Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет4/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Бір орталыққа бағынбаған, әрқайсысы өзінің ұсақ мүддесін қызғыштай қорыған рулар арасындағы жұлқыс - феодалдық қоғамның негізгі қайшылығынан туатын үлкен трагедиялардың бірі. Бұл ойран ұсақ мемлекеттерді жүйкелеткенін орта ғасырдағы Германия мысалынан көрсек, жеке рулар бейберекеттігінің бір халықтың басына қан жаудырғанын Қазақстан тарихынан аңғаруға болады. Іштей қырқысып, жүйкесі құрыған қазақ хандығы XVШ ғасырдың басында қалмақтардан жеңіліп, босқынға ұшырайды, ел басына қаралы күн туады. Ру таласы, сол орайдағы қастандық - жеке адамдардың өмірлерін де масқараға ұшырататын пәлекет.

Алғашқыда Еңлік үшін сұмдық пен зорлық жалғыз Есеннен ғана шығатындай көрінген. Кебек тосқауылы да сол болатын. Ру арасының ызғары жаңа жетті. Дауыл көтерген мұхит толқынындай дүлей күш өрлеп келеді. Шідер үзіп, бөтен жұрттың, жау жақтың батырының етегінен ұстап кеткен Еңлікті бөтен ел аяр ма? Бәрінен де жер боп қалған, өкініш уын шеңгелдеп отырған Есен ашуы қандай?

Кебек - тобықты баласына пейілін салып, екіталай күнде жанын шүберекке түйіп, білектің күшімен қамал бүзып, жаттан қорғап, қан кешкен жаужүрек батыр. Пана таптырар, өз руы бауырына алар деп сенеді.

Пьесадағы тартыстың үдеп барып, асқынып кеткен тұсы екі ел билерінің тоқайласу сценасы. Өмірлік қайшылық көркем образдар арқылы өнер тілімен тамаша көрініс береді. Бұл жерде Еңлік пен Кебек оқиғаға араласпаса да контраст өз-өзінен байқалып тұрады. Оларға деген симпатия молая түседі. Билер сценасын деміңізді ішіңізге тартқан жітілікпен қадағалайсыз.

"Еңлік-Кебек" пьесасындағы билер сахнасы - аз-кем стильдік өзгеріске түскенмен, түптеп келгенде, 1922 жылғы күйін сақтаған. Тұрпайы социологизмнің кемшілігінің бірі - әрбір образ бойынан тек таптық белгіні іздеу еді. Олар Максим Горькийдің: "Таптық белгіні адам бетіне жапсыра салуға болмайды; таптық белгі сойдиған сүйек емес, ол ішкі сараймен, жүйке тамырмен мидай араласып жатқан жаңды дүние; құр таптық белгі адамды көркем кескіндеген характерді бере алмайды"6, - деген теориялық байламынан мүлде шалғай, алшақ, жаңсақ "қисыңдарды" ұсынды.

Әуезов пьесасындағы билер сценасының көркемдік қуаты осы Горький айтып отырған таптық белгілердің сырт бояу, жапсырынды нәрсе ретінде көрінбеуінде жатыр. Қайсысын алсаңыз да бәрі бір: мейлі Кеңгірбай, мейлі Еспембет, мейлі Көбей, мейлі Қараменде - тосқауылдың тас босағасында характерлер ашылып, ішкі толқын, жан дүние сыртқа шығып тұр. Әрқайсысының аузынан дауылдаған, қараборан сөз тасқыны ақтарылады. Өздері қандай кесек - Алатаудың жақпар-жақпар биік тұрғы шыңдарындай.

Еңлік пен Кебек қылығын екі ел дауының сылтауы етіп ұстаған билердің шешендігі, орақ тідці, от ауыздылығы салған жерден таңқалдырады. Алыстан орағытып, қара бояумен түнерте жүйткіген Кеңірбайдың ұзақ монологы іркес-тіркес. Көзге түртсе көрінбес қара түндей қап-қара пәлекет ортасында қалған қабан би қарманғандай: қорықпасқа қайран жоқ, кешегі өзі салған ойран, өзі жасаған тепкіні сонау Найман қайта әкеле жатыр.

Ашуды намыспен жанып, оған кектің уын күйып, ізденіп жұлқынып келеді жау. Дұрыс болсын, бұрыс болсын өктеген соң, жеңсін би. Көкіректі бастырмай, дұшпаныңды жер қылып, таптап, шауып, табаныңа салып өт. Сол-дағы тағдырдан тілер бір тілек -зор тілек. Кеңгірбайдың қабырғасына Кебектің өлімі, я бір Матай қызы тірлігінің өшуі батып бара жатқан жоқ. Өз намысы. Сынбаса дейді өз сағы.

Кеңгірбай бірер рет қана сахнаға шығады - әуелгісі алыс дауыл хабаршысындай билер сценасы басындағы өз толғанысы, соңғысы кесік айтар кезең. Қазақ топырағында туған айрықша бір образбен жүздесеміз. Қаттылық, мұз суықтық бейнесіндей сұсты образ.

Екі ел билерінің сөзбен балталасатын көрінісі сахналық әрекетке өте бай. Баста Кеңгірбай бір жаққа кетеді. Қараменде келеді; наймандардың алғашқы бүлігі - таяқ жеген тобықты жігіті; дау, Қараменденің сөзі; Есеннің жұлқынып тұруы; тоқтам, сырттағы халық үні; Кеңгірбайдың қайта оралуы; Қарамеңденің шекісуі; ақырғы байлам - ішкі әрекет те, сыртқы әрекет те мол.

Бұл көрініс - үрейлі, қорқынышты көрініс. Шу дегендегі Кеңгірбай монологынан бұзылған атмосфера сәт сайын қапырықтанып, түнеріп, қан иісі шығыш келе жатқандай болады. Наймандардың алғашқы дабырының өзі ұрыс-керіс, жолдағы тобықтыларды дүрелеу. Доңайбат, жарылғалы келе жатқан сұмдық ызғары. Түкпіріндегіні болжайтын залым билер Кеңгірбай, Көбейлер бетке Еспембетті ұстағаннан шошып күнілгері топшылайды - Найман аямайды бұл жолы. Табан тіреп тұрарға жүрек дауаламайды - Кеңгірбай Көбейге емеурін білдіреді.

Көбей мен Еспембеттің алғашқы оқтары атылды. Көбей бейғам еді, бас салған Еспембет.

Шашып тұр Еспембет, бет қаратар түрі жоқ. Запырандай ащы кек көзіне қан толтырып, жауына ұмтылдырып тұр. Бірден табалап, таңбалап қойды: қылығы асқан қырыс Тобықты. Айып арқалап отырған Тобықтының биі бұған қозғала қоймайды, ашуға ашу емес, отқа су қүйғандай сөз тастайды. Іздегені Еспембеттің ол емес - айқас. Тартынса да Көбейді сүйреп шығар еріксіз. Шымбайына шоқ түссе, аянып қалмас ол-дағы.

Көбей мен Еспембеттің тартысы қурап тұрған шепке тиген от секілді. Бір сөзден бір сөз туып, өрбіп, бірін-бірі итеріп, жылжып, кесепатын жан-жағына шашьш, усойқыдай жайпайды. Көбей бітімге қарай, тыныштыққа қарай табандап тартса да, түп етектен мықтап шеңгелін салған Еспембет умар-жұмар түсе береді. Не өзі қаусау, не оны қаусату. Әп-сәтте екеуі де сыбанып, қанды суға күмп-күмп шомады. Басталды соғыс.

Еспембет (ызғарланып); "Уай, Тобықтының баласы, Матай, Тобықты болып тұрған күйінде атыстың, шабыстың, бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба. Алалы жылқысын, ақтылы қойын жосылтып алдың. Ата-қонысынан іргесін аудардып. Ел-жұртты шүбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде, әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді міне, шарпуыңды Матайдан асырып Найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына сальш әкетіп отыр. Ағайын ұзында өшті, қысқада кекті емеспін. Бітім сұрап кісі салсам, бақайыңнан келтірмейсің, мына Найманда алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе, мен Тобықтының қоңсысы емеспін, мынауыңа билігіңді айт".

Еспембет содырлы жуан сойылын соғып кеп отыр. Қырық жылғы дауды қозғап, баяғы соғысты айтып, ескі кекті көлденең тартып, жаңа сылтауды Тобықты бетіне шыжғырып басады. Алқыны зор, дауысы ащы, зәрлі тілін жауынын бүйіріне аямастан қадайды. Ауырмақ түгілі жаны шығып кетсе қыңқ дер ме екен, Еспембет.

Көбей тәсілі - шабуылдап, бой тасалап қорғану. Бірақ бұғып қалу әдетінде жоқ. Арғы-бергіні қазған Найман биіне қиялап келіп, Матайдың да тышқан мұрнын қанатпайтын момын еместігін ескертеді. Екі рудың ашуы, ызасы, күйігі, билердің ішкі-сыртқы құбылысы қос қыртыс мінез-қылығы көрініс береді.

Жаны қайыстай сірі, көкірегі жылымас тасбауыр Еспембет Еңлік пен Кебектің қанын суша төгіп, Тобықтыда кетіп жүрген есесін сонымен алмақ. Қызылға ұмтылған қасқырдай өршелене өктейді. Қатыгез, сұм заманның безбүйрек перзенті.

Сөздің майын тамызғанымен, кеселді түйін шешіліп, көрдің мойны кесілерге келгенде, Көбей табан тіреп түра алмайды. Еспембет салмағымен басып барады.

Екеуі де ағып тұр. Жаттанды, көкжасық бірдеңе емес сөздері. Жандарынан шығарьш, табан астынан суырып салып кескілесіп жатыр. Даудың қабат-қабат толқындары біресе Көбейді көміп-көміп кетіп, тұншықтырып тастағандай болады. Бекер. Қайта ұмтылады сыбанып екеуі де.

"Е с п е м б е т : Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын.



К ө б е й : Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң мен билік айтпаймын.

Еспембет: Сенің қырмызындай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым.

К ө б е й: Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар".

Қорғасын оқтай тиген жерін ойып, күйдіріп, тесіп кетіп жатқан сөздер. Аспанға шапшыған ашу да, қапияда жол тапқан тапқырлық та, өрісі биік ой да, бұлтартпас логика да, кегежеден тартқан кесірлік те, тапталып жатып, мойынсұнбаған ерлік те - бәрі де бар. Қиын-қыртыс характерлерді дәл бейнелеген тамаша драмалық тіл.

"Тура тұрысатын жерінді айт, менің қолым жасанып дайын тұр". Ақыры батырын қимайды екен ғой, онда дауды қан майдан шешсін. Ірісініп, жалын күдірейткен, сөзден ұпай жібермей Еспембетті шаужайдан алған Көбейдің аузына құм құйылғанды.

Бір сәт сөз түйіні осымен тынып, конфликт тұйықталғандай болады. Бірақ Әуезов тартысы сатылап өрістейді, ең қиыр, шырқау шегіне жеткенше табиғи заңдылығымен өрбіте өсіреді. Біткен, тынғандай сыңай танытқан екі ел дауына ара ағайын - Қараменде килігеді. Үш үлкен ұзақ монологтан бұл бидің де ау-жайын түйеміз. Ол жайлы, жайсыз бәйгеге талай шапқан кәрі тұлпар, ділмәрлық пен шешендік таласының небір қалтарыс-қолтығы, ұңғыл-шұңғылы көне көзден әлі қағас қала алмайды.

