№1 дәріс
Тақырып: Ежелгі орыс әдебиетінің қалыптасуы (Х-ХVIII ғ.ғ.)
“Слово О полку Игореве” және “Повести временных лет” шығармалары
Жоспар:
Киев княздығында алғашқы әдеби ортаның қалыптасуы. Жалпы орыс жазба әдебиетінде алған орны.
11-12 ғасырлардағы аударма әдебиет. Шығармалардың жанрлық түрлері.
«Повести временных лет» шығармасының жазылуы. Ежелгі орыс әдебиетіндегі маңызы.
«Слово о полку Игорьеве» шығармасы. Туынды төңірегіндегі әлемдік дау.
Владимир князь орыс халқын 9 ғасырда Дон өзенінің жағалауында шоқындырып християн дінін қабылдатқанан соң ежелгі орыс даласында күрделі өзгерулер болды. Негізінен бұл өзгерулер дінге байланысты еді. Халықтың тұрмыс-салты, дүниетанымы жаңа бағыт алды. Византия немесе түркі әлеміне Үрім ретінде таныс Римнің шығыс бөлігі діннің таралуына барынша күш жігерін жұмсады. Шығыста дін арқылы өз ықпалын арттыру мақсатында варворларды діни мектептерде оқытуды жөн деп білді. Орыс әліпбиінің негізін жазған Кирилл және Мефоди атты миссионерлер де осындай саяси астары бар арнайы тапсырманы орындаған еді.
Орыс жерінде діни орындардың ашылуы және шіркеулердің жанында шіркеу-словяндық мектептердің болуы болашақ мемлекеттің өркениетке деген алғашқы қадамы болатын. Бұл мектептерде негізінен батыс еуропада кең таралған діни мотивтер мен сюжеттер аударма күйінде оқытылып, діни бағыттаға ежелгі словяндық тілде жазуға үйретілді. Алайда жергілікті халықтың халық ауыз әдебиетінің аса танымал, әрі көркем туындылары да назардан тыс қалмай жаңа діни мотивке ие болып, өңделіп халыққа қайта ұсынылды.
Ежелгі жазба орыс әдебиетнің жаңаша даму бағытындағы көрінісін 11 ғасыр шығармаларынан көреміз. Бұл кезде әдеби шығармаларға тиісті дәрежеде көңіл бөлініп шіркеу тарапынан қорғауға алынған болатын. Орыс жеріндегі осындай әдебиеттің дамуына толық мүмкіндік берген княздықтар Киев пен Новгород болатын. Бірі бұрыннан өңірге танымал, өзге княздықтарға ықпалы басым - Киев, екіншісі жаңаша даму жолын таңдаған жас княздық - Новгород. Аталмыш ғасырларда орыс халқы деп тұтастай шығыс славян халықтарын атайтын болатын. Сондықтан княздықтардың ұлттық құрамы қазіргі беларусь, украин, орыс халықтарынан тұрды.
Киев княздығында алғашқы әдеби ортаның қалыптасуы. Жалпы орыс жазба әдебиетінде алған орны.
Даму жолындағы орыс елінде сауат ашу оның ішінде діни оқу-жазуды үйрету маңызды мәселелердің бірі болды. Сондықтан Киев княздығы бұл мәселені шешу үшін шіркеу жанынан бала оқытуды қолдап отырды. Алайда оқу ісінде өзіндік қиындықтар туындады. Бұл негізінен оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығы. Негізгі қиындық – қағаздың жоқтығы. Алғашқы қағаз қызметінде қолданылған пергаменттер өте қолайсыз болатын. Пергаментке шығарма жазу тиімсіз еді. Өйткені шығарма жылдар өткен соң өшіріліп оның орнына жаңа туынды жазылып отырылған. Пергамент- ешкі терісінен не қайың жаңқасынан өңделіп жасалған форма.
