Бұл кітап – менің тәнім дегейсің, Бұл сөз – менің жаным дегейсің... Григор Нарекаци. “Қасірет кітабы”, X ғасыр. I
Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдам керек. Біресе ін қазғыш мақұлықтың шиыр-шимай шалағай ізін кесіп, біресе саршұнақтың інін апыл- ғұпыл қазып, енді бірде жыраның тұмсығына тығылып қалған атжалман алаңқайға секіріп шықса мүлт жібермей бас салмақшы болып зарыға аңдып, кәкір-шүкір аулап ақсиған аш түлкі бүлкіл жортақпен алыстан көрінген темір жолға қасара жақындап келе жатты. Даланы қақ жарып, ұзыннан-ұзақ бозамықтана жонданып жатқан шойын жол аш түлкіні әрі ынтықтырып, әрі үрейлендіргендей. Жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, әудем жерді дүрсілдетіп, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздар зулап өтіп жатыр.
Кешқұрым түлкі телеграф бағандары бойлап өткен өзекке жетіп, бір шоқ биік атқұлақтың қалың жынысына кіріп, қалың дәнегі қаудырап піскен тобылғы сояудың түбіне жалқын сары оттай болып дөңгеленіп жата кетті де, құлағын шыдамсыздана қайшылап, қу шөпті сыбдырлатқан жатақ желдің уілін тыңдап, түнді зарыға күтті. Телеграф бағандары да мазасыз ызыңдайды. Бірақ түлкі одан қорықпайды. Бағандар оны қумайды, бір жерде сілейіп тұрады да қояды.
Бірақ әлсін-әлі ары-бері заулап өткен пойыздардың құлақ тұндырар дүрсілінен әрдайым шошып кетіп, бұрынғыдан бетер жерге жабыса, жиырыла түседі. Пойыздардың арқыраған арыны мен жертаптаурын зілмауыр ғаламат күшін, шүйкедей денесінің астындағы жердің тітіренгенін қабырғаларымен сезіп жатты. Сонда да болса бөтенше сасық иіс пен үрейге шыдап бағып, жол бойы сәл-сәл саябыр табар шақты – түн жамырар сәтті күтіп, сайдан шықпай жатып алды.
Түлкі шойын жолдың бойына тым сирек, әбден аштық титығына жеткенде ғана келуші еді...
Пойыз өтіп кетіп, келесі пойыз келгенше дала құлаққа ұрған танадай тына қалады да, сол әлі тылсым сәтте түлкі бұлдыр дала үстінде ғайыптан талып естілген болжаусыз, иесіз заңғар дыбысты құлағы шалып, секемшіл халге ұшырайды. Ол ауаның көзге шалынбас ағысы, ауа райының кешікпей өзгерер құбылысының хабары еді. Сорлы түлкі соны сезіп, тұла бойы азынап, қаһардан қалшиып, әлемге төнген әлдебір нәубетті әлсін-әлсін аңлағандай, үнін шығарып жылағысы, шәу-шәу етіп үргісі келеді. Бірақ табиғаттың өзі аян бергендей осы бір үрейді аштық сезім жеңіп кете берді.
Жорта-жорта тасырқаған табанының көн терісін жалап жатып, аш түлкі ақырын ғана қыңсылап қояды.
Бұл күндері түнге қарай күн суыта түсетін болды, күз де таяп келе жатқан. Түн түсе топырақ тез суынып, таңға қарай даланың үстін сор тұтқандай, ақшулан, ұшпа боз қырау тұрып қалатын болды. Дала мақұлығы үшін жұғымсыз жұтаң, кедерлі кезең келе жатты. Бұл өлкені жазда мекендейтін там-тұм аң-құс енді тып- типыл; бірі жылы жаққа ауса, бірі ініне кіріп кетіп, енді бір жұбы құмға көшкен. Түлкі баласының тұқымы үзіліп біткендей-ақ, енді әр қарсақ өз күнін өзі көріп, жеке-дара қаңғып кеткен. Көктемгі күшіктер көбеңденіп, ұяластар бет-бетімен бытыраған. Ылық дәуірі әлі алда болатын. Қыс түсер, түлкілердің махаббат айы басталар, еркек кіндіктері ұрғашы үшін бір-бірімен жан беріскенше кеңірдектесер.
Түн жамыла түлкі өзектен шықты. Тың-тыңдап біраз тұрды да, шойын жол жонына қарай жортақтай жөнелді. Ың-шыңсыз жолдың біресе ар жағына, біресе бер жағына жүгірді. Жолаушылар вагон терезесімен лақтырып тастайтын қалған-құтқан кәкір-шүкірді іздеп тіміскілеп жүгіреді.. Азуға басатын бірдеңе табылғанша, әр нәрсені бір иіскеп, түйетайлы жотаны жағалап көп жортады. Пойыз жүріп өткен жолдың ұзына бойы толған қағаз жыртындысы, умаждалған газет, сынған шөлмектер, темекі тұқылы, мыжылған консерві қалбырлары, тағы басқа толып жатқан қиқым-сиқым, иісі қолқаны атқан қалдықтар. Әсіресе бүтін қалған бөтелкелердің аузынан заһар иіс аңқып қоя береді. Бірер рет басы айналған түлкі енді қайтып спирт иісті шиша атаулыдан аулақ жүретін болды. Жолап кетсе, пысқырынып, ыршып түседі.
Жанын жалдап, зарыға іздеген қу тамағы қасақана табылмайды. Жүрек жалғар бірдеңе ілігер-ау деген үмітпен түлкі байғұс қырқа жолдың біресе ар жағына, біресе бер жағына сүмеңдеп, рельсті бойлап талмай жорта береді.
Жортып келе жатып, кенет маңдайы тасқа тигендей, алдыңғы аяқтарын көтере берген қалпы қалшиды да қалды. Мұнар басқан алыс айдың елегізген сәулесінен сүлбесі ғана білініп, қос шекті рельстердің арасында аруақтай қалбайып, тапжылмайды. Секем алдырған талма гүріл тыйылмады. Әлі тым алыстан естіледі. Түлкі құйрығы әлі едірейген қалпы, жолдан шықпақ болып, аяғын бірер басты да, қайтадан қырқа жағалап, тамаққа тастап жіберер бірдеңе табылар деген дәмемен жүгіре жөнелді. Жүз дөңгелек жүйткіп, темір тасқын тарсылдап, бірте-бірте арын алып, аламат тажал таяп келе жатса да, іздегені әне-міне табылардан түлкі жазған жолдан шыға қоймады. Түлкі қас қағым сәтке ғана көз жазуы мүмкін екен, кенет тұмсық бұлым тасасына қосарланған локомотивтердің ұзынды- қысқалы оттары жарқ ете қалды да, қуатты прожекторлар алдында жатқан жердің бәрін көз қарықтыра жарқыратып, бір сәтке даланың өлі денесін тұп-тұтас жалаңаштап, ақ сәулеге малып жіберді де, аш мақұлық от үстінде шырқ айналған жынды көбелектей апалақтап алас ұрды да қалды. Пойыз болса жердің танабын қуырып, рельсті тарсылдатып келе жатты. Қоламса күйік иіс мүңк етіп, аждаһа леп бұрқ соқты.
Түлкі жолдан апыл-ғұпыл аунап түсіп, үрейі ұша жер бауырлап, артына қарай-қарай айдалаға зытып берді. Жалмаңдаған оттарын жарқыратқан әзірейіл, дөңгелектері мың дауыспен тарсылдап, көпке дейін гүрсілі басылмай алыстап бара жатты. Түлкі ыршып тұрып, тағы да жанталаса қаша берді...
Бір ауықтан соң ентігін басып еді, араны ашылған аштық оны қайтадан темір жол жаққа итермеледі. Ал жол бойынан тағы да оттар жалмаңдап, тағы да қосарланған локомотив жүк тиелген ұзын составты сүйреп бара жатты. Бірақ алдағы қос шек жолдан тағы да оттар көрінді, тағы да қосарланған екі локомотив, аждаһа көздерін жарқыратып, жүк тиелген ұзыннан-ұзақ составты сүйреп өтті.
Енді түлкі айласын асырмақ болды: даламен орағыта жүгіріп, темір жолдың пойыз жүрмейтін тұсынан топ ете түспекші еді...
Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...
Түн ортасы әлетінде әлдекім жолшының үйшігіне қарай қасарыса қадымдап келе жатты. Әуелі шпалдармен жүрді, қарсы алдынан пойыз шыққанын көріп, жолдан шығып қапталға түсті. Жүрдек жүк пойыз азынап өтіп бара жатқанда, әлгі адам оның түтіні мен шаңынан қорғанып, бетін қолымен дәл бір боранда келе жатқандай жасқай берді. (Бұл жөні бөлек, ешбір кедергісіз жүретін арда пойыз еді. Сәлден соң ол негізгі жолдан бұрылып, космодромға тартылған жолға түседі. Қысқасы, бүкіл состав брезентпен бүркеулі екені де сондықтан. Платформаларда әскери күзет тұрған состав Сарыөзек-1 жабық зонасына қарай кетіп бара жатқан).
Түнделетіп жаяу-жалпы келе жатқан өзінің әйелі екенін Едіге бірден білді, білді де, сірә, тегін жүріс емес-ау деп шамалады. Ақыры айтқаны келді. Бірақ қызметтің аты – қызмет, составтың ақырғы құйрық вагоны бұлаң етіп, оның ашық платформасындағы кондуктормен фонарь көтерісіп, бәрі де бабында деп белгі беріскенше, Едіге орнынан қозғалған жоқ. Күркіреген составтың дүр-сілінен құлағы тұнған. Едіге енді ғана бұрылып, жанына жақын келген әйеліне:
– Не боп қалды? – деді.
Әйелі оған абыржи жаутаңдап, ернін қыбырлатты. Едіге оның не айтқанын естімесе де, бәрін түсініп қойды: ойлағанындай-ақ, тегін жүріс емес екен.
– Желдің өтінде тұрма! – деп әйелін үйшікке алып кірді.
Сезікті хабарды әйелінің аузынан естігенше, Едігені әуелі таңғалдырған, неге екені белгісіз, басқа жағдай болды. Кәрілік шіркін таяп қалғанын ол бұрын да байқайтын. Бірақ дәл қазір қатты жүрістен ентігін баса алмай, көкірегі сырылдап, қушиған жадау иығы бір төмен, бір жоғары рабайсыз шошаңдап кеткенін көріп, әйелін аяп кетті. Теміржолшының мұнтаздай таза аппақ үйшігінде; электр шамы тым жарқырап, Үкібаланың көгерістенген бетінің терең әжімдерін айғыздап ап-анық көрсетіп жіберді.
Әй, дүние-ай десеңші, Үкібала бір кезде бидай өңді, қызыл шырайлының әдемісі еді ғой, қап-қара мойылдай көзі нұр шашып тұрмаушы ма еді. Енді міне, аузы опырылып, ұрты салбырап қалыпты. Тіпті дәурені өткен әйел затының өзіне тісі түсіп, кетік болу жараспайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. (Әй, Едіге, әйеліңді әлдеқашан станцияға алып барып, әлгі темір тіс салдырып беру керек еді ғой. Осы күні кәрі де, жас та салып алып жүр ғой!) Бұл аз болғандай, ысырылған жаулығының астынан қобырап шығып кеткен шашы аппақ қудай екенін аңғарып, Едігенің жүрегі сыздап қоя берді. “Шіркін-ай, мұнша қартайып кеткен екенсің ғой”,– деп әйелін іштей елжірей аяп, бұған өзін кінәлі санағандай сезімде қалды. Көп жылдар бірге кешкен өмір үшін, көп жылдық риясыз жар жақсылығы үшін, оған қоса дәл қазір түнделетіп, ту жер түбінен жүгіріп жеткені үшін әйеліне деген ағыл-тегіл риза сезім Едігенің бойын биледі. Түн ішінде бейшара Қазанғап қарттың қазасын естірткелі ұшып жетті. Қаңырап қалған жаман тамда жалғыз жатқан шалдың өліміне тек Едіге ғана егілетінін біліп келді. Жадау жұртта жалқы жатқан Қазанғап Едігенің екі туып, бір қалғаны емес, бірақ сонда да одан басқа жанашыры жоқ екенін діттеп келді.
– Отыр, деміңді ал, – деді Едіге үйшікке кірген соң.
– Өзің де отыр, – деді Үкібала күйеуіне. Екеуі де тізе бүкті.
– Не болды?
– Қазанғап қаза болды.
– Қашан?
– Әлгіде ғана байғұсқа әлдене керек емес пе екен деп үйіне кіріп едім, шамы жанып тұр, өзі төсегінде жатыр. Бірақ сақалы аспанға қарап шаншылып қалыпты. Жақындап барып: “Қазеке, Қазеке”,– деймін, “ыстық шай ішесіз бе?” – деймін. Сөйтсем, жүріп кетіпті. – Үкібала даусы кілт үзіліп, қызарып, кіртиген көзіне жас үйіріліп, қыстығып жылап жіберді.
– Ақыр соңы сол болды бишараның. Қандай асыл еді десеңші! Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қалды қасында, – деп назаланды Үкібала жылап отырып. – Мұндай болар деп ойлап па едік! Ақырында...– деп барып, “ит өліміндей болды” демекші еді, онсыз да түсінікті болған соң, соңғы сөзді аузынан шығармай, жұтып қалды.
Бұлар тұратын разъездің аты Боранды еді. Соғыстан қайтқалы бері осы разъезде жұмыс істеп келе жатқан Едігені жұрт: “Боранды Едіге” деп кеткен. Боранды Едіге күректей қолдарын тізесіне салып, әйелінің айтқанын тұнжырай тыңдап отырды. Теміржолшының май сіңіп, өңі түскен фуражкасының күнқағары оның көзін көлегейлеп тұрды. Не ойлап отыр?
– Енді қайтеміз? – деп қалды әйелі.
Едіге басын көтеріп, әйеліне қарап мырс етті:
– Қайтуші едік? Мұндай жағдайда қайтуші еді! Жерлейміз- дағы.– Ол бір байламға келгендей орнынан түрегелді.– Ал, қатын, сен тез қайт. Мені тыңдап ал.
– Мақұл.
– Оспанды оят. Разъездің бастығы екен деп қаймықпа. Қаза алдында адамдардың бәрі бірдей, білдің бе. Қазанғап қайтыс болды де. Ол осында тапжылмай қырық төрт жыл жұмыс істеген. Сол жылдардағы ит байласа тұрғысыз Сарыөзекке алғаш Қазанғап келіп жұмыс істей бастаған кезде Оспан әлі туылмаған да шығар. Содан бері мына жолмен жүріп өткен пойызды санасаң шашың да жетпес... Ойлансын Оспан. Солай деп айт. Тағы да тыңда...
– Тыңдап тұрмын.
– Жұрттың бәрін түгел оят. Терезелерін қақ. Өзі қаншаумыз. Сегіз үй ғой, саусақпен санарлық... Бәрін аяғынан тік тұрғыз. Қазанғаптай арысымыз қайтқанда ешкім де бүгін ұйықтамауға тиіс. Бәрін түгел тұрғыз.
– Ұрысса қайтемін?
– Бәріне хабар беру – біздің парыз, ұрысса ұрса берсін. Мен айтты де. Ұят қайда? Тоқта!
– Тағы не?
– Әуелі кезекшіге соқ. Бүгін диспетчер Шаймерден ғой. Осылай да осылай де, не істеу керек екенін ойлансын. Бәлкім, бүгінше менің орныма адам жіберер. Қалайда хабар берсін. Сен ұқтың ба мені, солай деп айт.
Айтамын, айтамын,– деп Үкібала кенет аңырып қалды. Сөйтсе ең зәру жұмысты ұмытып бара жатыр екен ғой: – Ойбу, Қазекеңнің балаларын қайтеміз? Мәссаған! Есімнен тарс шығып кетіпті ғой. Алдымен соларға хабар беру керек қой! Енді не? Әкесі өліп жатыр...
Едіге бұл сөзді естіп, бұрынғыдан бетер сұстанып, тұнжырай түсті. Жауап қатпады.
Едігеге бұл хабардың жағымсыз тигенін сезіп, иліктірмек оймен Үкібала:
– Қайткенмен де балалары ғой, туған балалары, – деп жалынғандай болды.
– Түсініп тұрмын, – деп Едіге қолын сілтеді. Не мені түк түсінбейді деп ойлайсың ба? Егер маған салса, жанына жақын жолатпас едім. Бірақ амал қанша!
– Едіге, онда біздің шаруамыз қанша. Балалары келсін де, өздері жерлесін. Әйтпесе, соңынан таусылмас дауға қаламыз...
– Мен келмесін дедім бе? Келе берсін.
– Ұлы қаладан келіп үлгірер ме екен?
– Келгісі келсе, үлгіреді. Алдыңғы күні станцияға барғанымда, әкең хал үстінде жатыр деп өз қолыммен телеграмма салып жібергенмін. Енді не керек! Кісімсігенде бәледей, өзі де білмей ме, ақылды болса...
– Олай болса, мейлі, – деп келіскен болды Үкібала. Бірақ әлденеге әлі көңілі күпті болып тұрғандай:– Әйелін ала келсе жақсы болар еді, қанша айтқанмен қайын-атасы қайтыс болып жатыр ғой, бөтен біреу емес...
– Оны өздері білсін. Әйеліңмен деп қалай айтасың, бала-шаға емес қой.
– Иә, солай-ау, – деп келіскен болды Үкібала, көңілі әлі күпті болса да.
Ерлі-зайыпты екеуі де үндемей қалды.
– Ал, сен тұрма енді, бар, – деп қалды Едіге. Бірақ әйелі тағы бірдеңе айтқысы келді.
– Ау, әлгі қызын қайтеміз, Айзада сорлыны айтам. Байы болса анау – маскүнем, бала-шағасы тағы бар. Станциядан жетіп үлгеруі керек қой әкесін жерлеуге.
Едіге езу тартып, әйелін иығынан қаққылап қойды.
– Енді саған бәрі уайым... Айзада қол созым жерде тұр ғой, таңертең біреу-міреу станцияға шауып барып, хабар берер. Келеді ғой, қайда кетер дейсің. Сен, мынаны ұқ, қатын. Айзададан да, еркек кіндік болса да Сәбитжаннан да пайда шамалы. Көресің ғой өзің, келуін – келер, қайда кетер дейсің, бірақ бөтен біреулер құсап илікпей тұрар. Ал өлікті жерлейтін мына біз, көр де тұр... Онан да тез бар, менің айтқанымды істе.
Үкібала кетіп бара жатып, қипақтап тоқтады да, ары қарай жүре берді. Бірақ Едігенің өзі дауыстап тоқтатты:
Әй, ұмытпа: алдымен Шаймерден кезекшіге кір менің орныма біреулерді жіберсін. Мен кейін қарымын қайтарармын. Қаңыраған үйде өлік жападан-жалғыз күзетсіз жатыр, не масқара... Айт сөйтіп... Әйелі басын шұлғып, жүре берді. Сол ортада дистанциялық қалқанның қызыл сигналы көзін қайта-қайта қысып, гуілдеп қоя берді. Боранды разъезіне жаңа состав таянып қалған екен. Кезекшінің командасы бойынша, оны запас жолға жөнелту керек. Өйткені қарама-қарсы жақтан басқа пойызды өткізіп жіберу қажет. Кәдуілгі шаруа. Пойыздар өз жолдарына түсіп, жылжып жатқанда, Едіге тағы бірдеңе айтуды ұмытып кеткендей, әлсін-әлсін әйелінің соңынан көз тастай берді. Айтатын іс көп, әрине, өлік жөнелтудің алдында іс таусылар ма еді, бәрі бірден еске түсе бермейді ғой. Бірақ Үкібаланың соңынан қарайлай бергені бұл себептен емес еді. Соңғы кезде әйелінің еңкіш тартып, қартайып қалғанын дәл қазір мына жол бойының күңгірт сары сәулесінің жарығынан тұңғыш рет байқап, кәдімгідей мұңайып қалды.
“Е, кәрілік деген итің де келіп қалған екен-ау,– деп қойды ол. – Шал-кемпір болды деген осы! Құдай күш-қуаттан әлі ажыратпаса да, әлі дилы болса да, жасы түскір зымырап жылжып алпыстың үстіне де шығып қалған екен. Тұп-тура алпыс бір қазір. Енді бірер жылдан кейін “пенсияға шық” деген тықыр да таяп қалар-ау” – деп мырс етті Едіге. Бірақ пенсияға жуық арада кете қоймайтынын біледі. Бұл маңайда оның орнына адам тауып қоя салу оңай шаруа емес – жол жөндеудің шебері, стрелочник болып анда-санда біреу ауырып қалса, не демалысқа кетсе ғана ауысады, әйтпесе бесаспап жұмыскердің өзі. Жер шалғайлығы үшін, шөл далада жұмыс істегені үшін қосымша ақы береді екен деп мұның орнына біреу көз алартып жүрмесе? Әй, кім білсін. Қазіргі жастарың ішінен ондай талапкер табыла қояр ма екен.
Сарыөзектің разъездерінде тұру үшін адамда рух болу керек, әйтпесе арам қатасың. Дала – кенен, адам – ноқат. Саған жайлы ма, жайсыз ба – далаға бәрібір; далада қалау болмайды. Тұрғың келсе– тұр. Тұрғың келмесе – жолың, әне. Ал адамға бәрібір емес. Адам жер таңдағыш: оған басқа бір жерде, басқа бір адамдардың арасында балпандай бақыт бардай, ал бұл арада тағдыр оны сарсаңға салып қойғандай көрінеді де тұрады... Осындағы Шаймерден кезекшінің үш аяқты мотоциклі бар. Өзі де мінбейді, өзгеге де бермейді – үстіне шыбын қондырмайды. Ал зәуіде керек бола қалса, от алмайды. Өйткені аккумуляторы отырып қалған. Адам да сондай. Ұлы даланың қатыгездігіне шыдамасаң, әттеген-ай, неге келдім десең болды, жүйкең жүндей түтіліп, жан дүниең жүдеп жүре береді. Бір істің тұтқасында тұрып, тамыр байлап, тәуекел деп тас жұтпасаң – әлгі мотоцикл де бір, сен де бір: ебелектен де елпек, қаңбақтан қаңғалақ боласың. Вагонның терезесінен қарап, бәз біреулер: “Құдай-ау адам баласы қалай шыдайды, айнала – қу дала, маңқиған аруана!” – деп басын ұстай алады. Қайтеді, шыдағанынша – шыдайды. Үш жыл, әрі кетсе төрт жыл шыдайды, содан соң – тауыс-тәмем: разъезбен есеп айырысады да, тайып тұрады... Борандыда өмірлікке өзек байлаған екі-ақ адам болды – бірі Қазанғап, бірі – осы Боранды Едіге. Басқа келіп-кетіп жатқандар қаншама! Едіге өзіне-өзі қазы емес, әйтеуір, қайыспағаны ақиқат. Ал Қазанғап осы жерде тапжылмай қырық төрт жыл жұмыс істегенде, басқалардан гөрі ақылы аз болды дейсіз бе? Едіге Қазанғаптың бір өзін өзгенің он шақтысына айырбастамас еді... Амал қанша, Қазанғап жоқ енді, жоқ...
Пойыздар ажырасып, бірі шығысқа, бірі батысқа қарай бет алды. Борандының темір жолы сәт-заматқа қаңырап қалды. Кенет айнала- төңірек ашылып сала берді – аспандағы жұлдыздар да баданадай- баданадай болып жарқырай түсті, жел де құлдыраңдап, малта тас төселген түйе-тайлы жотамен, шпалдардың арасымен, баяу ызың қағып, әлсін-әлсін тарс-тұрс еткен рельстердің арасымен арсалаңдап еркін есе жөнелді.
Едіге үйшікке кірмей, бағанға сүйеніп сыртта тұрып қалды. Темір жолдың арғы бетінде, айдалада жайылып жүрген түйелердің қарасыны байқалады. Түйелер ай сәулесінің астында таңды күтіп тапжылмай тұр. Олардың арасынан Едіге өзінің қос өркешті Қаранарын* таныды. Бұл Сарыөзек аймағында одан жүйрік, одан күшті түйе жоқ-ау, сірә. Сондықтан да иесі құсатып, оны да жұрт Боранды Қаранар деп атайтын. Бураның әуресі аз болмаса да, Едіге Қаранардың ерен күшін мақтан тұтатын. Қаранарды буыршын тайлағында ақтатпап еді, кейін буырқанып бура шыққан соң тіпті тиіскен жоқ.
Ертеңгі сан-сапалақ істің бірі – Қаранарды өрістен ертелетіп алып келіп, жазылап қою деп түйді Едіге. Өлікті жерлеу жұмысына керек болады. Атқарысатын жұмыс көп, бірінен соң бірі еске түсе береді...
Едіге ойлап-ойлап, ой түбіне жете алмайды, ал бұл кезде разъездің адамдары әлі қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Разъездің о басынан бұл басына дейін бір-біріне тығылып тұрған жеті-сегіз үй. Оның алтауы темір жол әкімшілігі салдырған, төбесін шиферлатқан құранды үйлер. Едіге болса, өз үйін өзі тұрғызған. Сегізіншісі – Қазанғаптың тоқал тамы еді. Үй мен үйдің арасында мал қора, дала пеші, сарай сияқты әр алуан майда-шүйде құрылыстар бар да, солардың бәрінің ортасында асқақтап су тартатын мұнара тұрады. Оның өзі соңғы жылдары пайда болған. Міне, Боранды ауылының бар аумағы осы. Ұланғайыр Сарыөзектің даласын басып өткен ұлы жолдың бойындағы кішкентай ауыл. Кішкентай болса да, күретамыр темір жолдың бойындағы разъездерді, станцияларды, қалаларды бірімен-бірін жалғастыратын буынның бірі болып, кенен даланың алақанында, өкпек желдің өтінде жалаң төстеніп қасқайып тұр. Сарыөзектің желі әсіресе қыстың күні құтырады ғой. Темір жолдың бойын, разъездің үйлерін таудай-таудай қар басып қалады. Сондықтан да бұл разъездің маңдайшасында қазақша: “Боранды”, орысша: “Буранный” деген жазу тұр.
Едігенің есіне қай-қайдағы оралды: бұл жерге қар тазалайтын түрлі техника келгенше, Қазанғап екеуінің көрген күнін құдай адам баласына бермесін деңіз. Тау-тау қарды қолмен күреп, жанталасып, қаңтарда қарасорпа болған сол бір күндер.
Апыр-ай, өткен күнде белгі жоқ, әйтпесе күні кеше сияқты еді. Елу бір, елу екінші жылдары ақмылтық асынған қиямет қыс болды. Тек қиян-кескі майданда ғана адам өмірі бір сәттік ұлы іске; жауға шабуылға яки жау танкісіне граната лақтыруға бағышталар еді. Мұнда да солай болды. Ешкім сені атып өлтірмесе, әрине. Бірақ өзіңді-өзің пида етесің. Қол күрекпен үйме қардың қаншасын қопарды бұл сонда. Разъезден жеті шақырым жерде темір жол төбешікті тіліп өтеді. Әне, сол тұсты қар тып-типыл басып қалғанда, күндіз-түні қасарысып, қар күреген шаң болған. Жолды босат деп азынаған паровоздың әзірейілдей үнін есітпес үшін, ақ боранмен, үйінді қармен арпалысқан аламан шақта, мұндай азаптан гөрі өле кеткен жақсы-ау деген кездер де болған. Сөйткен қар да еріп кетті, өкірген пойыздар да өтті-кетті, сол бір қиын-қыстау жылдар да өте шықты. Енді бәрі ертек сияқты. Айтсаң – сенбейді. Сенсе – күледі. Осы күнгі бақылау-жөндеу бригадасының жұмысшылары анда-санда азан-қазан шумен дүр етіп келеді-кетеді. Сарыөзектің бойында сонау бір жылдары жолды үрінді қар басып қалушы еді, екі-үш адам сол сұмдықты күрекпен тазалар еді деші – сенбейді. Сенбек тұрмақ, “Олай болуы мүмкін бе, о тоба!” – деп қайран қалады. Кейбіреуі: “Оу, өйтіп жан қинап не әкеңнің құны бар еді”, – деп күс таналайтынын қайтерсің әлі. “Мені бір құдай жетектеп, бір құдай айдаса да көнбес едім”,– дейді- ау тағы. “Оу, өйтіп сорың қайнағанша, енесін бір ұрып, басқа жаққа, ақы-пұлы дұрыс, жағдайы келісті жұмысқа неге кетіп қалмадыңдар?” Қауырт жұмыс болса, жұрттың бәрі жабыла істейді де, қосымша ақы және төлейді. “Е, шалдар, шалдар, сендерді ақымақ қылған ғой, сол ақымақ қалпыңда өлесіңдер ғой!..” – деп қояды-ау ыза қылғанда.
Ондай “ақылгөйлер” кездескенде Қазанғап үндемес еді, олардың өресі жетпес, өзіне ғана белгілі киелі тектес бір сырды білетін кісіше, кекес күлкімен мырс ететін де қоятын. Ал Едіге болса әлгі “білгіштермен” айтысып, кеңірдегін соза керілдесіп, шыр-пыр болып, жүйкесі жүндей түтілетін.
Қазір мына бақылау-жөндеу жүйесіндегі арнаулы вагонмен келгендер күліп отырған мәселе жөнінде Қазанғап екеуі біраз әңгімелесіп еді-ау, тіпті одан да бұрынғы жылдары басқа да көптеген мәселелерді қозғап, өзара сыр шертісетін, ол кезде мына “данышпандар” жалаң бұт жүгіріп жүрген немелер емес пе еді. Сонау қырық бесінші жылдан бері Қазанғап пен Едігенің жолы бір түсті де, екеуі талай-талай сыр ақтарған. Кейінірек Қазанғап пенсияға шықты да, қалаға барып, баласының қолында үш айдай тұрып, шыдамастан қайтып келген соң да нелер-нелер сыр шертілмеген. Марқұм Қазанғап ақылды адам еді ғой, еске түссе – нелер болмаған... Едіге сонда енді бұдан былай Қазанғап тек еске алу сәтінде ғана, естелікте ғана өмір сүретінін өзегі өртене, ап-анық сезінеді.
Кенет сырт-сырт еткен микрофон үнін естіп, Едіге үйшікке қарай асықты. Әлгі бір нақұрыстау техникадан адам даусы естілмес бұрын, құтырған боран тұрып келе жатқандай ысылдаған, гуілдеген дыбыс шықты.
– Едеке, алло, Едеке, разъездің кезекшісі Шаймерденнің даусы қырылдап естілді. – Естимісің мені, Едеке? Қалайсыз? – Естіп тұрмын, тыңдап тұрмын.
– Естимісің мені?
– Естимін, естимін!
– Қалай естисің?
– О дүниедегідей.
– Неге о дүниедегідей?
– Жә, әншейін!
– А-а... Сонымен, Қазанғап шал нетіпті ғой!
– Нетіпті?!.
– Өлгенін айтам...– Шаймерден қолайлы сөз табуға тырысқан болды.– Не деуші еді? Әлгі нетіп, әлгі ақырғы сапарға нетіп... аттанып дегендей...
– Иә,– деп шорт кесті Едіге.
“Әй, мисыз хайуан-ай,– деді ішінен, – қазаның жөнін де адамша айта алмайды.
Шаймерден сәл сәтке үнсіз қалып еді, микрофон бұрынғыдан бетер пытырлап-сытырлап, сықырлап, ар жақтағы адамның демінен шуылдап кетті. Шаймерден қайтадан қырылдай жөнелді:
– Оу, айналайын Едеке, сен әлгі нетіп, менің басымды қатырма, нетіп. Өлсе – өлді, нетіп... Менің сені алмастыра қоятын адамым жоқ. Өліктің жанында нетіп, отырмын дегенің не, Едеке? Сен жанында отырғаннан өлген адам қайта тірілмейді ғой, деп ойлаймын нетіп...
– Ал мен сенің басыңда тауықтың миындай ми жоқ деп ойлаймын,– деп шарт кетті Едіге. – Басымды қатырмаң не-ей?! Сенің мұнда келгеніңе екі-ақ жыл болды. Ал мен Қазанғаппен бірге отыз жыл жұмыс істедім. Ойлашы өзің. Арыстай азамат қайтыс болды, қаңыраған бос үйде қалай ғана жападан-жалғыз жатады?! Ата-баба дәстүрінде жоқ, адам баласы естімеген сұмдық қой.
– Жалғыз ба, жалғыз емес пе, өлген адам нетіп... оны қайдан біледі деймін де.
– Ол білмесе, біз білеміз ғой!
– Жә, жарайды, ашуланба нетіп, айқайлап, шал! – Түсіндіргенім ғой саған.
– Неғыл дейсің енді? Менің жібере қоятын адамым жоқ. Өлген адамның қасында не бар түн ішінде? Не бітіресің сонда?
– Дұға оқимын. Марқұмның сүйегіне түсемін, кебінін тігемін, бата-дұға, құран түсіремін.
– Бата оқитын сен, Боранды Едігесің бе?
– Иә, мен, бата-дұға оқитын мен.
– Мәссаған! Совет өкіметі құрылғалы нетіп, алпыс жыл болды. бұл әлі бата-дұға дейді!
Әй, тантыма! Совет өкіметінің бұл жерге қанша қатынасы бар? Адам баласы ықылым заманнан бері өлік күзетіп, дұға оқиды. Өліп жатқан мал емес, адам ғой!
– Жә-жә, оқи бер дұғаңды нетіп... тек айқайлама. Еділбайға кісі жіберемін. Көнсе – барады да, нетіп, сенің орныңа тұрады... Ал қазір, давай он жетінші пойыз келіп қалды, запастағы екінші жолды дайында...
Соны айтып Шаймерденнің үні өшті, микрофонның кілті тырс етіп жабылды. Едіге тысқа шығып, стрелкаға асықты. Запастағы екінші жолды бұрып тұрып: “Еділбай көнер ме екен, көнбес пе екен?” деп қойды. Қайсыбір үйлердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жанғанын көріп, кәдімгідей Үміті тіріліп, арқаланып қалды: қанша десе де, адамдардың ар-ұяты бар ғой. Иттер абалай бастады. Демек, әйелі үй-үйді қыдырып, Борандының жұртын оятып жүргені.
Әне-міне дегенше жүз он жетінші келіп, екінші запас жолға тұрды да, қарама-қарсыдан мұнай тартқан кілең цистерналы состав та жетті. Екі пойыз екі жаққа: бірі – шығысқа, бірі – батысқа қарай тартып отырды... Түнгі сағат екілер шамасы. Аспандағы жұлдыздар баданадай- баданадай болып жарқырай түсті. Ай да толықсып, Сарыөзек даласының үстіне ерекше бір пейілі түсіп, бозғылт сәулесін еселеп себелегендей болды. Жұлдызы шүпірлеген алыс аспан астында керіле түсіп, Сарыөзектің шексіз сары даласы жатты. Оның төсінен тек түйелердің сүлбесі, оның ішінде Қаранардың қарасыны ерекше ірі көрінеді; таяу жатқан бел-белестердің қырқалары қылаң береді; темір жолдың екі қапталындағы өзге дүние түннің түпсіз тереңіне сүңгіп кеткен. Түн самалы мүлгіместен ызың қағып, талмай еседі.
Еділбай келе жатқан жоқ па екен деп Едіге үйшіктен бір шығып, бір кіріп, тыным таппады. Сөйтіп жүргенде бір бүйірден әлдеқандай аңды көзі шалып қалды. Ол түлкі еді. Көздерінен жасыл сәуле жылт-жылт етіп, құбылып ойнайды. Түлкі телеграф бағанының түбінде сүлесоқ тұр: не ары қашпайды, не бері жақындамайды.
– Сен қайдан жүрсің?– деп күбірлеп Едіге саусағын безеп қойып еді, түлкі сескенер емес.– Қарай гөр! Бәлем, сені ме!– деп Едіге аяғымен жерді тепсініп қалды.
Түлкі жалт беріп, әрірек барып, Едігеге қарап шоқиып отырып алды. Едігенің бір байқағаны түлкі не бұған, не бұл жақтағы әлденеге кедерлі-мұңлы көзбен тесіле қарап қалған сияқты көрінді. Мұнда не іздеп, не дәметіп келді екен? Электр шамының жарығына алданып келді ме, әлде аштық айдап келді ме екен? Бұл арасы Едігеге жұмбақ болып көрінді. Ау, құдай, өзі айдап келіп тұрғанда, таспен тарс еткізіп неге ұрып алмасқа? Едіге еңкейіп, жерді сипалап, ірірек тас іздеп тауып алып, дәлдеп тұрып, сермей берді де, қолы сылқ етіп түсіп кетті, тасты тастай салды. Тіпті лезде терлеп қоя берді. Апыр-ай, адам баласының ойына нелер кіріп-шықпайды десеңш! Сұмдық-ай, түлкіні таспен ұрып берейін дегенде әлдекім айтқан бір жайт сап етіп есіне түсті, кім айтып еді соны? Жол жөндеуші қулардың бірі ме еді, әлде әлгі суретші ме, жоқ, сірә, Сәбитжан шығар? Иә, сол ғой, бар болғыр, әйтеуір, жұртты аузына қаратпақ болып, ойдан- қырдан айтпайтын әңгімесі жоқ. Қазанғаптың ұлы Сәбитжан ғой: адам өлгенде оның жаны басқа бір хайуанға ауысады деген.
Апыр-ай, көрер көзге көпе-көрнеу көкемылжың болып өскенін айтсаңшы. Бір қарасаң – тәп-тәуір жігіт сияқты. Білмейтіні жоқ, жағын безеп сайрап тұр, ал бірақ, берекесіз болғанда берекесіз. Әкесі марқұм оны оқытпаған интернат, институт атаулы бұл төңіректе, әй, қалмаған шығар. Бірақ не керек, жөнді адам шыға қоймады. Мақтанқұмар, тост көтеріп, көпіртіп сөйлеуге әуес-ақ, бірақ пәтуа жоқ. Әкеге тартып ұл тумас, дипломы бар деп кеудесін кергенмен Қазанғаптың тырнағына да татымас боркемік болып шықты. Е, мейлі, тәңірі бетінен жарылқасын, қалқайып тірі жүрсе болыпты да?
И-е, сол Сәбитжан ғой, Үндістанда бір ілім бар екен деген. Сол ілімнің болжауы бойынша, адам өлген соң оның жаны басқа бір мақұлыққа ауысатын көрінеді. Ол, әйтеуір, бір жануар, тіпті құрт- құмырсқа болуы да мүмкін екен. Әрбір адам өзі әлі адам болып тумай тұрғанға дейін әлдеқандай жәндік бейнесінде өмір сүретін көрінеді. Ол не құс, иә аң, тіпті жылан болуы да мүмкін. Сондықтан ол елде тірі жәндікті өлтіру үлкен күнә саналады екен. Жолында не кездессе де, өлтірмей, иіліп тұрып жол беретін көрінеді.
Е, бұл он сегіз мың ғаламда нелер жоқ десеңші. Бірақ ақиқатын біліп келген ешкім жоқ. Әлем шексіз, адам бәрін біліп тауыса алмас. Енді Едіге әлгінде түлкіні тас жіберіп ұра берейін дегенде: “Апыр- ау, Қазанғаптың жаны, рухы түлкі болып келіп тұрған жоқ па екен?” деп ойлады ғой. Рухы түлкіге ауысып, қаңыраған жаман үйде жата- жата жалғызсырап, өзінің ең жақын досы Едігені іздеп келіп тұрмаса не қылсын?! “Алжи бастаған шығармын” – деп өзін-өзі сөккендей болды Едіге. – Қайдағы қайдан келді басыма? Түу, бар болғыр! Алжиын деген шығармын”.
Сөйтсе-дағы, түлкіге ақырын-ақырын таяп келіп, ол адамның тілін түсінетіндей-ақ:
– Сен бара ғой. Бұл жерде тұрма, далаға кет. Естимісің? Бар, бара ғой. Тек арғы бетке өтпе, ол жақта иттер бар. Тәңірі жарылқасын, далаға тарт! – деп сыбырлады.
Түлкі бұрылып алды да, бүлкілге басып тайып тұрды. Бірер рет артына бұрылып қарап-қарап қойды да, түн қараңғысына сүңгіп, көрінбей кетті.
Бұл екі арада разъезге тағы бір пойыз келіп те қалды. Доңғалағы тарсылдап, қараңғы түннің қойнын ашып, буалдыр сәулесінен шаң бұлдырап пойыз бірте-бірте жүрісін баяулатты. Пойыз тоқтаған кезде пысылдаған-ысылдаған паровоздың терезесінен машинист басын шығарып:
– Ей, Едеке! Борандының Едігесі, ассалаумаәлей-кум! – деді.
– Үәлейкүм-ассалам!
Кім екенін білгісі кеп, Едіге басын жоғарыға кегжите көтерді. Бұл жолдың бойындағылар бірін-бірі жақсы біледі. Мынау да таныс жігіт екен. Едіге оған аманат тапсырды: “Құмбел станциясында тұратын Айзадаға әкесінің қазасын естірт”, – деп өтінді. Құмбелде бригадалар ауысады екен де, мына жігіт кері қайтады екен. Қазанғаптың аруағын сыйлайтын жігіт егер Айзада үлгерсе, қайтарда отбасын ала келмекші де болды.
Сөзінде тұратын жігіт. Едігенің арқасындағы жүк жеңілдеп қалғандай болды: бір жұмыс тынған сияқты. Пойыз жылжи берді де, Едіге машинистпен қоштасып тұрып, жол жағалап келе жатқан ұзынтұра біреуді көзі шалып қалды. Едіге қадала қарап еді: Еділбай екен. Едіге Ұзынтұра Еділбайға кезегін өткізіп, екеуі Қазанғапты еске алып, аһылап-үһілеп болғанша, Борандыда тағы да қос-қос пойыз жыртылып-айырылысып үлгерді. Істің бәрін ақыр-тақыр өткізіп болып үйіне қайтып келе жатқанда, Едігенің есіне тағы бір ой сап ете қалды: бағана оны әйеліне айтуды, айтуды емес-ау ақылдасуды мүлде ұмытып кеткен екен. Оу, мұның өзінің қыздары мен күйеу балалары бар ғой. Қазанғаптың қазасын оларға қалай хабарласа екен? Едігенің ерге шыққан екі қызының бірі – Қызылорда жақта тұратын еді. Үлкен қызы күріш совхозында, күйеуі тракторшы. Кенже қызы әуелі Қазалы маңында тұрушы еді, кейін әпкесіне жақындап қоныс аударып, сол совхозға кірген, оның күйеуі шофер. Қазанғап олардың екі туып, бір қалғаны емес. Оны жерлеуге қатыспадыңдар деп оларды ешкім сөкпес. Бірақ Едігенің балалары үшін Қазанғап ең жақын туыстан да артық еді. Едігенің қыздары осы Борандыда Қазанғаптың көз алдында туып, өсті. Құмбел станциясындағы интернатта жатып оқыды. Станцияға оларды кейде Едіге, кейде Қазанғап апарып салатын. Едігенің есіне қыздары түсіп кетті. Каникулға келерде, не қайтарда Едіге оларды Қаранарға мінгізіп алушы еді. Кішісі ашаның алдында, үлкені артында, ортасында Едіге, Қаранар Борандыдан Құмбелге сау желіп үш сағатта жетіп баратын. Қыстың күні ұзағырақ жүретін, әрине, Едігенің қолы жұмыстан босамаған кезде Қазанғап апарып салатын. Қазекең қыздардың әкесіндей болып кетіп еді ғой. Едіге ертең ертемен қыздарына жеделхат жібермекші болды, ар жағы бір жөні бола жатар... Әйтеуір, Қазанғаптың енді бұл жарық дүниеде жоқ екенін білгендері керек... Келе жатып тағы да есіне түйе түсті. Ертең ерте Қаранарды өрістен айдап әкелмесе болмас, оның әбден керегі болып тұр. Өлу оңай емес, өлгенді ақ жуып, арулап аттандыру да бірталай шаруа... Мұндайда біресе анау жоқ, біресе мынау жоқ, кебіннен бастап қаралы ас пісіретін отынға дейін бәрін аттың жалы, түйенің қомында түгендеуге тура келеді. Дәл осыны ойланып келе жатқанда, әуе толқып кеткендей болды. Соғыста жүргенде осындайды сезінуші еді, жырақтан орасан жарылыстың сұрапыл толқынымен ауа теңселіп, аяқ астындағы жер солқ-солқ ете қалды. Дәл бет алдынан, сонау Сарыөзек космодромы жақтан тұла бойы отпен өрілген әлдебір пәле аспанға қарай атылып, шұбалаңдай зымырап бара жатты. Едіге сасып қалды – дәл алдынан аспанға ракета атылды. Мұндайды бұрын көрген емес. Осы аймақтың адамдары сияқты бұл да “Сарыөзек-1” деген космодром барын, оның бұл арадан қырық шақты шақырым жерде екенін, олай қарай Төңірек-Там разъезінен басқа темір жол шығатынын, айдалада үлкен қала пайда болғанын, онда үлкен-үлкен дүкендер бар екенін еститін. Космонавтар, космосқа ұшулар туралы радиодан ылғи да естіп, газеттен оқитын. Осы ұлы оқиғалардың бәрі іргесінде болып жатқан сияқты. Өйткені Сәбитжан тұратын облыс орталығындағы көркемөнерпаздар концертінде балалар хорға қосылып: “Біз әлемдегі ең бақытты балалармыз, себебі космонавт ағайлар космосқа біздің жерден ұшып жатыр”, – деп жырлайды. Ал облыс орталығы болса, бұл арадан пойызбен бір жарым тәулік жер. Ал бірақ космодромның айналасының бәрі жабық зона болғандықтан, Едіге сол космодромның дәл іргесінде жүріп, мұндай жайларды басқа жақтан, әлдеқайдан естігеніне тоқ. Міне, енді түнгі аспанды қақыратып, от-жалын болып өріліп, айналасын секеңдеген ақ сәулеге малындырып, арқырап ұшқан ғарыш ракетасын тұңғыш рет өз көзімен көріп тұр. “Апыр-ай, анау оттың ішінде адам бар ма екен? – деп Едігенің есі кетті. Біреу болды ма екен, екеу ме екен? Апыр-ау, космодромның іргесінде жүріп, аспанға ракета ұшқанын бұрын қалай байқамаған? Космосқа ұшқан кемелер мен ракеталардың санынан адасуға болады, бірақ Едіге солардың біреуін де көрмеген. Мүмкін, олар ылғи да күндіз ұшырылған шығар. Күн жарықта олардың ұшқаны байқала да бермейтін болар. Ал мынасы болса, түнделетіп жөнелді. Мұнысы төтен шаруа ма, әлде жоспарлы нәрсе ме? Бәлкім, ол түнде ұшқанмен, кешікпей күндізге тап болатын шығар? Әлгі Сәбитжан дәл бір өзі ұшып жүргендей-ақ, космоста әрбір жарты сағат сайын күн мен түн алмасып отырады деп соғады. Сәбитжаннан сұрайтын екен өзін. Оның білмейтіні жоқ. Әй, өзі әмбебап көсем кісі көрінгісі келіп-ақ тұрады-ау. Енді қайтсін, облыс орталығында қызмет істейді ғой. Ай, сонда да өтірік кісімсіп керегі не? Әтештің аты – әтеш, қыранның аты – қыран ғой. Өзіңмен-өзің бол да қал. “Мен бәленшекеңмен бірге болдым, үлкен кісіні айтам, мен оған былай дедім”, – деп бөсетінін қайтесің. Ал ұзынтұра Еділбай бір кез Сәбитжанның қызмет істейтін жерінде болғаны бар, сол Еділбай айтады: “Біздің Сәбитжан, дейді, телефон мен бастық кабинеті арасында зыр жүгіріп жүр, дейді. “Тыңдап тұрмын, Әлжапар Қаһарманович құп болады, Әлжапар Қаһарманович! Қазір-қазір, Әлжапар Қаһарманович!” Ал бастығы болса, өзінің кабинетінде жайбарақат отырып, кнопканы басып қалып, Сәбитжанды зыр жүгіртіп қояды”,– дейді. Сөйтіп, Еділбай онымен жөндеп сөйлесе де алмай қайтыпты... “Е, біздің Борандылық жерлесіміздің жағдайы сондай екен”, – деп қойды. Жә, тәңірі жарылқасын, тірі жүрсе бопты да. Тек Қазанғап жарықтықты аяйсың да. Баласының жолында құрбандық бола жаздаушы еді. Өле-өлгенше баласы туралы “шәй” деген кісі емес. Баласы мен келінінің қолында тұрмақ болып, қалаға көшіп те барды. Ойбай, қолымызда тұрмасаң болмайды деп көшіріп әкеткен өздері. Ақырында не болды… Жә, бұл мүлде басқа хикая… Сол бір түннің ортасында космос ракетасын ғарышқа бұлдырап көрінбей кеткенше шығарып салып тұрып, Едіге осындай ойларды бастан кешкен-ді. Ғажайып ракетаның соңынан көпке дейін қарап қалған. Тек от бұрқыраған корабль бірте-бірте сығымдалып, кішірейіп, түпсіз тұңғиыққа сүңгіп кетіп, буалдыр ақ нүктеге айналғанша қарап тұрып, басын бір шайқап қойды да, әм қуанған, әм қорыққан, майдандасқан сезімнің жетегінде кете барды. Әлгі кереметке ғажап қалса да, оның қыры-сырын біле алмай, бір түрлі үрей билегендей де болды. Ойда-жоқта әлгі жанына жақындап келген түлкі есіне түсті. Мына ғаламат от аспанға атылған кезде сол маңда жүрген түлкі байғұстың күні не болды екен? Кірерге тесік таппай жанталасқан-ақ шығар... Боранды Едіге түнгі ғажайыпты көруін көрсе де, ол ракетаның не мақсатпен, не үшін ұшырылғанын, әрине, білген жоқ, білуге тиісті де емес. Ал ракета болса бұрынғы сән-салтанатсыз, журналистерсіз, рапортсыз, шұғыл ұшырылып еді. Американ-Совет келісімі бойынша “Трамплин” деп аталатын, орбитаға бір жарым жылдан артық уақыттан бері орналасқан “Паритет” космос станциясында төтенше бір жағдай болып қалды да, әлгі Едіге көрген түнгі ракета асығыс, шұғыл ұшқан. Едіге оны қайдан білсін. Осы бір оқиға оның өзіне де тікелей қатысты болып кетерін қайдан білсін. Бұл дүниеде адамзат бір-бірімен байланысты, дүние солай жаратылған. Десе дағы мына жағдай Едігенің тағдырына тікелей тірелетінін ешкім де білген жоқ. Ал Сарыөзектен ұшқан түнгі ракетаның соңын ала, жер шарының арғы бетінен, Невада космодромынан ғарышқа тағы бір ракета ұшып шыққан. Оның да беталыс бағыты “Трамплин” орбитасындағы “Паритет” космос станциясы болатын. Тек ұшуы жердің арғы бетінен. Мұның бәрін Едіге қайдан білмекші, білмек тұрмақ, сезген де жоқ қой.
Бұл екі корабльдің екеуі де космосқа “Конвенция” авианосецінен берілген команда бойынша ұшырылып еді. Ал “Конвенция” Біріккен Совет-Американ “Де-миург” программасы басқармасы орталығының жүзіп жүрген базасы еді.
“Конвенция” авианосеці Тынық мұхитта, Алеут аралдарынан солтүстікке қарай, Владивосток пен Сан-Франциско қалаларының дәл орта тұсында тұрақты жүзіп жүрген. Біріккен Басқару Орталығы– қысқартып айтқанда – Бірбасор – бұл кезде әлгі ракеталардың, “Трамплин” орбитасына ұшып шығуын шыдамсыздықпен қадағалап тұр еді. Әзірге бәрі сәтті сияқты. Енді “Паритет” станциясымен жіктесу міндеті тұр. Бұл міндет әрі десе өте күрделі еді. Өйткені әлгі ракеталар “Паритетпен” бірінен соң бірі кезекпен келіп тіктеспейді, екеуі екі басынан бірден, бір мезгілде келіп түйісуі тиіс еді.
“Паритет” міне он екі сағаттан асты, “Конвенциядан” жіберілген Бірбасордың сигналдарына жауап бермей қойды; өзімен жіктесуге бара жатқан ракеталардың сигналдарына да “Паритет” тырс етпеді... “Паритеттегі” космонавтарға не болғанын жедел анықтау керек болып тұр еді ғой...
II