8 - ДӘРІС
Ы.Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы
1. Ыбырай әңгімелері
2. Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегі.
1.Ыбырай әңгімелері. Ыбырайдың жемісті еңбек етіп, едәуір жақсы шығармалар қалдырған саласының бірі - проза жанры болды. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары аралығында қазақ даласының рухани және әлеуметтік-экономикалық өмірінде зор өзгерістер орын алған еді. Қоғамда болып жатқан өзгерістер әдебиет саласына да өз әсерін тигізді. Ы.Алтынсаринді сол тұстағы шығармалардың формасы мен мазмұны қанағаттандырмады. Ол жаңа шығармашылық әдіспен жазылған көркем шығармаларды әкелуге тырысты. Нәтижесінде, Ы.Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне шағын әңгіме формасын енгізді. Хрестоматияға Ыбырай, біріншіден, қазақ халқының Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі, аңыз-әңгімелерін енгізсе, екіншіден, өзінің «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» т.б. ғибратқа, өсиетке құрылған әңгімелерін, үшіншіден, И.И.Паульсоннан, Л.Толстойдан, К.Ушинскийден т.б. аударған әңгімелерін енгізді.
Жазушы хрестоматиясына енгізген үлгілерді мейлі халық ауыз әдебиетінен алсын, мейлі басқа ел әдебиетінен алсын, оны ол өзіне ғана тән ой толғауларымен қайта баяндап, кейбір шығармаларға өзіндік идея, өзгеше мән беріп, қайта өңдеген еді. Кейбір ұзақ әңгімелерді қысқартып қолданған, сондай-ақ кейбір әңгімелердің ұзын-ырғасын түгел сақтамай, оның түйінді мәселесін ғана жинақтап қысқартып баяндаған. Кейде бір әңгіменің сюжетін пайдалана отырып, оны өзінше құрған. Тіпті қазақ халқының ертегі-аңыздарын да Ыбырай ой елегінен өткізіп, өңдеп ұсынады. Ыбырай әңгімелерінде өмір құбылысы, адам әрекеті ешқашан шындықтан алшақтамайды. Оқиға өмір шындығына сай алынады да, реалистік әдіспен суреттеледі.
Ыбырай әңгімелері тек мазмұн жағынан ғана құнды емес, тіл, стиль жағынан да ерекше маңызды. Ол өз шығармаларында халықтық тілдің негізгі сөздік қорын шебер пайдалана білді. Әдеби тіл принциптерін қатаң сақтады. Оқушылардың ұғымына жеңіл, әсерлі, қарапайым тілмен жазды. Ш.Ахметов Ыбырай әңгімелерінің төрт түрлі ерекшелігін атайды. «Ы.Алтынсарин шығармаларының көбі балаларға арналғандықтан алдымен оның тілі жеңіл болуын қарастырды. Қарапайым, халықтық тілмен жазды. Осы кездерде, одан бұрын да қазақ әдебиетіне араласып, шұбарлай бастаған араб, парсы, татар, шағатай тілдері Ы.Алтынсарин шығармаларына енген емес. Діни сөздер мүлде кездеспейді. Қазақ әдеби тілінің біртұтастығы мен тазалығы үшін күрескен. Мұның аса құнды жақтары осы еді. Баланың ұғымына қиын тиетін бірде бір түсініксіз ауыр сөздер жоқ. Екіншіден, сөйлем орамдары мейлінше қысқа, көбіне жай сөйлемдер болып отырады. Үшіншіден, жазылған әңгімелерінің көлемі шағын. Төртіншіден, оқиға желісі шұбалаңсыз, баланы жалықтырматын әрі қысқа, әрі жеңіл, әрі қызықты болып келеді. Нысанаға тиетін ойларды дәл айтады, боссөзділік, артық суреттемелер жоқ» - дейді Ш.Ахметов.(4:99).
Жалпы алғанда, Ыбырайдың қазақ ауыз әдебиетінен жинаған және кезінде жариялаған материалдарын төрт түрлі жанрға бөліп қарауға болады: аңыз-әңгімелер(«Лұқпан хакім», «Таза бұлақ», «Жомарт», «Өтіріктің залалы», «Ізбасты би», «Жиренше шешен» т.б.), ертегілер(«Қара батыр», «Тазша бала», «Алтын айдар» т.б.), эпостық шығармалар(«Қобыланды» және басқа жырлардан үзінділер) және мақалдар мен мәтелдер.Осыларға қоса, Ыбырайдың хрестоматиясынан сол кездегі қазақ әншілері мен жыршылары шығарған кейбір өлең, айтыстарды кездестіруге болады. Ыбырайдың ауыз әдебиетінен пайдаланған шығармалары, негізінен, халық аузындағы варианттарын сақтаған.
Хрестоматияда жарияланған халық аңызының бірі – «Жомарт» әңгімесі. Ол ел аузында көп тараған «Атымтай Жомарт» деген аңыздың негізінде шыққан. Бұл аңыздың да әр түрлі варианттарының бар екені мәлім, бірақ сол алуан саладағы вариантардың ішінен Ыбырай ең бір халықтық түрін таңдап ала білген. Мұны Жомарттың адамгершілік қасиеттері мен әрекеттерінен көруге болады. Жомарт - халықтың ауыр тұрмысқа қынжылуына байланысты туған, оның болашаққа арманын бейнелейтін образ. Ол әуелде кедей бола тұрып, кейін өзінің еңбегі арқылы байыған адам болып көрінеді. Бұл - әрине, халықтың қиялы, тілегі. Бірақ соның өзінде халық Жомартты бай етіп көрсеткенмен, Шығайбай сияқты көрсетпейді, керісінше, оның әрбір іс-әрекетіне сүйсініп отырады. Жомарт өзінің еңбек етуін бұрынғы күнімді ұмытпауыма және қатарымдағы шаруаларды естен шығармауыма жәрдемін тигізеді деп біледі.
«Лұқпан хакім» әңгімесінен еңбекші бұқараның Лұқпанды өз адамы деп танып, оған сүйіспеншілікпен, үмітпен қарағанын көру қиын емес. Соның нәтижесінде Лұқпан да өзін халықтан бөлмейді, оның мүддесі үшін күресуге талаптанады. Ыбырай жариялаған «Таза бұлақ» деген әңгіменің сюжеттік, тілдік ерекшелігіне, идеялық мазмұнына қарағанда, оның халық аузынан алынған шығарма екендігіне шүбәлануға болмаййды. Халық арасында көп тараған аңыздың бірі - «Жиренше шешен». Ыбырай Жиреншенің ханды қаңбақ пен қаз арқылы масқаралайтын, Қарашашпен қосылатын, Қарашаштың тапқырлығын суреттейтін мәтіндерді жариялады. Бұл аңыздан халық өкілі Жиреншенің бейнесін толық көруге болады. Ол ханның топастығын дәлелдейді, өзін өлімнен құтқарады. Өзінің шыққан ортасы сияқты Жиренше де кедей, бірақ өз лашығын «айхай, менің өз үйім, кең сарайым – боз үйім» деп санап, өмір қиыншылығына жасымай, халыққа тән данышпандық, тапқырлық қасиеттерді танытады. Жиреншенің қауіпті жағдайдан оңай құтыла беруі де, осы жолда Қарашаш сияқты ақылды жарының болуы да - халықтың арманынан туған жайлар.
Ыбырайдың «Таза бұлақ» әңгімесі - халық аузынан алынған шығарма. Әңгіменің сюжеті мынадай: үш жолаушы бір бұлақтың басында кездесіп, су ішіп қанғаннан кейін, тастағы : «Ей, жолаушы, болсаң, осы бұлақтай бол!» - деген жазуды оқиды. Жолаушылардың бірі саудагер, екінішісі молда екен. Олар жазуды өздерінің мақсаттарына сай жориды. Үшінші адам көркем келген бір әдемі жігіт екен. Ол жазуды «таза, ақ жүрек адам бол» дегені деп шешеді. Халық кісі еңбегін қанайтын саудагерді де, жалған уағыз тарататын молданы да жек көреді. Сол пікір осы әңгімеде айқын бейнеленген. Бұған қоса, үшінші адамның көркем келген сұлу жігіт болып суреттелуінде де мән бар. Халық оны сүйсіне көрсетіп отыр және оған өзінің ойындағы пікірін айтқызған. Еңбекші бұқараның адамгершілікті, әділдікті сүйгені және оны арман еткені мәлім.
«Ертегілер» еңбегінде «Мақта қыз бен мысық» ертегісін М.Әуезов балаларға арналған ертегілер қатарына жатқызған болатын. Аталған ертегіні Ы.Алтынсарин өз хрестоматиясына енгізеді. Ертегінің жасы кіші бала үшін танымдық та, тәрбиелік те мәні үлкен. Ертегідегі тышқан, тауық, дүкенші, қыздар, ағаш, сиыр, мақта қыз, мысық әрекеттерінің тізбекті болып келуі балалар үшін қызықты. Ыбырай пайдаланған аңыз-әңгімелердің ішінде қазақтың жыл санауына байланысты аңыз да бар. Ол «Жан-жануарлардың дауласқаны» деген тақырыппен берілген. Бұл аңызды пайдалануда Ыбырайға орыс тіліндегі оқулықтар ой салған тәрізді. Ыбырай пайдаланған орыс педагогтерінің оқулығында осы тақырыптас («Спор животных») әңгіме кездеседі. Бірақ олардың сюжеті мүлде басқаша: үй хайуандары өздерінің қожасына еткен еңбектерін айтып таласады.
Ыбырай әңгімелерінде сабырлылық адам баласының аса бір үздік қасиеті ретінде көрсетіледі. «Асыл шөп» әңгімесінде ауыр жүк көтеруден аһлап-уһлеп мазасы кеткен Злихаға Бәтима қыздың «Менің жәшігімнің ішінде ауырды жеңілдететін асыл шөп бар, ол шөптің аты - сабыр» деуі көңілге қонады. «Бақша ағаштары» деген әңгімесінде қисық ағаш сияқты қыңырайып қалмай, түзу өсу үшін, алдымен, ата-ананың, мектептің айтқанына, тәртібіне, тәрбиесіне мойынсұну керектігін ескертеді. Имандылық, инабаттылық тәрізді тақырыптар Ы.Алтынсариннің «Шеше мен бала», «Мейірімді бала», «Полкан деген ит», әңгімелерінде көтеріледі. Ауруы жанын көзіне көрсетіп тұрса да, анасы үшін дыбысын шығармаған бала, құсты аяп, еркіндікке жіберіп, оны сатқалы тұрған балаға күнкөріс үшін ақшасын берген кішкентай қыз, әкесі үшін кесуге өз қолын ұсынған мейірімді қыз – бүгінгі мектеп баласын адамгершілікке үйрететін образдар. Ы.Алтынсарин қазақ халқының әдет-ғұрпын, даналығын, салт-дәстүрлерін, ырым-нанымдарын балаларға арналған әңгімелерінде кеңінен насихаттайды. Ыбырайдың өлең-жырлары мен әңгімелері халық санасына жаңалық болып сіңді. Ол өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік өміріндегі қайшылықтарды ашып көрсетті. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады. Ы.Алтынсарин өзінің шығармалары арқылы қазақ балалар әдебиетін жанр, түр, мазмұн, идея жағынан ілгері бастырып қана қойған жоқ, байытты. Өмір шындығын танытатын көркем прозаның шағын үлгісін жасады. Сөйтіп жаңалықтың жаршысы болды.
«Қазақ хрестоматиясына» енгізілген әңгімелерінің бәрі Ыбырайдың негізгі педагогтық ісімен тығыз байланысты болды. Яғни хрестоматияға енгізген шығармаларды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабардар ету принципін көздесе, екіншіден, оқушыларды адалдыққа, қайырымдылыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу, адамгершілік қасиеттерді олардың бойына дарытуды көздеді. Үшіншіден, жастардың, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруге тырысты. Оның қаламынан бойындағы тамаша талабын танытқан көркем әңгімелер туды. Сөйтіп Ыбырайдың жазушылық қызметінің түпкі қазығы оқу-өнер, білім мәселесімен сабақтас дамыды. Оның жазушылық қиялына қанат бітірген нысанасы қараңғы қазақ халқының көзін ашу, көңілін ояту, оны озық мәдениетті елдердің қатарына қосу болды.
«Бай мен жарлы баласы» деген қысқа әңгіме - Ыбырай творчествасының биік сатысы. Ол ағартушының озық педагогикалық ойларының көрінісі болып саналады. Әңгіме оқушысын еңбек етуге, өмір сырын үйрене, меңгере түсуге шақырады. Өмір, табиғат өздігінен ештеңе бермейді, мәселе оны жеңе, бағындыра білуде деген идеялық қорытынды ұсынады. Әңгіменің осы ерекшелігі Ыбырайдың бүкіл ағартушылық еңбегінің негізгі сырын, әлеуметтік тенденциясын айқын ашып береді. «Бай мен жарлы баласы» әңгімесі, ең алдымен сол дәуірдің өмір көрінісін дұрыс бейнелейді. Әңгімедегі көріністер Асанның адам болып жаратылғаннан бері өмір сүру күйін, яғни, тек ас ішуге ғана дағдыланғанын, сондықтан да тамағы тойса күліп, қарын ашса жылауды ғана біліп, өзге дүниені ойлау дегеннен мүлде мақұрым қалғанын айқындайды. Асанның тағы да бір осалдығы – ол өзі пайдаланып отырған тамақтың да қайдан және қалайша табылатындығын білмейді. Елсіз далада қалғанда ол нендей нәрсенің тамақтыққа жарайтындығын да айыра алмайды, сондықтан оның іздеп те әуре болмайды, тек қайғырып жылаумен болады. Ал Үсен болса Асанға қарама-қарсы бағытта суреттелген. Үсеннің әрбір қимылы мен әрекетіне жазушының өзі де сүйіспеншілік сезіммен қарап отырады. Жасы 12-13 –тің шамасындағы Үсен әлі күрделі бір істер істеп тастамағанмен келешегінің зор екендігін танытады. Мұны оқушы да еркін аңғара алады. Автордың негізгі көрсетпек болып отырған мәселесі де осы. Үсен өз ісіне әр кезде де сеніммен кіріседі, өйткені оның дұрыстығына шүбаланбайды. Ол әрдайым кез келген істі бастауда «әкем айтушы еді» - деп, өз әкесінің айтқандарымен жүзеге асырғандарың басшылыққа ала отырады, осы арқылы жалпы халықтың тәжірибесіне сүйенеді. Оның әкесінің халық өкілі екені мәлім. Жазушы Үсеннің қиындықты жеңіп шығуының бір себебін оның осы халық тәжірибесіне сүйенуінен көрсетеді. Сөйтіп Үсеннің мықтылығының өзі сол халықпен байланысынан келіп шығады. Жазушы осы оқиғалар арқылы халық күші мен тәжірибесінің жеңімпаздық қуатын баса көрсетеді.
Ыбырай «Бай мен жарлысы баласы» әңгімесінде екі баланың еңбекке екі түрлі қатынасын көрсетсе, «Қыпшақ Сейтқұл» шығармасында творчестволық еңбектің нәтижелерін суреттеді. Сөйтіп жазушы бұл әңгімелерде екі ұрпақ өмірін суреттейді, сол арқылы жалпы халықтың тіршілік ету, өмір тану, табиғатты меңгеру әрекеттерін баяндайды. «Бай мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімелерінің бір-біріне байланысты шығармалар ретінде қаралуы осы себепті. Жазушы бұл шығармада қазақ даласында жаңадан кең орын тебе бастаған жер шаруашылығы мен сауда кәсібінің алғашқы нәтижелерін көрсетеді, олардың прогресшілдік сипатын тәжірибе жүзінде дәлелдейді, қазақ кедейлерінің жаңалыққа ұмтылу және оны қабылдау дәрежесін суреттейді. Осыған байланысты жазушы тұрмыстағы ескі салттардың да ыдырай бастау процесін көрсетеді. Мұның өзі шығармада, ең алдымен, қоғамдық өмірдің шындығы ретінде нанымды оқиғалармен байланысты екендігі аңғарылады.
Қазақ қоғамының 60-70 жылдардағы тарихына көз салсақ, Қазақстанның Россияға біржолата қосылуына байланысты дала өмірінде бірсыпыра феодалдық ескі саясаттардың шайқала түскені мәлім. Ағартушы Ыбырай бұл шығарманың тәрбиелік мәніне де айрықша көңіл бөлді. Ол осы әңгімесі арқылы, ең алдымен, еңбектің, әсіресе, ұйымдасқан еңбектің күшін көрсетпек болды, екіншіден, қалың көпшілікті жер шаруашылығымен айналысуға шақыруды мақсат етті. «Бай мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімелерінен ағартушының еңбек мәселесіне айрықша назар аударғанын көреміз. Шын мәніндегі педагог Ыбырайдың бұл мәселені қалыс қалдыруы да мүмкін емес еді. Өйткені жастарды еңбекке баулу - қай кезде де азаматтық тәрбиенің елеулі шарттарының бірі болды. Қазақ халқы – кәсіпқорлықты дәріптеген халық, аңшылық, егіншілік, ағаш ұстасының өнері мен қолөнер кәсібі – біздің ата мұрамыз. Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінде халықтың осы өнерпаздық қасиетін ерекше насихаттаған. Жазушы «Киіз үй мен ағаш үй» әңгімесінде кәсіп мәселесін сөз қылады, отырықшылық тұрмысты уағыздайды. Бір жерді түпкілікті мекен еткен елге киіз үйден гөрі ағаш үй қолайлы болады деген ой айтады. Киіз үйдің мал баққан шаруа үшін қажеттілігі де жазушы назарынан тыс қалмайды. Бұл шығармасында қаламгер отырықшылықтың тиімділігін көрсетуді мақсат еткен. Бұл - осының белгісі.
Оқулыққа енген көпшілік шығармалар, Ыбырайдың өзі атап көрсеткендей, Паульсонның хрестоматиясынан алынды. Олар: «Асыл шөп», «Бақша ағаштар», «Шеше мен бала», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Әдеп», «Мұжық пен жасауыл», «Сақып» және т.б. Л.Толстойдан аударған әңгімелері: «Силинші деген ханым», «Малды пайдаға жарату», «Мұңсыз адам», «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ», «Жамандыққа жақсылық», «Данышпан қазы», «Үш ұры» т.б. Ушинскийден аударған әңгімелер: «Полкан деген ит», «Түлкі мен ешкі», «Үнді» т.б.
Ыбырай көркем аударманың мүмкіндіктерін ашты. Оның аударма әңгімелері тым жатық, қазақтың төл туындысындай оқылады. Кейбір әңгімелердің ұзын-ырғасын түгел сақтамай, олардағы түйінді мәселелерді ғана жинақтап, қысқартып баяндайды. Мәселен, Л.Толстойдың «Петр І и мужик» әңгімесі екі шағын бөлімнен тұрады. Біріншісінде Петр патша жолдан адасып жүріп, ағаш шауып жатқан мұжыққа тап болады да, біраз әңгімелеседі. Екінші бөлімде мұжық патшаны орманнан алып шығып, жол көрсетеді. Алтынсарин өз әңгімесіне бірінші бөлімдегі оқиғаны ғана өзек етіп алады және тұтастай емес, өз пайымына қарай ыңғайлап алады. Толстой әңгімесіндегі мұжық ақшасын үшке бөледі, бірінші бөлігімен әке-шешесіне қарызын өтейді, екінші бөлігін ұлдарына қарызға береді, үшіншісін қыздарын асырауға жұмсайды. Алтынсарин әңгіме атауын ауыстырып қана қоймай, кейіпкерлерін де өзгертеді. Әңгіме кейіпкері – көп мал тауып, азбен қанағат етіп, аз жұмсап тұратын үйші. «Қарт әке-шешеме берген ақшаларымды өтеп тұрған борышым деп білемін, өзімнен туған балаларға оқу оқытуға, асырауға шығарған малымды өсімге берген мал деп білемін. Балалар адам болып, біз қартайғанда жақсы асыраса, олардың борышымды өтегені емес пе, - деді»(Ы.Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. А.Білім. 2003. 40-бет). Ыбырай әңгімесінде өлеңдерінен бастау алатын ой(«Баладан қайыр болмаса, баланы неге сұрайды?», «Ата-анаңды өнер білсең асырарсың» деген жолдар бұған дәлел) жалғасын тапқан. Сөйтіп жазушы ұзақ әңгімелерді қысқартып пайдаланған.
Кейде бір әңгіменің сюжетін пайдалана отырып, оны өзінше құрады. Мысалы, Л.Толстойдың «Царь и рубашка» әңгімесін Алтынсарин «Мұңсыз адам» деген атаумен аударған. Аударма әңгімеде өзгешеліктер жоқ емес. Мәселен, Толстой әңгімесінде патшаның өзі дертті болса, Ыбырайда патша ханымы аурулы болады. Ханым сырқатына еш дауа табылмайды. «Патша мұнан соң бақсы-балгерлерді жидырып, жарлық айтты: - Балдарыңызды ашып, осы ханымға не еме болатынын табыңыз, егер таппасаңыз, бәріңізді де асып өлтіремін, - деді»(Ы.Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. А.Білім. 2003. 47-бет).
«Царь и рубашка» әңгімесінде патша жарлығы қатал талапқа құрылмайды: «Один царь болен и сказал: - Половину царства отдам тому, кто меня вылечит»(Л.Толстой. Царь и рубашка. 79-бет.)
«Бақсы-балгерлер қорқып, сасып тұрғанда, ішінде біреуі айтты: - Мен бұл аурудың емін таптым»(Ы.Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. А.Білім. 2003. 47-бет).
«Тогда собрались все мудрецы и стали судить как царя вылечить. Никто не знал. Один только мудрец сказал, что царя можно вылечить»(Л.Толстой. Царь и рубашка. 79-бет.)
«Сол сөзбен мұны ханға алып келісті. Бұл балгер ханға айтты: - Дүниеде мұңсыз кісі тауып, соның көйлегімен қақтырсаңыз, бұл ауруға сол ем екен» (Ы.Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. А.Білім. 2003. 47-бет).
«Он сказал. – Если найти счастливого человека, снять с него рубашку и надеть на царя – царь выздоровеет»(Л.Толстой. Царь и рубашка. 79-бет.)
Л.Толстойдың «Пожарные собаки» әңгімесін Ы.Алтынсарин «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ» деп аударыпты. Аударма әңгіменің тақырыбы мен кіріспесі ғана бөлекше. Кіріспесі төмендегіше басталады: «Ит – адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң-құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі. Бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтамыз»(54). Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» екінші кітабын шығармақ болғаны белгілі. Бұл жерде осы еңбекті айтып отырғаны күдік тудырмайды. Тағы бір сәл өзгешелік соңғы сөйлемде: «Собака побежала в дом и скоро выбежала с чем-то в зубах. Когда народ рассмотрел то, что она несла, то все расхохотались, она несла большую куклу»(169). «Біраздан соң Боб аузында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әпкелгені бір үлкен қуыршақ екен»(55). Аударма әңгіменің бұлай аяқталуы өзгертілген атауына байланысты алынған сияқты. Сонымен жазушы өзі аударған әңгімелерге өзіндік идея, өзгеше өң береді.
Алтынсариннің атауын ауыстырмай аударған әңгімелері – «Үш ұры»(Три вора) және «Данышпан қазы»(Праведный судья). «Три вора» әңгімесінде үш ұрыға алданатын адам мұжық болса, аударма әңгімеде – сарт. Саудамен айналысатын қасиеті ескерілгендіктен алынған болу керек. Сартқа құдайды ауызға алғызады. «Сарт. – Ендеше, Құдай үшін, есегімді ұстай тұр деп, есегін ұрыға ұстатып, өзі ағашқа жүгіріп кіргенде, бұл ұры есекті алып жөнеледі»(67). Орысшасында «Мужик побежал догонять козу и попросил вора подержать осла. Второй вор увел осла»(71) деп келеді. Осылардан өзге айырмашылық жоқ. «Данышпан қазы» әңгімесінде «ученыйды» молда деп аударған. Әңгіме соңында қазыға разы болған Бауакас патша «Тілегің болса, тіле» - дейді. «Қазы: - Маған сый керек емес. Патшаның осы мақтағаны да маған жетерлік сый деді, - дейді»(66). Ал түпнұсқасында бұл жоқ. Сонымен, Л.Толстойдан аударған әңгімелерінде біріншіден, түпнұсқаны сақтап, тақырыбын ауыстырмай өзгеріссіз аударады. Кейіпкерлерін қазақ ортасына қарай бейімдейді.(«Үш ұры», «Данышпан қазы»). Екіншіден, тақырыбын ауыстыру арқылы сюжетін қысқартып немесе толықтыру енгізе отырып аударады. Кейіпкерлерін өз мақсатына байланысты өзгертеді.(«Малды пайдаға жарату», «Мұңсыз адам», «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ»).
Ушинскийдің «Играющие собаки» әңгімесін «Полкан деген ит» атаумен аударған. Сюжет пен түйін бір болғанымен қанден мен Полканның әрекеттерін сөз қылатын кейіпкерлер өзге. Түпнұсқа әңгіме сюжеті Володя деген бала мен әкесінің диалогына құрылған. Аударма әңгімеде қанден мен Полканды әңгіме объектісіне айналдыратын шәкірт бала мен ұстазы. Бұдан Ыбырайдың әңгіме оқиғасын мектеп тірлігіне, оқушы мінез-құлқына жақындату мақсаты айқын көрінеді.
Ушинскийден аударған «Түлкі мен ешкі» әңгімесінің атауы еш өзгеріссіз берілген. Бірақ ықшам аударылған. Ушинскийде түлкінің құдыққа қалай түсіп кеткендігі(қарғаларға қараймын деп), құдықтың іші мен құдыққа үңілген ешкі сипатталады. Алтынсаринде түлкі мен ешкі екі-ақ ауыз сөзбен тіл қатысса, орыс жазушысында құдық жайын ұзақ сөз қылады. Құдыққа секіріп түскен ешкіге түлкі «су шашыраттың» деп кейістік білдіріп те қояды. Орысшасы «чуть было не пропал козел с голоду в колодце; насилу-то его отыскали и за рога вытащили» деп (125) аяқталады. Ал қазақшасы ешкінің құдықта қалуымен аяқталады.
Қазақтың жаңа жазба әдебиетіндегі диалогтың алғашқы үлгілерін Ы.Алтынсарин, сөз жоқ, аударма шығармалардан барып шығарды. Мәселен, «Шеше мен бала» әңгімесінде диалогтық үлгі бар. Драматургия элементі байқалады. Нақтылы сурет жасау, шын құбылысты қаз-қалпында жеткізу шеберлігі де қазақтың жазба көркем әдебиетінде осы аудармалардан бастау алады. Ы.Алтынсарин қазақ әдебиетінде адамның портретін жасау үлгісін қалыптастыруда орыс әдебиетіндегі үлгілерден үйренді. Ыбырай тілінің халыққа ұғынықтылығы, тазалығы, қарапайымдылығы көп айтылады. Қарапайым болғанымен, қарабайыр емес. Сөзге жан кіргізу үрдісі де, біздіңше, Ыбырайда аударма үлгісінен өріс алады(«Сәтемір хан»). Ыбырайдың жазба тілі аударма арқылы да ысылды. Ыбырайдың тілінде орысша оралымдар кездесетіні кездейсоқ емес. «Ол кемпір қастықпен өлтіруге ойлапты»(«Алтын Айдар»), «Менің бір досым әңгіме етеді»(«Надандық»).
Ы.Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне жаңа сападағы мысал жанрын енгізді. Ильминскийге жазған хатында(1876, 3 желтоқсан) былай деді: «Мысалдарды (басни)енгізгім келмейді. Өйткені, қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті ренжитінін тәжірибемнен білемін»(210). Дегенмен де, Ы.Алтынсарин И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалын өлеңмен еркін аударған. И.А.Крыловтағы салған жерден айтылатын мораль бұнда жоқ. Түпнұсқа қарғаның ірімшік тауып алуынан басталса, аударма аш түлкінің тамақ іздеп, жортып келе жатуынан басталады.
Достарыңызбен бөлісу: |