Фа-Цзя мектебі – Көне Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы. Көне қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы,- ол Фа-цзя мектебі (“фа²- заң). Бұл ағым, негізінен алғанда, Конфуциандық ілімге қарсы бағытталған (әсіресе, оның адам, мораль мәселелеріне) - ілім.
Фа-Цзя мектебінің негізін қалаушы Хань-Фэй-Цзы (280-233 б.ғ.д.). Ол өзінің болмыс ілімінде Даоны бүкіл дүниедегі барлық нәрселердің табиғи заңы ретінде қарады. “Әрбір зат пен істің өзінің заңдары бар. Аспанның өз заңдылықтығы, ал адамдарды алатын болсақ, олардың өздерінің орнатқан заңдары бар².
Дао – жалғыз және бөлінбейді,- деген пікір айтып, Хань-Фэй-Цзы сондықтан елбасы да тек өзіне ғана сенуі керек. Даоның өзіне ұқсас басқа ештеңе болмағаннан кейін, оны жалғыз дейміз. Сондықтан ақылды елбасы Даоның іске асқанын бағалайды. Әрі қарай ел басын Даоның қасиеттерімен салыстыра келе, оның қандай болу керектігін көрсетеді.
“Дао бос, қозғалмайды және жалғыздықта, сондықтан ел басы да бәрін өзінің ішінде терең сақтауы керек, адамдардың алдында ашылмағаны жөн. Ел басы даосын ешкім көрмеуі керек, ал оны қолдануды басқалар түсінбеуі керек², - деген пікір айтады.
“Фа-цзя² мектебінің ел басқару мәселелеріне келетін болсақ, олар адамның табиғатының өзімшілдігіне негіздеп, оны шешті. Мысалы, Хань-Фэй-Цзы, халық тек қана пайда мен жалақыны жақсы көреді де, жаза мен дарға асуды жек көреді. Ал оның бәрі ел басының қолында. Сондықтан, ел басы қоғамда тәртіп орнатуы үшін бәрін заң арқылы ретке келтіруі керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Қоғамда жаза көп, құрметтеу аз болса – жақсы. Қайсыбір заңды бұзушылық қатты жазалануы керек. Бірақ, кімнің заңды орындамағаны, бұзғанын қалай білуге болады?, - деген сұраққа, фа-цзя мектебі өз айлаларын алға салады. Ол үшін адамдар өзара бір-бірін бақылап жүрулері керек. Оны қалай істеуге болады? Ол үшін адамдардың жүрегіне қорқыныш сезім кіргізу керек. Заң бұзған адамды жазалағанда, оны халық алдында жасау керек. Сондай жағдайда адамдардың өздері-ақ бір-бірін көрсете бастайды.
Фа-цзя мектебі заң мен басқару өнерін бір-бірінен айырып қарайды. Заңды қалай шығарып орындату керектігін біз жоғарыда айтып кеттік. Ал басқару өнері ше?
Басқару өнері ел басының жүрегінде өте терең тығылған. Ел басының ойын оның жанындағы ешкімде білмей, сандалуы керек. Өйткені “Ел басының ізін аңдып, арыстандар жүр². Егер ол өзінің құпиялығын жоғалтса, онда арыстандар (жанында жүрген басқа лауазым иелері) оны жеп қояды.
Ел басы бәріне самарқаулықпен қарап, ешнәрсе жасамауы керек. Оның күші – ештеңені жасамауда. Сонда ғана ол өзінің жауларының пиғылын біледі.
Осы “фа-цзя² мектебінің талаптарын үкіметтің саяси идеолгиясына айналдырып, Қытай императоры Цинь-Ши-Хуан өз елінде аса қатыгез басқару жүйесін орнатқан болатын.
Сонымен, Қытай халқы көбінесе моральдық жолмен тәрбиеленгенмен, “заңдық² басқарудың да барлық қиыншылықтарын өз басынан өткізді. Соңында моральдық тәрбиені заң жолымен қоғамдық қатынастарды ретке келтірумен ұштастырды.
Фа-цзя мектебінде ашылған саяси технологиялар (technе-грек сөзі,-өнер) мыңдаған жылдар өткеннен кейін тоталитарлық диктаторлық тәртіптер орнаған жерлерде кеңінен пайдаланылды.
Мысалы, Сталинның қудалауының негізінде миллиондаған адамдар оның құрбаны болды. Оны біз әрқашанда өзіміздің есімізде сақтаймыз. Сонымен бірге, көп адамдар сол құрбандарды уақытында көрсеткен, соларды бір жағынан көре алмай, екінші жағынан, біреуді көрсетіп өзінің өмірін сақтап қалуға тырысқан миллиондаған адамдарды есімізден шығарып жібереміз. Ал бұл сұрқияттың өзі мемлекеттік репрессиялық машинасының совет адамдарының жүрегіне тіпті адамдық емес “жануарлық қорқынышты² еңгізгендігінен болды. Сталиннің елді басқару технологиясында да, өзінің “құпиялығын² сақтауы, өз жанындағы мемлекеттік қызметкерлердің арасына “алауыздықты², өзара сенбеушілікті еңгізіп, олар жөніндегі ақпарат жинау т.с.с.- бәрі де “барлық уақыт пен халықтардың көсемінің² “фа-цзя² философиясын жақсы игергенін көрсетеді.