«Еңбекті үйлестірудің тиімді моделін құру» міндеті
Салалар, елді мекендер мен санаттар арасындағы еңбек ресурстары ағынын тиімді басқару қатарлас жұмыс істейтін арналарды үйлестіретін еңбек нарығының дамыған инфрақұрылымы есебінен қамтамасыз етіледі, ол арқылы мемлекет пен бизнес барлық өтініш білдірген азаматтарға қолдау шараларын көрсететін болады.
1.22 «Электрондық еңбек биржасын енгізу» бастамасы. Онлайн-портал базасында мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарындағы, жеке агенттіктердегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы, интернет-алаңшаларындағы барлық бос орындар мен жұмыс іздеушілер туралы деректерді шоғырландыру үшін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңша енгізілетін болады. Электрондық биржа қаржылық шығындарсыз және қамту географиясы ауқымды түйіндеме мен бос орындарды электрондық форматта іздестіру үшін кең мүмкіндік береді. Азаматтарға арналған ақпараттық пакет бос орындар сипаттамасын және мемлекеттік қолдаудың сүйемелдеуші қолжетімді шараларын, оның ішінде уақытша тұрғын үй алу шарттары мен мүмкіндіктері, көшіп-қонуға дайындық тәртібі, біліктілік алу мүмкіндіктері мен ұсыным жасалатын оқу орындары туралы ақпаратты қамтитын болады.
Онлайн-портал сервистері онлайн-режимде кәсіптік бағдарлау, азаматтарды талап етілетін кәсіптер мен оқыту курстары, сапа болжамдары және еңбек нарығы бойынша талдама туралы хабардар ету сияқты көрсетілетін қызметтердің кең спектрін қамтитын болады.
Сонымен қатар еңбек кітапшаларының электрондық форматы енгізіледі. Бұл азаматтардың ресми түрде жұмыспен қамтылуы туралы ақпарат алуға, қызметкердің бейінін онлайн-режимде жүргізу мен оның құзыреттілігін растауға мүмкіндік береді.
1.23 «Халықты жұмыспен қамту орталықтарын жаңғырту» бастамасы. Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына трансформация жүргізіледі. Жүгінген жұмыссыздар мен өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға, әрбір іздеуші үшін оның дағдыларын диагностикалауға және оны тұрақты және өнімді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атаулы шаралар кешенін тұжырымдауға негізделген кәсіби дамудың дербес стратегиясын әзірлей отырып, кәсіптік бағдарлау, талап етілетін кәсіптер бойынша оқыту, жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсетілетін болады.
Жұмыс берушілерге қатысты мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары өзара іс-қимылдың белсенді және электрондық форматын енгізеді. Бос жұмыс орындарын, оның ішінде цифрлық арналар есебінен, тіркеу рәсімдерін оңайлату жұмыс берушілердің базасын едәуір кеңейтеді, олар үшін халықты жұмыспен қамту орталықтары қазіргі заманғы HR-қызметтер ретінде жұмыс істейтін болады.
Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысында барлық рәсімдер барынша автоматтандырылады, ал жұмыс іздеушілермен де, сол сияқты жұмыс берушілермен де байланыстар «бір терезе», атаулылық пен нәтижелерге бағдарлану қағидаттарында жолға қойылатын болады. Бұл ретте еңбекті үйлестірудің көп арналы жүйесінің тиімділігін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметтеріне қол жеткізу нүктелерінің көптігі: халыққа қызмет көрсету орталықтары, egov «электрондық үкімет» порталы, ауылдық елді мекендер әкімдері мен бірыңғай электрондық еңбек биржасы есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Достарыңызбен бөлісу: |