71-бап. Жұмыс уақыты режимі 1. Жұмыскерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес
күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі
ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің
актісінде айқындалады.
2. Өндірістердің сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын
енгізу орынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы
белгіленеді.
3. Жұмыс беруші еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарына немесе жұмыс берушінің
актісіне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.
4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген
жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.
5. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс
ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі
қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып
айқындалады.
6. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық жұмыскерлері,
бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыскерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан
Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек
шарттарына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі
мүмкін.