Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет12/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

Сырттан ақсақалдың: “Заман азды, заң тозды дермісің?” – деген сауалын Жиренше әрлі-берлі аунатып, өз тілегіне, түпкі мақсатына орай келтіріп, дөңгеленте бастайды.

Бәрі бағзы қалыпта. Тек ата салты, ел дәстүріне топырақшашып отырған Абай, Абай жанына ерген жастар. Бұл байламын Жиренше тайға таңба басқандай айқын етіп, шегелеп, нақты айтады. Ұзын сөздің қысқасы, тоқ етер түйіні – екі жасты жазалау!

Жиренше қиялап, жоталап салмай, қалыңға тұп-тура қойып кетеді. Ұрып жығар, тырп еткізбес ақырғы кесімін бірден нықтап айтады.

Нақты кесімімен қарсы биді қоян-қолтық күреске шақырады.Ұзын сөздің қысқасы, тоқ етер түйіні - екі жасты жазалау!

Керім – Жиренше емес, қара сөзге жорғалығына қоса, Шығыс поэзиясындағы ғашықтық жырлары, Шекспир трагедиясы қаһарманның аянышты өмірін білетіндігі көрінеді. Ол Жиреншенің өр кеуделігіне, қаражон бір беттілігіне жұмсар қару етіп, әргі-бергі уақыттарда болған аянышты махаббат тарихтарын ұстанады.

Осылай сәтті арнада сөз бастаған Керім бұл бағытта аяғына дейін жүре алмайды. Ажарды ақтамақ болып жасаған қадамдары Жиренше қолына құрық береді. Айдарды албырт, ақын, ел еркесі деп мақтаған сөздер Жиренше жүрегін жібіте алмайды.

Қарымта жауап айтқанда Жиренше Керімнің алған мысалдарына қазақтың ескілікті салтын, бағзы дәстүрін кесе-көлденең тартады. Жүгінер, ден қояр әділ қазысы – басқа жұрт рәсімі емес, өз топырағындағы жол-жора екендігін әккі шешен айшықты, қоңыраулатып жеткізеді.

Бұл сцена қарсы билердің дау, талас сөздерді алма кезек жарыстыруына ғана құрылмаған. Көпшіліктің көңіл күйі, әр түрлі реакция - Мес, Оразбай, Нарымбет, Қарлығаш, Көкбай, Дәулет репликаларынан жақсы аңғарылып отырлады.

Екінші қайтара есе келгенде Керім Жиреншенің Ромео, Джулеттаны білмейтіндігін надандық деп бетіне салық етеді, Саймақтың сыбызғы сазын сүйіп қашқан қалмақ қызын ауызға алады. Артқы есебі мықты. Жиренше осы орайда Керімге әдейі ұпай береді де, екінші жаққа жалт ете түседі. Ажар – басы бос, жазалы – Айдар!

Сөзден жеңілген Керім әлі де амалдаған болады, енді Абай беделін салып, сонымен қорғамақ Айдарды. Бірақ Жиренше Керімді енді бауырынан босатпайды, үсті-үстіне төгілген нөпір сөзбен тұншықтырып барады. Бірер жерде Керімге мұрсат бергендей көрінгенімен, Жиренше мүлде өзгеріп алған сияқты. Аяқ астынан мол күш жинап, қайтпас қаталдықпен Керімді таптап тастардай.

Жиренше құрған қақпанға сарп етіп түсіп қалған Керім халі мүшкіл. Арқалы, от ауызды, орақ тілді шешен кешегі бабалар дәстүрінің заңды іргесінен сөз қоздатып, соңы қыздырып, өршітіп келіп-келіп, ақыры сұмдық торды Айдар – Ажар былай тұрсын, Керімнің, тіпті, Абайдың басына лақтырады.

Бұл Жиреншенің Керімді діңкелеткен тұсы, өзінің Абайдан жеңілуінің басталған жері. Биліктің әр сөзін қақас жібермей, қаршыға қағылездікпен қадала қарап, бағып отырған Абай Жиреншенің шектен шығып, мүлде асқақтап кеткен орайында қарсы биді айыпкер етудің, бір тойда екі билік жасаудың ескі салттың өзіне сыйыспайтындығын тарс еткізіп айтып салады.

