Қазақстан тарихы. 9-10 сынып оқу материалдары


Тақырып. Қ.И.Сәтбаев феномені неде?



бет39/82
Дата22.12.2021
өлшемі3,59 Mb.
#926
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   82
Тақырып. Қ.И.Сәтбаев феномені неде?

Қазақстанның экономикалық даму перспективаларының болашағы оның жер қойнауындағы орасан зор табиғи байлықтарымен байланысты екендігі жасырын емес десек, өткен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында геологиялық тұрғыдан Қазақстан аумағы "ақтаңдақ” болып есептелді және Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің шын мәнінде барлығы дерлік бар екендігін дәлелдеу үшін Сәтбаевтың және оның мектебінде тәрбиеленген қазақстандық геолог-ғалымдар мен өндірісшілердің көп жылғы жанқиярлық еңбегі қажет болды.

Бүгінде шетелдік инвесторлар өздерінің қаржыларын осы жер асты байлығымызға және біздің салыстырмалы түрде осы байлықтың дамыған өндіруші және өңдеуші өнеркәсібіне салуда. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ Қаныш Имантайұлы: "Біздің табиғи байлықтарымызды ақылға қонымды пайдалану ғана халықтың материалдық әл-ауқатын және мәдени деңгейін, оның экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайды”, деп айтқан болатын. 1926 жылдан бастап Жезқазғанда ресейлік академиктер Усов пен Обручевтің шәкірті болған жас тау-кен инженері Қаныш Сәтбаевқа зерттеушілердің шағын отрядымен рудалардың барланған қорын төрт жүз елу есе арттыруға мүмкіндік туып, әлемдегі ірі мыс кен ішінің атағын әйгіледі. Ал 1934 жылы күзде ең алдымен Мәскеуде Жезқазған проблемалары бойынша КСРО Ғылым академиясының сессиясын өткізуге (сол кезде Қазақстанда ғылым әлі өркендей қоймаған кез), содан кейін сессия қорытындыларына сүйене отырып, КСРО ауыр өнеркәсібінің халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған мыс қорыту комбинатының, Жезқазған кеншілер қаласының және оған баратын темір жолдың құрылысы туралы мемлекеттік шешім шығартуға қол жеткізеді. 
Сол отызыншы жылдар ішінде Орталық Қазақстанның шикізат базасын кешенді зерттеу негізінде тау-кен инженері Қ.Сәтбаев байтақ өңірдегі темір құрамдас рудаларға, мұнай мен газға, тас көмірге жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстары болашағының зор екенін дәлелдей отырып, орталық және республикалық баспасөзге тұрақты түрде мақалаларын жариялап тұрды. Ол өзінің бірқатар жарияланымдарын Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін көтерудегі қара металлургияның маңызды рөлін алға тарта отырып, Қарағандыға жақын жерден металлургиялық комбинат құрылысын салу керектігін айтты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қ.Сәтбаевтың жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде-ақ ашқан Жезді кен орнының марганец рудасы танк жасау ісінде бронь прокатын шығаруды арттыруда және елдің әскери қуатын нығайтуда орасан зор маңызға ие болғаны белгілі.

Қазақстанның мемлекеттік геологиялық қызметінің негізін салушылардың бірі, академик Қаныш Сәтбаевтың ұстанымы мен көзқарасы КСРО-да бірінші болып республикалық Геология министрлігін ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. Оның ұсынуымен алдымен А.Богатырев, кейін Ш.Есенов министр болды. Сөйтіп, бұрын бөлшектеліп келген көптеген ведомстволардың геологиялық қызметтерін бір колға біріктіру Қазақстанда геологиялық-барлау жұмыстарының тиімділігін шұғыл көтеруге мүмкіндік берді. Міне, осы кезең еншісіне Маңғыстауда ірі мұнай кенінің, Орталық және Шығыс Қазақстанда алтын және сирек кездесетін металдар кен орындарының ашылуы жатады. 
1941 жылы маусымда Қаныш Имантайұлы жаңадан ашылған Геология институтын басқаруға Алматыға шақырылған болса, содан кейін КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына басшылық етті. Соғыс жылдары Қазақстанға көптеген көрнекті кеңес ғалымдары эвакуацияланды, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға, Қазақстан экономикасын көтеруге, оның ғылыми техникалық әлеуетін кеңейтуге әрі жаңартуға, отандық зерттеушілердің жас кадрларын тәрбиелеуге Қ.Сәтбаев мол еңбек сіңірді. Міне, сол соғыс жылдары Қазақстан ғылымының дамуында сапалық серпіліс болды (ғылыми-зерттеу институттарының саны соғыс басталған кезден оның аяқталғанына дейінгі аралықта 1-ден 15-ке жеткенін айтсақ та жеткілікті), бұл 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясын ашуға мүмкіндік берді, оның тұңғыш президенті болып осы лауазымға нағыз лайықты тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. 
Алғаш құрылған жылдарынан бастап Ғылым академиясы қызметінің басты мазмұны Қазақстанның өндірістік күштері мен мәдениетін дамытуға бағытталған кешенді зерттеулер болды. Жаңа институттар, атап айтқанда, ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, экономика, әдебиет және өнер, философия және құқық және т.б. институттары ашылды, ал Гурьевте мұнай химиясы және табиғи тұздар, Қарағандыда химия-металлургиялық, Өскеменде Алтай тау кен металлургиялық, Балқашта ихтиология және балық шаруашылығы институттары өмірге жолдама алды.

Қаныш Имантайұлының бастамасы бойынша Қазақстанның ірі өнеркәсіптік өңірлерінде – Қарағандыда, Жезқазғанда, Гурьевте, Өскеменде, Қостанайда, Шымкентте академияның көшпелі сессияларын өткізу дәстүрі қалыптасты. Бұл сессиялардың материалдары облыстардың және тұтастай алғанда республика экономикасын дамытудың ауқымын, сатылары мен бағыттарын үйлестіру үшін нақты негізге айналды. Қ.Сәтбаевтың Геология ғылыми-зерттеу институтын үзіліссіз басқарған көп жылғы жұмысының жемісі әлемдік геологиялық тәжірибеде баламасы жоқ Орталық Қазақстанның кешенді болжамдық металлогендік карталарын жасау мен әдістемесін әзірлеу болып табылады.

Бұл геологиялық теорияға қосылған баға жетпес үлес, өңірдің өзіндік ерекшелігі бар энциклопедиясы және геолог-өндірісшілер үшін бағдар сілтеуші десек, әбден орынды болмақ. Осы еңбек үшін Қ.Сәтбаев басқарған зерттеушілердің авторлық ұжымы кеңес ғалымдары үшін ең жоғары награда болып есептелетін Лениндік сыйлыққа ие болды. 
1956 жылдың өзінде-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев Қазақстан аумағын техникалық-экономикалық бағыттарының белгілеріне қарай он бір өңірлік кешендерге бөлді. Осы бөлуге сәйкес салалық институттар алдына өңірлерді кешенді зерттеу міндеттері қойылды.

Қаныш Имантайұлы жалпы міндеттер мен жоспарлар ішінен ең бастысын, ең маңыздысын бөліп қарады: энергетикада бұл Ертіс ресурстарын, Жайық-Ембі ауданы мен Маңғыстау түбегіндегі мұнай қорларын игеру, Қарағанды бассейні мен Екібастұзда көмір өндіруді одан әрі арттыру, Торғай ойпатындағы мұнайға барлау жасау. Өнеркәсіпте – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының және Теміртаудағы металлургиялық алыптың құрылысы, Қаратау фосфорит қоры негізінде минералды тыңайтқыштар өндірісі... Бүгінде бұл міндеттер іс жүзінде шешілген және олардың кезінде шешімін табуының нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасы сенімді түрде өсу мен ілгері қарай даму үшін айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетті, берік іргетасты иеленеді.
Академик Қ.Сәтбаевты XX ғасыр басында ұлы Абайдың ізгілікті және демократиялық идеялары мен өсиеттері ықпалымен қалыптасқан жоғары білімді қазақ философтарының, саясаткерлерінің, ғалымдары мен педагогтарының ғажайып шоғырының нағыз патриоттық және ағартушылық бастамалары мен атқарған істерінің тікелей ізбасары және істерін жалғастырушы деп батыл айтуға болады.

Аса қатыгез әрі аяушылықты білмеген большевиктік террор жылдарында өзінің аға буын әріптестері мен достары саяси қуғын-сүргін құрбанына айналғанда, оның туған ағасы Бөкеш Имантайұлы Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Зейінұлы мен Әбдікәрім Жәминұлы Сәтбаевтар репрессияға ұшырағаңда және сталиндік түрмелерде қаза тапқанда жас тау-кен инженері Қ.Сәтбаевтың ондай зұлматтан аман қалуы бақытты жағдай еді. Бірақ та 50-ші жылдардың бас кезінде партияны басқарғандардың Қазақстанда жүргізген "буржуазиялық ұлтшылдар мен тексіз космополиттерге қарсы күрес науқанында” Қаныш Имантайұлы да қуғын-сүргіннен тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлы ғалымның 90 жылдық мерейтойында былай деп атап көрсеткен болатын: "Көптеген талантты, өзгеден ерекшеленіп тұратын адамдар тәрізді, Сәтбаевқа да өмірде оңай бола қойған жоқ: ғалымның білімдарлығы мен батылдығын айтпағанның өзінде, оған бірнеше рет өзіне азаматтық өрлікті жоғары қоюына тура келді. Сонымен қатар, ол біздің арамыздан мәңгілікке кеткеннен кейін де қазақстандық ғылымның сәтбаевтық кезеңін үнсіздік аймағына айналдырғысы келген жөнсіз әрекеттер жасалды. Бұл алып адамды өздерінің әлсіз ғылыми тұлғаларымен иілткісі келген бейшаралардың текке әуреленуі еді”. 
Тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктерін бағындырмай, экономикалық және мәдени гүлденуге жетуі екіталай. Ал мұның өзі жас қазақстандықтардың өз ғылымының тарихына және оның даңқты есімдеріне, инженерлік-техникалық шығармашылығын бүкіләлем мойындаған ұлы ғалымның және ғылымды ұйымдастырушының тұлғасына үлкен қызығушылық туғызып, бағыт-бағдар беретіні сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет