Түйсіктің түрлері. Рецепторлардың организмде орналасуына қарай түйсіктерді үлкен үш топқа бөлуге болады: дененің беткі қабатында орналасуына қарай экстерорецептор (керу, есту, тактильдік т.б.) бұлшық ет, сіңірде орналасқан түйсіктер проприорецептор (кинестезиялық, статикалық, вибрациялық т.б.) және ішкі мүшелеріміздің күйін бейнелейтін яғни, аштықты, шөлдегенді, ыссы-суықты түйсіну интерорецепторлар (органикалық түйсіктер) болып бөлінеді.
Көру түйсіктері. Көру мүшесі болып табылатын көз - анатомиялық құрылысы күрделі сезім мүшесі. Оның негізгі бөлімі - көз алмасы. Көз алмасы үш түрлі қабықпен (ақ түсті, тамырлы және торлы) қапталған шар тәріздес нәрсе.
Заттар мен құбылыстардың түстері хроматикалық (қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) ахроматикалық яғни бояусыз (ақ, қара жэне барлық сұр түстер) болып екіге бөлінеді. Хроматикалық түстер үш түрлі сапамен (түстің ашық болуы, реңкі, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек ашық болуымен ғана ажыратылады.
Есту түйсіктері. Дистанттық түйсіктерге есту түйсіктері де жатады. Есту рецепторын тітіркендіретін дыбыс толқындары. Дыбыс толқыны деп -ауаның белгілі ырғақпен бірде тығыздалып, бірде селдіреп ыдырауын айтады. Сол толқындар эр тарапқа тарайды. Ауа толқындарының физикалық құрылысы өте күрделі. Біз сол толқындардың жиілігін, амплитудасын жэне формасын ажырата аламыз. Ауаның бір секунда өтетін толқынын герц деп атайды. Адамның есту рецепторы 1 сек ішінде орта есеппен 16000-нан 22000 герцке дейін ауа толқынын түйсіне алады. 16 герцтен төменгі жиілікпен өтіп жатқан толқындарды құлағымыз түйсіне алмайды. Біздің талдағыштарымыз түйсіне алмайтын 12-16 герцтен төменгі дыбыстарды - инфрадыбыстар деп атайды. Ал толқынның жиілігі 22000-нан асып кетсе, ондай дыбысты адамның құлағы шалмай қалады. Мұндай жіңішке дыбыстарды ультрадыбыстар дейді.
Есту түйсігін - сөздік, музыкалық және шуылдық деп үш түрге бөледі. Түйсінудің бұл түрлерінен есту талдағышы дыбыстың үш сапасын: күшін (қатты жай), жоғарылығын (жоғары - темен), тембрін (дауыстың немесе музыкалық аспаптың өзіндік ерекшелігі), ұзақтығын (дыбыстың созылу мерзімі) және бұған қоса үзіліссіз қабылданатын дыбыстардың екпін ырғақ өрнегін ерекшелейді.
Сөз дыбыстарын ажырата естушілік фонематикалық есту деп аталынады. Ол өмір барысында бала тәрбиеленген тілдік ортаға қарай қалыптасады. Шет тілін игеру фонематикалық естудің жаңа жүйесінің жасалуына экеледі. Шетел тілдерін оқып үйрену қабылеті көбіне дамыған фонематикалық естумен анықталады. Ол сөзді қатесіз жазуға (әсіресе бастауыш мектепте) әсерін тигізеді.
Иіс түйсіктері. Иіс түйсігінің рецепторы да дистанттыққа жатады. Мұрын кеңсірігіндегі кілегей қабықтың клеткаларына түрлі химиялық заттардың микроскоптық бөлшектерінің әсер етуі нәтижесінде иіс түйсіктері пайда болады. Осы кілегей қабықтың таяқша тәрізді сезгіш клеткалары бар. Ауамен бірге мұрынға кіретін иісті заттар иіс мүшесінің сезгіш клеткаларын тітіркендіріп отырады. Иіс түйсіктерінің түрлері көп (хош иіс, сасық иіс, өткір иіс т.б.). Бірақ бұлар әлі күнге дейін белгілі классификацияға түспеген. Өйткені оларды дәм түйсіктерінен ажырату кейде қиынға соғады. Сондықтан да біз көбінесе белгілі бір иістің атын атаудан гөрі, иіс шығарып тұрған затты атаймыз (темекі исі, газ исі, шөп исі т.б.). Иіс түйсіктері адамның тұрмыс салтына, қызмет бабына қарай да ерекше дамып отырады.