Екі жастың тағдыры безбенде тұр. Әуелгі айқаста Жиренше жеңіп, алғашқы кесік, қанды кесік іске асуға аз қалғанда тартысқа Абай килігеді. Драматургтер бұл орайда үлкен суреткерлік шеберлік көрсетеді. Шынында, конфликтінің ең өршіген сәтінде, психологиялық толқудың әбден асқынған кезінде Абайдың тартысқа араласуы ситуацияға деген бұрынғы ықыласты керемет күшейтіп жібереді. Абайдың дауға кірісуі өте дәлелді берілген.

Билік сценасындағы негізге тартыс – ескілік әдет заңы мен жаңа дәуір талабының, зұлымдық пен адамшылық арасындағы күрес. Әуелде Жиренше – Керім, кейіннен Жиренше – Абай арасында бой көрсететін бұл айқас – пікір, байламдардың тек логикалық жүйеге құрылған таласы емес. Жиреншенің, Керімнің, Абайдың ұзақ-ұзақ монологтарынан олардың дүниетаным көкжиегі, адамшылық кескіні, мінез қалпы, темперамент шамасы, ой дәрежесі, ақыл мөлшері – басшы көрініс береді.

Айдар – Ажар халі қыл көпірдің шетіне жеткен қиын сәттің өзінде Абай сабырлы, салмақты. Ол Жиреншенің Керімді тұралатқан жерінен сөз бастайды. Ешкім беттемеген кемерге тартады Абай, анау Жиреншелер бас ұрып табынатын әруақтар - Әнет, Кеңгірбайлардың Қалқаман мен Кебекке жасағандары мақтан етер, үлгі тұтар өнеге емес, жерінер, безінер сұмдық екенін Абай халық атынан күңірене айтады, жазалы кім, кінәсыз жапа шеккен кім, соны әділ, дәл көрсетеді, аруақ, ата дегендердің тас бауыр дұшпан болғандығын қалың қауым, есіл елге паш етеді.

Жиреншемен сөз таластырып, жүйріктік салыстырған даугер ретінде көрінбейді Абай. Оның монологтарының мазмұны терең, астары қалың, құрылысы қызық, күрделі.Ұлы ақын халық алдында жауап беріп тұрғандай. Кешегі өткен жауыздықтар, солардың жасырын, көзден таса көмбе сырларын халық – ата, халық – анаға ашып берер сәттің жеткені осы. “Қаттылық бір мен екіде, халықта ма еді?”, “Еккенің тікен болса, орарың балауса болмас” – осы алуандық даналық афоризмдерді Абай дау кезінде, талас-сілкіс үстінде қолма-қол суырып салады.

Абай монологтары терең тебіреніп, қинала толғанудан тыған, олар ұлы жүректің ел деп соққан тынысын, данышпан характерінің қырларын танытады. Ызалы, ашулы шабытпен бұрқанған ақынның жауларына шүйліккен кезінде психологиялық күйі оның сөздерінің екпін ырғағынан, түйдек-түйдек оралымдарынан анық көрінеді. Жиренше тән жалтырақтан мүлде өзгеше қуатты, ойлы, өткір, бұлтартпас дәлелді шешендік бар Абайды. Қырымдағыны қалт жібермей бас салатын қыран бүркіт алғырлығы бар.

Оразбайдың қырсық кекесінен жарқ етіп тұтанып кеткен Абай бес-алты ауыз сөзбен-ақ оның сорлы, күйкі қалпын, надандығын, сол надандық түбіне жететінін көрсетіп береді. Билік сценасында Абай күнге шағылысқан алмас қылыш жүзіндей өткірлікпен дұшпандарының кеудесін басады. Қалқаман мен Мамырды, Еңлік пен Кебекті талап өлтірге жауыздарға, солардың бүгінгі бөлтіріктеріне лағынет айтады Абай.

Жырынды, әккі Жиренше жығылса да, жағалысып құлайтын өлермен. Абай дәлелдеріне, ащы да болса шындық жайттарға қарсы қояр ештеңе таппай отырып, ақырғы оғын атады. Кешегі Құнанбай жасатқан билікті қайда қояды екен Абай? Өз әкесі істемеп пе оны?

Талай ұрпақтарды қан қақсатқан зұлымдықты - Әнет, Кеңгірбай, Құнанбайлар қолымен жасалған масқара әділетсіздікті дәстүр деп, ата жолы деп табынған жуандарды Абайдың жерлеп, аяқ асты етер сәті осы орайда. Қара қапас, надандық пен пен сәуле адамгершіліктің айқасы! Суық жылдар қойнауында халық зарына – зар халық тілегіне тілек қосқан ұлы гуманистің өршіл бейнесі дауылды теңіз бетіндеталмай қалықтаған сұңқарды көз алдыңызға әкеледі. Айдар – Ажар басын арашалап қалу – жуандықтың жеңілуі, әділеттің салтанат құруы. Бұл халық жеңісі – халықтың сүйікті ұлы Абайдың жеңісі.

Билік сценасындағы монологтар сан алуан психологиялықхалдерді, терең тебіреністерді, күрделі ойларды береді. Инверсия, шешендік сұрау, іліп әкету, түйдектей тарту, кілт түйіп тастау, неше түрлі тосқауыл жиі қайталанады. Әсіресе Абай монологтары туралы осыны айту шарт. Оның сөйлемдерінің синтаксистік құрылысы сан алуан. Пікірдің салмағына, айтылау ретіне қарай сөйлемдер құбылып отырады. Айтылмыш сценадағы Абай, Жиренше, Керім сөздері – драмалық ішкі қуатқа толы, серпінді,әрекетті, өте көркем монологтар.

Абай жеңді – Айдар, Ажар азат болды. Шұрай топтың алдында Оразбайлар жығылды, дау малмен тынбақ. Шындығында, күрес тоқталған жоқ әлі. Билік айту сценасында сөзден ұсталған, әділетке еріксіз бағынған Оразбайлар тындым, біттім демек емес. Мұндай мінез олардың табиғатына қайшы. Қара жүрек зорлықшылар ақырына дейін алысады: не қарсыласын тұралатқанша, не өздері тұралағанша.

Оңаша қалған Оразбай, Нарымбет, Жиренше арасындағы долы, зәрлі диалогтар олардың ендігі қадамдарының жоспар іспетті. Сұмдық зұлымдықты, Абайға у беруді ойлап тапқан – Оразбай. Қызба, ұркөппе, Нарымбет алды-артын ескермей, байыпқа бармай, ай-шайға қаратпастан жұлқынып тұр. Қазір жасамақ қастандықты.Бұлардың ішінен ең айлалысы – Жиренше. Сұңғыла көзі билік үстінде Керімнің осал жерін дөп басқан. Қателеспей аңғарған бір сыры бар: түбі Керім Абайға шәкірт емес.

Үшінші пердедегі тартыс иірім-иірім қысқа көріністер арқылы берілгенімен, негізгі желі үздік-соқдық болып ыдырамайды, трагедияның басты конфликтісі қанат жая өрістейді. Жиі ауысатын ситуациялардың бәріне де сахналық әрекет мол: ішкі әрекетті былай қойғанға, жүріс-тұрыс, қаһармандардың бірінің келіп, екіншісінің кетуінің өзі көп. Сюжет кідіріссіз, кібіртіксіз өрбиді.

Пьесадағы күрделі типтің бірі – Керімге байланысты арна билік сценасынан кейін тереңдеп, тармақтанып кетеді. Керімнің Абаймен, Айдармен, Әзімханмен, басқа қаһармандармен арақатынасы мол, жан-жақты көрініп, оның мінез қалтарыстары айқын ашылады. Алғашқыда Абай шәкірттерінің жуан ортасында жүріп, Айдар – Ажарды Оразбайлар өлтірмек болғанды ара түсуші, билік айту кезінде Жиреншеге қарсы даугер Керім бірте-бірте басқа бетке, жат өңірге қарай тартады.

Керім харақтері әр түрлі ситуацияда алуан сырлы психологиялық күймен ашылады. Жиренше болжамы дұрыс: Керім сыртымен ғана Абай жақ, іштей разы емес, қарсы. Айдарды даңқ, атақ жолында өзінің бірінші бәсекелесі, алдында кесе-көлденең тұрған дұшпаны деп біледі. Билік айту кезіндегі Керім солқылдақтығының сыры осында жатыр.

Мұның бәрі әлі Абай көңілінен тысқары, күңгір нәрселер. Ол Керімнің шын болмысын, басты қасиетін түгел ұғынып жетпеген. Ақын жүрек дана, ойшыл сезімталдығымен бірге сенгіш, иланғыш. Тегінде трагизм сеніп барып безінуден, сүйіп барып жерінуден туындайды ғой. Бауырындағы Керімнің Әзімханмен жең ұшынан жалғасып у алып жүргенін, сырттай ғайбат сөз айтатынын білмейді Абай.

Өз ұясында, бала-шаға, дос-жаранның арасында Абай аталық, үлкен ұстаздық мінезін аңғарта отырады. Басқалардың бірер ауыз сөзбен тынар тұсында Абай кең көсіліп, жазылып шауп өнер табиғаты, ақындық қадір-қасиеті жайлы толғаулы, тебіреністі ойларын аса көркем, шебер кестемен шабытты жеткізеді. Қарлығаш, Көкбайлармен арадағықысқа әзілден, Зейнептің әйелдер атынан айтқан базынасына берген жауаптан, қызғаныш төбесі көрініп қалған ретте салған тиюдан – Абайдың күрделі, терең характерінің қырлары көрінеді.

Баймағамбеттің Моцарт мен Сальери жайын әңгімелеуі үстінде шаң берген тартыс Айдар – Ажардың тойы кезінде бір сәт қалтарыста қалады. Той салтанаты ұзақ емес, Көкбай айтатын аужардың өзі Долговты іздей келген атшабардың айқай-шуымен бөлініп кетеді.

Бірінші қатарға қайтадан – Айдар – Керім арасындағы конфликт шығады. Екеуі оңаша. Қысқа, салмақты диалогтар бірте-бірте зілдене, астарлана түседі.Сабырлы Айдардың ұғынысқысы, Керім мінезіндегі өзіне оқыс көрінген қылықты түсінгісі келеді. Бейбіт қалыпты, байсалды кейіп. Керім ашулы, ызғарлы. Оған Айдар жазған “Еңлік – Кебек” ұнамайды, аруақты қорлағанға зығырданы қайнайды Керімнің.

Айдар күтпеген мінез бұл. Сонда Керімнің Абай нұсқаған жолдан, әділет жолынан ауа жайылғаны ма? Жиреншемен таласқан кезде тайқи соққаны оны ішкі есебінен болған ғой, шамасы? Абай бауырына тартып, сырын айтып жүрген Керім ғой.

Айдар ойындағысын ірікпей айтады. Бас бағып қалар Керім де жоқ, Абаймен туыстық жақындығын бұлдап сөйлейді. Досы емес Абайдың, жауы екенін ащы сөз, суық қарғыспен білдіріп отыр.

Керім – Айдар арасындағы тартыс ұзақ қызғаныш, бақталастық күресі болып бейнеленбейді. Бұлардың арасындағы қайшылық – дүниетаным қайшылығы.Керімнің: “... Мен тарихтың тай тұлпары емеспін. Надандық пен қараңғыны қармайтын Оразбай да емеспін мен. Мен – Керіммін. Жолым даңғыл, құбылам менің орнында. Ислам! Мәңгі бақыт, жарқын жолым, бәрінен де жақын жолым бір ислам – дін ислам...”, - деген сөздерінде оның өзек жарды сыры жатыр. Өз қатарында бұған қарсы тұрар біреу болса, ол – Айдар. Сондықтан Керім алдымен соның көзін жоймақ, мұндай жазаны ислам ақтайды.

Зұлымдық жоспарын сыртқа білдірмеуге келгенде Керім бойындағы яголық екі жүзділік, ізін аңғартпас сұрқиялық бар. Той-томалақ ішінде, Долговтың кету қарбаласында Айдармен татуласқан болып отырып, Керім оған у береді.Бұл сұмдықты Оразбай, Әзімхандар және өзі ғана біліп, Абай айналасының мүлде сезбеуі психологиялық кризисті бұрынғыдан бетер ушықтырып, конфликтіні жани түседі.

Аяқ астынан Айдардың ауру төсегіне құлауы – Абай басына келген төтенше соққы. Надандықпен, жауыздықпен күресу тағдырдың бұйрығындай көрінсе, сырын, шынын ұғатын, алысқа самғап ұшар деген шәкіртінің белгісіз дертке ұшырауы жанды қинап, жүректен қан, көзден жас ағызады.

Бесінші суретте Абай көкірегін зіл батпан салмағымен жаншып, мұздай суық қайғысымен қарыған қаралы оқиға өтеді. Туғанынан артық көрген асыл ізбасары – есіл Айдар көз алдында сөніп бара жатыр. Жалын жүрегімен, қайтпас өжеттігімен сүйікті болған жас ақынның дегеніне жетпей, орта жолда көз жұмуы жақын-жуықтың қабырғасын қайыстырады. Ащы-тұщыны қоса татуға белді бекем буған адал жардың ыстық құшағы қалып барады. Өмір, гүл жарып, жапырақ жаймаған қыршын өмір үзіліп барады. Бақыты күйген Ажар сорлы зар еңірейді.

Абайдың аталық жүрекпен беріле сүйген, көп үміт артқан ардақты ұлы - Әбіштің Петербургтен еліне демалысқа келуі пьесада бір сал сюжет ағымын құрайды. Алғашқы қарсы алу сәтінен бастап Әбіштің күрсінуі, қам көңілі – анасына, әкесіне, достарына белгісіз сыр. Әбіш басындағы трагедиялық халді драматургтер пьесада орынды пайдалана білген. Жастайынан білім қуған, табиғатынан нәзік Әбіш Петербургте оқып жүргенінде туберкулезге шалдығып, сол аурудан қайтыс болғандығы тарихи факт.

Қаһарманның жан күйін айқара ашып бейнелеу үшін оны бір қиыннан бір қиынға салу, психологиялық жүкті үсті-үстіне молайту – драматургияның ең күшті көркемдік құралдарының бірі. Король Лирдің сұмдықтан кейін сұмдықты көруі, Егор Булычев басындағы қиналыстардың бірден-бірге молаюы осы орайда еске түседі.

Айдардан айрылу – Абай үшін тірегінен айрылу, ең талантты шәкіртімен мезгілсіз қоштасу. Ақын жүрекке жас өмірдің көктей оралуын көру – қаны сорғалаған қаза, орны толмас қаза. Зар илеп, жер тіреп қалып отырғанында ежелгі жауы тағы шабады ақырын. Тепсініп кеп тұр Нарымбет!

Керемет ауыр трагедиялық ситуация. Айдар дерті аямай жаншығар Абай енді аяулы ұлы Әбіштің қаралы, қайғылы, құпия сырын естиді. Бұл қысқа сцена жүректің басын шымырлатып, көзден жас ағызар Шекспирлік қуатпен берілген. Шыңыраудан терең психологизмге, адам рухын ғажап қарапайымдылықпен күрескен реализмге ден қоярсыз.

Басына тау қопарылып құлағалы келе жатқанын сезгенімен қайратқа жеңдірген арыстан жүректі әке. Жасырып болмас, азапты сырын ашып тұрған қайран ұл. Естен тандырар қат-қабат шытырман сәтте де Абай гуманизмнен айнымайды, Әбіштің Мақышқа байлаулы ақырғы сөзін айтуын тапсыруы - әкелік өтінішіндей. Әбіш – Мағыш арасындағы қысқа диалог көп сырды, қиын-қыртыс психологиялық күйді, аса күрделі драмалық сәтті баз қалпында көз алдына әкеледі. Әбішке байланысты тартыс түйіні осы жерде шешіледі. Адал, өмірге құштар, жар құшағына ынтық, бірақ тірлігі шолақ есіл азамат басындағы трагедия. Мағышқа айтқан сөздері – имандай сыры, шын толқуы.

Аяғандықтан, сүйгендіктен шегінеді Әбіш. Өзінің қысқа өмірінің ақырғы күндерінің удай ащы азабын жалғыз тарпақ, бауыры суық молаға жалғыз аттанбақ. Жалғыз! Қырдың пәк перзенті, дала сұлуы Мағыш Әбіштей жігітке шын ғашық. Сондықтан әлгінің бәрі оған тек сөз, сөз ғана. Не көрсе де, тағдыры не жазса да, Әбіш қасында болуға, Әбішпен бірге көруге дайын. Мағыш шын ғашық. Бұл екеуі жазғытұрым қылтиып шығатын жауқазын гүл. Ерте өсіп, ерте солатын жауқазын ше!