Көркем шығармалар жазу ісі де арнайы тапсырыспен жасалатын болған. Князь немесе ауқатты адамдар сауатты жазушыға тапсырыс берген. Туынды жылдар бойы жазылған. Ұлы княздың арнайы нұсқауы бойынша елдің тарихын қағазға түсіру мақсатында шіркеу жанынан жылнама жазу қолға алынған. Жылнамашының үлкен тарихи маңызы бар іспен айналысқанын қазіргі таңның белесінен атап айта аламыз. 10-12 ғасырларда шіркеу жылнамашылары сол кездегі ел тарихынан нақты мағұлымат беретін туындылар жазған: «Повести временных лет», «Слово о полку Игорьеве», Житье святых» т.б. шығармалардың көбі, өкінішке орай, бүгінгі таңға дейін жетпеген. Ғалымдардың болжамы бойынша бекітіліп жүрген 10-12 ғасырлардағы 130 шығарманың 80 ғана анықталып, лингвистикалық зерттеуге алынған.
Киев княздығында жазылып орыстың ежелгі әдебиетінің нақты дәлелі болып жүрген шығармалардың тақырыбы әлем әдебиетінде де орын алып жүрген дүниенің пайда болуы, адамның шығу тегі туралы толғаныс, отанды сүю, батырлық, ел мен ерге деген құрмет т.б. Негізінен бұл шығармалардың көпшілігі болгар, византия шығармаларының сюжеттерін қайталаған.
11-12 ғасырлардағы аударма әдебиет. Шығармалардың жанрлық түрлері.
Ежелгі орыс әдебиетінде қолданылған шығармалар жанры сюжеттермен бірге батыс еуропа халықтарының әдебиетінен қабылданса керек. Шіркеудің тіршілігі мен мемлекеттің тарихын баяндауға ыңғайлы хроника, жылнама, тарихи повесть сияқты жанрлар кеңінен пайдаланылды. Жанр мен сюжеттің өзге елдерден ауысуына жол ашқан көркем шығармалардың аударылуы. Аудару ісі өзінің оң әсерін де тигізді. Озық ойлы мемлекеттің шығармаларын аудару арқылы жаңа бағыт, тың ой түзіліп төл туындылардың жазылуына жол береді. Аудару ісі әсіресе Киев княздығында қарқынды дамып Ростов, Владимир, Новгород сияқты қалалардан көш ілгері көрінген. Киевте әдеби жанрлар белгілі бір жүйеге келтіріліп, өзге әдеби орталықтарды қадағалау, бақылау жұмыстарымен де айналысқан. С.Д.Лехачевтің бағалауынша бұл дәуір орыс әдебиетінің трансформация кезеңі еді.
Жылнама деректерінен сүйенсек, християн діні енгізілгеннен кейін князь Владимир Святославич жасөспірім балаларды оқыту ісін қолға алған. Византия сынды батыс еуропа қалаларынан оқытушылар шақырылып, оқулықтар алынған. Ең бастысы осы оқулықтарды ежелгі орыс тіліне аударуды тапсырған. Кейін князь Ярослав Мудрый латын тілімен қосымша грек тілінен де шығармаларды аударуды талап еткен екен. Негізінен әдебиеттер діни қызмет атқару үшін қажет болатын. Сондықтан бұл туындыларда философиялық, этикалық докториналар, шіркеулік дәстүр мен тәртіп, сопылық өмір туралы баян етілген. Християн шіркеулерінің қызметін насихаттау үшін, беделін арттыру мақсатында евангелия, қызмет ету, псалтырь т.с.с. діни шығармалардың түрлерінің аса қажеті болған. Осыған орай бірнеше шығармалардың жанрлық түрлері пайда болған: патеристика, патериктер, сопылар өмірі, апогрифтер, хроникалар.
Патеристика гр. «әке» деген сөзінен алынған. Шіркеу әкейлері туралы туынды. Құдай сөзін ұстанушы әкейлер өмірінен сөз қозғайды. Мысалы, Иоанн Златоуст, Григорий Низанский, Афанасий Александрийский т.б. Бұл шығармаларда християн дінінің моралдық қадір-қасиетін, адамның мінез-құлқы туралы жазылған. Аса құндылыққа ие шығарма «Златоуст» шығармасы. Бұл туынды діни прозада жазылған үздік шығарма.
Патериктер. Негізінен монахтар өмірін баяндап жазған туынды.
Сопылар өмірі. Немесе агеографиктік естеліктер. Сопының көзі тірісіндегі өмір жағдайы, оның о дүниелік болғандағы таңғажайып жайттыр. Шығарма сюжеті мен фабуласы элленистік романдарға үндес. Мыс.: «Житье святой Ирины», «Легенда об Алексейе божем человеке».
Апогрифтер. Гр. «құпия» деген сөзінен алынған. Негізінен бұл шығармалар тәураттың сюжетін ұстанады. Апогрифтердің сюжеті пұтқа табыну кезіндегі мифологиялық сюжеттерді ұстанған. Сондықтан шіркеу бұл жанрды біртіндеп жойды.
«Повести временных лет» шығармасының жазылуы. Ежелгі орыс әдебиетіндегі маңызы.
Ежелгі орыс әдебиетіндегі құнды шығармалардың бірі – «Повести временных лет». Шығарма алғаш боп 12 ғасырдағы Русь жері туралы нақты мәлімет береді. Ғалымдардың зертеу жұмыстары анықтағандай шығарма шамамен 1095 жылы жазылған. Орыс тарихын негізге алып жазған жылнамашы Киев-Печерск монастырының монахы – Нестор. Нестор білімді, дүниетанымы кең, әдеби дарынды қаламгер. Сөз болып отырған шығармадан өзге автордың «Сказание о Борисе и Глебе», «Жизнь Феодосия Печорского» деген туындылары да бар.
Шығарма 11-12 ғасыр аралығындағы тарихи жағдаларды ғана қамтып қоймай, жалпы орыс жерінде болған оқиғаларды, орыс княздықтарын суреттей жазылған. Нестор орыс елін әлем әдебиетінің шеңберіне қосады. Жылнаманы библиялық (тәурат) аңыз-әңгімелерге сүйене бастап, орыс жерлерінің бөлінуі, славяндықтардың ішінде қырлықта тұратын ұлысын ерекше бағалап жазады. Олар Киевті мекендейді екен де бүкіл орыс елінің анасы іспетті қамқор болады екен. Шығармада княздар мен боярлардың қарым-қатынастары, Ұлы княздық тақ туралы сөз қозғайды. Рюрик ұрпағы князь Игорь екенін атай отырып, оның жасы келмеуіне орай таққа оның ағасы Олег отырды деп мәлімдейді. Шығармада сонымен қатар ер жүрек батырлардың ел қорғаудағы ерліктері мен княздардың көреген саясаттары мақтан тұтылған.
Автор өз заманының жетік тарихшысы. Соған орай шығармада алғаш боп абсолюттік хронологиялық сипаттауды қалыптастыра алды. Ғалымдардың зерттеуінше Бұл шығарманы жазуда екінші бір жылнамашының қаламы да байқалады. 1118 жылы Князь Монамахович Мстиславтың бұйрығымен Сильвестр атты жылнамашы шығарманы толықтырған. Бұл шығармадағы жазу стилінің ауытқуынан аңғарылады дейді ғалым Д.С.Лехачев.
«Слово о полку Игорьеве» шығармасы. Туынды төңірегіндегі әлемдік дау.
Ежелгі орыс әдебиетіндегі шығармалардан шоқтығы биік тұрған дүние – «Слово о полку Игорьеве» повесті. Туындының сақталынуының да өзіндік тарихы бар: Шығарма бір дана көшірме күйінде Мәскеу университетінің кітапханасында сақталып келген. 1812 жылы Мәскеуде болған өрт кезінде шығарма жойылды деп саналады. Бұл орыс әдебиетіндегі орны толмас жағдай ретінде қаралып, қоғамдық талқыға түседі. Алайда граф Мусин Пушкиннің жеке кітапханасынан коллекция көшірмесі табылады да жалпы шығарманың құндылығын зерттелу жұмыстары басталып-ақ кеткен. Шығарма шынайылығына, көнелігіне, автор турасында пікір талас жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін жалғасады. Шығарманы зерттеуде оңтайлы жол сілтеген белгілі ғалым Орлов повестіні лексико-фразеологиялық тұрғыдан зерттеуді ұсынған. Зерттеу нәтижесінде шығарманың шамамен жазылу мерзімінен әлде қайда кейін 14-15 ғасырларда жазылған «Задонщина» шығармасына жақындығын аңғартады. Бұл факті шығарма турасындағы дауды одан бетер ушықтырып жібереді. Жалпы шығармада орфографиялық жазу емлелерінің әр түрлігі, сөздің қолданысындағы мағыналық ауытқулар жиі кездеседі. Туындының «Задонщина» шығармасына өте жақын тіпті екеуі бір дүние деген пікір де туған, алайда соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстары шығарманың бір еместігіне дәлел болып жүр. Бұл шығармадағы архаикалық элементтер мен тарихи жағдай ды баяндау стилі.
Шығарма төңірегіндегі дау О.Сүлейменовтың «Азия» кітабының жарық көргенінен кейін де жандана түскен еді. Бұндағы негізгі мәселе автор турасында болатын. Еңбекте көрсетілгендей аталмыш шығармада түркі сөздерінің жиі қолданылуына байланысты автор түркі тайпаларынан шыққан жазушы болуы мүмкін деген жорамал еді. Шын мәнінде 11-12 ғасырларда жазылған бір қатар шығармаларда түркі сөздері жиі ұшырасады. Бұл орыс елімен көршілес орналасқан түркі тайпаларымен тығыз байланысының әсері болса керек.
Повесть бірнеше бөліктерден тұрады. Сюжеттік баяндаумен қоса хронографиялық мәліметтер де бар. Шығарма сюжеті 1185 жылғы тарихи жағдайды қамтиды. Орыс княздарының половецтерге қарсы соғысқа аттануы сөз болады. Новгород князі Игорь Святославоич және оның ағасы Всеволод және жиені Святослав Олегович күш жиып жауды ел шетінен қууға бел байлайды. Алайда көшпенділердің әскері орыс дружинасын қоршауға алып Игорьді тұтқынға түсіреді. Бұл жөнінде қоршаудан қашып шыққан сарбаз елге айтып барады. Игорь Лавра атты жігіттің көмегімен тұтқыннан қашады. Еркіндікке шыққан тұтқын тау-тасты паналап, өзен-су кешіп еліне жетеді. Еліне келген соң халықты бірігуге үндеп княздардың басын қоспақшы болады. Әскер жиады.
Басты кейіпкер Игорь – қаһарман басшы, отанын шексіз сүйген ұлан. Шығарма суреттеу, әңгімелеу әдістері аса шебер пайдаланылған. Оның ішінде ішкі сезім иірімі, табиғат суреттемесі аса сезімталдықпен бейнеленген. Кейіптеу, балау, теңеу сынды көркемдеу тәсілдері ұтымды қолданылған. Шығарма ерекшелігі – сөз шешендігінде, мотиві жағынан батырлар жырына үндес келеді.
ҚОРТЫНДЫ
Ежелгі орыс әдебиетіндегі бастаулар, жанрлық қалыптасулар кейінгі ғасырларда қарқынды дамып өз жемісін берді. 10-13 ғасырдағы туындылар халықты оқыту, бірлігін арттыру, отанын сүю, дінге үйрету бағытында болса, 12-14 ғасырларда жазылған шығармалар орыс мемлекетінің ауыр тарихи жағдайларын сипаттқа алып, елдің ерен ұлдарын ардақтап жазылған шығармалар.
№2 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |