Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет5/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Өзекті жарған ащы толғаныс, удай толқын сыртқа үзік-үзік дем, толас-толас сөз боп шығады. Дүние арпалысынан өлі қажымағандай сыңайы бар, иесіз шаттағы жалғыз қария не деп тебіренеді. Аңсары ауған өріс қайсы. Іздегені қай жайлау.

Тұнығым лай болды,

Уа, тұнығым лай болды.

Құтылар қайран жоқ,

Сор қамар сыңай болды.

Қапаның қара түнегі еңсесін басқан бұ қай қарт. Жүрегін езген зары не? Жеке бастың күйбеңі ме, мимырт тірлік қамы ма, әлдекандай өзінің іздеп шолып отырғаны. Тындайықшы тағы да. Тасқынды өзен селіндей қуатты монолог тартып әкетіп барады.

Алданар жоқ, арман көп,

Кәрің кайтіп күн көрер!

Жарастық жоқ, жалын жоқ,

Жарым қайтіп күн көрер!

Асыра, алыстан ойлаған қамқор ой ғой мынау. Тек құлқынының қамы емес, ағайын-ауданды тұтас қамтыған кең құшақ. Мұң шіркіннің түпсіз тереңіне түсіп кеткен, қарсыласпас боркемік қайғы емес, жүрегі езілсе де, ызасын айтып қалар, ашуын жасырмас әр қайғы.

Барары жоқ, байлау жоқ,

Ерім қайтіп күн көрер.

Бәріңнің де нәрің жоқ

Елім қайтіп күн көрер?!

Болды-болды. Ел өрісі, халық қамы қабырғасын қайыстырған қайран қарт. Алғашқы монологтарының өзі-ақ характерінің дәнді өзегін ашып береді. Бұл Абыз пьесаның алғашқы вариантындағы Көбей, Кембай, Марақтардың қолтығына дым бүркіп, Тобықты руының бір үйінің түтіні тек көтерілді десе, ішкен асын жерге қойып отырған ру ақсақалы емес.

Әуезов алғашқы нұсқадағы Тобықты билерінің сөзін, негізінен, сақтай отырып, Абыз сөздерін жаңадан табылған характерлік сипатына орай қиыстырады. Бұрынғы нұсқадағы бірінші актіде конфликт босаң, 1943 жылғы нұсқада тартыс аяқ алысы салғаннан ширақ.

Ел деп еміреніп, халық деп қайғының қара өзенін сапырып отырған Абыздың сөздері мен Тобықты билерінің сөздері трагедиядағы конфликті найзағайының алғашқы шатырлауы секілді. Матайды жеңгендерін, табанға салғандарын айтып жарылардай болып отырған есер билерді Абыз:

"Есебім озды деймісің. Есесі қалды десейші. Ауылдастың тайы озып тұр ма әлде. Алдың тыныш дей алмадым-ау"... - деп мандайдан соғады. Абыз көкірегін жарған зар-наланы ұғар билер жоқ, өзара даурығып мақтангөйлеп кетеді. Батырым деп Кебекті мақтайды Көбей, жас батырдың жұртына еткен еңбегі демейді. Найманға қылған қысасы дейді.

Өмір күресінде тірліктің мың талқысын тартқан Абыздың кәрі жүрегіне бұ да оқтай қадалады. Тілден төгіледі у қайғы:

Әреке деген кок ауру,

Сені тияр талқы жоқ.

Ішті жеген жегінің,

Жерге кірер калпы жоқ.

Барар жерің батпақ сор,

Күн түзелер тарпы жоқ.

Бұдан кейін келетін Есеннің Абызбен кездесу сценасы 1943 жылғы вариантта бірталай өзгеріс тапқан. Есеннің ұзақ монологы бұрынғыдан әлдеқайда ширап, шыныққан. Батыр мінезі шу дегеннен атқуылдап бой көрсетеді. Есеннің мақтаншақтығы да, бір беттілігі де, қорықпайтындығы да, ру намысы үшін өліп кетер кекшілдігі де, шынын жасыра алмас аңқаулығы да, қаукөкіректігі де - мінезінің көп қыры байқалады.

Бұрын Абыз: "Қайратың адам дұшпаны арыстанға біткен қайратпен тең екен" деумен тынатын. 1943 жылғы нұсқасында:

"Батыр десем, белге шықпай ойнап шығар бейпіл ме ең... Азамат десем, ауыл үйдің тентегі ме ең. Мақтамаймын Кебекті. Құптамаймын сені де. Ашуды айтсам, Ақтабан шұбырынды ма еді ұмытарым, тастарым. Елдігім қайда сондағы. Қусам, соны қусамшы. Кездескенім Кебек болса ертсемші сол жолға, салыссамшы, жарыссамшы сол жауға сілтеген қайқы қаражолында... Елің үшін ермесе, сонда алсамшы бар есені. Төңірегің торыған жатты көрмей, жағаласар жауың жақының бопты, жарқыным, мен емес ертер серігің" - деп Есенді жер қылады.

Шын намыс өз-өзіңді талап жеуден алыс қиырда жатқанын ашына-ашына айтады. Елдік деген не, батыр кім, арман ауылы қайсы - осы төңіректегі түбірлі сұраулар Абыз монологінде халықтық ұғым, наным арнасында орнықты жауапқа ие болады.

Әр түрлі қаһармандардың мінез ерекшеліктерінен, дүниетаным кереғарлығынан туған тартысты өрбіте білу - драматургтің мықты қаруының бірі десек, Әуезов Абыздың тобықты билері Көбей, Кембай, Матақтармен, Матай батыры Есенмен кездесу сценаларында осы әдісті өте шебер пайдаланады. Ағынды тіл, бұлбұл көмей Көбей, тау құлатар аршынды Есен айналып келгенде қатар қонбас жаттай.

Абыз - халық арманын, қасиетті идеяны арқалаушы жан. Көбейлер ат төбеліндей аз да болса, қасқыр топтың ұстазы; табиғатынан ақжарқын, ұрт, аңғал Есен - қаскөй ортаның құрбаны, соңдықтан да қырсықты шоқпарды еріксіз соғады, ру арасы итжығыс күресінің палуаны ол.

Абыздың тентек елдің ожар биінің атқуылдап тұрған сөзін тыңдап жылаған жүрегі, даңғой батырдың жақыннан жау іздеп желіккенін көргенде бұрынғыдан бетер зар илейді. 1943 жылғы вариантта Әуезов Абыз бен Кебектің кездесу сценасын көркемдіктің классикалық биік шыңына шығарып береді.

Бұл сценада екі буынның өкілі - зұлымдыққа берілмеген қарт пен жас арыстандай ойнақшып тұрған, әлі жеңіліс запысын шегіп, өкініш уын татпаған балғын батырдың тамаша сахналық жанды, ширақ монологтары бар. Халық көшінің алдыңғы буынының өкілі - аңыраған ата, соңғы буынының өкілі - жалынды жас емірене табысып отыр, ата көңіл жауыз топтан жерініп, безіп, жаңа заманның нәзік сәулесіндей жақсы лебізді ынтығып құшады.

Әуезов халық аңызындағы балгердің батырға бал ашып беру деталін әуелгі қалпынан байытып, өте әсерлі көрініске айналдырған. Кебектің шешен, асқақ монологы осы ретте айтылып, жан дүние сарайы ашылады.

Бұл монолог - қара сөзбен жазылған өлең, төгіліп тұрған поэзия. Ұйқас тудырған, сыртқы жылтырақ, бояу, теңеумен долбарланған дүниеден іргесі шалғай, биік рухты жан қуатын, алабұртқан көңілдің қырық құйын қалпын бере алатын ішкі ағысты, ішкі тереңдікті құнттап туған нағыз поэзия.

"Еңлік-Кебектің" бұрынғы нұсқаларының (әңгіме, поэма, пьеса) бәріндегі бір үлкен олқылық - тағдыр күшіне, жазмыш бұйрығына иланушылық сарыны жаңа идеямен ауыстырылды. Ол - батагөй дананың жалын жас мінезін сынап, тауып айтқан жақсы ақылы - жеңсік құмарлық емес, баянды, байсалды, махаббат жолы.

Алғашқы нұсқадағы Абыз: "Ие, аруақ қолда. Жорытқанда жолың болып, жолдасың қыдыр болғай, қорыкқанда қолдаушың, сүйенгенде демеушің, аруағың болсын", - деп, діндар көңілдің батасын береді.

1943 жылғы нүсқадағы Абыз батасы - жақсы үміт, игі арман, өзекті жарып шыққан асыл сөз.

Адалдан бер, ақтан бер,

Пәлекетін жатқа бер.

Ер маңдайын баққа бер.

Абырой - асар жаққа бер.

Қара түндей қазаны

Қас ойлаған жатқа бер.

Сөнбес күндей шат көңіл

Жазығы жоқ, жасқа бер.

Адал жолды аққа бер.

Мерейі асқан өренім

Кебек сынды таққа бер.

Драматург ауыз әдебиетіндегі кең таралған үлгі - үлкендердің жастарға, өзінен кейінгі өкшелестеріне тілек етіп, бата беру дәстүрін келісті пайдаланып, пьесаға сәтті енгізді.

"Еңлік-Кебек" трагедиясының алғашкы нұсқасында оптимистік идея бар-ды, бірақ ол әлсіз жанған нәзік сәуледей ғана болатын. Шығарманы екінші рет редакциялағанда Әуезов реалистік драматургиядағы конфликтінің пьеса көлеміндегі шешімін ғана емес, перспективалы шешімін құнттау тәжірибесін терең ойластырып, сол идеялық жүкті Абыз образымен шебер байланыстырған.

Билер сценасындағы халықтық үн, елдің айдыны алғашқы нұсқада болсын, 1943 жылғы нұсқада болсын: "Кебек Арғыннан ардагеріміз емес пе... Найманның не пәлесі болса да көтердік", - деген жігіт аузынан айтылған, бірақ қауқары аз, Кеңгірбайдың бір ақырғанынан жасып қалған сөзбен ғана көрініс береді.

Абыз образының философиялық маңызын, нағыз халықтығын терең реалистікпен бейнелеген бұл сценадан Әуезов талантының өсіп, өрлеп, шығандап барып жеткен ұлы табыстарының бірін байқаймыз.

Билердің - Көбейдің, Еспембеттің, Кеңгірбайдың, Қараменденің - қара топан, басы-көзің демей селдете төккен құйын фразасынан Абыз тілінің мақамы да, оралымы да, тыныс ырғағы да бөлек. Ру намысы, кеткен есе, алынбаған кек, жаулық, жаттық дегендердің бәрі - айналып келгенде қарақан бастың қамынан аспас құр ділмәрсу.

Абыз монологтарының лейтмотиві, өзекжарды тілі - ел, халық, соның арманы, соның тілегі, соның күйі, соның мұңы. Абыз елім, халқым, жұртым демей аяқ баспайды. Ел деген көкейкесті қайырмасы домбыраның құлақ күйіндей боп жүрекке жылы тиіп, көкіректі шымыр еткізген әсер береді.

Дүние жүзілік драматургияның бірталай ұлы туындыларындағы жеке сөздің лейтмотивтік мәнге ие болып, шығарманың түпкі идеясын ашуда белсенді қызмет атқаратынын айту керек. Шекспирдің "Король Лирінде" - "көз". Островскийдің "Найзағайында" - "ерік", Треневтің "Любовь Яроваясында" - "сенім" сөздерінің философиялық жинақтау жасау үшін ерекше роль атқарғаны белгілі. Абыз аузындағы "ел, елім" сөзі осындай күшке ие болған көркемдік компоненттерінің бірі.

Жұлқысып-жұлқысып алып, ырғасып-ырғасып алып, ақыры ауыз жаласып кеткен бөрі билер Кебек пен Еңлікті өлімге бүйырған қаһарлы, қорқынышты сәт. Олардың халықтан жасырын істеген зұлымдығын көрер көз, жазғырар ауыз жоқтай болып еңсені басқан тығырық халді екпіндей басып кіріп келген Абыз бұзады.

Бұл көріністе бір жағынан билердің опасыздығы ашылса, екінші жағынан Абыз образының халықтық табиғаты тереңдеп, қомақтана түседі.

Сөзінде Кеңгірбайлар тобын жазғыра кірген қатқыл үн, батыл екпін бар. Мыналар дауласкер, шешен тілмар-ау деп кішіреймейді, жайдақтамайды Абыз. "Е-е-й, өңкей би. Жас кірмесе, мен кірем... Жұрт есітпесе, мен есітем кесігіңді... Баса кірдім үйіңе".

Билердің кесек характерлерін алғашқы варианттың өзінде кескіндеп бере алған Әуезов оларға қарсы қайрат боларлық әлеуметгік: күшті көрсете алмаса, 1956 жылғы вариантта сол олқылық орнын Абыз әрекеті арқылы толтырады.

Кірген бетте шайнасып жатқан Қараменде мен Кеңгірбайдың масқара сілкілесу сәтінің үстінен түскен Абыз екі бидің де ішкі сырын ақтарып, қара ниеттерін таңбалайды. Кейбір сыншылар: "Қараменде әділ би кейпінде көрінген. Жазушы оның образын әбден тиянақтай алмаған", - деген пікір айтқан болатын. Ал шынында Қараменде образының кескінделіп бітуі Абыз монологтерінде жатыр. Сырт көзге қамқор, жаны жылы, қара қылды қақ жарған әділ би ретінде көрінуге тырысып, жылтыратып аптап, күптеп сөйлейтін Қараменденің шын тұрпатын ашып береді Абыз.

Кеңгірбайдың да сырын үғыну үшін Абыз монологына ден қою шарт. Абыз - Қараменде, Абыз- Кеңгірбай линияларында халықтық идея мен жат сарын шарпысып, трагедиядағы оптимистік рух, шешімнің перспективалы болашағы Абыз сөздерінен айқын сезіледі.

"Би: Бауыр... бауыр... Менің атам Әнет бабаң емес пе.

Абыз: Не дейсің... Не деп келесің сен... Әнет бабам, Әнет бабаң серік пе саған... бұ шақта. О-о-о... Сонау сонау ма... Қалқаман-Мамыр етпек пе ең. Сұмдық. Ерінің жаны бөрінің аузына түскен сұмдық заман. Сұм заман..."

Кеселді түйін шешілді, кердең мойын кесілді - Кеңгірбай шынын айтты ақыры. Елдің елдік ызасы, ашуы мен кегі лықсып қалып, Абыз аузынан от жалын боп төгіледі.

1943 жылғы нұсқадағы екінші зор табыс - Жапал образы. Алғашқы нұсқада қосақ арасында жүрген персонаж драматургтің жаңаша пайымдауында трагедияның үлкен идеялық салмақ арқалаған орталық қаһармандарының біріне айналған. Абыз - даналықтың, ойшылдықтың бейнесіндей болса, Кебек - халық ұғымындағы шын батыр, Еңлік - махаббат жолында жанын шүберекке түйген асқақ сұлу. Жағымды типтер галереясын Жапал образы құлпыртып тұр.

Қазақтың бай фольклорында қойшы баланың, малшы-жалшы, еңбекқордың көптеген реалистік бейнелері бар. Айрықша көркемдік жинақтау дәрежесіне көтерілген Алдар, Жиренше сияқты образдар қалың елдің сүйікті жандарына айналып, символдық әсер берерлік қуатқа ие болған. Әуезов Жапалының сол халық әдебиетіндегі айқын типтермен іштей байланыстылығын керу қиынға соқпайды.

Екі қойшының бірі айтатын дәстүрлі өлеңді драматург Жапал характерін бейнелеуде сәтті қолданып отыр. Басқаны былай қойғанда, оның сахнаға шыққандағы тұңғыш лебізін тындайық:

Шек-шек, шек-шек шегенек,

Мал ішінде кебенек.

Тасты көрсең телмеңдеп,



Жүгіресің жебелеп,

Тынымы жоқ, тыныштық жоқ,

Құртты кұйрық кебенек.

Трагедияның ең басты тартыс шиеленісінің бірі - Есен, Еңлік, Кебек арасындағы ситуацияда Жапал атқарар қызмет осал емес. Ашығын айтқанда, оның өзінің жан дүниесі, сезім күйі, ой-өрісі, адамдық қалпы осы орайда көрініп, мол қырынан танылады.

Автордың 1943 жылғы нұсқада тұрмыстық-этнографиялық детальдарды алып тастауы трагедияның ішкі әрекетін күшейтуді, реалистік тереңдікті, құбылыстың әлеуметтік астарын айқын ашуды құнттаудан туғаны күмәнсіз. Драматург күрделі психологияны, бір сезім күйінен екінші сезім күйіне ауысу сәттерін, ойдан туған ойды, ұшқыр қиялдың шарықтау процесін Жапалдың алғашқы монологымен шебер береді.

Бұл монологта Жапалдың мінез қырлары, дүниеге көзқарасы, арманы, бір сөзбен, адамдық болмысы түп-тұптас мөлдіреп көз алдыңызға келеді. Маңдайына әлі тас тимеген, әрекет әлегіне түспеген, тірліктен сарыла өзіндік бет іздеп шарқ ұрған шақ азабын әлі тата қоймаған, өмір талқысын көрмеген, қажымаған, шаршамаған балғын жас.

Сезімді жалын аттырып, қиялды тайша тулаттырып қойған ғажап табиғат: кең дүние, керілген дала, асқақ тау, мөлдір аспан. Жапал - сол жайсаң табиғат еркелетіп алақанына салған күнәсіз, кірсіз, пәк перзент. Қоршаған орта әсері - жас санаға басылған алғашқы таңба.

Тау ішінде шаң бұрқ етсе, Жапал соғыс, барымтаға балайды. Жүрегі шошынады. Білегі жуан жүзді жығып, азулы шайнап, тырнақты бүріп жүрген заманның ұлы төңірегіне қарап байлау жасайды. Тұтынар идеалы өзі көріп, біліп енді шет жағалап үғына бастаған шындықтар іргесінен туады. Жапал идеалы - батыр. Соны ойлап, арманға шомып, тіпті қиялдағыны шын көріп қалар жайы да бар.

Әуезов Жапалдың бай фантазиясының шабытты шағын бейнелеуде эпикалық элементті қиыннан қиыстырып, жүзік көзінен өтердей шеберлікпен келістіріп пайдаланады. Батырлық жайындағы ұзақ әңгімеге сюжет боларлық материалды Жапалдың жалынды, қысқа қайырылған, драмалы монологында жеткізіп берген. Батыр болып, қырып-жойып бара жатқан Жапал: "Ұрып таста!", "Ұрып таста!" деген дауыстан шошып, басбағып қалады. Сонда қорыққаны - Еңлік.

Езу тартқызар деталь. Еңлік пен Жапал арасындағы диалог бірталай сырдың ұшығын шығарады. Еңлік - көкірегі қаяулы жан; арман етіп іздегені - батыр; Кебек аты айтылады; Жапал бүйрегі ол Тобықтыға бұрып тұрған жоқ. Осылай төбе керсетіп, өрістей бастаған тартыс шырғасын ушықтырушы - Есен. Оның Жапалды Еңлік деп қууы - жайма-шуақ күлкіге толы, аса қызықты комедиялық көрініс.

Сахналық әрекеттің байлығы - бұл көріністің театрда үнемі зор табысқа ие болғандығының кілті. Пьесаның алғашқы нұсқасында Есен сөздері мен монологтарына 1943 жылғы нұсқада кіргізілген үлкен қосымша осы орайда. Драматург Есен образына комедиялық элементтерді батыл ендіреді.

Есеннің махаббат жалынына шарпылған толқымалы шақтың өзінде кемерінен асып, шалқып төгілер фантазиясы шамалы. Шолақ қарым. Жапал бала да болса қайсар. Аңғал батырды мазақтап тұрған да сыңайы жоқ емес, жығылған жағынан тұрмайтын бірбет. Екі түрлі адам мінезіндсгі сипат ашылумен қоса сәтті комедиялық ситуация жасалған. Аз бояумен, аз сөзбен. "Ой, түбің түскір", "ақылды ма", "мінезді ме", "жаманаты жоқ па", - бұл көріністегі Есен лексикасы осы ғана. Шорқақ Есен "былай" сөзін келсін-келмесін сілтей береді. Жапал жауабы - Есен диалогындағы бір сөзді өзіне қайтара айту. Бұл қайталаулар еріксіз күлкі тудырады.

Аң қуып келе жатқан батырдың қыр сұлуымен ұшырасып қалу сәті психологиялық жағынан нанымды. Бір-бірін сырттай естіп, ұнатып, ынтығып жүрген қос мұңлықтың тез, асығыс табысуы онша таңырқата қоймайды. Еңлік те, Кебек те жүректеріндегі алау атқан сезімді жалт-жүлт еткен, жайнаң қаққан сұлу сөз, шешен тілмен білдіреді. Бұл ретте олар Шекспирдің Ромеосы мен Джульеттасын еске түсіреді. Ең жас қатыгез заманның қанқұйлы заңынан мерт болған сұмдық өлімнен кейін сахнаға шығатын Жапал мен Абыз аузынан ғаламат жалынды, керемет тебіреністі монолог төгіледі. Халықтық, елдік жайындағы монолог.

Драматург бұл жерде ассонанс, аллитерацияны да, бұлқынған екпінді ырғақты да, ішкі тебіреніс әсерінен келте қайрылған астарлы фразаны да қолданады. Азаттық, махаббат, арман, ерлік, асқақтық жайындағы монолог бұл. Ұрпақтан ұрпаққа кетер, буыннан буынға өтер өсиеттей сөз. Қиракезік, қара тас заманның қиын тосқауылында ата жүректің аңырап, көзінен жас, жүрегінен қан ағызьш тұрып болашақ замандардың жас буынына жолдаған сәлемі. Жасымаған, жабықпаған ер халықтың дана ұлының аузынан айтқан өр сәлемі.

"Еңлік-Кебек" пьесасыньщ алғашқы нұсқасына енгізілген 1943 жылғы мазмұндық өзгерістер, ірі қосымшалар осындай, 1956 жылы бір-ақ нәрсе — Абыздың билер сценасындагы сөздері қосылған. "Енлік-Кебектің" қазір бізге мәлім, театрда қойылып жүрген, Әуезов таңдамалы шығармалар жинағының бесінші томына енген түрі -1943 жылғы нұсқа.

Ол қазақ драма театрында 1943 жылы қойылды да, 1956 жылға дейін еш жерде жарық көрген жоқ. Алғашқы нұсқа мен осы нұсқа арасында түбірлі мазмұндық, идеялық айырмашылықтар, көптеген стильдік өзгешеліктер бар. Бірер мысал.

1922 жылғы нұсқа.

Е с е н: Сенімен езіп тұрар жайым жоқ. Сен іздесең, мен де сені іздегем. Шық, жекпе-жекке.

Кебек: А-а. Кел, кел, ер шекіспей бекіспейді деген. Сырлас келініңнің алдында мақтанайын деген шығарсың (Екеуі ыңғайланады).

1943 жылғы нұсқа.

Е с е н: Қысқарт, көрейін мен соқтығатын сойыңды. Сен іздесең мен де сені көп тосқам. Шық, жекпе-жекке.

Кебек: А-а... Кел, кел. Бәсе, ер егесі еңісте. Сырлас келініңнің алдында мақтанайын деген шығарсың. (Екеуі ыңғайланады). Шық, былай.

Бұрынғы сөйлем қысқартыльш, оның орньша әлдеқайда бейнелі, образды жаңа сөйлем жазыльш отыр. "Іздеу" сөзін екі рет қайталаудан "көп тосқам" деу сәтті. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген болып аяқталған фразаның екпіні аз, жаттанды нақыш. Ал "бәсе, ер егесі еңісте", "шық, былай" дегенде әрекет, ішкі күш сыртқа теуіп тұрғандай.

1922 жылғы нұсқа.

Еңлік: Енді екеуіңе айтатыным: мен қастарыннан кетем. Және мен үшін таласатын, мен мал емеспін. Менсіз де күштеріңді сынамақ болсаңдар, сылтау табылар. Екеуің де жөніңді тап, жайларыңмен жүре бер.



1943 жылғы нұсқа.

Еңлік: Енді екеуіңе айтарым: қастарыңнан мен кетем. Тек аңғарыңдар, батырлар, мал үшін, жер үшін талассаң да мен үшін таласпаңцар. Әреке жетер онсыз да, менсіз сылтау аз емес қой, табылар. Екеуің де жөніңді тап, жайларыңмен жүре бер.

"Айтатыным" — "айтарым" болып, "мен қастарыңнан кетем", -"қастарыңнан мен кетем" болып өзгертілуі диалогтың сөйлеу тіліне жақындатылуын, ырғағын, ширақтығын құнттаудан туған. Екінші, үшінші сөйлемдердегі өзгертулер де Еңлік характерін бұрынғыдан күшейте түсетін сапалы жаңалықтар.

Кейінгі нұсқалардағы өзгертулер әр түрлі: солғын я қажетсіз жерлерді қысқарту да, жеке сөздердің, тіркестердің орнын ауыстыру да, тыңнан, соны сөйлемдер қосу да, бұрынғы сөйлемге жаңа мағына беру де, фразаның сахналық өткірлігін арттырып, ырғағын күшейтіп, ширату да — бәрі де бар.

Образға жүктелген идеялық-эстетикалық салмаққа орай авторлық ремарка жаңарған. Олар алғашқы нұсқада тұрмыстан нақты хабар беретін дүниелерді жіпке тізіп берсе, кейінгі нұсқада демократиялық қызмет емес, психологиялық күйді мегзейді.

"Еңлік — Кебек" трагедиясы Қазақ академиялық драма театры сахнасына көп үзілістен соң, 1957 жылы қайта шықты. Режиссерлері СССР халық артисі Қалыбек Қуанышбаев пен М.Гольдблад. Трагедияның соңғы нұсқасы туралы көптеген сын пікірлер спектакль қойылған кезде айтылды.

Ақындар Ә. Тәжібаев7, X. Ерғалиев8 үлкен драматурггің кесек табысына шын жүректен қуанып, тебірене толқып жазды. Олар трагедияның драматургиялық қалпын жан-жақты саралмаса да, идеялық қазық, артистср шеберлігі, спектакль әсері сияқты мәселелерді жақсы қаузады. Соңғы актының сәл босандығы жөнінде ақындар айтқан күдіктің жаны бар.

Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет