2.9 «Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту» бастамасы. Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру бойынша жағдайлар жасау үшін сенімді, қолжетімді және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасатын болады. Ауылдардың цифрлық теңсіздігін төмендету мақсатында қосымша неғұрлым перспективалы 1 249 ауылдық елді мекен үшін жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Халықтың 95%-ы цифрлық эфирлік хабар таратылымымен қамтамасыз етілетін болады.
2.10 «Ең жаңа технологияларды дамыту үшін заңнамалық жағдайларды қамтамасыз ету» бастамасы. Неғұрлым қолайлы технологияларды пайдалануды стандарттау және зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету сияқты болашақтың технологияларын дамытуды және экономиканы цифрландыруды ынталандыруға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданатын болады.
2.11 «Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасау» бастамасы. Интернеттің қазақстандық сегментіндегі ақпараттық және киберқауіпсіздікті бұзуға байланысты инциденттерге ден қою үшін үйлестіру күшейтіледі. Мемлекеттік органдарда және жеке компаниялармен әріптестік шеңберінде (мысалы, бейіндік қауымдастықтар арқылы) қажетті құрылымдар құрылатын немесе күшейтілетін болады. Қазақстан ақпарат беру және сақтау стандарттарын айқындау бойынша киберқауіпсіздік мәселелеріндегі халықаралық процестерге қатысушыға айналады.
Зиянды кодты, ақпараттық қауіпсіздік құралдарын зерттеу зертханасы, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сынақ зертханасы жарақтандырылатын болады.
Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша хабардар болуы арттырылады, сондай-ақ мектептерде АКТ-ні қауіпсіз пайдалану негіздеріне оқыту енгізілетін болады.
«Өнімділігі жоғары технологиялық компанияларды тарту» міндеті Өнімділігі жоғары технологиялық компаниялар болашақ экономиканың негізіне айналуы тиіс. Бұл үшін өзіндік инновациялық кәсіпорындардың пайда болуына және дамуына, сондай-ақ жоғары технологиялық шетелдік компанияларды орнықтыру үшін жағдайлар жасау қажет.