Қараменде Еспембеттей нойыс, бірмойын, кесір соққандай қырсық та, Көбейдей майтабан жалтақ, солқылдақ та емес, түп-тұтас беріліп кетпесе де, бір бүйрегімен жұрт қамын қоса ойлар, әділдікке бой ұрған би. Бірақ сол әділдігі ел аман, жұрт тыныштығы, күннің бетін бұлт бүркемеген шақтағы ауызбен айтылган әділет. Қиянаттың қияңқы бораны түтеп кеткенде, атқа қонар Қараменде жоқ, оған да өз басының тыныштығы қымбат. Кәрі қүлақ, көне көздер есінде ғана қалған сонау алыс заманды, өз заманын марапаттай, қолпаштай айтқан Қараменде Еспембеттерді жер қылады, табанға басады. Адам танығыш сүңғылалығы салған жерден айқын. Найман биін де, Тобықты биін де басқа соғып, көзге шұқып, ат қойып, айдар тағып береді.

Өктем ірілік пен қара қылды қақ жарған әділдік тізгінін ұстағандай көрінген Қараменде жеме-жемге келгенде майысқақ Көбейден алысқа түспейді.

Әр түрлі характерлі Кеңгірбай, Еспембет, Көбей, Қараменделердің ортасыңда Есен жөні тіпті бөлек. Еңліктен айрылып жұлыны үзілген Есен қанын ішіне тартып алған, ол енді өртенген намыстың құлы. Бұл жолда өліп кетсе де арман қылмас.

Қараменде омыраулап, Найман жағы аз-кем жасып, Еспембеттің өзінің мойны ішіне кетіп бара жатқанда, аттаңдап ұмтылған Есен. Бұл орайда Кебекке қарсы тип Есен жауыздығымен қырсық шыңның басынан табылады.

Бейне дүние тұтқасын ұстағандай, ақ-қараны ажыратар қазыдай боп отырған билердің айдынынан Есен қаймықпайды, қайта олардың төбесінен қараған дүлей ірілік пен кеудемсоқтығы атой береді. Есен сөздерінде алыстан орағыту, астарлау, шеңдестіру, теңеу, әр түрлі қияға соғатын емеурінді егес, кекесін сияқты билер тіліне хас компоненттер жоқ. Ол тоқ етерін айтып қарап отырады. Тобықтылар түгіл, өз ағайыны Еспембетті аяп қалар Есен жоқ. Шегіне жетті, соры қайнап, сорпасы төгілді - есесі Кебекте.

Еңлік, Есен, Кебек арнасындағы конфликті қайтадан қабарып, ісініп кетті. Кебек Есеннен Еңлікті тартып алса, Есен Кебектен өмірді тартып алмақ.

Ситуация трагизмі Тобықты билерінің соңғы кеңесінде тіпті күшейе түседі. Масқара қырсық - рулық тартыстың жылдар бойы бітпей келе жатқан жарасын Кеңгірбай да, Қарамеңде де бір-бір тырнап өтеді. Олар қыл үстінде тұрған Кебек пен Еңлік тағдырын былай тастап, бірін-бірі бассалады. Кәрі арландар ескі кекті ұмытпаған. Жас батырды арашалап, қорғап қалу орнына аз Тобықты өзара қырқысады. Соңғы байлам, билік Кеңгірбай аузынан шықты - қорғамайды Кебекті.

Тұтас әрекет, асқынған жеріне жеткен түбірлі конфликті ай-шайға қаратпастан пьесаның соңғы актісінде романтикалық махаббат иелері өмірінің ақырғы сәттерін бейнелейді. Иесізде жатқан Енлік пен Кебек диалогтарында ыстық тірлік, қызық дүниені сүйіспеншілік үшін, бостандық үшін құрбан еткен жүрек жарды сырлары ашылады.

Тобықты билері табан тірерге жарамай, опасыздықпен ит-жемеге тастағанын Кебек те, Еңлік те сезбейді. Конфликтінің трагедиялық шешімімен олардың хабарсыздығы бұл көріністің сахналық эффектісін, психологиялық әсерін ұлғайтып, екеуіне деген симпатияны тереңдете түседі. Конфликтінің әбден шешіліп бітер кезіндегі характерлердің құбылысы, өлім жарқабағында тұрған сәттегі жан дүние ситуацияға терең байланыстырылып заңды кескінделеді.

