1-саясат. Ынталандырушы макроэкономикалық саясат Саясаттың мәні: макроэкономикалық саясат тұрақты экономикалық өсуді, жұмыспен қамтуды, баға деңгейінің тұрақтылығы мен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тиімді ақша-кредит саясаты мен ынталандырушы салық саясатын жүргізу, инфляция деңгейін кезең кезеңімен төмендету, бюджет шығыстарын ұтымды ету және фискалдық орталықтан алу макроэкономикалық саясаттың негізгі қағидаттарына айналады.
Жалпы жинақтардың ЖІӨ-нің кемінде 25-30% деңгейіне дейін өсуі үдемелі өсудің шартына айналады, бұл өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейту, бизнестің көлеңкеден шығуы және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы халықтың, мемлекет пен бизнестің нақты кірістерін арттыру есебінен салыстырылатын елдердің деңгейіне сәйкес келеді.
1-міндет. Макроэкономикалық және құрылымдық саясатты үйлестіру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі тұрақты экономикалық өсу, жұмыспен қамту мен баға деңгейінің тұрақтылығы бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды үйлестіруді қамтамасыз ететін болады.
2-міндет. Ақша-кредит саясатын күшейту Ел экономикасының теңгерімді өсуін қолдау және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейін біртіндеп 4%-дан аспайтын деңгейге жеткізу және кейін сол деңгейде ұстап тұру ақша-кредит саясатының негізгі міндетіне айналады. Инфляцияның нысаналы деңгейіне қол жеткізу үшін теңгенің құбылмалы айырбас бағамы режимі кезінде пайыздық саясатқа баса назар аудара отырып, ақша-кредит саясатының құралдар жүйесі қолданылатын болады.
Ұлттық Банктің нарықтық мөлшерлемелерді базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінде ұстап тұруға бағытталған пайыздық саясаты инфляциялық күтілімдер мен айырбас бағамына қатысты күтілімдерді неғұрлым тиімді реттеуге мүмкіндік береді, осылайша ақша нарығындағы құбылмалылықты шектеуге және ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға, шетел валютасындағы активтерге сұранысты және долларландыру деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Қаржылық тұрақтылықты сақтап тұру пруденциалдық реттеу, қадағалау және инспекциялау әдістерімен қамтамасыз етіледі. Тұрақтылығын арттыру мақсатында банк капиталының есептілігі мен сапасының дұрыстығы бойынша талаптарды арттыру осы қызметтің маңызды бағыты болады. Капиталдың тұрақтылығы мен сапасын арттыру банктердің кредиттік белсенділігінің артуына әкеледі.
Ұлттық Банктің халық пен бизнес үшін тұрақты және уақтылы хабардар ету мен түсіндірмелер беру жөніндегі ақпараттық-коммуникациялық қызметі күшейтілетін болады.