Дәріс №2. Электрондық және цифрлық білім беру қорлары
Жоспары:
Ақпараттық технология
Электронды қорларды қолдану
Электронды оқытуда сандық білім қорларын пайдаланудың алатын орны
Лекцияның мақсаты: Ақпараттық технологиялармен таныстыру, электронды қорларды пайдалану тәсілдері мен талаптарды қарастыру, сандық білім қорларын пайдаланудың мәселелерін қарастыру.
Қоғамдық дамудың қазіргі кезеңі өмірдің барлық салаларында ақпараттық технологияның енуімен, оның үнемі үздіксіз өзгеруімен, ақпараттық қордың қарқынды дамуымен сипатталады. Осыған орай, мамандарға қойылатын басты талаптардың бірі – оның терең білімі, кәсіби құзіреттілік деңгейі мен ақпараттық мәдениетінің жоғары, өз білімін жетілдіруге деген құлшынысының болуы. Қажеттілік, қабілет, мүмкіндіктен туындайтын нәтиже даму мен ұмтылыс арқылы жүзеге асады. Осыған орай, жаңа қабылданған «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» – Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі. Бағдарламада білім беру саласына электрондық оқыту жүйесін енгізу жеке бір бағыт ретінде қарастырылған.
Бүгінгі білім беру жаңа педагогикалық технологияларға, оның ішінде,ақпараттық және қарым-қатынас технологияларына негізделген. Жоғары оқу орнында электронды білім беру ортасының құрылуы оқытушылар мен студенттерге өзара, ақпараттық қарым-қатынасқа түсуге, оқу және әдістемелік ақпараттар алуға зор мүмкіншіліктер тудырады.
Ғаламдық желінің ақпараттық қорын дұрыс және тиімді етіп қолдану білім алушылардың ақпараттарды жинау, сараптау, сақтау және ақпараттық мәдениет деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді.Ол үшін, ең алдымен, студенттердің ғаламтор арқылы мағлұмат, ақпарат алуға машықтануы, бейімделуі керек.
Ақпараттық ортаны құруға негізделген білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыру және педагогикалық практикаға жаңа ақпараттық құралдарды, сонымен қатар технологияларды енгізу білім жүйесін дамытудағы стратегиялық тапсырма болып саналады.
Жалпы, ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және оқушылардың ақпараттық сауатты болып өсуі мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу екендігі барша педагогикалық үдеріске қатысушыларға аян.
Ақпараттық технология – қазіргі компьютерлік техника негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау әрекеттерін қамтамасыз ететін математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен қазіргі техникалық құралдар.
ЖОО-да оқыту үдерісіне компьютерлік технологияны енгізу студенттерге білім берудің мазмұны мен әдістемесіне, оқытуды ұйымдастыру формасы мен оқыту құралдарына оң әсер етеді және білім беру жүйесі мен ақпараттық технологиялардың интеграграциясына ұштаса отырып, ЖОО-да оқытуды ұйымдастырудың дәстүрлі формасына елеулі өзгерістер енгізеді.
Электронды оқыту әдістемелері ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білім бағдарламасын толыққанды меңгеруге жол ашады. Бұл педагогикалық үрдіске тың серпіліс әкеледі, болашақ мамандарға өмірлік білім беру ұстанымын қалыптастыруға, әлемдік білім кеңістігіне еркін енуіне, желілік шығармашылық қоғам арқылы тәжірибе алмасуға, кәсіби қызметтерін электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.
Жоғары педагогикалық оқу орындарында электронды оқытуды енгізудің басты мақсаты – болашақ мұғалімдердің ақпараттық-қарым-қатынастық және технологиялық құзырлылығын қалыптастыру болып табылады. Сонымен бірге, ол – білімді дамытудың ақпараттық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету құралы; екіншіден, электрондық оқыту жүйесінің кез-келген түйінінен мәліметтерді орталықтандырып жинақтау арқылы білім беру жүйесінің мониторингін жасау құралы; үшіншіден, білім беру жүйесі туралы қажетті статистикалық мәліметтерді және түрлі аспектілер бойынша есеп беруді қалыптастыруды қамтамасыз ететін шешім қабылдау құралы ретінде әрекет етуі тиіс.
Электронды қорларды қолдану білім беру барысында дәстүрлі сабақтың ауқымын кеңейтіп, ақпараттық ортаны едәуір жоғарылатып, білім беру үдерісін көру арқылы қабылдауын қамтамасыз етеді.
Мультимедиалық технологиялар мен презентацияларды, жаңа педагогикалық әдістерді қолдану жалпы сабақтың, әсіресе, лекция сабағының белсенділігін арттырады. Ал гипермәтін, модуль негізінде дайындалған лекция материалдары, электронды нұсқадағы оқу құралдары студенттердің өз бетінше шығармашылықпен жұмыс жасауларына мүмкіндік береді.
Электрондық басылым – бұл сызба түріндегі, мәтіндік, сандық, сазды-әуенді, видео, сурет (фото) және т.б. ақпараттар, сонымен қатар басылым мәліметтерінің жиынтығы. Электронды басылым магниттік (магниттік таспа, магниттік диск, т.б.), оптикалық (СD-ROM, DVD, CD-R, CD-I, CD+ және т.б.) электронды тасымалдағыштарда болуы және электронды компьютерлік желілерде жариялануы мүмкін.
Электронды оқу басылымдары (электронды оқулықтар, электронды оқу құралдары –білімді бақылауға және автоматтандыруға, сондай-ақ, тиімді қолдануға негізделген, оқу курсы мен оның жеке бөлімдеріне сәйкес дайындалған, білім беру траекториясы мен әртүрлі оқу жұмыстарын анықтауға мүмкіндік беретін электронды басылым.
Электронды оқулық – оқу курсы мен оның тарауларының жүйелік мазмұнынан тұратын, мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жасалған, өзінде қарапайым оқулықтың, анықтамалық, тапсырма-жаттығулардың және зертханалық практикумдардың мазмұнын қамтыған, мемлекеттік органдармен нақты бекітіліп мәртебеге ие болған электронды оқу басылымы.
Электронды оқу құралы – толық және жартылай электронды оқулықты алмастыра алатын, мемлекеттік білім беру стандартымен нақты бекітілген басылым. Электронды оқу құралы болып, мемлекеттік жалпы білім беру стандартындағы пәндер бөлімдері, типтік пәндер мен оқу жоспары бойынша жаттығулар мен тапсырмалар жинағы, сызбалар мен карталар, альбомдар, атлас конструкциялары, пәндер хрестоматиясы және оқу жоспары, оқу жоспарын жүргізудегі нұсқау, практикумдарға байланысты нұсқаулар, анықтама-энциклопедиялар саналады.
Сандық білім беру ресурстары – мультимедиалық дыбысталған презентациялар, сандық форматқа айналдырылған мәтіндер, интерактивті тапсырмалар мен білгілі бір тапқырып бойынша тестілеу бағдарламалары түріндегі интерактивті кешен.
Білім берудегі мультимедиа – таным үдерісінің жоғарылауына септігін тигізетін, білім беру мазмұнын интербелсенді формада ұсынатын, дидактикалық ақпараттық-бағдарламалық құрал.
Мультимедиа – пайдаланушыға әртүрлі типті ақпаратты біріктіріп ұсыну технологиясы. Жалпы осы сала зерттеушілерінің пікірі бойынша дәстүрлі оқу әдісімен берілген материалдың 25%-ы, көру арқылы 33%-ы, көру-есту арқылы 50%-ы, ал мультимедиялық интерактивті оқыту бағдарламасы көмегімен берілген материалдаң 75%-ы есте сақталады екен.
Төменда жалпы сандық білім қорларына топтастырылған сандық білім беру кешендерінің мазмұны келтіріліп отыр:
Ақпарат алу блогы: ғылыми мақалалар, мәтіндер, оқулықтағы мәтіндерден үзінді, иллюстрациялар, анимациялар және тағы да басқа мультимедиалық құрылымдар, мультимедиалық презентациялар.
Виртуалды галерея: видеофрагменттер, анимация, шынайы және иллюстрациялық суреттер, дыбыстық объектілер.
Виртуалды зертханалар: интерактивті модельдер, интерактивті анимациялар, виртуалды зертхана;
Анықтамалық материалдар: сызбалар, диаграммалар, ғалымдардың өмірдеректері, аннотациялар, интернет-сілтемелер.
Терминдер, анықтамалар сөздігі.
Аттестация: зерттеу жұмыстарына арналған сұрақтар мен тапсырмалар, есептеулер.
Сандық білім ресурстарына қойылатын талаптарға келетін болсақ, оқытудың дидактикалық талаптарын негізге ала отырып, төмендегіше тұжырымдауға болады:
- Оқу бағдарламасы мен оқулықтың мазмұнына сай болуы;
- Заманауи формаларына негізделіп, оқытуды интерактивтілік және мультимедиалық тұрғыдан қамтамасыз етуі;
- Оқушылардың жеке және жас ерекшелігіне сай, оқытуды саралау және даралау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- Оқушылардың осы пән бойынша алған білік-дағдылары негізінде проблемаларды шешуде өмірлік тәжірибе қалыптастыруға бағытталған оқыту түрлерін ұсыну;
- Топтық және жеке жұмыстар ұйымдастыру;
- Шынайы мәліметтерге сүйену;
- Оқулықтың сәйкес бөлімдерінің көлемін ұлғайту;
- Әдістемелік тұрғыдан мақсатқа сай болғанда ғана қолдану мүмкіндігі;
- Ыңғайлы интерфейс.
Сандық білім беру ресурстарын сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануға болады: себебі, ол – оқу үдерісін ұйымдастыруда көмекші құрал. Осыған орай, сандық білім беру ресурстарын қолданудың тиімділігін атап өткен жөн:
- Сабақ барысында дайындалған сандық объектілерді мультимедиалық проектор арқылы демонстрациялау;
- Зертханалық жұмыстарды орындауда электрондық микроскоп, интерактивті модельдерді пайдалану;
- Білімді тексеруде компьютерлік тестілерді қолдану;
Қорыта айтқанда, электронды оқытуда сандық білім қорларын пайдаланудың алатын орны ерекше. Ол үшін, ең алдымен оқыту, білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық, технологиялық, мультимедиалық технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |