2-міндет. Жалпы мемлекеттің және қазақстандық өндірушілердің экономикалық мүдделерін ДСҰ шеңберінде ілгерілету, оларға өкілдік ету және қорғау. ДСҰ шеңберінде өтпелі кезеңнің аяқталу және кең ауқымды бәсекелестікке дайындалу тұрғысынан ішкі экспорттық рәсімдерді жетілдіру, қазақстандық экспорттаушылар үшін кедергілерді жою және оларды қолдау мүмкіндіктерін барынша пайдалану бойынша жұмыс жандандырылады.
ДСҰ-ның мүшесі бола отырып, ДСҰ ережелерінің ашықтығы, айқындығы мен тұрақтылығының арқасында Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің әлемдік нарыққа қол жеткізу шарттарын жақсартты, сауда дауларын реттеу және кемсітушілік шараларының алдын алу бойынша тиісті құралдарға қол жеткізді. ДСҰ-ға мүше елдердің экономикасына қатысудың неғұрлым кең мүмкіндіктеріне қазақстандық инвесторлар да ие болды.
Қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылардың ДСҰ шеңберінде демпингке қарсы тергеп-тексерулерді жүргізу қағидалары мен рәсімдері туралы хабардарлығын арттыру маңызды міндет болып табылады.
Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу процесінде қабылдаған міндеттемелерді орындауы қолданыстағы және әзірленетін ұлттық заңнаманы Ұйымның қағидаларына үндестіру арқылы қамтамасыз етіледі, тұрақты негізде оның органдарымен тиісті ақпарат алмасу жүзеге асырылатын болады.
Қазақстанның экономикасы үшін әлеуетті мүдделілік бар бағыттар бойынша ДСҰ-ға мүшелердің міндеттемелерін орындауын бақылауға қатысу практикасы кеңейтілетін болады.
ДСҰ қағидаларында рұқсат етілген шаралармен өсуін ынталандыру, өндіріс пен экспортты әртараптандыру жөніндегі ұсыныстар тұрақты негізде әзірленетін болады.
ДСҰ кіруден барлық артықшылықтар мен пайдаларды алу үшін елдің экономикалық даму векторын экспорттық-шикізат экспансиясы стратегиясынан жоғары қосылған құны және терең өңдеуі бар шикізаттық емес экспорт стратегиясына ауыстыру бойынша шаралар кешені іске асырылатын болады.