Генрих Ибсен жазады екен: "Мен қаһарманымның жүріс-тұрысын, мәнерін, даусын, ең аяғы түймесіне дейін көз алдыма әкелуім керек. Содан кейін тағдыры байсал тапқанша, мен оны уысымнан шығармаймын". Ұлы драматург творчество психологиясының бір қырын дөп басып айтқан. Расында да шын суреткер образдың ішкі шындығына қайшы келетін дүниені жамап-жасқамайды. Әр уақытта характердің табиғилығын, шын өміршеңдігін зерлеп, оған қысас жасамайды, өз жанынан зорлап ештеңе таңбайды.

Характердің толық ашылып, тұтас көрініс беруіне ситуация, драмалық жағдай әсер етсе, екінші жағынан ол ситуацияның жаңаруына, басқаша қалыпқа түсуіне өз тарапынан ықпал жасайтын күш - характер. Әсіресе драматургия жанрына хас бұл зандылық "Еңлік-Кебек" трагедиясыңда айрықша анық көрінеді.

Образдың тек бір-ақ құштарлық аясында қалмауы - реалистік әдебиеттің ежелден келе жатқан талабы. Пушкиннің Мольерден гөрі Шекспирді анағұрлым артық бағалауы ұлы ағылшын драматургі жасаған қаһармандардың ішкі сарайының кеңдігінен, олардың көкірегі қилы сезімдер, күйлер, ойларға толы болғандығынан шыққан нәрсе сияқты.

"Еңлік-Кебектің" аса құнды қасиетінің бірі - қаһармандардың жан-жақтылығы. Негізінен ұрт мінезді көрінген Есеннің өзі әр түрлі халден, күйден хабар береді. Ол жар сүюге ұмтылады. Еңліктің қалай ойлайтынында шаруасы жоқ, өзі ұнатты - бітті.

Кебектің үстінен түскен кезде Есен образының соңғы бояулары жағылады. "Мен сені іздеп кеп тұрмын". Есен Кебек қолынан қаза табады. Бұл өлім сахналық шұғыл әсер үшін драматургтің қолдан жасаған амалы емес. Интеллект жағынан Еңліктен де, Кебектен де көш кейін, махаббатты, еркіндікті түсінуі дөрекі Есен пьесаның ұзына бойына үнемі рухани жеңіліс тауып отырады. Ашығын айтқанда, Еңліктің Кебекпен қашып кетуі Есен жеген таяқтың ең зоры. Соңғы актідегі Есен өлімі - оның барлық ұтылыстарының, жер соғып қалуларының занды түрдегі қорытындысы, күйреуі.

Қаталдық, әділетсіздік, зұлымдық, қаражүректік Еңлік пен Кебекке Еспембет боп жетеді. Өз күшігін өзі жеген қасқыр іспеттес билердің ырғасып-ырғасып, ақыры тапқан жолдары - Еңлік пен Кебекті өлтіру. Сол сұмдық үкімді өз қолымен орындаушы - Еспембет.

Қара тастай қатты би жұлқынып шыққан сәтінде жауыздықтың бейнесіндей болып елестейді, символдық күш алады. Өлім алдындағы үш тілекті беруі - Еспембеттің мол қолдығы мен кең қолтықтығын көрсетпейді, ол - ескілік жолын бұзған, ата-баба дәстүрін аттаған екеудің қыршынын қияр сәттегі улы кекесін. Алсын мейлі, бәрібір аздан соң жер құшады деген немкеттілік.

Бұл көріністе Еспембет бойынан жендеттік, мұз жүректік қалпын көреміз. Кебектің оны атпауын Еңлік тілегінен деп түсіну бекер. Сол замандағы өмір қайшылығының сорақы бір көрінісі пьесаға арқау болып отыр. Еспембетті атып жіберген күнде де, жеңіс бәрібір Еспембеттер жағында.

Эстетикалық, идеялық жүк арқаламаған кездейсоқ өлім шығарманың көркемдік қуатын әлсіретеді. Сондықтан Кебектің кезеніп барып, тоқтап қалғаны драмалық әрекет ретінде өте сәтті.

Азат сезім еркіндігінің, махаббат шуағының бал бақытын татқан Еңліктің өлер алдындағы асқақтығы Еспембеттің тас бауыр қатыгездігінен моральдық жағынан сонау биікте түр. Бірақ Кебектей батырға өзінің жауына қанжарын сілтетпей тұрған заманның зіл батпан кайшылығы, торлаған тұман - надандық атты дүлей, топас, соқыр күш. Еспембет соны іске асырушы. Еңлік пен Кебек екі елдің рулары арасындағы итжығыс тартыс, жерге, суға таласу жұлқысының, заман қайшылығының, қасіретті қоғамның қисық тәртібінің құрбандары.

"Еңлік-Кебек" пьесасының олқылығын айтқанда, 20-30 жылдардағы сыншылардың негізгі табан тіреген дәлелі - шығармаға автордың өзі жазған алғы сөз. Рас, драматургтің оқушыға арналған беташарында қайшылық бар, оны жасыруға болмайды, асыра көрсетуде жөн емес.

Әуезов оқушының, көрушінің алдында қазақ тарихында болған бір уақиғаны тартатынын айтып, "оны оқығанда, көргенде жарықтық баяғыда өткендер "надан", "білімсіз" деп көкірек керме, өзіңмен салыстырып көр" дейді.

Бірақ ол бұл пікірін шолақ қайырып, екінші қиырға бет бұрады, бүгінгімен салыстырып, бұрынғыны дәріптеп шығады. Бүгінгіден артықшылығы деп бұрынғының жер қайысқан қолын, аламаншыл батырларын, қобызы мен домбырасын мадақтайды. Өзінің тарихи көзқарасының шама-шарқын байқатады. Қазақтың өткені мен бүгініне ортақ нәрсе не деген сұрау қойып, оған өзі береді жауапты.

"Айнымаған: кешегі күнгі жақынымен жатша жағаластырған алтыбақан алауыздық. Алаштың аты озғанша, ауылдасыңның тайы озсын деген берекесі, тыныштығы жоқ, білімі, тынымы жоқ қазақ олі сол қазақ. Өз қайратын өзі жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзі байлап берген қазақ әлі күнге сол қазақ. Өшпеген мінезі осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы". (Мұхтар Әуезов, "Еңлік-Кебек", 4 перделі, 5 суретті трагедия, Орынбор, 1922, 2-6.).

Бұл жолдардан жас Әуезовтің қоғамдық құрылыс қалпын қандай тұрғыдан танып бағалай алғанын аңғарамыз. Ол бай мен кедей, жуан мен жіңішке, төре мен қара деп бөлмейді, қазақты тұтас алады. Пьесаның алғашқы нұсқасындағы басты олқылық дүниетаным талаптарына тіреледі. Екі жас трагедиясындағы ең негізгі кикілжіңдерді қысқартып тастау қажет болды.

Бір туындыға қайта-қайта оралып, оны әлденеше рет өңдеу дәстүрін әр түрлі елдер әдебиетіндегі көптеген жазушылардың тәжірибесінен көруге болады. Гюстав Флобердің кейде жалғыз фразаны мүлтіксіз етіп шығару үшін күндеп отыратыны, Лев Толстойдың бір шығарманы неше рет қайта жазуы - еңбеккерліктің үлгісіндей. Қалыңдығы еліден аспайтын Фадеев "Тас-талқанының" құпиясы талант пен шеберлікті ұштаған суреткерлік табандылықта. Чехов: "Жазушылық сыза білуден басталады", - дегенде, творчествоның қиын процесін нұсқайды.

Қаламгерлік кемелденудің сапалы белгісі - аткөпір жазып тастай салу емес, пісіру, жетілдіру, ширату. Осы қасиетті дәстүр Әуезов творчествосына тән нәрсе. Таланты марқайып, білімі ұлғайып, ой-өрісі, кеңейіп, шығармадан шығармаға өскен, үлкен жазушылық мәдениетке ие болған Мұхтар Әуезов драматургиясындағы тырнақалдысы "Еңлік-Кебекке" 1943 жылы бір, 1956 жылы екінші рет оралып, пьесаға мол өзгерістер енгізді, қайтадан өңдеп шықты.

Ондаған пьеса, әлденеше күрделі прозалық шығармалардың авторы болып, ірі суреткерлік биікке көтерілген Әуезов 1943 жьшы "Еңлік-Кебекті" қайтадан қолға алғанда, пьесаның түңғыш нұсқасындағы сюжеттік желіні бұрынғы күйінде қалдырды, соны, бөгде линиялар жоқ. Жаңадан тың қаһармандар да қосылмаған. Қайта драматург трагедияның түп қазық идеясын ашуда жәрдемі шамалы, басты конфликтінің өрбіп, асқынуына қатысы аз Абыздың кемпірі Таңшолпанмен арасындағы әңгімені, Еңліктің әкесі Ақан мен шешесі Қалампырдың үй-ішілік тірлігін алып тастаған.

Бұл ситуациялар пьесаның алғашқы нұсқасында тұрмыстық жәйттерді суреттеуге қызмет етсе де, үлкен идеялық жүк көтермеген еді. Трагедиялық конфликтінің жойқын көрініс беруі үшін ұсақ бұрылыстарды, жай кикілжіңдерді қысқартып тастау қажет болды.

Пьесаның 1943 жылғы нұсқасында драматург аса үлкен творчестволық табыстарға жетті. Оның бірі - Абыз образының бұрынғы нұсқасындағы күйінен мүлде жаңа, басқа кемерге ойысуы. Аттары бір болғанмен алғашқы Абыз бен соңғы Абыздың арасы жер мен көктей кереғар, алшақ. Бұлар есімі ғана бір, заты бөлек екі адам.

Бірінші нұсқадағы Абыз -Тобықтының жыртысын жыртып, шашбауын көтерген ауыл үйдің қаңбақ шалы. Бал ашып, болашақты көрмек болады - онысы да өз тобының қамы. Алғашқы нұсқада Абыз конфликтінің дамуында роль атқармайды. Ал Кебек тағдырын болжап айтқан сөз "Еңлік-Кебектің" Әуезовке дейінгі нұсқаларындағы дәстүр қалпында келеді.

Халықтың ертеңді аңсау арманы, күні бұрын болжау мұратының бір ұшқыны Абыздың көріпкелдігімен, жұмбақты сырмен астас. Әуезов 1943 жылы "Еңлік-Кебек" трагедиясын қайта қараған кезде осы халықтық даналықты қажетсіз, сапасыз қоспалардан арылтып, даналыққа даналық, ойға ой қосып, оны үлкен жазушылық қиялдың ыстық жалынынан өткізіп, қазақ әдебиетіндегі классикалық образдың бірін жасады.

Алғашқы нұсқадағы Абыз бірінші суретте төбе көрсетіп, одан әрі оқиғадан үзіліп қалып қойса, 1943 жылғы нұсқадағы Абыз трагедияның идеялық нық беріктілігін, конфликті кесектігін ұстап тұрған тұлға. Бұл жағынан алғанда, 1943 жылғы нұсқада Абызға берілген идеялық, эстетикалық салмақ Еңлік пен Кебек мойнындағы жүктен де ауырырақ.

1943 жылғы нұсқа Абыз монологынан басталады.

Абыз: Көкейкесті, Көкейкесті күй не дейсің. Уа, не қыл дейсің. Тынбаған көңіл, талмаған көкей (жымиып), күшік. (Қобызына жағын сүйеп, ырғала толғанып). Паки, пәруәрдігер. Бе-еу!

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет