1.9 Медиатека, медиаорталық
Ағылшын жазушысы Самюэль Джонсонның пікірінше, білімнің екі түрі болады, біріншісі, қоғамдағы қандай да бір сала жөніндегі немесе табиғаттағы қандай да бір объект жөніндегі білім, екіншісі, сол білімді қайдан алу керектігі жөніндегі ақпарат. Демек, қоғам мен табиғатқа қатысты ғылымда жинақталған білім жөніндегі ақпаратты тұтынушының жүйелі пайдалануын қамтамасыз ету маңызды шарттардың бірі. Бұл шарттарды қанағаттандыру оқу орындарында медиатека ұйымдастырумен тығыз байланысты. Яғни, қазіргі таңда ақпараттық технологияларды оқыту процесiнде қолданудың перспективалық бағыттарының бірі - оқу орындарында медиаорталықтар құру және оны дамыту деп нақты айтуымызға болады.
Медиатеканы ұйымдастыру мынадай мақсатты жүзеге асыру қажеттілігінен туындайды: оқыту сапасын жоғарылату мақсатында білім саласындағы барлық тұтынушылардың ақпараттық сұранысын қанағаттандыру.
Медиатека латынның media – орта, жиынтық деген сөзінен, гректің theke –қойма деген сөзінен шыққан. Яғни, визуалды, дыбыстық, бейнелік, телекоммуникациялық құралдардың бір ортаға жинақталуын білдіреді.
Медиатека - кітап, мерзімді басылым, дыбыстық және бейнелік таспалар, CD, DVD секілді құралдарда ақпараттық ресурстарды жинақтау ортасы. Медиатека – кітапханалар мен ақпараттық технологияларды өзара байланыстыра пайдалану. Медиатека – оқу орындарының ақпараттық инфрақұрылым орталығы.
Медиатеканы ұйымдастырудың негізгі шарттарының бірі – оқушылар мен студенттерге тек қажеттi ақпаратты жеткiзiп берудi ғана емес, олардың түрлi шығармашылық жұмыспен айналысуына мүмкiндiк туғызуы тиіс. Осыған байланысты медиатеканың қазіргі заманға сай ақпараттық технологиялармен жабдықталуы және интернетке қосылу мүмкiндiгi қарастырылған болуы керек. Медиатека құрамына тек кiтапханалық қор ғана емес, әртүрлi ақпарат көздерiн пайдаланушы орта: бейне-, дыбыстық қорлар, электрондық оқулықтар мен оқытушы бағдарламалық қамсыздандыру бөлiмi, оқу залы, телестудия орталығы, мультимедиалық лекциялар өткiзуге арналған бейнепроектормен жабдықталған оқу дәрiсханасы, бейнежазбаларды пайдалануға арналған оқу кинозалы, лингофондық дәрiсханалар, интернет-зал т.б. кiредi. Мұндай медиатеканы ұйымдастыру бiр жылдың ғана жұмысы емес, өйткенi, ол, белгiлi бiр мөлшерде материалдық шығын мен педагог мамандар ұжымының шығармашылық еңбегiн қажет етедi.
Медиатеканы әсіресе, жоғары оқу орындарында ұйымдастыру, шын мәнінде іс жүзіне асыруға мүмкін болатын процесс. Өйткені, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы кітапханалар негізінде қазіргі талапқа сай медиатекалар ұйымдастыруға толық мүмкіндік береді. Сондықтан да, кiтапханалар жоғары деңгейдегi сұранысты толық қамтамасыз ету үшiн түрлi ақпаратты пайдалануға жағдай туғызатын орталық болып қайта жабдықталуы қажет. Өйткені, көпшілікке арналған кітапханалардың басым бөлігі қазіргі күні баспа өнімдерінде (кітап, газет-журналдар) берілген ақпаратты ұсыну қызметімен ғана айналысып келеді. Визуалды, аудитивтi, аудиовизуалды ақпарат түрлерiн сол кiтапхананың немесе басқа кiтапханалардың қорынан, ғылыми орталықтардан, бейнеқорлар мен дыбыстық қорлардан компьютерлiк желiлiк байланыс арқылы алып пайдалануды жүзеге асыру үшiн медиатекалар ұйымдастырудың қажеттілігі айқындала түседі.
Медиатеканың тағы бір артықшылығы: сирек кезедесетін кітаптардың электрондық нұсқасын әлемнің кез келген түкпіріндегі кітапханалардан іздеп табуға мүмкіндік береді. Дүниежүзіне танымал әлем классиктерінің кездесе бермейтін шығармаларын әлемдік кітапханалардан электрондық нұсқасын көшіріп алып, пайдалануға болады. Ал, қандай кітапты қай кітапханалардан табуға болатыны жөнінде Интернетте орналасқан арнайы анықтамалық Web-сайттар арқылы табуға болады. Мысалы: http://www.online.ru/sp/eel/russian/ Ресей онлайн серверінен орыстың ұлы классиктері А.Блок, М.Булгаков, Н.Гоголь, Ф.Достоевский, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой шығармаларына қол жеткізуге болады.
Медиатекаларды ұйымдастыруды және пайдалануды кезең-кезеңмен жүзеге асыруға болады:
1-кезең:
1) Нормативтік құжаттарды дайындау (мысалы, медиатеканы пайдалану ережесі т.б.).
2) Медиатеканың материалдық-техникалық базасын құру.
2-кезең:
1) Педагогикалық процестің барлық қатысушыларына ақпараттық қажеттіліктеріне сәйкес ақпараттық қор ұйымдастыру.
2) Білім беру процесіне қатысушылардың кәсіптік, өзіндік т.б. іс-әрекеті үшін әртүрлі ақпарат көздерін пайдалануды қамтамасыз ету.
3) Медиатека базасындағы пайдаланушылардың барлық іс-әрекетінің сұранысын қанағаттандыру.
4) Медиатеканың материалдық-техникалық базасын кеңейту.
Медиатеканы ұйымдастыруда орындалуға тиісті міндеттер қатарына мыналарды жатқызуға болады:
білім мазмұнына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, жүйелеу және оны пайдаланушыға жеткізу;
компьютерлік каталог жасау;
мәліметтер банкін құру;
қажетті ақпаратты іздеп табу және оны пайдалана білу әдістемесін оқытушылар мен студенттерге меңгерту;
дыбыстық және бейнелік материалдар, слайдтар дайындау, программалық жабдықтар құру, олармен тұтынушыларды қамтамасыз ету.
Жоғарыдағы аталған деңгейде құрылған медиатека оқу-әдiстемелiк, оқу-танымдық iс-әрекеттердiң сапасын жоғарылатады. Оқытушылар тек педагогикалық немесе әдiстемелiк әдебиеттер жөнiнде ақпарат алып қана қоймай, жаңа оқыту құралдарын тиiмдi пайдалануды меңгередi. Ал, студенттер мен оқушылар тек кiтап, мерзiмдi басылым, энциклопедия сияқты баспа өнiмдерiн пайдаланып қоймай, микрофишалық: кино, бейне, сурет, графика, анимация өнiмдерiн де пайдалана алады.
Бақылау сұрақтары:
Медиатека дегеніміз не?
Медиатеканы ұйымдастырудың алғышарттары қандай?
Медиатеканың қызметі қандай?
Медиатеканың құрамы неден тұрады?
Достарыңызбен бөлісу: |