Қан қаза, азапты көріп, зар шеккен Абай алдында Керімнің сарапға аттанатынын айтуы Айдар өлімімен доп келеді. Міз бағар, шіміркенер Керім емес, өз қолымен жасаған кан ішерлік істі басқаның мойнына аудару ниетімен Әзімханды көпе-көрнеу қудырып тастайды. Айдардан айрылып, сорлап қалған Абай басын сүйеуге бірінші ұмтылушы – Керім. Зұлымдығы жария болмаған, алпыс алты айламен құтылып тұрған екі жүзді, аяр, алдамшы Керім. Сырт көзге Абайдың туысы, соңына ерген шәкірті – Керім.

Пьесадағы күрескер Абай, демократ Абай, дана ойшыл Абай, ақын Абай драмалық қуатты әрекеттерімен жан-жақты бейнеленеді. Төртінші перденің алғашқы көріністерінде бір алуын шеберлік бар. Мұнда Абайдың әлгі сатиралық “Болыс болдым мінеки” өлеңі Оразбайлармен күреске түскендей. Абайдың өзі бетпе-бет келіп тұрмаса да, оның халық аузына тарап кеткен сөздері жуандарға ащы қамшыдай тиеді. Оразбай, Жиренше, Нарымбеттер бұққандай, жасқанғандай.

Рухани күресте, халық алдындағы билікте күйреген Оразбайлар үшін қалған жол біреу-ақ – қапыда басып Абай көзін жою. Меккеге барып қайтқан Керім де, Абайдың туған ағасы Тәкежан да осылардың қасында. Ымы-жымы бір өңкей жауыздардың қаскөй, залым кейпі, надан, топас сипаттары көрінеді.

Бұлардың ішінде характерлік кесектігімен ең дараланған тип – Керім. Оразбай, Жиренше, Нарымбет, Тәкежан – сахараның содырлы феодалдары, олар арғы-бергі тарихтан, басқа елдер жай-жапсарын, ғылым атаулыдан бейхабар. Керім – оқыған, білімді, шет жұрттарды көрген, оның үстіне жүйрік, ділмар.

Әділет үшін алысқан Абай озбыр Нарымбетті болыс сайлауға қарсы шығады. Оразбай, Жиреншелердің әбден қанына қарайып, шегіне жеткен жері осы. Қанды ауыз қасқырлар Абайды қапыда соққыға жығады.

Бұл – Абай өмірінде, шынында да, болған факт. Драматургтер – сол оқиғаға алып келген тартыс арналарын реалистікпен көрсете білді. Сойқанды қылықтарымен танылған Оразбайлардың мұндай сұмдыққа баруы – характерлер логикасынан туған заңды қадам.

Соңғы пердеде Абай мен Керім арасындағы тартыс шырқау биікке жетеді. Қажы боп келген Керім демократтық, прогрстік ойлардағы Абайға дің жолын мегзейді.

Жалпы өнер табиғаты, беймезгіл замандарда қиракезік ауыр өмір сүрген суреткер мұрасының тағдыры, өткен тарихтар мен болашақ күндерге көзқарас – бұл төңіректегі Абайдың дана ойлары Керіммен арадағы тартыс үстінде айрықша көрініс береді.

Айдардың аяқ астынан дүние салуы Абайға үлкен дерт, зор қайғы, себебі белгісіз жұмбақты сыр еді. Бұл психологиялық құрметтеу драмалық атмосфераны шаңыттырып қойған, кернеуді асқындырған халдердің бірі.

Сұмдық сыр ашылар сцена айырықша шеберлікпен берілген. Адал, аңқылдақ, көңілінде қалтқысы жоқ Қарлығаш мінезі бір төбе. Зұлымдықтың кімнің қолымен жасалғанын сезе бастап, ашумен, ызамен, кекпен қыстығып соққан Ажар жүрегінің дүрсілі естіледі. Көмбесі ашыларынан секем алған Керім аярлықпен аңқаусырайды. Ауыр психологиялық ситуайиядағы неше иірім сезім толқындары драмалық әрекет, реалистік диалогтар арқылы көрінген.

Айдар өлімі сырының ашылуы – Абай басына тиген ең ауыр қанды шоқпар. Көзқарас алшақтығына, теріс жолға беттеп кеткен Керімнің өз бауырын өлтірген жауыз болып шығуы – күтпеген, мүлде тоспаған қылық. Осы сценада Мағауия да мерт болады. Бұл сәттегі Абай қайғысында, Абай өкінішінде, Абай азабында шек жоқтай. Қоса еңірер, қоса жылатар, өзекті өртер ащы монолог.

Күші артық, сұмдығы мол, шебі қалың зұлымдықпен ұзақ күрес, екі бірдей азамат ұлдары Әбіш, Мағауиядан айрылу, олардан кем көрмеген асыл шәкірті Айдардың мерт болуы, бауырдан шыққан шұбар жылан – Керім қастандығы – осы салмақ, осы қайғы араласып, жиылып, тұтасып кеп Абай өміріне балта шабады.

Абайдың екінші өмірінің басталатындығына, халықтың болашағына сену, келер ұрпақтармен тілдесіп, соларға мұң айту, сәлем жолдау сарыны трагедияның оптимистік рухын көтереді. Зейнеп, Баймағамбет ауыздарымен айтылған сөздер арқылы Абай мен тарихтың, Абай мен халықтың бауыр туыстығы көрініс береді.

“Абай” трагедиясын талантты режиссер Асқар Тоқпанов 1940 жылдың 20 қыркүйек күні тұңғыш рет Қазақ академиялық драма театры сахнасына шығарды. Спектакльдің өте сәтті өткендігін, оның республика мәдени өміріндегі кезеңдік оқиға болғандығын “Социалистік Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттері қуанышпен жазды.

М. Ақынжанов “Абай” трагедиясының терең идеалды, өте көркем пьеса екенін айтып, шығарманың тіл, стиль ерекшеліктеріне көңіл аударды. Ұлы Абайдың өзіндік дара сөз ерекшеліктері сәтімен табылғанын сыншы дұрыс көрсетті. Абай рөліндегі Қалыбек Қуанышбаевтың ғаламат шабыты айрықша аталады.

Ұйғыр әдебиетшісі Қ. Хасанов: “Абай” пьесасы жұртшылықтың көптен күткен нәрсесі еді. Ол бүкіл Қазақстан халқының ортақ мақтанышы”, - деді (“Социалистік Қазақстан”, 20. Х. 1940”).

“Казахстанская правда” газеті орыс оқырмандарын “Абай” трагедиясыныңмазмұнымен, негізгі қаһармандарымен таныстыра отырып, пьесаның құнды қасиеттерін көрсетті (“Казахстанская правда”. 22. Х. 1940).

Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасына трагедияның екінші рет шығуы 1962 жылдың 29 мамыр күні болды.

Әзірбайжан Мәмбетов режиссурасымен қойылған бұл спектакль қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп, театр репертуарына берік орнықты. “Абай” трагедиясының сахнада қойылуы, режиссерлік шешім, драматургтер идеясының берілуі деген мәселелер төңірегінде бірталай пікірлер айтылды.

“Абай” трагедиясын жазушы Ғ. Мүсірепов, сыншылар И. Серман, З. Кедрина, М. Ритман-Фетисов өте жоғары бағалады. А. Маловичко, С. Ордалиев еңбектерінде пьеса зерттеу объектісі болды.

Мұхтар Әуезов “Абай” трагедиясынан кейін ұлы ақын тақырыбына біржолата бет бұрған еді.

“Абай жырлары” көркемсуретті фильмді сценарийінің негізінде трагедия сюжеті тартылды. Қаһармандар алғашқы қолжазба вариантындағы адамдар Керім Шәріп болып алынған.

Фильм Долгополовтың антропологиялық зерттеу мақсаттарына орай қазба жұмыстарымен айналысу сәтінен басталады. Зорлақтан қашып, бас сауғалағанАйдар мен Ажар. Абай аулына баса-көктеп кірген Ерден (Оразбай), Нарымбеттердің жүгенсіздігі. Билік сценасындағы дауласу сөздеріпьесадағы қалыппен бірдей. Жалпы оқиға пьесадағымен тура келеді. Кейбір көріністердегі ауытқулар, диалогтағы өзгерістер кинофильм талабына байланысты жасалған.

Музыкасын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған “Абай” операсының либреттосы да трагедия сюжеті іргесінен туды. Опера мүмкіндіктері ескеріліп, пьесадағы бірталай кейіпкерлер - Әйгерім, Мағауия, Абдірахман, Мағыш, Долгов, Оразбай, Тәкежан, Әзімхан, Баймағамбет, Зейнеп, Дәулет, Орман либреттодан шығарылып тасталды. Керім - Әзім деп, Көкбай – Есбай деп алынды.

Сюжет желісі пьесадағы арнада, бірақ өте ықшамдалған, қысқартылған. Қаһармандар сөздері пьесадағы сөздер негізінде келеді. Либреттода қазақ өлеңінің алуан мүмкіндігі өте шебер пайдаланылған: мұнда он бір буынды қара өлең ұйқасы да, жеті-сегіз буынды шалыс ұйқас та, егіз ұйқас та, шұбыртпалы жыр ағымы да бар. Әуезов, әсіресе, ассонанс пен аллитерацияға, басқа ұйқас пен ішкі ұйқасқа ерекше көңіл бөледі. Өлең формасына Абай ендірген жаңалықтар ұтымды кәдеге асырылады. Теңеу, эпитет, шендестіру өте мол.

Басқа қаһармандар сөздері негізінен пьесадағы бұрынғы күйін сақтаса, Әуезов Абай аузына бірнеше жерде жаңадан жазылған, өте ойлы, терең сатарыл сөздер салады.
Қай талқы құл алдында құрылмаған,

Қастықпен қай күнің бар құбылмаған ?

Аядым, аянышпен ара түстім,

Жалғыз жол, адал жолым бұрылмаған ?

Зар көрдім, шер жүректен жалын атқан,

Азалы ай-күндердің уын тартқан,

Аядым, айнымаймын, жалынбаймын,

Көрсең де мені бетер қас пен жаттан

Білемін алдым азап алты батпан,

Мен емес арам іске арын сатқан,

Сұм заман сыбағама сені берді,

Талап бақ жауың болсам тағы тапқан...


Айдар мен Ажарды өлім тырнағынан құтқарып алған кезде жаулық, сұмдық сертін айтқан Жиреншеге берген Абай жауабы мынау. Үлкен гуманист, қажырлы күрескердің алып жүрегінен шыққан сөз.

Аяулы Айдардан айрылып, өз жанына жау тапқан аса ауыр психологиялық кризис үстінде Абай тағы да тебіренеді:


Ей, халайық, барым ең сен,

Зарыңа зар қосып ем.

Жатың емес, досың ем мен.

Дос пейілін тосып ем!

Бауырым жара, сөзім нала, Дертпен келем мен бүгін,

Аямас жау мен мені айнала,

Салды салмақ сүмдығын!

Біл, ағайын, Айдар жайын,

У беріпті оған жау!

Қазір халі сағат сайын

Ажал жақын, қан қамал...

Алдыңа кеп жар саламын,

Тап жауымды жабылып, Өш аламын, өш аламын,

Қанды кекті жамылып!


Төрт ауыз өлеңде ғаламат мұң, көкірек жарған ащы күй, ұлы ақын рухының терең болмысы жатыр. Халық – ата, халық – анағақан қаза, зар нала үстінде көзінің жасын төгіп тұрып, еңірей отырып алтын жамбыдан асыл сырын ақтарған бәйтеректей перзенттің шындығы ғой мынау. Емірене, өртене бауырласу. Ақын күрескер! Қайғы қанша ауыр, азапты болғанмен, жабығып, бас сауғалап қалар ол емес. Сонау халықтың өзін ереуілге бастағандай қайратты рух қайтадан көтеріліп, қуатты серпінмен көрініс бергендій. Операда осы сәтті бейнелейтін музыка өте дәл табылған. Абай ариялары қазақ опералық искусствосының ең биік табыстарына жатады.

Пьесадағы, либреттодағы, сценарийдегі Айдар, Ажар “Абай жолы” романында Дәрмен, Мәкен деген атпен көрінеді. Дәрменнің “Еңлік – Кебек” жырын жазуы пьесадағысюжетті қайталайды, бәрақ көркемдік тиянақтай романында өте терең, күрделі. Жас, жалын ақынның тебіренген шабытты қалпын көреміз. Пьесадағы Айдар – Ажар басы билер сценасындағы азат етілсе, романда Дәрмен – Мәкен дауы көп тартыс, көп шайқаспен даланы да, қаланы да дүрліктіріп барып, байсал табады.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет