлеңдердің сөздерін өзгерткен, шығармаларды бір-бірімен қосқан, бөлшектеген; жаңа өлеңдер жасаған; өз жанынан ат қойған; «ереуіл ат» емес, «ерулі ат» жасады, жалғыз адам ұлттық тарихымыздағы ең қымбат мұралардың бірін өз ойынша, өз қалауынша қайтадан өзгертіп жариялады.

Ғылыми мекемелер, маман ғалымдардың осындай өте жауапты жұмыс жайлы пікір білдірмеуі кісіні таң қалдырады.

Трагедияға материал жинау кезінде Еділ – Жайық бойына арнайы сапармен барған Ілияс Махамбет өлеңдерінің ел аузында сақталған таза нұсқаларын жазып алуы мүмкін. Сондықтан пьесадағы Махамбет монологтарын ақын шығармаларының канондық, тұрақты, академиялық жинағын шығару ісінде бір негіз ретінде пайдалануға болады деп санаймыз.

Махамбет аузынан айрықша терең айтылған көтерілісшілер сырының соңғы түйінін жасайтын – Исатай. Ақын монологында айшықты сурет, жүрек тебірентер толғаныс көп, батыр монологында ой, тұжырым, байлам басым, исатай – Махамбет көтерілісін бір аймақтың, бір жүздің дүмпуі емес, исі қазақ баласының кекті намысына тиген шақпақ от етіп бейнелеу - өткен өмірге тарихи объективті көзқараспен қарай білген, құбылыстарды ойшыл қаламгер санатында талғап, саралаған аршынды суреткер позициясына тиянақты дәлел. Исатай өз өмірі мен орыс елінің теңсіздікке қарсы ширыққан ашуының жарқ еткен найзағайлары Степан Разин, Емельян Пугачев сынды перзенттері тағдырын сабақтастыра толғанған кезде, тіпті, биіктеп көрінеді.

Классикалық әдебиетте жиі кездесетін трагедиялық образға лайық трагедиялық қателік Исатай басында да зіл батпан. Ол Махамбеттің, басқа батырлардың ойынша, кейін Исатайдың өз ойынша, кезі келіп тұрғанда Жәңгір ханның ордасын шаппағандағы; Бекжанның қызыл тіліне алданып, бітімге барамын деп, жігіттерді таратып жіберуі. Рас, тарихи көтерілістің жеңілуінің көптеген таптық, әлеуметтік, саяси себептері белгілі. Драматург сол мол себептерді тұтастырып, әдеби шығарма талабына лайықты, арналы қайшылықты алған.

Ел-елге батырларды қайта жіберіп, күш жинап, жауға қайта шабамын деп алас ұрған Исатай характерінде талантты актер сахнада сәтімен ойнай қалса, жайнап, жарқырап кететін мол трагедиялық сипаттар бар. Ал, Махамбет бейнесі өршіл романтикалық ыңғайдағы өнерпаздың қолына түссе, сөйлеп кетейін деп тұр. Трагедия финалы зор суреткерлік толғаныстан туып, ақындық ғаламат шабытпен жазылған; бұл қазақ драматургиясында көркемдігі, философиялық тереңдігі жөнінен алғанда Әуезовтің классикалық шығармасының соңғы нұсқасындағы Еңлік пен кебектің тіршілікпен қоштасу, Жапал, Абыздардың болашақ ұрпақпен сырласу сценасымен деңгейлес тұрған тамаша көрініс.

Бір сәтке үміт оты қайта жанып, көтерілісшілер күш жинау үшін жан-жаққа аттануға бел буған, ертеңгі тұманды күнге күдікпен қараған шытырман шақта қимастық сезімі, әсіресе, екі алыпты Исатай мен Махамбетті қинайды.

Махамбет сөзіндегі түйткіл, кеселді түйін жеке бастың өкпе-назы емес, сәті түсіп тұрғанда орданы, Жәңгірдің шаңырағын неге ойрандамадық деген өкініш ішін удай ашытады. Әлі де болса, қапысын тауып барып Баймағамбет сұлтан мен Жәңгір ханды жарып тастау – көкейін тескен арманы секілді.

Бұндай жалғыз шапқан жеке дара қимылға Исатай әлі қарсы. Осындай толқып, мұң шағып, өткеннің қателігіне бармақ шайнап тұрған екі батырдың үстінен, аяқ астынан жау сау ете түседі. Дұшпан оғы Исатайды жаралайды.

Өмір нұры сөніп бара жатыр. Тіршілік тартысынан әбден қажып, жеңіліп, дүниедегі қызықтың бәрінен қалып, түңіліп, ажалдың өзін демалыс, рақат, тыныштық мекені, мәңгі ұйқы қолтығы көретіндер де, өмір күресінде бірде жығып, бірде жығылып жүріп әлі де есем, кезегім қалды дейтін, татқанынан татпағаны, көргенінен көрмегені мол, істемек шаруасы әлі тынбаған, қарауыл төбеге шығып үлгермеген, арманын орындай алмағандар да – кім болса да, араның ашып жеткен сәтті, шамасы келсе, ақтық сөзін, қоштасуды айтпай қалмақ емес.

Осындай соңғы сәт, ақырғы минут Исатай басына да келді:

«Жолдасым, жөнел, айналма, мен қалдым… Сен тірі кет… Сенің тірі кеткенің көңіліме жақсы. Артымда сен қалдың! Ел қалды… Сен елге сәлем айт!.. Ханның басын алам деген халқыма қарысып, қапыда қақпан басқан едім. Ел Исатайдың ол күнәсін кешсін!.. Қапыда істеген қатеме қара қазақ баласы қарғамасын мені!.. Елге осыны айт. Елге жетер ендігі тілім сен! Тез жөнел!» (5-т., 333-бет).

Көтеріліс басшысы өлім ұстарасы алқымға тақалғанда да жігерлі. Мұрат, нысананы әлі естен шығармаған. Басқа емес, ауызда екі-ақ сөз: халық, ел.

Қару асынып, жігіттерді бастап, қалың жауға неге шаптым деген өкініш жоқ. Әділет, теңдік жолында құрбан болғандығын мерей санайды. «Халық» сөзі бір рет, «ел» сөзі бес рет айтылып тұр. Пьесаның ұзын бойында Исатай мен Махамбет монологтарында «ел» сөзі үнемі қайталанып отырады. Бұлардың символдық, жинақтаушылық, лейтмотивтік мәні бар. Тағы да «Еңлік-Кебек» трагедиясының соңғы нұсқасындағы Нысан абыз монологтарындағы «ел» сөзінің қолданылу ерекшелігін еске түсірудің артықшылығы жоқ.

Драматург Исатайдың өлім сценасын жап-жақсы, реалистік дәлдікпен, психологиялық тереңдікпен, өте сенімді бейнелеген. Ұлы Жақиямен қоштасу монологында ет жүрегі елжіреген әке махаббаты, екі көзден аққан қанды жас бар.

Халық қаһарының қолбасшысы мерт болып бара жатқанда Байеке (Баймағамбет) секілді жендеттер ер-азаматты өлтіргендері үшін қандай шен тағып, қандай шекпен киетіндерін ойлап, көңілдері күпті, тірідей қолға түсірмек. Исатайдың соңғы лебізінде қайғы, өкініш жоқ, келешекке деген зор сенім, өршіл оптимизм басым.

Ілиястың «Исатай-Махамбет» трагедиясы әлі ешбір әлеуетті әдебиетші, сарабдал сыншы, орнықты зерттеуші назарына ілікпеген соң, шала-жансар, жүрдім-бардым, шикілі-пісілі пьесаларға үшкіріп дем салып, жан бітіріп, арсы-күрсі спектакль жасап жүрген кейбір пысық режиссерден не қайыр, не үміт?!

Қазақ театрының талантты сыншысы марқұм Қажығұмар Қуандықов кезінде «Исатай-Махамбет» трагедиясы туралы көпшілікке жар салып, ағынан жарылып, екі мақала жазып еді («Театрда туған ойлар», А., 1972, 51-56-беттен). Оған құлақ асқан кісі болған жоқ.

Абзалында Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» трагедиясы өмірлік фактілерінің дәлдігі, оларды сұрыптауы, кейіпкерлерді даралауы, драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы – жалпы маңызы жөнінен осы тақырыпқа арналып бұрын-соңды жазылған, М. Ақынжановтың «Исатай – Махамбет», Ғ. Слановтың «Махамбет», Б. Аманшиннің «Жақия» пьесаларынан шоқтығы биік туынды десек, бұл – ұлы ақынның аруағы алдында бас ию емес, шығарманы нақты анализ жасаудан туған дәлелді тұжырым, әдеби дамудың шындығы.

Қай жазушының болмасын талантын қалыптастыратын оның өскен ортасы, алған тәрбиесі, білімі, өмір жолдары. Әсіресе, жас күнгі әсер, балғын шақтағы сезім тайға басқан таңбадай із қалдырады. Ауызекі айтылған бір сөз, әлдеқандай көрініс, ұсақ деталь, кей адамдардың портреті, мінезі, айтқан әңгімесі, дәл сол естіген, көрген сәтте елеусіздеу болғанмен кейін уақыт озған соң қайта жаңғырып, өзгеше қырымен көрініп, қаламгер санасында көркемсурет тудырады. Бұл құбылыстың өз бастарынан өткендігін Лев Толстой да, Максим Горький де, басқа да көптеген шығармашылық адамдары әр кезде айтқаны белгілі.

Абай дүниеден көшкенде Мұхтар жеті жасар бала, ата-ана бауырындағы тентек. Әрине, бойындағы табиғи дарынымен Әуезов Қазақстанның қай бұрышында туса да жазушы болып шығатыны сөзсіз еді, бірақ оның Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы ақын Абаймен жерлес болуы шығармашылық тағдырында айрықша қызмет атқарған фактордың бірі.

Шығыс әдебиетінен жақсы хабардар, көзі ашық, ғұлама, шежіре атасы Әуездің қадағалауымен Абай өлеңдерін ес білгеннен жаттау бала Мұхтардың сөз қасиетін, өлең қадірін ерте білуіне зор ықпал еткен. Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным Әуездің қарындасы, сондықтан Абай аулымен Омархан аулы қазақ әдетіндегі жиендік-нағашылық реттегі қарым-қатынасты көп жасайды. Мұхтар Абайдың кенже ұлдары Тұрағұл, Мекаилдардың өкшесін басып ер жете бастайды.Әйгерім, Еркежан, Кәкітай, Көкбай, Қатпа, Баймағамбет, Шәкәрім – бәрі де Абайдың тірі көздері еді. Осылардың қайсысы болсын ұлы ақын, алып жүректі азамат, қамқор әке, ойшыл ата Абай жайындағы хикаяның бұлағындай. Мұхтар Семейге оқуға он бір жасында барады, бірақ ол демалыс кездерінде айлап келіп Шыңғыстауда жататын болған. 1922 жылы Ташкентке, одан Ленинградқа кеткенге дейін Мұхтардың туған аулымен байланысы бір елі де алшақтамайды. Мұхтар Абай аулына күйеу, ол Мағауияның қызы Кәмешке үйленіп, артынан ажырасып кетеді.

Бұл деректер, жеке фактілер қазақ әдебиетінің болашақ тарихы үшін зор роль атқарған жайттар еді. Жомарт табиғат ұлы Абай туған жерге тағы бір ұлы талант беріп, соның ұғымтал жүрегінің алдына данышпан бабасының өмірін жайып тастай салған. Зор мағыналы, үлкен тірлік кешкен Абай туралы нақты әңгімелердің, болған оқиғалардың ізі әлі суымай жатып, дәлелді, шын қалпында жас суреткер зердесіне құйылды. Білім қуып, қоғамдық қызметке енді араласа бастаған Мұхтардың дәл сол жылдарда болашақ шығармасының өмірлік материалдары дариясында жүзіп жүргенін білмеуі де мүмкін.

ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамына Абай сынды данышпан ақынның өзі қалың елге түгел таныс емес-ті. Петербургте 1909 жылы кітабы басылғанға дейін Абай аты Шыңғыстаумен көршілес елдер Арғын, Найман, Керей руларының арасынан алысқа ұзап шыға алмады. Қайта, оған қарағанда, Мекеде тақия (мінәжат етуге барған мұсылмандар жататын үй) салғызған Құнанбай қажы есімі мәшһүр еді.

Көзі қарақты адамдар Абай атын біртіндеп біліп, шығармаларымен танысып, ризалық көңілмен оған жекелеген жыр арнай бастайды. Т. Жомартбайұлының «Замандастарға жауап» (1912 ж.), Б. Айтқожаұлының «Абай қандай?» (1915 ж.), С. Дөнентаевтың «Абайға» (1918 ж.) деген өлеңдері ұлы ақын жайлы баспа жүзін көрген алғашқы шығармалар. Бұлардың көркемдік дәрежесі, идеялық қазығы әр деңгейде, бірақ әдеби факті ретінде қымбат, қызық. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов мақалалары басылды. 1937 жылы Мұхтар Әуезов болашақ романының бір тарауы «Татьянаның қырдағы әнін» жариялағанға дейін Абай туралы көптеген арнау өлеңдері жазылғанымен, көлемді шығарма туған жоқ.

Әуезовтің Абайды тануы әуелі өлеңдерін жаттау, Шыңғыстау еліндегі әңгіме-аңыздарды тыңдап жадыға тұту, жор-жолдас, ағайын-туыс, көз көргендермен әңгімелесуден басталып, бірте-бірте зерттеушілікке ойысады. Абай дүние салған кезде Семей географиялық қоғамның хабаршысында жарияланған некрологтан соң, 1909 жылғы Абайдың кітабының тұңғыш басылуына Кәкітай жазған өмірбаяннан кейін Абай туралы үлкен сөз «Абай» журналының бетінде айтылды.

Бір мақала «Абайдың өмірі және қызметі», екінші мақала «Абайдан кейінгі ақындар» деп аталады. Қол қойған – Екеу. Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтикалық мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалады.

Мұхтар «Абай» журналына белсене қатынасып, әр түрлі тақырыпқа өндіре мақала жазған. Журналдағы Абай туралы мақалалардың авторының бірі – Мұхтар сияқты. Бір номерде бірнеше материал жүргендіктен ол кейде «М.Ә.» деп, кейде, «М.» деп қол қойған. Бұған қоса Әуезовтің «Айғақ», «Арқалық», «Қоңыр» «Жаяу сал», «Арғын» деген псевдонимдері белгілі. Ол бірталай әңгімелерін, мақалаларын, өзі жинаған фольклор нұсқаларын жасырын аттарымен жариялай беретін болған. Бұл жайт жиырмасыншы жылдардағы қазақ қаламгерлерінің бәрінің де басында бар.

«Екеудің» бірі Әуезов дегенде, біздің тиянақ тұтар дәлеліміз – мақалалардың стилі. Мұндағы көптеген сөз кестелері, тіл орамдары, тұтас тіркестер Мұхтарға хас болып келеді. Пікірлер, ойлар, пайымдаулар, көптеген сөйлемдер кейін Мұхтар аты-жөнін көрсетіп жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай ақындығының айналасы» деген еңбектерінде қайталанады. Автор саналы түрде қайталап, бұрынғы ойларын тереңдете, айқындай дәлелдей түскен секілді.

Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Абай төңірегіндегі көп шудың, кейде әдеби талас арнасынан шығып кеткен даңғаза даудың ішінде, әрі тарт, бері тарт айтыстың арасында Мұхтар Әукезов мақалалары өзінің бірталай қасиетімен оқшау көрінеді. Абай поэзиясының әлеуметтік мәнін ұғынуда Әуезов кейде олқы соқса да, томаға тұйықтыққа түсіп кетпейді.

Ең алдымен, Әуезов жиырмасыншы-отызыншы жылдарда Абайдың ғылыми өмірбаянын жасады. Пушкин орыс әдебиеті үшін қандай қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғанын орнықты дәлелдеп берді. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық мәдениетінің ер жетуіне абай жасаған шығармалардың қаншалықты әсері барлығын көрсетеді. Абай поэзиясы ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланыста қарастырылды. Бұған қоса, Әуезов ел аузынан Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жинап, әуелі журналдарда бастырды да, 1933 жылы тұңғыш толық жинағын шығарды.

Творчестволық қадамы 1917 жылы басталған әуезов публицистика, проза, драматургия салаларымен қоса әдебиеттану, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар жүргізеді. Қырқыншы жылдарға дейін, әсіресе, Абайдың өмірін, шығармашылығын туған халқына жеткізу жолында басқа ғалымдармен бірге Мұхтар Әуезов мол еңбек етті. Айрықша белсенді еңбек етті.

Бала күнінен бергі өзіне ет жақын стихия, сол объектіні жиырма жылдан астам зерттеу бірте-бірте Әуезовтің Абай туралы шығарма жазу ниетіне алып келеді. Бұл өзі аса күрделі, ерекше қат-қабат шығармашылық құлшыныстан туған шабыт. Тегінде фактілерді білу, тарихқа қанық болу бар да, бұған қоса, ең бастысы, тақырыппен іштей бауырласу, үнге үн қосу бар ғой.

Сірә, Әуезовтің Ташкентте «Шолпан», «Сана» журналдарын шығарып жүрген кезінде, Ленинград университетінде оқып жүрген кезінде, шаршап бір демалған шағында Шыңғыстаудың қалың қатпар, сұлу қойнаулары, маң жазық, арда биік, қасқа бұлақтары көз алдына елестеді ме, кім білсін?

Солтүстіктің ақ түнінде, Нева жағасында қыдырған уақыттарда қыр ұлының есіне алтыбақан, ақсүйек ойындары түспегеніне кім кепіл?!

«Соғыс пен бейбітшіліктегі» аң аулау сценаларын оқығанда, сонау бір қыста өзінің де Шығыс сыртында, Бақанас өзені бойында салбурынға барғандағы қызық оқиғалары жадына қайта оралып, аңшы жігіттердің мінездері, қылықтары, сөздері бәз қалпында тірілгенде, Мұхтар ұзақ ойланып қалмады ма екен?

Бәрінен де «Соқтықпалы соқпасыз жерде өскен, мыңмен жалғыз алысқан» Абай, Абай тағдыры ойландырған шығар.

Қараңғылықтың қапас түнінде лаулап жанған шамшырақ – Абай бойына қазақ халқының небір асыл қасиеттері, армандары, идеялары ғажап келісіммен ұялағандай. Абай туралы жазу – қазақ халқының ары туралы жазу еді! Салқар көштей ұзақ тарихтағы самаладай жарық жұлдыз туралы жазу болатын. Материал жинау, объектіні білу қиындығы бір төбе, Абай сынды интеллектуалды адамды көркем шығармада бейнелеу үшін, алдымен, автордың таланттылығының үстіне зор биік мәдениетке жетуі, ғылымның көп саласынан хабардар болуы, бір сөзбен, төрт құбыласы тең болуы шарт еді. Отызыншы жылдардың аяғында Мұхтар Әуезов барлық жағынан толысып, өмірдің өріне беттеген. Бір жағынан – қуаныш рақат, бақыт, екінші жағынан мұң, қайғы, жапа оның өз басына жеткілікті болатын. «Соқтықпалы, соқпақсыз» өмірді Мұхтар да кешкен-ді. Сондықтан Әуезовтің рухани дүниесінің байлығы, шеккен мың сан күйлерінің қалыбы оны Абай өмірін шығармаға арқау етуге беттеген күштердің бірі деп білуіміз ләзім. Әуезов Абай өмірі жайлы шығарма жазу тақырыбымен өртене сүйген ер жігіттің ғашығына деген ыстық махаббатындағы жалындай құштарлық сезімімен емірене табысты.

Шығыс, батыс әдебиеттерін жетік білетін, Ленинград университетінің түлегі Мұхтар Әуезов пен мәдениетті орыс семьясынан шыққан, бұрынғы флот офицері Леонид Соболевтің достығы иықтас, деңгейлес, пікірлес адамдардың арасындағы мағыналы, аяулы достық боп бекіді.

Екі әдебиеттің екі үлкен жазушысы бірігіп, «Қазақ әдебиетінің очерктері», «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген ғылыми еңбектер жазды. Бұған қоса, Соболев Москвада шыққан «Қазақ әдебиетінің антологиясын», Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен поэмалары жинағын редакциялады.

М. Әуезов пен Л. Соболев арасындағы шығармашылық достықтың тамаша жемісі олардың 1939 жылы бірігіп жазған «Абай» трагедиясы. Пьеса қазақ академиялық драма театры сахнасында 1940 жылы қойылды. Шығарма орыс тілінде 1941, 1944, 1948, қазақ тілінде 1950, 1960 жылдары жарияланды.

Қазақша басылған екі нұсқаның арасында ешқандай айырма жоқ, олар дәлме-дәл келеді. Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінің архивында «Абай» трагедиясының үш түрлі нұсқасы сақтаулы тұр: 102-103 санды папкада Әуезовтің өз автографы бар, 99-100 санды папкалардағы нұсқалар латын әрпімен машинкаға басылған.

Осылардың ішінде ғылыми жағынан ең бағалысы 102-103 санды папкадағы нұсқа. Бұл Әуезовтің жартылай сұр, жартылай қоңырқай қағазға бастан-аяқ қара қарындашпен араб әрпімен жазған «Абай» трагедиясының автографы. Әр бетте, әр жерде сиямен өзгерткендері бар. Қызыл қарындашпен қысқартулар жасаған. Қолжазба 94-бет.

Алғашқы беттегі: «Абай» 4 акт, 7 суретті трагедия. Алматы – Мәскеу. 1939 ж» деген жазудан соң, оқиғаға қатысатын адамдардың аты-жөні, жас шамасы келеді. Бұл қысқа мінездемелер баспасөзде жарияланған нұсқалардағы қалпымен, негізінен бірдей. Айырмашылық мынада: қолжазбада пьесаның жарияланған нұсқасындағы Әйгерімнің орнына Еркежан, Оразбайдың орнына Ерден, Долговтың орнына Долгополов алынған.

Пьесаның қазақша баспасөзде жарияланған нұсқасында қолжазбадағы айтылмыш қаһармандар аты неге өзгертілді? Алдымен Еркежан жайлы. Еркежан – Оспанның бәйбішесі. Күйеуі өлген соң әмеңгерлік жолымен інісінің орнын баспақ болған қайнағасы Тәкежанға көңілі толмайды. Абайдан өз басын кепілдікке алуды өтінеді. Сұлу, қылықты, мінезді, көзі ашық Еркежан тіршілікте Абай үшін көп жақсылық жасаған адам. Байсалды, жарасты көңілмен кейін олар ерлі-зайыпты өмір сүрген, Абай басындағы бұл тарихи жайт «Абай жолы» эпопеясында көрсетілмейді.

Әуезовтің ұлы ақын, данышпан Абайдың образын жасау үшін өмірлік жеке фактілерді типтендіру заңына сәйкестендіре сұрыптауға қақысы бар еді. Пьесаның қолжазбасындағы Еркежан мен жарияланған нұсқадағы Әйгерімнің аттары ғана бөлек, олардың оқиғаға қатысы, басқа қаһармандармен байланысы, айтатын сөздері, монологтары бір. Басты мақсат – Абайдың өмірлік жарының бейнесін жасау болған.

Ерден – оразбайдың да аты екі түрлі болғанмен, бұлар да бір-ақ қаһарман. Айдаудағы революционер Долгополовтың фамилиясын Долгов деп өзгерту бұл образды нақты бір адамның дәлді портреті емес, Абайдың орыс достарының жинақты бейнесі екендігін көрсетуден туған.

Пьесаның қолжазба тексі мен жарияланған тексінің арасында кереғар, үлкен алшақтық жоқ десе де болғандай. Төрт акті бойында өтетін оқиғалар, қилы ситуациялар, қаһармандардың бір-бірімен қарым-қатынасы, пьеса сюжетінің жалпы желісі, конфликтінің өрбуі, қаһармандардың сөздері, тұтастай алғанда, қолжазба мен пьесаның жарияланған нұсқасында ыңғайлас келеді. Айырмашылықтар қандай?

Қолжазбадағы бірқыдыру диалогтар, кей көріністер кейін пьесаға енбей қалған.



Қолжазбада

Жиренше. Ей халайық! Тобықтыда Қабекеңнен артық кім туып еді? Қатын-балам сиынса соған сиынбаушы ма еді? Ер атаулының аузындағы ұраны сол емес пе еді? Қашса – сақтайды дейтіні, қуса – жетеді дейтіні сол емес пе еді? Табынғаның сол ма дейсің ғой? Иә, сол. Ал, сен айтшы осы! Сен кімге табынған жансың өзің?

Абай. Мен атамның ғана ұлы емеспін. Адамның ұлымын. Менің табынғаным – адамшылық. Бірақ оның түбін сен ұғып жатқан жоқсың. Қасиетті бабам дейсің ғой, ей. Жиренше, топырағын тауап қыласың ғой. Ендеше, сол Кеңгірбай сонау қатал жазасын жұдырықпен шешіп пе еді, жүгінісіп кесіп пе еді? (Жиренше үндемейді.) Айт деймін!

Кітапта

Жиренше. Ей, халайық! Тобықтыда Қабекеңнен артып кім туып еді? Қасиетті бабам емей кім еді?

Абай. Қасиетті бабам дейсің ғой, ей. Жиренше, топырағын тауап қыласың ғой. Ендеше, сол Кеңгірбай сонау қатал жазасын жұдырықпен шешіп пе еді, жүгінісіп кесіп пе еді? (Жиренше үндемейді). Айт деймін!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет