Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет9/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29

Басына күн туып, зорлық құрығы мойнына енді түскелі тұрса да, Дәмеш Ғазизбен жүре беруден бірден бой тартады. Өзі үшін арандап қалған ағалары Төлеш, Демеужандардың жағдайына қарайды. Салиқалы ой, сабырлы мінезімен өжет қыз жігіт жүрегіндегі махаббат сезімін бұрынғыдан бетер күшейткендей болады.

Сюжеттің табиғи түрде өрістеуін құптай отырып, Әуезов «Бәйбіше-тоқалдағы» кейбір көріністерді контраспен береді. Ғазиз бен Дәмештің жолығысуынан кейін Аманбайлар қызды алып қашу үшін келеді.

Екі көріністегі драмалық ситуацияның, жағдай күйінің контрастылығына қоса, образдардың өзі кереғар.

Трагедияда комедиялық образдардың болуы, комедиялық ситуациялардың, сценалардың орын алуы – шығарманың көп үнділігін ұлғайтатын компоненттердің бірі. Шекспирдің «Король Лирі» мен «Гамлетіндегі», Горькийдің «Егор Булычев және басқаларындағы» комедиялық ситуациялар бұл туындылардағы трагизмді тереңдетіп, қомақтандырып көрсетуге қызмет етеді. «Бәйбіше-тоқалда» Әуезов бұл тәсілді төселе меңгеріп кетпесе де, бір қос жақсы пайдаланады.

Драматург әрекетті көрініспен Аманбайды қаз-қалпында көз алдыға әкеледі. Бұл орайдағы негізгі құрал – Аманбайдың басқа қаһармандарға мүлде ұқсамайтын, өзіне ғана тән, айрықша сөздік сипаттамасы. Сезім толқындарына түсіп тебіренбеген, бір нәрсені тәптіштей ойлап қиналмаған, адамдар арасындағы аса күрделі қарым-қатынастан мүлде бейхабар, тірлік тартысы, өмір күресінен әлі шет, дәулетті әке Байсалбайдың бауырынан шықпаған Аманбайдың күйкі қалпы күлкілі ситуацияда комедиялық сатирикалық планда алынады. Бірақ драматург бұл образды карикатураға айналдырып жіберуден аулақ, табиғи кемерде, өзіне шақ қимыл жасатады, сөз сөйлетеді.

Дәмешті алып қашпақ болып, топ сайлап келген Аманбай қоян жүрек қорқақ. Қасындағы жігіттері бұдан именбейді, қайта ездігін, ақылсыздығын бетіне басып, ажуалап, мазақ етеді. Өзінің шама-шарқын сезінбеу Аманбайды комедиялық жағдайда ұрындырады. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған Аманбайдың «Е… Е… Табылмайды дейсің бе?» – деп жалған көкірек керуі еріксіз күлдіреді.

Әйелге деген қисық көзқарас дүниесінің моралі Аманбай секілді күйкі жанның өзінің мұрнын шүйіртеді. Оның сәулесіздігін, бір нәрсені байыптай, ойлай алмайтығын драматург өте сәтті ашқан. Қараңыз.

1 жігіт. Қайтерсің бұны енді? (Етегінен басып отырғызып) қопаңдамай отыршы өзің! (Тым-тырыс.) Ой, Қуатжан біле ме екен осыны?

Аманбай (жалтақтап). Қуатжан дейсің бе? О да білген –ау деймін.

11 жігіт. Оны қайдан білдің дейсің бе? Бағанағы келген кісі Қуатжан сәлем айтты(жалтақтап) бүгіннен қалса қыздан айырыламыз деп айтты деді ғой. (Күзетші алыстан айтақтайды. Аманбай шошып тұра жөнеледі. Бірінші жігіт етектен тартып жібермейді.) Жүріңдерші, ой, жүр қатыныңның керегі жоқ! Әбден тіпті…

Аманбайда логика жоқ. Ол шешіліп сөйлеп кетуге шорқақ. Сондықтан жауап берер алдында қарсысындағы адамның сөзін ести алмай қалған кісіше қайта сұрайды. Құлағы сау адамның бұлай жасауы, бір нәрсені ежіктеп қайталауы қалыпты жағдайдан оғаш, сондықтан күлкі тудырады.

Тұрлаусыздық, басқаның сөзіне аяқ астынан еліге салу, байыпқа бармай қойып қалу – Аманбай мінезіне хас қасиеттер екенін оның Қайшамен кездескендегі сөздерінен де көруге болады. Бұл жерде Қайша сырын бүкпейді, Дәмешті жөнелтіп жібергелі жүргендігі бар ниеті – бәйбіше балаларының бойын өсірмеу, көктей солдыру.

Қайша үнемі өзіне тән табиғи арнадан табылып отырады. Әдейі әзіл үшін екі жігіт Аманбайды шүйлеп, Қайшаға қарсы салады. Ақылсыздығы, топастығы өздеріне мәлім жанды ажуа ету олар үшін үйреншікті нәрсе сияқты. Сөз сыңайларына, пікір өткірлігіне қарағанда,бұл екі атқосшы жігіт Аманбайдан көш ілгері. Сезім бірлігі, құштарлық жалыны қауыштырған екі жас Ғазиз – Дәмеш махаббатына Аманбайдың тас лақтыруы, Дәмешті көрген сәттегі Аманбай аузынан шыққан сөздердің жасандылығы, оның сасып абдырауы – тағы да езу тартқызар деталь.

Іштей ыза кернеп қыстығып, Қайшаға тісін басып жүрген Төлеш, Демеужандар ұрлықтың үстінен түседі. Осы жерде Қайша тағы соққыға жығылады. Бұл оқиға – оның барлық күш-қуатының, ашуының, тегеурінінің сыналған жері. Бұдан әрі шығармадағы тартыстың басқа желілері екінші қатарға кетіп, алдыға бәйбіше балалары мен Қайша арасындағы тартыс шығады.

Әбділдә аулына көшіп келген Төлеш бұрынғы бұйығы, жұмсақтық қалпын тастап, батыл қадамға көшкен. Әкесі Есендіктің аулынан барымталап мал алып келуі оның характеріндегі түрлі соққылар әсерінен туған өзгерісті аңғартады.

Тартыс шешімі жақындады. Әбділдә, өзінің түптеп келгенде, Төлештерді партиягершілік күресінде құрал етіп, пайдаланып отырғанын жасырмайды. Ғазиз бен Төлеш арасына от тастап, алғашқысына өтірік пейіл бергендей болады. Баяғы опасыздық!

Шығармадағы сюжет аясына сай әрбір характер бой көрсетті. Әуел баста күндестік пәлесімен уланған, одан кейін топ таласының сұмдығы жүйкеге құрт болып түскен, ақыры Дәмеш тағдыры тұсында тоқайласып қалған Қайша – Төлеш арасының бітім таппай ширығуының соңғы кезеңі бұл қаһармандардың тікелей өздерінің сахнаға шығуы арқылы кескінделмейді.

Күләш пен Дәмештің үзік-үзік, қысқа қайрылған, көбіне жалыну, жалбарыну, шошу, үрейлену сезімдерін бейнелейтін диалогтары сахна сыртындағы тайталас, керістен жақсы хабар беріп, қысылшаң кезді дәл сипаттайды. «Құдай-ай», «тәңірім-ай», «сәулем-ай», «жасаған-ай», «ойбай-ай», «бауырым-ай», «ақсарбас» деген сөздердің үсті-үстіне қайталануы қорқыныш сәтіндегі психологиялық хәлді дөп көрсетеді. Бұл – қанды уақиғаның қаралы атмосферасы.

Қайша мен бәйбіше балалары ортасындағы әбден асқынған конфликтінің Төлеш өлімімен бітуі – оқиғалардың характерлерге, характерлердің оқиғаларға әсер етуі арқасында пісіп-жетілген заңды да табиғи трагедиялық шешім.

«Қорғансыздар» атты мақала – «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы туралы алғаш жазылған еңбек. Автор пьесаны қолға алмай тұрып, әуелі сынның жалпы міндеттерді, әдебиетте алатын орны туралы салмақты, құнды пікірлер айтады.

«Жолдастық міндетін әдебиет сыны атқарады. Бұл сынның әдебиетке жол көрсетіп, жол сілтеп ақылшы болып отыруы жөніндегі міндеті болса, сынның екінші бір зор міндеті бар. Ол мінтет, бізше, әдебиет азығын қауымға сіңіру болмақ», - деп келетін тұжырымдардан Даниалдың (Ысқақов – Р.Н.) талғампаздығы, интеллектуалдық өресі аңғарылса керек(«Сана», 1924,№ 2-3, 98-б.). Бұл қасиеттер оның зерттеуін жиырмасыншы жылдардағы көптеген қара дүрсін мақалалардан әлдеқайда жоғары қояды. Әдебиет тарихындағы маңызын күшейтеді.

Сыншы «Бәйбіше-тоқал» трагедиясындағы тартыс себептерін, партиягершілік зардаптарын, Бейсенбі, Әбділдәлар табиғатын дұрыс танытады.

«Бәйбіше- тоқал» трагедиясының қазақтың ұлт театры сахнасында 1926 жылы 7 қаңтар күні қойылуына орай «Еңбекші қазақ» газетінде Ысмағұлдың (Сәдуақасов – Р.Н.) рецензиясы басылды. Мұнда пьеса мазмұны айтылады., артистер ойыны сөз болады. Трагедияның екі олқылығын автор дұрыс көрсеткен: бірі – сахналық қимылдың кемдігі, екіншісі – кей көріністің созалаңдығы(«Еңбекші қазақ», 31.1.1926).

«Бәйбіше-тоқал» алғаш рет жеке кітап болып 1923 жылы жарияланды. Екінші рет 1960 жылы «Қараш-Қараш» жинағының ішіне енді. Бұл екі нұсқаны салыстырып көргенде, түбірлі, улкен айырымның жоқтығына көзіңіз жетеді.

Бір қызығы «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» трагедиялары сияқты толып жатқан өзгерістерге, стильдік жаңғыртуларға түспеген, алғашқы қалпын сақтаған.

Екінші басылуында алғашқы нұсқадағы Кәрім деген қаһарман мен Ғазиз арасында болатын әңгіме (ІV пердедегі екінші көрініс) алынып тасталған. Төлеужанның Дәмеш пен Ғазизді қосу туралы өлім аузында жатқанда айтатын тілегі қысқартылған. Бұдан басқа өзгеріс жоқ.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясының бір олқылығы жағымды қаһармандардың белсенді, екпінді әрекет арқылы кең өрісте көріне алмағандығын бұдан бұрын айтқанбыз.

Шынында, жас толқынның көш басшысы есепті – Ғазиз Дәмешпен оңашада жолығысқаны болмаса, айқасты тартыстың тас босаға, тар кезеңінде басқа қаһармандармен бетпе-бет келмейді, күрес додасына түспейді, қайта оған қарағанда, Дәмеш характері неше тарам тартыс ауқымында еркін ашылады.

Трагедияның 1923 жылғы басылуындағы ІV пердедегі екінші көріністе бір-ақ рет сахнаға шығатын Кәрім – ел сайлауына қаладан келген нұсқаушы. Сөз сорабына қарағанда Ғазиздің танысы. «Партисы жоқ ел бар деймісің? Қыр тұрмысында біреудің жуан деген айғырлығы қалмай, біреудің жіңішке деген жалтаң көздігі қалмай, елдің бәрі бірдей түсінген харакет кәсіп болмай, байға кедейдің көз сүзіп тұратын телміргіштігі қалмай, партия тыйыла ма? Жалғыз-ақ осы партиядан оқығандар аман болсын десеңізші», - дейді Кәрім.

Бұл жерде ол трагедиядағы барлық қаһармандар шырмалған торға бой алдырмай, биік өреден табылып отыр, партияшылдық, билікке таласу пәлекетінің түп негізі – жуан, жіңішке, бай, кедей болып жіктелуде екендігін ұғынған сөз.

Жалғыз бұл емес, Кәрім Ғазизбен ауызекі әңгіме үстінде тағы да бірталай пікір айтады: патша заманында барып жеткен жері парашыл төрелердің босағасы болған, партиягершілдік таласында сұм-сұрқия жолға түскен оқығандарды сынайды. Бірақ бұлардың бәрі драмалық әрекет арқылы берілмеген, Кәрім – драматург идеяларының рупоры ғана. Оның шығармаға көлденеңнен қосылған, негізгі конфликт арнасына мүлде тартылмай қалған қаһарман екендігі «Бәйбіше-тоқал» туралы жазылған алғашқы сындардың өзінде дұрыс айтылған еді. Драматург бұл идеялық жағынан әжептәуір маңызды сценаны көркемдік тұтастыққа нұқсан келтіретін болғандықтан, пьесаның 1960 жылғы басылуына әдейі қысқартқан.

«Бәйбіше-тоқалда» Әуезов бір отбасы ауқымындағы трагедияны күні өтіп бара жатқан заман трагедиясы ретінде суреттеді. Автор тығырықтан шығар жолды анық айта алмаса да, революциядан бұрынғы қазақ өмірінің бір қыртысын қопарып, сыншыл рухтағы реалистік трагедия жасады. Бұл – жас драматургтің «Еңлік-Кебектің» алғашқы нұсқасына қарағанда, біршама ұзаған өрісін, қатайған қанатын , орныққан талантын көрсететін екінші шығармашылық жеңісі болатын.

«Қарагөз» трагедиясының алғашқы нұсқасының жазылуы, әдеби сында бағалануы, кейінгі тағдыры деген мәселелердің басын топтап, жинақтап ойланған кезде, ең алдымен, уақыт талабы, дүниетаным және шығарма проблемасы толғантады.

Әр заманда, әр дәуір сол кезеңдегі өнерден өз келбетін, өз рухын, өз жүрегінің дүрсіл тынысын, қан тамырының бүлкүлді ағысын көруге құштар. Өмір мен өнер орайындағы бұл сабақтастықты ешбір суреткер аттап өте алған емес. Тарихтың жабылып кеткен көне беттерін ақтарып, соларды шығармасына тиек қылған жазушының өзінің мақамынан, ұқтырмақ, ұсынбақ мұратынан оның дәуірмен қаншалықты етбауырлықта, үндестікте екенін аңғару қиынға соқпайды. Рас, шығарманың салмағын, құнын тек географиялық орта, жылдар шекарасы айқындамайды. Шекспир дат принці туралы алыс замандар аңызынан құдіретті «Гамлетті» тудырса, Пушкин белгілі бір фактілер іргесінен өрістетіп «Борис Годуновты» жазды ғой.

Астары мен қатпарын етене білетін төңкеріс алдындағы қазақ өмірін Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясына арқау етуі драматургтің өзінің суреткерлік ыңғайына орайлас келді.

Пьеса 1926 жылы Қазақстан халық коммиссариаты драма театры ашылу қарсаңында жариялаған бәйгеде бірінші сыйлық алып, сол жылы кітап боп басылды, театрда қойылды.

«Советская степь» газеті: «Пьеса жаман ойналған жоқ және көрермендер арасында табысқа жетті», - деп жазды («Советская степь», 27.ІІІ. 1927.) «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақала пьесаның театр сахнасында 1927 жылдың 5 желтоқсан күні қойылуын сөз етеді.». «Қарагөз» пьесасы сахнада ойналып тұрғанда, қазақтың ескі салты, өзінше болған салтанаты, сері жігіт, ерке қызы көз алдыңа елестейді. Тек бұл қазақ халқының ескі өмірін суреттеп, тприхи өмірден ұмтылмас із қаодырған күйін ғана ескертемін», - дейді автор.(«Еңбекші қазақ», 7.ХІІ.1927.).

Сыншы Қарагөз болып ойнаған Зура, Сырым болып ойнаған Құрманбек, Нарша болып ойнаған Иса, Серінің жолдастары болып ойнаған Қалыбек, Әміре шеберліктеріне аз-кем тоқталады. «Көшенің батпағына қарамай, халық көп жиналды. Әрдайым жұрт осындай жиналып отыру керек», - деген жолдар, бір жағынан езу тарттырса, екінші жағынан, жиырмасыншы жылдардағы қазақ театр сынының деңгейінен хабар береді.

«Жыл құсы» жинағында басылған мақаласында Жұмабай Орманбаев «Қарагөз» трагедиясы туралы орынды-орынсыз көптеген пікірлер айтты. Автор өкінішке орай, байсалды түрде ой толғап баға беру есесіне пышақ кесті үкім айтуды ұстанатын әдебиеттегі тұрпайы социологизм арнасына тсіп кетті. Сол сияқты Тоғжановтың «Сын және әдебиет мәселелері» кітабында да «Қарагөз» трагедиясы объективті бағаланған жоқ.

Мұхтар Әуезов «Қарагөз» трагедиясының бірінші нұсқасын қаламгерлік сапарда бірқыдыру тәжрибе жиған, қазақ әдебиетінің тұрақты қорына қосылған әлденеше әңгіие, «Еңлік – Кебек» (бірінші нұсқасы), «Бәйбіше-тоқал» пьесаларының авторы болған шағында, Ленинград университетінде оқып, дүние жүзілік әдебиеттің мөлдір қайнар, жалпақ айдындарында сусындап жүрген кезінде жазды.

Рас, Мұхтардың олқылықтарын жиырмасыншы жылдардағы кейбір сыншылар көзге түртіп, басқа соққандай етіп айтты, тіпті өсіре, өрбіте, дабырайта айтты. Бірақ олардың ешқайсысы да үлкен таланттың шығармашылық іздену ұмтылысындағы эволюцияны көрсетіп бере алмады.

Сол тұстағы білікті сыншы Ғаббас Тоғжанов: «Мұхтардың «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесіндегі», «Қарагөзіндегі» әйелдерін алыңыз – бәрі де тұрмыста болмаған, ойдан, қолмен жасалған адамдар», - деп жазды.(«Әдебиет және сын мәселелері», 1929, 159-бет.) Пікіріне айғақ келтірмей, байлауын дәлелдеуді қажет қылмайтын аксиома ретінде ұсынды. Айтылмиаш екі әңгіме көркемдік шеберлігімен, өмірдің бір кесегін қаз-қалпында реалистікпен бейнелеуімен бүгінгі оқушының өзін таң қалдырды. Әлденеше рет қайталап оқысаң да ортаймайтын, қайта жаңа сипатпен құбылып, үстеле түсетін мол әсер аласың. Ол әңгімелер алғаш жазған қалпынан өзгертілген жоқ, бұрынғы күйі.

Пьесаны сынаушылар, ең алдымен, тақырыпты драматургтің бетіне мін етіп басты.

«Қарагөз» трагедиясының бірінші нұсқасы кездейсоқ, көк жасық туынды емес, бұл шығарма тақырыбымен, көркемдік ерекшеліктерімен, идеясымен, бар бітімімен Әуезовтың жиырмасыншы жылдарда жазған сыншыл реалистік әуендегі әңгімелері мен пьесаларының ден ортасында тұрады.

«Еңлік-Кебектің» бірінші нұсқасында автордың өзі оқушыға арнап жазған сөз басы, ал «Қарагөздің» бірінші нұсқасында пролог бар. Сөз басы да, пролог та пьесалардың мазмұнына органикалық түрде кірігіп, біртұтастықпен қиысып тұрған жоқ. Ендеше драматург оларды неге берген? Құлақ күйі іспеттес беташар драматургиядан бейхабар қауымға сахналық шығарма тосын, жат көрінбеу үшін әуелі қара сөзбен түсіндірме, кіріспе тәрізді нәрсе айту қажеттілігінен туған болуы керек. Рас, «Еңлік-Кебектегі» сөз басы, «Қарагөздегі» пролог Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңіндегі дүниетаным күрделілігін айқын көрсететін материалдар.

Суреткер талантының рухын ескеріп, шығарманың тууына себеп болған объективті, субъективті жайттарды бағалау, өнердің өмірді көрсетудегі ерекшеліктерін жадында ұстау тәрізді көркемөнердің түпқазық шарттарын ұмыту жиырмасыншы жылдардағы кейбір сыншылардың қолына тұрпайы социологизмнің тақ-тұқ таяғын ұстатты. Олар шығарманың көркемдігі, шеберлігі деген мәселелерді мүлде ескермей, андағайлап, бетке ұрып тұрған идеяны іздеді. Осындай позициядағы сыншы үшін «Қарагөздің» бірінші нұсқасындағы прологтың сұмдық болып көрінуі бізді таңдандырмайды.

Бір беттен сәл асатын бұл прологта не айтылушы еді? Әуелде сахнаға ақ сақалды, ескі пішінді, үстінде кестелі тоны бар шал шығып, бір қолына қобыз, бір қолына сыбызғы ұстап тұрып үн қатады. Алдыға: «Бұлаң жігіт, ардагер, кер марал, ерке тоты шығатынын», - айтады.

Ол аса бір соққан желдей,

Алыста сары белдей.

Арқаның ақ төсінде

Ақ айналы көлдей,

Толықсып аққан селдей,

Шырқап кеткен келмей,

Алыстағы асқардай.

Алқынсаң да келмейтін аршындап өткен заман ғой, - деп бұрынғы күндерді қолпаштай, дәріптей сөйлеп шалқиды. Бұдан әрі тағы сол шал:

«Сол күн есіңде қалды ма екен? Із қалдырмай жоғалды ма екен?…Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен?! Қайғылы сары өзен сыбызғы үнін ойлай ма екен? Бүгінгі қаралы жартас жарық түнде кездескен асықтардың әніне қосқан жаңғырығынан жаңылды ма екен?…Арқаның қоңыр желі садақ оғына жыртылған жүрегін жалғады ма екен?

Үзілген күй жаңғырықты ма екен?… Сері жігіт, ерке қыз бұрынғыдай айтыса ма екен? Ащы дауыс шырқай ма екен? Қарауылдың аңқып ұшқан алғыр құсы Сырымдай бүгінгі жігіт қиыннан тоят тілей ме екен? Мұның бәрі ескілік…», - деп зар қағады.

Сөз жоқ, бұл жерде өткен өмір идеализацияланып отыр. Рас, бай деп, кедей деп бөлмеген, бірақ баяғы қазақ өмірін тұтастай алып, соны мадақтап, марапаттаған сарын. Шалды тағы тыңдайық.

«Бүгінгі дала жай болып сарылған, бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы…Жел шалқып еспей, күрсінді… Домбыра күй тартпайды, жылайды. Қыз ән шырқатпайды, сыбырлайды…Сондықтан, сондықтан! Көрінде тоқсан толқып, жүз күңіренген Сырым мен Қарагөз заманының салтанатты серілігін сендерге әкелді. Тербеуге көнсең – тербетпекші…Сергимін десең – сергітпекші…Сыпайы жігіт, үлгілі қыз!..»

Әрине, кейіпкер сөзімен автор мұраты дегендер екі бөлек нәрсе, бірақ «Қарагөздің» прологында жиырмасыншы жылдардағы Әуезовтің қазақ тарихына деген көзқарасындағы сипат анық көрінді. Ол қоғамның таптық қайшылығынан гөрі адам баласына тән сарындарға ерекше ден қою.

Дегенмен, шығармадан туатын объективті идеяны елемей, сөз басындағы, прологтағы, шынында, асқақ, ақындық шалқуларды ұстап алып, авторды айыптау сол тұстағы социологиялық сынның бір құралы болатын. Дәлелсіз, түбірінен жалған, бірақ өкінішке қарай, талай уақытқа дейін Әуезовке қоңырау болып тағылған, оның туындыларын қалың оқушы жұртшылыққа бұрмалап түсіндірген зиянды концепция отына май құйған осындай сындар еді.

«Қарагөздің» 1926 жылы шыққан бірінші нұсқасын автор драма деп көрсеткенмен, ол – трагедия. Қаһармандар тұрпатының айрықша кесектігі, олардың өмірдің шытырман бір кезеңінде бой көрсетуі, қоршаған орта мен арадағы тартыс бітімсіздігі, ақыры өліммен тынған соқталы күрес – осының бәрі «Қарагөздің» алғашқы нұсқасын трагедия деуге толық негіз береді.

«Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Кім кінәлі?» әңгімелеріндегі әйел тағдырларының Қарагөз тағдырына ұқсастығы – жазушының шиырды таптауы, өзін-өзі қайталауы емес, бір құбылысты жан-жақты алып, тереңдей қопарып, әр түрлі көркемдік шешім беруі болып табылады.

Кейін Әуезовтың есімін әлемге мәшһүр еткен ұланғайыр эпопеядағв үлкен арнаның бірі - өнер адамның, оның тірліктің ұзын жолындағы күресін, жеңілісін, жеңісін, күйінішін, сүйінішін суреттеу болса, соның басы осы «Қарагөзде» жатыр. «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал» трагедияларын жазу арқылы сюжет өрбітуге шеберленіп, композицияның шығарма идеясын ашудағы рөлін айрықша түсініп, характердің конфликтіге, конфликтінің характерге жасайтын ықпал заңдылығының байыбына барған Әуезов «Қарагөзді» драматургияның қатаң талаптарының өзіне жауап берерлік сахналық шығарма етіп шығаруға көп күш жұмсаған. Өмірлік шындыққа табан тіреп тұрған кезде өнер табиғаты сюжет даралығын, ситуация айрықшалығын ізденуді мансұқ етпейді. Бірақ типтендіру дегеніміз санға емес, сапаға қатысты нәрсе. Құбылыс заңдылығы шығармаға түсуі шарт, кездейсоқ жайттардың бейнеленуі жазушыны табысқа кенелтпейді.

Ағасының немере қарындасына ғашықтық хикаясы көкейге қонымды болмаса да, драматург ерекше конфликтіні құнттап, сол орайда туатын тартыс шытырманына қызығып кеткен. Көне грек әдебиетінде аңдаусызда әкесін өлтіріп, өз анасына үйленіп қалған Эдип патша басындағы қайғылы хал, Ги де Мопассанның «Портта» әңгімесінде білместіктен туған қарындасына қосылған жігіттің жан күйзелісі суреттеледі. Бұлардан кейде кездйсоқтық қандай зұламат қызмет атқаратынын көреміз. Ал Әуезов трагедиясында Сырым мен Қарагөз туыстықтарын біле тұра қосылуға, бірге тірлік кешуге ұмтылады.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан моральдық дәстүрі, жалпы адамшылық дәстүрі тұрғысынан алғанда да туыс адамдар арасындағы махаббат жыр ететін, мадақтайтын факті емес. «Қарагөздің» алғашқы нұсқасындағы бұл олқылықты сыншылар (Сейфуллин, Тоғжанов, Орманбаев) дұрыс көрсетті. «Қарагөздің» алғашқы нұсқасының прологында болмаса, пьесаның өзінде қазақ ескілігі дәріптелмейді, сыналады. Драматургтің табан тірер идеясы – қалыңмал кеселін сынау, сезім азаттығын қуаттау, махаббат бостандығын, бас бостандығын дәріптеу. Бұл шығарманың рухы – сыншылдық.

Пьесадағы басқа күйлерді былай қойғанда, қалыңмалы алынған, ұзатылып бара жатқан Қарагөз бен Сырым арасындағы сүйіспеншілікті суреттеудің өзі драматургтің төңкеріс алдындағы қазақ өміріндегі дәстүрді кейбір құптамайтынын, одан туатын кеселдерді мансұқ ететінін айғақтайды.

Сырым, Дулат, Қоскелді бірігіп:
Қарагөздің жанына,

Жара салған жанына,

Күңіренткен зарына,

Қайғылы болған халіне,

Айырбас болған малына,

Артта қалған ағайын.

Туғаны мен барына

Назаланып налына,

Бетін ашып тарыла! –
деп айтатын өлеңде ащы сықақ жатыр ғой.

Қарагөз қарға адым жерден арғыны көрмейтін тауық соқыр, от басы, ошақ қасынан аспайтын пұшайман емес, ол – еркіндік үшін тұсау дәстүр, оралғы заңды аттап, батыл қимылдарға барған жан. Осындай романтикалық образ серпінін күшейте түсем, қиын шырғалаңды суреттеймін деп драматург Сырым мен екеуін немере етіп алып, бояуды әсіре қоюлатып жіберген.

Сырым алғашқы нұсқаның өзінде өр, асқақ күйде көрінеді. «Менің елім жылаған қыз бен жырлаған жігіт… Одан басқа елдің бәріне мен жатпын, маған ел жат», - дейді ол.

Қарагөз асыл, аяулы,

Қайғы басқан қаяулы,

Жарасын ашсам жақпайды,

Ұрсады маған бай аулы.

Шер жесе де шығар ма,

Болмаса жаза таяулы,

Маған да қалған күн қараң,

Аттысы атпен шапқанда,

Жаяуы қуды жаяулы, -


деп Сырым қан жылайды.

«Еңлік – Кебек» трагедиясы тұңғыш нұсқасының оқиғасы аңыз ізінен көп алшақтамаса, «Бәйбіше – тоқалда» Мұхтар өзінше сюжет құрды. «Қарагөздің» алғашқы нұсқасында драматургтің қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінен алған, шығармашылықпен кәдеге жаратқан дүниелері мол. Айтыс, беташар, жар-жарлардың трагедияны түрлендіріп, оны европалық қалпына жаңаша бір бояу қосып, өзгеше ажар енгізіп, ұлттық нақыш бергенін атап айтуымыз ғанибет.

Мұхтар Әуезов «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» (1926 ж.) деген мақаласында: «Театр өнеріне келгенде біз өзге елден алсақ, сыртқы үлгіні аламыз. Өз өнерімізді өнерімізді қалыптауға себеп болатын көпке бірдей заңын, өлшеуін ғана аламыз. Солардан басқа өнердің жаны мен денесі боларлық бұйымның барлығын өз елімізден, өз етімізден, өз пішініміз сияқты қылып шығарамыз», - деп келетін теориялық пікірлерін шығармашылық тәжірибеде өзі бірінші болып іске асырды. Искусствоның айрықша сапалық ерекшелігі – ұлттық колорит, ал оның іргелі міндеттерінің бірі – ұлттық характер жасау екендігін драматург терең түсінген.

Жазушы толық мағынасындағы реалист бола тұрып, айтпақ идеясын жақсы ашып, шебер жеткізу үшін түрлі көркемдік әдістерді қолданудан бас тарта алмайды. Қайта талант күшінің, рухының сипатына орай оларды саналы түрде әдейі пайдаланады. Бір жағынан, қазақтың халықтық әдебиетінің озық үлгілеріне қол артқан, екінші жағынан, европалық классикадан үйреніп, биік қаламгерлік мәдениетке жеткен Әуезов жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ қиын жанр – драматургияда көркемдік тәсілдердең сан алуанын батыл қолдана білді. «Қарагөздің» пруағын сөйлету – символ арқылы негізгі идеяны әсерлі жеткізуге бой ұру.

Дүниежүзілік драматургия жемісінің заңғар бір тұғыры Генрих Ибсен туындыларындағы символдың айрықша рөлін айтпаған күннің өзінде, Шекспирдің баршаға мәлім трагедиясындағы Гамлет әкесінің аруағы үлкен идеялық жүк арқалап тұр емес пе? Символдық деталь осы ғажап реалистік шығарманың бойына мін деп кім айта алады. Сол Шекспирдің «Макбетіндегі» албастыларды реалды қалыпта ешкім де қабылдамайды ғой. Тіпті, 1923 жылы басылып шыққан Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина», Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» трагедиясында да (1926) аруақ тіл қатады. Көркемдеу шарттылықтарын аз-кем тани білетін адам бұлардың көркемдік мәнін түсінсе керек.

Сырым мен Қарагөзді немерелес етіп алумен драматург трагедиясындағы қалыңмалды сынау, әйел правосыздығын айыптау тенденциясын біршама солғындатты. Өйткені, айтылмыш ситуациядан туатын объективті идея – немерелес адамдар арасындағы интимдік қарым-қатынасқа қарсы тұрмау керек боп шықты.

Тегі тілі нашар шығарма өрге баспаса, тілі нашар пьесаға тіпті күн жоқ. Себебі шұрайлы тілсіз характер көріне аламайды, характерсіз конфликт соқтығысы жоқ, ол екеуінсіз әрекет жоқ, қимыл жоқ, қысқасы, сахналық шығарма жоқ.

«Қарагөздің» бірінші нұсқасы пьеса тілі жөніндегі биік талапқа жауап береді. Автор диалогтың салмағы, әрекеттілігінен гөрі, кей ретте фразаның сырт сұлулығы, жалтырап тұруы, шешен естілуіне көбірек ден қойды. Тартыс додасына басты қаһармандарды түсіргенімен, барлық персонаждардың күрес сферасына килігуін өзара ырғасып, бірде жығылып, бірде жығып, ақыры, ішкі сарайларын толық ашуын көрсете алмады. Дегенмен, бірінші варианттың өзінде Сырым, Қарагөз, Нарша, Мөржан, Асан образдары кесек қалыптарымен шыққан болатын. «Қарагөз» трагедиясының алғашқы нұсқасы – Мұхтар Әуезовтің қуатты талантының шарқ ұрған ізденістерінің бір белгісі, реализмнің ашық аспанды, кең алқапты, берекелі өлкесіне келу сапарындағы ескерткіші.

Көп жылдар өтті. Шығармашылық эволюцияның қат-қабат, шытырманды жолдарының қиындығын жеңген Әуезов жиырмасыншы жылдардың өзінде қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қымбат шығармалар қосса, отызыншы жылдарда классика, реализм принциптерін толық игеріп, оны қаламгерлік тәжірибеде жемісті қолданды. Қазақ халқының бойындағы тамаша рухани байлығын айқара ашқандығының, көркемдік ойының шарықтап өскендігінің белгісіндей болып, қырқыншы-елуінші жылдарда ұлы шығарма – «Абай жолы» эпопеясы туды. Сөйтіп, Әуезхов өзін де, халқының әдебиетін де мәңгілік даңққа бөлді. Кемеліне келген кезде жазушының бұрынғы шығармаларына қайтып оралуы заңды еді. Үлкен жауапкершіліктен туған қадамы еді.

Осындай тынымсыз ізденуге түскен Әуезов «Еңлік – Кебек» трагедиясының бірнеше вариантын жасады, «Айман-Шолпан» комедиясын қайта жазды, «Қараш-Қараш» оқиғасы повесіне сапалы өзгерістер енгізді. «Қарагөз» пьесасын екінші рет қолға алғанда оқушы қауымға арнап, алғы сөз жазып, бұрынғы нұсқадағы олқылықтарды түзету, шығарма идеясын тереңдету, сөйтіп, көркемдігін жетілдіру мақсаттарын көздегенін ескертті. «пьесаның ендігі айқындалған идеясы бойынша, азаптан туған ақындық, қан қайғыдан туған қаза, жеке бастың ғана күй шерінен басталып барып көп мұңдар, көп жылаулар күйіндегі азапты ұғынуға, халықтық қайғы-қамды ұғынуға беттеген шабытты көрсетпек», - деп жазды Әуезов.

Трагедияның екі нұсқасын салыстыру арқылы шығарманың қандай редакцияларға ұшырағанын көріп, драматургтің шығармашылық лабораториясына еніп, шеберлік сырына қатысты көп ойлар түюге болады. Ең алдымен, бірінші нұсқадағы шығарма тәніне қосылмай тұрған пролог алынып тасталды. Бірінші нұсқадағы эпилог барды. Онда да прологтағы шал сахнаға шығып, өлеңмен Сырымның кейінгі өмірін баяндады.

Моладағы соңғы түн аруақтан соң,

Төгіліп ағыл-тегіл өлең кетті.

Сырымға ұшан-теңіз сөз дарыды,

Ашығы бата беріп қол сермеді…

Аздан соң дәурендеді ақын тілі,

Іркілмей ұзақ сарнады күні-түні.

Қайғы мен шерден туған ақын болып,

Шерменнен аспанға өрлеп жалын шықты…

Біресе бүктетілген селдей болып,

Екпіні тау теңселтіп, тасты жықты.

Құба жол ордай болып, осылап қап,

Шаршы өрде шабынғанды ішке тықты.

Қолына сыбызғы мен қобыз ұстап,

Шайқалтып сар даланы шарпып өтті.

Кескекпен шапшып тұрған ашулы жау,

Бетінен шошығандай шошып ықты.

Әуелде ызаланған жауын қуды,

Зарын төгіп көзінің жасыменен.

Қаралы қайғы басқан бетін жуды.

Бір кезде ашуменен тас боратты,

Заң болған жауыздыққа қарғыс атты… -


деп келетін қырық жеті жол өлеңнен тұратын бұл эпилогта ешқандай олқылық қате жоқ екені үзіндіден көрініп тұр. Қайта, бірінші нұсқаның сыншылдық бағытын айтқанда, ден қоятын тұстың бірі – осы эпилог. Қайғы мен шерден туған ақындық сарын бар мұнда. Трагедияның жанрлық шарттарына толық жауап берерлік архитектоникасы шебер шығарма жасауға күш салған Әуезов эпилогты тұтас қысқартып тастады.

Оқиғаға араласатын адамдар негізінен бұрынғылар. Характерлік даралығы шамалы, тартысқа қатысы аз персонаж Тұрсын (Наршаның әкесі) екінші вариантта шығып қалды. Қосақ арасында жүрген қызметкер қыз Кәмшаттың аты соңғы нұсқада арнайы айтылмайды. Бұлардың есесіне шығарманың идеялық қазығын бекітуге үлкен роль атқаратын қос қаһарман енгізілді: бірі – егінші шал, екіншісі – балықшы шал. Бірінші нұсқада оқиғаның болған уақыты да дәл көрсетілсе, екіншісінде ол жоқ, өйткені шығарманың төңкерістен бұрынғы қазақ өмірін бейнелейтіні өз-өзінен түсінікті. Бұрынғы Қойсары деген персонаж аты Тойсары боп өзгертілді. Ақбала әуелгі нұсқада – Қарагөзді – Төрем, кейінгісінде – Көзжақсым, Сырымды әуелгі нұсқада – Мырза жігіт, кейінгісінде – Мода жігіт дейді. Қарагөз бен Сырым шыққан орта – алғашқы нұсқада Қарауыл, соңғыда Қарауыл ішінде Өсер аулы.

Драматург алғашқы нұсқадағы көп диалогтарды, бір қыдыру монологтарды, түрлі ремаркаларды ықшамдаған, батыл қысқартқан. Бұл трагедия тіліне нұқсан келтіретін баяндаушылықтарды, қажетсіз тәптіштеуді жойып, оның орнына фразаның характерді дөп бейнелеп, конфликтіні өршітуіне тигізетін екпінін арттырған.

Жеке сөздердің бейнелі, нақтылы синонимдері алынды. Тұтас диалогтар қайта жазылды, жеке сөйлемдер ауыстырылды. Соңғы нұсқада инверсияға ерекше мән берілген кейіпкер сөздерінің ырғағы, құрылысы, сөйлеу тіліне жақындатылды. Бұрынғы нұсқада өлең, беташар, жар-жар, айтыстар да ықшамдалды.




1926 жылғы нұсқа:
Қарагөз. Кім екенін айтпаймын. Бірақ осы жерде бүгін түсін көресің. Бұл істің басталғанына көп болған жоқ. Қара түнді жамылып, құдай атын айтып қосылғаныма екі-үш-ақ ай болды. Содан бері аз-ақ көрістік. (Тым-тырыс.) Бізді қосқан желік пен құмарлық емес, бізді қайғы қосты. Апам өлгеннен бері көңілімде болған жетімдік, күйік қосты. Саған айтатын үлкен сырым осы.


1959 жылғы нұсқа:
Қарагөз. Кім екенін айтпаймын, осы жерде бүгін түсін көресің. Бұл істің басталғаны кеше ғана. Қара түнді жамылып, жан сырын ашысқанға бір-ақ жұма. Содан бері екі-ақ көрістік. (Пауза.) Бізді қосқан жай желік пен құмарлық емес! Саған айтар ең үлкен шыным осы.


Бірінші сөйлем сол қалпы. Қарсылықты «бірақ» сөзін алып тастау екінші сөйлемнің ырғағын күшейтіп тұр. Соңғы варианттың үшінші, төртінші, бесінші сөйлемдері ықшам, ішкі мағынаға бай, екпінді. Қарагөз бен Сырымның табысуын жақын арада болған етіп көрсету – олардың жалындаған, алау атқан сезімдеріне жақсы авторлық мотивировка.

Екінші нұсқада Қарагөздің салған жерден өздерінің қалайша табысқандарын ашып тастамауы да орынды. Ол бірден айтылып қалған болса, тартыс желісі босаң тартар еді. Қарагөздің бір сөзін қысқарту, шамалы өзгертумен драматург жаңа мазмұн тудырған. Екінші нұсқада Сырым мен Қарагөз немерелес болып алынбайды. Олар бір ауылдың ұлы мен қызы. Автор пьесаның негізгі сюжеттік сорабын бұзбай-ақ жаңа өзгерісті шеберлікпен енгізді. Сырым мен Қарагөздің жолығысуын Ақбала көретін сценаны алайық.




1926 жылғы нұсқа:
Ақбала (шошып жағасын ұстап). Астапыралла, мынау не деген сұмдық! Бір туысқан әкелердің балалары көздері тіріде… Құдай-ай, қаһарынан сақта. Төрем! Сені қара басқан екен ғой. (Жағасын ұстап, жүдеп, кейін шегінеді.)

1959 жылғы нұсқа:
Ақбала. Көзжақсым, мынау ойының ба, шының ба? Алыстан тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?


Алғашқы нұсқада Ақбаланың немерелес адамдардың жақын болуын көріп шошынуы табиғи. Екінші нұсқада да таңырқау бар. Ақбала ұғымында тентек Сырымның аяулы қайын сіңлісі Қарагөзбен көңілдес болуы үйлеспейді. Соңғы нұсқада психологиялық ремарка қысқартылған, себебі қазақ театрының дамып өскен шағында артистер ойынына, режиссураға қатысты нәрсені пьесаға енгізудің қажеті жоқ-ты. Екінші вариантта бұрынғы нұсқадағы көп ремаркалар осы негізде қысқартылған.


1926 жылғы нұсқа:
Сырым (Қарагөздің құшағынан босанып. Ақбалаға). Тоқтат сөзіңді кекселенбей, сен сынаймысың бізді? Ол – Қарагөз, мен – Сырым… Қарагөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді? Бізді құдайымның өзі қосқан. Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп, тілеп алғамын.

1959 жылғы нұсқа:
Сырым. Ақбала, айыбыңды ал, тек жазғырма! Ол – Қарагөз, мен – Сырым! Қарагөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді? Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп, тілеп алғам.

Екі сөйлем қысқартылып, жаңадан бір сөйлем қосылған. Алғашқы нұсқада Сырым ашулы, құдайшыл, соңғыда мінезі майда, жеңге тілін білетін сыпайы, сырбаз жігіт.


1926 жылғы нұсқа:
Қарагөз. Жеңеше мен саған бәрін айтқанда атын неге айтпады дейсің? Айтуға аузым бармағандықтан, көзі көрсін дегенмін. Сүйгенім. Сырым болмаса, мен жалғызбын дер ме едім. Сенен көмек сұрар ма едім.

1959 жылғы нұсқа:
Қарагөз. Жеңеше. Ақбала… Сырым болмаса, мен жалғызбын дер едім. Сенен көмек сұрар ма едім.

Тағы да драматург қысқартуды жақсы пайдаланған: екі сөйлем түсіріліп, қалғандары жаңа мазмұнды әдемі беріп тұр. Алғашқы вариантты қайта редакциялағанда, қол тимеген бір де бір бет жоқ десе де болады. Тағы мысал.


1926 жылғы нұсқа:
Нарша (Сырымға). Сырым, сен жалындаған асыл сөздің иесісің. Сенің сөзің ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағыңа ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қайғылы жалғыз Қарагөз емес, сен де арманда көрінесің. Қарагөздің күйігін жыр қылушының басы сен болған соң, қарындасыңда да не арман болсын. Жалғыз-ақ керегі жоқ… Бұл да кезі келген заман шығар.
Сырым (салқын). Қарағым, мені жерлеп қайтесің? Мен жол мен жөннен адасқан әуре жанмын… Менің елім – жылаған қыз бен жырлаған жігіт… Одан басқа елдің бәріне мен жатпын, маған сен де жат. Тіл алсаң, мені қажама… Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.

1959 жылғы нұсқа:
Нарша (Сырымға). Сырым, сенің жалынды сөзіңді ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағыңа ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қазалы, қайғылы жалғыз Қарагөз емес, сен де арманда дейін бе, мен не дейін?

Сырым (салқын). Шырағым, мені шенеп қайтесің? Жол мен жөннен адасқан әуре жанмын мен. Менің елім – жылаған қыз бен соның көз жасын жырлаған жігіт, тіл алсаң, мені қажама… Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.



«Қарағым» – «шырағым» боп, «жерлеп» – «шенеп» боп өзгертілген. Бұл жерде «шенеу» сөзі айтпақ ойды да дәл береді. Ал, «қарағымның» синонимімен ауыстырылуында дыбыстық үндестік ескерілген (шырағым – шенеп). Наршаның Сырымға айтқан сөзінің қысқартылуы орынды. Мұрат, мүддесі алшақ, тіпті жауласуға таяу адамдардың бір-біріне баға жомарттығы сирек болады. Қарагөз бен сырым бұрынғыдай жақын туыстық қатыста алынбағандықтан бірнеше сөйлем заңды түрде қысқартылған. Драматург «мен» сөзін сөйлемнің соңына әкелу арқылы инверсия жасаған.

1926 жылғы нұсқа:
Маржан. Сенің қабағыңа қарап, Нарша да жүдеп отыр дейді. Оның да қабағы сынық сияқты маған. Одан артық сұмдық бола ма? Бұл менің көрер күнім бе еді? Осыны бір емес, көр жұрт айтты. Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.


1959 жылғы нұсқа:
Маржан. Сенің қабағыңа қарап, Нарша да жүдеп отыр дейді. Оның да қабағы сынық сияқты маған. Одан артық сұмдық бола ма? Бұл менің күткенім күнім? Осыны тойға жиылған өсекші қатындар тобы сусылдап, ордалы жылан дай ысқырып, өсекке таңып, жұртқа жайып барады дейді. Қарағым, мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.


Қатар тұрған екі сөйлемдегі бір сөздің орынсыз қайталануынан қашып драматург «қабағы» деудің орнына « «көңілді» дейді. Екі нұсқадағы төртінші сөйлемнің мағынасы бір. Бірақ инверсия жасалғандықтан соңғы нұсқадағы сөйлемнің әрекеттілігі, ырғағы күшті. «Осыны бір емес, көп жұрт айтты» деген жуас сөйлемді Әуезов тамаша шеберлікпен өзгертіп жіберген. Жаңа сөйлемде суретті образдылық, көз алдыға келер қимыл бар. Ситуация атмосферасын, психологиялық сәтті дөп бейнелеген дәлдік бар. Өсекші қатындарды ордалы жыланға теңеуде ұлттық бояуы қанық колорит жатыр.

Драматург пьесаның алғашқы нұсқасындағы қыруар өлеңді батыл түрде ықшамдап, аз сөзге көп мағына сыйдырды. Бірінші көрініс басталғанда шырқалатын «Баянауыл» әнінен 4 жол қысқартылды. Беташар әуелгіде 97 жол болса, соңғыда – 54 жол; Асан айтатын жар-жардан 11 жол, Сырым айтатын жан-жардан 17 жол қысқартылды. Көрімдік сұрай айтылатын 25 жол өлең мүлде мүлде түсіп қалды. Сырымның Қарагөз қабыры басында айтатын өлеңінен 4 жол қысқартылды. Қара сөзбен толғайтын монологынан 25 сөйлем қысқартылды.

Жеке сөздерді, фразаларды, тіркестерді, сөйлемдерді, тұтас беттерді қысқарту, не оларды ауыстыру, бұрынғы материалдарды өзгертіп, өңдеп, қайта жаңғырту, инверсия, аллитерация, ассонанс, градацияға айрықша мән беру сияқты редакциялармен қабат, екінші нұсқада автор мүлде жаңадан қосқан жерлер де көп.

Олар мыналар: Нарша-Асан, Нарша-Матай араларындағы диалог («Қараш-Қараш», А., 1960, 242-243-б.), Сырым-Қарагөз арасындағы диалог (сонда, 245-248-б.), Мөржан-Сырым, Жарылғап-Сырым-Жабай араларындағы диалог (сонда, 258-260-б.), Нарша-Қарагөз арасындағы диалог (сонда, 265-б.), Қарагөз-Сырым арасындағы диалог (сонда, 268-б.), Қарагөздің есінен айрылғанын естігендегі Сырым монологы (сонда, 275-276-б). Бірінші нұсқада көріністер нөмерленіп отырылса, кейінгіде ол жоқ.

Сырым Қарагөзден айрылған соң, екінші нұсқада балықшы, егінші қауым ортасына барады. Бұл бір сурет болып қосылған. Алғашқы нұсқаның бірінші, екінші суреттерін жалғыз перде құраса, кейінгі нұсқада олар жеке-жеке акт. Екінші нұсқа осы реттен төрт акт, жаңадан жазылған бір сурет есесінен жеті суретті болып тұр.

Зор көлемді, сан салалы, мол мағыналы редакцияның арқасында «Қарагөз» трагедиясындағы драмалық ситуациялар өзгеріп, бұрынғы қаһармандар жаңаша кейіп тауып, тартыс тереңдеп, шығармадан туатын объективті идея сараланып, аршылып, байып, соны күйге көшті. Осындай көп ізденіс, көп еңбектен соң «Қарагөз» трагедиясының екінші нұсқасы дүниеге келді.

Араға отыз жеті жыл салып, «Қарагөз» трагедиясы қазақ театрларының сахнасына қайта шықты. Үлкен драматургтің шебер қолымен жаңғырып шыққан трагедияны Қазақтың академиялық драма театры коллективі Алматы жұртшылығына 1963 жылдың 7 сәуірінде көрсетіп, сәтті спектакльмен қуантты.

Әдебиетші Е. Лизунова «спектакльдің тұрмыстық драма емес, шын мағынасындағы трагедия» екендігін көрсетіп, пьеса өткен өмірді суреттегенімен, актуальдығын жоймағандығын дұрыс айтты. Қарагөз ролінде ойнаған Зәмзәгүл шәріпованың, Сырым ролінде ойнаған Шахан Мусиннің, Мөржан ролінде ойнаған Сабира Майқанованың табыстары жақсы лебізге ие болды («Казахстанская правда», 14.V.1963).

Театр сыншысы Қ. Қуандықов «Қарагөздің» қойылуына екі мақала арнап, спектакль жайындағы толғамдарын ортаға салды. Трагедияны Алматы театрында қойған А. Мадиевскийдің, Семей театрында қойған Б. Омаровтың, Қызылорда театрында қойған Мен Дон Уктың режиссуралық шешімдері салыстырылды. Филология ғылымдарының кандидаты С. Ордалиев «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964) кітабында Әуезовтің басқа пьесаларымен қоса, «Қарагөз» трагедиясына арнайы тоқталды. Жұртшылық алған әсер, сахнаға қайта шыққан спектакльге деген көрермендер ықыласы да айтылып жатты («Қазақ әдебиеті», 23.VI.1963; «Қазақ әдебиеті», 12.VI.1964; «Жетісу», 31.VI.1963).

«Қарагөз» трагедиясындағы негізгі тартыс шымылдық шаылмай тұрып басталып, өсіп-өрбіп бірталай жерге барып қалған. Байқап қараңыз: Қарагөздің қалыңмалы алынған; Нарша ұрын келген; бірақ дәл осы тұста жалын жүрек, ыстық сүйіспеншілікпен өртене табысқан Сырым, Қарагөздің әлі көзіне түсіп, дабыра болмаған үркек махаббат бар. Қарагөз – қалыңдық, Нарша – күйеу. Бұлардың тойының мәз-мереке, сән-салтанат шуына бөленуі, ауыл-аймақтың, ағайын-туыстың күтіп, тілеп отырғаны қызығы. Сырт көз, бөгде біреулер тұрғай, жанына ерген жақын достары Асан, Матайлар да басқа ойға жол бермейді.

Қызды біржолата алып кетуге келе жатып, Нарша өз серіктеріне сыр ашады. Аналар мүлде күтпеген тосын сыр, суық сыр. Асан мен Матай Нарша аузынан шыққан сөзді әуелде жатырқай қарсы алады да, соңынан қоршаған орта, өскен өңір мораліне лайық тіл қатады. «Е, салмайсың ба тыйымды, тартқызбайсың ба ондай қырсық мінез сазайын?!» – деген Асан сөзі Матайдың да тіл ұшында тұр.

Нарша образының негізгі трактовкасында схема жоқ, қайта белгілі қалыптан бойды әдейі алып қашу бар. Қазақ әдебиетіндегі тақырыбы әйел теңдігіне қатысты шығармалардың көбінде қалың беріп қыз алушылар, не қаусап отырған шал, не елден шыққан дөрекі топас болатын.

Әрине, көркемдік жинақтау жасау үшін мұндай типтендіру әдісін қолданудан безу жарамас, бірақ өмірлік жағдайлар тым әр түрлі, тым күрделі емес пе? Әуезовтің «Қарагөздің» бірінші нұсқасының өзінде-ақ Наршаның көкірегі ашық, сезімі мол жан етіп алуы оның өмірлік фактілерді сұрыптауда реализмге ден қойғандығын көрсетеді.

Қалыңмалы төленген, енді не істесе де өз еркінде деп түсінетін надандық мінезден іргесі аулақ Наршаның достарына шешіліп мұң шағуы салған жерден ситуацияны ширықтырып, көрермен ықыласын арттырады.

Наршаның аузымен Қарагөз сырттай сипатталады. Сыпайы, сұлу мінезді, қылықты қыз көз алдыңызға елестейді. Ата-баба дәстүрімен дүниесін төгіп, заңды күйеу боп келе жатқан Нарша кеудесінде удай дерт: Қарагөз оны сүймейді, майда мінезбен кері серпіп отыр. Асыл сұлу жүрегін жаулаған біреу бар. Кім ол? Беймәлім неғылған жан ол? Қызғаныштың қара жыланы Нарша алқымын сығымдайды.

Арасы Қарагөзбен алты атадан қосылатын Сырымнан басқа Өсер аулында Наршамен иық теңестірер ешкім де жоқ. Қыз алыспайды олар, бірақ. Нарша-Матай-Асан араларындағы диалогпен драматург қақтығысқа түсетін екінші үлкен қаһарман – Сырымның сахнаға шығуын дайындайды. Бұл жерде бір кейіпкер көзімен екіншісін сырттай сипаттау әдісі қолданылған.

Нарша, Асан, Матайларға жұмбақ сырдың шешуі екінші көріністе ашылады. Қарагөзбен, Сырыммен танысамыз. Жақсы жеңге, сырға бай, ақылды келіншек Ақбала, көмейлерінен өлең төгіліп, бірі атып, бірі қуған сал-серілер, ақын, әншілер Дулат, Қоскелді, Дәулеткелділер құр нөкер емес, драмалық тартысқа белсене қатысып жүрген қаһармандар.

Бұлар шырқап салған әндерімен, сирек болса да тап басып айтатын қанжардай өткір сөздерімен сахналық әрекетке жан беріп, ширата түседі.

«Сырым… жүрегім!» Екі-ақ ауыз сөз. Қарагөздің жан дүниесін билеп, есіл-дертін алып кеткен өрт сезім алабұртып, ай-шайға қаратпастан оны кездесуге әкеп тұр тағы да. Ұзатылар күні басқамен оңаша жолығып тұр. Ол басқа – арасы алты ата, өз ауылдасы Сырым. Ел көзіне тентек, асау Сырым, Қарагөз үшін әлемдегі жалғыз тірек, аршынды тұлпар Сырым.

«қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақ тотым… Келші, күнім!» – дейді ол, Сырым өзі де күйіп-жанып, Қарагөзді де күйдіріп-жандырып сүйеді. Тоймаған көңіл, басылмаған арын, тояттамаған сезім шалқып, жалындап, көкірек басын сыздатып бір кетеді.

Жаңа ғана басталған ақ, адал махаббаттың нұрлы таңының арайлы сәулесі еріксіздіктің сұмдығымен шарпысып, Сырымның өр, асқақ ақын жүрегінде ыза-кек отын лаулатады. Сүйіспеншіліктің ыстық ләззатына мас болып, дірілді толқынға шомылған жайы бар Қарагөздің де. Алды-артын аңдар, ертеңді болжап, қазіргісін шамалар күйден айрылып, ғашық көкірегімен, алаулы сезімімен тағы да тауып тұрғаны Сырым құшағы. Аңсап қауышқан қос ғашықтың бірігіп көрген рақаты, сүрген дәурендері жалғыз-ақ жұма. Сонымен бітпек, үзілмек бәрі.

Қарагөз Досан аулының келіні болмақ, Сырым қалмақ жайына.

Өрт махаббат пен қара қапас әділетсіздіктің қарама-қарсы бетпе-бет келген жері осы. Адам сезімдерінің ішіндегі ең шұғылалысы, ең ыстығы – махаббат. Оған жасалған зорлық, қиянаттың ең үлкені, ең сұмдығы. Әсемдікке, нәзіктікке құштар ақын жүрек тамсануды, таңдай қағуды ғана білсе, оның қуаты қанша! Жоқ, күреседі, алысады ақын жүрегі. Қарагөздей аруы жатқа жем боп бара жатқанда, Сырым қалай өртенбесін, күймесін, күреске шықпасын.

Ішкі әрекет шиыршық атқан осындай шытырман әрі терең психологиялық ситуацияда Қарагөз бен Сырымның характерлері өте тамаша бой көрсетеді. Өмірдің кілт бұрылысында, тағдырдың талқысына түсіп тұрған ерекше бір жағдайда, қаһармандарды сынау үстінде бейнелеуді – драматургияның ежелден келе жатқан өнімді, өрелі әдістерінің бірін Әуезов үлкен суреткерлік шеберлікпен пайдалана білген. Сырым мен Қарагөздің алғаш қалай табысқанын бейнелеп жатпай, нағыз қиракездік кезеңді таңдап алу пьесадағы тартысты салған жерден соқталы көрсетеді.

Бірінші суреттегі Сырым – Қарагөз арасындағы диалогтар, толқынды, жалынды. Бірде, монологқа, бірде емеурінді астарға орын беріледі, сөз арасында өткенді еске түсіру бар. Ой ағымы табиғи қалыпта көрінеді. Сөйлемдегі сөздердің орны әдеттегі қалыпты грамматикадағыдан ауытқып, сезімді, ойды, идеяны дәл бейнелеу үшін инверсияға түскен. Сырым, Қарагөздердің сөздері көбіне ақ өлеңге ойысып кетеді.

«Менің бар дүниеден бөліп-жарып алғаным бір ғана сен өзіңсің. Қандай азап көрсем де, қай қайғыда тебіренумен жүрсем де, жүрегімнің түбінде құпия боп тығылған жалғыз бір сәулем бар. Өз ішімде жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар», - деп, үздіге үн қатқан Қарагөз сөздері романтикалық жалынға толы.

Дүниені тәрк етіп, махаббат үшін өртенген қыз жүрегінің адалдығында шек жоқ. Тар кезең, тас босағада тұрғанына қарамастан кеудедегі сезімін шешен, орамды тілмен жеткізіп берген Қарагөз Сырым бойындағы жігер мен қайратты жанып-жанып жібергендей болады.

Ата-баба дәстүрі, қазақы орта моралі жазылмаған заң, оны бұзу – зор күнә, үлкен қылмыс. Сырым мен Қарагөздің бір-біріне риясыз көңілмен беріле тұра, бір-біріне ыстық жүректің бал ләззаты мен сүйіспеншіліктің жалынды рақатын сыйлай тұра, бұған қарсы үзілді-кесілді батыл шыға алмауы нанымды, тарихи шындық.

Бұрын солқылдаған бойжеткен, азат құс болып жүрген Қарагөз қалыңмал, ноқта бата, сұмдық әділетсіздікті алғаш өз басына қаралы күн туып, жатқа жем болып бара жатқан сәтте ғана ұғынады.

Қараңғы жылдар қойнынан қыстығып шыққан толқынның жаңа буын, жас төлі теңсіздікке қара таңба басып, шенеп, жер етсе де, бәрібір шеңбер аттап, қатал заңды елемей кете алмайды. Жүрек тілі ыстық, жалынды. Өмірдің тілі қатал, зілді. Қалыңмалға қанша қарғыс айтса да, Қарагөз бойында Сырыммен мәңгілік құшақ қосып тартып берер дәрмен жоқ. Сол батылдық дәл қазір ер жігіт Сырымның өзінен де табыла қояр ма екен?

Драматург басты қаһармандары Наршаны да, Қарагөзді де, Сырымды да ішкі толғаныс, зор тебіреніс үстіндегі ситуацияда алып, конфликтінің одан әрі шиеленісуін қаузайды.

Тартыстың бұдан арғы өрбуі талайға дейін қыз ұзату сюжетінің арнасында отырады. Бұл жерде Әуезов халық салтын драмалық шығарма фабуласына органикалық түрде кірістіріп, шашау шығармай шеберлікпен пайдаланған. Алғашқы пердедегі жағдайлар негізгі тартыстың экспозициясы іспетті болып, оның қалай пайда болғанын, көлемін, күшін аңғартса, бұдан кейінгі әрекет басты қаһармандардың – Қарагөздің, Сырымның, Наршаның жанына тиер, тағдырын шешер кемерге келіп тіреледі.

Ол – той. Қарауылдың кер маралы, аялаған аруы Қарагөздің ұзатылу тойы. Сыртқа дабырлап, қызыл-жасылмен жарқыратып айтып жатса да, Қарагөздің риза еместігі алты алашқа белгілі. Қыз отауын көруге келген үш әйел сөздерінде қорғасындай ауыр салмақ, ащы сықақ, үлкен сын жатыр. Бұл кішкене көріністе Өсер аулының қыз сатуымен байығаны мысқылданып, Қарагөз бен Сырым сырттай мінезделеді. Сол әйелдердің табақшылармен әзілдесіп, сөз қағыстыруы – халықтық жайма-шуақ юмордың жақсы үлгісі. Бұдан кейін сахнаға шығатын Мөржанмен бірге ызғар, сес қоса келеді.

Тегінде Әуезов әйел образдарын ақ не қара бояуда ғана алмайды. Олардың өзара араласуын, құбылуын, жан-жақты болуын құнттайды. Әуезов трагедияларындағы әйелдер әр қалыпта: Еңлік – ер, асқақ; Дәмеш - әлі жөн-жосықты тани қоймаса да, азаттықты көксейді; Қарагөз – тебіренген терең сезім иесі. Бұларға қарсы типтер: Қайша – зұлымдықты еркектерден асыра істемесе кем істемейтін жан; Мөржан – тұрпаты кесек; Жүзтайлақ – аяр, қу.

Қалыптасқан дәстүр, салт Қарагөз бен Сырымды бақытсыз етті. Сол күштің үлкен тұтқасы бір ауылды аузына қаратып отырған Мөржан бәйбішенің қолында. Өзін тыңдап көрейік.

«Тысқа кілем жайыңдар! Жұрттың бәрі үйге сия ма? Қарагөз аттанғанша, күйеулерді төбеңнен жүріп күт. Қарагөз қайда өзі? Ол үйінде неге отырмайды?..»

Бұйрық – сұрақ. Бұйрық – сұрақ. Осы екеуін ғана кесіп-пішіп, маңдайдан таңқ еткізгендей айтады семіз бәйбіше. Оның әрбір сөзі тастай қатты, удай ащы. Қарагөздің риза еместігі Мөржан құлағына шалынған. Не қылған сұмдық! Алақанына салып әлпештеген өз бауырындағы баласы…Әруақ аттап, бата бұзып, сұмдық сөзді шығарды дегенге қалай сенсін? Сенбесе лапылдап жанып, өртеп бара жатқан өсек сөзді қайда тықпақ? Кімнің аузына қақпақ болмақ?

Сыртқа әзір сыр білдірмесе де, осы сұмдық сөз бықсық шаладай түтіндеп, көзін ащытып, тынысын тарылтып барады ғой. Көне алмас Мөржан, көне алмас.

Мөржан сөздерінде осы іштегі дауылдың енді бұрқ етіп сыртқа шыққандай жалын лебі, ыстық аптабы бар. Ақбаланың екі аяғын бір етікке тығып, жерге қағып жіберердей зілмен шүйліккен Мөржанның айбары, суық, кесек характері шығармадағы тартыстың өршіп, өрістеуіне екпінді ықпал жасайды.

Сырымға деген зор махаббаты, үлкен сүйіспеншіліктің көкіректе жанған жарық сәулесі әділетсіздіктің, зұлымдықтың қара түнегіне тұмшаланып, тағдырдың қатыгез қылышы екеуінің арасындағы қимастық жібін шорт кескелі тұрған сәтте Қарагөз Мөржанмен бетпе-бет келді. Өз заманының бел баласы, ескілік моралінің адал қызметшісі Мөржан үшін Қарагөз қылығы ауыз айтуға бармас сұмдық, ел естімеген масқара.

Сырт қимыл, қозғалыс, жүріс мүлде аз, бірақ екі адамның да жан дүниесін, рухани болмысын ашып саларлық шытырманды ситуация. Іштей жиылып, қордаланып келген базына, өкпе, мұң, ашу, бұйрық, беттен алу – бәрінің бір ашылар тұсы дәл қазір. Мөржан не деп килігеді? Қарагөз қалай қорғанады?

Жоқ, біз ойлағаннан Мөржан сөзі көп астарлы, ызғар, суықтық лебі байқалмайды. Майтабан жұмсақтық, көзден сүйгендей еркелету сыңайы бар. Тек: «Жасық боламысың, шіркін әлде немесе?» – деген кезде ырғақ қатқылдығы білінеді. Оның өзі сәл ғана.

Сындарлы мұзды Қарагөз. Түлкі бұлаң, сиыр құйымшақ емес, тоқ етерін бір-ақ айтты. Жырынды Мөржан көпшік қоя сөйлегенмен, иліккен, жұмсарған Қарагөз көрінбейді. Бауырға тартып, жылы сөзбен ерітіп жөнге салам деген ниет Мөржанның түкпір ойы. Бері қарайтын, икемге көнетін Қарагөз жоқтығына көзі жеткен соң, бір қаруын тастай салып, екіншісіне жармасты Мөржан. Оған ірге бере қояр қызы көрінбейді.

Екеуі де жота көрсетті. Түйін шешілген жоқ. Негізгі оқ атылмай қалды. Бітеу жара Мөржан кеудесінде де, Қарагөз кеудесінде де кетті. Мөржан иілсе де, сызданып айбар көрсетсе де, Қарагөзді көндіре алмады.

Сахнада тағы жаңа адамдар: құда, құдағи, оның жанына ерген жолдастары. Зымиян Мөржан әлгінде ғана Қарагөзбен болған шекісудің бір сөзін сыртқа шығармайды. Бейне төрт құбыласы түгел кейіппен күйеу жігіт Наршаның маңдайынан сүйеді. Мөржан, Текті, Тойсарылар айтатын тілек-бата халық әдетінде ежелден келе жатқан көне дәстүр, бұл трагедияда орынды пайдаланылған.

Тартыс үдеп келеді. Тойдың тұрмыс-салттық жағы құнтталмай, ол фон ретінде ғана алынып отыр. Басты қаһармандардың бәрі бұл күнге іштерін жегідей жеген, енді сыртқа шықпай қоймас көп түйін, мол шиемен келіп отыр. Наршы сырын достарына айтты. Мөржан Қарагөзбен беттесті. Енді не болар екен деген сұрақтың жауабы ұзақ күттірмейді. Наршаның жақын досы Асан сал жар-жар бастайды, бұра тартар, жолдан шығары жоқ, ескі сүрлеу, баяғы шиырмен шауып жөнеледі. Әркімге айтылған, сан рет қайталанған жаттанды, таптаурын сарынға басады Асан.

Осы кезде Қарагөздің қайғысы, көкірек жарған зары, арман-тілегі Сырым аузынан өлең болып сорғалайды. Әділетсіздіктің шашбауын көтерген, соның жоғын жоқтаушы құл өлең, маймөңке өлең, қызметші өлең емес, жігерді қайнатып, ыза-кекті тасытатын сыншыл өлең, шыншыл өлең, тентек өлең төгіледі.

Бүгінгі күн түрленген қынаулымын,

Айналамда көз де көп, сынаулымын,

Іштегі дерт сонда шықсын сыртқа,

Ризалық жоқ, мен зарлы жылаулымын, жар-жар!
Сырым аузымен айтылған Қарагөз өксігі, ең алдымен Мөржан етіне тиген қып-қызыл шоқ болса, құмартып, елтіп жүрген Наршаға аз қайғы емес. Той үстіндегі қыз бен жігіттің шымшыма әзіл, ұсақ қалжыңы былай қалып, шарай топтың, барша әлеуметтің көзінше сын сүңгісі бүйіріне қадалған Мөржан бірінші болып бас көтереді. Дереу Қарагөзбен оңаша сөйлескенде атылмаған оғына, сермелмеген қанжарына жармасады. Лап еткен ашу Мөржанды тұтандырып, айқас алаңына шығарады. Сахнада Мөржан мен Сырым.

Мөржан ұғымында, Сырым ата-баба дәстүрін басқа тепкен тентек. Арасы алты ата ғана болатын Қарагөзді құтты жеріне қондыру үшін ақ адал бата беріп, оң сапарға шығарып салу орнына, сұмдық сөзін қоздатқан қисық.

Сырым ұғымында, Мөржан – сүйген жары Қарагөзді малмен матап, басқаға жөнелтуші, зорлық көрсетіп, тізесін батырушы қанды қол, талай боздақтың обалына қалған қызыл көзді пәле.

Бұл жерде дүниеге екі көзқарас соқтығысып, ұғымдар мен пікірлер кереғар келіп тұр.

«Ей, Сырым, бермен кел! Кел алдыма! Жөніңді айтшы, осы, сен! Көзіме айт!» – деп басталатын Мөржан сөзінде әуел баста таудан құлаған сел екпініндей күш бар сияқты көрінеді. Аруақты, өткен аталарды көлденең тартып, соларды өз тобына қосақтап, сөйлейді Мөржан. Айбындырмақ, бетін айдай қылып тырнамақ Сырымның. Қаптап, түтігіп, қара борандатып келген Мөржанға Сырым берген жауап қысқа: «Мен – Қарауылдың жігіті, Қарагөз – Қарауылдың қызы, ардагері де аяулы сұлуы».

Сөзден сөз туып, әбден шайқасқан Сырым әділетсіздіктің қайдан, қалай шығып жатқанын қыз сатумен байлық жиған ауыл бәйбішесінің бетіне қыздырып басады. Жеңілгенін өзі сезгенмен, оны сыртқа білдірмейді Мөржан.

Өз шылауында жүрген Жабай, Жарылғаптарды Сырымға қарсы айдап салады.

Сөйтіп, Қарагөздің Қарауылдан ұзатылу тойы талай жараның бетін тырнап, қанатты. Рухани жағынан сырым жеңгенмен, тізелі қара күш өз дегенін істеді. Қарагөз Наршаға кетті. Пьесадағы драмалық тартыс, бір қарағанда, осымен байсал тапқандай көрінуі де мүмкін.

Басында жүрек шері, көкірек мұңы ғана болып, екі жас арасында шешен, отты тілмен оңашада айтылған сыр жеріне жетіп болған соң, қанаттанып күш алып, майданға шықты. Той үстінде Қарагөз мінезі көрінбегенмен өрттей жалынмен келеңсіз топқа шүйліккен Сырым характеріндегі серпінді күшті Қарагөзге де тән деп іштей байлау жасайсың.

Күрес тоқталмайды. Сырым мінезі шырқын бұзған топ тағы да бас құрап, келін боп келе жатқан Қарагөзді тосып отыр. Бұл ситуацияда бұрын өзара қақтығысып, талай жерге барысып қайтқан характерлер жаңа қырымен көрініп, небір сезімдер қайта шарпысады.

Текті құдағидың қыржиған мінезі, бір шапшып қалған ашуы да аулындағы ың-жыңды қайта еске түсірсе де, той салтанаты дағдылы арнаға ойысады. Асан сал қолында домбыра. Бұл жерде драматург қазақ салтында кең жайылған дәстүрден туған ауыз әдебиетіндегі байырғы үлгінің бірі беташарды пайдаланған. Беташар – жаңа дүние есігін аттап, отау иесі болуға қадам басқан жас келін үшін сабақ, ақыл. Нені істеп, неден безінуі керектігі жайлы ғибрат, өнеге сөз. «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде Әуезов былай деп жазды: «Беташар өлеңінің ұрпақтан-ұрпаққа жеткен және әр түрлі әуезге салып айтуға келетін тұрақты тексі болады».

Асан сал айтатын беташар осы ауыз әдебиетіндегі нұсқа ізімен келеді. Асан беташары мен Әуезовтің айтылмыш зерттеуіндегі:


Қызмет қыл иіліп,

Ата мен анаңа!

Өзіңнен үлкен адамның

Бетіне тіке қарама!

Үлкен кісі келгенде,

Қатарласып отырмай,

Кейін отыр панада!

Лажы болса шығып тұр,

Қайтқанынша далада, -
деген жолдар сөзбе-сөз бірдей.

Беташар, көрімдік сұрай айтқан Асан өлеңдері сырт жұртты күлдіргенімен, негізгі кейіпкерлер жүрегіндегі тоңды жібіте алмайды. Наршаның ынтығуы, Қарагөздің еріксіздігі пьесадағы психологиялық дағдарыстың екі үлкен қанаты болса, бұл қаһармандар осыған дейін сахнада бетпе-бет келмеген еді.

Наршаның: «Қыз менсінбей кетті», - деген намысқа күйген сыңайы мен шын жақсы көріп, сүю сезімінің шарпысуынан туған халі. Қарагөздің жан жарынан суық қол күдер үздірген, жатқа кеткен, тұтқын болған күйі нағыз терең драмалық ситуация тудырады. Бұл орайда, характерлер рухани болмысын айқын танытып, жүрек дүрсілі, саусақ суынуы, буын дірілдеуіне дейін жасыра алмай, табиғи қалыптарымен көрінеді.

Үлкен реніш, зор қайғысын Нарша өкпеге жығып, назға тіреп айтады. Қарагөзді бауырына тартқандай, маңдайға сипағандай мінезбен ашылып, көптеп ішіне жиып жүрген сырды сыпайы, майда жеткізеді. Адам жанының нәзік күйлерін ұқпайтын дөкір, топас надан емес Нарша. Көкірегі ояу жан ол. Қалыңмалы берілген, батасы айтылған қызды асқақтатпас еді оның орнындағы басқа біреу. Айтқанға көніп, айдауға жүрмеске, ақ білектің күшімен шешер еді бәрін де.

Жан жарасын сөзбен емдемек Нарша. Ашылған құшағына енсе дейді Қарагөз. Бұған белгісіз әлдекімді ойламай, алаңдамай артына, бар қалпымен, бар шындығымен берілсе дейді өзіне.

«Мен тұсаулы болғаным үшін күйікті болсам қайтейін!» Қарагөздің осы бір ауыз сөзі тағы да Нарша жүрегінің басынан қамшымен тартып жібергендей. Ақ бата, ата дәстүрін тұсау дегені не сұмдық? Шыдам бітті, төзім таусылды. Нарша жетті шегіне. Қанша мінезді, байсалды болғанмен, айналып келгенде ол да өз дәуірінің перзенті. Сол дәуір моралімен, әдет-ғұрып заңынан асып жығыла алмайды.

Бұған дейін Қарагөзге кеңшілік берсе, тіпті сырласар жандай болса, енді тартады өзге кемерге, билігін қолға алды. Заңды, некелі әйеліне күйеу айтар бұйрықты көлденең тастады. Осы рухани таяқтан соң онсыз да қайғыдан қысылған Қарагөз тынысы тарылып, арқа сүйер жалғызы, жасын сүртер қамқоры Сырымға келеді. Жасырын кездесу, асығыс кездесу.

Еріксіз тұтқын өмірдің, махаббатсыз суық құшақтың шет жағасын көріп шошынған арудың сол ортадан безіне қашуын драматург психологиялық жағынан жақсы тиянақтайды. Қарагөздің: «Мені тастама!» – деуі образдың өз логикасынан шығып жатқан қадам. Бұл ретте характер сюжетке батыл әсер етіп, оның ағысын басқа бетке бұрады.

Аяусыз жаншыған сұмдық қыспақ Сырым мен Қарагөз бойындағы бұрын жете ашылмаған күресшілдік рухын бірте-бірте айқынырақ жарыққа шығарады. Ұзатылар алдында Сырым тіліне көніп, қашып кетуден қорыққан Қарагөз енді батыл ойға бел буған. Ақбала, Дулаттардың сөздері арқылы драматург қос қаһарманды сырттай мінездейді. Қарагөз бен Сырымның соңғы кездесуіндегі диалогтары көкіректі сыздатқан қайғы-мұңды, жүректі баураған жалын-отты дәл бейнелейтіндей ырғақты, үнді, әуезді. Тағатсыз үздіккен махаббат иелерінің романтикалы поэзияға толы сөздері ақ өлең болып ақтарылады. Мұнда бәрі де бар: басқа түскен қаралы күннің ауыртпалығы да, қос өкпеден қысқан жағдайдың ызғар суығы да, сезімнің аспанға шыққан алау жалыны да, кескілеспей беріспес қарсылық пафосы да мұнда бәрі де бар.

Шегіне жете ширыққан коллизияның енді байсал табар тұсында Қарагөз Сырыммен қолма-қол аттанып кетуге келіспейді. Қарагөз қанша күрес жолына беттегенмен, сол қалыңмал беріп, қыз ұзататын, аруақты сыйлап, ескілікті пір тұтатын уақыттың қызы.

Басқа жұрт Қарагөздің ұзатылғанға риза еместігін, жүрегінде қыжыл қайғы жатқанын білгенмен, көңіл қосқан адамы бар ма, болса кім екенін ашып айта алмайтын. Бұл Наршаның да, Мөржанның да жанын күйдірген, әрі ізін білдірмей дел-сал қылған құпия сыр, шешілмеген жұмбақ. Әлденеден секем алған Асан болса, ашып айтуға ұстар дәлел, берер айғақты ол да таппады. Бірақ, оңаша жолығысқан Қарагөз бен сырым сөзін Матай тығылып жатып тыңдамаған күннің өзінде конфликтінің әбден қоюланғандығы соншалық, бұл сыр бәрібір ашылуға тиіс еді.

Кешегі оң жақтағы қыз, біреудің бүгінгі келіні қараңғыны жамылып, бөтен еркекпен құшақтасып тұр! Бөтен еркек алыс та емес, алты атадан қосылатын ауылдасы! Сол уақыт ұғымымен, сол кезең моралі қарағанда, бұл барып тұрған сұмдық, көз көріп, құлақ естімеген сұмдық.

Шынында да, пьеса қаһармандары – Нарша, Мөржан, Жарылғап, Жабай, Асандар Қарагөз бен Сырымның үстінен түскенде, керемет ашуға мініп, теріге сыймас ызаға булығады. Бәрі де өз характерлеріне лайық мінез танытып жатыр. Дымы құрып Нарша жылайды. Жабай жүр байбалам салып: «Жүзі қара, жерге кір! Жүзің неге күймей тұр, арсыз. Өлтір, өлтір екеуін де!» Бұл – Мөржан үні.

Екеуімен жүзбе-жүз кездескенде әлденеше рет сүрінген, соны көкірегіне кек қылып жиған, жұрт өсегі намысын пышақтаған Мөржан мынадай қылық үстінен түскен соң нені аяп қалсын, сабатады Қарагөзді, соққыға жығады. Осыған дейін созылып келген тартысты жауыздықтың қанды шоқпары шешеді.

«Мен… мен… өлтір мені… Тірі қойма! Мен… Бәрібір өлім. Ал… құдай! Ал мені ақ өліміңмен!»

Бұл Қарагөздің тұщы етіне ащы соққы тиген кездегі жан даусы. Керемет жан күйзелісі, кесілген өріс, тарылған тағдыр, аяқ астынан айдай әлемге жария болған сыр, орындалмай қалған арман, таптаурын болған намыс, күйген ар, дөрекі қолдың сорақы таяғы – бәрі жиылып кеп қара бұлттай қаптап, зіл батпан салмақ болып, Қарагөз басына құлады.

«Мен өлдім… Өзім де өлдім. Шуламаса да өлдім… Ә…Ә? Не боп қалды осы?… дулат неге ән салмай қойды? Сырым неге қанжар ұстады? Мені өлтірді… Өлім… Өлім…»

Бұл да Қарагөздің үні. Бірақ бұрынғы ару, сұлу Қарагөздің үні емес бұл.

Ғаламат азаптың алай-түлей дауылы есін тандырып жіберді. Қарагөздің жынданып кетуі сахналық эффект үшін немесе Шекспирдің Офелиясына еліктеуден шыққан нәрсе емес. Қарагөздің естен айрылуы оның күйзелісінен туған трагедиялық шешім. Қарагөз сезімдерінің жалыны мен орта моралі арасындағы қайшылық қалай болғанда да күйреумен тынары сөзсіз еді.

Әуезовтің адам прсихологиясының қат-қабат бұрылысты, иірім ағының ғажап терең білетініне осы көріністе тағы бір көзіңіз жетеді. Қарагөз жүйкесінің әлсіреуі, ұйқысының ашылуы, жүрегінің секем алғыш болуы өз аузынан да, басқа қаһармандар аузынан да бұрын бірнеше рет айтылады. «Ә!.. Ә!» деген кезде естен ауысқаны психиатрлық дәлдікпен берілген. Бұдан кейін келетін сөйлемдерде көз алдында тұрған нәрселерді санамалап айту болғанмен, логикалық байланыс жоқ, ақыл ауысудың әсері анық байқалады.

Үшінші акт соңындағы Сырым монологында асылынан айрылып, жер сабалап қалған жанның қайнаған кегінің сыртқа бұрқырап төгілуі бар, жауын әбден танып, күреске бекінген азаматтың жігері бар. Бұл монологты қазақ драматургиясындағы трагедиялық қаһарман сөздерінің ішіндегі классикалық үлгінің бірі деп танимыз.

Трагедиядағы өзекті тартыстың үлкен бір фазасы Қарагөз басына түскен ауыр халмен тұйықталып, екінші сала оқиға Сырым күйіне ауысады. Бір-ақ рет сахнаға шығатын егінші шал мен балықшы шал жүрегі қан жылаған жігіттің ендігі тапқан ортасы, іздеп қонған жайлауы. Солармен арадағы сөз орайында кек жолына түсіп, Өсер аулының малын шауып жүргендігін білдіреді. Сырым күрес додасында кегін қуып, ысылған кейіп тапқан рай байқатады. Бұрын махаббат үшін басын пида еткен, барлық тірлікті соған бағыштаған жігіт енді қалың көптің қамқоры болған қалпы бар. Соңғы актілердегі бір кемшілік – драмалық әрекетті қаһармандар аузымен айтылатын баяндаушылық сарыны басыңқырап кетеді.

Қарагөзді тағы сахнаға шығару арқылы драматург трагизмді тереңдеткен. Аяулы, ардақты жанның бұрынғы күйі мен қазіргі күйі арасындағы контраст көзге жас алдырады. Қарагөзді пұшайман халге жеткізген зұлымдыққа деген қарсылық сезімі әркімнің жүрегінде атой береді. Төртінші актінің алтыншы суретіндегі ең басты бояу – Қарагөздің өте аянышты жағдайы. Нарша, Асан, Тойсары, Текті сөздері сол бояуды айқындап, ашып тұрған фон іспетті.

«Тоғайға бардым… Тағы барам ба? Тоғайды қуалап кете-кете барып… Азынаған көрге барам ба? (Күліп) Тоғайда ән салады екен. Жібек шапаны бар… Біресе жел боп кетеді. Тоғай болып кетеді… Жоқ-жоқ… Шөп боп кете ме? Әлдене боп кетеді? Ұйқым кеп кетеді… Тоғай… Жапырақ… Тоғай… (Шошып.) Ойбай… Пышақ… Кісен… Әже…»

Есінен айрылған Қарагөздің сөзі. Зер сала қараған адам осы шатасқан кездегі сөздің өзінен бұрынғы Қарагөз мінезінің кейбір қырын аңғарар еді. Үзік-үзік сурет. Үзік-үзік естелік. Ең жақсы сәттер мен ең қорқынышты сәттер. Ауысқандық сөздердің байланыспауынан, сөйлемнің қиыспауынан, ұйқас қуып, сөз қуып кетуден, бірді айтып, екіншіге көшуден білініп тұр. Қарагөздің бұл сөзі де көкіректі сыздатып, жүректі шымырлатқандай ауыр әсер қалдырады. Аяушылық, гуманизм сезімі жан сарайын күңірентеді. Қоса қайғырасың.

Қарагөздің соңғы демі Сырымды көріп, Сырым атын аузына алумен үзіледі. Жауапсыз сүйіспеншілік отына күйген Нарша да көшеді дүниеден. Зар илеп, жалғыз қалған Сырым.

Ақырғы суретте Әуезов Қарагөз аруағын сөйлетіп, символикалық әдіс қолданады. Шығарманың негізгі идеясын, жалпы мұратын ашуда бұл сурет атқарып тұрған қызмет үлкен. Қарагөз дүние салғанмен, әділетсіздік жеңгенмен, қанаты енді беки бастаған Сырым күреседі. Ол жалынды сөз, өткір тіл, лапылдаған ақындық қуат иесі.

Сахналық шарттылықты шебер пайдаланған Әуезов трагедиядағы оптимистік идеяны Қарагөз аузымен айтқызады.

«Бу беліңді бекемірек!… Шеш күрмелген тіліңді! Мені де, өзіңді де ақта! Тапсырамын осыны! Сынған ер жамалады, сыны біткен көңіл қайғысын сөзбен жазады. Сенің даусың биік қалың тоғайдың басын теңселткен қатты дауылдай аңқып ессін. Сенің бетіңе тура қарар жау болмас. Дауыл мен жауын да жай ұшырған жапырақтай болып өшеді, жоғалады. Шеш тіліңді! Оян, серпіл! Сөйле, сөйле!..»

Сонау салтанатты күніндегі Қарагөз ғой мынау. Самал желдей есіп тұр ғой. Әрбір сөзде серпінді күш-жігер, қуат берерлік салмақ жатыр. Бүгінгі сахнаның мүмкіндігін пайдаланғанда бұл монолог көрерменге ғажап әсер береді.

Қайғы езіп, мұң жаншып тастаған Сырым көңілі серпіліп, ағарып, ақындық таңы атқандай болады. Ақын Сырым характеріндегі халықтық арманды – терең арманды ұғынуға, ел қамын жеуге беттеген күйді бірте-бірте күрес арнасында шыңдап шығарған драматург жалынды өлеңмен Сырымның өз-өзіне серт еткізеді. Ол бұрын да ақын болатын. Тағы туды ақын боп. Сөз ұйқастыратын өлеңші емес, ауыр азапты бастан кешірген, жалғыз жарынан айрылса да, құламаған, биік өріс, кең жайлауын енді тапқан өршіл ақын ол Сырым.

«Қарагөз» трагедиясы сан ырғақты ғаламат мол үн жамырай табысып, дауылдап барып, аяқталатын қаһармандық симфонияның финалындағыдай әсермен бітеді. Бұл шығарма қазақ драматургиясының інжу-маржанының бірі.




Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет