Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет6/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Әдебиетші ғалымдар Ы. Дүйсенбаев9 К. Қанафиева10 газеттік рецензия көлемінде трагедиядағы образдарды талдап, артистер ойынын сөз етіп, спектакльді жоғары бағалады. "Бұл спектакль драма театрының соңғы жылдардағы аса елеулі табысы11, - деп жазды "Социалистік Қазақстан " газеті. Айтылмыш мақаладағы Жапалдың таптық кескіні айқын емес деген пікірді трагедияның кемшілігі ретінде көрсету дәлелсіз болатын.

Тағы бір топ рецензияда "Еңлік-Кебек" трагедиясының Петропавл, Семей, Қызылорда, Ақмола облыстық театрлары сахналарында қазақ, орыс, корей тілдерінде қалай қойылғандығы айтылады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен 1958 жылғы онкүндігіне апарған репертуардың көш басында "Еңлік-Кебек" трагедиясының тұруы занды еді. "Известия" газеті: "Тұрмыстық дәлдіктен аулақ бұл спектакль жинақтау мен характерлердің реалистік айқындығын бойына жиған"12,— деп жазды. Абыз роліндегі Қалыбек Қуанышбаевтың, Есен роліндегі Ыдырыс Ноғайбаевтың, Еспембет роліндсгі Серке Қожамқұловтың, Кебек рөліндегі Нұрмұхан Жанториннің, Еңлік роліндегі Бикен Римованың, Жапал роліндегі Сейфолла Телғараевтардың артистік шеберліктері өте жоғары бағаланды.

Театр сыншысы Е.Сурков "Бұл сцена (билер дауы сценасы — Р.Н.) қазақ даласының бағзы тарихының барлық қуатымен, әлем-жәлемсіз сиқырлы сұлулығьгмен көз алдымызға кілт келе қалған ғажап картина"13 — деп таң-тамаша болды.

"Еңлік-Кебектің" Бішкек қаласында қойылуына байланысты қырғыз әдебиетшісі Б.Жұмабаев: "Тақырыптың анық поэтикалық, терең ұлттық шешім табуы соншалық, бұл шығарма ұлтына қарамастан әрбір адамды тебіренте толқытады"14, — деп ақтарыла сөйледі.

Академик Сәбит Мұқанов "Еңлік - Кебек" трагедиясы — өзінің ең сүйікті шығармасы екенін айтты15.

Сөйтіп, әуел баста халықтық аңыз негізінде туған Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек" трагедиясы талант құдіретімен әлденеше рет редакцияланып, жаңғыртылып, байытылу арқасында образдары кесек-кесек, конфликтісі шыңыраудай терең, тілі ғажап шұрайлы классикалық пьесаға айналды.



***
Жиырмасыншы жылдардағы туған әдебиетіміздің өрлеуі ең алдымен революция жаңғырығымен терең байланысып, сабақтасып жатқаны анық, мұның үстіне ғасырлар бойы жиналса да, көрбілтелене бастаған сан алуан қайнарлардың көзі ашылды. Фолъклордың ұшан-теңіз байлығы көптеген қаламгердің шығармашылық тағдырына айрықша әсер етті.

Соның бірі, сөз жоқ — Жұмат Шанин.

Жұмат Шанин — қазақтың драма, опера артистерінің алғашқы буынының ұстазы.

Жұмат Шанин — актер, театр сыншысы, музыкант.

Жұмат Шанин — драматург.

Талай дуалы ауыздардан көп-көп айтылған осы сөздердің бәрі де ақиқат. Жұмат Шанин мұрасы түгел сақталмаса да, оның жан-жақты қызметінің ізі әлі сайрап жатыр: ең алдымен, ол негізін қалаған қазақ драма, опера театрлары бүгінде ерге шығып отыр; тұңғыш рет ол баулыған артистер бүгінде өнер аулының ақсақалдары болып отыр; ол қойған спектакльдер әлі де сахнада, ол айтқан сын-пікірлер, режиссерлік ойлар өшкен жоқ, оның үлкенді-кішілі пьесалары әлі де ел игілігіне қызмет етіп отыр.

Жұмат Шанин қалың қазақтың думанды ортасы, құйқалы, табиғаты әсем атырап — Баянауыл еңірінде 1892 жылы дүниеге келген. Қоралай біткен Желтау деген таудың бауырындағы Қаратал қыстауында кіндік қаны тамып, ит жейдені сонда тоздырған.

Шана — Жұматтың ұлы әкесі. Оның Толымбай деген ағасы, Тоқбала, Жәмила деген қарындастары болған.

Әкелері Қожамбердіден қалған аз тұяқ жамала келіп, Толыбай іштене бастайды да, інісі Шананы бауырына тартпай, кейін серпіп, теперіш көрсетеді. Мінезі жуас, қақсоқпен жұмысы жоқ Шана көбіне мал соңында салпақтаумен жүреді. Дұшпандықты алыстан емес, туған ағасынан тапқан Шананың өз қолы өз аузына талай жылдар жете алмайды. Сыбай-салтаң өмір, бойдақ тірлік кешеді. Мал берудің, сатып алудың заманы, құр ниетке, құр көмекей бүлкіліне қыз келмейтін шақ.



Жас кезінде отау тіге алмаған Шана сақайып жігіт ағасы болған шағында барып әрең үйленеді. Жіңішке жерден шыққан, қаршадайынан тұрмыс тауқыметін көріп, аштық, тоқтыққа бірдей үйренген Қырмызы есті, ақылды әйел болады. Үй іші, ошақ басына береке әкеліп, ауыл-аймақтың сыйлы адамына айналады. "Үлкен бәйбіше" атанады.

Шана Қырмызыдан Мұстафа, Құрманбай, Тұрғынбай, Жүргінбай, Нұршекей деген бес ұл сүйген. Бұлардың бәрі де жалқау тіршілік, арам жолға салынбай, адал еңбектерімен ел қатарына қосылып, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтереді.

Шананың балалары бірі-бірінен еткен шебер, өнерлі екен. Құрманбай ескі жырларды, шешендік дауларды, неше алуан билік атаулыны жақсы білетін, көкірегі ояу, қарасөзге келгенде алдына жан салмайтын шешен адам болса, Жұматтың өз әкесі Тұрғынбай сүйегі берік, қайратты, мінезі тура, әділ адам болған.

Қордалы жерде, қарға тамырлы ағайын ортасында туған Жұмат кішкентайынан етек бастыны көп көріп өседі. Мұның үстіне Толыбай — Шана арасындағы ежелгі тартыстың басылмаған ызғары және бар. Дала шіркіннің жас жүректе қалдырар ізі аз емес; қар бүркенген жалпақ өңір, жер аяғы кеңіп, көк қылтия шеру тартып жайлау көшу, асық, ақсүйек, алтыбақан, шілдехана, бәйге, күрес — мұның бәрі қыр перзенті Жұматтың дүние есігін алғаш ашқан кезіндегі тамашалаған қызығы, өмір бойы тарқамастай көрінген базары.

Азын-аулақ малмен күн көре алмайтын болған соң, Шана балалары басқа кәсіп іздейді. Шөптікөлде ашылған шахтаға бірінші болып Тұрғынбай түседі. Шахта деген аты ғана. Белден саз, су кешіп жүріп, кенді қайламен қазып, жеті қат жер астыңца талай боздақ опат болған. Әкесінің зіл батпан қап арқалап, көзі ғана жылтырап, буындары дірілдеп, арыстанның аузындай үңірейген зындан құдықтан шығып келе жатқаны бала Жұматты түршіктіреді. Жасыл жайлау, қап-қара шахта жас жүрекке екі түрлі, бір-біріне кереғар әсерлер қалдырған. Шахтаның азабы көп, зейнеті аз жұмысында бес жігіт бірталай жыл жүргенімен, дәулет жиналмайды. Табыс іздеп Кереку қаласына келеді. Біреуі ағаш шабады, біреуі үй салады, ішіндегі ең қарулысы, палуан бітімді Тұрғынбай арқасына ершік байлап, кемеден жүк тасиды. Сөйтіп, үй іші киім-кешегін бүтіндейді, бес пар өгіз-арба құрап алады. Бұрынғы қазақтар ағайын-туысқа өкпелеп, қатты көңілі қалса, күнде бет жыртысып, көз алартысып отыр-ғаннан гөрі не бірін-бірі барымталап шауып алуды, не басқа жаққа ауып кетуді артық көрген ғой. Толыбайдың ежелгі тізе батыру машығы жаулыққа қарай ойысқан соң, Шана балалары туған жерлері Желтауды тастап, Ертіс бойындағы Қаржас ішіне көшеді.

Бұл кезде Жұмат ес тоқтатып, оң мен солын біліп қалған, он бір-он екі жастағы, ауыл молдасынан оқып, тілін сындырып, арабша хат таныған зерделі бала. Жаңа орынды қоңылтақсып, туған жерін аңсап, сағына береді. Мұның бірнеше себебі бар еді.

Ең аддымен, қырдың еркін өміріне қарағанда, жаңа орта қысаң болатын, көшіп-қонып жүруі жоқ, жайлау романтикасы жоқ, бір қыстауда табан аудармай отыратын жатақ тірлігі іш пыстырады. Әсіресе, бала Жұматтың көз аддынан Қоянды жәрмеңкесінің қызығы кетпейді. Қоянды! Қараталға тиіп тұрған жер емес пе, бір-ақ төбеден асса — бітті. Тынық күндерде Қараталдағы кейбір саққұлақтар жәрмеңкедегі әнді естідік деуші еді ғой. Алғаш рет қан базар, ән-күй мерекесі, өнер ордасы, батыр, бағлан майданы — Қоянды жәрмеңкесіне Жұматты атасы Шана өзі алып барған. Дуылдаған әңгіме, шырқай салған ән, күмбірлеген күй десе, аузын ашып, көзін жұмып, ішкен асын жерге қойып, есінен айрылатын Жұматқа Қоянды деген дүниенің ең бір ғажап мүйісі болып керінді. Жаз шығып, жәрмеңке ашылысымен маза жоқ. Не біреуге ілесіп кетеді, не апарындар деп әлек салады, әйтеуір, қашан базар тарқағанша әуре. Қай жерде ән, қай жерде батыр, палуан өнері, қай жерде, бәйге, күрес — қаршадай Жұмат осы төңіректен шыкпаушы еді. Қайда сол думан?

Тұрғынбай еті тірі, көшелі кісі болғанмен, ән-күйге, домбыраға қырсыз адам екен. Қайта әйелі Қалияның төркін жүртынан әнші, күйші, өнерпаз көп шыққан. Жұмат нағашысы Алтыбайға жиендік ретпен ғана емес, өнерге деген құштарлық сезімі көкірегінде ерте оянғандықтан бауыр басқан болу керек. Даңғыр-дұңғыры жоқ, Тәттімбеттің сұлу сырлы күйлерін, ойбайы, шыңғыруы жоқ, ет жүректі елжіретер Біржанның әсем әндерін Алтыбай аяғы жеткен жеріне түгел жайып жүрген. Кішкене жиеніне домбыра тартуды, ән салуды өзі үйреткен. Жаңа ортада бала Жұмат жүрегін шымырлатып, құлазыта беретін туған ауылда қалып қойған осындай қызығы мол, әсері күшті қимас асылдары еді. Шана балаларын бұл жақта да оңай олжа, тегін пайда күтіп тұрмаған болатын. Бәрібір күрес, бәрібір тартыс, бәрібір еңбек. Сексен үй Қаржастан құралған бұл ауылды Қисық аулы дейді. Халқының көбі табан ақы, маңдай теріне сенген, сіңірі шыққан жатақ. Үлкен бір кәсіптері Ертіс бойынан ағаш кесу, соны жарып, кептіріп, отын қылып Омбы қаласына апарып сату.

Жатақтың баласы көзін тырнап ашқаннан жұмысқа жегіліп, тесік өкпе, көнтерлі болып өседі. Қыр сахарасындағы еркіндік, босбелбеулік, самарқаулық жатақ өмірінде болмайды. Тіршіліктің осындай қатал қалыбы бала Жұматты өз құрбыларына қарағанда, ертерек марқайтады. Тайға шауып, асық ойнап, ақсүйек қуып жүретін қызық шақтан өз үлесін алмай жатып, үлкен азамат мойнына түсетін жүкті арқалайды. Қара жүмыстан гөрі ұлының сөзге, жазу-сызуға көбірек ыңғайы барын сезген әкесі Тұрғынбай Жұматты оқытсам деп байлау жасайды.

Омбыға апарып ағаш сатып жүргендерінде Жұмат ептеп-септеп орыс тілін үйрене бастайды, жөн сұраса жауап берерліктей, өзі адасып бара жатса, жол қайда дерліктей халге жетеді.

Омбы уезі, Тәнен болысы, Қаржас аулында татар мүғалімінен Жұмат орыс алфавитін үйреніп өз бетімен кітап оқи бастайды. Көршілес поселкелермен танысьш, аралас-қүралас жүреді. 1913 жылы кен барлау мақсатымен жер өлшеп жүрген землемерге жұмысшы болып кіреді. Мұның бәрі Жұматтың көзін ашып, мінезін қалыптастыруда ықпал жасаған жайттар.

Жасы жиырманың үстіне шыға бастаған кезде Жұмат көңілі ауыл ішінен, ел арасынан тоят таба алмай, қалаға ұмтылады. Анда-санда отын апарғанда шет пұшпақтап керіп жүрген Омбы шаһарына есіл-дерті ауып, оқу соңына түсуге белін бекем буады.

1913 жылдың күзінде Жұмат ежелгі мақсаты — білім алу ниетін іске асырмақ оймен Омбы қаласына келеді. Бірталай уақыт жүмыс таба алмай таршылық көреді. Оның үстіне қарны ашқанда шай-су ішетін, қона кететін жақын-жуық, ағайын-туыс жоқ. Бірақ бала күнінен жоқшылық, ауыртпашылық не екенін біліп өскен төзімділігінің арқасында анау-мынау соққыға дес бермейді.

Зады, қала өмірі қыр перзентін тез марқайтып жібереді. Дала тіршілігіне тән бойкүйездік, керенаулық, жалқаулық қала тынысында жоқ нәрселер. Қашанда шаһар атаулының етек-жеңі жинақы, халқы пысық, зиялы. Шаһар — білім, ғылым, өнер астанасы. Сондықтан дала төсінде туып, таза, пек табиғат аясында балалық шағын өткізген жандар қалада тез жетіле бастайды. Сол қаланың өз түлектеріне қарағанда жедел өрлеп, қауырт өсетін кездері де бар. Шөліркеп келген дала перзентіне ғылымға, өнерге, жалпы цивилизацияға деген қомағайлық сезімі тән.

XX ғасырдың басыңдағы Омбы — патшалық Россияның Сібірдегі ең ірі қалаларының бірі еді. Мұнда революцияға дейін үш гимназия, екі училище, кадет корпусы, жеті толық емес, орта дәрежелі мектеп, он екі бастауыш мектеп, екі аурухана, бір театр болған. Әжептәуір мәдениет ошағы. Екінші жағынан, "Омбы — көк соққан қала. Ағаш жоқ өзінде. Тұттай жалаңаш. Жазда аптап ыстық тынысыңызды тарылтып, құмды дауыл тұрса, қыста ақ түтек боран. Табиғаты құрдым. Былапыт қала" , — деп Федор Достоевский жазатын Омбы.

Қат-қабат қиыншылығы мол үлкен қалада жатақ аулының жігіті Жұмат көп саңдалып, әуре-сарсаңға түсіп, ақыры бір заводқа жұмыскер болып орналасады. Рақаты аз, бейнеті мол еңбекке көндігіп, жұмысшылар арасына үйреніп, алды-артьш шола бастайды. Білімсіз, мамандықсыз алысқа бармайтынын жақсы түсінген талапты жас тапқан-таянғанын қызу-дырдуға шаша бермей, орыс мұғаліміне алған ақшасының үштен бірін беріп, қолы босағанда сабақ алады. Орыс тілін, арифметиканы, басқа пәндерді үйренеді.

Бұл жылдарда Омбыда қазақтың талай үміткер жастары әр түрлі оқу орындарыңда білім алған. Әйгілі ақын Сәкен Сейфуллин, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, Нығмет Нұрмақовтар Омбы семинариясында оқыған. Бұлармен Жұмат өте жақын жүрген. Жастардың ағартушылық бағыттағы "Бірлік" ұйымының істеріне жиі араласқан. Жиырмасыншы жылдарда ойьш-сауық кештерінде қойылған бірнеше шағын пьеса жазған драматург, халық артисі Ермек Серкебаевтің әкесі, қарт педагог — Бекмұхамед Серкебаев былай дейді: "Мен ұмытпасам, не 1913 жылдың, не 1914 жылдың қысы болса керек, Жұмат Шанинмен бір пәтерде тұрдым. Үй иесі орыстың кәрі шалы болатын. Жұматтың менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Және бұрын Омбыға келіп-кетіп жүргендігінен бе, әлде зейінділігінен бе, әйтеуір, әжептәуір тіл біліп алған. Сергек, жинақы, жұмыстан қолы босаса айналдыратыны кітап. Менің таң қалғаным әңгіме кітап емес, оқитыны, көбінесе, пьеса кітаптар болуы еді".

Бұрын қазақтың ән-күйіне, домбыра, қобызына жаны құмар Жұмат қалаға келісімен Европа өнеріне ден қояды. Аз уақыттың ішінде мавдолин, скрипканы жақсы тартып кетеді. Жастар кешінен, биден қалмайды. Арнаулы формасыз семинариядағы сауықтарға кіргізбейтініне қарамастан, Жұмат ол жерден де өтіп жүреді. Әсіресе, қалалық театр ең бір сүйікті орнына айналады. Ауылдағы қыз ұзату, шілдехана қызықтары, алтыбақан, айтыс, билер дауымен сахна өнерінің іштей тамырластығы барлығын сезгендей болады. Бір жағынан заводта жұмыс істеп, екінші жағынан мұғалім жалдап, өз бетімен оқып білім алып, есейіп қалған Жұмат 1915 жылдың жазында тұрақты оқу орны — бухгалтер курсына түседі. Оны 1916 жылы бітіріп шығып, Омбы қаласындағы Машинский заводына бас бухгалтердің көмекшісі болып орналасады.

Үш-төрт жыл бойы революциялық рухтағы жұмысшылар ортасында болып, көп оқып, рухани-мәдени ізденістерге түсіп, қаладан жан-жақты әсер алған жас жігіт заманның белді азаматтарының бірі болып өсіп келе жатады.

Дәл осы кезде Жұмат өміріне бірінші дүниежүзілік соғыстың қара құйыны килігеді. Күнбатыс майданда әбден титықтаған, ішкі қайшылығы шегіне жеткен ескі Россия қаусаған армияны бүтіндеу ниетімен орыстан басқа халықтар өкілін әскерге алу туралы үкім шығарады. Қазақтарға әйгілі, қанды 1916 жыл. Қыр жігіттері күш біріктіріп, атқа қонып, жауларына қарсы сойыл көтерсе, қаладағы азаматтар наразылығы үлкен қарсылыққа қару ұстауға ұласа алмай, бықсып өшіп қалады.

Мақсат қуып, азды-көпті білім алған, енді ғана өмірдің үлкен жолына шыққан Жұмат қара тізімге ілініп, 1916 жылдың қыркүйек айында майданға кете барады. Артта — көңілге жылы, көзге ыстық есіл балалық, кіндік кесіп, кір жуған жер, білім беріп, жөн үйреткен, ақыл қосқан, азамат еткен Омбы, дос-жаран, жақын-жуық, ата-ана, іні-қарындас, қазақтың селеуі желкілдеген жойқын даласы. Алда - тұмаңды болашақ, өлім мен өмір өткелі, қияметтің қыл көпірі — соғыс.

Бұрын ауылдан өзге жерді көрмеген өңкей көген көз мың қазақ жігіті Омбыдан бірге жөнелтіледі. Бұлар он екінші инженерлік армияның бөгде жұрттар тобын құраған. Іріп-шіріген патша армиясының офицерлері масқара жеңіліс өкінішінің қарымтасын қара жұмысқа келген басқа ұлттар өкілдерін азаптаумен, қорлаумен алуға тырысады. Белуардан лай кешіп күздің қара суығында окоп қазу; аяз жұтып, қар шомып, қорғаныс, бекіністерін салу; аш-жалаңаш, жыртық-тесік жүріп, таңды-таңға ұру; халықты мазақ еткен, ел арын қаралаған сөздерді есту қазақ жігіттерін жаншып, азаптап қана қоймайды, олардың намысын шабақтап, жігерін қайрайды. Көздің жасын көлдету, ақырын күңкіл, жасырын жиналыс бірте-бірте саналы қарсылық, тізе қосқан күреске айналады. Бұрын завод жұмысшыларының ереуіліне қатысқан, басқаларға қарағанда орыс тілін жақсы білетін, оқыған-тоқығаны бар Жұматты майдаңдағы азаматтар өздерінің өкілі етіп сайлайды.

Қаны сорғалаған зұлымдыққа, көз алдында жасалған қиянатқа Жұмат шыдамайды, жұмысшы жігіттердің басын біріктіруге күш салады. Әділет үшін, адамшылық үшін білек сыбанып кіріседі. Мұз қарыған окопта, өлім оғының астында орыс солдаттарымен құпия жалғасып, бір тілек, бір мақсат — бостандық жолында алысады. "Осы үшін офицерлер тарапынан мен жемеген таяқ жоқ. Апталар бойы зындандай құлазыған суық карцерде жападан-жалғыз азап шектім. Денсаулығым сонда құрыды", — дейді Жұмат 1926 жылы жазған өмірбаянында (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, ф. 81, оп. 1. іс 1835, бума 129, 7-бет).



Жарты жыл бойы арып-ашып, азап-мехнат көріп, бейнет шеккен майдан жұмысшыларын өлімнен ақпан төңкерісі құтқарады. Кезін күтіп, шегіне жетіп жарылғалы тұрған ашу-ыза, намыс-кек бір-ақ күнде бұрқ етіп шыға келеді. Күнде ереуіл, күнде митинг. Патша тағынан төңкеріліп түскенін естігенде, майдандағылардың қуанышында шек болмады. Тартыс аренасында көзге түскен жігіт ағасы, ел қамқоры — Жұматты үшінші бөгде ұлттар тобы өзінің заңды депутаты етіп сайлайды. Тағы күрес, тағы тартыс.

Сол 1917 жылы майдандағы қазақ жігіттері қанды көйлек жолдастарының томпиған суық молаларын жат жерде қалдырып, өздері жүдеп-жадап, тозып-таусылғанмен, рухани жағынан өсіп, әлеуметтік күрес, таптық тартыс қазанында марқайып, тіршіліктің ауыр салмағын тайсалмай көтерерлік күш жинап, аңсаған елге, туған топыраққа көздері жасаурап, жүректері лүпілдеп қайтып келе жатты. Соның бірі — Жұмат Шанин болатын.

Елде көп өзгеріс бар еді. Төңкеріс толқыны кең сахараға түгел жайылған. Жұматтың туған-туысқандары қоңторғай күймен қайтадан Желтауға оралып, сол төңірек үшін жаңа кәсіппен айналысып, жер жыртып, егін салуға кіріскен. Ата-ана тескен тау өтіп, ажал аузынан әбден сілікпесі шығып, құр сүйегі ғана келген ұлдарын көзден таса қылмауға тырысады, ауылда, өз жаңдарыңда, жүрт қатарлы күн көріп, жадау тұрмыстарына қолғабысын тигізсе дейді.



Майданның азапты тірлігі артта қалып, еркіндікке енді қолы жеткендей болған жас жігіт еңбек етпек, өмір көрмек, күреспек. Осы ниетпен ол "Сарыарқа" газетіне хабарландыру береді.

"Орын іздеймін: счетовод (бухгалтер). Керек қылған сауда конторына барамын. Қазақ тілімен де книганы жүргізе аламын. Жол расходы алдырушы есебінен. Жалованьемді, керек қылған кісі, қанша беретінін айтып хат жазсын.

Адресім: г. Павлодар, стан. Желтовская, Джумату Шанину". (Семсйде басылған "Сарыарқа" газеті, 1917 жыл 5 қыркүйек.) Кездейсоқ болса да, қызық тарихи факт: Болашақта қазақ киіз үйін цивилизациялы дүниенің талай қиырына апарып тігетін ұлы Әуезовтің тұсаукесер мақаласы — "Адамдық негізі — әйел" "Сарыарқа" газетінің осы санында жарияланған.

Көп ұзамай, 1917 жылы Жұмат өз аулына жүз шақырымдай жердегі Қарқаралы қаласына келіп, уездік кооперативке бухгалтер болып орналасады. Ежелден ән мен күй ту тіккен, шешенцік өнердің сонау Қаздауысты Қазбектен басталған тұтас мектебі бар қасиетті елден өнерге құштар жігіт көп әсер алады, таусылмас, сарқылмас қазынаға кездескендей болады. Шаншар қуларының ащы әзіл, усойқы кекесін, отты мысқыл, адамның ішек-сілесін қатыратын күлкілі әңгімелері, шырқы бұзылмаған халақ таланттарының сан алуан өнері қазақ театрын жасаса деген Жұмат көңіліндегі балғын арманға қанат байлайды. Рухани көп олжа табу, іштей баю үстіне оның өмірінде тағы бір жаңалық бар еді — үйлену. Кейін қазақтың тұңғыш артистерінің бірі болған, адал жары, аяулы ана, таудай ауыртпалықты ұзақ жыддар бойы белі қайыспай көтерген батыр жүректі адам — Жанбикемен табысқан.

Әлеуметтік өмірге жиырмасьшшы жылдары араласқан қазақ жазушыларының көбінің әр түрлі қоғамдық қызмет атқарғанын көруге болады: төңкеріс дәуірі тек қаламмен ғана отырғызбайды, тартыс толқынынан сырт тұра алмайсың, тіле, тілеме — бәрібір. Бұл Жұмат Шанин тағдырына да тән құбылыс.

Тіршілік талқысына түсіп, таптық айқастың ыстық-суығын көріп қалған Жұмат 1920 жылы сәуір айында Коммунистік партияның қатарына кіреді. Іскер, жұмысқа тыңғылықты қызметкер ретінде 1921 жылы Павлодар уездік партия комитетінің мүшесі, ал 1922 жылы уездік партия комитетінің мүшесі және президиум мүшесі болып сайланады. Осындай қоғамдық қызметтерде істеп жүрген кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрініп, коллектив басшысына аса қажет: басқаның қамын ойлау, сабырлылық, инициативашылдық, әділдік, көрегендік сияқты мінезінің абзал қырлары еркін ашылады.

Өзі қырда өскен, қазақ аулындағы күрделі қиындықтардың ұңғыл-шұңғылылын терең білетін ысылған, қызметте шыныққан белді кадр ретінде Жұмат Семей губерниялық партия комитетінің ұсынысы бойынша 1922 жылдың мамыр айында Зайсан уездік атқару комитетінің председателі болып сайланады.

Бұл жерде ол аласапыран дәуірдің, таптық шайқастардың қызу күндерін басынан кешіреді. Неше түрлі қызық аңыз, әңгіме, ертегі-жырдың тұнып тұрған өлкссі — Зайсан, Тарбағатай, Алтай аймағы халық әдебиетіне бала күннен құштар Жұмат қиялының алдына ғажап байлығын айқара ашып салады. Ол ел ішіндегі әнші, күйші, ақын, құсбегі, бапкер, палуан атаулымен өзінің қызмет бабындағы үлкен мансабына қарамай достасып, бауырласып кетеді. Ұзақ күндер біреуінің әнін тындаса, кейде апталап аңшыларға ереді. Қарадан шыққан іргелі ақын, күміс көмей жырау Ержан аузынан түңғыш рет "Арқалық батыр" жырын естіп, қағазға түсіреді. Кейін осы материалдың негізінде өзінің атақты "Арқалық батыр" трагедиясын жазады. Зайсанда тұрған уақытында Жүмат Кәрібай, Ботабай секілді сол атырапқа аты мәшһүр ақындармен табақтас, сырлас болып жүрген, халық қазынасы қайнарынан өзінің болашақ пьесаларына сюжст, идея, нәр алған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет