БайғҰтова ақлима мархабатқызы "Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты


Қазақ дүниетанымындағы "әйел" концептісінің көрінісі



бет2/3
Дата11.01.2017
өлшемі0,66 Mb.
#7137
түріДиссертация
1   2   3

2.2 Қазақ дүниетанымындағы "әйел" концептісінің көрінісі. Жалпы христиан дінінде әйел туралы "зұлым", "күнәһар", "өтірікші", "кекшіл" т.б.деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский: "Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады" деген [9, 27]. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе әйел анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған "Жұмақ ананың табанының астында", "Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла", "Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ", "Балаларды махаббат пен сүйіспеншілікпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау - Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі" т.с.с. ислам қағидалары дәлел.

Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі - отбасы. Ал отбасындағы әйел жағдайы - отбасы мен неке тарихындағы келелі мәселелердің бірі. Көптеген тарихи және тілдік деректер қазақ әйелінің отбасылық мәселелерді шешуге белсенді қатысқанын, ерлеріне шаруашылыққа қатысты істерде көп көмектескенін дәлелдейді. Ал күйеуі жоқ кезде оның орнын жоқтатпай, барлық тіршілікке қатысты мәселелерді өзі шешіп, тіпті қазақы салт-дәстүрге сай қонақ күтіп, оны жөн-жоралғысымен шығарып салуға, күйеуін жаманатқа қалдырмауға міндетті болған. Сондықтан Айғаным, Бопай, Ұлпан, Зере сияқты әйелдерді халқымыз жоғары бағалаған. Мысалы: Шоқан ел кезген, жер кезген сапарында батыс түгіл, шығыс әйелдерінің ішінен мұндай мінезді, жомарт та өжет әйелдерді көп көрді. Басқаны былай қойғанда, өзі жақсы білетін Айғаным әжеci ше... Бүкіл аймақты билеп­төстеген әкесі Шыңғыс емес, әжесі Айғаным болатын. Ел адасқанда ақылды Шыңғыстан емес, Айғанымнан сұрайтын. Көзін жұмғанша Айғаным әжесі осындай боп өтті (С. Бақбергенов. Ақ боз атты ару). Осылайша, ақыл-парасаты сай қазақ әйелдері тек өз отбасында емес, бүкіл ауыл-аймақта зор беделге ие болып, олардың жақсы атағы алысқа тарап отырған.



Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, әсіресе олардың сырты мен іші үйлескен сұлулығы, мінез байлығы, ақыл-парасаты жөнінде әңгімелегенде, ең алдымен батырлар жырындағы әйел кейіпкерлердің көз алдыңызға келері сөзсіз. Құртқа - қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек - сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет - қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян - сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.

Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Мына тектес деректер соның тілдік дәйегі болып табылады: Мен көкпарға тастаған лақ емеспін. Мен Роксанамын. Байтақ патшаның еркін өскен қызымын. Александр мені өзінің теңі деп білді. Мен оны да бағаладым. Ұлы Александрмен теңмін деп шалықтамаспын. Бірақ падишаға Ұлы Даланың еркін өскен қызына шақ теңдігімді кемітпеспін. Соңымда бейбіт өмірге жеткен елім қалып барады деп өзімді жұбатармын, жаратқан ием осылай жат жұрттық етіп дүниеге әкелді екен - ендігі тілеуім Александрдың амандығы болады (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана). Қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттер ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Роксана, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық. Қазақ: "Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын, - дейді. "Жақсы әйел" және "жаман әйел" концептісінің көрінісін ақын­жыраулар шығармашылығынан да, шешендік сөздер үлгісінен де көруге болады: Жақсы қатын алсаңыз, Жақсылығын білдірер, Ерін жөнге көндірер, Анық осы, бозбала, Жұмақтан шыққан хормен тең, Алғаның жаман жолықса, Жамандығын білдірер, Ер қадірін кетірер, Оның өзі, бозбала, Маңдайға біткен сормен тең (Шал ақын); "Әйелдің жақсысы қандай, жаманы қандай болады? - дейді Ыбырай, шешенге: - Әй! - дегенде: - Ә; - десе, - Манағы қайда? - дегенде:- Мә, десе - жақсы әйел сол. - Әй! - дегенде: - Оқ, десе, - Манағы қайда? - дегенде: - Жоқ десе, дау да іздеме, жау да іздеме, бәрі де өз үйіңде, - депті Тұяқ шешен". Аталған тілдік деректер "жақсы ер бала­шағаның қамын ойлап, табыс табумен айналысуы керек те, оны жарататын, іске асыратын, қонақты дұрыс күтіп, ерінің жақсы атын шығаратын, үй шаруашылығындағы мәселелерді өзі шешіп, күйеуінің ақылына ақыл қосып, дұрыс шешім қабылдауға итермелейтін - жақсы әйел" деген қазақтарда қалыптасқан көзқарасты дәлелдей түседі. 2.2.1 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты салт-дәстүрлердің этномәдени сипаты. Белгілі бір ұлттың дүниеге көзқарасын, өмір сүру ерекшелігін, талғам-танымын, ұлағат-өнегесін оның рухани мәдениет үлгілерінен - салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпынан көруге болады: Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол Қаза көрген жүрегі жаралы - ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр - қызыққа жұрт ыржаңшыл, Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз салар қызық бола ма гүл?( Абай, 1-к., 75-б.). Абайдың жоғарыдағы өлең жолдарында қазақ халқының дүниеге шыр етіп нәресте болып келгенннен қайтыс болғанға дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлерінің барлығы, рухани мәдениет негіздерінің бәрі өлеңмен, сөз құдіретімен байланысты екендігі жөнінде айтылған. Қыз таныстыру, қыз ұзату, қынаменде, жар-жар, беташар - қыз-дәуреннен әйел-ғұмырға аяқ басар тұстағы халықтық дәстүрлер. Жұмыста аталған дәстүрлердің этномәдени мәні көркем шығармадағы мәтіндер мазмұны арқылы ашылған.

Бұлардан басқа "құрсақ шашу", "өңір салу", "абысын асы", "бастаңғы, "шарғы салу", "тулақ шашу", "итаяғына салу", "қазанжарыс, шөміш қағу" сияқты әйелге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрлері тілімізде көп кездеседі. 2.2.2 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер мен паремиологиялық қордың этномәдени сипаты. Аталған тараушада біз "қазақ әйелі" концептісінің аясына жататын кейбір тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің этномәдени мәнін ашуға тырыстық. Мысалы, "Жолымды кеспе" тұрақты тіркесі қазақ халқының әйелге қатысты ырым­тыйымдарының бірі негізінде пайда болған "бағымды байлап, жолымды тоспа" деген мағынада қолданылады. Қазірге дейін, әсіресе ауылды жердің әйелдері ер адамның жолын кеспеуге тырысады: Жәнібек елең етіп қарап еді, бір келіншек пен жастау қыз бастаудан су әкеле жатыр екен. Солар өтіп кетсін деп сәл аялдады. Бірақ аналар орнынан қозғалар емес, тосып тұр. Бұл ештемеге түсінбей аңырып беттеріне қараған.



- Өтіп кет, қайным, - деді келіншек күлімдеп, - Жолыңды кеспейік деп тұрмыз. Білмеуші ме ең... Әйелге жолыңды кестірме (Қ.Жұмаділов. Бақыт жолында).

Ал "Қабырғаммен кеңесейін" тұрақты тіркесінің "әйеліммен, үй ішіммен ақылдасайын" деген мағынасы "әйел ердің (Адамның) қабырғасынан жаралған" деген христиандардың қасиетті кітабы Таураттағы ұғыммен дәйектеледі. Белгілі анатом Л.Этингеннің көрсетуінше, қабырғадан жаратылу дерегі Библияға дейін, яғни Адам пайда болғанға дейін орын алған. Ежелгі шумерлер (Оңтүстік Қосөзен елі) су құдайы - Энкиге табынған. Бір жолы оның қабырғасы қатты ауырады. Шумер тілінде қабырғаны "ти" дейтін көрінеді, сондай-ақ "ти" - "тірідей туу", "өмір беру" дегенді де білдіреді. Осы кезде Энкиді емдеген Нинти әйел-құдайы пайда болған. Оны "өмір беретін ханым" деп атаған. Осыдан келіп, ежелгі аңыздар Библия баяндауларына да әсер еткен деп жорамалдауға болады. Инквизиторлар Я.Ширенгер мен Г.Инститористің айтуынша, Хауаның жаратылуына қисық қабырға пайдаланылған, сондықтан әйел түрлі кемшіліктерге толы. Толық жетілмегендіктен, ол үнемі алдауға бейім тұрады. Сондықтан, "қабырға" - Хауаның Адамнан пайда болғанын дәйектейтін символ [6, 67].

Қазақ халқының әйелге байланысты ұғым-түсініктері, қалыптасқан көзқарасы ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінде түйінделіп, елеп-екшеліп, сұрыпталудан өткен халық даналығының мәйегі - мақал-мәтелдерде сақталған. "Қазақ әйелі" концептісінің көрінісін мына мақал­мәтелдер аңғартады: "Ердің асылы күшінен білінеді, Қатынның асылы ісінен білінеді"; "Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы, Қатының жақсы болса, бұл дүниенің шырағы"; "Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас", "Жақсы қатын жүн қарыз алады, жаман қатын су қарыз алады", "Асыл әйел әрі еркек, әрі қатын", "Олақ қатын оймақшыл, Салақ қатын сауықшыл", "Төркіні жақын қатынның төсегі жиылмас", "Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар", "Ердің атын я аты шығарады, я қатыны шығарады", "Жақсы қатын алғанның тойы өз үйінде", "Еріншек әйел опа жағады, ерінбес әйел еңбек табады", "Жақсы әйел асын жасырмайды", "Қапияда қатын ақыл табады, "Әділсіз болса, би оңбас, Әйелсіз болса үй оңбас" т.б. Тіліміздегі "әйел" концептісіне қатысы бар мақал-мәтелдерде жақсы әйел мен жаман әйелге қатысты халық көзқарасымен бірге әйелдің қоғамдағы орнына байланысты қазақ қауымына тән стереотиптер де ұшырасады. Мысалы, "Денсаулық ғанибет, Сырқаулығы болмаса, Ер жолдасы - қатыны, Ақ жаулығы болмаса"; "Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа", "Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық", "Байтал шауып бәйге алмас", т.б.

2.3 Көркем мәтіндегі "қазақ әйелі" концептісі. Тілден халықтың рухани және материалдық мәдениетінің іздерін байқауға болады. Осымен байланысты қазақ тілінде әйел көркін ғаламның ұлттық тілдік бейнесіне сәйкес сипаттайтын, соған сай танытатын концептілер төмендегіше көрініс тапқан: "Көз" - тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізіген еліктің жанарындай, қос жұлдыздай қос жанары, т.б. Аталған концептіге мәтін деңгейінде мысал келтірейік: Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді (Д.Исабеков.Гауһартас). "Мойын" - аққу мойын, алма мойын, ерекше аппақ мойын, аппақ жұмыр мойын, ақ торғындай мойын, қаз мойын, т.б.

Сұлу әйел мойнына байланысты тұрақты тіркес, теңеулердің сирек ұшырасуы халқымыздың сұлулықты сырт көзден жасырып, қымтап ұстайтынынан болса керек. Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде "кербездік", "сұлулық" концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында "қаз" құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында оның баламасы "гусь" жағымсыз мәнге ие (гусиная походка, гусиная кожа ).



Көркем шығармада кездесетін мысалдардағы қазақ әйелінің сұлулығына қатысты тілдік тұлғаның (автордың) сөздік қолданысы да халқымыздың мәдениетіне, ұлттық болмысына сәйкес келетінін байқатады: Менің шашым, адыра қалғыр, айғырдың ту құйрығындай қалың, жуғанда болмаса құрғақ күйінде тарай алмаймын (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан); Қос уыс бұрым арқада Қос жылан болып жүреді ( М. Мақатаев. Соғады жүрек). Сонымен бірге "қазақ әйелі" концептісіне қатысты оның бет-жүзін суреттеуде авторлық қолданысқа сай төмендегідей мысалдардың да лингвомәдени мәні талданды: Салтанаттың жүзі бал-бұл жанып, таңғы құлқайыр гүліндей құлпырып кетіпті (Д.Исабеков. Гауһартас). "Құлқайыр" сөзіне "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде": "жапырағы шоқтанып орналасқан, гүлі ақ, алқызыл, қоңыр қызыл, сары түсті көпжылдық өсімдік" деген түсінік берілген. Кең далада өсіп, оның шүйгін шөбіне мал жайып, таза, саф ауасымен тыныстаған қазақ баласы құлқайырдың жусан, мыңбас, бетеге сияқты шөптермен бірге қой үшін жұғымды, жағымды болып табылатынын біледі. Сондай-ақ өзі күнде көріп жүрген сансыз шөп пен гүлдің ішінен оны басып танып, ажырата алады. Аталған өсімдіктің гүл ашқан таңғы сәтіндегі сан бояумен құлпырып-құбылған түрін көз алдына келтіру қиындық туғызбайды. Байқап отырғанымыздай, қазақ әйелінің "сұлулық" концептісін құрайтын сөздер, тұрақты сөз тіркестері, теңеулерге тірек сөз ретінде халқымыз үшін етене таныс, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, кәсібіне, таным-талғамы мен пайым-парасатына қатысты, тілді тұтынушылар үшін түсінікті, ортақ мағыналар алынған. Ғасырлар бойы негізгі тіршілігінің өзегі мал шаруашылығы боп танылған ата-бабаларымыз төрт түлік малды ерекше қастерлеп алғашқы орынға қойған. Аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнердің қасиетін төл мәдениетіміздің бір белгісі санап, табиғатпен астас өмір сүрген көшпенді ата-бабаларымыз сұлулық пен әсемдікке тән белгі-сипаттарды табиғаттың төл перзенттері ретіндегі оның таңғажайып туындыларын (өсімдіктер мен жануарлар әлемі, т.б.) ерекше сезімталдықпен көре білгенін де "қазақ әйелі" концептілік жүйесін құрайтын тілдік деректер айқындайды. Өзге тіл, мәдениет өкілдері үшін күлкілі, миға сыймайтын, бастапқыда қисынсыз көрінетін "бота көз, тана көз, көген көз, қой көз, құралай көз", "аққудың көгілдіріндей", "ақмаралдай керілген", "жауқазындай", "қызғалдақтай" т.б. тіркестері қазақ үшін етене жақын, аса ыстық, үйреншікті ассоциация тудырып, әрі сұлулық, әдемі-әсемдікті сипаттаудағы дәл, анық және баршаға түсінікті бейнелер болып табылады. 2.3.1 Абай өлеңдеріндегі "қазақ әйелі" концептісінің көрінісі. Абай өлеңдерінде де "әйел" концептісін білдіретін бірліктердің ұлттық дүниетанымға сай берілгені аңғарылады. Ана тілімізде "әйел" сөзінің сөздікте көрсетілген екінші мағынасына сәйкес келетін жар, нақсүйер, сүйіктісі, алғаны, қосағы деген сөздердің қолданылатыны белгілі. Сонымен қатар өткен ғасыр басындағы алғашқы қазақ романдарында "жамағат" сөзінің "әйел,зайып" мағынасында жұмсалғанын М.Дулатовтың "Бақытсыз Жамал" романынан кездестірдік: Бірақ мал жағынан көңілі қош болса да, Сәрсенбайдың жамағаты Қалампыр ғұмырында бала көтермей, бұл екеуі балаға мұқтаж еді. Ал ақындық бастауында шығыстық дәстүрмен сусындаған Абайдың өлеңдерінде "жар" деген сөз жиі жұмсалғаны байқалады. Ақын тілін зерттеуші белгілі ғалым Р. Сыздықова ақынның өз өлеңдерінде "жар" сөзін 39 рет қолданғанын атап көрсетеді [10, 64]. Абай өлеңдерінде "жар" концептісі төмендегідей беріледі: Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да. Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да. Әйел болмысы, оның еркектен ерекшелігі, ең алдымен, әйелдің сұлулығынан көрінеді. Абайдың "сұлулық" концептісін сипаттауы төмендегі тіркестер арқылы көрінеді: кең маңдай, қолаң шаш, ақ тамақ, қызыл жүз, қара көз, имек қас, қараса жан тоймас, аузың бал, қызыл гүл, ақ тісің кір шалмас, иісің - гүл аңқыған, нұрың - күн шалқыған, үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, , қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды, ақша жүз, алқызыл бет, маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, қолаң қара шашы бар жібек талды, торғындай толқын ұрып көз таңдайды, т.б. Аталған тіркестерден қазақ халқының сұлулық туралы ұғымына сай мағыналар айқын аңғарылады. Олардың бірқатары халық санасында бұрыннан қалыптасқан етене жақын тұрақты тіркестер болса, енді бірқатары ақынның тілдік тұлғасының лингвокогнитивті деңгейіне сай жасалған сөз өрнектері. Сонымен қатар бұл тараушада Абайдың поэтикалық танымындағы "сымбаттылық", "қылықтылық", "мінезділік, тектілік" сияқты жағымды коннотациядағы концептілерден өзге "салақтық" концептісі сияқты әйелге тән жағымсыз мәндерге талдау жасалынды. Абай өлеңдерінде сондай-ақ халқымыздың өмір сүру үрдісінде берік қалыптасқан этномәдени стереотиптер де кездеседі. Ер адамға тән емес жағымсыз қасиеттердің бейнесі де Абай өлеңдерінде көрініс береді: Қатынша тілмен шаптықпай, Майданға шықса жарасар. Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең. Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп, Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең.

Абай поэтикасында "әйел" концептісіне қатысты тілдік деректердің арасында діни таным арқылы қалыптасқан этномәдени стереотиптерді аңғаруға болады. Бұлардың кейбірінің мәні прецедентті мәтін арқылы анықталуы мүмкін.

Ю. Караулов прецедентті мәтін деп аялық, танымдық білімнің тілдік тұлға дискурсында жаңғыруын айтады [11, 49]. Ал зерттеуші С.Жапақов "прецедентті мәтіндерге жұртшылыққа танымал аңыз-әңгімелерді, ал прецедентті феномендерге сондағы оқиғалар, кейіпкерлер, тарихи тұлғалар, эпикалық, ертегілік, фольклорлық кейіпкерлерді, т.б. жатқызады [12, 98]. Мысалы: Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбаған бейішке. Алласы оны жазғырып, Әкелді бастап кейіске... Әйелде ешбір опа жоқ, Бүгін - жалын, ертең - шоқ.. Аталған жолдардың мағынасын түсіну үшін Адам Ата мен Хауа ана туралы діни аңыздан хабардар болу керек. Діни аңыздан хабары жоқ, аялық білімінің шеңбері тар адам белгілі бір ұжым үшін, ұлт үшін маңызды лингвомәдени ақпаратты толық ұғынбайды. Мұндағы "білім аясы" ұғымын Ахманова О.С.: "тілді тұтынушының білімінде жиналған мәдени­тарихи деректер" деп анықтай келе, онсыз тілдік қарым-қатынастың болуы мүмкін еместігін алға тартады. [13, 49]. Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйенсек, аталған аңыз прецедентті мәтінге жатқызылса, ал Адам Ата мен Хауа Ана прецедентті феноменге мысал бола алады. 2.3.2 Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы "қазақ әйелі" концептісінің лингвомәдени сипаты. Көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің шығармаларында қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын, жоғарыда аталған коннотацияларға дәлел бола алатын айрықша лингвомәдени бірліктер жиі кездеседі. Біздіңше, оларды шартты түрде мынадай когнитивтік модельдер арқылы көрсетуге болады:

1. Қазақ әйелі сұлу: Уысың толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара көз, ақ маңдай... Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын... Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты дейміз, бәденді дейміз...(Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

2. Қазақ әйелі бауырмал: Айтолқынның бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.

- Сенбісің, ей, айналайын? - деді.

- Мен ғой...

- Айналайын-ай, қандай бауырмал едің? - деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

3. Қазақ әйелі ақылды, қарапайым: Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де "мына қатын былай деп еді" деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

4. Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан тұтады, халқына жанашыр:

- Көсем болып алған соң бұл әйел не істей алды?

- О, істемегені жоқ!.. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

5. Қазақ әйелі жаңаға үйір: Әуелі жолды, одан соң үш ат жеккен пәуескені Ұлпан көңіліне бір түйіп алды... Ұлпанның ойына "орыс үйі" деген тағы бір түйін байланды... Ұлпан монша деген тағы бір түйіншекті көңіліне түйіп алды...

6. Қазақ әйелі - салт-дәстүрді сақтаушы: Ұлпан үлкендерге бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла, ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті (Ғ. Мүсірепов. Ұлпан).

Сөз зергері Ғ. Мүсірепов халықтың рухани және материалдық мәдениетін, салт-дәстүрін, төл тарихын, дүниеге көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау етіп өреді. Жазушының әйел туралы туындылары біріктірілген "Қазақ әйелі" циклі оқырмандарға Нағима, Ақлима, Күләш, Майра, Ұлпан т.б.әйел-аналар бейнесі арқылы қазақ әйеліне тән дүниетанымды танытады. 2.4 Мифтік танымдағы "қазақ әйелі" концептісінің көрінісі. Мифтік танымның қыр-сырын зерттеуші


С. Қондыбай еңбегінде "қазақ әйелі" концептісі аясында қалыптасқан кейбір бейнелерді төмендегіше ұғындырады: "Көне көшпелілер мифіндегі белгілер суға қатысты әйел рухымен немесе Су құдайымен тығыз байланысты. Сондай-ақ албастыны салбыраған, артқа лақтыратын ұзын көкіректі етіп бейнелеу оның сумен байланысты табиғатын ғана емес, сонымен бірге жыландық сипатын да береді. Аталған көріністегі көкіректер бұл екі аналық безі емес, хтондық әйел құдайдың екі көкірегіне өсіп шыққан екі жылан. Сондықтан, албасты бейнесі су және жыланмен байланысты әйел құдай сияқты көне мифтік кейіпкермен, адам және табиғат өміріндегі қайталанатын кезеңдерге қатысты деп айтуға болады" [14, 169-170]. Ә. Кекілбаев шығармаларында албастының жас босанған әйелдерді өлтіру сияқты зұлымдық функциясы, зиян әрекеттері түсіндіріледі. Албасты болмысына қатысты бұлардан өзгешерек прецедентті мәтінді Е.Аманшаевтың шығармасынан жолықтырдық: - Дегенмен, әркім әрқалай айтады. Біреулер - ұрлап алған нәрестесін сүтке тойғызып, ақ қанатты періштеге айналдырып жібереді дейді... Періште қанаттарын қағып, мына көк теңізді асып аспанға, иә, иә, алыс аспа-ан-ға ұшып кетеді екен... Ал, енді біреулер - Албасты емізген нәрестесін аққуға айналдырып жібереді дейді... Жұрттың аққуды "киелі" санайтыны содан екен... Әлгі аққу қанаттанғанша бар ғой, оны әлпештеп, мәпелеп, ұшып үйрететін де - Албасты өзі көрінеді. Ал аққудың сұңқылдап мәңгі-бақи жұбын жазбай іздейтіні - анасын іздеген нәрестенің іңгәлағаны екен...

- Албасты-қыз әсіресе, тұманды күндері теңіз жағалап серуендегенді жақсы көреді екен...

- Күн түстес, ақсары, ұзын шашын екі иығынан асыра жайып жіберіп, сыздаған емшегін өзі сауып, ыңылдап ән айтады екен... Ертеректе, сонау бағзы заманда адамдар оған зорлық жасап, баласын тартып әкеткен көрінеді. Содан бері аласуан атын ойнақтатып, күллі әлемді кезіп нәрестесін іздейді екен, кейуана!... (Е.Аманшаев. Албасты туралы аңыз). Бұл аңызда айтылғанның негізі бар екенін С. Қондыбай келтірілген дәйектер де дәлелдей түседі [14, 59]. Бұл матриархат кезеңінің патриархат үстемдігімен алмасуынан да болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Қазақ ертегілерінде Су архетипіне байланысты мифтік танымдағы "әйел" концептісін танытатын мәтіндер жиі кездеседі. Ондай ертегілерде әйел немесе қыз суға шашын жуып жатқанда, бір тал шашы суға ағып, алтын түстес шаш талын байқаған хан оның иесін көргісі, иеленгісі келеді ("Көкжан батыр", "Арғымерген", "Құламерген" ертегілері). Шаш - байланыс, үйлесімділік, жоғарғы тылсым күштердің символы. Жоғарғы, орта және төменгі әлемді байланыстыратын күш символы. Ежелгі тайпалардың көпшілігінде біреудің шашын қырқу оны жазалау түрі болып есептелген. Тайлықтар адамның киелі жері оның шашы деп санаған. Бірқатар халықтарда оларды көрсетуге, оларды ұстауға тыйым салынған. Шашынан ұстау "дұшпаныңды жеңу" деген мағынаны білдірген.

Ежелгі грек­рим әлемінде шашты қырқу құлдықтың белгісі саналған. Ресейде жеңіл жүрісті қыздарды масқара етіп жазалау мақсатында шаштарын тықырлап алып тастайтын болған. Христиан дінінде шіркеуде қызмет етуге бел буған қыздардың шашын қырқу рәсімі болған. Тұлдаудың қазақтар үшін ерекше танымдық мәні бар. "Тұлдау" - ардан аттаған әйелдерге қолданған жаза: "Анадай жерде бетіне күл жағып, маңдай шашын кесіп, бұлқынтып ұстаған Торғынды ортаға алып шықты... Ұйпа­тұйпасы шыққан бейшара қызды қара атты гүжбан қараның алдына апарып тізе бүктірді. Бұрым қып өргізбей бос салдырған қолаң шашы алдына төгіліп бет ауызын көрсетпей тастапты" (Ә.Кекілбаев. Үркер).2.5 Концепт тіл мен таным сабақтастығына негізделген когнитивтік бағыттың негізгі бірлігі ретінде. Когнитивтік ғылымның басты мәселесі адамның білімін жүйелеу болып табылатындықтан, осы мәселені шешетін фактор ретінде ішкі құрылымдарды тереңінен басқаратын ойлау әрекеті негізгі қызмет атқарады. Когнитивтік лингвистикада бұл қызмет "фрейм", "семантикалық өріс", "концептуалдық схема", "когнитивтік модель" сияқты құрылымдар көмегімен жүзеге асатыны анықталған. Г.Гиздатов когнитивтік модельді бірнеше сатыларға жіктеп танытады: "Когнитивтік модель үш түрлі сатыдан тұрады: біріншісі - ойлау дәрежесі. Онда сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Екіншісі - алдын-ала ойлау дәрежесі. Мұнда логикалық ойлаудың бастапқы үлгілерін білдіретін сана әрекетінің дәрежесі көрініс табады. Үшіншісі - ойлаудың төменгі дәрежесі. Онда сезім арқылы бейне қалыптастыру әрекетінің дәрежесі көрініс табады" [15, 187]. Ғалымның айтуы бойынша, когнитивтік модель объективтендіруші рефлексиядан және субъективтендіруші рефлексиядан құралады. Демек, когнитивтік лингвистика мен дәстүрлі құрылымдық-семантикалық тіл білімі ғылыми ойлардың баламалы ағымы емес, олар - өзара тілдік ақиқатты танудың екі түрлі бағыты. Тіл көмегімен санада қалыптасқан концептуалдық құрылымдар индивидтің, белгілі бір әлеуметтік топ өкілінің маңызды тәжірибесіне сүйенген, өзіндік танымы арқылы құрылады.

Біздің тақырыбымызға қатысты, яғни күрделі концептілік құрылым ретінде ұғынылатын "қазақ әйелі" концептісін ғылыми негіздеп, сипаттайтын -когнитивтік лингвистика. Ал, когнитивтік лингвистиканың зерттеу объектісі бүкіл концептуалдық жүйені құруда айрықша мәнге ие болатын, әсіресе, концептуалдық кеңістікті ұйымдастырып, оны жіктеудің негізгі бастаушысы болып табыла алатын концепт болып есептелетіні белгілі. Сөз мағынасы когнитивтік қызметті толық анықтай алмайтыны, деңгейінің тар, ұғымнан алшақ екені, сонымен қатар, когнитивтік ұғымдарға барабар келмейтіні А.Вежбицкаяның концептіге берген мына анықтамасынан көрінеді: "концепт - бұл ақиқат әлемі туралы адамның мәдени-шартты түсінігін бейнелейтін "идеалды әлемнің объектісі" [16, 85]; Р.М.Фрумкина концептіні мәдени категориялардың әсерінен туған вербалды ұғым ретінде түсінеді [17, 25]. В.Н.Телияның пікірінше, концепт - бұл адамзаттың ақыл-ой жемісі және ондағы идеалды құбылыстар мен болмыстар. Ол тек тілге ғана емес, адам санасына тікелей қатысты" [18]. Демек, концепт адам санасында танылған, бейнеленген білімді айқындайды.



Қазақ тіл білімін зерттеушілер арасында да концепт мәселесін тереңінен зерттеп, анықтама ұсынған зерттеулер жүргізілуде. Дүниенің тілдік бейнесін ұлттық мәдениет контексінде қарастырған А.Исламның пікірінше: "Концепт дегеніміз - ұлттық дүниетанымның ықшам да, терең мағыналы дүниетаным құндылықтарын айқындайтын тілде көрініс тапқан күрделі бірлік" [19, 12]. Біздің ойымызша, қазақ тіл біліміндегі "шаңырақ", "тары", "от", "қамшы" т.б. концептілер ұлттық мәдени константалар ретінде А.Ислам, Н.Уәли, Б.Ақбердиева, М.Күштаева т.б. еңбектерінде лингвомәдениеттанымдық бағытта зерттеліп, дәлелденді. Көріп отырғанымыздай, когнитивтік тіл білімінің басты зерттеу мақсаты, қарастырылатын мәселелері, зерттеу әдістері белгілі болғанымен, оның негізгі ұғымдық бірлігі - концептіні анықтау, талдау тәсілдері бірізді жүйеге түскен жоқ. Біз "концептілік жүйе" деген ғалымдардың пікіріне сүйеніп, осы терминді пайдаландық. Себебі, біздің ойымызша, "қазақ әйелі" концептісіне қатысты - тілге дейінгі және тіл деңгейіндегі адамның танымдық тәжірибесін бейнелейтін оның білімі мен ой-пікірлерінің жүйесі. Ал, адам санасында дүние бейнесін тіл арқылы тұтастай бейнелеу мәселесі - когнитивтік тіл білімінің маңызды мәселесі. Осыған орай қарастырылған жоғарыда аталған зерттеулерде әрбір концептілерді бірыңғай топтастырғанда, осы концептілердің өзара байланысына тән, ерекше ұлттық дүниеге көзқарасы мен бағасы, бағалау көзі анықталады. Соның нәтижесінде әр этностың ерекше этноөзектік концептілері туындайды және тіл сонау бастан дүние бейнесінің белгілі деңгейдегі көрінісі болғандықтан, табиғи тілде дүниені "өзіндік қалпымен" бейнелеу мүмкін емес екені көрінеді. Сондықтан мәдениет категорияларын концептуалды ұғыну тілде ғана көрініс табады, тілде ғана жүзеге асады. Яғни ұлттық менталитет және рухани мәдениет ең алдымен бейнелі мазмұн арқылы тіл бірліктерінде көрінеді. Осымен байланысты қазақ мәдениетіндегі қазақ әйеліне қатысты ұлттық сананың кілтін ашатын жарқын бейнелі құралдар - тұрақты теңеулер, фразеологизмдер, метафоралар. Теңеудің семантикасы дүниенің ұлттық бейнесін танытады. Мысалы, қазақ халқында сұлу әйелге қатысты қарға аунаған түлкідей, балға ашытқан қымыздай, қысыр емген тайдай, ақ бөкеннің құралайындай, оттай ойнақшыған, сұқсырдай сыланған, үлбіреген қырдың қызғалдағына ұқсап, аршыған жұмыртқадай, қамыстай әдемі тұлғасы, ай мен күндей әлемге бірдей, ақ маралдай керілген, шомылып көлге шыққан қудай, аққудың көгілдіріндей т.б. теңеулер кездеседі. Демек, ұлттық мазмұнға, құрметке ие болған әлеуметтік таным жүйесі тілдің ұлттық жүйесінде таңбалық көрініс табады және дүниенің тілдік бейнесін құруға қатысады. Мұның нақты дәйегін жоғарыда "қазақ әйелі" концептісін нақты талдау барысында байқауға болады.

Когнитологтар белгілеген концептіні анықтаудың жолдары мынадай ретте жүргізіледі: концептілер бақыланған, қиялдан туған бейнелерді өзара ұқсастырып, ұқсас дүниелердің ортақ белгілерін бір ортаға жинақтайды. Мысалы, "Әйел" концептісінің когнитивтік моделі: 1. Әйел - ана. Жап-жас ана бөпесін әлдилейді өбектеп, Бір сағаттың ішінде үш оянып,Үш қалғып; Шеше деген - шалқыған көл емес пе, Көлді жерде айналар шөл елеске (М. Мақатаев); Бала, бала, бала деп, Түнде шошып оянған.Түн ұйқысын төрт бөліп,Түнде бесік таянған. Аялы қолда талпынтқан, Қаймақты сүттей қалқытқан. Суық болса, жөргектеп, Қорғасын оқтай балқытқан. Айналасына ас қойып, Айдынды көлдей шалқытқан. Қолын қатты тигізбей, Кірлі көйлек кигізбей, Иісін жұпар аңқытқан (Ы.Алтынсарин); 2. Әйел - адал жар: Төрт бұрышын төңіректің шарласам да, Сендей жар жанға жайлы қайдан табам? Сенсің - жар: жүрегімнің сырын ашқан (М.Мақатаев); 3. Әйел - ерлік: Ерліктің қос қанаты деп білем мен аяулы Әлиям мен Мәншүгімді (И.Сапарбай), т.б. Ал "қазақ әйелі" макроконцептісін төмендегідей микроконцептілерге бөліп қарастыруға болады: "Қыз" концептісі: Қылышы өткір ұлыстың қызы да өткір, Сүймейді сені алдымен жылатып алмай (Ж.Жақыпбаев); Құдықтай тұнық суы тартылмаған Торғын да торғын шаштары тобық көметін Тоты қыздарға деуші едік, шіркін, үйленсек; Қыздың беті - қызарып піскен алма, Күннің нұрын уылжып ішкен ол да; Қыз дегенің - өмірдің қызғалдағы, Қылықтылар аз ба екен қыздан­дағы?.. (И. Сапарбай); "Әже" концептісі: Әулие-әмбиеден аумай қалған; Оранған ақ әжелер кимешекке; Тұратын еді шақырып Әжемнің аппақ жаулығы; Әжем жүр туған жердің топырағын, Тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға... (М. Мақатаев) т.б. Сонмыен қатар жұмыста "келін", "жеңге", "абысын", "кемпір" т.б. концептілердің когнитивтік модельдері талданып көрсетілген. Бұл білімдер санада сақталып, субъектінің тәжірибесі ретінде оның концептуалдық жүйесінің құрылымдық элементтеріне айналады. 2.6 Ассоциацияның тілдік көрінісін психолингвистикалық әдіс ретінде қарау. Адамның белгілі бір ұғымды қалай қабылдайтынын, сол ұғымды танытуда санадағы ақпараттарын қалай қолданатынын ассоциацияның тілдік көрінісі психолингвистикалық әдіс ретінде анықтауға болады. Ал әрбір халықтың немесе ұлттың, әлеуметтік топтың не болмаса әрбір адамның өзіндік таныту ассоциациясы, стереотиптері болады. Ассоциация - жеке субъективті тәжірибеге негізделген белгілі объекті немесе құбылыс арасындағы байланыс. Бұл тәжірибеден субъектінің нәр алған мәдениеті мен өмірлік тәжірибесі байқалады. Осы ассоциация ұғымымен тығыз байланысты ассоциациялық өріс ұғымы да бар. Ассоциациялық өріс - тілдік бірліктердің жиынтығы, мазмұн ортақтығына қарай біріккен белгілеуші құбылыстардың ұғымдық, заттық және функционалдық ұқсастығы. Ол ассоциатив сөздердің, өзекті сөздердің төңірегінде бірігуі ретінде түсініледі. Демек, ассоциативті тәжірибе "стимул - реакция" жүйесі бойынша жүргізіледі. Ақиқат дүние адам санасында қалай қабылданса, сол күйінде жадыда сақталып, сол ұлтқа тән тіл арқылы көрініс табады. Кез келген дүниені қарап тани отырып, санаға сарт ете түскен түсінікті (ассоциацияны) немесе сол дүние туралы ұғымды тіл арқылы жеткізу үшін адам біліми, мәдени, рухани танымына сүйенеді. Ол тілдік қордағы тіркес арқылы, метафора арқылы немесе фразеологизмдер арқылы көрініс табады. Мысалы, қызға қатысты нәзік, мейірімді, шашы ұзын, үкілі тақия, қыпша бел, оймақ ауыз, т.б. түсініктер санада жинақталған қарапайым ассоциациялар болса, ал шығармашылық таланты бар, дүниені ерекше танып қабылдайтын ақын-жазушылар танымында ассоциативтік білім көздері бейнелі түрде көрініс табады: торғын да торғын шаштары тобық көметін тоты қыздар; қыздары есік, төрден несіп терген, сөйлетсе - Сара ақындай дес бермеген; т.б. (И. Сапарбай); Шыт көйлек... белін бір бүрген, Етегін желге ілдірген, Омырауында бүлдірген; сен бота едің көздерің мөлтілдеген (М. Мақатаев) т.б.

Демек, ассоциация - жалпы мағынасында, айнала қоршаған дүниенің үзігін таныту үшін қолданылатын, психикалық қабілеттер негізінде жүзеге асатын, білім алудың көзі. 2.6.1 "Қазақ әйелі" концептісі ассоциациялық өріс аясында. "Қазақ әйелі" концептісінің ассоциациялық өрісін "қазақ әйелі" концептісі аясында өткізілген ассоциативтік эксперимент нәтижелері дәлелдей түседі. "Қазақ әйелі" концептісін ашуда психолингвистикалық талдау жүргізу арқылы ассоциация тәсілінің тиімділігі айқындалды. Соған орай біз "қазақ әйелі" концептісінің аясына кіретін бірнеше стимул сөздерді 200 информантқа ұсындық. 17- 40 жас аралығындағы қазақ тілді азаматтардан алынған жауаптар негізінде түзілген "қазақ әйелі" концептісінің ассоциативтік өрісі төмендегіше: қазақ әйелі - инабатты, ізетті, сыпайы, көркем, сергек, байсалды, тәрбиелі, ұлттық дәстүрді сақтайтын, өмірдегі бар қиындыққа шыдайды, ибалы, үй шаруасымен айналысатын, камзолы жарасымды, ерінің айтқанынан шықпайтын, Гүлбаршын, Құртқа, сәукеле киген, өз орнын білетін, жұбайын сыйлайтын, пысық, икемді, "Бақытсыз Жамал", Ғ.Мүсірепов, Ұлжан, Ұлпан, "Ер ана", Әмина Өмірзақова, Әйгерім, етек-жеңін жапқан, ажарлы; ана - ақ сүт, уыз, жақсы көретін, жақсы, мейірімді, бауырында баласы, қадірлі, бақыт, ең жақын адамың, әдемі, ақылды, қамқоршы, ардақты, асхана иесі, тамақты дәмді істейтін, жер-ана, Отан-ана, алтыннан қымбат, ауыл, ананың ақ сүті, мені өмірге әкелген, дүниені жаратушы, отбасы ұясы,ұрпақ тәрбиелейтін, ақ жаулықты, жанашыр, бесік жыры, әлди, түн ұйқысын төрт бөлген, ананың көңілі балада, алақаны ыстық, Домалақ ана, "Боранды бекеттегі"Найман ана, бұлақ, т.б.Тәжірибе барысында алынған нәтижелерге үңілсек, олардың қазақ мәдениетіне, ұлттық дүниетаным мен болмысқа тән ассоциациялар екені байқалады



Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет