117-бап. Кәсіптік стандарттар және біліктілік жүйесі 1. Ұлттық біліктілік шеңбері әрбір біліктілік деңгейі үшін кәсіби қызметтің жалпы
сипаттамаларын жазудан тұрады.
Салалық біліктілік шеңбері орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және
пайдаланылатын білімінің, машығы мен құзыретінің сипатына қарай деңгейлер бойынша салада
маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды сыныптайды.
Кәсіптік стандарт – кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және
құзыретке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын
стандарт.
2. Кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, енгізуді, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс
берушілер бірлестігі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекітетін салалық біліктілік
шеңберлері негізінде жүргізеді.
2-1. Мемлекеттік заңды тұлғалар көрсететін қызметтерге кәсіптік стандарттарды
әзірлеуді, бекітуді, ауыстыруды және қайта қарауды тиісті қызмет саласының мемлекеттік
органдары еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады.
3. Ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеуді және қайта қарауды еңбек жөніндегі
уәкілетті мемлекеттік орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жүргізеді
және әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі
республикалық комиссия бекітеді.
4. Салалық біліктілік шеңберін әзірлеуді және қайта қарауды тиісті қызмет
салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары мен жұмыс берушілер бірлестіктері жүргізеді
және әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі
салалық комиссиялар бекітеді.
Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016
№ 483-V
Заңымен (алғашқы
ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).